І ТАРАУ
ЖАЛПЫ ТІЛ БІЛІМІ МЕН ТҮРКОЛОГИЯДАҒЫ
ТЕРМИН ЗЕРТТЕУДІҢ ҚАЗІРГІ ЖАЙЫ
а) Терминология – қазіргі тіл білімінің көкейкесті
мəселесі.
ə) Терминология жəне əдеби тіл.
б) А.Байтұрсынұлы – қазақ терминологиясын жасау-
шы.
Қоғам өміріндегі өзара қарым-қатынастың ең басты
құралы болып саналатын тілді əлеумет əрдайым өте жоғары
бағалап, оның өзгеріс, өрістерін жіті қадағалап отырады.
Тіл қоғамдық құбылыстың бірі ретінде сол қоғам тіршілігін
айнаға түсіргендей өрнектейді.
Қоғам қашан да қозғалысқа, өзгеріске, дамуға бейім
тұрады. Осыған орай тіл де дамиды. Бірақ тілдің даму деңгейі
оның барлық қабатына бірдей тəн емес. Оның белгілі бір
қатпары өзгеріс, өріске онша көне бермейді (мəселен, тілдің
грамматикалық категориялары, дыбысталу жүйесі т.т.). Ал
оның қайсыбір қатпарлары жаңалыққа, соны мағыналық
ұғым, түсініктер əкелуге бейім тұрады. Осы тұрғыдан алып
қарағанда, дамыған, жетілген тілдің басты көрсеткішінің
бірі оның терминдік жүйесінің саралануы болып табылады.
Тілдің қоғамдық қызметі арта түсті, дамыды деп ауыз тол-
тырып айтарлықтай дəрежеге жетсек, осыны айтқызатын,
алдымен, терминологиялық лексика.
Кешегі Қазан төңкерісінен кейін өзгеше қаулап, қанат
жайған мəдени өміріміздің əрбір күні, əрбір сəті жаңа іс,
жаңа қимыл, жаңа əрекетке толы болатын. Сауатсыздыққа
қарсы шабуыл, неше алуан үйірме, бастауыш мектептердің
ашылып, газет-журналдардың шығуы, қызыл бұрыш, қызыл
отаулар т.б. саналы жорығы – қазақ сөзі мен қазақ жазуына
жаңаша өріс берді. Осы ірі оқиғалар тұсынан бергі жердегі
9
қазақ тілінің болмысына көз салсақ, оның ұлттық сипаты
ғана өзгеріп қоймай, сонымен бірге халықаралық қуаты арта
түскенін де байқауға болады.
Осының нəтижесінде сөздік қорымызға революция, комму-
низм, социализм, интернационал, совет, министр, комитет,
парламент, партбилет, радио, комсомол, коммунист т.б.
тəрізді толып жатқан кірме сөздер енді. Ал еңбек, екпінді,
күрес, жарыс, іс, тап, жиналыс, жоспар, күн, белсенді
сияқты сан алуан сөздер жаңаша қолданысқа түсіп, термин-
деу өрісі кеңіді. Бұл есепсіз мол қазына қатары күні бүгінге
дейін толысып, молайып келеді. Яғни тіліміздің терминдеу
сапасы əлі жүріп жатыр. Тілдің осылайша толығуы, оның
қоғамдық қызметін күшейтіп, бұрынғыдан əлдеқайда қуатты
құралға айналдырды. Тілдің байлығын молайтып, қызметін
күшейткен, оның икемділігі мен дəлдігін дамытқан бұл
лексикалық қабатты ғылым тілінде термин сөздер деп атау
лингвистер түсінігінде дағдыға айнала бастады.
Атау сөздердің күнделікті өмірде араласпайтын жері
жоқ. Тіпті қазіргі кезеңде термин сөздердің ауызекі сөйлеу
тілімізге де еніп, күнделікті өзара қарым-қатынас құра-
лына да айнала бастағанын байқау қиын емес. Мұның өзі –
тілдің, атап айтқанда, əдеби тілдің қарқынды дамуын
байқататын бір белгі. Керек десеңіз, сан салалы ғылыми
қажетімізді өтеуге қызмет етіп отырған əдеби тіл, ең алды-
мен, осы терминологиялық лексиканың өрістеуіне тəуелді.
Терминологиялық жүйесі жасалмаған, терминдік ұғымдары
қалыптаспаған тіл – ол əлі əдеби тіл дəрежесіне көтеріле
алмаған тіл.
Термин ретінде мұны біліп қолданатындар да бар, тер-
мин екенін сезбей қолданатындар да бар. Тілдің мəдениетіне
ойысатын мəселенің бұл жағы əлі зерттей түсуді тілейді.
Сөйтіп, кім қалай қолданса да, термин сөздердің əлеумет
өмірінің қатынас құралындық қажетін қамтамасыз етіп
отырғаны даусыз. Яғни терминсіз қолданыс болмайды,
терминсіз ғылыми ой-пікірді өрбітуге болмайды. Оның
10
қанат жайғаны соншалық, қоғам өмірінің қандай саласын-
да да қазір терминсіз күн кешу мүмкін емес. Ал арнайы
лексиканың аумағын саралап, оның ғылыми анықтамасын
беру оңай іс емес екені мəлім.
Ғылыми-техникалық революция кезеңінде мəселенің
бұлайша қарастырылмауы мүмкін де емес. Өйткені тер-
минологиялық лексика, əсіресе қоғамдық, табиғат жəне тех-
ника ғылымдары тілі бұл кезеңде өзгеше даму жолына түсіп,
соған байланысты неше алуан күрделі проблемаларды алға
тартады. Міне, сондықтан ұғымдар жүйесін тіл материа-
лы арқылы жабдықтайтын терминология кез келген ғылым
саласының қисындық мазмұнын жасайтын негіз деп аталуға
хақысы бар. Ендеше, терминология дегеніміз ғылым тілі
болып шығады.
Қоғам дамуын ілгерілете түсудің бірден-бір тиімді
жолы ғылыми-техникалық прогресс болып отырған жағ-
дайда, қоғамдық ғылымның үлесіне тиер шаруа аз емес.
Іскерлік, жауапкершілік, білгірлік, білімдарлық, шапшаңдық,
қабілеттілік талабы күшейген қазіргі кезең, əсіресе, тілдің
ең күрделі де бай қатпары – терминологиялық лексиканы
реттеуді қажет етеді. Өйткені ғылыми-техникалық прогресс
жетістіктеріне сүйену арқылы экономика мен əлеуметтік
шаруаны жеделдете түсуі, бір есептен, сол жетістіктерді
дұрыс өрнектеуге тиіс тілдің терминдер жүйесіне де тікелей
байланысты деп түсіну керек.
Мəселенің бұл жағына келгенде, əрбір тілдің өзіне тəн
міндеттері айқын. Кеңес заманында өзгеше өріс алып,
дамыған тілдер қатарына қосылған қазақ тілінің термино-
логиясы түбегейлі зерттеліп, оның барлық мəселесі жан-
жақты қарастырылды, дəйекті шешім тапты деп əзір айта
қою қиын. Рас, əдеби тілдің халықаралық сипатын таны-
татын терминдер жүйесін жасап, қалыптастыруда кезеңдік
қажетті өтеген, практикалық рөл атқарған əрекеттер бол-
ды. Алайда оның ғылыми-теориялық мəселелері əлі
түбірлі де терең зерттеуді керек етеді. Бүкіл қоғамдық
11
өмірдің барлық саласында түбірлі өзгерістер болып жатқан
қазіргі кезеңде сол өзгерістерге лайықты қызмет ету-
ге, соны айна-қатесіз, нақпа-нақ білдіруге тиісті құрал –
тіл десек, оның ішінде терминологиялық лексиканың жөні
мүлде бөлек.
Термин қатарына қандай сөздер жатқызылатынынан
жұртшылықтың жалпы мағлұматы болғанмен, бұл салада
да түсінісер жайт көп. Оның анықтамасына келгенде, мəнін,
құрамын анықтау, жасалу принципі туралы əр алуан түсінік
бар. Енді əңгіменің осы жағына ойысалық. Ең алдымен,
кеңес тіл білімпаздарының біразы бұл мəселе жөнінде сонау
20–30-жылдардың өзінде-ақ ой толғап
1
, оның мəні, мазмұны,
ғылым, білім игеруде жасайтын септігі жайында еңбектер
жазған.
Алдымен соларды еске алалық.
Сонымен, термин жəне терминология дегеніміз не? Оны
сөздік құрамның өзге қабатынан қалай ажыратуға бола-
ды? Негізгі белгілері қандай? Біз бұл жұмысымызда осы
ұғымға байланысты туатын сұрақтардың бəріне бірдей
жауап береміз деп айта алмаймыз. Тек күні бүгінге дейін
ғылыми əдебиетте орныға бастаған кейбір пікірлерді ғана
саралап, салғастырып өтпекпіз. Терминологиялық лек-
сиканы зерттеуде жəне оның қоғам үшін мəнін, маңызын
анықтауда А.А. Реформатскийдің, В.В. Виноградовтың,
А.Н. Баскаковтың, Г.В. Степановтың, С.Г. Бархударовтың,
О.С. Ахманованың, И.Ф. Протченконың, В.И. Сифоровтың,
Ю.А. Дешериевтің, К.М. Мусаевтың, Р.А. Будаговтың,
Л.И. Скворцовтың, В.П. Даниленконың, Т.С. Коготкованың,
Т.С. Канделакидің, А.В. Суперанскаяның, Б.З. Букчинаның,
В.Ф. Журавлевтің, И.Н. Волковтың, Б.О. Орузбаеваның,
1
Достарыңызбен бөлісу: |