ҚОРЫТЫНДЫ
Еліміз үшін маңызды мәселе – демографиялық ахуал. Тәуелсіздіктен кейінгі 30 жылдан астам уақытта республика халқының саны небәрі 12 пайызға өскен. Нақты деректерге сүйенсек, 1991 жылдан бастап 2020 жылға дейін Ресейден басқа ТМД мемлекеттерінің халық саны 21,0%-дан 68,0%-ға дейін өсті. Ал көршіміз Қытай елінде 21,8% немесе 350 млн-ға өскен. Бұл өсім Қазақстан халқының санынан 20 есе жоғары. Біздің ел үшін басты теріс фактордың бірі – елден көшіп кету.
Қазақстаннан басқа елге тұрақты тұруға кетушілердің ішінде 43,8%-ын 15-тен 34 жасқа дейінгі жастар құрайды, бұл еңбек ресурстарының тұрақты азаюын сипаттайды. Халық санының өсуін қамтамасыз ету табиғи өсімді арттыру және көші-қон арқылы жүзеге асырылатынын ескерсек, мүмкіндіктерді біржақты қарауға болмайтыны айқын.
Біріншіден, шеттегі 5 млн-нан астам қазақ диаспорасы арасында қаншама білікті мамандар бар. Ел экономикасын дамытудың негізгі факторы белсенді халық, ол өндіруші және тұтынушы.
Екіншіден, шағын және орта бизнесті дамыту үшін оның ІЖӨ үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін жеткізу көзделген. Бұл да қандастардың келуін ынталандыратын және экономиканың дамуына тікелей оң әсер беретін жағдай.
Үшіншіден, ауылдың әлеуетін толық ашу мәселесі стратегиялық тұрғыдан маңызды болып қала береді. Қандастардың барлығы дерлік ауылдық мекендерге орналасып жатқанын ескерсек, бос қалған қаншама ауылдарды дамытуға мүмкіндік бар.
Төртіншіден, солтүстік аймақтардағы ауылдарда мұғалім, дәрігер және ауыл шаруашылығы саласының мамандары жетіспейді. Осы тұрғыда шетелдердегі қандастар арасында білікті маман, тәжірибелі азаматтар қаншама. Қазір урбанизациялық үрдіс жалғасуда. Бұл ауыл мен қала дамуындағы аталған өзгешеліктің салдары. Келген қандас ауылда орналасып малын өсіріп, егінін салып тіршілігін жақсартуды көздейді. Басқасын былай қойғанда осы айтылғандардың өзі көші-қонды ынталандыруға мүмкіндік береді.
Бұл тұрғыда ел аумағынан басқа мемлекеттерге, әсіресе жастардың қоныс аудару үрдісін реттеу қажет болса, екінші жағынан шеттегі қазақтың Отанға оралуын қамтамасыз ету керек.
Елдің қалыпты дамуы құқықтық базаның деңгейімен, басқару жүйесінің біліктілігімен, білім-ғылым, денсаулық, мемлекеттік идеологиямен, аумақтардағы демографиялық, экономикалық жағдайлармен, өндіріс саласының дамуымен тікелей байланысты. Әлемді жайлаған пандемия, экономикалық дағдарыс, шикізат бағасының төмендеуі тығырыққа тіреді. Ең алдымен, ел экономикасын ілгерілетіп, халықтың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ететін құқықтық тетіктердегі олқылықтар, яғни заңның орындалмауы, атқарушы биліктің, басқару жүйесінің халықтың мұң-мұқтажынан алшақтығы айшықтала түсті. Бұл, қабылданған заңдардың қарапайым өмірмен ұштаса бермеуі десек, екінші жағынан, қоғам талабына сай кез келген заңдар толықтырылып, өзгертіліп отыруы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |