Жұмыстың зерттелу деңгейі: Тарихи демография арнайы сала ретінде қалыптаса бастаған ХХ ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап осы тақырыпқа ішінара болса да тоқталып, халықтың этнодемографиялық дамуы мәселесін қарастырған жалпы және диссертациялық зерттеулер жариялануда. Бұл диссертациялық жұмыста ХХ ғасыр соңынан осы күнге дейінгі көші-қон процестерінің ерекшелігі зерттелетіндіктен, мәселеге қатысты тарихнамалық еңбектерді кеңес дәуіріндегі және қазіргі кезеңдегі зерттеулер деп екі топқа бөле талдаймыз.
Кеңестік замандағы еліміздің демографиялық даму барысына арналған зерттеулерде негізінен Қазақстан Кеңес Одағының құрамдас бөлігі ретінде қаралып, басқа ұлт өкілдерін қоныстандырудың барысы мен қорытындылары кеңестік саясат негізінде жүргізілген шаралардың оңды нәтижесі деп көрсетілді. Н. В. Алексеенконың «Население Казахстана за 100 лет (1897-1997 гг.)» атты еңбегінде [1] кеңестік кезеңдегі және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстан халқының дамуы басты тарихи кезеңдер, аймақтық дамуының ерекшеліктерін, халық құрылымы қалыптасуындағы көші-қонның ролін анықтайды. Зерттеудің дерек көзі ретінде кеңестік кезеңдегі халық санақтарының мәліметтері және ағымдағы статистикалық материалдар тартылған.
Н.Ф. Голиков пен А.И. Седловскийдің [2], Н.Ф. Голиков, Б.Я. Двоскин және М.Д. Спектордың [3] еңбектерінде кеңестік дәуірдегі Қазақстан халқының орналасу құрылымына көші-қонның ықпалы мен рөлі сарапталады.
1980 жылдардың аяғында Қазақстан халқының демографиялық даму мәселелері жаңа қырынан қарастырыла бастады. Көші-қон үрдістерінің жүруі барысында жалпы республикалық демографиялық бағыттарды алғаш кешенді зерттеу Ф.Н.Базанованың «Формирование и развитие структуры население Каз ССР (национальный аспект)» [4] монографиясында көрініс тапты. Онда Қазақстанның жекелеген аймақтары халқының күрделі этникалық құрылымы қалыптасуының тарихи үрдісі, республика аралық 1920-1979 жылдардағы көші-қонның барысына терең талдау жасалады. Автор кеңес дәуірінде республика халқының ұлттық құрылымы қалыптасуының күрделі үрдісі Кеңес үкіметінің көші-қон саясатының барысында жүргеніне әділ баға берді.
Қазақстандағы әр кезеңдердегі, соның ішінде оның кеңестік дәуір уақытындағы демографиялық ахуалдың әр бағыттары, оларды жақсартудың шаралары мен ұсыныстары, осы саладағы ғылыми тұжырымдар мен сараптамалар көптеген зерттеулердің тақырыбына айналды. 1920 жылдан 1990 жылға дейінгі ұзақ мерзім ішіндегі Республиканың халқын зерттеу А.Н.Алексеенконың «Население Казахстана 1920-1990гг.» еңбегінде арналады. Онда автор кеңес өкіметі жылдарындағы жүргізілген халық санақтарының қортындыларын және статистикалық деректерді пайдала отырып, 1920-1990 жылдардағы еліміздің демографиялық келбетіне көші-қонның рөлін терең талдайды. Атап айтқанда, халық санының, оның ішінде қала халқы санының динамикасына, ұлттық құрамына, орналасуына, көші-қон үрдісіне тоқталған [5].
В.В. Козинаның «Демографическая история Казахстана (конец ХІХ-начало ХХІ)» [6] атты зерттеуінде аталмыш ХІХ ғасыр аяғы мен ХХІ ғасыр басындағы Қазақстан территориясындағы демографиялық үдерістер, халық саны мен орналасуы, табиғи өсімі мен көші-қон үдерістері сарапталады.
М.К. Төлекованың «Тәуелсіз Қазақстандағы көші-қон үрдісі: нәтижесі мен салдары» [7] атты монографиялық зерттеуінде Егемен Қазақстан тарихындағы көші-қон үдерістеріне терең талдау жасалады. Әсіресе, 90 жылдары тарихи отанға оралған қандастарымыздың жас және жыныстық құрылымы, көші-қон үдерістерінің сипатына салыстырмалы талдалар жасалады.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Н.Сдықовтың [8] докторлық диссертациясы мен басылымда жарияланған монографиялық еңбектерінде дәлелді демографиялық дәйектер, әсіресе, тұтас бір ғасыр көлеміндегі Батыс Қазақстан аймағының этнодемографиялық жағдайы, халық санының өсу динамикасы, әлеуметтік-этникалық құрылымының өзгерісі келісті орын алады. Автордың «Население Западного Казахстана: история формирования и развития (1897-1989 гг.)» атты зерттеуінде тұтас бір ғасырлық өлке халқы тарихының қыр-сыры зерделенеді. Ғалымның «Историография исторической демографии Западного Казахстана» атты оқу құралы Батыс Қазақстандағы халық қоныстануы тарихының қазақстандық тарихнамасы мәселелері бойынша алғашқы толыққанды зерттеуі болып табылады. Онда тарихи-ғылыми әдебиеттер мен дерек көздері кеңінен талданып, Қазақстанда тарихи демографияның қалыптасу кезеңдері айқындалады. Сонымен бірге, XVIII-XX ғасырлар шегіндегі ғалымдар менмамандардың жаңа, тың шығармалары ғылыми айналымға енгізілді. 2004 жылы жарық көрген «История населения Западного Казахстана» [9] атты монографиясында XVIII-XX ғасырлар шеңберіндегі этнодемографиялық үрдістер терең талданады. Оның ішінде халық саны мен ұлттық құрылымның өзгерісіне ерекше мән беріледі. Қазақстан тарихындағы маңызды тарихи оқиғалардың халықтың дамуына ықпалы қарастырылады. Халық санақтары бойынша берілген мәліметтеріне сәйкес, аймақтағы қала халқы санының өсіміне айрықша көңіл бөлінуі зерттеу үшін құнды материал ретінде саналады.
1939-1959 жылдар аралығындағы Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық жағдайы сипатталған маңызды монография М.Х.Асылбеков пен А.И.Құдайбергенованың «Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық жағдайы (1939-1959 жж)» [11] зерттеулері болып есептеледі. Еңбекте Қазақстандағы 1939-1959 жылдар аралығындағы этнодемографиялық үрдістер, халықтың жастық, жыныстық, ұлттық және әлеуметтік құрамындағы өзгерістер тарихи қарастырылады. Авторлар елде жүрген көпұлттылықты қалыптастырған көші-қон үрдістерінің XX ғасыр орта шеніндегі тарихын суреттейді.
Тарихшы-ғалым Б.Р. Найманбаевтың «История миграционных процессов в Казахстане в период 1970-1999гг» атты монографиясында кеңестік дәуірдегі Қазақстан жеріндегі көші-қон үдерістерінің ауқымы талданады [12]. Батыс Қазақстандағы көші-қон үдерістері мәселесіне арналған еңбек А.И. Қаржаубаеваның [13] диссертациялық зерттеуі. Автордың ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдағы көші-қон үдерістерінің қазіргі Батыс Қазақстандағы халықтың қалыптасуындағы рөлін айқындауға арналған бұл зерттеуінде көші-қон үдерістерінің аймақтағы халықтың сандық өсіміне, этникалық құрылымының өзгерісіне ықпалы, оның кеңестік кезең және қазіргі уақыттағы көлемі мен бағыттары қарастырылады.
Бұл зерттеушілердің еңбектерінде Қазақстандағы халық санының өсіп-өнуі, табиғи және механикалық қозғалыстың барысы мен салдарларына талдау жасалынып, республика тұрғындарының демографиялық ахуалы мен көші-қон түрлеріне ғылыми тұрғыда баға берілуде.
Егемендік жағдайында Қазақстандағы демографиялық құбылыстарды зерттеуге арналған еңбектердің көпшілігінде Қазақстандағы этно-демографиялық даму тарихына талдау жасалынып, қазақ жерінің көп ұлт өкілдері мекеніне айналуының барысы, оның кері әсерлері сараланған. Мысалы, Қазақстандағы кеңес кезеңіндегі демографиялық ахуалға талдау жасалған М.Х. Асылбеков пен Ә.Б. Ғалидың[14], М.Х. Асылбеков пен Л.Х. Төлешованың [15], республиканың демографиялық даму тарихы баяндалған В.В. Козинаның зерттеуі де осы мақсатта жазылған [16]. М.Х. Асылбеков пен В.В. Козинаның [17] бірлескен ғылыми зерттеулерінде Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі демографиялық өзгерістер мен оның барысы, маңызы, республикадағы қазақтардың әлеуметтік-демографиялық дамуы қарастырылып, Қазақстандағы ХХ ғасырдың 80-90 жылдарындағы демографиялық құбылыстардың қарама-қайшы жақтарына ғылыми талдау жасалынған.
Отан тарихының әдістемелік, теориялық және қолданбалы мәселесін өңдеу барысында тарих ғылымының өзекті мәселелеріне байланысты әдіснамалық тұжырымдар С.Ф. Мажитовтың зерттеулерінде көрсетіледі [18].
Туған отанынан тыс жерлерде өмір сүруге мәжбүр болған қазақтардың тарихы мен ұрпақтарының қазіргі күнгі жағдайлары саясат пен ұлттық демографиялық зерделеу негізінде еліміздің тарихы, руханияты, ұлттық сана мен болмысы және ділімен қатар көші-қон мәселесі де бірқатар ғалымдар еңбектерінде талдануда. Авторлар республика халқының қазіргі кезеңдегі өсу динамикасына шолу жасай отырып, көші-қон мәселесінің тіршілік талабы екендігін қоғам дамуының заңдылықтарына орай көрсеткен [19].
Халықтың қоныстану мәселелерін философтар, саясаттанушылар өз еңбектерінде көптеп талдады. М.Тәтімовтың «Развитие народноселение и демографическая политика (социально-философские аспекты системного изучение и комплексной разработки) [20], «Социальная обусловленность демографических процессов» [21] еңбектері арналады.
Тәуелсіздік жылдарындағы республиканың көші-қон үдерістері М.Төлекованың зерттеу еіңбегінде арналды [22].
Кеңестік тоталитарлық кезеңде «бұрынғы азаматтар» деген ұғымдарды зерттеуге идеологиялық тыйым салынғандықтан, шетелдік зерттеулерде ғана қарастырылып келген шет елдердегі қазақтар тарихы алғаш республикада К.Л. Есмағамбетов[23], Г.М. Меңдіқұлова [24] монографияларында зерттелді. Сонымен қатар, қазақ ирреденттері тарихы А.В. Коновалованың [25] тағы басқа ғалымдардың еңбектерінде талданды.
Қазақстанда тарихи демографияның дамуы мен методологиясы жайында көлемді ғылыми еңбектер де жарық көрді. Мысалы, М.Х.Асылбеков, А.Ш. Алтаевтың және А.И. Құдайбергенованың көлемді мақалалары жарияланды [26]. Тарихи демография саласындағы жетістіктерді тарихнамалық талдауға С.И. Ковальскаяның [27] еңбектері арналған. С.И. Ковальскаяның кандидаттық диссертациясында негізінен ХVІІІ және ХІХ ғасырдағы көші-қон мәселесі қамтылып, ХХ ғасыр мәселесі толық жазылмаған.
Этноәлеуметтік мәселелер тәуелсіздік жағдайында жаңаша көзқарас тұрғысынан қарастырылды. Л.Д. Гудковтың жетекшілігімен азаматтық ұлт аралық қарым-қатынас пен тіл мәселесі қарастырылып, көші-қон стратегиясы талданды [28].
1997 жылы көші-қон процесстерінің саяси-құқықтық мәселелері қарастырылатын еңбектер жарыққа шықты. М.А. Акшанов пен М.Б. Тәтімовтың «Формирование самостоятельной демографической и миграционной политики Республики Казахстан» атты монографиясы жарық көрді. Еңбекте Тәуелсіз Қазақстандағы көші-қон саясатының тиімді жүзеге асуының әдістері қарастырылады [29].
Достарыңызбен бөлісу: |