Тіл біліміне кіріспе



бет18/45
Дата07.03.2024
өлшемі0.75 Mb.
#494614
түріКонспект
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   45
Жармакин-О.-Тіл-біліміне-кіріспе

6.3. Грамматикалық категориялар
Грамматикалық категория грамматикалық мағынамен, грамматикалық формамен тығыз байланысты. Өйткені, біріншіден, мағына грамматикалық категорияның элементі ретінде өмір сүреді, соның кұрамына кіреді. Екіншіден, қандай да бір граммакалық категория болсын, ол кемінде екі түрлі формада көрінуі мүмкін. Мысалы, бір ғана септіктің формасы өздігінен септік формасын кұрай алмайды. Септік категориясы болу үшін, тілде атау септіктен басқа ілік, барыс, жатыс, табыс т.б. септіктердің болуы шарт. Сонда ғана септік категориясы грамматикалық категория ретінде таныла алады. Жақ (1-жақ, 2-жақ, 3-жак) категориясы, шырай (жай, салыстырмалы, күшейтпелі шырай) категориясы туралы да осыны айту керек. Сөйтіп, грамматикалық категория біртектес грамматикалык категорияларды білдіретін грамматикалық формалардың жиынтығынан құралады. Мұндағы біртектес грамматикалык мағыналар дегеніміз не? Ол — "бір грамматикалық категорияның жалпы мағынасы (әрбасқа емес) біреу ғана", - деген сөз. Мысалы, шақ категориясы шақ, өткен шақ, келер шақ формаларында көрінгенімен, олардың жалпы мағынасы біреу ғана, яғни шақтық (мезгілдік, уакыттық) мағына. Біртектес шақтық мағыналар әр түрлі грамматикалық формалармен беріліп, жалпы грамматикалық шақ категориясын құрап тұр. Еңдеше, "осы шақ категориясы", "өткен шақ категориясы", "келер шақ категориясы" деп атау қате. Ондай категориялар жоқ, бір ғана "шақ категориясы" деген бар. "Өткен шақ", "осы шақ" дегендер - грамматикалық мағыналар. Олардың әрқайсысына тән өзіңдік формалары болады. Шақ категориясы бір шақтан емес, күллі шақтардың мағыналары мен формаларының жиынтығынан құралады.
Бұған қарап, белгілі бір грамматикалық категорияға кіретін грамматикалық мағыналардың бір-бірінен айырмашылықтары жоқ екен деп қалуға болмайды. Олардың айырмашылықтары да, ұқсас (ортақ) жақтары да бар. Мысалы, жақ категориясына енетін 1- 2-жақ, 3-жақ дегендердің ұқсас жағы - жақтық мағынасы. Ал айырмашылықтары - 1-жақтың - "мен", 2-жақтың - "сен", 3-жақтың — «ол» дегендерді білдіретіндіктері.
Сөздің бір формасы бірден бірнеше грамматикалық категорияны білдіруі мүмкін. Мысалы: жазғыз деген сөздің формасында 3 түрлі грамматикалық категорияның элементтері бар. Олар: бүйрық рай, екінші жақ, өзгелік етіс. Бұған керісінше, бір грамматикалық категория әр түрлі формалармен беріле беруі мүмкін. Мысалы: студент+ке, студенті+не, студентім+е дегендердегі бір ғана барыс септігі әр түрлі формалармен (-ке, -не, -е) берілген. Бірақ бұлар әр басқа категориялар емес, бір ғана септік категориясы. Күшейтпелі шырай да бірде синтетикалық тәсіл арқылы (кып-қызыл), бірде аналитикалық тәсіл арқылы (өте қызыл) деп беріледі. Формаларына қарап оларды әр түрлі категория екен деп қалуға болмайды. Белгілі бір грамматикалық категорияның дүние жүзіндегі барлық тілде болуы шарт емес. Ол грамматикалық категория бір тілде болғанымен, екінші тілде болмауы мүмкін. Мысалы, орыс тілінде бір вид (совершенный вид, несовершенный вид) категориясы неміс, француз тілдерінде кездеспейді. Немесе казақ тіліндегі тәуелділік категориясы орыс тілінде (славян тілдерінде) жоқ. Грамматикалық род категориясы орыс, неміс, француз тілдерінде бар, бірақ ол ағылшын тілі мен түркі тілдерінде ұшыраспайды.
Белгілі бір грамматикалық категория әр тілде әр түрлі дәрежеде болуы мүмкін. Мысалы, араб тілінде 3 септік болса, орыс тілінде 6, қазақ тілінде - 7, эстон тілінде — 14 септік бар. Грамматикалық етіс категориясы көптеген тілдерде бар. Бірақ оның өзгелік етіс (каузатив) түрі түркі тілдері мен француз тіліне ғана тән. Ол славян тілінде кездеспейді. Орыс тілінде род категориясының үш түрі болса, француз тілінде оның екі-ақ түрі бар (онда средний род жоқ). Бұдан шығатын қорытыңды: әр тілдің өзіне тән грамматикалык ерекшеліктері болады екен. Солай дей тұрсақ та, көптік, септік, жақ , етіс категорияларының көптеген тілдерге тән екендігін айтуымыз керек. Грамматикалық категорияның көпшілігі белгілі бір сөзге телулі болады. Мысалы, род, септік, көптік категориялары есімдерге тән болса, жақ, шақ, рай, етіс категориялары етістіктерге қатысты. Енді осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   45




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет