Адамға махаббат күші, құштарлық, сағыныш, сезім тыныштық бермес. Жанартаудай жарқылымен көрінер мазасыз жүрек өз қалауын таппаса қиынның қиыны.
Сүйем деу үшін шын пейіл, ақ ниет, жалындаған жан керек, тулап жатқан қан керек, күннен де ыстық сезім керек, сүйер адамының бүкіл өміріне, тағдырына қамқор болар жауапкершілік керек. Бұл айтқандар болмаса сүйем деу ертерек болар.
Өзгенің тағдырын өзіңмен түбегейлі байланыстыру-барлық қуаныштар мен қайғыны, қиындықтар мен қызықтарды, ауыртпалықтар мен абыройларды тең бөлісуге әкеледі. Сеніммен бірге өмір сүруді жылдың төрт мезгілімен теңестіре айтсақ, көңілді көктемімен, жайдары жазымен, еңбекпен келер мол жемісті күзімен, айбарлы, қаталдау қысымен тура келер. Дарақ бір жерден көгерсе, отбасы да бірлік, ынтымақ, сүйіспеншілік, шыдамдылық арқылы бақытқа жетер.
* * *
Ойлана қалған Манас шынында қыз тағдырының оңай еместігін, өмірде әйел қауымының ауыртпалығының орасан зор екенін күнделікті өмірден ұққан.
Ішкі сырларын сыртқа шығара алмас, жүрегін жаралаған мұңдарын айта алмас , сыр бермес әйел-ана бәріне көнер, бәріне төзер. Таудай тауқыметті абыроймен алыптай көтеруімен ерекшеленер нәзік жаратылыс қандай шыдамды, неткен төзімді...
Ана ұлылығына бас иген Манас аяулы анасына деген перзенттік махаббатын «Мейірім нұры» поэмасымен өрген:
Дариға ана еске алды өткенді,
Ай дидарын ерекше бір гүл бөлеп.
Ақ пейілін бөлекше нұр жыр демеп,
Бауырына басқан ұлын қайнының.
Келін ауырып, дәрігерге кеткен-ді,
Тоба еткен, қайырымды іс бұл демек.
Көз алдында қос тіршілік гүлдемек,
Айналды да сәбилерін ай күнін.
«Аурухана пәс етпесін көңіліңді,
Бөбегіңе пана болам қалайда.
Өзіңді күт уайымдама жарай ма?
Сәбиімнен артық көріп баптармын.
Берсем дағы осылар деп өмірімді,
Таңды көзбен атырармын алайда.
Аман есен жазылып шық жаңа айда
Аманатты асыл етіп сақтармын»
Жанын салып, тіпті өзін аямай,
Өз баласын сүттен қағып шеткері.
Нан жегізіп, шұрылдаса ішектері,
Қайнысы мен келінін көп ойлаған.
Көптен күткен сәбиі деп аялай,
Онсыз жетер келін азап шеккені,
Ертеңгі күн жазғырмасын тек мені,
Деген оймен берген серттен таймаған.
Сол бір кезең алып ұшып тұрғандай,
Жалын жастық ойландырмас құбылтып.
Өмірге де, күреске де шын ынтық,
Сәбилермен бала болып кеткендей.
Қос бөбектің иісі мұрын жарғандай,
Сезінгенге өмір мәнін ұғынтып,
Сұлулыққа, мөлдірлікке сұғынтып,
Махаббаты мейірім нұр сепкендей.
Мейірленіп жан жүрекпен беріліп,
Қос сәбиді қатар құшып, ынтыққан.
Пәк бөпенің жанарынан нұрды ұққан.
«Өз балам ғой ұрсам дағы кетпес»-деп,
Жеті айлыққа бар қошемет өріліп,
Шын сыйласу құралғандай құлдықтан,
Өз ұлынан адасқандай шындықтан,
Ешнәрсе де жайдан жайға өтпес тек.
Өткен күндер, жалын түндер елес пе?
Жайнап тұрған нағыз жалын жас еді.
Құрбылармен көңіл шіркін өседі.
Студенттік өмір өтті қарбалас.
Түні бойы ән салатын, бәрі есте,
Бәрі уақытша, бастан бәрі көшеді.
Бүгін міне елес-самал еседі,
Өзге өмір, жүрегінде жанталас.
Тұрмыс құрды алып қашу амалмен,
Келген сәтте басқа әлемге сүңгіген.
Қатал ене түп тамырын үңгіген.
Кедейлігін баса айтып құданың,
Ән салғанын теңеп нағыз жаманмен
Жалын отын тез өшіру үлгімен,
Сынай қарап кекесінді күлкімен,
Жас келіннің тауысып бақты шыдамын.
Енесіне әрбір ісі ерсі боп,
Жақсылығы құмға сіңген су болып,
Сөйлеу арман, көкірекке шер толып,
Еркін жерден келген келін қамықты.
Тым болмаса сөйлесетін көрші жоқ,
Қайран ару сусыз гүлдей мың солып,
Қабағына қарар жан жоқ бір шолып,
Күйеуінің түсінбесі анық-ты.
Енесінің қырсықтығы көрінген,
Немересін сыйлаған-ды қыз туып.
Жібімеді сонда дағы жыл жуық.
Тілі шығып, қарсы қойды өзіне.
Көңілі толмай келініне берілген,
Жүрсе дағы еңбектеніп, кір жуып,
Ене ызғарлы, жан жабырқау, үй суық.
Жалғыз қалса жылап жүрді езіле.
Қыз-қызғалтақ, қыз-қылықты, қыз-мұңлық,
Жайнататын, жабырқатар ортасы.
Әлем күлсе аналардың арқасы,
Түсінбеске не айтасың, не шара?
Сол ененің бес ұлы бар бұл шындық,
Гүл келіннің ыстық болар алғашы.
Бұл тегіннен жазылмас-ты жалғасы,
Түсініксіз, жанды ауыртар осы ара.
Ал екінші келінге ене сүйініп,
Құрақ ұшып, мың құбыла ынтыққан.
Байлығы мол жерден деген сырды ұққан.
Келген бетте жақын тартты қызындай.
Әділетсіз ене ісіне күйініп,
Дариға жүр алыс кетіп шындықтан,
Тым өзгергіш енесіне сұмдық таң.
«Түсінер»-деп сабыр етті бұзылмай.
Екі бесік ортасында қамықты,
Бірі жылап, екіншісін оятар.
«Шаршадым»-деу сол бір кезде ұят, ар,
Түсінетін қайын ене тым қатал.
Жанға демеу іздер сәуле жарықты,
Қорқыныш пен үрей басым, ұя тар.
Қорған болар күйеу ұрып, қиратар,
Кімнен демеу таба алады шын адал?
Енесіне сәлем беріп, иілер,
Теріс қарар, көрмегендей менсінбей.
Азып тозды бұл ортаға жерсінбей,
Ауыр соққы енесінің бөлгені.
Күндіз күлмей, түні бойы күйінер,
Ал бай келін еңбек етпей, тер сіңбей,
Байлығымен басып кірді еркіндей,
Мақтар ене : «Көп қой , деумен көргені»
Сонда дағы сәбиге кең пейілді,
Саусақтары бір-бірінен ажырап.
Жеті айлық пен сәби бейне қозы лақ.
Жыласа олар бірге езіліп, жылаған.
Бір ай және апта тағы өрілді,
Түк көрмеген келін келді азынап,
Қарамады деумен ене азғырад,
Қосылды да іздегенге сұраған.
Сол келгеннен қызғаныштар басталды,
Сәби иісі сіңіп қалған өзіне.
Жаны жылар қимастығы сезіле,
Әкетті ғой баланы да ұстатпай,
Жүрек бірге кеткені де расталды.
Сәби ғана көрінеді көзіне.
Келін кетті сол ұядан безіне,
Ез ененің көп күлкісін қысқартты-ай.
Қарсы шықты енесіне мақтаулы.
Қалалық қой басқа мектеп бітірген.
«Тұрмаймын»- деп шал кемпірдей бүкірмен,
Көшіп кетті жанға жайлы үйіне.
Ене білмей жазғыруды, ақтауды,
Ауызында басқа сөз жоқ шүкірден.
Тұйық шалы насыбай атып, түкірген,
Бетке шапты келіндері үйіле.
Дариға да алған сол кез еншісін,
Мектебінде беделімен көрінді.
Ақ сүт емген өз ұлындай өрілді.
Жұмысында сағынышпен қауышар.
Ақтағандай ақ сүтінің белгісін,
Беттен өбіп, анасындай берілді.
Көрдіңіз бе мұндай ұқсас өрімді?
Мінез құлық ақ сүтпенен ауысар!
Жеті айлық боп туылғанмен тым пысық,
Жалын от боп құштар биге, өнерге.
«Жан анам»-деп Дариғаға келерде,
Сағынысып табысады аңсаумен.
Бұзық келін беделі де шын түсіп,
Қызғаныштан бұған көңілі сенер ме?
Іші күйіп, өзін-өзі жеңер ме?
Тыңдамай ұл, сөзі өтпес шаршаумен.
Сонда қалай сезінбейді анасын?
«Шын анам»-деп Дариғаға ұмтылар.
Жүрегімен болмысымен мың құлар.
Ал өз ұлы нан жегізген тым тұйық.
Сүт ембеуден бетіндегі жарасын,
Айыптауға үлкен жігіт құлқы бар.
Сездірмеген, іштегі мұң үн тұрар,
Анасына махаббаты шын биік!
Ағайындар жақсы көрген ертеден,
Жылы тартып, осы келін түскенін.
Дариғаның айтар жақсы істерін.
Келінменен береке де келгенін.
Ал енені өкініші өртеген.
Қартайғанда байқаған-ды күш кемін.
Кім ойлаған, түбі бармақ тістерін?
Жалынғанда қайта ма үйге бұл келін?
Сол кезеңде газет тапқан қызықты,
Дариғаға тым әсерлі көрінген.
Ол уақиға аңыз түрде берілген,
Анасынан жетім қалған шақалақ,
Жол бойында өткенге көз сүзіпті.
Сезіпті оны иманмен шын өрілген,
Әйелі де туып, қалжа желінген,
Әкеп берді өз ұлындай бағалап.
Ал әйелі өз ұлына еміреніп,
Оң жақ сүтін емізіпті жөн санап.
Оң жағынан басталар деп бар санақ,
Оң болсын деп барлық ісі өмірде,
Оң болуын аңсап, тағы тебіреніп,
Оң бастаса келер тағы қанша бақ,
Жігіт кезін елестетіп тамсанад,
Көріпкел боп кетеді адам кейбірде.
Тауып алған нәрестеге сол жағын,
Емізіпті: «Аман болса жарар»-деп,
«Ұлым байып кетсе малға қарар»-деп,
Қайдан білсін, болашақты болжап па?
«Болмас мәні оңай тапқан олжаның,
Үйдің қамын жасар, отын жағар»-деп,
«Мал артында жүрер, шөбін шабар»-деп,
Бар тағдырын шектеп қойды, қоршап та.
Екі бала екі түрлі өсті де,
Өз ұлының жасап барлық жағдайын.
Көзден таса етпеген-ді әрдайым.
Тәтті беріп, еркелетіп, есіртіп.
Тауып алған бала бейнет кешті де,
Күні бойы тер басады маңдайын,
Ата-ананың отын суы дап-дайын,
Шебер-ұста күй төгеді көсілтіп.
Жігіт болды екі бөлек ұл бала,
Өз ұлдары тым қатыгез, көкірек.
Бұл өмірге келгеніне өкінед.
Жан қинамас, мейірімсіз анаға.
Екінші ұл кішіпейіл, тым дана,
Мейірімді, ерекшелеу, тектірек,
Ата-ананың қамқоршысы көп тірек,
Әрбір сөзі ой түсірер санаға!
Ана сонда түсініпті қатесін,
Әр тағдырды Алла ғана айқындар!
Сол жақ деген жүрек тұсы солқылдар.
Ал жүректен тек жақсылық берілер.
Бұл әңгіме айқындатар төтесін.
Алтын құйма барлық кезде жарқылдар!
Түсінетін, ұғынатын халқым бар,
Жүрек қосса бар жақсылық өрілер!
Ана сүті киелі де қасиет,
Тектіліктің түп тамырын қозғайды.
Тарихты алсақ қара қобыз боздайды.
Көк бөріні бала емген аңыз бар.
Қайсарлық пен ерлік,өрлік-өсиет!
Ынтымақтың оты мәңгі маздайды!
Ерен елім ешқашан да тозбайды!
Әрбір перзент ата-анаға қарыздар!
Анам үшін аналарға бас идім!
Ақ сүтімен осы күнге жеткізген.
Ақ үмітін жалғастырған тек бізбен,
Ақ жол тілер сағым болып санада.
Тебірене жанарыма жас үйдім.
Күлкісіз күн, ұйқысыз түн өткізген.
Жараланған жанын уайым шеккізген,
Мәңгі тағзым, мәңгі құрмет анаға!!!
Айдай аяулы аруын жүрегінің төрінде сақтағысы келген Манас қоштасар күннің алыс еместігін сезіп, жүрегі қарс айырыла қимастық сезімімен аласұрған. Ажарлы аруды көзінен бір сәтке таса еткісі келмеген ол қолынан келер барлық құрметін жасағысы келген. Осы бір кеште бөлмесіне досы Пірмұхамед келе қалып, көңіл көкке самғап, керемет кештің өрнегі өзінен-өзі өрілген.
Шымқаланың кешкі керемет көрінісін көрсетуге асыққан жігіттер тез жиналып, төменде Айзерені асыға күткен. Ерекше талғаммен киінер ару аққудай көрініп, мөлдірлігімен үлбірей түсіп, көзге көркем, жанға жақын танылып, кешкі сәтте оттай жанып, шоқтай маздаған. Нәзік жаратылыс жақындаған сайын жігіттер сымдай тартылып, қыранша қомданып, өздерін аса ілтипатты көрсеткісі келіп, бір орында тапжылмай тұрып қалғандай еді. Дидарынан нұр шаша жымия келіп сәлемдескен Айзеренің ыстық аялы алақаны бір ерекше жағымды сезіліп, жігіттер жалындап шыға келген. Манас досын таныстырып, жылылыққа ұласқан кездесудің кереметін сезінген. Еліктің ерке лағындай жанды ортаға ала жүрген алпамсадай денелі ұзын бойлы, сұңғақ жігіттер жол бойынан такси ұстап, тез арада сүңги мініп кете барды.
Жастар мен студенттер жиналар «Кең баба» саябағы кешкі сәтте тіптен құлпырып, жайнай түскен. Жаныңа мөлдір сезімін сыйлар, ішке енгеннен өзіне тартып, өмірдің өкінішін ұмыттырып, уайымыңды азайтып, жүрегіңе жарық сәулесін құяр осы жер сұлулық патшалығындай көрінер.
Қазақ елінің мақтанышы саналар киелі орындары, сансыз баптар мекені ескерткіштерімен көз тартса, жаныңды тазалыққа жетелер сұлулықтар аңсарыңды аудырып, тап-таза мөлдірлікке құштарлық арналармен аққан сумен үндесер. Арқаңды кеңге жайдырып, әсемдікке етене ендіріп, жарасымға жанымен жақындатып, алға ұмтылдырар демалыс аймағы осы бір сәт шынында да керемет еді. Таспен қаланған көпірлерден өте қорғандардың төбесінен сарқырай құлаған судың астында тілек тілей беті қолдарын жуған жастар таң қала, таңдай қаға, тамашаға көңілдері толып, сұлулықтарға сұқтанып,қуаныш көгінде самғаған. Кішкене көлдегі аққулар мойындары иіле бір-бірімен үйлесе, үндесе қалғанда су ортасындағы тастан қашалған ару мүсінмен жүректе ерекше күй күмбірлер еді. Бас айналар көркем көріністен ажарлана түскен Айзере су түбіндегі өзгеше алтын түстес жалтылдаған балықтарды көріп, жымия шаттанған. Су түбі балықтармен көз тартса, жастардың қайта осы жерде кездесуге ырымдап, тастап жатқан күміс теңгелері ай жарығымен жарқырап, қол ұстасып тұрған Айзере мен Манаста қимастық сезім басталған.
Саябақты аралай өткен олар екеу боп тебілетін әткеншекке тоқталып, тербеліске түсті де кетті. Төменде демеп тұрған жігіт Айзереден көзін алар емес. Ағаштың биік бұтақтарына жете көтерілгенде ерекше қуаныш кернеп, тізені бүге төмен сырғи тербелгенде жүрек орнынан бір қозғалып, Айзере ажарланып, Манас қанаттана түскен.
Шам жарықтарымен көмкерілген осынау сәт айдай арудың келбетімен көріктеніп, сырлы сезімге бастар ғажайып шуақты көрініс өрілген.
Бір-бірімен жанарлары түйіскен, шабыт шыңында шарықтаған олар жеңіл қалықтап, беймаза күйден арылып, шынында бақытты еді. Биік шыңға шыққандай шаттанып, қуана айқайлағысы келіп, тербеліс пен тебіреністі, қалықтау мен қимастықты, самғау мен сағынышты қатар сезінген.
Жерде тұрған Пірмұхамед жан дүниесі елегізіп, жойқын толғаныста қалып, алыстағы аяулы жанын армандай есіне түсірген. Айзереден көп ұқсастық тауып, емірене, елжірей, көз алмай қалуы да сол себептен еді. Тербелген жастарды демей тоқтатқан ол Айзерені құрметпен түсіріп, ерекше ілтипатын көрсеткен. Алғашында байқамаған олар жерге түскен соң бастары айналғандай болып,жақын орындыққа отыра қалысты.
Тылсым түн жарықтарымен жанды жадыратып, ағаштар аяулы жандарды аялағандай, әсер қалдырды. Әсем бақты армансыз аралаған олар уақытты ұмытып, түн ортасы болғанын білмей де қалды. Достарының көңілін қимай кете алмай жүрген Пірмұхамедтің қоштасар сәттегі алаңдаулы ажары байқалған. Теңіздей толқыған жастардың арасында биік тұлғасы ерекше көрінер ол біраздан соң қараңғылықтың қойнауына сіңіп кетті. Аз ғана уақыттағы осы бір ақкөңіл жанның таза пейілі, жан дүниесінің толғанысы, жанарындағы сағынышы сезімтал Айзереге айқын аңғарылған.
Түн құшағы баурап, аспанда ай жарқырап, жұлдыздар жымыңдап, сарқырап аққан су тоқтап, аққулар ұясына кіріп ұйқыға кетсе, балықтар бір жерге топтана қалған. Мүлгіген тыныштықтағы маужырай қалған саябақ тынысын ішіне тарта тылсым күйге көшкен. Жалындаған жастар жан-жаққа тарап, түннің салқындығы байқалып, аспандағы ай сәулесін барынша төге барлық көріністі тартымды етіп, Айзеренің ажарын алаулата айқындаған. Екінші қабаттағы дәмхана әдемі әсер беріп, ою өрнектерімен көмкерілген, ерекше талғаммен безендірілген осынау ғажап сарай жан дүниеңді жарық етіп, сұлулық сиқырымен самғатқан. Көңілді отырыстағы дәм ерекше сезіліп, сезімнің селт етер сөнбес сәулесі ерітіп, төбеден көрінер әртүрлі шамдармен үйлесіп, керемет көрініс Манас пен Айзеренің қия алмас сәтімен үндескен. Іштегі буырқанған толғаныс сыртқа шыққысы келіп тұрғанмен аяулы жанның жанары бәрін ұғынтқандай. Манас жүрексіне Айзеренің сүйрік саусақтарын аялы алақанында мейірлене аялап, үнсіз ұғынысқан жанарлар жаутаңдай қалып, бір-бірінен демеу іздегендей еді.
Жігіт үстіндегі костюмін арудың иығына жауып, мейірім төге қарап, қиыла құрақ ұшқан. Өн бойын жалын ораған ару киімнен жігіттің жүрек жылуы мен жан ыстығын балбырай сезінген. Қайта қайтқан олар жол қатынасының мүлдем тоқтағанын байқап, төте жолмен тартып отырған. Айдың сәулесі мен шамдардың жарығы көңілдеріне көрік қосқан олар жадырай күліп, жарқырай жайнап келе жатты. Жол жиегінде өскен гүлдерден десте жиналып, Манас ұсынған сыйлық ару жанын әлдилеп, биік көкке шығарған.
Түнгі салқын самал алдан соғып, бойы қызған олар көрікті көктемнің келісті түнгі келбетін керемет сезінген. Манастың жүрегінен тебірене оқылған өлең арудың аңсарын аудырып, бойын балқытып, көңілін шалқытып әкеткен.
Өте ұзақтан келе жатқан олардың шаршағаны білінбей, басы айналғанын ару күлімдей сездірмеген. Жанымен сенген жігітке арқа сүйеген ол өзін желдей жүйрік, мақтадай жеңіл, сенімді, сергек сезінген.
Ешкімге зияны жоқ жандар межелі жерге жеткенде бір-бірін қимай, қия алмай, көкіректегі сезімдері кеуделеріне сыймай, сыя алмай тұрғаны анық сезілген. Жанары мөлдірей қалған ақылдылығы басым Айзере сыбырлай қоштасып, ішкі толқын ажарынан айқындалып, алысқан қолдар еріксіз үзіліп, жүректер шым ете түсіп, ақ дидарын тез бұрып әкетті де Манас төменде тұнжырай қалып қойды. Аспандағы ай қалың бұлт астына кіріп, айнала қараңғылықтың құрсауында шырмалып, біртіндеп шамдары сөнген әсем қала қалың ұйқыға кетті...
* * *
Өмір-ай...
Адамзат қаншама жетістікке жетсе де, қаншама байлыққа кенелсе де өзіне көңілі толмай, ешнәрсеге көзі тоймай келеді. Сынақ ретінде берілген өмірін қасқырша қармап қалуға, қыранша самғап алуға арнайтындай...
Адам көзі-ашқарақ, көңілі-тойымсыз, талғамы-биік, талабы-зор, арманы- шексіз.
Миллиондардың арасынан аман қалып, сәттіліктің арқасында дүниеге құдіретті күштің әсерімен келгенін сезбейді де. Жақсылық жасау мақсатында жер бетіне жіберілгенін біле ме екен?
Жан жағына ойлана қараған адам көп нәрсені түсінер...
Бұл өмірді көрмеген қаншама мұңдағы жан бар. Бәлкім олардың ерекше елесінде, ұлы ұғымында мына дүние, табиғат, адамзат басқаша түрде бейнеленер.
Қасиетті жерді бір рет басып жүрсем деген аяулы армандағы қаншама мүгедек жандар бар.
Көкірегі шерлі, көңілі жүдеу мына ғажап дүниенің керемет сыңғырлаған жағымды үнін естімеген қаншама жаралы жандар бар.
Ішкі шерін тарқата алмас, пікірін айта алмас, мұңын шығара алмас, сырласа алмас ішқұса болған қаншама сөйлей алмайтын жандар бар.
Ал олардың қасында «Анау жетпеді, мынау жетпеді, анау озды, мен қалдым» деген ойлардан арылып, пендешіліктер қараң қалып, адамзат тобасына түсуі тиіс еді.
Амандық пен денсаулық болса бәрі жетер, бәрі болар. Құдайдың бермегенін адамзат тартып ала алмайды. Барға қанағат тұту имандылыққа жетелейді.
Ертеде көне қала көшелерінің бірінде боз боран болып жылап келе жатқан жалаң бас, жалаң аяқ, киген киімі жыртық жамау, ешкімі жоқ жап-жас жігіт егіліп, езіліп, өмірінің мән мағынасыз өрілгеніне нала болып, мұңын шағар жан таппай өзіне өзі:
-Мен неткен сорлы жан едім. Бейшара болып ішер тамаққа, киер киімге жарымадым. Қонар баспанам жоқ, қамқор адамым жоқ, тым болмағанда аяғыма киер аяқ киім сатып ала алмаппын-деп зарланған екен.
Көше бұрылысынан өте бергенде ұзына бойы тұрған мүгедек жандарды көріп, көз жанарлары түйіскенде жүрегі езіліп, түске бір мезгіл ғана ішетін шай ішуге сақтаған теңгелерін үлестіріп береді. Жігіт бірден өмірге көз қарасы өзгеріп, артық айтқанына тәңірден кешірім сұрап, басқаша ой түйеді:
-Мен мына мүгедек жандарға қарағанда әлдеқайда бақытты екенмін-ау. Көре аламын, сөйлей аламын, жүре аламын, ойлай аламын, еңбек ете аламын, адамға тән барлық қызық, жақсылықтар маған бұйырыпты. Аллаға шүкір, мың тәубе, шексіз алғыс!!! Өзіме қамқор болар қолдарым , аяқтарым бар, ақылшы, басшы болар санам бар, сүйенішім болар он екі мүшем сау, денсаулығым мықты,неткен баймын. Өмір сүруге барлық мүмкіндік беріліпті, соны пайдалануым керек.
Жігіт бүкіл болмысын өзгертіп,ой өрісін бір арнаға салып, өзін еңбекке арнап, өнер үйреніп, жағдайын түзеп, мал көбейтіп, достар тауып, бауырлар арттырып, тұрмысын көтеріп, талмай талаптануының арқасында барлық жақсылықтарға кенеліп, бақытқа жеткен екен.
Ия, адамға қандай керемет мүмкіндіктер берілген...
* * *
Манас өз өмірі туралы ойлана берді. Ылғи да өзіне есеп беріп жүрер ол: «Ешкімді ренжітіп алмадым ба?, ешкімге зияным тимеді ме?»-деп алаңдаған.
«Жанындағы жандарға зиянын тигізбейтін жан-ол жақсы адам»-деп, толғанып отыратын асыл, аяулы анасы есіне түсіп, көз жанары мөлдірей қалған.
* * *
-Ия, адамзат ата-анасы барда алшаң басып, ақылын ұқпай көп нәрсеге мән де бермей қариялардың көздері кеткен соң жаутаңдай жабығып, алаңдап аңсап, сағына сарғая іздер.
Әр адам өзінше ақылды, өзінше сұлу. Күн көңілі –биік. Көңіл шіркін өрмекшінің жібінен де нәзік.
Адамға әйтеуір бір нәрсе жетпейді. Бірі кем дүние...
Ата-анасын аңсаумен,бауырларын ойлаумен,ағайынның ақ пейілін, достарының ақ тілегін, туған жерінің ыстық топырағын аялаумен, өткен күндерге деген аяулы сағынышпен өмірі өтері анық.
Әр адамның көзінің қарашығындай сақтар, жақсы көрер,жүрегінің төріндегі қаншама жандары өміріне сүйеніш, қуат, қанат болып, демеу болып келеді. Осыны ұмытпау керек.
* * *
Ойлап қараса Манас шынында бақытты екен. Аяулы ата-анасы, асқар таудай ағалары, ардақты жеңгелері, қамқоршы әкпелері, ешқашан ұятқа қалдырмаған аяулы қарындастары, бауырмал ағайындары, адал достары өн бойына күш, жанына демеу, бүкіл өміріне қамқор, қанат, қуат болған екен.
Жақсылық көрген әрбір адам жақсылық жасауға даяр тұрар
Аяулы жандарын ойлай отырып, өмірдің сондай ғажап екенін сезіне, ал өмір сүрудің соншалықты күрделі тұстары көп екенін толғана «Өмір туралы» шығармасы дүниеге келген.
Әрбір адам жетуге асық бақытқа,
Гүл-өмірдің шеше алдық па түйінін?
Ең күрделі жаратылыс, күйі мың,
Адамдардың адам жанын ұға ма?
Кінә артылар тағдырына, уақытқа,
Қадіріне жете ала ма сыйының,
Өмір-өрнек қайталанбас иірім,
Көңіл шіркін бір сәтке де тына ма?
Ата-ананың қадірін де түсіндік,
Өзіміз де ата-ананың бірі боп.
Олар үшін перзентіндей ұлы жоқ,
Барлық жағдай жасап кетер әлінше.
Жүрегіне мүмкін жүк те түсірдік?
Ата-ананың арқасында ірі боп.
Адамзаттың бір-бірінсіз күні жоқ,
Сыйлы өмір сымбатты ғой меніңше.
Қандай жақсы күнде жүрсең еленіп,
Көңіл шіркін күндей болып жарқырар.
Мақсат болса арайланып, таң тұрар.
Елді сыйлап, құрметтесең сый күткін!
Тек еңбекпен мол байлыққа кенеліп,
Мұхит болу тамшылардан қамтылар.
Бай болудың тым ерекше шарты бар!
Нәтижесі шыдам, арман, үміттің:
Өмір сүру-алға қарай ұмтылу,
Әр нәтиже күреспенен шешілер.
Кейде өзін құртып жүрер есіл ер,
Өзін таппай қиналады шегінде.
Мәңгі не бар? Танымал боп ұмытылу...
Тарих өзі зерттеп танып, өсірер!
Құдіреттен барлық үкім кесілер!
Ешқашанда жасыма да егілме!
Арманымен асқақтайды адамзат!
Мақсатымен талпынтады ісі де!
Ынтымақта берекесі, күші де!
Аулақ болса зиянды артық сейілден.
Ден сау болса келер байлық, әр мансап,
Жақсы мінез нұр шуақтай кісіде.
Сыйластықпен әлем, үйдің іші де,
Бар жақсылық ниет пенен пейілден!!!
Манас көңілінің көктемін айдай арудан сезініп, жүрегіндегі жанды адал пейілмен ардақтап қалуды мақсат тұтқан.
Үлкен орталық магазиннің жанында тұрған ол жарқырай жайнап келе жатқан Айзерені айнытпай танып, жүрегі дүрсілдей соғып еді. Қолындағы ұялы телефонынан енді босап, алаңдай қараған ару жігітті танып, ақ ниеттегі аға болып қалар жанға қарай асыққан. Қуана табысқан олар жол жиегінен көлік ұстап, тіке орталық саябаққа тартты. Осы бір жер бұрыннан көңілге ыстық, жанға жақын. Бозбала, жігіттік шақтары,қызық думаны осы жерде өткен әрбір жан осы тұсқа талпынары анық.Бір кездері кешкі мезгілде адам сыймайтын би алаңы бос тұр. Тыным таппас әткеншектер де тып-тыныш. Қатар-қатар тізіле қалған ағаштар көңілге көрік беріп, бір сезім алға жетелейді. Тир деген жазуы бар ашық тұрған бастырма іспеттес үйге жақындағанда Манаста бір құлшыныс пайда болып, тізіліп тұрған шынжырдағы мылтықтарды көріп, қызығушылығы артқан. Аруға мылтықты ұсынғанда сыпайылық танытқан Айзере қаруды жігіттің өзіне қайтарып, басын шайқай жымия күлген. Ару алдындағы абыройын айқындайтын кезең жеткенін түсінген Манас бар шеберлігін салып, демін ішіне тартып, тына қалып, қатар айналып тұрған аңдардың шетінен сұлатып, мәртебесі биіктеп, бір жасап қалғандай еді.
Келесі бөлімге көшкенде «Күлкі бөлмесі» деген алаң тіптен қызық көрінген. Қисық айналар шеңбер бойынша орналастырылып, жанынан өте бере зер салғанда түрлерін көрген олар еріксіз жымиып, енді бірде шыдай алмай ақақалай күліп, көздерінен жастары шыға ішектері түйіле жаздаған. Бөлмеге келесі байсалды, салиқалы адамдар кіргенін байқаған олар әзер дегенде өздеріне келіп, күлкілерін амалсыз тыйған. Бейнебір кішкене сәбилерге айналғандай өздерін соншалықты еркін ұстағандарына өздері де аң-таң. Сол жерден ұзай бергенде өздерін соншалықты салмақты ұстаған жаңадан кіргендердің қатты дауыстағы қарқылдаған күлкілерін естігенде сырттағы бұлар жағасын ұстаған.
«Сексендегі қарияның бес минуттық балалығы болады» дегендей көңіл көгінде үйлесіп, сенім үндескен шақ еді бұл.
Саябақты аралай өткен олар әсем орнатылған даладағы саяжайға тоқтады. Шеткерек орын алған олар бүгінгі күннің қуанышын сезініп, даяшымен әкелінген түтікшелермен берілген балмұздақ қосылған шырынды сусындардан ерекше рахат күйге бөленген. Бұл жердегі тыныштық санаға жайлы тиіп, көктегі күлімдеген күн көңілдерін көтерген. Сезім салтанат құрған осынау шақта жігіт қолынан тастамайтын жыр жазатын кітабын ашып, жүректі жібітер, жанды ерітер, ойды толқытар, бойды балқытар көркем сөз шеберлігін танытып, таңдамалы өлеңдерін арнаған. Ерекше елең еткізіп, ару жүрегін жаулаған, бас айналдырар бақытқа кенелткен осынау «Сұлусың сен» әні жігіттің өз аузынан әуенге айналып,төгіле берді...
Сұлусың сен, табиғаттай тұнықсың,
Әсемдікпен әсерлі әлем құрыпсың.
Жабыққанда жараланған жанымды,
Дәл өзіңдей кім түсінсін, кім ұқсын?
Қайырмасы:
Сұлусың сен шаттанумен тек күлсең,
Күндіз есте,түнде түсте тек бір сен.
Өрнегіңмен өзі көркем өмірді,
Мәңгілік жас,мәңгі сұлу еттің сен.
Сұлусың сен, көркем мүсін,келбеттім,
Аққу болып,сезімімді тербеттің.
Жалын болып,жарқырадың жанымда,
Алыс кетіп,арман болып,шөлдеттің.
Сұлусың сен таңғажайып қалпыңда,
Жан дүниеңді теңеп жүрмін алтынға.
Нәзік гүлдей қалып қойдың жүректе,
Тағдырымен күресуші нар тұлға!
Сұлусың сен мөлдіреген күйде анық,
Имандылық,өн бойыңда ибалық.
Құдіреттен әсем әлем құлпырса,
Сымбатыңды қалғандайсың сыйға алып.
Манас Айзеренің ажарынан алаулап, күле жымиғанынан жылынып, осы бір сәттің өтпеуін, ғажап осынау шақтың таусылмауын қалаған.
Сүйікті жанының көріктілігіне көзі тоймай, қанша ынтыққанмен сөзі жетпей жылы шуаққа малынып еді. Жанына жақын жанның жан жылуын жүрек дүрсілін, жанарындағы қимастық сезімін айтқызбай түсініп, езіле еріп, ер жігіт болғандықтан өзін тежеп әзер ұстаған. Қоршаған ортаның көзге көрінбес тылсым сәті, табиғат көрінісімен үндесіп, қос жүректің неге тартыларын ұқтырғандай еді.
Аяңдай басқан олар саябақпен алаңдай қоштасып, еңселі, биік салынған «Махараджа» жастар спорттық демалыс орталығына еніп бара жатты. Таспен безендірілген хан сарайындай көрінер осынау ерекше орын қиялыңды көкке самғатып, биікке қарай жетелер. Айналаның бәрі көк таспен өріліп, үнді елінен әкелінген барлық заттар мұнтаздай тазалығымен жалтылдап, көз тартады.
Баспалдақтардан қол ұстаса көтерілген олар тас едендермен сырғи бас айналдырар сылқым сұлулықтан шаттанып, басқа әлемге тап болғандай сезінген.
Жастарды қатты қызықтырар «Боулинг» алаңы бүгін тіптен бос екеніне екеуі де таң қалған. Арнайы өздерін күтіп тұрғандай жымия қарсы алған сыпайы қызметкерлер ойнау ережесін түсіндіріп, құрақ ұшқан. Арнайы уақытша киетін аяқ киімдер беріліп, тез арада қондырғылар іске қосылып, ойын алаңы лезде дайын болған. Өмірінде бірінші көріп тұрған мына ойын түрін Манас сыр бермей, жатырқамай қарсы алып, бұрыннан ойнап жүргендей өзін еркін ұстаған. Спортқа бейім Айзере жанары жарқылдап, суытылған торы аттай болып, дайындығын сездіріп, сиқырлы сымбатымен ерекше мүсінге айналған.
«Қыз жолы жіңішке» дегендей қызға құрмет жасап, жолды Айзереге берген Манас сұлулыққа сұқтана қарап, тапжылмай тұрып қалған. Ару домалақ шарды нәзік саусақтарына іліп, жылдам қадымдар жасай жермен сыза бар ықыласымен қатты сілтей жібергенде зуылдай аққан шар кірпік қаққанша дәл тиіп, топтасып тұрған барлық қондырғылар быт-шыт болып, тегіс қирай құлаған. Айзере жүрегі жарылардай қуанып,аспанға қол шапалақтай секіріп, Манас жүгіре келіп құшақтай алып, бетінен сүйіп-сүйіп алғанын білмей де қалған. Жүректі жара шыққан керемет қуаныш оларды шаттандырып, бақыт шыңына бір-ақ шығарған еді. Алғаш рет бұл ойынды ойнап, бірінші соққысы түгел құлатар жойқын күшке айналғаны шынында да Айзеренің өте қабілетті жан екенін байқатқан. Құмары қана ойнаған олар қайтарда басқа залдарды аралап, сұлулық салтанатына қаныққан. Тұрмыс жағдайы жоғары, өмір сүру салты қарапайым адамдардан мүлдем бөлек, тұлпарлардай оза шауып алға кеткен жүйріктерге таңырқай қалып, қиялы қияға, арманы шыңға жетелеген. Таныстырушы төменгі қабаттағы үйлену тойы өтер жерге бастап әкелгенде ерекше сезім билеп, өкініш пен өзекті өртер күй екеуінің жанарларын үлбіреген нәзік ленталарға түйістіріп, лезде тайдырып әкетті...
* * *
Достарыңызбен бөлісу: |