Төлеубаева күлжазира мейрамқызы қазақ және Орталық Азия халықтарының отбасы, отбасылық әдет-ғұрып, салт-саналары



бет12/21
Дата02.05.2024
өлшемі0.74 Mb.
#500318
түріДиссертация
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   21
ҚОРЫТЫНДЫ

ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. бірінші жартысында Орталық Азияның өзбек, түркімен, тәжік, қарақалпақ халықтарында отбасының негізгі түрі үлкен патриархалдық отбасы болды. Үлкен патриархалдық отбасы қырғыздардың, әсіресе оның отырықшы бөлігінде басым еді. Осы кездегі қазақ отбасының көпшілік бөлігі нуклеарлы отбасы болуымен қатар үлкен патриархалдық отбасының үлес салмағы айтарлықтай болды және патрирархалдық үлкен отбасы дәстүрлерінің сарқыншағы тұрмыста жиі кездесті.


Қарастырып отырған регион халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптарындағы құда түсу, қалыңмал, қыз ұзату, келін түсіру тойлары, ондағы рәсімдер өзінің структуралық жағынан өте ұқсас, мәндік-семантикалық тұрғысынан да жакын. Бұл реттегі ғұрыптардың айырмашылығы көбіне-көп халықтардың шаруашылық-мәдени типіне қарай айырылады. Отырықшы-егіншілік басым өзбек, тәжіктерде қалыңмал құрамы, мөлшері, тойдың дастархан мәзірі, малшы-көшпелі, немесе малшы-жартылай көшпелі қырғыз, қарақалпақ, түркімен, қазақ сияқты халықтардан біраз өзгешелеу. Оларла қалыңмал жартылай, кейде толық ақшамен өлшенеді, шаруашылық-мәдени типіне қарай шашудағы, сыйлықтардағы, ритуалдық (ғұрыптық) тағамдардағы, той мәзіріндегі атрибуттарда егіншілік-жер өнімдері басым.
Экзогамиялық некелік қатынас қазақтарда жеті атаға дейін таза сақталып, қырғыздардың жартысында бар болса, өзбектер мен тәжіктерде эндогамиялық неке басым болды. Некелесушілердің арасындағы экзогамиялық, немесе эндогамиялық салттар, ата-ене, күйеудің туыстары мен келіннің, күйеу мен қайын жұрттың, нағашы-жиен қарым-қатынасы мәселесінде де регион халықтарында ұқсастықтар басым. Дегенмен де, бұл салада да көшпелі, жартылай көшпелі халықтар келіннің күйеуінің жасы үлкен еркек кіндікті туыстарынан «ұялып қашу» (бет көрмеу (избегание) әдеті отырықшы халықтарға қарағанда әлсіз болды, кей жағдайда бұл салт тіпті сақталынбады.
Баланың дүниеге келіп, тәрбиеленіп өсуіне байланысты әдет-салттар, жоралар негізінен халықтардың баланың аз-көптігіне деген ұстанымы, ұл-қызға деген қатынасы, бойға бала біткеннен босануға дейінгі жоралар, әйелді босандыру ырымдары, шілде ғұрып-ырымдары, қырқынан шығару, баланың әрі қарай өсуіне байланысты ырым-жоралғылар қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, қарақалпақ, тәжіктерде негізгі құрамдас бөлігі жағынан біркелкі. Сонымен қатар, әдет-ғұрыптардың орындалуында, ырым-жоралғыларда пайдаланылатын заттары, тағамдары, мал-жер өнімдері жағынан айырмашылықтар бар. Мұсылман дінінен келген ғұрыптардың әсіресе өзбек, тәжіктерде мәні зор. Атап айтқанда, өзбектер мен тәжіктер, сүндет тойға ерекше мән береді. Олардағы тойдың үлкені – сүндет той.
Ғұрыптардың ең қомақты бөлігіне қайтыс болған адамды жерлеу және артын күту ғұрыптары жатады. Бұл саладағы ғұрыптар бір жағынан, өзінің консервативтігімен ерекшеленсе, екінші жағынан, олардың көпшілік тұстары, регион халықтарына ортақ ислам дінінің қағидаттарымен анықталады. Сондықтан да, бұл ғұрыптар жүйесінде қарастырып отырған халықтар ғұрпында ортақтастықтар, ұқсастықтар өте көп. Сонымен қатар, өлім ғұрыптарына қатысты архаикалық «тұл» салты, өлікке ат арнау жоралғысы тек қазақта ғана жақсы сақталған, бұлардың жұрнақ түрлерін қырғыздардың бір тобынан, өзбектер арасындағы қыпшақ, қоңыраттардан да табуға болады. Өзбектердің, қарақалпақтардың жерлеу салтында зороастрийлік жұрнақтар көптеп кездеседі.
Орталық Азия халықтары және қазақтардың әдет-ғұрыптарында этностадиалдық жүйелер, жекелеген элементтер көп кездеседі. Оларды үнді-ирандық, дейтүркілік, түркілік, исламға енгеннен кейінгі, жиынтықтардың халықтар болып қалыптасқанынан кейінгі деп бөлуге болады. Кезеңдік (стадиалдық) ғұрыптарды анықтау, оларды заман-заманымен жіктеу өте қиын жұмыс. Бұл ретте, әсіресе,тәжіктер мен өзбектерде аналық рудың, зороастризмнің қалдықтары көбірек екені байқалады.
ХІХ ғ. Орталық Азия халықтары және қазақтар таза дәстүрлі қоғамда өмір сүрмесе де, өз ғұрыптарын біршама сақтауға жағдай болған еді. Ал ХХ ғ. бірінші жартысында Қазан төңкерісі, Кеңестік саяси-идеология әсерінен олардың отбасылық ғұрпында біршама өзгерістер болды. Бұл өзгерістердің көлемі, деңгейі Орталық Азия – Қазақстанның барлық халықтарында бірдей болмады. Өзбек, тәжіктердің, түркімендердің, жартылай қарақалпақтардың өмір-тұрмысының, әсіресе отбасылық өмірінің бұйығы, томаға-тұйық болуына байланысты, оларда көптеген діни салт-ғұрыптар, ырым-жоралғылар жақсы сақталды. Кеңес заманында әсіресе қазақтар мен қырғыздардың отбасылық әдет-ғұрыптары көбірек өзгеріске ұшырады.
Орталық Азияның қарастырып отырған халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптары мен салт-саналарын өзінің мәдениет құраушы, анықтаушы негізгі белгілері жағынан мынадай төрт топқа бөлуге болады деп есептейміз: қыпшақтық, шағатайлық, оғыздық, ирандық топтар. Кейбір әдет-ғұрыптар аралас топтық сипатта, мысалы, қыпшақ-шағатайлық, қыпшақ-оғыздық, оғыз-шағатайлық, түркі-ирандық.
Сонымен қатар, аймақ халықтарының әдет-ғұрыптары өзінің шығу негіздері, пайдаланылатын атрибуттары, ғұрыптардың мән-мағнасы, ішкі идеологиясы бойынша, бір жағынан, көшпелі, жартылай көшпелі малшы халықтар ғұрыптары болып, екінші жағынан, отырықшы-егінші халықтар дәстүрі болып бөлінеді. Регион халықтарын мұндай мәдени-шаруашылық жіктерге бөлу бұрыннан бар. Біздің жаңалығымыз, осы пікірді отбасылық әдет-ғұрыптар негізінде бекіте түсуімізде.
Аймақ халықтарының отбасылық ғұрыптарында тәңіршілдік, ислам діні, зороастра, т.б. наным-сенімдер мен діндердің, идеологиялардың әсері жалпы ұқсас болғанымен, олардың тұрмысқа ену нәтижесі бірдей болған жоқ. Бұл жағынан, регион халықтарын мөлшермен үш типологиялық топқа бөлдік, оның ішінде: қазақ пен қырғыздар бір топ, қарақалпақтар мен түркімендер екінші топ, ал өзбек пен тәжік – үшінші топты құрайды.
Мәселен, үйлену дәстүрлерінің бірінші кезеңі болып саналатын құда түсу, қалыңмал төлеу, үйлену тойы, ұрын бару, некелесу сияқты әдет-ғұрыптар қырғыздар мен қазақтарда ұқсастығы жағынан бірдей. Үйлену тойын қыздың әкесінің үйінде немесе жігіттің әкесінің үйінде өткізу мәселесінде, бата беру дәстүрлерінде қырғыздар, қазақтар және жартылай көшпелі өзбектер салттары ұқсас болып келеді. Осы жағынан алып қарағанда қырғыздар мен қазақтарда қолданылатын отбасылық, некелік қарым-қатынас атаулар ұқсастығымен ерекшеленеді. Қазақтар мен қырғыздардың, өзбектер мен түрікмендердің үйлену тойы салт-дәстүрлерінде кездесетін тартыс, қалыңдық пен жігітті байлау, арқан тарту, жар-жар, беташар, неке қию, той ойындары дәстүрлерінің ұқсастығы бірдей.
Жалпы өліктің артын күту салтындағы «қонақ асы», жетісі, қырқы, жылы өзінің ғұрыптық рәсімдерінің байлығы, күрделілігі, түрлілігі жағынан түркі халықтарының, оның ішінде көшпелі-малшы халықтардың дәстүрінде кең орын алады. Оның өткізілуінің әлеуметтік-қоғамдық мәні жағынан да осы түркі халықтардың ортасында ерекше салтанатты. Бұл ғұрыптардың генезисінің түркілік екендігінде дау жоқ. Сонымен қатар, аймақтың түркі халықтарының ішінде бұл ғұрыптың ең шыңы болып есептелетін ас түрі негізінен тек қыпшақ текті – қазақтар мен қырғыздарда орындалады. Сондықтан бұл мәдени құбылыстың төркінін түркілік–қыпшақтық десе де болады.
Біз Орталық Азия халықтары мен қазақтардың отбасын, отбасылық әдет-ғұрыптарын зерттеу барысында олардың әз заманға жататын стадиалдық түрлерін, белгілі бір діни сенімдермен байланыстылығын, шаруашылық-мәдени типтермен астасып жатқандығын анықтаумен қатар, олардың мәдени-генетикалық түп тамырын барлап, оның сан ғасырлық этногенетикалық, тарихи үдерістермен байланыстылығына көзімізді жеткіздік. Жалпы әдет-ғұрыптардың генезисі арқылы біздің жасаған қорытындыларымыз тарих ғылымында жасалып келген этногенетикалық тұжырымдарға қайшы келмейді, қайта оларды жаңа, тың материалдармен байытып, толықтыра түседі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет