1.3.Ірі қара малдарына арналған қоралардың микроклиматы
Мал қораларының микроклиматы ондағы қоршаған ортаның ауасының физикалық, химиялық және биологиялық көрсеткіштері мен (температура, ылғалдық, ауа қозғалысы, жарық сәулесі, газдық құрамы, микроорганизмдер мен шаң-тозаңдар мөлшері т.б.) сипатталады.
Ірі қара малдарына арналған қалыпты микроклимат олардың жасы, өнімі және ұстау тәсілдеріне тікелей байланысты болады. Сондықтан әрбір малдардың түрі, жынысы, жасы және физиологиялық ерекшеліктеріне (буаз, қысыр, тұқымды т.б.) сай келтіріп микроклимат мөлшері белгіленеді (кесте 5). Ондай мал организміне сай микроклиматты қорада әртүрлі жолдармен қалыпқа келтіреді (желдету, жарықттандыру, жылыту, тазалау т.б.)
Микроклимат көрсеткіштерінің ішіндегі ең басты анықтағыш фактор болып ауаның төменгі және жоғарғы температурасы саналады. Ауа температурасы (1-6 градусқа дейін) төмендесе жас малдардың, әсіресе бұзаулардың өсуі 15-20 пайызға, сиырдың сүт өнімі – 15-30 % кеміп, ал азықтың шығыны – 15-50 пайыға артады.
Мал қораларының микроклиматының қалыпты шамада болуы пайдаланған құрылыс материалдарының қасиеттеріне байланысты. Қора бөлшектері шыдамды, берік болуымен қатар, жылу ұстағыш, бойына су сіңірмейтін, ауа өткізгіш, жеңіл, жоғарғы температураға төзімді материалдардан жасалуы қажет. Себебі, әсіресе қыс айларының суық мезгілдерінде қораның ішкі жылуының 30-45 пайызына таяуы оның бөлшек беттері арқылы тарап кетеді де, ішкі ауа температурасының төмендеуіне апарып соғады. Неғұрлым қора бөлшектерінің беті суық болса, солғұрлым мал денесінен булану және өткізгіштік жолдарымен жылу тарауы жоғарғы болады. Көбінесе қыс мезгілдерінде булану арқылы жылудың денеден тарауы қораның ұзын қабырғаларына, есік-қақпа, терезелерге таяу орналастырылған малдарда болады. Мысалы, қораның ортасындағы клеткаларға орналастырылған бұзаулардың денелерінен жылудың тарауы, қораның басы, ұзын қабырға, қақпа-терезелерге таяу қойылған клеткалардағы төлдермен салыстырғанда 10-25 пайызға кем болатындығы дәлелденген.
Гипотермия малдардың, әсіресе жас төлдердің төзімділігін (резистенттілігі) төмендетеді. Ол кезде организм де қарсыдене (антител) түзілуі төмендеп, лейкоциттер мөлшері азайып және олардың фагоцитарлық қарқыны (активность) кеміп, жұқпалы және жұқпайтын әртүрлі аурулардың шығуына апарып соғады. Ортаның жоғарғы температурасы да организмнің резистентілігін төмендетіп, әлсіретіп, өнімі азайып гипертермия ауруының (дене температурасының жоғарлауы) тууына әсер етеді. Мысалы, ауа температурасы 27-32 градусқа көтерілсе, сиырдың сүті 10-30 %, ал 38 градуста – 50-60 пайызға төмендеген. Бұл кезде малдың тәбеті төмендеп, су ішуі артып, дем алуы мен қан тамырының соғуы жиілейді.
Қора ауасының жоғарғы ылғалдылығы да, температураның көрсету шамасына байланысты организмдегі жылу алмасу процесстеріне айтарлықтай әсерін тигізеді, яғни орта температурасы төмен болса, жоғарғы ылғалдық денеден жылудың тарауын арттырып, организмді суыққа ұрындырса, ауа температурасы жоғары болғанда, денедегі жылудың тарауын тежеп, ыстық соғу ауруына ұшырайды. Сиыр қораның ауасының ылғалдылығы жоғары болғанда (салыстырмалы ылғалдық 85 % тен 95 %-ға жоғарлағанда) мал сүтін 9-12 % төмендетеді. Ірі қара малдарын бордақылау орындарының ауасының ылғалдылығы жоғары болғанда азықтың шығыны 20-35 % артып, тәуліктік салмағының өсуі 12-28 % төмендеп және жас төлдердің өлім-жітімге шалдығуы 2-3 есе артатындығы анықталған. Қораның ылғалды ауасында зиянды газдардың (аммиак, күкіртті сутегі т.б.) мөлшері көбейеді. Ондай жағдайда малдардың өкпе ауруына (туберкулез) шалдығуы жиілейді. Бордақыда тұрған малдардың қора ауасындағы аммиак газының қалыптан жоғары болуы салмағының 25-28 % төмендеуіне апарып соғады.
Жоғарғы ылғалдық пен ауадағы зиянды газдардың және микроорганизмдердің мөлшерінің артуы жас төлдердің төзімділігін айтулы төмендетіп, олардың арасында жаппай аурулардың шығуына әсер етеді де, онымен күресуге қыйындық туғызады. Мұндай жағдайда ол аурудың алдын алу тек қора ауасының тазалығында ғана болады. Мысалы, бұзауларды ауасы ластанған қорадан жекелеме клеткаға тұрғызып күту бұл аурулардың тоқталуына әсер етеді. Ірі қара малдарына арналған қоралардың жарықтану шамасыныңда мал организміне айтулы әсері болады. Мысалы, қораның жарықтану мөлшерін 5-10 люкстен 70-100 люксе жоғарлауы бұзаулардың ауруын 9-12 % төмендетіп, дене салмағының, тәуліктік өсуін 6-10 %, сиырдың сүт өнімінің 5-15 % көбеюіне апарып соғады.
Сыйыр қораларының жарықтану мерзімін тәулігіне 6-7 сағаттан 14-18 сағатқа дейін ұзартса (жасанды түрде) малдың сүті 6-15 % жоғарлап, ұрықтануы 15 % артып, сервис мезгілі 10 тәулікке қысқарады (кесте 6).
Мал қораларының жарықтануын қалыпқа келтіру арқылы буаз сиырлардың қанының биохимиялық және иммунологиялық көрсеткіштерінің жоғарлап, туған төлдердің денсаулығының артуына әсерін тигізетіндігі дәлелденген. Сондықтан ірі қара малдарын ұстау жүйелері, өнімділігі, физиологиялық ерекшеліктеріне негізделіп қалыпты (нормативті) микроклимат көрсеткіштері (параметрлері) белгіленген (кесте). Ірі қара малдарын қалыптанған микроклиматы бар қораларда ұстаған кездерде сиыр сүті 10-20 %, жоғарлап, азық шығыны 12-35 % кеміп, және малдардың ауруға шалдығуы 2-3 есе азаяды. Мұнымен қоса сүт өнімінің жағымсыз иістері жоғалып, қышқылдығы азайып, микроорганизмдермен ластануы төмендеп, сапасы артады.
Мал қораларындағы микроклиматты қалыптау үшін бірнеше, ветеринариялық-зоогигиеналық шаралардың жинағын жасау қажет. Олар қоралардың жоспарлап салу шешімдері мен оған керек құрылыс бөлшектерін таңдау, тиісті құрылыс материалдарының, әр аймақтардың жер орайы мен ауа райларына сәйкестіріп, қасиеттерін ескеріп, малдарды ұстаудың жаңа технологиясын еңгізу, қораның ауасын алмастыру, көңнен тазалау т.б. шаралар жатқызылады.
Достарыңызбен бөлісу: |