«Жұмағали жолдас – Тәжiбаевтың адамдық бейнеден айрылған тап жауларымен дос болып, ауыз жаласқандығын, олармен ерiп маскүнемдiкке салынғандығын, жексұрын жаман мiнездерге түскендiгiн, халық жауы Уалиахметовтiң екi рет сонын үйiнен ұсталғандығын, Тәжiбаевтiң оны қорғауға тырысқанын, Жазушылар үйiнiң биылғы пленумында да сондайлармен бiрге арақ iшiп мас болып келiп, тәртiпсiздiк iстегенiн айта келiп, оның шығармаларындағы саяси iрi қателерге тоқталды: «Ұлы пролетариат жазушысы М. Горькийдiң өлiмiне арнап жазған өлеңi совет идеясымен жазылмай, зиянды, терiс боп шықты. Бұл Тәжiбаевтiң шығармалық бетiнiң терiс кетiп бара жатқандығын көрсетедi. Оның тағы бiр қатесi – ақын, жазушы болған адамға саясат пен заманның игiлiктi iсiмен, өмiрiмен танысып араласудың керегi жоқ, тек, Гейне, Шекспир, Шиллер, Сервантес, Пушкиндердi жастанып, үйiнде жата берсе болатын сияқты. Мұнысы адасқандық, саяси соқырлық. Совет ақыны, совет жазушысы өмiрмен, саясатпен араласа отырып, өз дәуiрiнiң алдыңғы қатарынан орын ала отырып, өсуi керек, шығармасы социализм өмiрiнiң сыры болуы тиiстi. Тәжiбаев осыны ұмытты. Ол қазiрдiң өзiнде де қатесiн түгел мойындамай, көпшiлiк сынынан бас тартып отыр. Тәжiбаевтан: қатеңдi мойныңа ал, тап жауларының сырын ашып, зұлымдық iстерiн жұртшылық алдында жайып сал; өзiң – өмiрмен, саясатпен тығыз байланыс, қатеңдi жөндегенiңдi, совет ақыны екендiгiнiңдi көрнектi iспен көрсет, – дедi».
Жүректi ауыртатындай ашты сөздер. Бұл «пайымдаушылардың пiкiрлерiнiң кермек дәмi жуықта таңдайыңнан кете қоймайтыны белгiлi! Ұзаққа созылғаны да түсiнiктi. Бiрақ шын таланттар өз тағдырын өзара шешедi.
Әбдiлда Тәжiбаев: «Саин Жұмағалидың да маған жасаған «сындары» үшiн өкпелеуге болмайды. Ол сол шақтың тұрғысынан қарағанда менi шын көңiлмен, шын сенiммен кiнәлады. Жұмағали майданнан жаралы болып келген соң қинала жүрiп, өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Мен оның жақсы жырларын көрсем, шын көңiлден қуандым. Қасымдар қатарлы оның да тәуiр өлеңдерiн мақтап жазатын болдым... Бұл мақалаларды «Қазақ әдебиетiнен» оқыған Жұмағали телефон соқты. «– Әбдiлда, – дедi ол жарқын дауыспен еркелей сөйлеп, – бiз Катя екеумiз өмiрде есiгiн ашпаған бiр үйге барғалы отырмыз. (Катерина - әйелi) Түсiндiң бе? – дедi күлiп. «Түсiндiм, келiңдер» деп мен де күле жауап бердiм. ...Жұмағали туралы мақалалар жазғаныма, оның бiздiң үйге келiп дәм татқанына, қайтарында құшақтасып қоштасқанына, ең ақырында ауруханада жыласып, сүйiсiп айрылысқаныма осы күнге дейiн қатты қуанамын. Арыздасар, айырылысар себеп көп. Кейде күннiң жарығы, мұхиттың суы жетпестей жағаласып жүремiз. Өзi бiреудi жамандап сөйлегенi жетпейтiндей, тағы бiреудi жамандасуға әзiрлейтiндер де аз емес. Татуласар, достасар себептер iздеген жөн ғой, ағайын».
Кешiрiмдi болғанға не жетсiн. Бiрақ сол кешiрiмнiң құны тым қымбатқа түссе қайтедi? Өтiрiк өрге баспайды. Жала жерде жатпайды. Дәл нықтап айтылған нақыл. Нақыл емес – шындық. Қаhарын төгiп, қатал басталған қауырт iстiң арты «тәттi» аяқталды. Әбдiлда ақын тiрi қалды. Ал жала ше? Жала жабу оңай да, жаланың «iсiн жабу» қиын. Кiбiртiктемей ашығына көшейiк, өз өмiрiндегi ауыр кезеңдi ашық айтқан ақын түсiнуге тиiстi, мынадай дүдамал бiлдiргендер де кезiктi. Неге бiрiншi боп Жұмағали хабарласады? Демек оның да өкпесi болғаны ғой. Ол да кешiрiп отыр ғой? Ендеше...
Тiлдi қышытып тұрған сол баяғы «еруліге қарулы» қайтарды ма, жоқ па, деген түртпек сөз. Бұл – жанбай жатқан су қурайды отқа ысырып, бықсыта үрлеу. Оған жауапты әр азаматтың ар-ожданы бередi. Ал Саинның соңынан сумаңдаған суық хабар естiлген емес. Мұндай пiкiрдi әркiм айтты. Тiптi, Әбдiлда ақынның өзi 1937 жылы 2 қараша күнгi мәжiлiсте сөйлеген кезiнде оның да аузынан: «Бiздiң драматургтерiмiз Әуезов, Әбiшев, Сағыр Камалов жолдастар мешеулеуден шыға алмай жүр», – деген сөздер шығып кетiптi. Тере беру табандылыққа жатпайды. Ол – негiзгi мақсаттан ауытқытып жiбередi. Мүмкiн, күнделiктi тiршiлiктiң бiр күйбеңiнен аспайтын пендешiлiк шығар. «Бiрақ бұл – перiште боп туып едiм, бүгiн де перiштемiн» деген сөз емес, нәрестелiктен кәрiлiкке дейiн жеткен адамды уақыт өзi билеп, өзi басқарады, тоңдырып сынайтын да, жандырып сынайтын да осы уақыт» , –деген Әбдiлда ақынның толғанып қиналуының да өзiндiк себептерi бар екен. Ол:
«Мен 1930 жылы «Еңбекшi қазақта» Iлияс Жансүгiровты пролетариат жазушысы емес, «жолбике ақын» деген етектей мақала жаздым». «Тiптi, сонау 1930 жылдың өзiнде-ақ Бейiмбеттiң «Жасырын жиылыс» деген пьесасын сынап, «Әдебиеттегi ауа жайылушылықтарға қарсы» деген айқай атпен көлемдi мақала жариялағанмын («Еңбекшi қазақ», 1930 жыл,13 қазан). «Бейiмбеттiң бұл пьесасында, – деппiн мен мақалада, – пролетариат үстемдiгiн дұрыс ұқпаушылық, тап тартысын ойламаушылық бар. Бейiмбет партия басшыларын да бүркеп тастап кеткен. Партия басшылығындағы қолқанат комсомол, жәрдемшi мұғалiмдердi де жiптiң ұшынан сыққан бұзықтар қылып қойған. Мәселенiң бәрi жалғыз өкiлге байланысты болған. Жоғарғы партия орындары мен өкiметтiң халықпен байланысын нығайтатын жалғыз өкiл. Партия ұялары, ауылдық кеңес орындары атымен жоқ. Қысқасы оңшылықтың (байшылдық) тасын өрге домалатқан да отырған». Мiнеки, көрiп отырсыздар, мен осындай мақалаларды әлдеқашан жазған адаммын», –деп ағынан жарылды.
Мойындау да – ерлiк. Жұмағали Саин да жалақор емес. Тура, кiрпияз мiнезiнiң салқыны бұл. Әдетте, арандатушы ойын айқайлап айтпайды емес пе.
Әрине, дәл осындай қағаз жүзiнде беттестiру – әдептiлiкке де жатпас. Бiрақ шындық. Шындықты да бетке айтып үйрене бiлуiмiз керек. Онсыз тарих таразыланбайды. Ал ақындар ақиқаттан қашпайды. Өйткенi олай болған күнде – ол ақын емес. Жай пенде ғана.
Ой толғағы осылай иiрiлiп, иiрiмделiп шыңырау шұңғылына тарта бередi, тарта бередi. Сонда да өмiр – иiрiм емес. Ертеңінен дәмелi адамға қалайда бұлқынып шағатын күш табылады. Ол үшiн сәл ғана нәрсе жетiп жатыр. Қапасқа қамалатынын, өзiнiң бүкiл өмiрi зынданда өтетiнiн бiлiп, күйiнiштен жарыла жаздап келе жатқан Виктор Гюгоның көңiлiн әрi көңiлдесi, әрi өмiрлесi Жюльетте Друэнiң жалт еркен жанары жадыратып жiберiптi. Осы ару ажалдан да алып шықты емес пе? Әбдiлда ақын да «жолсыз» болмапты. Ару емес, ағалары шығыпты алдынан.
Әбдiлда Тәжiбаев: «Бұл жиналыстан қызық тарқастық. Әсiресе, маған iш тартып жүрген кiсiлер орындарынан үндеспей тұрып, тiлдеспей шыға бастады. «Ал жүрiңдер. Бiрге қайтайық», – дейтiн әдеттегi сөздер естiлген жоқ. Кәдiмгi жаназадан тараған жұртқа ұқсадық та қойдық. Мен оны-мұны сылтауратып, барлығынан кейiн шықтым. Өзiмнен үркiп, терiс бұрылатындар болса, көрмейiн деп ойладым. Жазушылар одағынан шыға берiсте, оң жақта темiр скамейке болатын, сонда Мұхаң мен Сәбит отыр екен. «– Ой, сен неге шықпай қойдың? – деп Сәбит түрегелдi, – Ленин көшесiмен бiрге көтерiлейiк, – деп Мұхтар шегiп отырған шылымын лақтырып жiбердi».
Адам мен адамның, талант пен талантың тағдыры қанша ұқсап тұрса да, бiр-бiрiмен мүлдем қабыспайды. Тағдырды салыстыру арқылы ақиқатты дәлелдей алмайсың. Әрқайсысының жiгi басқа. Дегенмен де, қуаныштың аты - қуаныш. Бұл ретте Гюгоға қарағанда Тәжiбаевтiң бақ-талайы ырыстырақ тәрiздi. Қанша iзет сақтағанмен, Сәбит – Сәбит, Мұхтар – Мұхтар емес пе.
Сол бiр лақтырып жiберген шылымының түтiнi қандай ащы әрi тәттi болды десеңiзшi! Өйткенi өмiрдiң сыйы да күн мен түн сияқты алмасып отырады ғой.
Кейде жаныңды ауыртатын күйiнiштер мен қоса тағдырдың тосын сүйiнiш сыйлайтыны да бар. Сондай сирек кездесетiн оқиға күтпеген жерден Мұхтардың еншiсiне бұйырды. Өзiнiң терiс көзқарастарын драматургия жанрындағы шығармаларында да «түзету үшiн» зауалды кезеңнiң қарсаңында жастардың өмiрiнен «Тартыс», «Тастүлек», «Алма бағында» атты пьесалар жазған болатын. Олардың денi жоғары оқу орындарындағы студенттердiң арасындағы таным тартысын, өзара таптық күресiн, махаббатарын бейнелейтiн. Әрине, өзiн-өзi әшкерелеудi қатты мақсат етiп қойған Мұхтар бұл пьесаларда ұлтшылдықты да бiр қырына ала сынайды. Тiптi, «Тартыста» ол оқиғаның негiзгi мәйегiн ұйытты. Көркемдiк қуат-күшi жағынан соншалықты биiк дәрежеде, әйгiлi Әуезовтың деңгейiнде тұрмағанымен, белгiлi мөлшерде қажеттiлiктi өтедi. Оның творчествосына деген саяси сенiмдi туғызды. Дүние буырқанып, театрдың репертуарының шаңын сiлкiлей қағып жатқан тұста сахнада қойылатын шығарма қалмады. Бейiмбеттiң, Сәкеннiң, Iлиястiң, Ғабиттiң де пьесалары сызылып қалды. Олардың атын атаудың өзi адам өмiрiне қауiп төндiре бастады. Осы мезетте Мұхтардың аталмыш дүниелерi еске түсiп, сахнаға шықты. Iле, сол кезде тура жиырма жасқа толған бозбала Қапан Сатыбалдиннiң: «Алма бағында» кiмдердi көремiз?» деген шағын мақаласы «Қазақ әдебиетi» газетiнiң 1937 жылғы 30 шiлде күнгi санында жарияланды. Бұл – Мұхтардың қабағындағы кiрбiңдi жадырататындай жыл леп боп естi.
«Мұхтар өмiрдi терең түсiнiп, кеңiнен толғап жазатын ойы өрiстi, бiлiмдi жазушылардың бiрi. Мұхтардың басқадан гөрi көбiрек күш жұмсаған, өзiнiң әдеби күшiнiң салмағын көрсететiн жанры – драматурия. Ол қазақтың советтiк драматургиясына көп еңбек сiңiрдi: «Түңгi сарын», «Тастүлек», «Еңлiк – Кебек», «Айман – Шолпан», «Алма бағында» сияқты мазмұнды пьесалар Мұхтардың қаламынан туды. «Тастүлекте» де, «Алма бағында» да Мұхтар өркендi өмiрдегi мәдениеттi, бiлiмдi қазақ жастарын көрсетедi. Олардың өмiрiн осы күнгi жалпы қазақ жастарына үлгi қылуға тырысады. «Алма бағында» пьесасындағы жастардың бет ажарынан күлкi көремiз. Тұйықтық, ренiш, қайғы оларға мүлдем жат. Бәрi де өмiрiн сүйген зерделi жастар», – деп Қапан Сатыбалдин тiлекке тiлек, ниетке ниет қосты.
Мұхтардың өзi теңей айтқан «Жетi басты жалмауыз» басын көтерiп, «тиiстi сыбағасын» шетiнен тырнағына шеңгелдей iлiп жатқан тұста, мұндай шуақты пiкiр есту, жағымды баға алу – бақыт, зор бақыт. Ұзақ жылғы созылған қақпайлаулар мен көрген қағажулардың қарымтасын қайтара алатындай шұрайлы несiбе едi. Жеке кейiпкерлерiнiң жүрiс-тұрысына, мiнез-құлқына, олардың моральдық бет-бейнесiне қаратыла бiлдiрiлген ескертулер көңiлге қаяу салмайтын. Өзiнiң адалдығын, жастық отын, өжеттiгiн байқатқан жеткiншек Қапан Сатыбалдин осы мақаласы арқылы исi қазақ әдебиетiнiң келешегi үшiн үлкен жақсылық жасағанын, «саяси сенiмсiз адамға» сенiм бiлдiргенi үшiн өз өмiрiн де қатерге тiкенiн бiлдi ме? Бiлмеуi мүмкiн емес. Жетелi адамның түсiнiгi алдамайды. Бұл пiкiрдiң маңыздылығы сонда, ол: «Мұхтардың шығармалары жастарды тәрбиелеуге белсене қызмет етiп жатыр. Бағыт-бағдары дұрыс. Оны алдыңғы қатарлы студенттер қауымы қолдайды», – деген пiкiр қалыптастырды. Қапанның мақаласының соңынан Кәрiжан Дәукенов дегеннiң пiкiрi берiлiптi. Жалпы ниетi дұрыс. Ол:
«Пьесаның сөздерiнде де оғаштық бар ма деймiн. Дәукең бiр сөздiң ретiнде Раяға қарап: «Сен комсомолдың уставына тиемiсiң?», – дейдi. Тап осы сөздi айтқызбаса да болады», – деп кiбiртiктеп сыни пiкiр бiлдiредi.
Несi бар, сүйiндiретiн сөз. Жас жiгiтке пьеса ұнаған. Пiкiрiн де жасырмаған. Бұл да белгiлi дәрежеде тәуекелге бел буған. Бiрақ сол тәуекел өзiн-өзi ақтады ма? Қайдам. Әдебиетте, өнерде есiмi ұмытылып кеткен осынау адамға ұрпақтардан айтылар алғыс шексiз болар едi-ау, әттең... Газеттiң сол санының үшiншi бетiндегi (реплика 4-бетке берiлген – Т. Ж.) «Жансүгiров Iлиястың жинағы туралы» «Барып тұрған зиянды контрабанды» – –деген атышулы мақаланың соңындағы «Кәрiжан Даукенов» деген қолдың қойылғанын көргенде жүрегiң мұздап сала бередi. Iлиястiң «көзiн жою үшiн» Мұхтарға араша түсудiң, не керiсiнше, Әуезовті аман сақтау үшiн Жансүгiровты оқтың ұшына байлаудың қандай қажеттiгi болды екен? Осы мақаласыз да жыр дүлдiлi құлагердiң тағдырын құшар, құшпас. Алайда, аз әбiгер әкелген жоқ. Қаралауға, тергеуге мұрындық беретiн «үш айғақтың» бiрi ретiнде iске тiркелмегенiне кiм кепiл. Iлиястың өзiне тiкелей бағытталған баспасөздегi екiншi материал бұл.
Ал үшiншi куә кiм? Ол адам да «көп күттiрмептi». Себебi, келесi санда Iлиясты «халық жауларының» қатарына қосып, әшкерелей бастады. Демек, ол «Қақпанға» iлiккен. Бейiмбет екеуiнiң тағдыры орлайлас. Тамыз айының ортасынан былай олар көз жаздырып кеттi.
Мәңгiге.
Адамның тағдырында да кездейсоқ құбылыстар жиi кездеседi. Iлиясты көзi тiрiсiнде ең соңғы рет көрген жазушы – Мұхтар Әуезов екен. Ол екеуiнiң қылаусыз достығы қос семьяның арасындағы тосын да күрделi байланыстың жалғасуына, дос адамның үй iшiне деген қамқорлықтың өзге арнамен де дамуына ықпалын тигiзген сияқты. Әрине, оның әдiп-астарына төрелiк айтуға ешкiмнiң қақысы жоқ. Заман байлаған түйiншектiң жiбiн тек сол заман ақиқатының үкiмi ғана шешедi.
Фатима Ғабитова – ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясына тиiстi бақыт пен сорды қатар басынан кешкен ер мiнездi әйел. Осынау адамның тағдыры өзiнше жыр. Дара тақырып. Бiз көкейкестi ойымызға дәйек ретiнде Фатима Ғабитқызының балаларының рұқсатымен ол кiсiнiң күнделiгiнен үзiндi ұсынып отырмыз. Мұнда бiрталай тағдыр тауқыметi ашық айтылған. Белгiлi себептермен кей жерiн, кiсi аттарын қысқарттық. Шындықтың барлығы әдебиеттiң, адамдар арасындағы қатынастың бiрлiгiн нығайтпайды. Екiншiден: сол ақиқатты айту үшiн де жазушы болу аз, заң жүзiнде де тиiстi мұрагерлiк баптарға сәйкес құқың болу керек. Ондай өкiлдiк бiзде жоқ. Ең бастысы Iлияс Жансүгiровтің бимәлiм тағдырынан мағлұмат аламыз. Бiзге қажетi де сол.
Фатима Ғабитова: «1937 жылы жазғы демалысымызды екiге бөлiп, алғашқы кезде Алматы мен Фрунзе аралығындағы Дегерес жайлауында болып, қалған уақытта Тәжiкстанның Орджоникидзеабад ауданында өткiзбек едiк. Өйткенi, жыл сайын жазда демалатын орнымыз Алматыға жақын болғандықтан қонақтан-қонақ болып, еркiндеп демала алмайтынбыз. Және жұмыс iстеуге де қолайсыз едi. Iлиясқа мұндай жағдай, тiптi, ұнамайтын.
Октябрь мерекесiнiң 20 жылдығына арнап қазақ драма театры «Исатай – Махамбеттi» дайындауы себептi, Iлияс жайлауға кешiгiп, бiзден 20 шақты күннен соң, тек июльдiң орта кезiнде ғана келдi. Ол бiрнеше жылдар бойы жазып жүрген «Бақытты Жамал» дейтiн поэмасын өзiмен ала келген болатын. Сол Дегерес жайлауында «Бақытты Жамалды» баспаға дайындадық.
Августың он бiрiнде Жазушылар Одағының парторгi Әбдiқадыров Қалмақанның Iлиясты Алматыға шақырған «бұйрығын» алдық. Августiң 13-i күнi, таң қылаң бергенде, Алматыға балаларымызбен тұтас көшiп келдiк. Жол соқты боп барлығымыз да шаршап қалған екенбiз. Жайлаудан қайтқан жүктердi түсiре салып, төсегiмiзге құладық.
Бiраз демалған соң бөлмемнен шыққанда Iлияс үйде жоқ едi. Ол өзiнiң бұрынғы әдетiмен сағат төртте ғана қайтты. Жанында Мұхтар бар едi. Тамақ алдында үшеумiз жайлаудан алып қайтқан қымызды iштiк. Түскi тамақтан соң Мұхтар мен Iлияс өз бөлмесiне кеттi. Мен балалардың жанында болдым. Кешқұрым шайдан соң Iлияс екеумiз Мұхтарды бiраз жерге шығарып салдық. Үйге қарай беттегенiмiзде мен Iлиястан: «Қалқаманды көрдiң бе, неге соншама тығыз шақырыпты?», – деп сұрадым. Ол: «Ғаббас алыныпты (ұсталыпты – Т. Ж.), сол туралы шақырыпты», – дедi. Тағы бiрталай алынғандардың аттарын атады. Үйге жақындағанымызда бiздiң есiктiң алдында қараңдаған бiрнеше кiсiнiң тұлғасын байқадық. Үйге кiргенiмiзде олар да бiзге iлесiп iшкерiге кiрдi. Шикiл сары бiреуi Iлиясқа ордерiн ұсынды.
Барлық бөлмелер түннiң жарымы ауғанша тiнтiлiп, Iлиястың кабинетiндегi барлық қолжазбаларды, кiтаптармен бiрге алып кеттi. Тек террассадағы архивтер сақталатын үлкен сары шкаф жайлаудан қайтқан жүктермен жабылып, көрiнбей, тiнтiлмей қалыпты», – дейдi.
Сондай зауал шақта:
Қара түн дүние тұман басқан,
Албасты тұншықтырып уын шашқан.
Күркiреп, көк жөтелiп жасын атса,
Шарт етiп сатыр – күтiр жарылды аспан, –
деп 1937 жылы булыққан жыр дүлдiлi Iлиястың Құлагердiң тағдырын құшқан күн – 13-тамыздың түнi, 14-тамыздың таңы екен.
Бұл зауал таңы қазақ поэзиясы үшiн де қаралы таң едi. Кейiнгi өмiр жолының ауыр-ауыр белеңдерiнен өтiп, бес бiрдей баланы бетiмен қаңғытып жiбермей, басын қосып адам ғып тәрбиелеуiнiң өзi осынау батыл тұлғалы әйелдiң өжеттiгi ғана емес, ерлiгi де едi. Ананың ерлiгi. Осындай қасiреттiң дәмін татқан ананың азап арқалап, уайыммен кешкен ғұмырының «сенбепкерлерi» туралы ашына есiне алуы да заңды. Төмендегi естелiгiн он ойланып, тоқсан толғанып адам аттарын өзгертiп барып жариялауға бел будық. Мәселе – жекелеген адамның күнәсiнiң ауыр-жеңiлдiгiнде емес. Мүмкiн, күдiк пен жан ашуының екпiнiмен өзiн өзi теждей алмай, артық-ауыс сөздердi қосып жiберуi де. Басты мәселе – сол ауыртпалықты абзал ана, нәзiк жанды әйел қалай жеңе бiлдi, гәп сонда. Алпысыншы жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы «ар алдында тазару» мақсатымен ашық партия жиналысын өткiздi. Сонда Фатима Ғабитова да сөйледi. Бiз күнделiкке жазылған сол сөздi қысқаша келтiремiз. Iлиястың семьясының бұдан кейiнгi тағдырынан, Мұхтардың өмiрiнен мағлұмат бередi.
Фатима Ғабитова: «Мен бұл мәжiлiсте халықтың шын ұлдарына, партияның айнымас мүшелерiне жала жауып, ардақты, ғазиз жандардың жазықсыз жаза тартуына, үй-iштерiнің жәбiрленулерiне, тiптi, жазықсыз сәбилердiң көшеге лақтыруларына себепшi болған және Iлиястың қолжазбаларының жағылуына, орны толмайтын асқақ үндi ғажайып «Көбiк шашқан», «Құрманғазы», «Мақпал» дейтiн поэмалардың рәсуа болып жұлмануына себепшi болған, сталиндiк зорлық-зомбылықтың аса рақымсыз арандатушысы туралы сөйлемекпiн.
Мен – Iлияс Жансүгiровтың әйелiмін, отыз жыл мұғалiм болдым, осы күнi дербес пенсионермiн. 20 жыл «халық жауының әйелi» деген жексұрын атпен өмiр сүрдiм. ХХ партия съезiнен кейiн ғана менiң семьям ол жексұрын аттан азат болды.
Мына бүгiн ХХII партия съезiнен кейiн көрген (бұрынғы – Т.Ж.) жәбiрлерiмдi айтуға, жәбiрлеушiлердiң атын атауға мiнбеге шығып отырмын. Өйткенi Майлин, Сейфуллин, Жансүгiровтердің ажалына себепшi болғандар жаза тартпай, әлi де жауапты қызметтерде болғандықтан, бiздiң граждандық правомызға қол сұғып, бiзбен есептеспей келедi. Мысалы: ерлерiмiз ақталған күннен бастап алатын пенсиямызды үш жылдан соң әрең алдық. Сыртымыздан заңсыз түрде Қазақ Совет Министрлiгi авторлық правомызды сатып алды. Тағы-тағы сондай көргендерiмiз толып жатыр. Бiрақ мен бұл мәжілісте пенсиялар, авторлық праволар жайлы айтпақ емес едiм, тек ыңғайы келген соң айтылып кеттi. Менiң бүгiнгi айтарым – түлкi терiсiн жамылған қорқау қасқыр туралы.
1937 жылдың 13/VIII – сында Iлиясты НКВД алып кеттi. Iлияс алынған соң бiр-екi күн өтiсiмен ...евтiң Iлиясты қаралаған мақаласы газет бетiне жарияланды. Мен, әзір осы мәжілiсте ...евтың Iлиясты қаралап жазған мақаласын қандай материалдарға сүйенiп жазғанын естiгiм келедi. Ешбiр материалға сүйенiп жазбай, тек НКВД: «Қаралап, жала жауып жаз!» – деген соң жазса, бұл адам бейнесiндегi жыртқыш неге сталиндiк зорлық зомбылықшылар қатарында жазасын тартпайды?!. ...евтiң екi жүздi, табансыз, адамгершiлiгi өте төмен адам екенiн дәлелдейтiн мына бiр жайларды да бұл мәжілісте айтып кетудi лазым көремiн.
Iлияс алынысымен ...ев менiң квартирама көшiп келдi. Төрт бөлмелi квартирамның үш бөлмесiнде ол, бiр бөлмесiнде 4 баламен, ауру анаммен мен қалдым. Күнде ...ев: «Квартираның ордерi менде, басқа жаққа көшiңдер» – дейтiн болды. Мен ол күндерде аяғымды әзер алып жүремiн, босанар мезгiлiм де таяп қалған кез едi. Өзiмнен басқа көшiп-қонуға жәрдемдесетiн жан жоқ. ...евты бала күнiнен бiлушi едiм. Алғашқы оқуға орналасарында жетпегенiн жеткiзiп, өзiм нағашысы Мұстафаға жәрдем берiп, оқуға орналастырып едiм. Бұл 1925 жылы Қызылордада болған жай.
...евтан: «Мен босанып больницадан қайтқанша балаларым осы бiр бөлмеде тұра тұрсын. Больницадан келiсiмен бiр жерге көшермiз, тiлеуiң берсiн...», – дедiм. Сонда ...ев: «Сiздің балаларыңыз бен бiздiң балалар бiр есiктен қалай кіріп-шығып жүредi?», – деп, бетiме ежiрейе қарады. Және сол күнi союздың жүк таситын машинасымен Гүлжамалдың ауыз үйiне көшiрiп тастады. (Гүлжамал Бейiмбеттiң әйелi). Ауыз үйге өзiмiз алты жан ептеп сыйсақ та, жүгiмiз сыймады. Заттарымыз далада шашылып жатты. Гүлжамал екеумiз төсенiштердi екiншi этаждағы ауыз үйiмiзге шығардық. Менi ұйқысыз толғақ қысты. Гүлжамал екеумiз босанатын жерге жаяулап бара жатырмыз. Больницаға жетпей көшеде босандым. Алматыға бiрiншi қар жауған едi. Врачтар он күн бұрын босанғанымды айтты.
Больницада он күн жатып, ұлымды алып қайтып келемiн. Үйге жете бергенде есiгiмiздiң алды қағазға толғанын көрдiм. Байқап қарасам, Iлиястың қолжазбалары. Есiм шықты, ептеп жиыстырып алдым, көбi су болған, жыртылған. Мен больницада жатқанда ...ев террасада қалған бiрiнше қолжазбалармен толы ящиктердi де есiгiмiздiң алдына төктiрген екен. Сонда «Мақпалдар», «Құрманғазылар» рәсуа болды.
1947 жылы, жаз айларында жанында үлкен ұлы бар ...ев Мерекеде 10 жылдық қазақ мектебiнде завуч болып тұрғанымда маған келдi. Тiлi соншама майда: «Менiң сiзге көрсеткен жәбiрлерiмдi кешiңiз, мына балаңызды алдыңызға алып келдiм», – дедi. Тағы менiң қара басымдағы қасиеттерiмдi тiзiп, ендi менiмен бiр туыстай болып өмiр сүруге бел байлағанын айтты. Ғажап, бұл маған не үшiн келдi екен деп ойландым. Есiме Мұхтар түстi. Бұл сұм менiң Мұхтармен жақсы екенiмдi бiлiптi де, Алматы барып Мұхтардың қанатының астына кiру үшiн алдымен менiмен татуласуды ойластырғанын сездiм. Сол күндерде өзiмнiң күнделiк дәптерiме мына бiр сөздердi жазып қойыппын. «Кешiрiлмейтiн кiнә»:
Жаралы жолбарыстай, мен амалсыз.
Отырмын Iлияс кеттiң, сен хабарсыз.
«Алдыңызға кеп тұрмын, кешiр», – дейдi,
Қара иттей ...ев неткен арсыз?!
Iлияс ақталғаннан кейiн ...ев Iлиястың комиссиясына кiрмек болды. Мен Ғабитке айтып комиссияға енгiзбедiм. Бiрақ Мұхтарға «Эпопея, эпопея» деп жалынып жүрiп Академия шығарған сборникке Iлияс жайлы жазуға рұқсат алыпты. Мұны бiлген мен, Мұхтарға қатты ашуландым. Сонда маған Мұхтар: «Фатима, осы өте саяз жүзесiң, жазсын. Iлиястың бiрiншi қаралаушысы да ...ев және бiрiншi мақтаушысы да ...ев болсын. Келешекте тарих өзiнiң әдiл бағасын шығарар!», – дедi.
Сөзiмнiң соңында айтарым: соншама екiжүздi, арам, өзiнiң қара басының ғана қамын ойлайтын, асыл жандардың өлiгiн таптап мақсатына жететiн адам партия қатарында қалай жүре алады?!»
Жартылай айтылған шындық – жабылған жаладан да ауыр. Сондықтан, Фатима апайдың тағы бiр естелiгiн келтiрудi жөн көрдiк. Ол – Iлиястың бұл өмiрден көрген соңғы қызығы, көшеде дүниеге келген Болат Iлиясұлы Жансүгiровтың белi бесiктен шықпай жатып түрме есiгiн ашқан «сәбилiк тағдыры». Ілиястың ерінi соңғы рет тиген, әкелiк мейiрiмiн соңғы рет егiлдiрген де осы Болат. Және бұл үзiктен Iлиястың соңғы сөзiн де естимiз. Сол тұстағы Мұхтардың көңiл күйi де аңғарылады. Өйткенi оның өмiрi осы семьяның тағдырымен тiкелей сабақтас.
Фатима Ғабитова: «1937-iншi жыл. Апрельдiң аяқ кезi. Iлияс Совнаркомның таудағы демалыс үйiнде «Исатай» дейтiн пьесасын жазып жатқан кез. Мен 12-iншi мектептiң 5-7 кластарына тiл және әдебиет пәнiнен сабақ беремiн. «5» А класының жетекшiсiмiн. Және мектеп бойынша әдебиет үйiрмесiн басқарамын. Тағы да алдағы сайлауға депутаттыққа ұсынылған кезiм едi. Газеттерден тiлшiлер келiп, менiмен әңгiмелеседi. Суретiмдi түсiрiп алады. Сөйтiп, халқыма қадырлы оқытушы болып, арымай қызмет еткен күндерiмде Болаттың бойыма бiткендiгiн байқадым. Алдында ағалары (Жәнiбек, Азат, Саят), тәтелерi (Үмiт, Ильфа) бар. Мен босанғанда әрдайым Iлияс қатты қуанатын. Сонда ол: «Мен – баламыз болды деп қуанбаймын, сен аман қалды деп қуанамын», – дейтiн.
Бiрiншiден, қызметiмдi қимағандықтан, қызықты болғандықтан;, екiншiден, бала соншама таңсық та болмағандықтан, мен Iлиясқа телефонмен барлық жайды айттым... «Тiкенiмдi алдырсам қайтедi?», – дедiм. Ол ұзақ жауап бермей тұрып: «Жоқ жаным, алдырма! Өзiңе зиян келуi мүмкiн», – дедi. Және: «Топ баланың ортасында ол да өсер», – дедi. Сонымен Болат дүниеге келетiн болды.
1938-жыл. Февраль. Күндiзгi сағат екiде (мектептен қайтқанда) НКВД-ға соқтым. Телефонмен Iлиястың тергеушiсiмен сөйлестiм. Ол: «Сағат үшке келiп үлгiрсеңiз бүгiн тамақ та алайын және көрiстiруiме де болады», – дедi. Менiң арманым – туғалы көрмеген Болатымды Iлиясқа көрсету. Жүгiре басып үйге келе жатырмын. Жолда Гүлжамал жолықты. Гүлжамалды ерте сала үйге келдiм. Болатым бесiгiнде тәттi ұйықтап жатыр екен. Iлиясқа деп дайындап қойған заттарымды Гүлжамалға берiп, Болатты өзiм алып НКВД-ға қарай желе жортып келе жатырмыз. Жол бойы тыныш ұйқысы бұзылған Болатым айқайлап жылап келедi. Оны уатуға уақыт жоқ...
Комендатураға келiп жеттiк... Болатымды Гүлжамалға бере тұрып, өзiм тергеушiмен сөйлестiм. Ол: «Тосып отырмыз, жылдам кiрiңiз! Пропускаңыз дайын», – дедi. Болатымды жөндеп орап та ала алмай, емiзiп тыныштандыра да алмай, бақырған бойымен алып кiрiп кеттiм.
Iлияс бiздiң айқайымызды естiген болуы керек, есiктi ашып жiберiп, Болатты қолына алды да:
– Бiздiң тарихи алғашқы кездесуiмiз осындай орында болды ма?, – дедi. Болат айқайын қоймады. Мен, киiмiмдi шешiп, Болатты емiзбек болдым. Тергеушi:
– Шешiнбеңiз, бес-ақ минут уақытыңыз қалды, – дедi.
Мен, көкiрегiмдi ашып, сүтi ағып бара жатқан емшектi Болаттың аузына салдым. Күн ұзын ашыққан жас нәресте қомағайланып еме бастады. Iлияс мен отырған орындықтың артынан келiп, Болаттың шашалып, қоймағайланып емген түрiне қарап тұрып:
– Бұл ұлымыз етiкшi болсын, етiк тiгуге үйрет бұл ұлды, – дедi.
Тергеушiнiң: «Өзiңiздей жазушы болар», – дегенiне Iлияс: «Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етiкшi болып еркiн өмiр сүрсiн», – дедi.
Бес минут болды ма, болмады ма, тергеушi маған: «Ендi шығыңыз», – дедi. Пропускаға қол қойып, қолыма ұстатты да, Iлиясты НКВД-ның қорасындағы түрмеге айдай жөнелдi... Болатты емiзген қалпымда бауырыма басып, НКВД-ның үлкен есiгiнен шығып, комендатураға келдiм. Гүлжамал тосып отыр екен: «Жөндi сөйлесе де алмадық», – деп Болаттың жылағанына ренжiп, Гүлжамалдың қасына отыра кеттiм. Гүлжамал сықылықтап күлiп: «Болат жарайды, жылағаны жақсы, өскенде жайларыңды табамын деп тепсiнгенi ғой ол Болаттың», – деп, әлденелердi сөйлей жөнелдi...
Мен, Iлиястың Болат жайлы бiрiншi айтқанын орындадым. Ал, екiншi тапсырмасын орындай алмадым... Ендi Болаттың өз еркi. Геолог бола ма, етiкшi бола ма? Өмiр алдында...»
Болат әке арманын орындап етiкшi де, геолог та болмады. Өнер жолын қуды. Бұл өзге әңгiменiң арнасы. Тек Iлиястың соңғы бейнесi көз алдыңа елестеп, жүрегiң сыздап сала бередi. Шындық осы. Ащы да аянышты. Мұндай әдiлетсiздiк қалай туды?
Ақиқат – айтыс, пiкiр таласы арқылы аңықталады. Ал айтысты тудырған ақиқаттың өзi ақиқат па? Лысенковшылардың «жалған ғылымын» ақиқатқа балап, дәлелдемейтiн шындық деп түсiнудiң өзi адастыру емес пе? Солай. Ендеше, жоқ нәрсенi бар, жаланы шын деп неге қабылдамасқа. Өкiнiшi сол, «зауалды жылдары» жағдай дәл осылай болды. Мәселе тура бүйiрiнен қойылды. Шындық – әдебиетпен, соның төңiрегiндегiлердiң таласымен ашылмайды. Әрине, нағыз жазушы бүгiнгi өмiрдi талдайды, сол арқылы пiкiр қорытып, ертеңгi күндi болжайды. Халыққа тура жеткiзбесе ыммен, ишарамен меңзейдi. Әйтеуiр үндемей қалмайды. Андре Моруаның:
Достарыңызбен бөлісу: |