Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет18/44
Дата11.07.2016
өлшемі2.82 Mb.
#192239
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   44

2).Саяси орталығы туралы. Түркістандағы ұйымда саяси және ұйымдастыру құрылымдары болған жоқ. Орталығы – Орынбор бола ма, жоқ, Ташкент бола ма, ол мәселе ашық қалды. Ташкенттегі ұйымға: Әділев, Жәленов, Битілеуов, Бірімжанов, Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, Болғамбаев, Есполов, Қашқынбаев, Тынышбаев, Ахмед-сафа (фамилиясы есімде жоқ), Уәлихан Омаров, Әшім Омаров мүше боп кірді. Орынбордағы ұйымның толық құрамын білмеймін, бірақ өзгелерден естуімше Байтұрсынов, Дулатов (қоныс аударған), Сәдуақасов, Елдес Омаров бар көрінеді.

3). Ұйымның құрылымы. Ташкенттегі ұйымның жұмыстары жалпы жиналыста шешілді, онда бөлімдік құрылымдар болған емес.

4) Біздің ұйымның бағдарламасы есімде жоқ, бірақ та негізгі мақсаты мынаған келіп тіреледі: Қазақстан – Президент пен парламент билейтін тәуелсіз құрылым демократиялық республика болуы тиіс. Өнеркәсіп саласында жеке меншікке жол жер беріледі. Ал жер мәселесі қалай шешілуге тиіс болғаны есімде сақталмапты. Тек жер жеке меншікке берілмейтіні анық...»

Бұдан кейін өкімет басына сайлау арқылы келуді ұсынғандары, қарулы көтерілісті қолдамайтындары, өзбектердің діни қайраткері Мінауар қари Әбдірәшидовтің, Заки Валидовтің ұйымдарымен байланыс орнатуға ұмтылғандары баяндалады. Тергеуші сұрақтың өзін бағдарламаның баптарына сәйкестендіріп қойғандықтан да хатқа да солай түскен.

И.Қашқынбаев (жалғасы): «Біздің ұйымымыздың жұмыс істейтінін Рысқұлов білген сияқты. Ал Қожанов пен Сәдуақасовтың білген-білмегені жөнінде ештеңе айта алмаймын. Ұйымға тарту үшін барған біздің адамымызға Рысқұлов: «Біздің көзқарасымызбен келісетінін, ұйымды қолдайтынын – айтты. Ал Қожанов үзілді-кесілді бас тартып, мұны: арандату, саяси екіжүзділік – деп бағалады»,– дей келіп 1921-1922 жылдардағы саяси оқиғаларға тоқталады.

Иса Қашқынбаевтің көрсетіндісінде өзге тұтқындардың жауаптарындағы пікірлер барынша жинақы берілгендіктен де, ішінара толықтай келтіреміз.



И.Қашқынбаев (жалғасы): «Болашақ үкіметтің құрамы туралы. Бұл мәселе бірде-бір рет талқыланған емес. 1924-жылғы жер межелеу кезінде өзбек ұйымының өкілдері Мінауар қари Әбдірашидовпен, Ғұбайдолла Ходжаевпен және Миржалиловпен бірінші және соңғы рет бас қостық. Мәжіліске Тынышбаев және мен қатыстым. Ол кезде біздің ұйымымыз таралып кеткен, оны мойындауға өзбектердің алдында батылымыз бармады. Мінауар қари бізге Қазақстан туралы мәліметтерді беруді ұсынды, ал олар шетелдіктермен парсы елшілігі арқылы байланыс жасап отыр екен. Біз мағлұматтарды беруге келістік, ал өзбектерге қаржылай көмек көрсетуден бас тарттық, ешқандай қаржымыздың жоқтығын айттық. Әрине, кейін оларға ешқандай мағлұмат берілген жоқ (маған солай сияқты). Аталған үшеуінен басқа өзбек ұйымының мүшелерінің ешқайсысын білмеймін. Біздің ұйымда ешқандай қаражат болған емес. Бірақ Әділев пен Бірімжановтың Бұқараға барғандағы жол қаражатынан басқа шығын да болған емес. Бірімжанов арнайы іссапардың қаражатын пайдалануы мүмкін, ал Әділев ешқайда жұмыс істемегендіктен де, жолақыны қайдан алғанынан мағлұматым аз.

Біздің отырыстарымызда қандай мәселелердің талқыланғанын еске түсіру қиын. 1921 жылдан бастап 1922 жылдың аяғына дейінгі отырыстар қыста өткізілді. Жазда бәрі жан-жаққа тарқап кететін. Негізгі тақырып: кеңес өкіметі мен ақ эмигранттарға көзқарас, жер реформасы туралы болатын. Алғашқы мәселе жөніндегі бастапқы пікірлеріміз бірдей болатын: Кеңес өкіметінің күні санаулы, мәңгілік отырмайды, ерте ме, кеш пе, әйтеуір соғыс басталады, ол СССР-дің жеңілісімен аяқталады, – дестік. Біздің мақсатымыз – ұлттың негізгі ұйытқысын қырғынға ұшыратпай, аман сақтап қалу. Айтпақшы, төңкеріс бола қалған жағдайда, орыс шовинистері бізді қырып тастамас үшін қырға шығып кету керек – дегенге келістік. Кеңес өкіметіне ашық қарсы тұрудан бас тарттық. Бұл шешім жағдайдың өзгеруіне байланысты, бірде – алай, бірде – былай ауытқып отырды. Заки Валидов саясат сахнасына шыққанда олармен байланысқа шығып, дипломатиялық амалдау бағыты ұсталды. Ешқандай белсенді әрекетке бармау керектігі айтылды. Заки Валидов оған қанағаттанбай, нақты көмек көрсетуді талап етті. Егерде біздің ұйым оған көмектеспесе, не көмектескісі келмесе, онда қазақ халқына басқаша жол табатынын жариялады. Бұл біздің ұйымның мүшелерінің көпшілігін сескендірді, белсенді түрде араласуға уәде етісті. Бәрі де сөз жүзінде қалды. Не қаражат жоқ, не күш жоқ. Валидовті түстікпен қамтамасыз етуге тура келді. Валидовке нақты қолдау көрсетілмеді. Кейіннен бізге, әсіресе, Досмұхамедовке келісімді бұзғаны үшін қатты-қатты сөздер айтты.

Мынадай сөздер: кеңес өкіметі қазақ халқының мәдениетін дамытуды қолға алып жатыр, кеңестік платформаны сөзсіз мойындау қажет, мүмкіндігі барлар партияға өтіп алуы керек, – деген сөздер жиі айтылып жүрді. Бұл мәселе бірнеше рет талқыланды. Кейіннен партияға өтуден бас тарту ұйғарылды. Тек біздің халқымыздың игілі үшін жасалған шараларды ғана белсенді түрде қолдау міндеттелді.

Кеңес өкіметінің Жетісудағы жер реформасын толықтай қолдады (бұл: ұлтаралық қарым-қатынастың шиеленісуіне алып келуі мүмкін – дегендер де болды). Бұл салада қызмет істегендер қорыққаннан емес, ар-ожданымен жұмыс істеді».

Көрсетіндінің алдын-ала дайындалған мәтін негізінде тасқа басылғаны түсіндірмесіз-ақ аңғарылады. Әр сұрақ пен жауаптың мәтіндері араласа жазылып, оның өзі бағдарламаның баптары мен тараулары сияқты әсер қалдырады. И.Қашқынбаев кеңес өкіметінің жүргізіп отырған шараларын да «ұйымның атына тели» баяндайды. Бұл мысқыл ма, жоқ, шарасыздық па, қалайда жауап беріп құтылудың амалы ма, кім білсін. Әйтеуір бір ризасыздық, ықылассыздық, пейілсіздік бар. ІІ томның 377-385 беттеріндегі келесі жауабында да сондай сарын аңғарылады. Біз сәл ширатып тәржімалауға тырыстық.

И.Қашқынбаев: «8/ – 30 жыл. 22-жылы біздің мақсатымызды табыспен жүзеге асыру үшін ұйымға көрнекті коммунистерді тарту керек деп шешілді. Күзге қарай Түркістан республикасы Халық комиссарлар кеңесінің төрағалығына тағайындалған Рысқұлов Ташкентке келді. Рысқұловпен жолығу үшін Әділев және Әуезов (мүмкін) жіберілді. Әңгімелерінің анық-қанығын білмеймін. Бірақ Рысқұловтың: «Біздің көзқарасымызды бөлісетінін, қал-қадерінше көмектесетінін, қолдайтынын мәлімдегені шындық. Алайда ол: өзбектермен байланыс жасамауды тапсырыпты, Қожановтың тар ұлтшылдығы оған жарамайды»,депті. Қожановқа Есполов және Әділев (мүмкін) жолықты ғой деймін. Соңғы адамға Қожанов: «Мұнда рысқұловшылдықтың иісі шығып тұр. Мұның барлығы арандату. Кеңес өкіметінің аясында қазақ ұлты өркендей алады. Сондықтан да сендерді қолдай алмаймын»,– депті. Екеуіне бұл мақсаттың нақты орындалуы емес, ұйымды кімдер, қалай құратынын білу керек болды. Рысқұлов кеңес өкіметінің арасында жікке бөліну бар екенін айтыпты. Олардың әр қайсысы біздің топты өзіне тартуға тырысты. Өйткені ұйымның қазақтары өте сауатты еді, сондықтан да пайдаланып қалуға тырысты. Біздің мақсатымыз олардың өздерін пайдалануға тырысу еді. Ол кезде, 22-жылдың соңғы маусымында кеңес өкіметін құлатуды армандау да мүмкін емес болатын. Сондықтан да мәдениет майданын қолға алу, шаруашылықты игеру міндеті қойылды. Қызметке орналастыру үшін біздің топтың тізімі Рысқұловқа берілді. Өкіл ретінде Рысқұловқа Әділев және мен бардым. Берілген тізімнің ішінде менен басқалары оны толық қанағаттандырды. Мені еркімнен тыс Оқу-ағарту комиссариатының коллегия мүшелігіне ұсынған болатын. Мен Рысқұловқа: бұл қызметтің маған қол емес екенін, мені медициналық қызметке жіберуін өтіндім. Ол ашық бас тартқан жоқ...».

«Айыптау қорытындысында» бұл соңғы пікір: «...мәдениет майданындағы жұмыстарды толықтай, ұйымды қаражатпен қамтамасыз ету үшiн шаруашылық саласын жарым-жартылай қолға алуға шешiм қабылдадық. Бiздiң тобымыздың тiзiмiн Рысқұловқа берiп, жұмысқа жауапты қызметке қоюды ұсындық. Ұйымның өкiлi ретiнде Рысқұловқа бұл тiзiмдi мен және Әдiлов апарды. Берiлген тiзiм оны толық қанағаттандырды... Менi ұйымның атынан Оқу-ағарту коллегиясының мүшесi етiп бекiттi...» (Қашқынбаев, № 2370-iс, 1 т., 378-парақ)», деп бұрмаланып жазылды.

И.Қашқынбаев: «Мүшеліктен бас тарттым», десе, «Қорытындыда» оны «ұйымның атынан Оқу-ағарту коллегиясының мүшесi етiп бекiткен» болып шыққан.

Біздің пайымдауымызша, Тынышбаев пен Дулатов және аталары аттас Досмұхамедовтер саяси жұмыста ысылмаған Әділевті кадр мәселесін шешуге Үкімет төрағасына жұмсай қоймаса керек-ті. Әділевтің көрсетіндісі бойынша, ол өзіне қызмет сұрап барған. Бірақ та бұл «өзінің шындығына» тергеушінің көзін жеткізу үшін қажетті жауаптар. Осы көрсетіндіде И.Қашқынбаев мына бір мәселеге барынша тоқталған, тергеушілердің де қадалып сұрап отырғаны сол сияқты:



И.Қашқынбаев (жалғасы): «22-жылдың күзінде Рысқұлов үкімет басына қайтып келгенде, Қожанов екеуінің арасындағы араздық біздің ісімізге кедергі келтіруі мүмкін екенін ескеріп, екеуін татуластыру керек,– деп шештік. Олар менің пәтерімде кездесті. Олар көп ешкімнің болмауын тапсырды. Сондықтан да оған Х.Досмұхамедов және мен ғана қатыстым. Рысқұлов пен Қожанов ұзақ уақыт өзара айтысып, бірін-бірі: ұлт мүддесін сатқаны және жалған солшылдығы үшін айыптады. Рысқұлов ұлт дегенді бүкіл шығыс жұртына қарата қолданды, ал Қожанов: оның қате екенін, қазақ пен өзбектің арасындағы қарама-қайшылық қоныс аударған орыстар мен қазақтардың арасындағы қарама-қайшылықтан кем емес екенін дәлелдеді. Біз оларға: «Сендердің көзқарастарыңның айырмашылығы неде?»,– деп сұрағанымызда, олар нақты жауап бере алмады. Рысқұлов: «Жер реформасымен Қожанов келіспейді, ал мен оның қан төгісіне қарсымын»,– деді. Ал Қожанов: «Мен ешкімді атқамын жоқ»,– деп еді, Рысқлов оған: «Мен өз қолыңмен өлтірдің деп отырғамын жоқ»,– деді. Сөйтіп олардың көзқарастарының арасында айырмашылық жоқ болып шықты. Татуласу мынадай негізде жүзеге асты:

Қазақтың мүддесі мен қазақ аудандарына қатысты мәселелерді, қазақ қызметкерлерін тағайындауға байланысты шараларды Рысқұлов Қожановтың келісімінсіз шешпеуге, ал жалпы мәселеде – Қожанов Рысқұловты қолдап отыруға, орынсыз сынап-мінемеуге келісті. Бұл келісім шілде айына дейін, яғни, Москвадағы кеңесте Сұлтанғалиевтің мәселесі талқыланғанша күшін сақтады. Осы кеңестен кейін Қожанов Рысқұловтың беделі әлсірей бастағанын сезіп, шабуылға көшті. Айтпақшы Рысқұлов маған: «Сталин жолдас маған телефон шалып: Сұлтанғалиевтен хат алғаның рас па?»,– деп сұрады. Мен бір рет хат алғанымды айттым. Сталин жолдас қатты тойтарыс беріп тастады. Содан кейін оның маған деген қатынасы суый бастады»,– деген болатын.

Бірде 20-жылы Рысқұлов мені өзіне шақырды (менің қасымда тағы біреу болды), істің жағдайынан мағлұмдар етіп, қандай саясат қолдану керектігін сұрады. Оның бұл сөзінің астары мынадай: «Орта Азия халықтары бірігуі керек... Жеке-жеке күйінде олар өмір сүре алмайды. Өзінің стратегиялық орналасуы жағынан Қырғызстанға қиынға соғады, сондықтан бұған ерекше назар аудару қажет. Ұсақ ұлтшылдықты доғару қажет. Бұл халықтардың өркендеуі – тек кеңес өкіметі жағдайында ғана мүмкін. Кеңес өкіметінен бөлініп кетуді немесе оны құлатуды көз алдыма елестете де алмаймын. Менің жақтастарым – отаршылдықпен күресетін болады, шет жұрттың мүддесін Москва үнемі ескере бермейді. Кейде керісінше түсініп қалады. Сондықтан да Москваның назарын аудару үшін халықтың қарсылық қозғалысы аса қажет. Бұл бағытта «Алашорда» тобы белсенді түрде іске кірісуі тиіс»,– деді. Мен бұл мәселені Жаһанша Досмұхамедовке айтып едім, ол: «Пысық бала екен, біреудің қолымен от көсемек. Бұдан мансаптың иісі шығып тұр»,– деді. Бұл мәселе жөнінде екеуара әңгіме қайталанған жоқ. Сөз арасында Рысқұлов маған: «Менің мақұлдауыммен Жанұзақов басмашыларға қосылып кетті. Ол өте жігерлі адам екен, қырғыздар мен өзбектерді татуластырды, Әндіжан өлкесіндегі басмашылардың басын қосты»,– деді».

Бұл арада кеңейтілген түсінік беру артық сияқты. Өйткені мұнда айтылған пікірлерді растайтын Т.Рысқұловтың Сталинге жазылған көлемді хаты ілгерідегі тарауларда барынша кең талданған болатын.



И.Қашқынбаев (жалғасы): «1923 жылдың ақпан айында қатты ауырдым. Сәуірдің аяғына дейін ес-түссіз жаттым. Жазға қарай бетім бері қарады да 15-қыркүйекте қызметке шықтым. Бұл аралықта не істелгенін білмеймін. Сол жылы күздегі кеңестердің құрылтайында Рысқұлов қызметтен кетті. Біздің топ бұған қатты өкініп, Қожановты кінәлады. Құрылтайдан кейін Рысқұлов Москваға кетті, естуімше ол «алашордалықтарды» сыбап жүрген көрінеді. Қожанов мәлімдеме жазыпты – деп естідік. Сенбедік. Жылдың соңында мынадай жағдай болды.

Рысқұлов бір жас жігіттен беріп жіберген бе, жоқ, почтамен жолдаған ба, әйтеуір Сарымолдаевқа хат жіберіпті. Ол хат Жаһанша Досмұхамедовтің үйіне келеді (Жаһанша Досмұхамедов пен Рысқұлов бажа болатын). Жаһанша Досмұхамедов хатты ашып оқиды. Онда ол өзінің жақтастарына: «Алашордашылармен» ауыз жаласудың қажеті шамалы, қайта олардың үстінен айғақтар жиып, ГПУ-ға хабарлау керек. Қожановты ұлтшыл деп әшкерелеуге тырысыңдар»,– деп жазыпты (Өз басым ол хатты оқығамын жоқ). Жаһанша Досмұхамедов хатты Халел Досмұхамедовке көрсетіпті. Соңғысы хатты Тынышбаевқа оқыту үшін өзімен бірге алып кетіпті. Сол кезде Әділев те қайтып оралды. Үшеуі ақылдаса келіп хатты Қожановқа көрсетіпті. Соңғысы хатты өзімен алып кететіндігін және Жаһанша Досмұхамедовтің үйіне тінту жүргізетінін, оны оған хабарламауын тапсырыпты. Халел Досмұхамедов мұны Жаһанша Досмұхамедовке айтыпты. Жаһанша Досмұхамедов пен Қожанов Халел Досмұхамедовтің үйінде кездесіпті. Қожанов қасарысып көнбепті. Келесі күні тінту жүргізіп, хатты ГПУ-шілер алыпты. Сол кезден бастап бөліну басталды: бізбенен – Рысқұловтың арасында, Халел Досмұхамедов, М.Тынышбаев пен Жаһанша Досмұхамедовтің арасында жік пайда болды. Біздің ұйым мүшелерінің аты аталғандардан басқа сол кезде Ташкентте тұрғандар: мен, Есполов, Әділев. Мен және Есполов екеуміз Жаһанша Досмұхамедовті жақтадық, Әділев өзін қорланған адамдай сезінді. Х.Досмұхамедов пен Тынышбаев: «Рысқұловшылардың тыңшылық әрекетінен ертерек сақтандырайық деп ойладық. Сондықтан да Қожановты қостық»,– деп өздерін ақтауға тырысты. Жаһанша Досмұхамедов: «Жеке бас пайдасы үшін және Қожановқа жағыну үшін Халел Досмұхамедов мені пайдаланды»,– деп кінә тақты.

Бір сөзбен айтқанда, осы оқиға Ташкенттегі ұйымның тарқап кетуіне себепкер болды. Алайда оған дейін де ұйымның аты өшіп тынған болатын. Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедов екеуі 25-жылы қараша айында менің әйелім қайтыс болғанда көңіл айтуға келгенде татуласты.

...Қожанов пен біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы болды (біздің арамыздағы Жаһанша Досмұхамедовті жақтырмады, сондай-ақ Әділевті үнемі мазақтап отыратын), алайда одан (Қожановтан – Т:Ж.): бізді сатып кетеді деп емес, бізді өзінің мүддесі үшін пайдалануы мүмкін немесе әр қайсымызды әр жаққа қызметке бөліп жіберуі мүмкін,– деп сескенетінбіз. Бір мысал келтірейін: 22 не 23-жылы ма, әйтеуір С.Өтегенов маған және бірнеше адамға келіп: «Қоныс аударушыларға қарсы күресу үшін құмның ішінде қарақшылық топ құрайық»,– деп ұсыныс айтты. Біз үзілді-кесілді бас тарттық, бізді Қожанов айдап салып отыр,– деп түсіндік...».

Көрсетіндінің бұдан арғы мазмұны өзгелердің жауаптарында қамтылған жайларды қайталайды. Сарымолдаевқа жолданған Т.Рысқұловтың хатын оқығанын Жаһанша мен Халел Досмұхамедов те, Тынышбаев та мойындайды. Рысқұловтың «Алашордашылардың» үстінен жазған мағлұмдамасы (Сталинге арналған) «Ақ жол» газетінің жабылуы мен «Алаш ісінің» басталуына ықпалын тигізді. Кейін өзі де ақталып, айғақ жазды.

Халел Досмұхамедовпен бір күні 1930 жылдың 14 қыркүйегі күні қамаққа алынған Мұхтар Мұрзиннің қысқа әрі сирек жауаптары бізді таң қалдырды. Тергеуге түскендердің ішінде тек осы Мұхтар Мұрзин ғана барлық сұрақтарға: «Білмеймін. Ешқандай партияға мүше болған емеспін», деп қысқа жауап беріп отырыпты. Қайсарлығы да, азаматтығы да сүйіндіреді. Тек Иса Қашқынбаевпен арадағы сөздері ғана тіркеліпті. И.Қашқынбаев пен М.Мұрзиннің арасындағы екеуара әңгімені камераның есігінің сыртына арнайы қойылған тыңшы хатқа түсірген сияқты. Өйткені, өзара әңгіме еркін өткен. Тергеу барысының психологиясынан хабар беретін болғандықтан да, жауаптасудың кейбір тұстарын ғана келтіреміз.

«М.Мұрзин: Менің ойымша сені босатып, мені түрмеде қалдыратын шығар.

И.Қашқынбаев: Неге олай деп ойлайсың?

М.Мұрзин: Орынборда Смағұл Сәдуақасовтың ұйымдастыруымен коммунист қазақтардың жиналысы болды. Партияда жоқтардан мен ғана қатыстым. Бұл туралы елдің бәрі біледі. Әсіресе, Байділдиннің баяғыда-ақ айтып қойғанына сенімдімін. Енді менің де сол оқиғаны баяндап беруімді талап етіп отыр. Ол мақсаттарына ешқашанда жете алмайды. … (Досмұхамедов немесе Байділдин ?) аса күдікшіл. Жұрттың бәрін ГПУ-дің тыңшысы деп есептейді. Өткен жылы өзінің соңында тыңшының жүргені туралы әркімге айтқан. Бұл мәселеге ерікті немесе еріксіз түрде болса да Смағұловтың, Қозыбековтың, Байғариннің, К.Тоқтабаевтың, Е.Үрдебаевтың қатысы бар. Жер жөніндегі комиссариаттың машинасымен соңынан ілесіп отырыпты. Кожевников пен Нұрмақов – Қадырбаев Сейдазымды іссапарға жұмсаған сияқты. Бұл туралы ГПУ-дің қызметкерлеріне хабарланыпты. Мұндай орынсыз тіміскілеу менің жүйкемді жұқартып, жындандырып жібере жаздады. Бұл тыңшылық маған сабақ болды. Кейін соңыма кімді салып қойғанын айна қатесіз білетін болдым. Олардың жұмыс жүйесі мен қисынын талдай келіп, қалай жұмыс істейтіндерін білдім. Олар әр адамның ақылы мен мінезіне қарай бағалап, жеке-жеке зерттеп, жасырын түрде тапсырма береді».

Әрине, Мұхтар Мұрзиннің «жүйкесін жұқартқан» тыңшының кім екенін нақты айту қиын. Әрбір істің соңында «Қосымша айғақтар» ретінде тіркелетін, тек «сексоттар» мен салпаңқұлақтардың, биресми тіміскілердің тінтуірлері тігілетін томның мұқабасына көзіміз түссе де, парақтап танысудың орайы келмеді. Өйткені ол том «құпияның құпиясы» ретінде ықтиятты түрде тиянақты сақталып, арнайы қызметкерден басқа ешкімге көрсетілмейтін қатаң тәртіп бар екен. Ондай тәуекелге бізге бүйірі бұрып қараған Қараби мен Шыңғыс ағамыз тәуекел ете алмағанына түсіністікпен қарауға болатын. Алайда Жер комиссариатының «қырағы қызметкері» Кәрім Әлімбаевтің Мұхтар Мұрзинге қарата берілген:

«Жер жөніндегі халық комиссариатында қызмет ететін Мұхтар Мұрзинге келетін болсақ, ол барып тұрған ұлтшыл, Қаратілеуовтің адамы. Сондықтан да ол топырақтың ботаникалық құрамы жөнінде ғылыми жұмыстар жүргізетін өсімдіктанушы Ларинмен: Қаратілеуов пен Мұрзиннің тапсырмасына қарсы зерттеу жасайсың – деп үнемі сөзге келісіп қалатын», деген (Алашорда қозғалысы», 3 том, 29-бет) «мінездемеден» кімнің «тыңшылығы сабақ болғанына» саңлау түсіреді.

«Өлшегені – өзімен кетсін», дегенмен де, мына көрсетіндіні еріккен адамның жазбағаны анық. Жер жөніндегі комиссариатта жерге орналастыру мәселесін зерттеумен айналысатын Мұхтар Мұрзиннің мақала мен баяндаманың жобасын сызып, жоспар жасауға құқы бар болатын. Зады Жер жөніндегі 1925 жылғы желтоқсандағы конференция қарсаңында дайындалған болса керек, тінту кезінде М.Мұрзиннің тартпасынан мақаланың жоспары табылады. Міне, соны тергеушілер «астыртын ұйымның бағдарламасы» ретінде іске тігіп, «қастандықтың айғағы» есебінде айыптау қорытындысының екінші бөліміне кіргізіпті:


«II. Ұлтшыл контрреволюциялық қастандықтар.

I. Жер мәселесi туралы: Ұйымның негiзгi мақсатты бағдарламасының бiрi – жер мәселесi болды, мұны шешу арқылы олар «Алаш» партиясының ауыл шаруашылығы жөнiндегi бағдарламасын, яғни, жердi ең алдымен бұратана тұрғындарға (иә, кеңес өкiметi үшiн қазақтар тек қана «бұратана» болып қалды – Т. Ж.) ешқандай кесiмсiз қажетiнше бөлiп беруге және ру – руымен қоныстандыруды жүзеге асыруға тырысты. Бұл бағдарлама бойынша, жергiлiктi тұрғындар толықтай жермен қамтамасыз етiлгеннен соң ғана Қазақстанға сырттан келген қоныстанушыларды орналастыруға болады, ал қазақ жерiне бұрыннан орналасып қалған қоныс аударушылар ол жердi қазақтарға керi қайтарып беруге тиiстi едi. Бұл жұмысқа контрреволюциялық ұйымның мүшелерi мен ұлтшылдардан басқа айып тағылып отырған Жер жөнiндегi халық комиссариатының ұлтшыл қызметкерi Мұхтар Мұрзин сияқты көрнектi өкiлдер қатысты, оны 1929 жылы оның үйiнен табылған мына құжат растайды.

1) Мақаланың жоспары (аяқталмаған)

а) Қазақстанның ауыл шаруашылығының қазiргi хал-ахуалы. б) Мақсатты көзқарас тұрғысынан алғанда, ауыл шаруашылығының мүмкiн және даму жолдары. в) Оларға қойған мақсатқа жету жолындағы «Қосшы» одағының орны мен маңызы. г) Ауыл шаруашылығы – сол елдiң табиғи және әлеуметтiк шарттарының тұрақты түрдегi өзара қарым-қатынасының көрiнiсi болып табылады. д) Жоғарыда көрсетiлген алғы шарттардың жекелеген кезеңде жүзеге асырылуы – иелiк етiп отырған елдiң тұрғындарының шаруашылықты жүргiзу мәдениетiне тiкелей байланысты. е) Қазақтың шаруашылығы соңғы уақытқа дейiн табиғат жағдайына тiкелей тәуелдi болып келдi де, кейiнгi кезде бiрқатар әлеуметтiк ықпалдарға ұшырады (шаруашылықтың барлық саласы мен түрiнiң отарлануы). ж) Сырттан телiнген, сонымен қатар шаруашылықты жүргiзген бөгде тұрғындар экономиканы күрделендiрiп жiбердi, әрi бұл, табан астында бұрмаланып отырды. з) Жанталаса отарлау – қазақ тұрғындарының жерсiз қалуына әкеп соқтырды. и) Бұл мәселе – жердi бұдан ары емiн-еркiн пайдаланбай, белгiлi бiр шек қою үшiн күн тәртібiне қойылды. Ал, үкiмет болса, мұны, тағы да отарлаудың бiр түрi ретiнде пайдаланып отыр.

2) Зерттеудiң қорытындысына пікір

Егерде, Қазақстанды ешкiммен еншiлеспеген дербес мемлекет деп қараса, онда жерге қоныстандыру шарасы тұрғындардың еркiмен өз-өзiнен шешiмiн тапқан болар едi. Ал қазiр қоныстандыру табиғи түрде емес, басы артық жерді анықтап, оған қоныстандыру саясаты – отарлау мақсатында жүргiзiлiп жатқандықтан да, шаруашылық салалары отаршылдықтың қасiреттi қамытын кимес үшiн шұғыл шара қолдануға мәжбүр етедi. Бұл шаралардың негiзгi бағыты – жергiлiктi тұрғындардың шаруашылық тәсiлiнiң өзгеруiне орай үйлестiру және оны жер бөлiсi тұсында тиiмдi пайдалануға шерiк құрылуы тиiс.

Бүкiл республика көлемiнде жаппай жүргiзiлiп жатқан мемлекеттiк қоныстандыру науқаны жан-жақты зерттелiп, анықталған ғылыми тұжырымға негiзделуi қажет. Әр аймақтың экономикалық ерекшелiгiн, жалпы құрылымын, экономикалық бағытын зерттеп барып, 1921-1922 жылдары Жетiсу губерниясында жүргiзiлген Жер-су реформасының үлгiсiмен шешiм қабылдаған дұрыс болмақ».

Ташкент қаласында, Түркiстан Атқару комитетiнде, ауыл шаруашылығы факультетiнiң үйiнде өткен Жер мәселесi жөнiндегi ұйымның мәжiлiсiне Досмұхамедов, Тынышбаев, тағы да басқа адамдар қатысып, жоғарыдағыдай көзқарас бiлдiрген және Жер реформасын жүргiзетiн өкiлдiктiң құрамына өз адамдарын кiргiзудi ұйғарған (№ 5417 – iс, Тынышбаевтің жауабы, № 2370-iс, 275-бет)».

Бұл мәселе М.Тынышбаевқа қатысты бөлімде кеңінен талданғандықтан да талдау жасап жатпаймыз.

И.Қашқынбаев (жалғасы): «Мен болған жайдың бәрін мойындадым. Ол менің бауырым болғандықтан да не істерімді білмеймін.

М.Мұрзин: Мынадай тәртіпті ұстану керек. Ешқашанда, ешнәрсені мойындамау керек. Егер де жан-жағыңнан қысымға алса, онда үндеме, әйтеуір мойындай көрме. Сіздің тәжірибеңіз аз адам екенсіз. Ешқашанда тергеушілердің сөзіне сенбеңіз. Егер де олар нақты айғақ бар десе, онда құжатты көрсетуін талап етіңіз. Алайда тергеушілер көрсеткен айғаққа сенбеңіз. Бұл олардың тақыстанған тәсілі. Бетпе-бет мойындасуға шақырса да бәрібір мойындамаңыз. Мен өзім бетпе-бет мойындасу кезіндегі барлық айғақтарды жоққа шығардым.

И.Қашқынбаев: (бұл арада тыңшы Қашқынбаевтың сөзін мазмұндап беріп отыр) Нақты айғақты мойындамау керектігіне (Қашқынбаев) қарсы шықты. Бұл ГПУ-дің сенің сөзіңе сенімсіздік тудыруы мүмкін, деді.

М.Мұрзин: Сенімен жігітше сөйлескенде ғана ер жігітке сай мінезді көрсету керек. Адамның жеке басын қорлап, қысым көрсетіп отырған қазіргі жағдайда парасатты көріну нағыз ДонКихоттық, ақымақтық. Жалпы кез-келген қысымға шыдай білу керек және өзгеге кінә артпауға тырысу қажет. Ең бастысы, ешкімді шырғалаңға тартпаған жөн. Менің негізгі ұстанған тәртібім – үшінші бір адамның атын атамаймын, тіпті достарыммен отырғандағы әңгімеге де ешкімді араластырмаймын.

Тағы да Мұрзиннің айтқаны (Тыңшының жазғаны – Т.Ж.): Сіздердің ұйымдарыңыз бар екенін баяғыда-ақ білген, бірақ та ол кезде қозғамаған. Әуелі бірінші топты, содан кейін екінші топты іріктеп тұтқындаған. Енді үшінші топтың да тізімін жасауы мүмкін. Мұның барлығы сыртқы дүниеге (немқұрайлы адамдарға) қыр көрсетіп: ГПУ тергеушілері тергеу барысында жаңа астыртын ұйымды әшкереледі, дегенге сендіру үшін жасалып отыр. Ал тұтқындалғандардың барлығын айыпты етіп, мәселесін шешіп қойған. Олар тергеуді тұтқындағаннан кейін емес, тұтқындағанға дейін жүргізеді. Сіздер астыртын ұйым құрды дегені жай сылтау ғана, мәселе басқада. Орталық Комитеттің былтырғы қаулысында ұлттық интеллигенциямен күресу туралы шешім қабылданған болатын. Бұған не себеп болды, мен білмеймін. Бірақ та біздің тұтқындалуымыз сол қаулыны жүзеге асырудың нәтижесі екені анық».

Шірікін, жігітім-ақ! Әр сөзі шындық. Көзімен көріп, жүрегімен сезіп, ақылымен біліп отыр. Әттең, осындай жігіттердің кәдімгі өмірде аяғына оратылған шырмауықтардың кездесетіні өкінішті. Мұны айтып отырған себебіміз: «Әй, ант атқан, ант атқан, осал жерін жігіттің, қалай дәл тапқан!»,– деп Қадыр ақын айтқандай, сұғанақ тергеушілер Мұхтар Мұрзиннің де осал жерін дәл тауыпты. Осы істің І томының 638-бетінде «Власова Алисаның 1931 жылғы 5 қыркүйек күні берген жауабының хаттамасы» тіркелген. Бұл тосын хаттаманы тағдырдың мазағы десе де болады. Мұхтар Мұрзиннің інісі, айыпталушы Әзиз Мұрзиннің орыс әйелі Алиса өзінің күйеуінің және қайынағасының үстінен арыз жазған. «Қатын өсекті» сөз арасына іліктіріп отырғанымыздың себебі, қалайда қаралау үшін некелі әйелін күйеуіне қарсы арандатқан тергеу жүйесінің аярлығына мысал келтіре кету.



Алиса Власова: «Әзиз Мұрзинді мен 1920 жылдан білемін. Сонымен қатар оның туған ағасы Мұхтар Мұрзинді және оның жақын таныстары Сәдуақасов Смағұлды, Бөкейханов Әлиханды, Байтасов Абдолланы, Сұлтанбеков Жағыпарды, Досмұхамедов Жаһаншаны, Шылалов (–?) Мыңайдарды, Басалов Айдарбекті, Телхожин Зейнолланы, Ермеков Әлімханды жақсы білемін. Бұл адамдардың барлығы менің күйеуім Мұрзинмен жақсы қарым-қатынаста болды. Ол бұлардың үй іштерін де жақсы көретін. Сондай-ақ Әзиз Мұрзиннің болашақ әйелі Жантөрина Зайрамен де таныспын. Жоғарыда айтылған таныстары мен достары оның отбасымен үнемі араласып тұратын.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   44




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет