Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет20/38
Дата25.02.2016
өлшемі2.41 Mb.
#20417
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   38

Турасын айтқанда, совет тақырыбы туралы ізденістеріңнің кезінде сен өзіңе де, қазақ әдебиетіне де абырой әпермейтін бір пьесадан кейін бір пьесаны жаздың. Мұның себебі не? Талантың бар (жақшаның ішінде тағы да ескерте кетейін: сенің біліміңді біздің заманымыздағы, Европалықтарды қоса есептегенде де, ең озық жазушылардың білімімен тең деп есептеймін. Бұл – жай қыстырма сөз емес, нақты дерекке негізделген менің түсінігім).

Ендеше, дәл осы жағдайда совет тақырыбына көркемдік қуаты күшті шығарма жазуыңа не бөгет болды? Мен оның субьективті де, объективті де себептерін білемін. Обективті себебі мынада: сен өзіңнің саяси қателігіңді мойындағаннан кейін, 10 жыл бойы өзің саналы түрде қарсы күрескен қоғамдық өмірдің ағымына жылдам бейімделу қиынға соқты. Адам дегеніңіз кез-келген қалыпқа оңай түсіре қоятын өлі зат емес қой. Адам тек дүниені қайта құрып жатқандарға өзі қарсы жүріп, оларға көмектессе ғана жүзеге асады. Менің ойымша сен соларға қол ұшыңды немкеттілеу ұсынатын сияқтысың: «Сен совет өкіметін шын көңіліңмен мойындаған жоқсың» - деп ойламаймын. Оған менің дәлелім де жоқ. Бірақ сенің ең үлкен осалдығың сол, өткен күнәләрыңнан қашқың келеді; ол туралы ешкімнің жақ ашпауын тілейсің, оны айтқан адам – саған жау. Әрине, кез-келгенді сылтауратып өткен кінәларын бетіне баса беру – адамға ауыр тиетінін білемін. Алайда, құрметті Мұхтар, саған бұлай ешкім жасаған жоқ қой!

Әдебиет тарихы жазылғанда немесе жазушыны творчестволық жолы талданғанда, өзіңнің күнәңнан өзің қашып құтыла алмайсың. Қалай қашып құтыласың! Сен 1932 – жылдан жаза бастаған жоқсың, одан ерте қолыңа қалам алып ең ғой. Совет өкіметінің бағытына сен ашықтан ашық күрестің емес пе? Соның барлығының із-түзсіз жуылып-шайылып кетуін қалайсың ба? Ол әдебиетке де, сенің өзіңе де ешқандай пайда әкелмейді ғой! Менің ойымша сен өзіңнің күнәңнан бекер қашып жүрсің. «Қолыңмен істесең – мойныңмен көтер».

Егер сен өзіңнің жаңа көзқарасыңа шын сенетін болсаң, онда күнәңә пысқырып та қарама, ол туралы жазса – жаза берсін, шыда! Өзіңнің жаңа жұмысыңды істе! Бұрынғы қателеріңді айтқаны үшін ешкіммен де жауласпа, әсіресе біздің Москвадағы мәселелерімізді шешіп, көмектесіп отырған Дроздовпен өштесудің еш қажеті жоқ. Оның мақаласынан мен ешқандай жамандықты көріп отырғаным жоқ.

Істің түпкі нәтижесіне келгенде, мәселе сенің күнәларыңда емес, совет жазушысы деген атты қалай алып жүресің, соған байланысты...»
Бұл арада Мұхтардың «жазушы» деген атқа кір түсіріп, абыройын кетіргені меңзеліп отырған жоқ. Қайта «Абай» романы арқылы туған әдебиетін шырқау биікке көтерді. Алайда, Сәбит Мұқановтың ойының астарында қалайда Әуезовті идеологиялық, таптық тұрғыдан шеттету пиғылы байқалады. Салқындық сезіледі. Тіпті салқындық емес, онымен ескі дұшпандарша сөйлеседі. Мұхтарға ондай қағажу көру онша таңсық емес. Дегенмен де он жыл бойы қарауылдың ұшында тұрып, нысанаға үнемі іліне беруі – жүйкесін тоздырғаны да шындық. Мұны Мұқанов та мойындайды, түсінеді, бірақ, қайталап айтуын да қоймаған.

Неге?
«Сен суреткер ретінде «Абай» романын жазғанша кеңестік кезеңге дейінгі деңгейіңе көтеріле алмадың, керісінше, көптеген жағдайда құлдырап кеттің, бұған менің көзім (өзгелердің де) анық жетеді. Адамдарда, оның ішінде менің де көкейіме мынадай заңды сұрақ үйіріледі: Кешегі қайталанбайтын тамаша суреткер, бүгін яғни, өзінің қатесін мойындаған соң, неге тарфереттік шығармалар жазады? Суреткер ретінде барлық мүмкіндікке ие бола тұра неге биікке көтеріле алмайды?



Мен мұның екі себебі бар деп ойлаймын: бірінші, өзіңнің қателігіңді мойындаған соң, бұрын өзің сенбеген өмірді газеттегі мақалалардың әсері арқылы ғана қабылдадың, көпшіліктің ішіне барып, ұлы құрылыстың жетістіктері мен кемшіліктерін бөліспедің. Сенің кеңес тақырыбына арналған көптеген шығармаларыңдағы схематизм, көркемдік бәсеңдік осыдан туындап отыр. Осы арада сен менен: «Маған жөн көрсеткен жерге сенің өзің неге бармайсың?», – деп сұрауың мүмкін. Заңды сұрақ. Біздің социалистік құрылысымыз орнатып жатқан жаңалықтардың барлығын мен де толық біле бермеймін. Бірақ та кеңестік ауылдың өмірін мен сенен жақсы білемін десем, қателеспеймін. Өйткені мен: ауылдағы алғашқы кеңестік ұйымды, алғашқы партия ұйымын, алғашқы шаруашылық мекемелерін, алғашқы мәдени ағарту мекемелерін құруға тікелей араластым жәнеолардың әрі қарай дамуына да белсене қатыстым.

Сен тағы да бір мынадай сұрақ қоюың мүмкін: «Жарайды, сен кеңестік ауылды артық білуің мүмкін, ендеше айтшы маған, сен менен асып қандай шығармалар жаздың? – деп. О, құрметті Мұхтар! Сен мені бәрін бітіріп тастадым дейтін мақтаншақ адам деп ойлама. Маған және менің халқыма бақыт сыйлаған өз отаныма мен өте аз қызмет көрсеттім, әрине, бұл мені толғандырады. Өзімнің бұл кемшілігіме іштей мазасызданып, өзімді-өзім: мен ұлы күрестен тыс қалғамын жоқ, өзімнің қолымнан келгенінше қабілетіме қарай бәрін де істедім. Өзімнің бұл әрекетімді әлі де жалғастыра беремін – деген оймен жұбатамын.

Сенің толыққанды көркем шығарма жаза алмауыңның екінші себебінің тамыры – сенің қадамыңның сенімсіздігінде жатыр, әлдебір нәрсе бүліне қалатындай жан-жағыңа көп жалтақсайсың. Сен: көркем шығарманың – шыңдалу екенін білмейсің. Қателік кез-келген жазушыда болады. Қателіктен қорықпау керек. Тек табан тіреген топырағың тайғанақ болмасын, кеңестік тірек болсын. Ұлы Лениннің өзі: қателіктер жасаймыз, сол қателіктерден үйренеміз – деп айтты емес пе. Сен әлі мұндай батыл қадам жасамай, мұндай шыңдалудан өтпей кібіртіктеумен келесің, сондықтан да кеңестік тақырыпты игеруің ақсап келеді. Ренжі, ренжіме, мейлі, тура айтайын (көптеген адамдар да айтып жүр): Сен суреткер ретінде өзіңнің кеңестік рухыңды шығармаларыңда талантыңа сай көрсете алған жоқсың. Сен бұл сұраққа өзіңнің замандастарыңның алдында жауап беруің керек».
Хатты оқып отырғанда бұл сөздерде ешқандай оғаштық жоқ сияқты. Бәрі де дұрыс көрінеді. Кеңес тақырыбына жазылған Мұхтар Әуезовтің шығармалары шындығында да, бұрынғы деңгейіне көтеріле алған жоқ. Оның басты себебі, Мұхтардың талант қуатының әлсірегенінде емес, кеңестік идеология, соның ішінде Сәбит Мұқановтың өзі қатаң ұстануды талап етіп отырған «мазұны социалистік, формасы ұлттық» социалистік реализмнің талаптарында еді. Ірі талантқа сай ірі оқиғаларды қамтуға бейім М.Әуезовтің қаламына ұлт зиялыларының қудалануы, ақ пен қызылдың ойраны, отыз екінші жылғы ашаршылық, отыз жеті-отыз сегізінші жылға қуғын-сүргін сияқты тақыптар лайық болатын. Күрделі көркем ойлау жүйесі мен қою да кесек сөз бояуы, құрмалас сөйлемдердің күрделі үйлесімі тағаны тақыр оқиғаларды баяндауға икемделе алмайтын. Оны сөз иесі ретінде Мұхтар Әуезов те, Сәбит Мұқанов та жақсы түсінеді.

Алайда, соған қарамай, айыптай сөйлеу, Мұхтарды өзімен тең ұстамай, алшақтау ұстап, «тақтаға шығарып қойып» сөйлесуге бейімділік байқалады. Сәбит көрген ауылды Мұхтар көрмеді ме? Мұхтар губернияны, республиканы билеп, ұлтын ашаршылықтан құтқарудың амалында күйінді боп жүргенде Сәбит Мағжанның атының шылбырын ұстап жүрмеді ме? Жалпы осыдан артық қандай өмірлік дерек керек? Біз де Сәбиттің ізімен санамалап бірнеше уәж келтірейік.

Біріншіден: Мұхтардың 1932 жылға дейінгі шығармаларын неге совет дәуірінен бұрын жазылған деп бағалайды. Керісінше, «Қорғансыздың күнінен» – «Көксерекке» дейінгі дүниелер 1920-1928 жылдары жазылды ғой.

Екіншіден: Сәбиттің өзі жиырмасыншы жылдардағы «асыра сілтеген» қателіктерін мойындай отырып, сол қателіктерін көрсетіп, Абайдан бас тартудың теріс пікір екенін дәлелдеген Мұхтардың мақаласы неге «ашық жаулық» ретінде бағаланады? Демек, ол дұрыс айтты емес пе.

Үшінші: «Қолыңмен істегенді – мойныңмен көтер», – деп нығырлай тұқыртып алады да, «оларға пысқырып та қарама» деп неге ақыл береді. Төртінші: «1932 жылдан соң сен бірде-бір көркемдігі жоғары шығарма бермедің», – деп бағалайды. Сонда «Абай» трагедиясын, «Абай» романын көзге ілмей, жай қатардағы туындының есебіне қосуға бола ма? Он жыл да емес, бүкіл өмірінде дәл «Абайдай» бір шығарма жазған жазушы – нағыз жазушы ғой. Әлде, ол «совет жазушысы» атану үшін аз ба? Және хатының басында Сәбиттің өзі санға емес, сапаға жүгін демей ме?

Бесінші: 1941 жылға дейін де Мұхтар совет жазушысы атанбап па еді. Ендеше, сол уақытқа дейін одақтың тізіміне ілінбеуі қалай?

Міне, гәп осында.

Екі жазушының арасындағы араздық осыдан басталып, бірте-бірте ұлғая түскен. Бірі – кеме капитанының, екіншісі кемедегі жолаушының орнында болған. Жағдайлары да, қоғамдағы беделдері де әрқилы. Қиын кезде қол ұстасып, ауыртпалықты тең бөліскен қос алып бейбіт күнде көңілдеріне көлеңке ұялатқан. Бір-бірін айыптауға көшкен. Сәбит Мұқанов:



«Сен тарихи тақырыптарда үлкен беделге ие болдың, оның ішінде «Абайға» дейін халық әдебиетіндегі дайын сюжетті пайдаландың («Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Бекет», «Қалқаман-Мамыр») және оларды тың шығарма деп ұсындың. Сен кейде өзіңше, халық сюжеті жұтаң болатын, мен оны байыттым деп ойлайсың. Меніңше, олай емес сияқты. Сенің нұсқаң – асып кеткенде халықтың нұсқасымен теңеседі, бірақ одан жоғары емес», – дейді хатында.
Бұл енді, нағыз қиянат. Қазір жоғарыдағы Шәкерімнің дастандары халыққа кеңінен мәлім болды. Ал, оны пьесамен салыстыруға бола ма? Екеуі – екі бөлек дербес туындылар. Ал енді осы пікірі үшін Сәбитті қаралауға бола ма? Қайдам. Өйткені ол мұның барлығын шын көңілімен «таптық тұрғыдан» бағалап отыр ғой.

Ол кейін өз қателігін түсініп, алғашқы пікірінен бас тартты. Осы хатта да «Абай» трагедиясы жөніндегі бұрынғы пайымдауларының жаңылыс айтылғанын, өзінің әділетсіздік жасағанын шын ашық мойындайды. Тарихи тақырып туралы тұжырымдарының терістігін түйсіне келіп, байсалды пайымдауға көшеді. Кейбір сынының орынсыздығын да тілге тиек ете отырып, «Абай» романына жоғары баға береді. Бірақ та пьеса мен романды бір-біріне қарсы қойып, қарабайырлау тәсілмен салыстырады. Бұл шығармалардың жанрлық өзгешілігін былай қойғанда, жазушының көркемдік шешімі мен әлеуметтік-философиялық астарының мүлдем басқа екендігін ескермейді. Ал, мұны аңғармау – өзге-өзге Сәбит Мұқанов іспетті тәжірибелі қаламгерге мін және үлкен мін. Оның бұл мінезін Мұхтардың теріс түсінуі де заңды.



«Сен «Абай» пьесасында Абайдың образын жасадың. «Абайды» оқу кезінде мен өзімнің біраз наразылығымды білдірдім. Содан кейін мен бұл мәселенің төңірегінде көп ойланып, менің пікірлерім қате екен деген тұжырымға келдім. Гуманист есебіндегі Абай образын сен тәуір шығардың. Бірақ та, «Абай» пьесасындагы өзге образдардың толық бітпей тұрғаны жөніндегі пікірімнен қайтпаймын. Москвада жасалған соңғы нұсқаны оқымағаным өкінішті. «Абай» романы туралы пікірім жоғары.

Өзінің көркемдігі жағынан ол пьесадан әлдеқайда биік тұр деп есептеймін және нағыз шебер Европа прозашыларының романдарымен қатар тұр.

Қайталап айтамын, роман жақсы, екінші бөліміне де сондай сәттілік тілеймін.

Бізде. «Тарихи тақырып» деген сөздің өзін құбыжық көретін адамдар бар, бұл тарихты бағаламау. Мәселе, не туралы емес, қалай жазуда. Егерде тарихи тақырыпты марксизм-ленинзм идеологиясы тұрғысынан жазса – онда тұрған жаманшылық жоқ, керісінше, тамаша ғой. Ондай еңбекті бағаламау – оңбағандық. «Абай» романында сен толыққанды совет жазушысы есебінде сөйлейсің, мен мұны еш қызғанышсыз-ақ мәлімдеймін. Бірақ бұл соңғы пікір емес. Сен нақты тарихи дәуірде өмір сүріп отырсың, сондықтан да сол дәуір туралы оқырмандар сенен «Абаймен» пара-пар шығарма күтеді және олары орынды да.

Менің тарихқа тіксіне қараған кездерім де болды. Жоғарыда айтқанымдай, баяғыда өтіп кеткен сол күндеріме сын көзбен қараймын. Материалистік диалектикаға негізделген менің қазіргі пікірім бойынша, менде – әке де, шеше де, халық та жоқ (тек тап бар – Т. Ж.) деген адам нағыз сатқын. «Мен – қазақпын, өз халқымды сүйемін» деп айту – коммунизм принципіне қайшы келмейді. Лениннің өзі де ұлы орыс халқының ұлы екенін мақтанышпен айтты ғой. Өте жақсы әрі күшті айтылған. Тек өз халқыңа деген махаббаттың коммунизм принципіне қарсы келмесе болғаны. Біздің халқымыздың кейбір тарихи кезеңдеріне үрке қарағаныммен, мен ешқашанда халқыма дұшпан болған емеспін. Мен өзім шыққан халықты сүйдім, қазір де сүйемін, өйткені ол – көпшілік, оның да қанаушылары бар. Бұрынғы кездерімдегі Абайды жете бағаламауым және басқалары менің халыққа қарсы екендігімнің дәлелі бола алмайды. Өзін халықтың жоқшысымын дейтіндермен бұрын да жарысқа түсіп келдім, қазір де жарысуға (қызмет етуге – Т. Ж.) дайынмын».
Мұндай жалаң даңғазаға құрылған желөкпе сөздерді әлі де естіп қалуға болады. Ол өсектер Сәбит Мұқановтың тірі кезінде де айтылған. Әрине, жаңылмайтын жампоз, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Тек қана Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық көтерілісі туралы бірде оны қостап, бірде оған қарсы шығып, үш рет мақала жазыпты Сәбит. Оның ішінде, Мұхтардың «Хан Кене» пьесасын тек сыни пікірінде тілге тиек етіп, Кенесарыны мақтаған тұсында оны қалыс қалдырған. Осы хаттың бас жағында «Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты халықтың нағыз достарына да қамшы ойнаттым. Ол менің теориялық білімімнің жетімсіздігінен еді», – деген сөздер бар. Бұдан кейін де, тура он жыл өткен соң Сәбит Мұқанов Кенесары көтерілісіне:

«Феодализмді көксеген, қазақ халқының жаулары ұйымдастырған бүліншілік», – деп баға берді.
Сондай-ақ «Алаш» партиясы туралы да осындай екіұдай пікір білдірді. 1937 жылға дейін Сәбит Мұқанов:

«Октябрь революциясына дейінгі «Алаш» қызметі қазақ халқы үшін прогрессивті әсері болды»,– деп келсе, кейін мүлдем кереғар пікірді ұстанды.
Жекелеген ірі тұлғалар жөнінде де екіұшты бағалар берді. Соның ішінде Мұхтар да бар еді. Заман ағымына қарай солай айтуға мәжбүр де болған шығар. Алайда:

«Сәбит Мұқанов – қазақ халқының тарихына үнемі шабуыл жасаумен болды», – дегеннің де шындығы шамалы.
Бұл арада Сәбит Мұқанов сол қауесетке қарсы шығып отыр. Себебі: сондай пікірді қоздырушының бірі – Мұхтар Әуезов деп түсінген. Халық тарихы туралы әр кездегі қарама-қайшы пікірлеріне, тіпті кейде, оқиғаның тым асқынып кетуіне тосқауыл қоюдың орнына, сол ағымға өзі де қоса араласып кетуіне қарамастан, Сәбит Мұқанов өзінің туған халқын сүйген. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Шәкерім Құдайбердиев туралы мәліметтерді оларды ауызға алуға болмайтын күннің өзінде мақалаға кіргізуінде (әрине, сынап отырып) үлкен мән бар. Ол да күрестің бір түрі, ең болмаса – атын елдің есінде қалдырудың амалы еді.

Бұл хат – екі ой алыбының арасындағы қарым-қатынастың қаншалықты қиын болғанын байқатады. Әрі олардың сол кедергілерді жоюға ұмтылғаны да аңғарылады. Сол үшін «жүрегіне кір жасырмай», көңіл кірбіңдерін бір-біріне ашық айтуды мақсат еткен, яғни, жариялылықты жан демеуі ретінде ұстанған. Сондықтан да, өзара пікір алмасуларының негізінде әдебиет, өнер, тарихи кезеңдер, дара тұлғалар туралы көзқарастары ғана арқау болмаған, жеке бастарының да мүдделері қозғалған.

Өкінішке орай, өзара кінәласулар да шаң береді. Несі бар, ол да өмірлік құбылыс. Мұндайда, Сәбит тізгінді өз қолына алған да Мұхтар «қорғаныста жүрген». Ірі-ірі айтыстарда ғана Әуезов сүңгуір қайық сияқты толқынның бетіне көтеріліп, «жалын көрсеткен». Қолдағы деректер осылай тұжырымдар жасауға негіз қалайды. Кейде олар өздерінің осынау қалыптасқан жағдайына үйреніп те қалған сияқты әсер береді.

«Мен өзімнің соншама ұзақ, сонымен қатар ауыр-ауыр пікірлер айтқан хатымды аяқтап келемін. Бұл хатты мен саған соншалықты қатты соққы беріп, көңіліңді қалдырып, ренжіту ниетінен жазып отырған жоқпын. Алайда, құрметті Мұхтар, біз зиялы қыздарды дайындайтын оқу орындарының шәкірті емеспіз ғой, біз өзімізді совет жазушысы – большевиктер деп есептейміз, сондықтан да не ойлайтынымызды, қандай мәселелер бізді толғандыратынын жасырмауымыз керек. Менің әлі де үнсіз қалуыма болатын еді, бірақ та жоғарыдағы айтқан жайларымды ішіме түйіп жүре беруді намыс санадым. Мұны мен, біздің ортақ ісімізге, қазақ совет әдебиетін жасау жолындағы жұмысымызға кез-келген ұсақ-түйектер кесірін тигізбеуі үшін жаздым.

Мен саған өзімнің достығымды күштеп таңбаймын, алайда біз араласа-пікірлесе, өзара түсінісе отырып жұмыс істеуге міндеттіміз.

Мен төзе де, құпияны сақтай да аламын. Егерде сенің: «Мұқанов – қызғаншақ», – деген сөзің жанымды жараламаса, мүмкін, бұл хатты әлі де жазбаған болар едім. Бұл сөз менің адамдық сезімімді қатты қобалжытты. Мен адамдармен жауласа да білемін. Бірақ маған мұны өмірдің өзі үйретті және тым ерте үйретті. 7 жасымнан жетім қалуым – күштілердің қорлауына қарсы тұруға үйретті, кек алуға итермеледі. Алайда жауларыма, әсіресе, октябрь күндерінен кейін соншама қатыгездік жасағам жоқ. Бірақ жауларымның жауы екендігімді бұғып қалмадым, мен олармен арадағы күресте адамдардың қарым-қатынасына тән дәрежедегі тәсілдерді қолдандым. Қазір де солай істеймін. Мүмкін, жекелеген адамдар сенің санаңды: «Мұқанов – қатыгез, қауіпті адам» т. б., – деп улап тастаған шығар, оларға сенбе. Мен сенімен ашықтан ашық жауласуға да жараймын, бірақ, егер екеуміз де бір платформада – совет әдебиетінің платформасында тұрсақ – онда өштесудің қажеті қанша?».
Иә, оларға өштесіп, кек қуысудың қажеті жоқ еді. Ол өздерінің жеке бастарына да, қоғамдық пікірлерді қалыптастыруда да, туған халқының мәдениетінің дамуына да зиянын тигізетін еді. Кейін кесірін келтірді де.

Осы арада ашық айта кететін бір жай: Сәбит Мұқанов – Мұхтар Әуезовты үнемі өзінің саяси қарсыластарының тобына жатқызып келді. Осы хатта да.. «бір платформада болсақ» деуіндегі емеуріні де сол. Дәл осы «кілтипан» олардың арасын толықтай, жарықшақсыз қабысып кетуіне мүмкіндік бермеген. Елуінші жылдардың басында да сол сөзді қайталады. «Шын көңілімен таптық тұрғыдан» бағалады. Тіпті, отыз жетінші жылы партиядан шығарылып, жұмыстан қуылған кезіндегі сергелдеңді де ол сталиндік репрессиядан емес, «ұлтшылдардан» көреді. Осы хатында:



«1937 жылдан бастап менің өмірімде аздаған өзгеріс болды. Сонда адамдардың үш тобы маған қарсы жағдайды пайдаланып қалғысы келді:

1. Менің ежелден келе жатқан жауларым – алашордашылдар ашық қимылдағаны, жасырынып жүргені бар, бәрі де қуаныштан қолдарын шапалақтап, билеп: «Аһа, Мұқановтан күш кетті, енді оны мүйіздеуге болады», – десті.

2. Әдебиеттің айналасындағы бұзақылар, сатқындар, Сәбит Мұқанов қана емес, бүкіл қазақ әдебиеті жұтап қалса да міз бақпайтын арандатушылар.

3. Әлі де тәжірибесі аз жастар, олар іштерінен мені сыйласа да «жағдайға» бейімделіп, өз көзқарасына қарсы болса да «сын айтқансыған болды», – деп түсініктеме береді.
Бұл үш топтың түп тамыры жоғарыда біз келтірген «үштіктен» еш айырмасы жоқ болатын. Айырмашылығы олардың Сәбит Мұқановша жіктелуі ғана. Сәбит Мұқанов осынау сойқанды жазалауларды шындығында да «халық жаулары» істеп отыр деп сенеді және сол тұстағы өзіне айтылған жалақорлардың арандатуларын өзінің кінәсі, қателігі ретінде мойындайды. Бұған қарағанда Сәбиттің өзі де «қара құйынның» артындағы арыстанның тырнағын байқамаған, не ол науқанның әлеуметтік астарын толық түсінбеген, дәлірек айсақ, түсінгісі келмеген. Сондықтан да әуел бастағы бағытын өзгертпеген, еш күмәнсіз солай болуға тиісті деп сенген.
«Мен коммунист, нағыз совет жазушысы, партияшыл болғандықтан да осыншама қиындыққа төзіп бақтым, бірақ, кінәм де болды. Ол кінәлар менің жандүниемнен шыққан ақыл-ойымның жемісі емес, менің сыртқы түсініктерімнің қателігінде жатыр. Қалай екенін білмеймін, мен 1937 жылға дейін саясат әлемінде адамдардың екі ғана тобы бар, олар қарама-қарсы екі топтың мүддесін қорғау үшін бір-бірімен саналы түрде ашық айтысқа шығады – деп есептедім. Егер де адамның саясат жағынан сауаты жоғары болса, ол мейлі жау болса да, ойындағысын жасырмай ашық күреске түсетініне сенімді едім. Міне, мен өзімнің осынау қате түсінігім үшін сүріндім, ол пікірімнің терістігіне өзімнің қатты таяқ жеген соң ғана көзім жетті. Бұл құлауымды достарым мен жауларым сан-саққа жорыды. Достарым (мен нағыз совет адамдарын айтамын) саяси күресте әлсіздік жасағаны үшін Сәбит Мұқановты аямай соғу керек, бірақ өлтірмеу керек, оның өз қатесін түзетуге мүмкіндік берейік – десті. Ал жауларым – өлтіруді тіледі. Ол оңбағандардың бұл ісі жүзеге асқан жоқ.

Мен осының бәрін түсіндім, түсіндім де октябрь күндерінен бері атсалысқан ісіме көзсіз белсене араластым. Өзімнің бүкіл болмысыммен біте қайнасқан партиядан тыс жұмыс істеу (ол жылдары Сәбит Мұқанов партия қатарынан шығып қалған – Т. Ж.) психологиялық жағынан маған ауыр соқты. Бірақ та мен өзімнің ішкі ренішіммен қасарыса күрестім, ол өкпенің маған творчестволық жағынан кесір тигізбеуін ойластырдым.

Жұмысыма еш зияны тимеді. Қайта, тырнақша ішіндегі «партиядан тыс өмірімде» мен бұрынғыдан да көп жұмыс істедім.

Мен өзімнің және бүкіл елдің алдында сынақтан өттім. Мені бұрынғыдан көрі қатты сынағысы келетін достарымның бар екендігін білемін. Бірақ та өз қатемді өзім сезіне отырып ежелгі әдетімдегідей большевикше еңбек етемін».
Өзінің идеялына осыншама көзсіз сенген адамдар аз. Олар, «жасырын жаудың» барлығына шын сенді. Тіпті, күдіктенбеді де. Қателіктері де сонда.

Ал, ол репрессияның тарихи-әлеуметтік себебі мүлде басқада екені қазір айқындалып отыр. Сәбитті ол үшін де жазғыруға болмайды. Басты себебі – Сәбиттің ақ жүректілігінде, ұстанған идеялға деген шүбәсіз сенімінде. Кей кезде жан-жағына байыппен қарамай, тәуекелге бел шешіп кірісіп кетуінде. Мүмкін, оның өзі адамның бойға біткен мінезімен де ұштасып жатуы.


Сөзінің аяғын: «Мен совет өкіметінсіз тамаша өмір сүруге болмайды. Совет өкіметінің өмір сүруін мен тек идеологиялық тұрғыдан ғана емес, жан-тәніммен қалаймын», – деп аяқтайды.
Сәбит Мұқанов бұл сертінен өле-өлгенше айныған жоқ.

Әрине, машинкамен басқанда 15 беттік бұл хаттағы әрбір уәжді талдап шығудың ыңғайы да жоқ, қажеті де аз шығар. Бірақ қалайда айтылуға тиісті. Өйткені екі ұлы адамның арасындағы түсінбеушіліктің себебін білудің өзі де – сабақ. Таным тағылымы. Екіншіден, Мұқанов пен Әуезовтың арасындағы қарым-қатынасты әр саққа жүгіртіп, дақпырт таратып жүргендердің сыпсыңына тыйым да салар деген үміттеміз.

3.
Мұхтар мен Сәбиттің арасындағы қарым-қатынас көңіл кірбіңінен гөрі азаматтық асыл қасиеттерге жыға негізделген. Олар жеке басынан – халықтың, өнердің мүддесін жоғары қойған. Өкпеге қиса да өшпенділікке қимаған.

Осы хаттан кейін олардың өзара түсініскені аңғарылады. Ашық жаулыққа жүріп жатқан соғыстың қасіреті де мүмкіндік бермегені анық. Соның бір айқын мысалы, Сәбит Мұқановтың Ленинградтан Ғабит Мүсіреповке жазған хатындағы:



«Өзіңе белгілі – 1943 жылы Орталық Комитет маған тағы да Жазушылар одағын басқар деп ұсынғанда, мен жалғыз ғана тілек қойдым, оным, со жылға дейін «судимосы» мойнында жүрген Мұхтардан бұл лағынет қамытын түсіру»,– деген пікірі.
Сәбит Мұқанов өзінің бұл уәдесін де орындады. Жазушылар одағына келе салысымен Мұхтар Әуезовке тағы да өтініш жаздырды. Істің беті түзелгеніне сенімі артқан Мұхтар өтініш пен өмірбаянын қайталап өз қолымен жазып шықты. Алдыңғы өтініштің бірер сөзін қайталағаны болмаса, мұнда өзінің ішкі ілхамын жеткізе баяндаған.
«Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің президиумына

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі азамат Мұхтар Әуезовтен

Мен 1930 ОГПУ мекемесі тарапынан қазақ ұлтшылдарының ісі бойынша тергеуге тартылып, тергеу біткенше түрмеде отырдым, тергеу аяқталғаннан кейін үш жылға шартты түрде кесіліп, босатылдым. Үкімнің күші 1933 жылы аяқталды.

Өзімнің өткендегі ұлтшыл қателігімді мойындай отырып, тергеу орындарынан мені кеңес мәдениетінің сенімді қайраткерлерінің, жазушылардың ортасына оралуға мүмкіндік жасауын, сөйтіп Қазақстанның партия-кеңес жұртшылығының алдында өзімнің сөзімнің шын және нақты екенін көрсету үшін мәдениет майданындағы шынайы да табанды еңбегіммен дәлелдеуге мүмкіндік беруін өтіндім. 1932 жылы Қазақстан жазушыларының ортасына қайтып оралдым. Содан бері жазушы ретінде драматургия, проза жанрында еңбек етіп келемін. Социалистік мемлекеттің құрылысына арналған қазіргі тақырыпты қамтитын оншақты пьеса жаздым. Сондай-ақ қазақ кеңес әдебиетінің соңғы жылдардағы жетістігі ретінде аталып өткен бірнеше тарихи пьесаның да авторымын. Осы жылдары «Абай» романы сияқты прозалық шығармамен қатар зерттеу еңбектері де жазылды.

Өмірімнің бірден бір мақсаты коммунистік партияның басшылығындағы өзімнің социалистік отаныма қызмет ету екенін көріп те, сезініп те жүрмін. Мен Жоғарғы кеңес президиумынан менен «сотталған» деген айыпты алып тастауды, сол арқылы менің азаматтық арыма түскен дақты кетіруді өтінемін.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   38




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет