« Жолд. Мұхтар Әуезов – жазушы драматург, 1933 жылдан Қазақстан кеңестік жазушылар одағының мүшесі. Осы уақытқа дейін жолд. Әуезов қаламынан көптеген шығармалар жазды, соның ішінде ерекше көрінетіндері мыналар:
1. 1916 жылғы көтеріліс туралы жазылған «Түнгі сарын» пьесасы. Мұндай тарихи оқиғаны автор кеңес жазушысының көзқарасымен бейнелейді және оны кемелденген суреткер ретінде үлкен шеберлікпен суреттеген.
2. «Шекарада», пьеса, 1937 жылы шекаралық аудандардың колхоздарындағы қастандық әрекеттерді әшкерелеу тақырыбына арналған. Ол академиялық театрда қойылды, кезінде үлкен табысқа ие болды.
3. «Абай», пьеса, жолд. Соболевпен бірігіп жазылған. Пьеса тек Қазақстанда ғана емес сонымен қатар Москваның камерлік театрында қойылуға дайындалып жатыр. Бұл шығарманы көркемдік құндылығы туралы орталық газеттерде тамаша пікірлер білдірілді («Известия» және «Лит.газета»).
4. «Абай», роман. Бұл романның бірінші кітабі (25 баспа табақ) аяқталып, баспа қабылдап алды. Роман, сөзсіз қазақ әдебиетіндегі, тек қана қазақ әдебиетінің емес, (кеңес әдебиетіндегі) көрнекті құбылыс болып табылады. Қазақтың ұлы ақыны Абай өмір сүріп, шығармаларын жазған ХІХ ғасырдың күрделі оқиғалары романда барлық қайшылығымен терең ашылған. Автор аса мол тарихи материалдарды еркін меңгерген және оқырмандардың назарын аударарлықтай көкейкесті шығарма боп шыққан...», – деп «Абай» романына тұңғыш рет ресми баға берілген.
Бұдан кейін жазушының аударма, драматургия, театр, ғылыми зерттеу, фольклор, абайтану саласындағы еңбектеріне баға беріле келіп:
«Жазушылар одағының тапсырмасымен әр түрлі тақырыпта баяндама жасайды, жас авторларға, әсіресе, драматургтарға кеңес береді. Қазір жолд. Әуезов кеңес интеллигенциясы туралы опера театрына арнап либретто жазу үстінде, қазіргі тақырыпқа арнап пьеса жазу үшін 6 айға Балқашқа іссапар сұрап жүр», – деп қорытындылайды.
Бәрі де дұрыс пайымдалған. Бірақ кешірім тағы да жасалмады. Бұл кезде тұлғалардың өз араларына да жарықшақ түсті. Тек Ғабит Мүсірепов қашанғы әдетінше екі жаққа кезек бұрылып қойып, екеуіне де ішін бермеді. Ә.Тәжібаев пен С.Мұқановтың арасынан «қара мысық өткелі» де бір неше жыл болған. Әсіресе, жас ақынның отыз сегізінші жылы «кәдімгі Сәбит Мұқановтың» өзін одақтан да, партиядан да шығарып, жария түрде «орынын басып қалуы» Сәбитті қатты түңілдірген еді. Енді ол Мұхтар Әуезовке ықтап, жазушылар арасында кәдімгідей қақпақыл топ құрды. Жоғарыда айтылған «үштік» іске қосылды.
Өйткені тыныштық – идеологиялық тыныштық кеңес өкіметіне жат болатын. Мұны екі идеологияны ұстаған тұлғалардың арасындағы «пәленше мен түгеншелер» араласқан:
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Әуреге қалма езбеден, –
деп Абай айтқан кәдімгі «езбе әурешілік» әрекет еді.
Жайылып кетпеу үшін өзіміз сөзінің шындығына сенген аяулы адам айтып берген жалғыз-ақ жайға тоқталамыз.
2.
Халқымыздың рухани тарихындағы тұңғыш әдеби-мемориальдық музей 1940 жылы Семей қаласында құрылды. Сондай-ақ Абайдың туғанына жүз, қайтыс болғанына қырық жыл толуын мемлекеттік дәрежеде атап өту жөнінде Қазақ ССР Халық Комиссарлары советінің арнайы қаулысы шықты. Бұл бұрын-соңды творчество қайраткерлеріне көрсетілмеген құрмет еді. Сол тұстағы Мұхтар Әуезовтің үйдегі, түздегі өміріне, жалпы әдеби ортаның тынысына қанық Қайым Мұхамедхановтың естелігі арқылы жазушының творчестволық толғанысы мен тіршілігінен мағлұматтар ұсынамыз.
Қайым Мұхаметханов: «Әлі есімде, қырқыншы жылы Мұхтар мені Алматыға шақыртып алды. Обкомға сол кездегі СССР Ғылым Академиясының қазақ бөлімшесінің президенті Қаныш Сәтбаевтың атынан телеграмма жолдапты. Бұдан ілгерідегі «құралайдың салқыны» тұсында пединституттың студенттері атынан хат жазып, Сәбит Мұқановтың лекция оқуын өтінгеміз. Ол кісі қашан жағдайы түзелгенше Семейде болды, Мұхтардың сәлем хаты арқылы Әбділда Тәжібаев келген. Егер, менің төрелігіме салса, кейде ағалы-інідей, кейде өкпешіл баладай қарым-қатынаста болған бұл екі адамның өзара байланысын онша түсіне бермейтінмін. Асылығы болса – Әбділданың өзі айтсын. Ақын емес пе, талай-талай қызықты өткердік. Бір күні біздің үйге ұқыпты киінген, бұйра шашты адам келді. Қолында үлкен саквояжы бар. Мені сұрады. Мән-жайды білген соң: «Мен – Әлкей Марғұланмын. Мына қонақ үйден мені алып кет. Міне, Мұхтардың хаты. Іші толған қандала. Екіншіден жұмыс істетпейді. Бар, заттарымды алып кел», – деді. Әлкеймен осылай таныстым. Үш ай бойы архивті ақтарды. Өзгелердей емес, табандап отырып алады. Ешқайда шықпайды. Мен серуендесе екен деймін. «Уақыт жоқ. Көрмеймісің, жұмыс істеп отырмын» деп өзіме ұрсады. Бұл адамдардың барлығымен Мұхтар арқылы таныстым. Әйтпесе, әлі аты белгісіз адамды академия қайтсін. Әдебиет тарихын, оның ішінде Абайды зерттеп жүргенімді біледі.
Ол уақытта поездың жүрісіне сенім аз. Неше тоқтап, неше жүреді. Мұхтарға телефон арқылы хабарластым да, аттанып кеттім. Бірінші Алматының вокзалы мен Алматының арасы елсіз иен. Таңға жуық келіп жеттік. Перронда ешкім жоқ. Ішке кірсем ескі шапкісін көзіне түсіріп Мұхтар қалғып отыр. Мені қарсы алуға шығыпты. Өкімет Күләш пен Шараға бір машина бөліп берген. Бензинді өзі таппаққа уәделесіп, соны сұрапты. Қарсы алуды Есмағамбет Ысмайыловқа тапсырыпты. Тәуліктеп кешіккен поездан күдер үзген ол ұйықтап қалып, түнделетіп өзі келген беті екен. Содан әңгіме басталып, үзіліс көрсекші. Сәске әлегінде Сәбит звондады. Сөздері естіліп тұр.
– Әй, Мұхтар сәлеметсің бе? Әлгі Қайым сенің үйіңде ме? Берші трубканы,– деді. Алдым. Бірден дүрсе қоя берді – Менің үйім тұрғанда онда нең бар. Сен маған туыс емессің бе. Нақ ат басын тірейтін отауың. Керей-уақ қашан бөлініп еді. Қалжың ғой. Тез жет. Ет асулы, дайын.
Мен Сәбиттің саңқылдаған дауысын естіп тұрған Мұхтардан ұялдым.
– Қонаққа шақырды ма? Бар. Ұят болады. Бірақ түскен, жатқан үйіңді ұмытпа. Қай уақытта, түн ортасы болса да кел. Қонып жүр, – деді.
Шындығына көшкенде, екі сыйлы адамның қас-қабақтары маған онша ұнамады. Араздыққа, бақ-таластыққа қимадым. Қазақтың қарабайыр қалжыңына жатқыздым. Сәбең құшақ жайып қарсы алды. Арғы-бергі жайдан әңгіме-дүкен құрдық. Талай естеліктер шертілді. Мағжан ақынның өзін тәрбиелегенін, Орынборда шанаға ақ боз ат жегіп, көшірі болғанын, «Алтын мүйіз» ресторанының алдында ұзақ тұратынын, өзінің оған қарыздарлығын айтты. Абайдың тойына дайындыққа Мұхтармен бірлесе күш салғаны қозғалып, іле Мұхтардың өзіне ауысты. Жазушылығын асқақтата мақтап, өздерінің оған ілесе алмайтындығын мойындап: «Ол Абайдың тәлімінен нәр алған. Білім уызын жасынан қанып ішкен» дей келіп, күдікті бір жайды суыртпақтады. Екі алып та қазір жоқ. Алайда қалжыңға сүйесе де Сәбеңнің сол сөзі шындығында да, реніш тудырарлықтай еді. Жастығым – мастығым емес пе: «Сен Мұхтардың өзіне айтшы, ол қуанып қалады. Айта алмай жүр ұялып. Ол – Абайдың бел баласы»,– дегенін малданып, түнгі үште Мұхтардың үйінің есігін қақтым. Өзі ашты. Қуанып:
– Е, бәсе, келер деп күтіп ем және мына тарауды үш рет жазып шығара алмап ем. Жаңа ғана сәті түсіп, қыбын таптым (Ол Абайдың жас өлім туралы күйінетін тұсы). Жүр. Кімге оқырымды білмей отыр едім, – деп кабинетіне бастады.
Сұрағымды таңға қалдырып, романның тарауын тыңдадым. Аяқ алысы кең, сөзі ірі, «Ақ білек» атты ертеде оқыған бір шығарманың жазылу мәнерін еске салады. Содан таңертең дастарқан жайылып, ортаға самауыр қойылды. Ептеп бой жылытып, тершіп алдым. Лекцияға кетуге ыңғайланғанда:
– Мұха, сізде сүйіншіге лайық қуаныш бар екен. Бұрын білмеппін. Сіз Абайдың бел баласы екенсіз ғой, – деп салғаным.
Түтігіп кетті. Өңі қабарып ап, ал кеп сөйледі дейсің. Бір сағаттың ішінде түгімді қалдырмады. Ең соңында:
– Саған мұны Сәбит айтты ғой. Мен сені: біледі, оқыған, мәдениетті, сауатты адам деп жүрсем. Сөйлеме! Ей, Абай қай жылы өлді. Ал, менің әке-шешем ше? Салыстыршы. Қалай дәтің барды,– деп үйден шығып кетті.
Албырттық па, аңғалдық па? Кім білсін. Аярлығым жоғы анық. Дүние қарауытып, үміт үзіліп, бет күйіп, естен тандым. Содан бір полковниктің үйіне барып, он күн жатып алдым. Не істеймін? Әйтеуір көшеге шыққан бір оңтайында іздеткен адамдары мені дедектетіп Мұхтардың үйіне алып барды.
– Е, келдің бе. Сендер кете беріңдер, – деді де маған бұрылды – Ей, ойлашы өзің, кімге кім өкпелеуі керек. Елдің айтқанына ілескен кім? Өкпеледің бе деймін саған? Жатқан үйіңе қонбай, неге қаңғырасың. Семейге Фаяға звандадым. Ол да үрейі ұшып отыр.
– Сізге қоштаспай қалай кетемін. Жүгім де осында.
– Солай ма? Бәсе!, – деді».
Адал жандар ойындағысын жасырмайды. Қайым аға да сондай аяулы адамның бірі. Ең қымбаты – шындық. Сол шындықтың ұшын ұстатқаны үшін де рахмет. 1937-1939 жылдары бір-бірін жат көзден, қырын қабақтан қорғап жүрген Мұхтар мен Сәбиттің арасына, ел-аман, жұрт тынышта сызат түсіпті. Қайым ағаның әңгімесіне қарағанда қырқыншы жылдардың ортасында-ақ екеуінің қырғиқабақ болғаны байқалады. Қалай екенін кім білсін, Сәбең, Сәбит Мұқанов – әйтеуір Мұхтардың тегіне күмән келтіруден тынбаған. Ол пікірін ешкімнен қысылып-қымтырылмай ашық айтып жүрген. Сөз салмағын, астарын білетін салиқалы адамның осынау қылығын түсіну қиын. Сол үшін талай рет «сыбағасын» алса да, бір сәт өзіне өзі тыйым салмағаны өкінішті.
Мұны қалай түсіндіруге болады? Оған ешкімде кесімді төрелік айта алмады. Тек екі дегдардың өздеріне ғана мәлім ішкі ерегеске ұласады.
Міне, сол кезде Москвада жүрген Сәбит Мұқанов 1941 жылы 29 мамырда Мұхтарға тағы да хат жолдайды. Он бес беттей бұл ұзақ хатты орыс тілінде жазылған бұл хатты кезінде Сәбиттің шырақшысы болған досымыз Құлбек Ергөбекұлы бізге ұсынып еді. (1934 жылы Мағжан Жұмабаев түрмеден босанып шыққанда оған да орысша хат жолдаған – Т. Ж.) Іштегі бар өкпе-назын жасырмай ашық айтыпты. Біз, екі жазушыны бір-біріне қарама-қарсы қойып, айыптастырудан аулақпыз. Бірақ, шындық – бәрінен жоғары. Сол үшін аталған хаттан үзінді ғана ұсынып, реніштің түп мәнісін ашу мақсатында ғана мысалға жүгінеміз.
Әдетте, кез-келген өкпе, реніш дақпырттан туындап, бірте-бірте ушығады. Хаттағы Сәбит Мұқановтың Мұхтар Әуезовке таққан, «айыптарының» бәрін ақиқат деуге де болмас. Оған қарсы айтылатын Мұхтардың да өз уәжі, пікірі болғаны анық. Бірақ Сәбитке қандай жауап айтқаны бізге бимәлім. Ал арада бір ай өткен соң ұлы отан соғысының басталып кеткенін ескерсек, ол хаттың жауапсыз қалуы да мүмкін. Біз, тек қолда бар дерекке ғана жүгінеміз. Хат тым ұзақ. Сондықтан да қысқа-қысқа үзіндіге қанағат етуге тура келеді. Москвадан жолданған сәлем былай басталады:
«Қадірлі Мұхтар!
Біз, соңғы төрт-бес жылда ғана етене танысып, аралас-құралас болдық: осы уақыттың ішінде бір-бірімізге сен деп сөйлесу әдетімізге айналды. Сондықтан да, менің жолдастық, ашық әрі былай қарағанда қатты-қатты айтылғандай көрінетін осы хатымда саған «сен» деп қарапайым сөйлеуімді көңіліңе алмауыңды өтінемін. Біз бір қалада тұрып, жиі кездессек те, саған осы мазмұндас хат жазсам-ау деген ой баяғыдан мазалап жүр еді. Бұндай тілек саған жат көрінгенмен, маған жат емес. Ашығын айтайын, әр адамның өз кемшілігі болады. Сенің бойыңдағы кемшіліктің бірі сол, сен тым өкпешілсің, кейде түкке тұрғысыз нәрсеге бола шала бүлінесің. Сондықтан өз пікірімді саған ашық айтуға батылым жетпеді, ал хат жазуды ыңғайсыз көрдім».
Сәбит Мұқановтың бұрыннан хат жазбақ болып жүргеніне қарағанда және Қайым Мұхамедхановтың естелігінен байқалғанындай, екеуінің іштей өкпелесуі 40 жылдардың басында-ақ басталған сияқты. Араларындағы түсініспестікке не себеп? Сәбитке «болмашы» көрініп тұрған жай, Қ.Мұхамедхановтың «сүйіншісіне» қатысты емес пе екен? Жоқ, одан да өзге себеп бар екен.
«Егерде Москвадағылар сенің мен туралы пікірлеріңді маған айтпағанда, мен әлі де біраз уақытқа дейін тәуекелге бармас едім. Гослитиздаттағылар маған сенің: «Мұқановтың «Жұмбақ жалауын» біз білеміз, ол нашар шығарма, оны жақсы еткен «Дроздов» деп түсінік бергеніңді айтты. Және сондағылар мынаны жеткізді: Сен «Қазіргі қазақ әдебиеті жинағына» жазған өз мақалаңды оқып шығып, «Сәбит Мұқанов – қазақ әдебиетіндегі жетекші жазушылардың бірі», деген сөзді оқып қатты ашуланыпсың. Сол кезде саған өз қолыңмен жазылған мақаланың қолжазбасын көрсетіпті, сен қызарақтап қысқа ғана: «Мен сызып тастаймын ендеше», – депсің.
Бұл сөздерді естігенде менің төбе шашым тік тұрды. Егер де осы шындық болса, менің тура айтқаныма кешір, онда сенің Құнанбай заманынан қаныңа сіңген тобықтылық қаның ойнап кеткен болу керек. Біз қарама-қарсы топтың қатарында жүргенде де менің сен туралы пікірім жоғары болатын. Мен сені біздің заманымыздың ең ірі таланттарының бірі, тек қазақ жазушыларының арасында ғана емес, сондай-ақ көп ұлтты Одағымыздағы жазушылардың, соның ішінде орыстарды қосқанда да ең мәдениетті адамның бірі деп есептегенмін (қазір де солай ойлаймын). Сенің жоғарыдағы сөздеріңді естігенде, мен: «Мұхтардың да осындайға ебі бар ма еді?», - деп таң қалдым.
Мені жек көрінішті ғып көрсеткеніңе, не менің беделімді төмендетіп, қорлағаныңа ренжігенім жоқ. Мүлде олай емес! Меніңше, жазушы өзін-өзі қорлайды. Жақсы шығарма жазсаң – сен жақсысың, жаман жазсаң – сен жамансың».
Реніштің түп-төркіні енді белгілі болды. Сол баяғы ауыздан-ауызға таралған қауесет. Сәбитке Мұхтардың пікірін жеткізген адамдардың ниет-пиғылы қандай еді, бұл сөздердің айтылғаны рас па, өтірік пе? Оны анықтаудың мүмкіндігі енді туа қоймас. Мұхтардың жауап хаты болмағандықтан да, саралап-талдау, дерексіз топшылау – ілтипатқа жатпайды.
Дегенмен де, біздің ойымызша, бұл арада Сәбиттің пікірі де, өкпесі де орынды. «Абай» трагедиясы мен «Абай» романы қанша қанат бітірсе де, қиын күндерде қол үшін берген адамның асыл қасиетін ұмыта қоятындай көп уақыт өте қойған жоқ. Оның үстіне қазақ арасы емес, жат көздің ортасында ақ қарға атандыру – ұлттық шамкөстікті де қоздырады. Демек, Мұхтардың бұл мінезі, С.Мұқанов айтқандай, «өзінің деңгейінен төмен» пендешілік. Замандастары жиі айтатын: «Болмашыға өкпелеп, қара сел жүргізіп, ешкімді бетбақтырмайтын» мінезінің расқа сайғаны. Бұдан кейін Сәбит өзін-өзі ақтауға бет бұрады.
С.Мұқанов (хаттың жалғасы): «Кейде қолдан жасалған бедел болады, оның ғүмыры қысқа. Егер, сен менің «дәрежем» туралы білгің келсе, оны мен өзім-ақ айтамын. Мен – өсіп келе жатқан жазушымын. Бұл сөзім саған түсініксіздеу көрінуі мүмкін. «Сен, қайдағы өсіп келе жатқан жазушысың, жасың қырықтан асты, шашыңа ақ кірді, жиырма жылдан бері жазып келесің», – деуің де мүмкін.
Бәрі де дұрыс. Бірақ та мен сенің назарыңды мына нәрселерге аударғым келеді.
Сен екеуіміз әдебиетке әртүрлі жолмен келдік. Сен Европа біліміне сусындап барып қолыңа қалам алдың: ал мен болсам шала сауатты Европа, Россия, Шығыс классикалық әдебиетінен мүлдем мақұрым едім, тіпті қазақ әдебиетінің өзін нашар білетінмін. Маған білім берген совет мектебі. Менің алғашқы білім баспалдағым – Орынбордың Рабфагі болды, онда мен 1922-1926 жылдары оқыдым. Бұл мектептен де мен алуға тиісті білімді толық бойыма сіңірмегенімді мойындаймын. Бар уақытымды қоғамдық-саяси жұмыстарға жұмсадым. Иә, совет адамымын деп есептейтін адамға басқаша істеу мүмкін емес-тін. Буржуазиялық ұлтшылдармен күрес жүріп жатты, өліспей беріспейтін күрес еді ол. Осы ұлы күресте, саналы адам: «Мен әуелі оқу оқиын, содан кейін күреске түсем», – деп бәрінен шет қалып, қолын қусырып отыра ала ма? Күрестің қандай тең емес жағдайда өршігені сенің есіңде ме? Алашорда жазушыларының білімі бізден жоғары еді, ал біз (мен бұл арада ұлтшылдармен жан аяспай күрескендерді айтып отырмын) совет өкіметінің мықтылығының арқасында оларды жеңе алдық.
Міне, сол бір шешуші айқастың тұсында мен рабфактағы оқуға дұрыстап көңіл бөле алмадым, бар ынтасын оқуға жұмсаған менің сабақтастарыммен (Ғабит, Үміт – т. б.) салыстырғанда олардан мен нашарлау оқыдым. Ол үшін өкінемін де, өкінбеймін де».
Жоғарыдағы хаттың үзіндісінен байқалып қалғанындай, ең бірінші басты мәселе – әдебиетке, оның көркемдік дәрежесіне Сәбиттің – Сәбитше, Мұхтардың – Мұхтарша көзқараспен қарауы еді. Мұхтар «Абай» романын жазып бітіргеніне бір жыл толса да, ол әлі жарық көрмеп еді. Бұл шығарманың баспада ұзақ жатып қалуына (әрине, сол кездің өлшемі бойынша) Сәбиттің де ықпалы болмай қалған жоқ. Ол романды Сәбең де жоғары бағалады, бірақ, таза пролетарлық мәдениет қайраткері ретінде кейде орынды, кейде орынсыз талаптар қойды. Соның біразын қабылдағанымен, біразын Мұхтар қабылдамады. Жарықшақ осы арадан туған болуы мүмкін.
Іле алма-кезек міндесу басталып кетті. Соның бірі – осы хат. Сәбит Мұқанов өзінің де кемшілігін мойындайды. Алайда сол кемшілікті – нағыз кемшілік деудің орнына, ол өзінің «таза советтік күрескер» боламын деп оқуға мән бермегенін ақтай сөйлейді. Тіпті, Мұхтардың білімге ерте сусындағанын мін ретінде бетіне басқысы келетін де сыңай танытады.
«Өкінетінім: жалпылама білім беретін пәндерден (физика, химия, жаратылыстану, математика т.б.) мағлұматымның аздығы менің қазіргі әдеби-шығармашылық еңбегіме кедергісін тигізіп келеді, ал өкінбейтінім: менің мектеп пәндерін игеруіме бөгет жасаса да, сол бір шешуші айқаста саяси тұрғыдан шынықтым. Мен оны мақтаныш етемін, өйткені күрестің ауыр күндерінде мен отаныма қаламыммен ғана емес, істікпен де (штыкпен де – Т.Ж.) қызмет еттім. Мектеп пәндерін нашар игеруім менің шығармаларыма да кері әсерін тигізді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы менің жазған өлеңдерім мен әңгімелерім, мақалаларым өзінің атын ақтай ала ма? Әрине, жоқ! Менің өзім де қазір оларды қызара еске аламын. Әрі ренішпен, әрі ризашылықпен қызарамын. Ренжитінім, сауатсыз, орашолақ жазғаным, ризашылығым, сауатсыз жазылса да олар қазақ тілінде жазылған кеңестік жырдың алғашқы әуені еді. Бұл туралы сенен басқа қазақ кеңес жазушыларының бәрі де айтты да, жазды да. Тек сен ғана мардымсып: «Сонда Мұқанов не жазды?», – деумен келесің. Мені жазушы деп мойындау, не моыйындамау, әрине, сенің өз еркің.
Мен өзімнің «өсіп келе жатырмын» деген сөзіме қайтып оралайын. Менің поэзиялық шығармаларымның ішінен сенің назарыңды – «Кешегі батырақ, бүгінгі батырақ» (26), «Октябрьге өткел» (27), «Сұлушаш» (28), және «Ақ аю» (35) дастандарына аударғым келеді. Немене, бұл дастандардан ілгерілеу байқалмай ма? Егерде менің прозаларымды алатын болсақ, онда «Ақбөпе» (26) повесімен «Адасқандар» (28), «Жұмбақ жалау» (35), «Балуан Шолақ» (40) романдарының арасында айырмашылық жоқ па?
Бір дерек келтірейін. Осы жолға Москваға сапарымда жолай Жазушылар одағына соқтым. Онда жаңа ғана келген армян жазушыларының арасында Фадеев және бірнеше орыстың үлкен жазушылары тұр екен. Фадеев мені көре салып құшақтап: «Құрметті Мұқанов! Сені «Балуан Шолағыңды» оқығанда қуанғанымды айтсаңшы.Сен тамаша дастан жазғансың!», – деді де жазушыларға қарап дастанның қысқаша сюжетін айтып беріп, менің қолымды тағы да қысты. Ал осы да алға басқандық емес пе?
Айтпақшы, «Жұмбақ жалау» туралы. Мен онда кемшілік жоқ демеймін. Егер мен олай ойласам, онда баспаға дайындаған екінші басылымына өзгерістер енгізбес ем. Бірінші нұсқасына өзгерістер жасау туралы ой маған: романның жақсы жақтарымен қоса кемшіліктерін де көрсеткен мыңдаған оқырмандардың хатын алған соң келді. Мен көпшіліктің бұл тілегін қабылдадым. Қабылдағаным, олар Бейсенбайдың сауатсыз, қыңыр мақаласынан көрі шын жүректен шыққан сөздер еді. Демек, сен: «Мұқановты Дроздов түзетеді», – деп бекерге күйіндірп, сөз таратасың. Әзірше менің әдеби өмірімде мен үшін біреу жазып берген оқиға кездесе қойған жоқ.
Менің сыни еңбектерім туралы бірер сөз.
Сенің есіңдеме, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы ғылыми байсалдылықтан көрі партизан жорықтарын еске түсіретін менің айқайшыл –сауатсыз мақалаларым. Мұны мен қандай әлеуметтік-саяси жағдайда, қандай білім дәрежесімен жазғанымды да білесің. Мен ол кезде техникалық тұрғыдан да (жазу мәнерін меңгеру шеберлігі ме – Т.Ж.), саяси тұрғыдан да сауатым аз еді. Мен Маркс, Энгельс, Лениннің тек жақсы адамдар екенін, өйткені олар мен сияқты қаналған батырақтарға бостандық бергенін ғана білетінмін. Бірақ олардың іліміне үңілуге, теориялық тұрғыдан түсінуге мен дайын емес едім. Алайда уақыт талабы мені күреске шығуға мәжбүр етті. Саяси ғана емес, идеологиялық күрес те жүріп жатқан, өйткені қазақ еңбекші жұртшылығының арасындағы оқығандардың аздығын пайланып, әр түрлі бетқап киіп, өздерінің шіріген ойларын насихаттады. Оларға қарсы соққы беру керек болды, мен кеңес өкіметіне сүйене отырып, теориялық қаруымның жетімсіздігіне қарамастан, шабуылға шықтым. Осы бір шешуші айқаста мен біраз қателіктер де жібердім, мысалы, тек дұшпандарды ғана емес, сонымен қатар: Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты халықтың нағыз достарына да қамшы үйірдім. Бұл арада оның обьективті де, субьективті де себептері болды. Обьективті себебі: мен марксизм-ленинизмнің ескі мәдени мұраларды игеру туралы ілімін білмейтінмін. Ал субьективті себебі: қазан төңкерісінен кейін ғана бұқарамен бірге қанаудан құтылған маған «бай» деген сөз құбыжық болып көрінді, сондықтан да бай тегінен шыққандарға албасты ретінде қарадым, байлардың ішінен де Абай сияқты жақсы адамдардың шығатынын білмедім. Мен бұл қателігімді кейін түзедім.
Бұрын да және қазір де мен өзімнің негізгі мамандығым сыншы және әдебиеттанушы деп есептеген емеспін. Сын майданына мен жағдайға байланысты ғана араластым. Өсіп келе жатқан адам есебінде бұл салада да аздаған жетістіктерім бар. Сенің өзің де маған бірнеше рет менің бұл еңбектерімнің (менің Абай, айтыс, Қазақстан жазушыларының екінші сьезіндегі баяндамаларым т.б. туралы) ғылыми тұрғыдан пайымды әрі әділ пікір екенін айтып едің ғой.
Мен өз шығармашылығым туралы сөзімді осымен аяқтаймын. Бұл жолдар саған бір түрлі тосын көрінуі: «Мұқанов өзін-өзі неге осынша мақтай береді?» – деуің мүмкін. Құрметті Мұхтар, бұл мақтау емес, бұл менің өмірім, менің ащы шындығым, өзімді «өсіп келе жатқандардың» қатарына қосқаныма орай ақталғаным».
Міне, бұл Сәбит Мұқановтың қателігі осы жолдарда жатыр. Ол өзінің әлсіз жерін біле, түсіне отырып, соны ескергісі келмейді, керісінше, «ақталғысы келеді», «мақтанғысы келеді». Көркемөнердің қатаң талабы сол, сауатсыздықты ешқашанда ақтауға да, кешіруге де болмайды. Өйткені ол саясат емес, мыңның емес, миллионның біріне берілген табиғи дарынды кещелікпен жұмсау – кешірімге жатпайды. Жалаң идеямен жақсы көркем шығарманың тумайтынын сезе тұрып, соған көңіл бөлмегеніне тап тартысы кінәлі ме?
Жазушылық қасиет – жекенің еншісі. Ендеше оған көпті көлденең тарту әбестік. Әрине, сыннан қорытынды шығармады деген сөз емес бұл. Егерде, дәл осындай сыңар езулеп пікір қозғайтын болса, Әуезовтің де сөз табатыны түсінікті. Сәбең одан әрі өзінің «өсіп келе жатқан жазушы екендігін» табанды түрде дәлелдей келіп, ойын былай өрбітеді:
«Енді мен сенімен, соңғы 2-3 жылда екеуміздің арамыздағы қарым-қатынастың неліктен нашарлап кеткеніне тоқталғым келеді? Оның негізгі себептері мыналар сияқты: сен соңғы жылдары (мүмкін бұрыннан-ақ шығар) – осы жарық дүниеде ешкімге есе теңдік бермейтін, бәріне қызғанышпен қарайтын, әсіресе, Мұхтар Әуезовтің жолын кес-кестейтін, өзінен басқаны ойламайтын Сәбит Мұқанов дейтін бір зұлым бар деп ойлайтын сияқтысың. Сен биыл «Социалистік Қазақстанның» ұйымдастырған жиналысында дәл осылай дедің (Жақшаның ішінде айта кетейін, алашордашылар да оларға қарсы күрескенімде мені осылай атаған, бірақ та өмірдің өзі көрсеткеніндей, совет өкіметінің буржуазиялық мемлекеттің орынын баспағаны сияқты, мен де олардың орынында отырғаным жоқ).
Сенен: «Мұқанов бізді қызғанады», – дегендегі «біз» дегенің кімдер екенін түсіндіруді өтінемін? Сен қазақ әдебиетінің барлық өкілдерін ой елегінен өткізші, солардың ішінде мен көмектеспеген бір адам бар ма екен? Тіпті, соңғы 3-4 жылдың ішінде қырғиқабақ боп жүрген Ғабиттің өзі де оның творчестволық және мәдени өсуіне менің септігім тимеді деп айта алмайды. Ол жазушылардың бәрі де ол туралы менің мәжбүр етуімсіз жазды. Осы да қызғаныш па? Осы саған қызғанышпен карайтын менің нем бар? Сенің қазақ мәдениетіндегі, әдебиетіндегі алатын орының өте зор. Бірақ та, сен әдебиетте қандай орын алсаң да, мені осы орынға апарып сиғыза алмайсың. Менің өз шаруашылығымды емін-еркін орналастыратындай әдебиеттегі өз жерім өзіме жеткілікті, ендеше менің жеріме түсіп кетеді деп секемденуіңе еш негіз жоқ».
Сәбит Мұқановтың бұл уәжі де түсінікті әрі қисынымен айтылып тұр. Өйткені, Мұхтар – Моцарт, Сәбит – Сальери емес болатын. Ал екеуін осылай көрсеткісі келгендердің саны көп еді. Қазір де бар.
С.Мұқанов (хаттың жалғасы): Сенің кейбір жекелеген шығармаларыңа айтқан сыни пікірлерім: саған деген қызғаныштан емес, менің көзқарасымнан туып отыр. Ашығын айтқанда, сенің соңғы жылдарда жазған шығармаларыңа менің көңілім толмайды. Сенің ол дүниелерің әлжуаз, жасық. Мен сенің совет дәуіріне дейінгі және совет дәуірінен кейінгі шығармаларыңды салыстырдым. «Қыр суреттерін» – «Шатқалаңмен», «Қараш-Қарашты» – «Хасеннің құбылыстарымен», «Қаракөзді» – «Тастүлекпен» салыстырдым. Алғашқы аталғандары нағыз көркем дүние, ал екіншісі – құр схема, бейімделу ғана («Абай» пьесасы мен «Абай» романы туралы кейінірек тоқталамын). Менің есептеуім бойынша, совет өкіметін мойындағаннан кейін Советтік Қазақстанның өмірінен алынып жазылған оншақты пьесаң бар екен. Айтшы, сонда осының ішінде көркемдігі жағынан «Қаракөзбен» не «Еңлік-Кебекпен» теңдесетін біреуі бар ма? («Еңлік-Кебек» туралы пікірім жоғары. Мен оны бұл арада сенің совет дәуіріне дейінгі әдеби қайраткерлігіңнің тұсында жазылған шығарма деп бағалаймын).
Достарыңызбен бөлісу: |