Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет14/42
Дата25.02.2016
өлшемі2.62 Mb.
#21342
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   42

Ә.Ермековтің Лениннің сұрағына: «Қазақстанда жерге байланысты ұлтаралық қатынастың шиеленісіп тұрған қазіргі жағдайында қазақтардың өздерін жерге орналастырып алмай, шаруаларды қоныстандыруға мүлдем қарсымын және қоныстандыру әрекеті шұғыл тоқтатылуы керек, – деп жауап беруі де сондықтан.

Бұл тар ойлы тарихшылар айтқандай, «орыспен бірге өлейік» деген сөз емес, ұзақты болжаған саясат еді. Оның шындығына қазір толық көз жетіп отыр.

Міне, осы айтыста «аса қауіпті адам» ретінде Ә.Бөкейханов чекистердің ерекше құпия бақылауына алынды. «Кәрі көсем» туралы қазақ үкіметінен шұғыл түрде мәлімет талап етті. Мәселенің кеңес дәбірлерін дүр сілкіндіргені сондай, Қазақ АССР халық комиссарлары кеңесінің төрағасы В.А.Радус-Зенькович 1921 жылы 13 маусымда Орынборда РКП(б)-ның І қазақстандық партия конференциясында сөйлеген жауап сөзінде:

«Енді Бөкейханов туралы мәселеге келейік. Маған бұл сұрақ Москвада жүрген кезімде қойылды. БОАК-нің мүшесі жолдас Соколов менен: Қазаткомда алашордашыл Бөкейхановтың отырғаны рас па? – деп сұрады. Қазаткомның мүшесі Бөкейханов (Ғабдүлхакім Бөкейханов – Т.Ж.) кадет Бөкейхановпен еш туыстығы жоқ, олар Қазақстанның екі түкпірінен, – деп жауап бердім. Кез-келген мін таққысы келген адам алдымен шындыққа көз жеткізіп, анықтап алуы керек, содан кейін барып ауыр сөздер айтуға болады...

Егерде әйгілі Бөкейхановқа келетін болсақ, ол – қазақ даласының асқан білгірі. Оны тиімді пайдалана білу керек. Ол алдағы уақытта да техникалық қызметкер ретінде жүріп те ықпал жасауы мүмкін, бірақ та ол жергілікті жердің жағдайын тез аңғарады, сонысымен де үлкен көмек көрсетеді. Ол қазақ тұрмысының нағыз әмбебап энциклопедиясы, өлке тарихының оқымыстысы. Ешқандай кітап оны алмастыра алмайды. Бізге осындай, әрине, біздің бақылауымызбен және басшылығымызбен жұмыс істейтін кадрлар өте қажет.

Жалпы қазақ құрылтайы кезінде де біз қазақ интеллигенттерін сауатсыздықпен және қараңғылықпен күресуге шақырғанбыз. Біз барлық сауатты қызметкерлерді есепке алып, ағарту жұмысына пайдалануға тырыстық. Шексіз даланы өзіңе бағындыру өте қиын. Өз күшімізбен алып шыға алмаймыз. Ал сіздер, жергілікті жердегі жолдастар, қазақ қызметкерлерін сауатсыздықты жоюға жұмылдыра білдіңіздер ме, мұндай күшті ескердіңіздер ме?», – деп конференция делегаттарына түсініктеме берді.

Өзге-өзге, қазақ ұлтын сауаттандыру мен өркениетке жетелеу жолында Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновты алмастыратындай адам қазақ даласында жоқ болатын. Мұқым жұрт оларды ұлттың көсемі деп танитын. «Коммунистік-колонизаторлық» рухы үстемдік алып, кешегі қоныс аударушылар қазақ жерін телімге салуға ұмтылған кезінде, олар, әрине, қарсылық көрсетті.

Содан бастап «Алашорда» қайраткерлеріне кешірім жасалғанымен де, олардың соңынан тыңшылық жасау бір сәтке де тоқталған емес. Ол үшін бұрынғы жандармерия тыңшысынан бастап қарақшылар мен бандыларды да «ақылы қызметке» тартты. Олар үш айда, жарты жылда және бір жылда сол деректерді жүйелеп, өзінен жоғары мекемеге беріп отырды. Ең соңында олардың үстінен жиналған ақпараттар республикада талқыланып:

«Дулатов жігерлі, алғыр Ғаббасовқа қарағанда өте батыл қимылдайды. Ғаббасов, Бөкейханов үшеуі қазақ қызметкерлерінің ішіндегі ең бас көтерерлері, жоғарыдағы көрсетілген бағытта істелетін жұмыстардың барлығы да осы үшеуінің ақылымен істеледі», – деген мазмұнда мінездеме беріліп, тұрақты түрде Москваға жіберіліп отырды.


1922 жылы ГПУ тыңшысы Облыстық өлкелік комитетке Ә.Бөкейхановтың үстінен:

«Қазақстан ақгвардияшыл бандылардан толық тазартылғаннан кейін жаңа ревком техникалық жұмыстарға пайдалану үшін Бөкейхановты Орынборға шақыртты. Ол мұнда аз ғана болды да Семейге қайтып кетті, қазір де сонда. Кеңес өкіметіне қарсы күрескен барлық бұратаналарға жарияланған кешірімнің Бөкейхановқа ешқандай әсері болған жоқ, Байтұрсыновтан бастап алашордашылардың дені РКП(б)-ға мүше болып, кеңес өкіметінде жауапты қызметтерде істейді», – деп ақпарат береді.

Сол тыңшылық ақпартта:



«Бөкейхановтың Семейге кетуінің себебі: бастапқыда Монғолия мен Қиыр Шығыстағы жағдай қалай бетбұрыс жасайды, соның аңысын байқап отырғысы келді, кейін Бакичтің бандыларының әскери әрекетін күтті, енді міне, оның Унгернмен байланысы баспасөзде жарияланды. Мұның барлығы Бөкейхановтың кеңес өкіметін құлату үшін жатпай-тұрмай күресіп жүргендігін байқатады», – деп көрсетілді.

Ал Әлихан Бөкейхановтың туған інісі Смахан Бөкейхановтың мағлұматы бойынша:



«1919 жылы қызылдар (қайтып) келді. 1919-жылдан 1920- жылға дейін Әлекең тобықтыда болды. 20-жылы өз елінде, өз ауылында, өз үйінде болды. 20-жылы Орынборда қазақ автономиясы сайланғанда жиылысқа барып, совет еліне көрінді. «Лесной земледие» жағына қызметке кіргізді. 21-жылы әйелі ауру болып, Семейде опат болды. Өзі сонда (жерлеуге) Орынбордан келді».

1920-1922 жылдардың арасында кеңес өкіметінің Орта Азия мен Қазақстанға қаратылған саясаты қатты шиеленісіп кеткен еді. Оған себеп:

1. Ленин пролетарлық диктатураны ашық ұстанып, «ұлттардың өзін-өзі билеу еркі туралы декларацияны «бір жапырақ қағаз екенін», ешқашанда «Орта азиялықтар мен қырғыздарға» тәуелсіздік берілмейтінін», оларға «коммунизмде де еуропалық жұмысшылар билік жүргізетінін» жариялады.

2. Қазақстанның Ресеймен және Түркістанмен арадағы жер шекарасын анықтау мәселесі үлкен пікір таласына әкелді. Арнайы комиссия құрылды. Оны Семейден С.Сәдуақасов «мүйіздеп қуып шыққан», кейіннен өлкелік, орталық комитеттің қызметкері, жиырмасыншы жылдардың аяғында ішкі істер министрінің орынбасарлығына тағайындалған «Кене» – Ежов партиялық бақылауға алды.

3. 1921-1922 жылдары бір жарым миллион қазақтың өмірін қиған ашаршылықтың тұсындағы «Алашорданың» мүшесі болған қазақ зиялыларының жанкешті қимылы, олар құрған «Аштарға көмек комитетінің» жұмысы халық арасында үлкен беделге ие болды.

Мысалы, Ә.Бөкейханов өзі бассауғалап жүрсе де 1921 жылы тобықтының Шаған, Бұғылы, Шыңғыс, Мұқыр, Қызыладыр және найманның сыбан болыстарынан сауынға мал жиып, Торғайға мал айдап бара жатқан Жүсіпбек Аймауытовқа табыстайды. Сөйтіп, «осындай қастандыққа барған» олар «кеңес өкіметін құлату үшін жатпай-тұрмай күресіп жүргендігін байқатты», халықтың бетін большевиктерден «қасақана» бұрып әкетті. Әрине, ашаршылықтан күйзелген қарапайым жұртшылық кеңес өкіметіне ашықтан ашық сенімсіздік танытуы заңды да еді.

4. Түркістанда ұлт азаттық қозғалысы белең алып, бұл республикалардың Ресейден бөлініп кету қаупі шындыққа айнала бастады.

5. Ресейдегі шаруаларды аштықтан құтқару үшін – Қазақстанға қоныстандыру науқаны қолға алынды. Ол үшін жерді межелеу мен телімдеудің жаңа жоспары жасалды.

Сталиннің:

«Валидовтің Орта Азия буржуазиялық республикаларын бір федерацияның құрамына біріктіріп, кейін оны революциялық Россиядан бөліп әкетуді көздеп жүр», – деген күдігі қазақстандық чекистерді де сақтандырып, бақылауды күшейтті.

Өзiндiк пiкiрi бар қазақ қызметкерлерiнiң барлығына «ұлтшыл» деген айып тағылып, сыпыра жұмыстан қуылды. Олардың әрбiр қадамы бақылауға алынып, соңдарына ерген «салпанқұлақтардың» есебi Iшкi iстер халық комиссариатының Мемлекеттік саяси басқармасының ерекше бөлiмiнiң тартпасына жинақтала бердi. Бұл орайда «Алашорданың» көсемдері Ә.Бөкейханов, М.Тынышбаев, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, А.Бірімжанов, М.Жұмабаев, Б.Сәрсенов, Р.Марсеков тұрған Семей қаласы ерекше бақылауға алынды. Шұғыл шара ретінде Ә.Бөкейханов пен М.Дулатов тұтқындалды. Тыңшылық істің жылдық қорытынды есебін берген Каширин мен тергеу бөлімінің бастығы Якубовский Мәскеуге:



«Бөкейханов пен Дулатовты Семей губерниялық бөлімі жолдаған ақпараттарға сүйеніп, солардың сұрауы бойынша тұтқындауға рұқсат беріп едік, мұның барлығы да кейін өтірік болып шықты. Губаткомның бұрынғы төрағасы Әуезовтің қазіргі губаткомның төрағасы Досовтан талап еткеніндей, бұл тұтқындау Қарқаралы мен Семейдегі қазақ қызметкерлері арасында қажетсіз керіс туғызуы мүмкін. Мұны ГПУ қызметкерлері кездейсоқтық деп түсіндіруі қажет. Соңғы уақытта бірінші топтың мүшелері Орынборға жиналып жатқаны байқалады», – деп хабарлады.

Олардың бұл мағлұматын Смахан Бөкейхановтың:

«21 жылы ауылда – Желтауда қыстады. 22 жылы 10 қазанда милиция келіп «арестовать» етіп Қарқаралыға әкетті. Қарқаралы қазақтары амандасып, жыласып» қоштасады. Ә.Бөкейхановты сол бетінде Мәскеуге алып кетті», – деген естелігі растайды.

«Губаткомның бұрынғы төрағасы Әуезовтің қазіргі губаткомның төрағасы Досовтан талап еткеніндей, бұл тұтқындау Қарқаралы мен Семейдегі қазақ қызметкерлері арасында қажетсіз керіс туғызуы мүмкін», – деген чекистердің мүләйімсінуінен «Қарқаралы қазақтарының оған амандаса барып, жылап қоштасуына» сескене қарағаны анық аңғарылады.


Әлихан Бөкейханов іске тартылса, онда қалғандарының ешқайсысы аман қалмайтыны белгілі. Ә.Бөкейханов өзгелерді сақтау үшін де өзін сақтау қажеттігін анық түсінген. Ал Өлкелік партия комитеті мен үкіметі, ресми орындар Ә.Бөкейхановтың Қазақстанда тұруы өздеріне аса қауіпті, ол мұнда жүрген кезде елді емін-еркін билеп-төстеудің еш мүмкіндігі жоқтығына және беделдерінің болмайтынына көздері анық жеткен. Сондықтан да большевиктер де тосын шешімге келеді. «Алашорданың» төрағалары Ә.Бөкейханов пен Халел және Жаһанша Досмұхамедовті, М.Тынышбаевті Қазақстанда тұру құқынан айырады. Ә.Бөкейханов Москваны таңдайды. Сталиннің қасында «жүрсе» өзгелерге қауіпсіз болады және орталықта отырып саяси істі ағымды бақылап, олардың саясатына орай тиісті шешім қабылдап, қазақ қызметкерлеріне дер кезінде кеңес беруге қолайлы, тіпті қысылтаяң сәтте Сталиннің қабылдауында кіруге де мүмкіндік беретін орын Москва деп шешкен сияқты. Өздерінің ықпалынан шығып бара жатқанына «өкінгендей» сыңай танытқан сол тұстағы Қазақ автономиясының бас чекисі Каширин 1922 жылы 12 желтоқсан күні өте құпия түрде:

«Алашорда туралы: біздің бұдан бұрынғы жолдаған № 2265 хабарымызға қосарымыз мынау. 7 желтоқсан күні Әлихан Бөкейханов Москваға Сталинге жолығуға жүріп кетті. Агентуралық ақпараттарға қарағанда Бөкейхановтың Москвада қалып, Ұлттар жөніндегі халық комиссариатында қызметке қалғысы келеді. Әлихан Бөкейхановтың жолға шығуына және Міржақып Дулатовтың түрмеден шығуына байланысты Дулатов келіп түскен Ахмет Байтұрсыновтың үйінде бас қосты... Әңгіме кезінде Бөкейханов өткенді еске алумен болды, бүгінгі күннің мәселесіне тоқталмады... Бөкейханов: Қазақ жер комитетінің «мамандары» Яновский мен Энгельдгардтың қазақтарды жерге орналастыру жоспары өмірі іске асырылмайтын жоба, кейінгі кезде кеңес өкіметінде қызмет ететін алашордашылар баспасөзде естелік жаза бастапты, саяси іске араласпаймын деп қолхат бергемін, сондықтан да ашық пікір білдіре алмаймын, деп кекете сөйлегенінен басқа саяси мәселе көтерген жоқ», – деп Москваны алдын-ала құлақтандырып қойыпты.

Ахмет Бірімжанов, Асфандияр Кенжин, Кәрім Тоқтабаев бас қосқан дастарханның әңгімесі Каширинге қалай жеткені жұмбақ емес, соны кімнің жеткізгені жұмбақ. Олардың жымсымасына қарағанда: «Міржақып Дулатовтың Ташкентке ауысып, сондағы баспасөзге орналасу қажеттігі сол отырыста мақұлданыпты-мыс. Ал, Кашириннің «алдын-ала жүргізген барлау жұмысының» ақпараты рас еді. Ә.Бөкейханов 1922 жылдың қазанында И.Сталиннің өзі құрған және үнемі бақылауында ұстаған Ұлттар жөніндегі халық комиссариатына қарасты КСРО халықтарының кіндік (орталық) баспасының әдеби қызметкерлігіне шақырылған болатын. Бұл да сол жылы жазда өткен Коминтерннің ІІ құрылтайындағы отарланған аз ұлттар мәселесінің халықаралық деңгейде талқыланған саяси айтыстан кейінгі және РСФСР-дің СССР боп құрылуына, автономиялық республикалардың дербестігі мен шекарасын бекіту қарсаңындағы «шұғыл сақтандыру» шарасының нәтижесі еді. Ленин мен Сталин қатты есептесіп, аз ұлттар тағдырын сеніп тапсырған Заки Валидовтің үкімет мүшелігінен бас тартып, тұтас Түркістан мемлекетін құру үшін құпия түрде Орта Азияға кетуіне байланысты, сондай-ақ татар үкіметінің төрағасы М.Сұлтанғалиевтің тәуелсіз ұлттық мемлекет туралы атақты сөзінен кейінгі ұлттар жөніндегі комиссариаттың жанталаса қабылдаған сақтық саясаты болатын.

Ә.Бөкейханов сыртта жүрсе де қазақ ұлтының дамуы мен мүдделі мәселелерін, соның ішінде ел мен жер тағдыры шешілетін саяси шаралардың қарсаңында, мысалы солтүстік және оңтүстік облыстардағы шекаралық межені халық санағын жүргізу арқылы белгілеу науқаны алдында тиісті мағлұматтарды баспасөз арқылы қалың қауымға жеткізіп отырған. Сөйтіп кеңес өкіметінің өз баспасөзін пайдалана отырып «астыртын нұсқау» берген. Түркістан мен Қазақ автономиясының, Қазақ автономиясы мен Батыс Сібір өлкесінің шекарасын анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылған тұста «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 28 қазандағы санында М.Дулатовтың тапсырмасымен «Қазақ қанша?» атты шағын шолуын жариялады. Онда:

«1914 жылы Руссиядағы бар адам 161 миллион 700 мың болатын. Ол жылы қазақ қанша еді? 1896, 1907 жылы он жыл аралатып Көкшетау уезіндегі қазақты екі қайта есептеген. Осы екі есепті (өзара) салыстырсақ, қазақ өсімі жалпы адам баласының өсімінен артық көрінеді. Қазақта бір жылда екі жүзге үш адам қосылып өседі десек, 1914 жылғы қазақтың саны 6 миллион 470 мың болған болады.

Соғыс басталғаннан бері 10 жыл өтті. (Сонда) қазақтың он жылғы өсімі 979 мың. 17-21-жылдарда алаш жайын (елін) сүзек жайлады. 1917-жылы Түркістан, 1921-жылы Қазақстан жұтады. Ашаршылық болды, адамдар аштан өлді. Сонда қазақтың 10 жылғы өсімі өлді десек, осы күні қазақ 6 миллион 470 мың болады. Сүзектен, аштан өлген адам (саны) 970 мыңға есеп десек, өлікті көбейткен (де), осы күнгі қазақ санын азайтқан да (сол есеп) болады. 6 миллион 470 мыңнан 970 мың адам өлсе, бұ өзге сөзбен айтқанда жүзден (жүз адамға шаққанда) он бес (адам өлген) болады. Бұл не? Бұ мынау алаштың жайында (елінде) ашы бар, оғы бар, ауруы бар, сауы бар, 20 үйден 15 адам өлдіге (есеп) болады.

Қазақ өтірік айтсын, есепші (бұл арада Ә.Бөкейханов ашаршылықтың құрбандарын кемітіп жазған кеңес хатшыларын мекзеп отыр Т.Ж.), көр соқырша жерді қармап есебін жаза алмасын, (сонда да) осы күнгі Түркістан (мен) Қазақстанның қазағы (мұнда Бұқара мен Хиуа қазағы жоқ) 6 миллион 470 мыңнан кем емес», – деп жазды.

Халық санағын жүргізетін комиссияға бұдан артық ақпарат пен есептің қажеті де жоқ болатын. Мұндай әшкерелеуші цифрлар кеңес өкіметінің жалған боямашыларына ұнамады.

С.Меңдешевтің: Ә.Бөкейхановтың мақалаларын қазақ баспасөзіне жариялау үзілді-кесілді тоқтатылуы тиіс және оны Қазақстанға жолатпау керек – деп орталық комитетке жазған ұсыныс-шағымын негізге ала отырып, Ә.Бөкейхановтан жауап алынады. Бұл жөнінде Ә.Бөкейханов А.Байтұрсыновқа:

«Меңдешұлы (С.Меңдешев, сол кездегі Қазаткомның төрағасы – Т.Ж.) жолдас «Бөкейханұлы «Еңбекші қазаққа» мақалалар жазады», – деп шағымданыпты. Бұл шағымы 15-маусымда Орталық Комитеттің жанындағы Баспа бөліміне түсіпті. Сол шағым бойынша мені сонда отырған татарлар тиісінше тезден өткізді. Мәскеу коммунистері: «Қазақтар – ұлтшылдар», – деп жалпыға жар салып, айқайлап жүр. Мен олардан: «Айтып жүргендерің не?», – деп сұрасам, олар: «Өздеріңе өздерің шағым жасап жүрсіңдер, яғни оны жазған – өз қазақтарың», – деп айтады», – деп жазды.

Ол мұндай тиым салуға шектеліп қалмай, 1916 жылғы қозғалыстың он жылдығына орай үлкен науқан өткізіп, жалған «қызыл көсемдерді» қолдан жасап, оған таптық сыпат бергісі келген кеңестік насихатшыл тарихшыларға қарсы 1926 жылы профессор Шестаковпен бірігіп «1916-1926» атты саяси зерттеуін жариялады. Онда 1916 жылғы оқиға:



«Таптық қарама-қайшылықтан туған қозғалыс емес, қазақ елінің азат санасын оятқан, отаршылдыққа қарсы бағытталған ұлт-азаттық көтеріліс», – деп баға берді.

«Сырттан билеп, астыртын нұсқау беріп» (С.Меңдешев) отырған Әлихан Бөкейханов, кеңестік жалған үгіт-насихатты жоққа шығарды. Голощекиннің Қазақстандағы жер реформасын жүргізу жобасы Мәскеуде қабылданбай қалғаннан кейін, оның үстінен аңду тіпті күшейеді. «Алдын-ала жүргізілетін тергеу жұмысына кедергі жасалмауы үшін» деген желеумен Ә.Бөкейхановтың РСФСР-дің шекарасынан тыс республикаларға шығуына тиым салынды, «күдіктінің» өзінен қолхат алды, құпия бақылау қойылды. Бұдан арғы тергеу жұмысы жандармерияның тыңшылық айла-амалы мен арандатушылық қитұрқысын әккiлiкпен меңгерген Голощекиннiң қазымыр басшылығының нәтижесiнде өте тыңғылықты түрде жүзеге асты.



Дәл сол кезде зиялы қазақ қызметкерлері Мәскеуде мырзақамақта жүрген Әлихан Бөкейхановқа жолығып, шойын жол маңына қоныстанған қазақтардың мал шаруашылығының тиімділігін анықтау мақсатында ақыл-кеңес сұрайды. Ал жер жөнiнде Әлихан Бөкейхановтан асқан бiлiмдi маман сол кездегi кеңес өкiметiнiң мемлекет басында да жоқ болатын. Бұл оқиғаның мән-жайына Әлімхан Ермеков тергеушіге берген жауабында:

«ОГПУ-дің өкілі Поповтың түсіндіруі бойынша маған 58 баптың 10 тармағы бойынша тағылған айыпқа менің Мұхтар Әуезовке жазған хатымдағы жер мәселесі жөніндегі пікірім негіз болыпты. Қолтаңбасына қарағанда шындығында да хатты жазған менмін. Бірақ ондай мағынадағы хатты Мұхтар Әуезовке емес, Әлихан Бөкейхановқа жазғанмын. Ол кезде мен Ғылым академиясының Қазақстанды зерттеу бөлімінде істейтінмін және Қазақ халық комиссариатының тапсырмасы бойынша қазақтарды жерге орналастыру мәселелесін негіздеумен айналыстым, сонымен қатар ол (Бөкейханов – Т.Ж.) федеральдық комитеттің мүшесі болатын (егерде сол кезде таратылып кетпесе). Осы комиссияның құрамында жүріп Қазақстан үшін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Өзі Мәскеуде тұратын, қызмет бабымен ара-арасында Ленинградқа баратын. Лиза Бөкейханова мен Шоқаневаның (–?) айтуынша онда Әуезовтің үйіне тоқтайтын. Бұл хаттың жазылу мәнісі төмендегідей.

Мен ол кезде Ташкентте тұратынмын, сонда педагогикалық жоғары оқу орынында дәріс беретінмін. Жер және орман шаруашылығы басқармасының бастығы Сәлімгерей Қаратілеуов Қазақстандағы Ғылым академиясының зерттеулерінің нәтижесін тиянақтау мақсатында Орта Азия мемлекеттік университетінен деректер алу үшін Ташкентке келді. Ол менің үйімде болды. Әңгіме отарлау институты мен Қазақстанға қоныс аударушылар мәселесіне тоқталды: бұл өте күрделі іс, қоныстандыру революциядан бұрынғы межеден де асып кеткендігі, сондықтан да граф Поленнің тексеру материалдарының Ташкентте екендігі, оған қатысқан қоныстанушылар басқармасының бастығы Чиркиннің осында екендігі, Қазақстанның 5 жылдығына арналған өлкелік газетте Жер комиссариатының басшысы жерді бөлшектеу жөніндегі губернатордың есебіне сүйеніп мақала жариялағаны айтылды. Бір қызығы сол кезде ескі мәліметтерге көп сүйенетін. Тәркілеу мен Қазақстанға қоныстанушыларды орналастыру аса кең ауқымда жүргізілетінін жеткізді.

Жерге орналастыру мен байларды тәргілеу барысында теріс идеологиялық пікірлерім бұрынғы көрсетінділерімде жазылған. Мен бұл пікірді Ташкенттің педагогикалық институтында сабақ беріп жүргенде білдіргенім түсінікті. Бұл мәселе тек қана партия мүшелері мен партияда жоқтарды ғана емес, зиялы қауымның да назарын аударғаны белгілі. Қаратілеуов жолдаспен кездейсоқ кездесіп қалғанда осы мәселе жөнінде сөз қозғалды. Мен: өзінің өткендегі саяси қайраткерлігінің нәтижесінде патшалық отарлау саясаты тұсындағы шаруашылық саясатын, әсіресе, қоныс аударудың жай-жапсарын терең зерттеген, Қазақстандағы жерге орналастыру мәселесіне барынша қанық Әлихан Бөкейханов қана бұл жағдайды анықтап беретінін айттым. Қоныстандыру жөнінде түрлі қауесеттер айтылып жүрді. Бөкейхановтың іске тартылуын мен де қостадым», – дейді.

Сонымен, Қазақстандағы жер телімін анықтау мәселесімен тікелей айналысқан Жерге орналастыру басқармасының бастығы Т.Қаратілеуов Ә.Ермековтің кеңесімен Мәскеу қаласына барып, Ә.Бөкейхановпен жолығады. Бұл туралы Т.Қаратілеуовтің орынбасары Кәрім Әлімбаев «сыртта жүріп» (еркіндікте) тергеушілерге:



«1925 жылы Жер жөніндегі комиссариат жер межесін анықтау және оның мөлшерлі нормасын ғылыми тұрғыдан негіздеу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылдады. Қаратілеуов Ленинградтағы профессор Швецовқа барып келді, оған дейін ол кісімен келісімді Әлихан Бөкейханов жүргізіп келген болатын, ғылыми экспедицияның жетекшісіне ұсынған да сол кісі. Швецовпен мәселені түбегейлеп шешу үшін Әлихан Бөкейхановты ертіп Қаратілеуов Ленинградқа ертіп барды. Ғылыми экспедицияның құрамын бекітуді профессор Швецовтың өзі жүргізді, шақырылған адамдардың біразы Жер жөніндегі комиссариат арқылы, яғни, Қаратілеуов пен Мурзин арқылы тізімге кіргізілді. Олардың көпшілігі Москва мен Ленинградта оқып жүрген қазақ студенттері еді. Оқушыларды экспедиция жұмысына тартқан Мурзин еді. Әрине, бұған Әлихан Бөкейхановтың тікелей қатысқаны сөзсіз. Экспедицияның құрамына мамандар тарту жұмысын да және жұмыстың негізгі бағытын да Әлихан Бөкейханов белгілеп берді, жұмысы зерттеу – бөлінуге тиісті жер межесін кеңейтіп алу, сөйтіп Қазақстанда артық жер жоқ екенін ғылыми тұрғыдан негіздеу орайында жүргізілді. Мұның бәрін Әлихан Бөкейханов басқарды, Қаратілеуов оның әр айтқанын дау туғызбайтын шындық деп қабылдайтын», – деп түсініктеме береді.

Оның бұл айтқанының бәрі де шындық еді. Ә.Бөкейханов С.П.Швецовпен ертеден таныс еді. Ол 1903 жылы шойын жол маңында қоныстанған қазақтардың жерге орналасуы мен пайдалануын, мал шаруашылығының тиімділігін анықтау мақсатында Сібір темір жолы басқармасы ұйымдастырған С.П.Швецовтың экономикалық экспедициясына қатысып, «Сібір темір жолы аймақтарына жүргізілген экономикалық зерттеудің материалдары» атты көлемді зерттеу (1904) жазған болатын. Міне, осыдан бастап С.П.Швецов пен Ә.Бөкейхановтың ғылыми және саяси ынтымақтастығы тамыр тартады. Әрине, бұл зерттеулер оның саяси-әлеуметтік көзқарасын қалыптастырып, ұлт-азаттық қозғалыстың күрес жолына алып келді. С.П.Швецовтың естелігіне жүгінсек, Ә.Бөкейханов 1894-1895 жылдары «Степной край» газетінің «негізін жас та, қуатты және аса белсенді Флоровский, Шаровский, Бөкейхан құраған». Соның ішінде «Ә.Н.Бөкейхан газеттегі маркстік ағымға жататын және осы ағымның көрнекті өкілі, тіпті дара да бірден-бір өкілі болыпты». «Иртыш», «Омич», «Голос степи» газеттерін де ұйымдастырды. Бұл оны саясат майданына шығарды.

Жер мен қоныстану туралы қарарлар 1922 және 1925 жылдары аса құпия түрде дайындалса да, дәл сол кездерi Әлихан Бөкейхановты Мәскеуде мырзақамақта ұстаса да, патша мен большевиктердiң жазалау және тыңшылық мекемелерiнiң әдiс-тәсiлдерiн барынша жетiк меңгерген Әлекең арқылы алаш азаматтары толық мағлұмат пен ақыл-кеңес алып отырды.

1925-жылы жер туралы заңның ең соңғы кеңестiк – отарлаушы нұсқасы дайындалып жатты. Әлихан Бөкейханов басын бәйгеге тiге отырып қалайда қазақ халқының мүддесiн қорғауға бел буды. Өйткенi, өзге-өзге, қазақ ұлтының тағдыры тек қана жерге қарап қалғанын ол өте жақсы түсiндi. Оның бұл талабын 1929 жылы 27 мамыр күнгi тергеушiлерге берген түсiнiктемесiнен анық байқаймыз. Ескерте кететiн бiр жай; тергеу iсiнiң жауабында уақыт мерзiмi бiресе көктем, бiресе күз деп көрсетiлген. Бұл тергеушiлердiң жiберген қатесi болса керек. Iстiң барысына қарасақ бұл әңгiме күз айында өткен. Әлихан Бөкейханов бұл оқиғаны:

«1925 жылы (көктемде – Т. Ж.) КАССР-дiң Мәскеудегi өкiлдерi Қаратiлеуов пен Сириус менi өздерiне шақыртты да сол арада олар: РСФСР-дiң Жер комиссариатының бекiтуiне ұсынылып отырған Қазақстандағы жер бөлу нормалары туралы өздерi дайындап әкелген жобалары жөнiнде менiң пiкiр бiлдiруiмдi өтiндi. Мен олардың жобасымен танысып шыққаннан кейiн, бұл жобаның өте сауатсыз жасалғанына көзiм жеттi. Мысалы: адай уезiндегi әрбiр қожалықта 28 түйе бар деп көрсетiлiптi, бұл адам сенбейтiн нәрсе едi. Мен бұл ойымды оларға ашық айттым, олар: егерде мына норма сауатсыз жасалған болса, онда сауатты түрде норма мөлшерiн жасап беретiн адам тауып берiңiз, – дедi. Мiне, мен сол кезде оларға Швецовты тауып бердiм. Мен сол кезде (25 жылдың күзiнде–?– Т.Ж.) Мәскеуде жүрген Ольдденбургқа жолықтым, олардың, яғни, Ғылым академиясының Қазақстанда үлкен ауқымды жан – жақты зерттеу жүргiзе алатындай мүмкiндiгi бар ма, жер нормасын дұрыс анықтаудың қандай тиiмдi жолы бар екендiгiн сұрастырдым. Ольденбург маған: егерде қазақ үкiметi бұларға ресми түрде өтiнiш жасайтын болса, онда зерттеу жүргiзiп беремiз, – дегендi айтты. Ольденбургпен арамызда болған әңгiменi мен Мәскеудегi қазақ үкiметiнiң өкiлдiгiнiң төрағасы Мырзағалиевке жеткiздiм. Содан кейiн Ғылым академиясына ресми өтiнiш жiберiлдi, нәтижесiнде, 1926 жылы қаңтар айында арнайы мәжiлiс өттi, оған Қазақстанның атынан Жер жөнiндегi халық комиссары Әлiбеков, Жаманмұрынов, Қаратiлеуов және мен қатыстым. Онда үлкен ауқымда зерттеу жүргiзу жөнiнде шешiм қабылданды. Зерттеудi жүргiзi үшiн құрылған жасақтың құрамына Швецов басқарған экономикалық – есеп тобы да кiрдi. Әлiбеков пен Қаратiлеуовке бұдан өзге ешқандай кеңес бергенiм жоқ. РСФСР-дiң мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнде Швецовтың жер нормасы жөнiндегi жоспары талқыланғанда, арнайы маман ретiнде мен ресми түрде шақырылдым, онда мен Швецовтың белгiленген жер нормасын қорғадым», – деп еске алады.

Әрине, түрме тергеушiлерiне жер мәселесi жөнiндегi жоба өзiнiң ешқандай қатысы жоқ екенiн, үкiмет адамдарына ақыл-кеңес бермегендiгiн, олармен ешқандай байланысы болмағандығын баса көрсетуi – аңдып отырған тергеушiлердiң әлгi аты аталған қайраткерлердi жауапқа тартып, түрмеге жабатыны сөзсiз. Әлихан Бөкейхановтың әр сөзi нақпа-нақ, логикалық тұрғыдан алғанда ешкiмде кiнә таба алмайтындай жүйеге құрылды. Мұны оған үйреткен – ұзақ жылғы отарлау жүйесiмен күрескен өмiр мен күрес тәжiрибесi едi. Қаншама құрсауда жүрсе де ол елi үшiн тәуекелге барып, Ғылым академиясымен қазақ үкiметi атынан келiсiм жүргiзгеннен кейiн, iстiң анық-қанығын бiлiп, жер жөнiндегi заң жобасында қазақ ұлтының мүддесi толық қамтылуы үшiн Қазақстанға келiп қайтуды ойластырады. Нәзiр Төреқұлов басқарған Мәскеудегi СССР халықтарының Орталық баспасының қатарындағы әдеби қызметкерi ретiнде жалақы алып отырған Әлихан Бөкейхановтiң жер аударылғандардан пәлендей айырмашылығы шамалы болатын. Оның жеке басының еркi шектеулi, өз еркiмен еркiн жүрiп-тұруға құқы жоқ, ал Қазақстанға келуге ресми тиым салынған болатын. Қадамы аңдуда жүрсе де ұлтының қамы үшiн көп iс тындырды. Отарлау саясатын әшкерелейтiн зерттеулердi жаздырып, оларды Мәскеудiң өзiнде басылып шығуына Әлекең тiкелей ұйытқы болды. Тергеу барысындағы сұрақ-жауаптың негiзiне жүгiнсек, оның бұл мақсатын толықтай жүзеге асыруға үш түрлi қысым жасапты. Бiрiншi, саяси қысым. Екiншi – ОГПУ-дiң тыңшылық әрекетi мен арандату қыспақтары. Үшiншi, Нәзiр Төреқұлов басқарған кеңесшiл дәбірлер. Осындай үш жақтан қыспаққа түскен Әлихан Бөкейханов ұлтының тағдыры шешiлер тұста жасқаншақтық танытпады. Ұлтының тәуелсiздiгi жолындағы жанқиярлық азаттық күресiн батыл әрi аса сақтықпен тұрақты түрде жүргiзе бердi. Орынсыз әрекет – мiнезбен, ойластырылмаған оқыс шешiммен ұлттық рухтағы қайраткерлердi арандатып алмауға тырысты. Дегенменде қанша сақтық жасаса да жер мәселесi тағдыр тәлкегiне түскенде сабыр сақтап қала алмады. Ғылым академиясы мен қазақ үкiметiнiң арасындағы ресми келiсiмге иек арта отырып, қалайда Қазақстанға келуге ұмтылды.

Тергеуге алынғандардан тәркіленген құжаттар тіркелген жетінші томда Әлихан Бөкейхановтың Жер жөніндегі халық комиссары Әлиасқар Әлімбековке жазған хаты бар. Онда:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет