Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет2/42
Дата25.02.2016
өлшемі2.62 Mb.
#21342
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42

Танымадық,

Жарымадық,

Жақсыға бір іргелі.

Қолына алып,

Пәле салып,

Аңдығаны өз елі.

Абай.

Бірінші тарау: ЕЛ ЖЕГІСІ

1.

Тұлғасыз ұлт – тұлдыр ұлт. Өйткенi тарихтағы ұлы сiлкiнiстер – ұлы тебiренiстен туады. Ал ұлы тебiренiстер – ұлылардың ой толғанысы мен таным талқысынан күш алады. Қоғамдағы күйзелiстер мен буырқаныстардың тұсында тұлғалардың ақыл-ойы, рухани қуат-қайраты, қайраткерлiк қабiлетi мен мінезі шешушi және шағымды мiндет атқарады. Ұлттың келешектегi даму бағыты мен танымдық рухын, құрмет тұтар қадiр-қасиетiн, бақыты мен сорын сол сiлкiнiс пен тебiренiстердiң шарпысқан шағындағы ұлылардың адамға, ұлтқа, қоғамға деген тарихи көзқарасы, азаматтық тұлғасы, рух тазалығы анықтап бередi.



Рухы күштi, «ұлы өзегi таза», «арбасқан алақұйын заманаларда» өзiн-өзi қорғауға қабiлеттi ұлт – келешекке қол созған ұлт. Туған ұлтының, дүниедегi орыны үшiн күресе бiлетiн, ақыл-санасының, iшкi қайратының мүмкiндiгiн барынша көрсететiн, сыртқы және iшкi ықпалға көнбейтiн, тәуелсiз ой қорытып, шешiм қабылдайтын қайраткерлердің тәрбиеленіп шығуы заңды әрi тарихи қажеттiлiк.

«Iргелi жақсыға жарымаған ел» – бақытсыз (Абай). Ондай жұрттың нәсiл, ұлыс, халық ретiнде өмiр сүруiнiң өзi қауiптi әрi ұлттық қорлық. Өйткенi «қол қайраты мықты» (Абай), қандай «күштi үкiмет» (Шәкәрiм) болса да ол:



«Халықты тәрбиелей де алмайды, аздыру да қолынан келмейдi: үкiмет халықты сүйiндiредi не күйiндiредi. Ал халықты тәрбиелеу – ел иесi мен оқымысты зиялылар тобының (тұлғалардың) мiндетi» (В. О. Ключевский).

Қадым замандардан бергi табиғатпен тел өмiр сүрген, барлық қасиетiн: бiтiм-болмысын, ойлау қабiлетiн, салт-дәстүрін, әдетiн, жан дүниесiн, бас еркiн рухын, жан сергектiгiн, елдiк сезiмiн, адал рухын бойына сiңiрiп, ХХ ғасырға сол қалпында алып келген қазақ ұлты да өзiнiң ел ағалары мен тұлғаларын тарих сахнасына шығарып, елдiк намысы мен тағдырын соларға сенiп тапсырды.

Отаршыл қоғам – рухы еркін, дербес ойлау жүйесi қалыптасқан, кесек харакет-қабiлетке ие, тәуелсiз шешiм қабылдай алатын, жан дүниесі таза, болатөзек, мәдениетi жоғары, аяр идеологияға бас имейтiн тұлғаларға қарсы күрестi. Ұлттың ұяты мен намысы ұйыған ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов:

«…Қазақтар Шыңғыс хан мен Темірланның ордасының ұрпақтары, демек Америкада үндістер қалай жойылса, олардың да басына сондай сойқанды орнату керек», деп Дума депутаты Марков тісін қайраған Шыңғыс ханның тұқымы, болатөзек тұлға еді.

Қазақ елiнiң рухын тәуелсiз ұлт дәрежесiне жеткiзу жолына бүкiл арман-мұратын, қайратын, талантын тағдыр талайына салған тұлғалар сол «астан-кестен заманда» өмiр сүруiмен де Бостандық рухының қасиеттi бейнелерiне айналды. Олар ұлттың тәрбиешi зиялылары ретiнде танылып, исi алашқа мойындалды. Ұлттық биліктен айырылып, «өз қолынан өзінің ырқы кеткен соң да» (Абай) қазақтың қамын жеп, елінің мұң-мұқтажын жоқтай білді. Азаматтық Мойынсынбауды, Рухани Тәуелсіздікті, Ұлт Азаттығын мұрат тұтты. Соның нәтижесінде екі жылға жуық өмір сүрген «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметі құрылды. Сөйтіп, қазақ қауымының дербес ел ретінде өмір сүру құқығы бар екенін негіздеп берді.

Жалпы қоғамдық ой мен ұлттық сананың даму тарихы тұрғысынан алғанда, 1905-1920 жылдардағы қазақ қайраткерлерiнiң мемлекеттiк саясаты мен iшкi күресi – ұлт-азаттық қозғалыстың, тәуелсiз мемлекет құруға ұмтылған ұлттық күрестiң алғашқы сатысы едi. Қоянды жәрмеңкесiндегi бүкiлқазақтық Азаматтық мойынсынбау (петиция) қозғалысы дербес қазақ мемлекетiн құрумен тиянақталды.

1905 жылғы «халық қалаулыларының бас қосуын шақыруға, халық мұңын айтатын арыз-тілек хаттарды (петицияларды) жазуға рұқсат берген «17 ақпан манифесі» қазақ даласында да азаттық қозғалысын өрістетті. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Ш.Қосщығұлов, Науан хазірет, Р.Марсеков, Ж.Ақбаев, О.Әлжановтардың саяси сахнаға шығуы да тікелей осы қозғалыспен байланысып жатты. Ә.Бөкейханов «Қазақтар» атты мақаласында:



«Ол құжаттарда дінге және жерге қатысты мәселелер саяси-бостандық мәселелерінен де бұрын алға қойылды. Арыз-тілек хатты дайындауға орыс әдебиетінің негізінде тәрбиеленіп, еуропалық мәдениетке құлай сенетін, отанының бақытын батыс мәдениетінің жемістерін тиімді пайдалана білу деп есептейтін, діни мәселелерді екінші қатарда қарастыратын интеллигенттер де, сондай-ақ, шығыс мәдениетімен сусындап, ұлттық-діни өзгешелікті насихаттауға ерекше ден қоятын зиялылар да араласты. Бұлардың алғашқысын батысшылар, екіншісін түрікшілдер деп атауға болар еді. 1905 маусымында қазақ даласының қақ орта тұсында, Қарқаралы оязындағы Қоянды жәрмеңкесінде 14 500 қазақтың атынан Министрлер кеңесінің төрағасына жолданған арыз-тілек хат азаттық аңсаған халықтың оянған санасының алғашқы үн қатуы еді... Тәуелсіз діни басқарма, жер, тіл, сот туралы мәселелерді қозғай келе, Мемлекеттік Думаны шақыру, оған қазақтардан депутаттар сайлау жөніндегі талаппен түйінделді... Қалаларда қазақтар барша адамның теңдігі, ұждан бостандығы, халық билігі туралы жалынды сөздер айтқан зиялыларға қосылды», – деп жазды.

Ақыл-есін жегідей жеп, жүйкесін шүйкелеген арандатуды, арбауды, қасақана мекiрелiктi, басынуды, қорлықты, аярлықты, тергеудi, түрменi, бопсаны көре жүрiп, ұлтын – «өлiп таусылу қаупiнен» (М.Әуезов), рухын – «жем болудан» (Ә.Бөкейханов) сақтап қалды. Мәскеудегі «Ресейдің қалалық және жергілікті қоғам қайраткерлерінің құрылтайына» қатысып:



«Мен Алтайдан Оралға, Сібір темір жолы торабынан Омбыға дейінгі кең кеңістікті мекендеген 4 миллион қазақ халқының өкілімін... Қазақтың бүгінгі асқан мұңы ана тілін қолдану бостандығы, оның қажеттілігі сайлау қарсаңында үгіт-насихат жұмысын жүргізу барысында ерекше артып отыр және осыған байланысты менің құрылтайдан өтінерім жергілікті тілдердің құқын шектейтін заңның тез арада қайта қаралуы талап етілсін», – деп қазақ ұлты өкілдерінің арасынан тұңғыш рет империяға саяси талап қойды.

Бұл пікірдің араға жүз жыл өткен соң да, тәуелсіз мемлекет тұсында да өзінің зәрулігін сақтап отырғаны, әрине, өкінішті.

Міне, осыдан кейін қазақ зиялылары үшін жаппай қуғын-сүргіннің сергелдеңі басталды. Ш.Қосщығұлов пен Науан хазірет жер аударылды. Ал 1906 жылы 8 қаңтар күні Ә.Бөкейханов Тұзқалада тұтқындалды. Думаға депутат болып сайлануына байланысты 30 сәуір күні амалсыз түрмеден босатылды. Реакцияшыл үкімет Думаны таратып жіберген соң еркін ойлы «Выборг тобына» қосылды. Тіміскі үкімет 1907 жылы 17 желтоқсанда Ә.Бөкейхановты тағы да түрмеге қамады. Қапаста жатып та кекті қоғамға кеткен есесін қаламмен қайырып:

«1907 жылдың 3 маусымындағы заң 4 жарым миллион қазақ халқын сайлау құқынан айырды. Үкімет, сөйтіп, бұрын олардың туған жерін күшпен тартып алған халықтың енді Мемлекеттік Думаға қатысуын да артық санаған сияқты», – деп баспасөз бетінде батыра батыл пікір білдірді.

Ақыры құзырлы үкіметтің құпия жарлығымен туған жұртында тұру құқынан айырылып, Самара қаласына жер аударылды. Онда кадет партиясының губерниялық хатшысы ретінде:



«Самараның барлық революцияшыл топтарының (октябрьшілерден бастап солшылдарға дейін) күшін біріктіру мақсатында ұйымдастырылған жұмыстарға араласты» (С.П.Швецов).

Россиядағы отар ұлттардың ар-ожданын оятып, ұлттық, діни санасын сілкіндірген және кейінгі бостандық жолындағы күреске негіз қалаған ұлы жиын – 1914 жылғы маусымның 15-25 аралығында Санк-Петербург қаласында өткен Ресей мұсылмандарының алғашқы құрылтайы еді. Бұл – Ресей бодандығындағы барлық мұсылмандардың, соның ішінде мұқым түркі жұртының бірігіп, бірге тәуелсіздікке ұмтылған алғашқы дербес саяси қадамы болатын. Осы құрылтайға дайындық қарсаңында және оның шешімдерін одан әрі жүзеге асыру барысында Ә.Бөкейханов жас патриоттарды – башқұрт Заки Валидов, қырғыз Қ.Тыныстанов, түркістандық М.Шоқаев, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, А.Бірімжанов, М.Есполов сияқты оқымысты азаматтарды саяси ортаға тартты. Оларға хатшылық жұмыстарды тапсырып, саяси құжаттарды дайындау үшін тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Өзін ұлт-азаттық күрес жолына баулыған:



«Азербайжан Әлимардан Топшыбашев пен қазақ Әлихан Бөкейхановтың атын алдымен атаймын. Олар Россия мұсылмандарының, әсіресе, түркістандықтардың шетін мәселелерімен тереңдеп танысуыма көмек берді», – деп З.Валидов ерекше атап өтті (М.Шоқаев пен Х.Ғаббасов та, Қ.Тыныстанов та тура осындай пікір білдірген).

Ұлттық ынтымақ, саяси дербестік туралы ұғымдар мүлдем ұмыттырылған Ресей мұсылмандарының бұл құрылтайында «ар-ождан, дін, діл, тіл және күрес бірлігі» мәселесі тұңғыш рет мемлекеттік деңгейде талқыланды. Талқыға: шығыстық, батыстық және түркілік даму нысаны ұсынылды. Көзқарастар қайшылығы асқына келіп Ресейдегі мұсылмандар мен түркі тектес жұрттарды ымырасыз үш жікке бөлді. Өркениетке бүйірден кеп қосылған қыр елінің болашақтағы даму бағдарын анықтау мақсатында Әлихан Бөкейханов сол тұстағы Ресейдегі ең беделді мемлекет қайраткері А.Керенскиймен 1914 жылдың шілде айында және 1915 жылдың мамыр мен қазан айларында үш рет пікір алысты. Сол құрылтайда Әлихан Бөкейханов:



«Біз шығыстың сәлдесімен, сарттың ала шапанымен, молданың мәсісімен өркениеттің табалдырығын аттай алмаймыз. Діни ісі мемлекеттен бөлінген, ұлттық-демократиялық қоғамды құруға ұмтылуымыз керек», – деген мағынадағы әйгілі қанатты сөзін айтты.

Бұл пікірін ол:



«Орыстандыру саясатынан зардап шеккен өлкелердің қай-қайсысы сияқты, қазақ халқы да ескі үлгідегі үкіметке наразы және орыс оппозициялық партияларына іш тартады. Қазақ арасында қалыптасқан екі саяси бағытқа сәйкес, Дала өлкесінде таяу уақыттың ішінде екі саяси партия ұйымдасуы мүмкін. Оның бірі, бәлкім, ұлттық-діни партия деп аталар, оның мақсаты қазақтарды өзге мұсылман халықтарымен діни негізде біріктіру. Екінші бағыт, қазақ даласының болашағы (осы сөздің барынша кең мағынасында) батыс мәдениетін саналы түрде игеруде деп білетін батыстық ұстанымдағылар. Алғашқысы, сірә, мұсылман татар партияларының үлгісін ұстанар, екіншісі оппозициялық орыс партияларының, оның ішінде Халық бостандығы партиясының жолын ұстанатын болар», деп («Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыс түрлері». Саяси мақалалар жинағы. 1910.) нақтылай түсті.

Бұл қазақтардың дербес саяси партия құру мүмкіндігі туралы саяси болжамының өмір шындығына айнала бастауы еді. Соңғы жол – Әлиханның өзі ұстанған жол, кейіннен «Алаш» партиясының бағдарламасына негіз қалаған алғашқы жоба еді.

Ә.Бөкейхановтың мүфтият пен майданға азамат беру туралы ұстанымы сол тұстағы қазақтарды да, оған баға берген тарихшыларды да екіұшты пікірге қалдырды. Алаш көсемі көшпелі қазақ елін тарихи дамудың жаңа сатысына көтеріп, оны өркениетке тартуды көздеді. Бұл – заманның ағымы мен бәсекесіне ілесе алатын, озық жұрттың «дағуасына кіріп, қаруының тілін білетін, білгенін оған қарсы пайдалана алатын» (Абай), ел үшін де, діл мен тіл үшін де, тәуелсіз мемлекет үшін де күресе алатын азаматтық қоғам орнату мақсатынан туған ұмтылыс еді. Қазақ азаматтары майданға бару арқылы:

1. Далада тұйықталып қалмай, өркениетті жұрттың даму дәрежесін көреді, олармен араласу арқылы саяси санасы оянады, қазақ тұрмысын түзетудің жолын іздейді.

2. Зеңбірек пен пулеметке қарсы сойыл мен шоқпар алып шығудың үмітсіздігін көріп, майдандағы қолданылған қару-жарақтың тілін біледі, сөйтіп, жазалаушы патша әскерімен соғысудың әдіс-тәсілін үйренеді.

3. Ғылым мен білімсіз, мәдениетсіз бұл дәрежеге жете алмайтынына көзі жетіп, өзінің білгенін бодан халыққа насихаттайды.

Бұл үшеуінсіз қазақ ұлты ешқашанда тәуелсіздікке жетпейді:

«Жігіттер қаза тауып, бейнетке ұшырар. Бірақ ел іргесі бұзылмайды. Көнбесе… бас пен малға әлегі бірдей түседі, елдің іргесі бұзылады. Ол жұртқа келген бір опат», – деп түсіндірді.

Ол Батыс майданының тыл жұмысы басқармасы жанынан бұратана халықтар бөлімін ұйымдастырып, қара жұмысқа алынған аз ұлт өкілдерінің мұқтажын шешіп отырды.

Ақпан төңкерісі күндерін Ә.Бөкейханов Минскіде қарсы алды. Керенскийдің бұйрығымен Ә.Бөкейханов – Торғай облысындағы, М.Тынышбаев – Жетісу губерниясындағы Уақытша үкіметтің комиссары (өкілі) болып тағайындалды. Қазақ даласына жолға шығар алдында саяси күреске дайындалу мақсатында Мемлекеттік думаның мұсылмандар фракциясының мүшесі Заки Валидовке тапсырма беріп кетеді. З.Валидов:

«Орынбордағы Торғайдың губернаторы болып тағайындалған Әлихан Бөкейхановпен және басқа да қазақтармен келісіп, енді Москвада өтетін мұсылмандар құрылтайында көтерілетін мәселелерді» талқыға ұсынды».

Ресей бодандығындағы мұсылмандардың саяси ойлау жүйесін өзгерткен бұл құрылтайда Түркістанға, Қазақстанға, Татарстанға, Башқортстанға, Азербайжанға автономия беру мәселесі тұңғыш рет көтерілді. Соған дайындық ретінде З.Валидов Түркістан мұсылмандарының құрылтайын өткізуге Ташкентке барды. 1917 жылы 16 сәуірде ашылған құрылтайға Түркістанды басқаратын уақытша комитеттің мүшелері – кадет Львов бастаған генерал Ғабделғазиз, Садри Максуди, қазақ Мұхамеджан Тынышбаев та келді. Заки Валидов:



«Россия федеративтік мемлекет болуы керек», – деген жоба ұсынады.

Бұл ұсынысты қоқандық Әмірәли Захири, түрікмен Бердіқожа, қазақтар Тынышбаев пен Әбдірахман Оразаев қолдап шығады. Бұл да тәуелсіз мемлекетке жетудің алғашқы баспалдағы еді. 17 сәуірдегі федеративтік құрылымды Мұстафа Шоқайдың қолдамағаны, ең соңында қалыс қалғаны тосын дерек. З.Валидов өзінің «Қатирасында»:



«Мұндағылар ғана емес, Петербургтегі Ахмет Цаликов та қарсы шығып, менің іс-әрекетімді шектеу туралы Мұстафа Шоқаевқа бір жеделхаттан кейін екінші жеделхатты жіберіп жатты. Басқару құрылымы және басқа да маңызды құжаттар туралы шешімдер Бехбуди, Әбижан Шатақ, Әбдірахман Оразаев, Түркістан уақытша комитетінің мүшесі Мұхамеджан Тынышбаев, өз әріптестеріне қарағанда өзгеше пікір ұстанған генерал Дәулетшин мен Максуди сияқты беделді адамдардың ықпалына сенген қарапайым, хат танымайтын қазақтар мен өзбектердің дауыс беруімен қабылданды, олар федеральдық құрылымды қорғады және құрылтайда қабылданған қаулыны құттықтап сөйледі», – деп жазды.

Бұл – аса маңызды, түркі тектес ұлттардың Ресейден іргесін бөліп, жеке республика ретінде өмір сүруді мақсат еткен ең қасиетті шешімі еді. 7-мамыр күні Москвада Ресей мұсылмандарының құрылтайы өтті: онда ұлттың өзін-өзі билеу құқығы мен федеративтік құрылымды жақтап – 446 делегат, қарсы – 271 делегат дауыс берді. Мемлекеттік думаның жанынан Ресей мұсылмандарының біріккен атқару комитеті (ИКОМУС) құрылды. Қадымдық және жәдидтік бағытқа ымырасыз жіктелген мұсылман қауымының Абай атап өткен «нақыли өкілдері» Ә.Бөкейхановтың бұл пікірін барынша теріс түсініп, оны:



«Кәфірдің кәфірі, дінсіздердің дінсізі! Мұсылмандар! Оған жоламаңдар! Айтқан тілін алмаңдар! Артынан ермеңдер! Иттің үргеніне аспандағы Айдың нұры кетпес!», – деп «Ығламнама» жариялады.

Ал М.Тынышбаев ата мекенінен айырылған Жетісу мен қырғыздардың жерін өздеріне қайырып беруге Ю.Шкапский екеуі шұғыл түрде кірісіп, жарты миллионнан астам босқындарды еліне қайтарып әкелді. 1916 жылғы жазалау операциясына қатысқан әскери отрядтардың үстінен тергеу ісін жүргізді. Бұл халықтың рухын көтеріп, сенімін оятты. Мұның барлығы жинақталып келіп қазақтың тәуелсіз мемлекеттігінің идеясына ұласты.

1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпылқазақтық І құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. Діни басқарма мемлекеттік құрылымнан тыс мекеме деп танылды. Алаштың ұлттық идеясы бес түрлі тұжырымға негізделді.

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.

Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.

Қазақ елінің өзінің қоғамдық даму сатысында тығырыққа тіреліп, жан дауысы тамаққа тығылып, арпалысқа түскен шағында заманалар толқыны аударылып түсті.

2.

Орыс халқының өзін және өзінің боданындағы аз ұлтты қанды шеңгелінде ұстаған монархия құлады. Шет аймақтарды былай қойғанда, Россияның өз ішінде хаос пайда болды. Революциялық қозғалыс күшейді. Керенскийдің әмірі бір жерде жүріп, бір жерде жүрмеді. Сондай бейуақ күйге қазақ даласы да түсті. Ел ішінде әрі-сәрі жағдай орнады. Анархиялық, стихиялық қақтығыстар күшейді. Биліксіз елде сенделіс басталды. Түркістан өлкелік генерал губернаторы Куропаткин барлық уездік, қалалық мекемелерге:



«Бірінші елді мекендердегі тұрғындарды жиып, 12-15 адамның мөлшерінде кеңес сайлансын. Екінші қоғамдық кәсіптік советтер құрылсын. Үшінші жаңа сайланған өкімет полицияны, әкімшілік мекемелерді алмастырсын. Төртінші тыңшылар мен жандармерияның ісі тоқтатылсын. Бесінші жаңа өкіметтің жарлығы шыққанша бұрынғы әкімдер орнында қалсын», – деп бұйрық берді.

Ал, тек қазақтардан тұратын аудандар не істеуі керек? Олар да земствоға өз өкілдерін ұсынды. Жеке кеңес шақыру қажеттігі туды. Оны ұйымдастыруды Уақытша үкіметтің қазақ даласындағы комиссары Әлихан Бөкейханов қолына алды. 1917 жылы сәуірде Оралда Жалпықазақ кеңесі шақырылды. Боданға түскен екі жүз жылдың ішінде тұңғыш рет өткен халықтық кеңесті Ахмет Байтұрсынов ашты. Ол ұлттың қазіргі ұстанатын бағыты, ақпан революциясының саясаты туралы баяндама жасады.

Бұл ұлттық кеңес қазақ мемлекеттігінің мәйегін ұйытқан ұлы мәжіліс ретінде тарихта мәңгі қалатын кеңес болды. Сол сәттен бастап Ахмет Байтұрсынов ұлттың ұйытқысы, ұлт көсемі, ұлттың рухани қормалы ретінде жалпы ұлттық киеге айналды. Қазақтың революцияға дейінгі қалыптасқан ұлттық интеллигенциясы осы кеңесте бүкілқазақтық саяси партия құру мәселесін көтерді. Бұл сол кездегі қалыптасқан тарихи жағдайға байланысты бірден-бір қажетті шара еді.

1917 жылы тамыз айындағы бүкілқазақ құрылтайында «Алаш» партиясы мен «Алашорда» Халықтық кеңесі құрылды. Алаш – қазақ ұғымының баламасы. Сол кездегі ресми іс-қағаздарда қазақтар – «киргиз» деп жазылып жүргендіктен де, Қырғыз автономиясы деген атаудан бойларын аулақ салып, ХIII-XV ғасырлар арасында атой атқа айналған: «Ұраным – алаш, керегеміз – ағаш!», – дегендегі «Алаш» ұранын мемлекеттің аты ретінде таңдап алды. Алаш идеясы мен «Алашорда» халық кеңесі қазақ тарихынан мәңгілік орын алатын көшпелі қоғамдағы тосын құбылыс боп қалды.

«Алаштың» ұйымдық-саяси мәселе қараған II съезі 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өтті. Оған бүкіл қазақ елі өз өкілдерін сайлады. Құрылтай қабылдаған алғашқы алқалы шешімнің бірінші сөйлемі:

«1. Өзара партиялық (сайлау) бақталастықтарды жойып, бірігу туралы Үндеу жазу. Ол Міржақып пен Ахметке жүктеледі», деп басталды.

Құрылтайда қатты қадағаланып, ұзақ талқыланған мәселе – автономия, милиция, кеңес мәселесі болды. Орынбордағы казак әскерінің өкілі Меньшин автономияны қолдай отырып, «Алаш» автономиясын Оңтүстік Шығыс Одағына қосылуға шақырды, ал М. Шоқаев қазақ пен қырғыз бір автономия құрап, Түркістанның құрамына кіруді ұсынды. «Алашорданың» құрылымдық жобасын ұсына отырып Халел Ғаббасов:



«Октябрь айына дейін халықтың сеніміне ие боп, билеп келген Уақытша өкімет құлады. Россия мемлекеті үкіметтен айырылды. Белгілі үкіметке бағынбай әркім өзінше билік етсе, азамат соғысының тұтанып кетуі мүмкін. Анархия толқыны бүкіл мемлекетті, үлкен қалаларды да, кіші ауылды да жайлап барады. Ол қазақтар тұратын облыстарға да тарап, халықтың өмірі мен дүние мүлкіне қауіп-қатер төндірді. Олар қорғансыз қалды. Тығырықтан шығудың жолы – қазақ болыстары түгел мойындайтындай мықты үкімет құру керек.

Екінші: мемлекет қазір басынан үлкен күйзелістерді кешіріп отыр: жаппай құлдырау мен анархия өріс алып, кісі өлімі көбейді. Бұл анархияның зардабы қазақ облыстарына тарау қаупі төнді. Қалыптасқан төтенше жағдайға арпалысқан анархияға қазақ халқы енжар қарай алмайды. Бұл анархия қазақ облыстарында бұрқ ете қалса, ешқандай қорғанышы жоқ қазақ халқының мүлдем құрып кетуі мүмкін. Сондықтан да аласұрып, төніп келе жатқан анархиядан ел-жұртты аман сақтау үшін, халық жасағын құру керек», деп ұсыныс жасады.

Х.Ғаббасовтың сол жобасы бойынша Съезд мынадай шешім қабылдады:



«Қаулы: Төмендегі ережелерге сәйкес шұғыл түрде халық жасағы (милиция) құрылсын:

I. Милиция қатарына жасы 20 мен 35-тің арасындағы, қызметке жарамды ер адамдар қабылданады. II. Милиция қатарына өзі ерік білдіргендер алынады, ал белгілі мөлшердегі санға ерік білдірушілердің саны жетпегсн жағдайда, онда кімнің қызмет етуі жеребе арқылы шешіледі. ІІІ. Өз еркімен немесе жеребе арқылы қызметке алынған милиционерлерге ұлттық фондының есебінен жалақы беріледі, ал жалақының көлемін жергілікті жағдайдың ерекшелігін ескере отырып жергілікті ұйымдардың өзі, не милиция мекемесінің меңгерушісі төлейді. IV. Әр облысқа белгіленген милиционерлердің санын облыстар уездерге, уездер болыстар мен ауылдарға бөледі. V. Облыстық мекемелердің уездерге белгіленген мөлшердегі милициялардың толықтай жиналуына уезд мекемелері жауапты. VI. Жеребе бойынша милиция қатарына алынған адам өзінің орнына 20-35 жастағы басқа біреуді жіберуге қақысы бар. VII. Егер де жеребе бір үйдегі бірнеше адамға қатар түскен жағдайда олардың біреуі ғана алынады. Жасақтардың семья және басқа да жағдайына байланысты жеңілдік жасауға жергілікті мекемелер міндетті. VIII. Алғашқы кезде әрбір ауылдағы қауымдар өздерінен алынған милиционерлерді атпен, ер-тұрманмен және киіммен қамтамасыз етуі тиіс. IX. Жасақтарға қажетті мылтық, оқ-дәрі мен қылыштар “Алашорданың” ұлттық қорының есебінен сатып алынып, жер-жерге бөлініп беріледі. X.Милиционерлерді жаттықтыру үшін офицерлер мен инструкторлар: 100 милиционерге 1 офицерден, 50 милиционерге 1 инструктордан келетіндей мөлшерде қабылданады. XI. Офицер кадрларын даярлау үшін өзі тілек білдірген адамдар Орынбордағы казак-юнкер училищесіне орналастырылады. XII. Бөкей, Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстары бойынша жалпы милиционердің саны 13.500 болуы керек, ал облыстар бойынша былай бөлінді: Бөкей 1.000, Орал 2.000, Торғай 3.000, Ақмола 4.000, Семей 1.500 және Жетісу 2.000 адам».

«Алашорданың» конституциялық программасында армия ұстау және оған қаражат бөлу жағы қарастырылмады. Жасақтар тәртіп пен тыныштық сақтау, анархиялық қимылдардан қорғану мақсатында құрылды. Сол күннен бастап «Алашорда» үкіметінің әскери жобасын жасаған Х.Ғаббасов бас әскери кеңесшісі ретінде қаралып, кеңес өкіметі жағына шыққаннан соң да қатаң бақылауға алынды. Сөйтіп, кез-келген сәтте оны арандатуға мүмкіндік туатындай айғақтар алдын-ала дайындалып қойды.

Сол құрылтайда оқу жөніндегі комиссияның төрағалығына Ахмет Байтұрсынов сайланды. Бұл заңды таңдау еді. Өйткені қазақ тілінің грамматикасы мен фонетикасы, синтаксисі мен этимологиясы туралы тұңғыш «Оқу құралын» жазған да, түп сөз, түбір сөзден – құрмалас сөйлемге, зат есімнен – одағайға, бастауыштан – пысықтауышқа, шылаудан – тасымалға дейінгі терминдердің авторы да Ақаң – Ахмет Байтұрсынов болатын.

Шұғыл түрде қаралған оқу-ағарту мәселесі қазақ халқының әбден жегісін жеп, рухани мұқтаждыққа ұрындыратындай халге душар еткен ділгір іс еді. Комиссияның алғашқы отырысында Оқу жөніндегі Дулатовтың баяндамасы тыңдалып, бір ауыздан мынадай қаулы алынды. Онда:




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет