Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет15/42
Дата25.02.2016
өлшемі2.62 Mb.
#21342
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   42

«Әли жолдас! Сен мені қазақ Наркомземнің атынан Қызылордаға он бесінші октябрьге шақыртып маған қағаз жаз. Мен осы қағазды көрсетіп ЦИЗ-ден бостандық сұраймын. Мұны қылмасам ЦИЗ мені жібермеймін дер. Мен күштеп босанармын. Арамыз ашылып кетер. Мұның саған да, маған да керегі жоқ. Сен қағазды жазатын болсаң Смағұлдан беріп жібер. Әлихан. 2/Х-25 жыл», – деп жазылған.

Хаттың төменгі жағына:



«Әлихан Бөкейхановтың хаты, зады сол кездегі Жер жөніндегі халық комиссары Әлиасқар Әлібековке жолданған болса керек», деген тергеушінің ескертуі бар.

1925-1926 жылдардың арасындағы Әлихан Бөкейхановтың бүкiл тiршiлiгi осы жер бөлiсiмен оның кесiмiн анықтайтын ғылыми-зерттеу жұмысына арналды. Ленинград пен Мәскеудiң беделдi ғылыми мекемелерiнiң кепiлдiгiмен Адай уезiне аттанған экспедицияның құрамына кiрдi. Бөкейхановтың Қазақстанға келуi Голощекиннiң төбе шашын тiк тұрғызды. Әсiресе, Жер жөнiндегi халық комиссариатының қызметкерлерiне ерекше күдiкпен қарап, олардың құрамын жиi ауыстырумен болды. Алайда қанша өршеленгенiмен де әлем таныған Ресей Ғылым академиясының ғұламаларының беделiне тосқауыл қоюға Қужақтың қауқары жетпедi. Бұған 1926 жылғы 2 маусым күнгi РСФСР Ғылым академиясының Төрағасы (Президентi) академик А.Е. Ферсманның төмендегi хаты айғақ. Онда былай делiнген:

«Аса құрметтi Әлихан Нурмухамедұлы!

СССР Ғылым академиясының Президиумы, Одақтық және автономиялы республикаларды зерттеу жөнiндегi ерекше комитетiнiң Сiздi осы комитеттiң Қазақстан экспедициясы жөнiндегi тұрақты экспертi болуға шақырған өтiнiшiн қарады, осыған орай Сiздiң Қазақстанның дәстүрi мен өмiрiн етене бiлетiн тұлға екендiгiңiздi есте ұстай отырып, аталған мәселе жөнiнде ерекше көмек көрсеткен болар едiңiз деген ниетпен, Сiздi комитеттiң құрамына енгiзу туралы ұсынысты өте құптарлық iс деп тапты.

Баяндалған жайды Сiздiң назарыңызға жеткiзе отырып, Ерекше комитет жоғарыда көрсетiлген негiздерге сүйене отырып Сiзден комитет құрамына кiруден бас тартпауыңызды сұрайды, келiсiмiңiз арқылы Сiз Қазақ АСС Республикасын жан-жақты зерттеу iсiне игiлiктi ықпал етер едiңiз.

Қазақстан экспедициясының мәселесi туралы комитеттiң таяу арадағы мәжiлiсiнiң өтетiн күнi Сiзге қосымша хабарланатын болады.

Төраға, академик А. Е. Ферсман.

Ғылыми хатшы Б. Линдер».

Аты әлемге әйгiлi академиктiң осылай жоғары бағалай отырып, асқан кiшiпейiлдiк көрсетуi, Әлихан Бөкейхановтың Ресейдiң қоғамдық-саяси өмiрiнде ғана емес, ғылыми лауазымдылардың ортасында да беделiнiң зорлығын танытады. Иә, Әлекең ұлттың көсемi екендiгiн досына да дұшпанына да таныта да, мойындата бiлдi. Бұл экспедицияның жұмысы туралы егжей-тегжейлi қазбалап жатпаймыз. Ал оның нәтижесi туралы бiр кезде Әлихан Бөкейхановпен бiрге Лениннiң қабылдауына барып, Қазақстанның қазiргi жер көлемiн бекiттiрген Әлiмхан Ермековтiң тергеушiлерге берген жауабына толық мағлұмат бере алады. Әрине, сұрақ-жауаптың жөнi бiр бөлек. Оқиғалар iлгерiндi-кейiндi баяндала бередi. Сондықтанда шашыраңқы жазылған сияқты көрiнуi әбден заңды. Қайтемiз, азаматтың азаматтық қасиетiн дәлелдеу үшiн абақтының ақ қағазына жүгiнетiн заман туды ғой. Кейде түк табылмағаннан көрi, осының өзi де шүкiршiлiк қой деген ойға келесiң. Сонымен, Әлихан Бөкейхановтың ұсынысымен құрылған, профессор Сергей Порфириевич Швецов жетекшiлiк еткен жер кесiмi мен бөлу жобасы жөнiндегi мәселе былай қортындыланды.

Әлiмхан Ермеков: «...Сол кездегi жер мәселесi турасындағы менiң көзқарасымды осыдан бұрынғы жауаптарымда көрсеткен болатынмын, бiрақта мен жерге қатысты мекемелерде қызмет iстегенiм жоқ. Бұл жөнiндегi Әлихан Бөкейхановтың ұстаған бағыты мен оның тұжырымдары Қазақстанның жерге қатысты мекемелерiнiң жұмысына шешушi түрде ықпал жасады, сөздi ұзартпас үшiн айта кетейiн, аты шулы кезеңге (шамамен 5 партконференцияға) дейiнгi Жер жөнiндегi халық комиссариатының жұмыс бағдарламасы тек соған ғана негiзделдi. Оны дәлелдеу үшiн мына деректерге жүгiнсек те жеткiлiктi, мәселен: КССР Орталық атқару комитетiнiң 1921 жылғы «Он шақырымдық жайылымдық жердi, қоныстандырушыларға бөлiнген жер мен орманды аймақтарды еңбекшi қазақ елiне қайтарып беру туралы» декретiн; ВЦИК бекiткен 1923 жылғы «Көшпелi және жартылай көшпелi қазақ елiн жерге қоныстандыру туралы» декреттi, Федеральдық комитетте ресми өкiлдiктiң болғандығын; оның жұмысына Швецовтың қатысуын еске алсақ та жеткiлiктi. Мен Швецовтiң экспедициясының жұмысымен етене таныс емес (Осы кезде мен Ташкенттiң педагогикалық жоғары оқу орынында қызмет iстейтiнмiн) едiм, бiрақта, бұл жұмыстың бағыты мен нәтижесi туралы кездейсоқ, алайда күнделiктi тiршiлiктiң қамхаракетiмен жүрген кезiмде мына жайды естiп, көңiлiме түйiп қалдым. Швецов экспедицияның қортындысын жазып бiтiргеннен кейiн: «Ендi ғана менiң жаным тыныш тапты, өйткенi менiң жұмысымның нәтижесiн Бөкейханов мақұлдады, ал мен оның пiкiрiн бәрiнен де жоғары қоямын»- дептi. Демек, Швецовтiң экспедициясы да сол бағытты (Бөкейхановтың – Т. Ж.) сөзсiз қолдап шыққаны анық», – деп куәлiк бердi.

Патша заманында да Әлихан Бөкейхановпен бiрге ғылыми экспедицияға шығып, 1903 жылы Сiбiр темiр жолы бойының экономикалық, шаруашылық мүмкiндiгiн түбегейлi зерттеген С. П. Швецов екеуiнiң пiкiрiнiң бiр арнада тоғысуы заңды да болатын. Өйткенi олар көшпелi және жартылай көшпелi қазақ елiнiң жай-жапсарын, тұрмыс-тiршiлiгiн, өмiр сүру тәсiлiн, сондай-ақ отарлауға түскен тебiндегi теңсiздiк күйiн өте жақсы бiлетiн. Езiлген ұлтының азаматтығы үшiн күрескен қыр баласының саяси көзқарасын, мемлекеттiк қайраткерлiгi мен жан тазалығын, жеке басының қасиетi мен қабiлетiн профессор С. П. Швецов жоғары бағалады әрi оның ұлтының мұң-мұқтажы мен мүддесiн түсiндi, сыйлай да бiлдi. Ешқандай ұлы державалық, ұлы кеңестiк ықпалға ермедi. Саяси және ғылыми қыспаққа да көнбедi. «Оның пiкiрiн бәрiнен де жоғары қоямын» – деуiнiң өзiнде де үлкен астар жатыр едi. Қазақ елiнiң басына дәл осындай қатер төнген кезде ешкiмнен қаймықпай тарихи шындықты, бiр ұлттың екiншi ұлтқа жасап отырған өктемдiгiн ғылыми тұрғыдан нақты тұжырымдап берген Сергей Порфириевич Швецов iспеттi зиялыларға қазақ ұлты қашанда қарыздар және өз ұлтын құрмет тұтатын әрбiр азамат олардың әруағына тағзым етiп, тiзе бүгуi азаматтық парызына саналмақ.

Жер мәселесі туралы кеңес беру мақсатында Әлихан Бөкейханов 1926 жылы Қызылордаға Ә.Әлімбеков жазған хатта көрсетілген уақыттан кешігіп келеді. Ол туралы түрме тергеушілеріне «Қалам» деген лақап аты бар Ә.Байділдин:



«Ү партконференцияның қарсаңында Қожанов Қызылорда да болды. Содан кейін конференцияның қарсаңында Қызылордаға Бөкейханов та келді. Маған Сәдуақасов Москвадан күтіп ал деп жеделхат жолдаған еді. Вокзалға келген соң Сәдуақасовтың жоқ екенін көрдім. Бірақ сол поездан түскен Әлихан Бөкейханов пен профессор Швецовты кезіктірдім. «Сәдуақасов келесі поезбен келеді. Бізді Байтұрсыновтың үйіне апарып сал», – деді Бөкейханов. Ол кезде Байтұрсынов пен Дулатов бірге тұратын. Ү партконференцияның қарсаңында Бөкейханов бірнеше рет Нұрмақовтың кеңсесіне кіріп шықты деп естігемін. Нұрмақов Бөкейхановпен бірге қыдырып жүр, олардың жымы бір деген сөз тарап жүрді. Менің ойымша, Ү партконференцияның тезистерін жасауға алашорданың көрнекті қайраткерлері, соның ішінде алашордашыл Бөкейханов пен шақырылған Швецовтың белсене қатысқаны ақиқат... Мен: Сұлтанбеков пен кіші Абдолла Бөкейханов Москвада ұзақ уақыт жұмыс істеген, олар Әлихан Бөкейхановпен бірігіп Өлкелік комитеттің қаулысын бұзатындай аса кең ауқымдағы жұмыс бітірді, – деп естідім», – деп түсініктеме берді.

Бұл – Әлихан Бөкейхановтың қазақ жерін соңғы рет басуы еді.

Сол жолы, яғни, 1926 жылы Қазақстандағы жер нормасын белгілеу мен артық жерді анықтау мақсатында КСРО Ғылым академиясының академигі И.Руденко жетекшілік еткен ғылыми экспедицияның құрамында Қазақстанға келген Ә.Бөкейхановты Ақтөбеде чекистер қамаққа алып, оны Мәскеуге айдауылмен қайтарып жібереді. Енді «тұздықтардың көзін жоймаса» жер реформасы жүзеге аспайтынын большевиктер анық сезді. Ол кеткен соң орнына:

«1926 жылы Швецов Қызылордаға келді, онымен әңгіме кезінде Қаратілеуов: «Сіз қартайған адамсыз, бұл сіздің соңғы ғылыми экспедицияңыз болар. Сондықтан да сіздің есіміңіз езілген қазақ елінің есінде мәңгі сақталуы үшін бұл жұмысты сізбен біз алдын-ала келіскендей, қазақ жерін бұдан әрі отарлай алмайтындай етіп аяқтағаныңыз жөн, деген мағынада сөз қозғады. Бұл әңгіме ЦУЗ-да (жер басқармасында) Қаратілеуовтің кеңсесінде өтті. Жаңағы сөз мен және Жаманмұрынов қатысып отырғанда айтылды. Қаратілеуов Әлихан Бөкейхановтың пікіріне жиі сілтеме жасап, оның жер жөніндегі ең білгір маман екенін, жалпы ерекше талантты адам екенін жиі айтып отырды. Менің іске қатысты бір ауыз сөзіме қарсы Қаратілеуов: «Сен не Бөкейхановтан артық білесің бе? Боқмұрын, онымен қоймай әңгімеге қыстырыласың...», – дегені есімде.

Менің ойымша, Қазақ жер комитетінің жерге орналастыру жөніндегі барлық нұсқауларын Әлихан Бөкейханов беріп отырды ғой деймін. Бірде мен Қаратілеуов пен сол кездегі (1925 ж.) Жер жөніндегі халық комиссары Әлібековтің өзара әңгімесінде, Әлібековтің өзі: менің көзқарасымды Әлихан Бөкейханов қостамады, деп айтып қалғанын естідім. Қандай мәселе жөнінде айтылғанын білмеймін. Қорыта айтсам, Жер жөніндегі халық комиссарының қызметкерлері Москваға барған сайын Әлихан Бөкейхановпен кездесіп, кеңес алып тұратын», – деп жазды К.Әлімбаев.

Бөкейханов пен Швецовтың ғылыми негізге сүйеніп жасаған жерді межелеу жобасы қазақ жерін қара шекпендерге мәңгілік меншікке беруден сақтап қалды. Патша мен большевиктердiң жазалау және тыңшылық мекемелерiнiң әдiс-тәсiлдерiн барынша жетiк меңгерген Әлихан Бөкейхановтың араласуының және ақыл-кеңесінің нәтижесінде: патшалық Ресей тұсында 1914 жылы, ал кеңес өкіметі тұсында 1927 жылы атқарылуға тиісті „тың көтеру науқаны”, яғни, Ресейден алғашында 360 мың қарашекпенді Қазақстанға әкеп, „коллективтендіру” деген желеумен жер бөліп беру туралы жасырын жоспар жүзеге аспай қалды.

Профессор Сергей Порфиревич Швецов анықтаған жерді межелеу нормасы Ү партконференцияда талқыланып, бекітілді. Бұл қазақ жерін телімнен аман алып қалды және сол жылы Қазақстанға 360 мың қоныс аударушының келуіне тосқауыл қойды. Міне, Әлихан Бөкейхановтың сонау Москвада жүріп қазақ пен қазақ жерінің қамын ойлаған қам-қаракетінің бірі осындай болатын. Ғылым академиясының тапсырысымен Атырау өңiрiнде жүргізілген ғылыми экспедицияның (құрамында Ә.Бөкейханов та бар) қорытындысы 1927 жылы Ленинградта «Қазақтар. Антропологиялық зерттеулер» деген атпен жеке кітап болып басылып шықты. Ол жинаққа Ә.Бөкейхановтың «Адай уезінің қазақтары» атты мақаласы енді. Сөйтіп Ә.Бөкейханов өзінің пікірін ғылыми тұрғыдан көпшілікке жария етті.

Мұның өзі ұлт көсеміне одақтық бедел әкелді. Соны да көп көргендей болған кеңес қызметкері Сарымолдаев Өлкелік партия комитетінің бақылау комиссиясына:



«Бірде Дивеев екеуміз көшеде келе жатып Әлихан Бөкейхановпен бір күймеде отырған Нұрмақов пен Сәдуақасовты көріп қалдық. Оны сыйлайтындары сондай, тіпті Нұрмақов Бөкейхановтың тізесіне отырып алыпты. Осы бір көріністе тұрған ештеңе жоқ болса да, маған сондай жеккөрінішті әсер етті...», – деп «әшкерелеп» мағлұмат берді.

Осындай «жеккөрінішті көріністен» саяси астар іздеген қазақ қайраткерінің көрсетіндісінің астарында өз әріптестері, азамат Смағұл Сәдуақасов пен Нығымет Нұрмақовтың, Сұлтанбек Қожановтың талқыға түскен тағдыры бар еді.

„Алашорда” үкіметі мен „Алаш” партиясы қайраткерлерінің үстінен қылмысты іс қозғау үшін тергеу орындары ұзақ әрі тыңғылықты дайындалды. Енді одақтас республикалардың барлық өкілдері ашықтан-ашық қолдап отырған Ә.Бөкейхановты қалайда ауыздықтау қажеттігі туды. Өйткені кеңес өкіметінің „коммунистік-колонизаторлық” ұлт саясаты мен „артық жерге қоныстандыру” науқанын жүргізу Ә.Бөкейханов тұрғанда үлкен кедергіге ұшырайтыны сөзсіз еді. Сондықтан да Мәскеудің де, Қазақстанның да тергеушілері оның соңынан қатаң бақылау қойды. «Аңдыған жау алмай қоймас» деген. Ақыры бір ілік тапты.

1927 жылы шілде айының 15 күні алаш қайраткері Елдес Омаров ол кісіні Ресей мен Қостанай облысының шекарасындағы РСФСР-ға қарасты Бозан хуторына демалып қайтуды ұсынады. Саяси қыспақтың құрсауы бүрiп бара жатқанын сезген Әлихан туған өлкесiн соңғы рет көрiп қайтуға келiсiм бередi. Бұл кезде тыңшылар да оның артына мықтап түскен едi. Қазақстанның бас чекисі Каширин:



«Саяси шиеленіс тудыруы мүмкін көрнекті, ықпалды, экономикалық және саяси сауаты күшті буржуазияшыл-ұлтшыл элементтердің яғни, елдің тұздықтарының көзін жою туралы шешіміне» байланысты және «мұндай ауқымды саяси операцияға дайындық «көкжөтелмен күрескендей шұғыл» («лихорадочным темпом») жүргізілуі керек» деп шешкендіктен», «бұл науқанның барлық ауыртпалығын өзінің мойнына ала отырып», «тұздықтардың көзін жоюды» Ә.Бөкейхановтан бастайды.

Демалыстан қайтқан Ә.Бөкейхановқа:



«Алашорданың» астыртын контрреволюциялық ұйымының жұмысын ұйымдастыру үшін және жаппай экспропирация қарсаңында кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс дайындау мақсатында Қазақстанмен шекаралас аймаққа барды”,дегенді желеу етіп, тергеу жұмысын алаңсыз жүргізу үшін оны қызметінен босатуды талап етіп, ресми орындардан рұқсат алды.

Мемлекеттік төтенше саяси басқарманың қысымымен:



«Орталық баспада жаппай жұмыс орынының қысқартылуына байланысты қазақ бөлімінің әдеби қызметкері азамат Ә.Бөкейханов 1927 жылдың 1 қазанынан бастап істеп отырған қызметінен босатылды».

Анкеталық анықтама: Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов – 1866 жылы наурызда (түрме анкетасында солай көрсетілген, ал Ә.Бөкейхановтың өмірі мен шығармашылық жолын тиянақты зерттеген С.Аққұлұлы 1870 жыл деп дәлелдейді) Семей облысы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысының №7 ауылында туған. Жеті жасында мұсылман медресесінде оқып, арабша тіл сындырып, шариғат заңын меңгерген. Қарқаралыдағы үш класты орыс бастауыш мектебін бітіріп, үш жылдық ер балаларға арналған кәсіптік училищені (етікші) тәмәмдайды. Князь генерал-губернатор Калпаковскийдің «төрелігімен» (Ол Қарқаралыға келгенде училище шәкірттеріне: «Омбы мен Қарқаралының арасы 760 шақырым. Сонда арбаның дөңгелегі Қарқаралыға неше айналып келеді?», деп сұрақ қойыпты. Есепті Әлихан лезде шығарғанына риза болған князь Әлиханды Омбы техникалық училищесіне ауыстырады). 1889 жылы 8 желтоқсанда «Дала уәлаяты» газетінде «Әңгіме», желтоқсанның аяғында «Баспаханаға хат» атты алғашқы мақаласы жарияланады. 1890 жылы Ә.Бөкейханов Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтына жолдама алады. Ал 1893 жылы студенттердің саяси қозғалысына қатысып, жандармерияның бақылауына ілінеді.

Сол жылдан бастап ғұмырының соңына дейін, яғни, 1937 жылдың шілде-тамыз айына дейін Әлихан Бөкейханов он жыл бойы Мәскеуде мырзақамақта ұсталады. Селебе (Челябі) уезінің Бозан хуторынан Ә.Бөкейхановты Мәскеуге шығарып салған Елдес Омаров та Қызылордаға барысымен шұғыл түрде тұтқынға алынады. Сөйтіп, „Алашорда» қайраткерлерінің қарулы көтеріліс ұйымдастыру арқылы кеңес өкіметін құлату үшін құрған контрреволюциялық астыртын құпия ұйымын әшкерелеу ісінің” тергеуі осылай басталып кетеді.

Е.Омаровтың ұсталуына байланысты алдын-ала жауапқа шақырған түрме тергеушiлерiне Ә.Бөкейханов:

«Е, тағы да жер мәселесi туралы заң шығарғалы жатыр екенсiңдер ғой. Бұдан бұрын да екi рет Халық комиссариаты жер мен жерге қоныстандыру туралы шешiм шығарардың алдында менi абақтыға қамап едi. Бiрақ та аз ұлттардың өкiлдерiнiң, оның iшiнде Украина мен Грузия өкiлдерiнiң талап етуiмен Бутыркадан бiрден Кремльдiң төрiне шығарып едi. Жер мен қоныстандыру туралы Халық комиссарлар кеңесiнiң қаулысы орыстандыру туралы қаулы екенiн дәлелдеп бергенiмнен кейін, шешiм қабылданбай қалып едi. Өйткенi бұл қаулыны дайындағандар менiң патша заманында-ақ айтысып үйренген Николай патшаның орысшыл «қаражүздi» ғалымдары едi. Швецов сияқты әдiл ғұламалардың тұжырымы бұл iске тартылмапты. Ол жолы Бутыркадан шығарса да Мәскеуден кетуге рұқсат етпеп едi. Әй, бұл жолы қайта шығара қоймассыңдар, өткені қабақтарың қабарып кетiптi», деген мазмұнда жауап берді.
2.
Анкеталық дерек: Елдес Омаров 1892 жылы туған, туған жерi – Қостанай округінің Тобол болысы, тұрған жерi – Ташкент, қазақ, Торғайдағы ІІ кластық орыс-қазақ мектебiн (училище) үздiк бiтiрген. Ақпан төңкерiсiне дейiн мұғалiмдiк еткен және окрукгтiк сотта тәржiмашы болған, «Алашордада» қызмет iстеген, Ташкенттегi Қазақ педагогикалық оқу орынының ұстазы, бiлiмi – орташа, бойдақ. Саяси көзқарасы – ұлтшыл, «Алаш» партиясының мүшесi, «Алашорданың» оқу комиссиясының мүшесi, «Алашорданың» Қостанайдағы қазақ полкiнiң саяси жетекшiсi болған.

Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың сенімді әрi ең жақын серiгi. Педагог, публицист, аудармашы, лингвист. Мақалаларын қазақ, орыс тiлдерiнде жазған. «О сочетании казахской звуки», «Ахмет Байтурсунов – ученый лингвист» атты мақалалардың, «Қазақ тiлiнiң жаттығулар жинағының», сондай-ақ орта мектепке арналған геометрия, физика оқулықтарының авторы. Заман ағымы, зәру мәселе, халық басындағы мұң, мектеп, оқу жайы жөнiнде және әр түрлi ғылыми кiтаптарға рецензиялар жазған.



«Қазан айының 13 күнi, 1927 жыл, жауап алған Логачев.

...1927 жылы шiлде айының 15 күнi, мен – Омаров, қазақ оқу-ағарту комиссариатының тапсыруымен өлкелiк музейдiң шаруасымен Орынборға бардым. Орынборда мен заң комиссариатының мүшесi Сейдазым Қадырбаевпен жолықтым. Ол: Орынбор уезiндегi Бөртi ауданында демалып қайту туралы ұсынысымды Әлихан Бөкейханов қостамады, маған хат арқылы бас тартып, жауап жазды, – дедi. Бөкейхановтың Қадырбаевқа жазған хатын өз көзiммен оқыдым. Маған – Омаровқа, Мәскеудегi ГПУ-дiң тергеу жүргiзуiне байланысты Әлихан Бөкейхановқа Қазақстанның шекарасына кiруге рұқсат етiлмейтiнi туралы хабар таныс болатын, оны Қызылорда да естiгенмiн. Мен Орынборда жүрiп, Әлихан Бөкейхановты бұрынғы Челябi уезiне қарасты Златоусть округiнiң Бозан хуторына демалып қайтуға шақырдым. Бозан хуторында отыздан астам қазақ үйi тұратын, оның барлығын бала кезiмнен бiлетiнмiн. Егерде Бозан хуторына демалуға келiсiм берген жағдайда, маған Қызылордаға жеделхатпен хабар берiңiз деп Бөкейхановқа өтiнiш еттiм. Орынбордан Қызылордаға қайтып келгеннен кейiн оқу ағарту комиссариаты арқылы Бөкейхановтан мен айтқан жерге демалуға келiсiм бергенi туралы жеделхат алдым. Екi күннен кейiн Златоусть округiнiң Бозан хуторына жүрiп кеттiм, 1 тамыз күнi сонда келдiм. Бөкейханов әлi келмептi. Келесi күнi Қостанай округiнде демалып жүрген Нұрымов Ғаббас маған келдi. Оған осында келу туралы жеделхат жолдаған екен. 11 немесе 12 тамыз күнi Әлихан Бөкейханов келдi. Алғашында ол 2 тамыз күнi келемiн деген болатын, кейiннен 8 тамызға дейiн кешiгетiнi туралы жеделхат жолдады, соңынан 9 тамыз күнi Мәскеуден шыққанын хабарлады. Бөкейханов, Омаров, Нұрымов үшеумiз бiрге болған кезде, бiрiншi аталған адам бiзге жерге орналастырудың барысы туралы мағлұмат бердi. Ол бiзге өзiнiң ертерек келе алмағандығының себебiн айтты.



Сөйтсек: жер жөнiндегi халық комиссариатының жұмыс комиссиясы – бұдан Қазақстандағы жер бөлiсiнiң мөлшерiн анықтайтын комиссияның жобасын талқылауға қатысу үшiн мұның Мәскеуде қала тұруын өтiнiптi. «Мәскеуде аялдай тұрыңыз», деп Бөкейхановқа кiм өтiнiш бiлдiрдi, онда қандай өкiлдiкпен қатысты, ол жағын Бөкейханов маған айтқан жоқ. Ең әуелi РСФСР-дiң Жер жөнiндегi комиссариатының жер бөлiсi туралы шешiмi оқылыпты, оны сол Жер жөнiндегi халық комиссариатының бiр қызметкерi баяндап берiптi. Олар бекiткен жер бөлу мөлшерi негiзсiз деп табылып, қабылданбай тасталыпты. Бұл жер бөлу мөлшерiн қорғап сөйлегендер, аты есiмде қалмапты, профессор Верещагин дегеннiң беделiне сүйенiптi. Жер бөлудiң бұл мөлшерiне Бөкейханов қарсы сөйлептi, ол: бұлардың сүйенiп, қорғап отырған беделдi профессоры патшаның тұсында келiмсектер басқармасында iстегенiн, онда орыс дворяндарының мүддесiн қорғағандығын әшкерелептi. Бұл профессорыңыз 1913 не 1914 жылы Мемлекеттiк думаның төрағасы Варун (? – анық танылмады – Т.Ж.) мырза арқылы Торғай мен Қостанай уезiнiң аралығындағы жердi қаратып алу туралы жарлық шығартты», дептi.

Өзiнiң сөзiнде профессор Верещагин жер туралы мәселенiң тонын терiс айналдырып: «Тула губерниясының мұжықтары жерiнiң аздығынан және жерiнiң жоқтығынан қасiрет шегiп отыр. Ал оның есесiне Қазақстандағы бос жатқан жерде есеп жоқ», деген көрiнедi. Бөкейханов оның уәжiне қарсы сөйлеп: «Бұл профессор бұрын ғой орыс помещиктерiнiң мүддесiн көздеп қазақтардың жерiн тартып алып, оны орыс помещиктерiне берiп едi. Егерде Тула мұжықтарына жер керек болса, онда бiз қазақтар, мына сияқты профессордың көмегiнсiз-ақ, олардың өзiмен тiкелей сөйлесемiз», – дептi.

Бөкейхановтың пiкiрi бойынша, РСФСР-дiң Жер комиссариатының кесiмi бойынша жер кесiмi әдейi аз мөлшерде белгiленiптi, сөйтiп Қазақстанда басы артық жер бар дегендi дәлелдемек болыпты. Бөкейханов:

Бұл кесiм – болашақта Қазақстанды отарлау үшiн пайдалануға жол ашады”, – деп есептейдi.



Бұл – қазақ халқының мүддесiне қарсы бағытталған әрекет. Бұл мәселенi қозғап отырғандар РСФСР-дiң Жер комиссариатының маңына топтасқан орыс мамандары. Егерде орыс мамандарының ықпалымен жасалған жер келiсiмi жөнiндегi жоспарды РСФСР-дiң Жер комиссариаты өмiрге енгiзетiн болса, онда бұл Қазақстанға қаратыла отарлау саясатын жүргiзу болып табылады. Осылай деп күйiнген Бөкейханов:

«РСФСР-дiң Жер комиссариатының дәл қазiргi орыс мамандарының жетегiнде кеткендiгi өте қауiптi саясат, олар бұрынғы отарлаушылар болатын, бұл бағыт Қазақстанның сөзсiз отарлануына алып келедi», – дедi.

Отаршылдықпен күресудiң қандай бiр әдiс-тәсiлiн Бөкейханов маған да, Нұрымовқа да айтқан жоқ. Ол: профессор Швецов белгiлеген Қазақстанның жер жөнiндегi комиссариатының жер кесiмi мөлшерi бекiтiлуi керек, РСФСР-дiң комиссариатындағы орыс мамандарының әрекетiне қарсы қолданылатын бірден-бiр саясат сол, – дедi.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет