Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


Еліне барған соң Шымбурынның шыңырауының суық суын қанып ішті ме, жоқ па, кім білсін, бірақ байыз таба алмай тағы да жолға шығыпты



бет26/42
Дата25.02.2016
өлшемі2.62 Mb.
#21342
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   42

Еліне барған соң Шымбурынның шыңырауының суық суын қанып ішті ме, жоқ па, кім білсін, бірақ байыз таба алмай тағы да жолға шығыпты.


Д.Әділев (жалғасы): «Ақмолаға 1922 жылы Сәкен Сейфуллин халық комисариатының төрағасы болған кезде бардым. Омаровпен сонда кездестім. Көңіл-күйі түсіңкі екен. Ташкентке барған кезінде әлде бір ұйымның ашылғаны туралы естігенін, ал Сарысу ауданының милиция бастығына... (Геишаков?) тағайындалғанын айтты. Сарысудан кетіп Ақмолаға қарасты Атбасар уезінің бастығы болып тағайындалғанына ренжіп жүрген менің ағам Байсейіт Әділов: өзінің жағдайы келмей, әрі-сәрі болып жүргенін жеткізді. Мен оны одан әрі түңілдіріп, Атбасарға қайтып бармауға үгіттедім. Айтқаныма көніп ауылда қалды. Біздің ұйым туралы ол ештеңе білмейді».

Оның бұл сапарын «Алашордашылардың» қайда, қашан, қай күні, кіммен жолығып, не дегенін тыңшылары арқылы біліп отыратын ОГПУ-дің Қазақ Өлкесіндегі төтенше өкілі Каширин мен Якубовскийдің назарынан тыс қалмаған. Олар 1922 жылдың 1 қазанынан бастап 1923 жылдың 1 қаңтарына дейінгі оқиғаларға баға берген мәліметінде:



«Есепті уақыттың арасындағы ұлтшылдардың белсенділігін танытқан аса елеулі оқиға ІІІ жалпықазақтық съезд болып табылады... Кеңестердің Уездік съездің қарсаңында Ақмола қаласына Түркістан республикасындағы алашордашылар Әшім Омаров, Дінмұхамед Әділев және Аштарға көмек комитетінің мүшесі Токжанов келді», – деп хатқа түсірген.

Д.Әділев (жалғасы): «Жаздай туған жерімде болып 1922 жылы күзде Ташкентке қайтып келіп Қожановқа жолықтым. Тура сол кезде Москвадан Түркістан халық комиссариатының төрағасы Рысқұлов келді. Мен Рысқұловпен сәлемдестім. Қожанов екеуі өзара әңгімелесті. Менің сонда білгенім: Валидов Ташкентке жасырын келіпті, басмашылар қозғалысы күйрепті, Әнуар Паша із-түзсіз жоғалып кетіпті. Мен Ферғанада жүргенде Ташкент ұйымы Тынышбаевтің ескі досы Үмбетбаевты сонда жіберіпті. Соның көмегімен Валидов Ташкентке келіпті. Ол Ташкентке қайтып келген соң Кауфман станциясындағы Қожамқұловтың үйінде жасырынып жүреді».

Ал бұл кезде Т.Рысқұлов Сталиннің тікелей қарауында бір жыл жұмыс істеп, 1922 жылы Түркістан халық комиссарлар кеңесінің төрағасы боп тағайындалып еді. Міне, сол кезде Бұқарада астыртын ұйымда жүрген З.Валидов Ташкент өтетін құрылтайға қатысу үшін «Қызылқұм арқылы салт атпен жасырын келеді». З.Валидов өзінің «Қатирасындағы» естелігінде:

«Менің досым Убайдолла Хожаев заңгер ретінде: «Құрылтай жиналысына мүше болу үшін үміткердің қандай да бір жылжымайтын дүние-мүлкі бар екенін көрсететін бап бар. Бір нәрсе сатып алып қойыңыз», – деп кеңес берді. Оның ақылын тыңдап, Ташкенттің жанындағы Ахангарен өзенінің жағасындағы Аблық деген жерден бақшасы бар үй сатып алдым. Үйдің тұрған жері керемет еді, одан Шатқалдың қарлы шыңдары көрініп тұратын. 1917-жылы сатып алған мүкаммалыма көз қырын салудың реті түспеді, оның есесіне 1922 жылы басмашылар қозғалысына қосылғаннан кейін Башқортстаннан келген біздің жігіттер осы үйде айлап тұрды. Сол кезде мен де көрсең көз сүйсіндіретін бақшасы бар, суы мол, жемісі төгіліп тұрған осы үйде бірер күн тұрдым», – деп жазғанына қарағанда, оның бұл қалада ұзақ тұрақтап қалу ойы болса керек.

Ал Заки Валидовтің 1922-жылы Ташкентке жасырын келгенде оның қайда тұрақтағаны туралы сұраққа ешкім де жауап бере алмаған. Бұл кәдімгідей бас қатырған мәселе болған. Ал оның жауабы оп-оңай осыдан бес жыл бұрын шешіліп қойыпты.

Шындығында да ол бұл үйдің қызығын көре алмады. «Түркістан ұлттық бірлігі» астыртын қозғалысы төрағасының Ташкентке жасырын келуі, құрылтай өткізуі, Ғ.Бірімжановпен, М.Тынышбаевпен, Т.Рысқұловпен кездесуі тергеу ісінде дәлелденбей қалды. Тергеушілер қанша шұқшия тексеріп, шындығын аша алмаған бұл сапарды З.Валидовтің өзі былай еске алады:

«Таңертең «Иванов» бағына келдік. Мені мұнда күтіп отыр еді. Шілде, тамыз айларында досым Әбдіқадырдың көмегімен Түркістан қаласына келген Нәфиса да (З.Валидовтің әйелі, Башқұртстаннан жасырын келген) сонда келді. Бізге Ташкент пен оның төңірегінде төрт жерде жасырын орын дайындалды: бірі – осы бақ; екіншісі – Ташкенттің Бесағаш деген қышлағындағы жалдамалы пәтер; үшіншісі – Келес ауылы қазақтарының мыңбасы Әбдірахманның үйі; төртіншісі – Аблықтағы өзіміздің қора -жайымыз. Күндіз Келесте кездесіп, жиындарды Бесағаш пен Иванов бағында өткізуге келістік. Маған кеше кешке таяу маңызды хабар айтпақ ойлары болған екен, бірақ есітсе жалғыз өзі ұйықтай алмас деп ойлапты. Ол хабардың бірі – Әнуар пашаның осыдан екі күн бұрын Кулябта қызыл әскерлердің қолынан қаза табуы, екіншісі – Самарқан ауданының төрағасы қари Кемелдің өлтіріліп, басының орыстарға тапсырылуы еді. Әнуар пашаның өліміне сенер-сенбесімді сұрағандарға:

«Басмашылардың бекіністері жоқ. Бір күнде бірнеше рет ажалмен беттесесің. Ал қари Кемелді осыдан 5-6 күн бұрын біз Үстірттен өткенде бізге берілуі тиісті аттарды бермеген сатқын Мұстақ өлтірген. Себебі сол күні қари Кемел ешбір сақтық шараларынсыз отбасына кетіп еді. Сатқын Мұстақ бұл мүмкіндікті пайдаланып, намаз оқып отырғанда оны алыстан тапаншамен атқан да, басын кесіп Жизаққа әкеткен. Содан кейін ол басты Ташкентте болатын Коммунистердің құрылтайына жіберген», – деп жауап бердім.

Мұны естіген жастар қатты әбігерге түсті. Қалай болғанда да енді сатқын Мұстақтың тірі жүруі екіталай еді... Әнуар паша төртінші тамыз, жұма күні Балшыбаннан 7-8 шақырымдай жердегі Шекен ауылында орыстармен қақтығыста шәһит болды. Оның мына сөзі: «Жеңіске жете алмасақ та, ең болмаса өлігімнің осында қалуымен Түркістан тәуелсіздігіне қызмет еткен болар едім», – деуі оның шын жүрегінен шығып еді», – дейді.

Иә, тек қана Түркістан мен Түрікменстан, Бұқара мен Хиуа, Тәжікстан, Қазақстан республикасындағы жұртшылық емес, Ресейдің ішкі бөлігіндегі түркі тектес ұлттар үлкен үміт артып отырған «жалпытүріктік азаттық армиясы» туралы шындық та, аңыз да осылай аяқталды. 1917-1922 жылдардың аралығында түрікшілдік идеясы түркі халықтарының арасында кәдімгідей мақсатты қозғалысқа айналып еді. Түркістан республикасының жариялануына байланысты бұл нақты саяси күшке бастаған болатын. Заки Валидовті де астыртын қозғалысты басқаруға ынталандырған сол «жалпытүріктік азаттық идеясы» мен Әнуар паша басқарған «жалпытүріктік азаттық армиясы» еді.

Үміт бір сәтте кесілді. Ташкентте Д.Әділевпен тағы да кездескенін Заки Валидов:

«Бұл кездері Балқаш көлінің маңындағы Бетбақдалада кезінде Бұқарада бірге болған Діншенің ұйымдастыруымен 30-40 адам әскери жаттығуларды үйреніп жатыр еді. Олар Самарқандағы бізге және Әнуар пашаға көмектесу үшін, ал сырт көзге ат сатуға келген кісі боп Ташкентке жетті. Бәрі де ұлы даланың жалынды жастары екен. Ақын әрі театр әртісі Діншенің өзі де келіп, бұған қоса тағы да ержүрек жастар жіберетінін айтты», – деп еске алады.

Бұқара мен Қоқан «іссапарынан» қатты науқастанып келген Д.Әділев ауылына қымызбен емделуге, З.Валидовтің айтуынша, «Шымбурынның шыңырауының суын ішіп», ауруынан айығу үшін ауылына кеткені жоғарыда айтылды. Тергеушіге: сол жазда Т.Рысқұловтың «пәрмен қағазымен» жастарды оқуға тарту үшін үгіт-насихат жүргізгенін баян етеді. Оның:

«Жастармен тығыз әрі қызуқандылықпен жұмыс жүргізгенін», “әйтеуір институттағы студенттерді жиып алып, сөз сөйлеп жүретін. Ол уақытта жастардың біразы оқыған мектептеріне көңілі толмайтынын”, – М.Дулатов және тағы да басқа куәлар баса көрсетеді.

Сонда, ол шынымен де астыртын әскер жасақтады ма? Өзінің көрсетіндісінде:

«22 жылы күзде маған жас шәкірттерді мектепке орналастыру тапсырылды. Рысқұловтың және Сырдария облыстық атқару комитетінің мандатын пайдалана отырып баспанасыз балаларды әртүрлі оқу орындарына орналастырдым!», – деп түсініктеме берген.

Ташкентке астыртын келген З.Валидовке сол шәкірттерді көрсетті ме екен. Сенуге қисыны келмейді, сенбеске тағы лажың жоқ. Дегенмен де мұндай көңіл-күйдің жастар арасында болғаны анық. Оған тергеуге тартылған С.Өтегеновтің:

«Құмға сіңіп кетіп, қоныс аударушылармен соғыс ашамыз. Жасақ құрамыз», – деп жұртты үгіттеп жүргені дәлел.

Айыптау қорытындысында: «Адай, Сарысу және Қызылқұм аудандарында әскери күш жасақтау үшін жетекші мамандардаярлауды ойластырған», – деген баптың бар екенін ескерсек, бұл да шындыққа жақын екені анықталады.

Д.Әділев (жалғасы): «1922 жылы қазан айында Қашқынбаевтың үйінде ұйым отырысы өтті. Оған Досмұхамедов, Қашқынбаев, Рысқұлов және Валидов өз адамдарымен қатысты. Валидовтің көңіл-күйі нашар еді. Сондықтан да Валидовтің бұдан кейінгі тағдыры не болатыны туралы әңгімеленді. Сонда Валидов өзінің басынан кешкен хикаяларын айта келіп: Әнуар пашаның Самарқан майданында жеңіліске ұшырағанын, Файзулла Қожаевтің ішегі жіңішке жігіт екенін, сондықтан да онымен бірге қызмет істесуден бас тартқанын, өткен іске өкінетінін, Кеңес үкіметі жағына шыққысы келетінін, бұған сенім көрсетіп, қызметке алуын өтінетінін айтты. Сонда менің есіме бірде өзінің пәтерінде Жаһанша Досмұхамедовтің: «Егерде жүз мың әскеріміз болса, онда орыстарды Жайық өзенінен ары қуып тастар едік қой», – дегені түсті».

Сондай қысылтаяңда жүріп «Түркістан ұлттар бірлігінің» құрылтайын Ташкентте өткізуге ұмтылғанын Заки Валидовтің естелігі растайды.

З.Валидов: «Бірақ Түркістан саясатының белді тұлғалары – Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсын, Мұхамеджан Тынышбаев, өзбектерден Мунауар Қари, бұхаралық Хакімзада, мырза Әбдіқадыр Мұхиддин, түрікмендерден заңгер Қақажан Бердібаев және басқалар кеңестердің қатаң бақылауында болғандықтан да құрылтайға келе алмады... Құрылтайымыз 18-қыркүйекте басталды. Он алты адамның жиналғаны есімде. Әсіресе, қазақ ағайындар жақсы дайындалған еді. Үш күн үш жерде жиналдық. Талқыланған қаулылардың бәрі шын жүректен қабылданды. Әуелі Бұқарада құрылған «Орта Азияның қарапайым мұсылмандарының ұлттық одағының» орнына тек «Түркістан ұлттық бірлігі» деген ат қана алынды. Қазақстандағы «Алашорда» атауы – «Солтүстік Түркістан» болып өзгертілді. Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады, Түркістан сотын Ресейдің ішкі істері дәргейінен шығарып, ұлтаралық сотты енгізу, Түркістанның ұлттық сотын Ресейге тәуелсіз жасақтау туралы қаулылар қабылданды».

Әнуар пашаның қазасы және басмашылардың талқандалуы «Түкістан ұлттар бірлігі» орталығының азаттық күресінің тұйыққа тірелгенін анық байқатады. Сондай құсалы сәтте З.Валидов Т.Рысқұловпен жолығуға ниет етеді. Т.Рысқұлов қабылдаудан бас тартады. Оның бұл тілегі туралы тергеушіге берген жауаптарында:

Д.Әділев (жалғасы): «Рысқұлов Валидовке: Түркістанның төрағасын боп тұрғанда Біріккен Түркістан республикасын құру туралы ешқандай да пікір білдірмегенін, бұдан әрі Валидовті қорғай алмайтынын, Валидовке бақыт силаймын деп басына пәле тілеп алатын жайы жоқтығын айтты. Жалпы Рысқұлов өте сақ адам болатын. Ұйым мүшелері: Кеңес үкіметі Валидовтің өткендегі қайраткерлігіне бәрібір кешірім жасамайтындығын, сөзсіз жазаға тартылатындығын, отырыс бітісімен жасырын із тастап ешкім білмейтін басқа жаққа кету керектігі туралы кеңес берді. Оған дейін де Қажыбеков, Талғатов сияқты адамдар шетелге рұқсат алып кетіпті. Валидов: қаражатының жеткілікті екенін, Рысқұловтың мұны арандатып кеткенін, соның сөзіне сеніп Ташкентке келгенін айтты».

Осы арадағы дәлелденбеген бір айғақ – Валидов пен Рысқұловтың Ташкенттегі кездесуі. Д.Әділев: З.Валидовтің Москвадағы және Бакуге барар жолдағы «уағдасында тұрмай», кездесуден бой тартқаны үшін Т.Рысқұловқа ренжігенін айтады. Ал бұл жайды «Қатираларда»:



«Айдың жиырмасында хат тасушы келіп, Тұрар Рысқұловтан хабар әкелді. Онда: «Валидовке орталық комитеттің қаулысы бойынша кешірім жасалды, қаласа Рудзутакпен кездессін, тек «қайда жүргенін» айтпасын, белгісіз боп қалуды көңілінде қатты ұстасын», – депті. Хаттың соңында: егерде кеңес өкіметіне қайтып оралмайтындай болса, онда қалаған мемлекетке кетуіме көмектесетінін білдіріпті. Әрине, бұл кезде Түркістанның «ұлы генералы» Рудзутактың шақыруының үлкен маңызды бар еді», – деп баяндайды.

Бұл естеліктің астарына қарағанда олар бір-бірімен кездеспеген. Сақтанған. 1920 жылға дейін оппозициялық көзқараста жүргенін Т.Рысқұловтың өзі де 1923 жылы 9-12 маусым аралығында РК(б)П орталық комитетінң Ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерімен өткізген төртінші кеңесінде сөйлеген сөзінде мойындады. Сұлтанғалиевті ұлтшыл ретінде әшкерелеуге арналған бұл кеңесте Т.Рысқұловқа да айып тағылған болатын. Оған жауап ретінде:



1920 жылға дейін мен де осы ұстанымда болғамын және ең жанкешті оппонент болдым, мұны орталық комитет жақсы біледі. Мен Орталық комитетте: әскери мәселе жөнінде де, партиялық мәселе жөнінде де, басқа мәселелерде де, тіпті сол кезде жүргізілген барлық саясат жөнінде ұрсысуға дейін бардым. Нәтижесі – менің Түркістандағы қызметімнен кетуіммен аяқталды. Шығыс халықтарының құрылтайында мен бұл оппозицияны әшкереледім. Мен бұның бәрін жоққа шығармаймын, бірақта құрметті жер аудару ретінде Москвада, Ұлттар жөніндегі комиссариатта екі жыл істедім және кейбір түркістандық жолдастардың тұрғысынан адам төзбестей қорлықты көрдім. Бұл қорлық тек саяси жақтан ғана емес, коммунистке көрсетілген (мен партия мүшесі емеспін бе) бұл қорлық менің жанұяма да (үйден қуып шығу, қудалау т.т. тұрғысында) көрсетілді. Осындай ауыр күйзеліске қарамастан мен Москвада қалдым, жау жағына шығып кеткемін жоқ», – деп сөйледі.

З.Валидовтің бұдан кейінгі тағдырын жоғарыдағы астыртын өткен құрылтай шешті. Құрылтайда:



«Түркістан ұлттық бірлігі» орталығын сырттан басқару үшін менің Түркістанда қалмай, Иран, Ауғанстан және Үндістан арқылы Еуропаға кетуімді, Мұстафа Шоқайұлының да шетке кетуін мақұлдады. Маған осыған байланысты Құрылтай төрағасы қол қойған құжат та берілді. Арамызда шет тілін жетік білетін адам болмағаны үшін бұл құжат орысша және түрікше бір кездеменің бетінежазылды. Жұбайымды да бірге әкетуіме пұрсат берілді», – деп жазады З.Валидов.

Д.Әділев (жалғасы): «1923-24 жылдары Валидов Ташкентте болған жоқ. Кейін шетелге барып келген Мұңайтпасовтан білгенім: Валидов өзінің серігімен қазақтың саптамасы мен тымағын киіп әуелі адайларға барған, одан түрікмендерге өткен, содан кейін Ауғанстан арқылы Персияға, Персиядан Түркияға жеткен. Анкарадан Константинопольге (Станболға) келіп параходқа отырып Марсельге, одан темір жолмен Парижге келген. Онда Мұстафа Шоқаймен жолыққан. Ол Берлинге баруға кеңес берген. Берлинде бізден оқуға барған шәкірттерге кезігіп, солардың пәтерінде тұрған. Берлин кітапханасындағы тарихи құжаттарды зерттейді. Сондағы ғылыми жетістіктері үлкен назар аударып Түрік үкіметі Константинополь университетіне профессорлыққа шақырады, онда түрік-татар тарихынан дәріс береді. Мұңайтпасов Валидов туралы жақсы пікір білдірді. Сол арқылы маған да сәлем айтыпты. Сондай-ақ Мұңайтпасовқа: әйелін Башкирияға жеткізіп, одан Москва арқылы шетелге өткізіп жіберуді өтініпті. 1927 жылы жазда Мұңайтпасов екеуміз ескі Ташкент шаһарына барып, Валидовтің әйеліне жолықтық. Әйелі өзбекке ұқсайды екен, өзін тағдырдың тәлкегіне тастап кеткені үшін күйеуіне реніш білдірді. Ешқандай шет елге бармайтынын, Башкирияға кететінін айтты. Сонымен біз тарқастық. Кейінгі тағдырын білмеймін».

Дінше (Дінмұхамед) Әділовтің екінші жауабы осымен аяқталады. 1923 жылғы партиялық тазалау кеңесінде Т.Рысқұлов бұл көрсетіндідегі оқиғаларды жоққа шығарады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет