Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет34/42
Дата25.02.2016
өлшемі2.62 Mb.
#21342
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   42

Содан кейін Қостанайдан бізге қарсы қызылдардың бір отряды шыққан екен, оларға жолығу үшін “Алашорда” жағынан А.Теміров пен Алмасов қарсы аттаныпты – деген дақпырт жетті. Бұл хабарды естіген соң адамдардың барлығы әбігерге түсіп, өздерінің заттарын Торғай өзенінің арғы бетіне тасыды. Келесі күні қызылдармен болған соғыста “Алашорда” жасағының тас-талқаны шықты да, Торғай өзенінің арғы бетіне өтіп кетуге мәжбүр болды. Осы шайқастың алдындағы түнде “Алашорда” әскери Кеңесінің шешімімен әскери комиссар Аманкелді атылған болуы керек деп жорамалдаймын. Бұл туралы бізге осы ату рәсіміне Бөрте болысының Керей (аты жөні белгісіз) деген адамы айтты. Керейден естуім бойынша ату рәсіміне үш адам қатысыпты: олардың екеуі қостанайлық Ақжолов пен Мақатов екен де, үшіншісі Керейдің өзі екен. “Алашорда” Торғайда тұрған кезінде істің барлығын әскери Кеңес шешті. Ол Кеңестің құрамындағылардың ішіндегі ең белсендісі – Дулатов болды”.
Бұдан кейінгі берген жауаптарын тергеушілер қайта-қайта өңдетіп, әр нәрсені нақтылай түсіп, Міржақып Дулатовты нысанаға ала түзеттірген сияқты. Оқиғаны өз бастарынан кешкен М.Дулатовтың, М.Денисовтің, Б.Алмановтың, А.Кенжиннің, Д.Битілеуовтің көрсетінділерін салыстырсақ, жалпы мазмұндары ұқсас болғанымен, негізгі мәселе – Аманкелді мен Таранның қазасына келгенде үйлеспейді. Оларға үкім шығарған кім, Таранның өзі ол кезде қайда еді, ол қай жерде ұсталды, Имановты атқан кім? «Алашорда» үкіметінде тылдағы қамтамасыз ету қызметін басқарған, кеңес өкіметінде үкімет мүшесі болған А.Кенжиннің партиялық бақылау комиссиясына берген түсініктемесіндегі «арғын мен қыпшақ» мәселесі шешуші психологиялық қақтығыс жағдайына әкелгенін, кез-келген қазақты сондай бір ыңғайсыздық сезімге қалдыратынына қарамастан, мойындау қажет сияқты. Ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі майданда да «арғын хандығын», «қыпшақ хандығын» құрып, жеке-жеке соғысқан әскер сол «қазақы бәсекені» «Алаш» пен кеңестің қақтығысы тұсында да сақтаған. Әліби мен Аманкелдінің жасағы, яғни, қыпшақтар большевик, арғындар – «Алашорда» жағында соғысқан. Демек, бірде шоқынып, бірде мұсылманданып жүрген Степнов – Жангелдин рулық түйсігін шоқындырмаған болып шықты.

Жасыратын ештеңе де жоқ, бұл «қазақы ерегес» ХХІ ғасырдың да табалдырығын аман-сау аттады. «Алашордашылар» ақталатын тұста Байтұрсынов пен Дулатовтың басын тағы да қатерге тігіп, сол Торғайда «халықтық сот» жүргізілгені шындық. Ондағы «билердің» көзі әлі тірі. Осы ретте «Алаштың» ісін» архивтен қарап, көшіріп жүрген кезімде танысқан, бірақ қолжазбасы тосыннан қолыма түскен бір «халықтық пікірді» назарға ұсына кеткім келеді. Сәл әдепсіздік екенін білемін. Алайда маған да сол сексенінші жылдардың аяғында бұл хатты ресми мекемелер оқытып, пікір сұрағанын ескере келіп, сондағы сұраққа енді реті келіп тұрған кезде жауап бере кеткім келеді. Мен Қазақстан орталық партия комитетіне, партия тарихын зерттеу институтына, тарих институтына жазылған бір адамның бірнеше хатының ішінен мазмұнын өзіме таныстырған марқұм М.Қозыбаевқа жолданған нұсқаны және сол кезде маған таныстырған ғалымның жауабын пайдалануды жөн көрдім. Бұл тосын хатқа қайта оралуыма досым, республикалық Бас прокуратураның жауапты қызметкері Сәулебек Жәмкенұлының да себепкерлігі тигенін ескерте кетемін.

Ол – алашордашылар жаппай ақталып жатқан кез еді. Оған осы жолдардың авторының қатысы алғысөзде айтылған болатын. Сол күндері Аманкелді мен Міржақыптың отанынан пікір сұралды. Соған байланысты бейресми «халық соты» өтіпті. Сонда тарих институтының директоры, академик М.Қозыбаев алдында үйіліп жататын қалың қағаздың арасынан төмендегі хатты ұстатты. Сол күндердегі құпия саналатын әңгімені жаңғыртып отырғаныма марқұмның әруағынан кешірім сұраймын.

Халық жоқтаушысының 1989 жылы 20 тамыз күні академикке жазған хатының мәтіні төмендегідей:


«Қымбатты Манаш Қозыбаев!

Мен Торғайдағы «Алаш» партиясының көрнекті басшыларының бірі - Торғайда 1919 жылы Совет үкіметін құлатуға тікелей басшылық еткен А.Имановты Қостанай партизандарының басшысы Л.Таранды өлтіруге қатысқан және Торғайдағы атақты 17 большевикті атуды ұйымдастырған – Міржақып Дулатов туралы естігендерім мен білгендерімді, газет, журнал, тарихи романдарда жазылғандарды дәлел етіп, Қазақстан Орталық партия комитетіне (Ө.Жәнібеков жолдасқа), Орталық партия тарихы архивына – Жағыпаров жолдасқа, белгілі чекист, жазушы Серік Шәкібаевқа, Дулатовқа әдеби мұраларға шығаруға «қамқоршы» болып отырған белгілі ақын ағамыз Әбділда Тәжібаевқа хаттар жолдап, өз ойымды кең көлемде білдіргенмін. Онда егжей-тегжейлі Аманкелді Имановтың, Лаврентий Таранның және торғайлық 17 большевиктің қалай атылғаны жайында баяндағанмын. Осыған қарамастан Қазақстан Орталық партия комитетінің комиссиясы М.Дулатовты толық ақтап шығарды. Орталық комитеттің М.Дулатов туралы қаулысында: «А.Имановты өлтіргені, оған М.Дулатовтың тікелей жауапты екені документтермен және көз көргендердің куәлігімен дәлелденбеген», – деп қортынды жасайды. Комиссия бұл жерде «Көз көргендер» деп кімдерді айтып отыр екен? «Социалистік Қазақстанда» М.Дулатов туралы көлемді әдеби мақала жазған Ә.Тәжібаев ағамыз А.Иманов атылғанда 10 жасар бала, бұл –бір, екінші – Ә.Тәжібаев Торғай даласын сонау 1919 жылдарда да, одан кейін де көрмеген адам. Ал, атақты ақын-жазушылар Сәбит Мұқанов пен Бейімбет Майлиндер өздерінің шығармалары мен естеліктерінде Аманкелдіге қатысты бұл деректерді толық қуаттайды. Ал, көзі көргендердің дерегіне жүгінсек, қазір 91-де, Сталин репрессияның кезінде бірнеше дүркін тұтқындалып, кейіннен ақталған, 1923-1924 жылдары Торғай уездік начальнигі болған Ерден Досмағанбетов деген ардагер ағамыз былай деп еске алады:

Алаш партиясының М.Дулатов бастаған тобы (Алаш әскерлерімен қосқанда 100 шақты адам) 1919 жылы қыстай Торғайдың «Сарықопа» көлінің маңайындағы ауылдарда болды, бұл кезде Торғайда Совет үкіметі орнап, қаланы әскери комиссар – А.Иманов билеп тұрған. Міне, осы алаш адамдары, оның бастығы М.Дулатов Аманкелдіге арнаулы адам жіберіп: «Біз сіздермен біргеміз. Бізді Торғайға жіберіңдер, сендерге бағынып жұмыс істейміз», – деп өтініш жасайды. А.Иманов алаштардың бұл өтінішін өзінің орынбасары Веденеев арқылы Ә.Жангелдинге хабарлайды, бұл кезде Ташкентте жүрген Жангелдин Алашордашыларға мынадай талаптар қойып, Торғайға кіргізбеуді өтінеді. 1. Совет өкіметінің саясатын сөзсіз мойындау. 2. Алашорданың атты әскер полкін қарусыздандыру. Амал не, совет үкіметіне астыртын кіріп алған, Торғай соғыс комиссарының жәрдемшісі – Кәрім Тоқтабаев опасыздық жасап, Алашорда басшыларын Торғайға кіргізеді. Алаш үкіметі Торғайға кіргеннен кейін өздерінің зымиандық планын тездетіп іске асыра бастайды, Торғайға кіргеннен кейін Алашордашылардың соғыс советі құрылып, олар Аманкелді жағындағы қызыл әскерлерді қарусыздандыра бастайды, ақыр соңында неше түрлі айла-шарғымен халық батыры Аманкелді Имановты қолға түсіреді, түрмеге қамайды, ал Қостанай жақтан келе жатқан Л.Таранның отрядын алдап қолға түсіреді, одан арғысы тарихтан белгілі. А.Имановты, Л.Таранды, К.Иноземцевті және олардың 17 большевик жолдастарын жаппай атумен аяқталады. Бұларды жазалау үшін Алашордашылардың Торғайда әскери советі құрылды. Олар – М.Есполов, М.Дулатов, Омар Алмасов, Кәрім Тоқтабаев, Мұзафар Қасымов, Б.Сисекенов. М.Сейдалин, комендант – Р.Мақатов, түрік – Хидоят, Д.Ақталовтар еді. Бұларға қоса қыпшақ Әбдіғапар Жанбосынов, Сәлімгерей Қаратілеуовтер болады. Үкім орындалды: «Аманкелдінің сүйегін ешбір адам көрмейтін жерге апарып көміп тастаңдар!», – деп М.Дулатов әмір етеді. Алашордашылардың Торғайдағы ойраны осымен аяқталады. Бұл кезде Қостанай жақтан белгілі Жиляевтің отряды Торғайға кіреді, «Алаш» басшылары қарулы отрядқа қарсы тұра алмай, бет-бетімен қашып кетеді. Жиляев отряды Торғайды алғаннан кейін, іле 1-2 күн шамасында Ақтөбе майданына жол тартты. Жиляевтың одан арғы тағдыры – реввоентрибуналдың атуымен аяқталады.



А.Имановтың өлімін естігеннен кейін Дала комиссары – Әліби Жангелдин Торғайға келді. Торғайда совет өкіметі орнап, Торғай уездік атқару комитетінің председателі болып – Сейтқасым Көшімбеков сайланған. Ол А.Имановтың өліміне байланысты қылмысты істерді тексеретін комиссия құрды. Міне, осы комиссияның шешімімен, Аманкелдіні өлтіруге қатысқан, қыпшақ ханы – Әбдіғапар Жанбосыновты, Алмасов Омарды, Торғай территориясында ұстап, атып өлтіреді. Ал, М.Дулатов бастаған басқа «Алашордашылар» бұл кезде Торғайдан қашып кетеді.

Міне, М.Дулатовтың Революцияға жасаған опасыздығын, А.Имановты, Л.Таранды және олардың 17 серіктерін қалай өлтіргендлігі жайлы «көз көрген» тірілердің біреуі – Ерден Досмағанбетов қарт осылай дейді. М.Дулатов өз заманының алдыңғы қатарлы прогрессивті оқыған адамы, ол бұл істің барлығын ойластырып, саналы түрде істеді, ол үшін жауап беретінін білді де! Міне, осындай адамдарды біз бір күнде дәріптеп, бұрынғы жазылған тарихты, көзі көрген қариялардың естелігін қалайша нольге шығарамыз, бұған келешек ұрпақ не айтады? Әлде, халықтың көкейінде шексіз құрметке бөленіп, өлең-жырға арқау болып келген халық батыры – Имановтың еңбегін жоққа шығарамыз ба?! Бұл олардың аруағын қорлау, есіл ерлердің рухын аяққа басу болмай ма? Әбділда ағамыз айтқандай «бізге тек әдебиетші Міржақып керек» – деп, оның революция алдындағы қылмысын кешіре салу дұрыс па?! Сондықтан менің пікірім мынау:

М.Дулатовтың А.Имановты өлтіруге тікелей қатысқандығы баспа беттерінде анықталсын; ол үшін қазіргі Аманкелді ауданында «Иманов» атындағы совхозда тұрушы А.Имановтың туғандарынан сұралсын, бұдан кейін А.Иманов туралы Қазақстан баспаларында шыққан барлық көркем әдебиет, тарихи материалдар, азамат соғысы жылдарындағы Қазақстан чекистерінің естеліктері іздестіріліп, олар жария етілсін?! Әйтпесе, халық өзінің жүрегінде мәңгі орын алған Аманкелді сияқты батырдың өлімін іздейді де жоқтайды! Сонда не айтамыз?

Сәлеммен Қорған Әмірхамзин. Август, 1989 ж.»

Иә, хаттағы айтылғандай және шындыққа өте жақын жорамал – «бүкіл қыпшақ көтеріліске шықса не бетімізді айтар едік?». Манаш марқұм өзіне тән әдептілікпен қайырған жауабын оқып та беріп еді. Ол кезде біз де жартылай астыртын жұмыс жағдайында және қалайда алаш азаматтарын ақтау шебінде жүргендіктен де, тергеу ісіне қатысы болар деп қажетті деректерді жиыстыра жүретінбіз. Соның ішінде академик М.Қозыбаевтың да жауабы сақталыпты. Оны да назарға ұсынамыз. Өйткені осында айтылған уәжге біз де қосыламыз:


«Құрметті Қорған!

Хатыңызға кеш жауап беріп отырғаныма кешірім сұраймын, демалыста болдым. Сіз: «Аманкелдіні өлтіргендердің бірі Міржақып Дулатов еді», – деп, оның есімінің ақталуына қарсы шығасыз. Шынында «Алашорданың» Амангелдіні өлтіргені рас. Бұл оқиға 1919 жылдың майының 18-нен 19-на қараған түні болды. Ал 1919 ж. апрель айында, одан қалды декабрь айында «Алашорда» қозғалысына қатысушыларға амнистия (кешірім) жарияланды. Сол кешірім бойынша совет платформасын қабылдағандардың бірі – М.Дулатов.

Қадірменді Қорған! Өзіңіз ойлап көріңізші: атақты Куприн ақ гвардияшылар қатарында болды, Парижге жер ауып, совет өкіметіне лағынет айтты, ал совет өкіметі болса оны кешіріп, барлық еңбектерін жариялады. Ал, біз неге қазақтың ат төбеліндей интеллигенциясының баршасына лағынет айтуымыз керек, олардың баршасы «Алашорда» қозғалысына қатысты десе болады.

Міржақып Дулатовтың кінәсі де аз емес, оны біз Қазақстан тарихында айтамыз, сонымен қатар, оның тұңғыш роман жазғанын, патшаның отаршылдық саясатына қарсы шыққанын, кезінде Аманкелдіні жоқтап мақала жазғанын айтуға парыздармыз. Адам бұл дүниеге келеді, кетеді, бірақ оның орны халық қазынасына берген мұрасымен есептелсе керек. Осы тұста Міржақыптың «Оян қазағы» дер кезінде Сәкенді де, Сәбитті де, Бейімбетті де оятқаны хақ. Оның есімі отаршылдықтың саясатына қарсы күрескен қауымның аузында болды десек, қателеспеген болармыз. Өмірінің екінші сәтінде ол баррикаданың арғы бетінде – Совет өкіметіне қарсы күресті. Ал күресте оқ атылады, қылыш шабылады, қан төгіледі, біз оның бұл кездегі істеген қылмысын ақтап алудан аулақпыз. Міржақыптың Алашорданың соғыс советін басқарғаны рас, ол Советтің Аманкелдіні өлімге кескені рас. Міржақыптың сол Советтің мүшесінің бірі есебінде кінәлі екені де рас, бірақ шешім ауызша қабылданған, жазба дерек жоқ, ендеше Міржақыпты ешкім қолынан ұстап ала алмайды, тек жанама дәлелдермен айыптай алады. Сондықтан да Орталық Комитеттің шешімінде де Аманкелдінің өліміне Міржақыптың қатысы туралы үзілді-кесілді дәлел жоқтығы айтылған.

Қорыта айтқанда Міржақыптың өмірі үш кезеңнен тұрады. 1-ші кезеңі –Отаршылдыққа қарсы күрескен, бостандықты аңсаған елдің өкілі. 2-ші кезеңі – Алашорда қозғалысына қатысып, қолына қару алып, Совет өкіметіне қарсы күресуі. 3-ші кезеңі – кешірім алып, кінәсін ақтауға тырысып, еліне халқына қызмет етуге талаптанған жылдары.

Біз Міржақыптың өмірінің 2-ші кезеңін айыптай отырып, өмірінің қалған екі кезеңдегі пайдалы істерін, халыққа берген мұрасын көрсетуге қарыздармыз. Бұл өскен елдің белгісі, оның азаматтық төл ісі болса керек. Біз М.Дулатовтың жеке өміріне, міне, осылай диалектикалық тұрғыдан қарауға міндеттіміз. Есіңізде бар шығар, Ленин Плехановтың 5-6 жылдық өмірін айлап бөледі, оның большевик болғанын, меньшевик болғанын, «ярый меньшевик», тағы басқа жойымпаз болғанын айлап анықтаған, біз де Дулатовтың өміріне солай қарауға міндеттіміз. Маркстік-лениндік ғылыми-методология өмірдің жақсылығын, жамандығын, ащысын-тұщысын бірдей қарауға міндеттейді. Өлең сөздің бір сөзін алып тастауға болмайды.

Сәлеммен – Манаш Қозыбаев. 12 қазан, 1989 жыл».

Иә, ол азаматтық соғыс жылдарының оқиғасы. Оның өзге соғыстан көрі қасіретті және әділетсіз, сондай-ақ кешірілмейтін кекке толы болатыны да сол. Ал жауап хаттағы бір адамның өмірін үшке бөліп қарап, «диалектикалық тұрғыдан баға» беру, әрине, өз құнын жойған жорамалға жатады.

Өкініштісі, «халықтық кек» мұнымен де аяқталмаған. «Қыпшақтың ханы» Әбдіғапар Жанбосыновты «өз қанын сатқаны үшін» қандастары ұстап беріп, аттырған. Ал Омар Алмасовты кеңестен баспаналап жүрген кезінде А.Байтұрсыновтың ауылы «Ақкөлде» ата кегін қуған азамат ... аңдып жүріп атқан. Бұған Санкт-Петербургтегі Кунст-камераның Ақ теңіз жағалауындағы бассүйектер қоймасында жатқан Кейкі батырдың шүйдесінен кетпенмен шабылған біз көрген бас сүйегін қосыңыз.

1922 жылы Ж.Аймауытов аштарға көмек ретінде 8 000 бас мал жиып, Торғайдағы аштыққа ұшырағандарға бөліп береді. Ол үшін арнайы комиссия құрылады. Сол кезде тағы да «қыпшақ – арғын майданы» басталып: «Алашорданың» мүшесі Аймауытов малды алашордашылардың туысына бөліп берді деп, екінші жақтағылар Ә.Жангелдиннің туысына бөліп берді деп сотқа арызданады. Тергеу ісі төрт жылға созылады. Малды айдап келгендердің еңбекақысы мен ішер тамағына бөлінген 9 қара мал Ж.Аймауытовтың мойнына мінеді. Айыбы: олардан қолхат алып, мөр бастырып, куәландірмегендігі. Тура осындай «қайтарылған немесе қайтарылмаған кектер» жоғарыда біз атаған қазақ аудандарында әлі де орын алып отыр. Мен көзім көрмесе, өз құлағым естімесе, құжатты көрмесем, мұндай обал сөзге бармас ем. Сондай сәттердегі сырқыраған сай сүйегімнің шаншуы әлі басылған жоқ. Ертеңгі күннің есінде жүретін ескертуім бұл.


Ал Әліби Жангелдиннің тергеу комиссиясының қорытындысы бойынша Аманкелдінің өліміне Мұзафар Қасымов пен Әбдіғапар хан Жанбосынов (қыпшақты қолдамағаны үшін) жауапты деп табылып, атылған. Бірақ олардың ешқайсысы да Аманкелдіні туралап атқан адамды көрсете алмаған. Ал М.Денисов айтқан деректерді (сол үйден Таранның сыртқа атып шыққанын, оның өзі Аманкелдінің қасында қалғанын, ертеңінде ғана комиссардың өлтірілгенін естігені) ешкім «ескермеген».

Біздің ойымызша бар кілтипанның бір кілтипаны осы арада жатқан сияқты. Мысалы, Балтық жағалауындағы ұлт мәселесін тез әрі большевиктік жолмен шешу мақсатында Ленин «революция мүддесі үшін» қызыл әскерлерді бір түнде латыш атқыштарына қырғызып салады да, ертеңінде: «Мұны істеген ұлтшылдар», деп жариялайды. Сөйтіп сол күні-ақ бар келісімді бұзып, олардың бірін қалдырмай көзін жояды. Мұндай арандатудың шебері Каширин сол кезде де төтенше бөлімнің бастығы болатын. Тура сол күндері «Алашорда» қайраткерлеріне кешірім жасау туралы декрет дайындалып жатқан. Қалайда оның алдын орап, Имановты құрбандыққа шалу арқылы алашордашыларды бір түнде қырып тастап, «революциялық жүкті жеңілдетіп», «түсініспестік болды» деу мақсатымен жүзеге асырылған құпия операция емес пе екен?

Онда: Таран «көтерілісші» ғана емес, арандатушы да болғаны. Жасырын келіп Имановты өлтіруге Кашириннен, ал Каширин Сталиннен, ол ма ...ол Лениннен тапсырма алмады деп сеніммен айтуға бола ма? Әйтпесе, Таран кешкі апақ-сапақта неге жасырынып келеді? Сырттағылар әдейі аласапыран, айқай-шу шығарғанда, соны пайдаланып Таран, не «эскадрон командирі», не Денисовтің өзі құпия бұйрықты орындаған. Олардың ескермегені – «Алашорда» әскерінің әлі де қарсылық көрсету мүмкіндігі сақталғаны, олардың да барлау жүйесінің жақсы жұмыс істейтіндігі. Тіпті дәл осылай болмаған күнде де Ф.Ивановтың мойындағанындай «қанқұйлы қылмыскерді» жалдауы да мүмкін. Ал оны жүзеге асыру «техникалық» мәселе. Мәселе – кеңес чекистерінің: «бес жүз қазақ интелигенциясын атып тастаса, қазақ даласы кесілген бас сияқты қолымызда бос қалады», деген Колчактың «тапсырмасын» орындауға ұмтылуында.

Бұл – біздің ғана жорамалымыз емес. Кеңес тұсында да құпия түрде талқыланған мәселе және ол талқылауға тікелей Сталиннің өзі араласқаны: «Имановты азамат соғысының батыры есебінде таныту қажет», деген сөзі құжаттармен дәлелденген шындық. Алайда бұған да жорамал деп қарауға тура келеді. «Алашорда» Әскери кеңесінің 1919 жылы 24 маусым күні Бас қолбасшы Колчакка жолдаған есепті мәліметінде:



«...Аталған уездердің өкілдері «Алашорданың» облыстық кеңесінен оларды кеңес өкіметінің талан-таражынан құтқаруды өтінді. Большевиктердің тонауы мен зорлығы туралы арыздарына қарағанда Торғай мен Ырғыз уездеріндегі большевиктердің ұзақ орнығуы оларды барлық мал басынан, мінетін аттан айыратыны анық болды. Сол қауіптің алдын алу үшін «Алашорданың» Торғай облыстық бөлімі өзінің жігіттерімен 1919 жылы ақпанда Торғай уезіне бет алды, жолай жігіттердің құрамын жаңа жасақтармен толықтырып, содан кейін Ырғызға жорық жасау көзделді. Көктемгі қызыл су жүріп жатқан қиын жағдайда жүздеген шақырымды азаппен басып өтті, қатарын жаңа жасақтармен толықтырды, сөйтіп сәуір айында «Алашорда» Торғай қаласын алды, әскери комиссарын тұтқындады, кейін атылды. Сөйтіп, Торғай уездіндегі кеңес өкіметі құлатылды, қалалық және жергілікті басқару құрылымы қалпына келтірілді, бұл арада адмирал Колчак бастатқан Бүкілроссиялық уақытша өкіметі жарияланды. Торғай қаласы алынған күннің ертеңінде, яғни, 20 сәуір күні Қостанайдан құрамында 400 адамы бар қызыл армия бөлімі келе жатыр, отрядтың бастығы Қостанай аткомының төрағасы Таран екен деген хабар келіп түсті. Біздің барлаушылардың мәлімдеуінше: Торғайға бет алған отряд Қостанай қаласы мен уезіндегі көтерілісшілер екен, Торғайды алып, Ырғыздағы Ақтөбе майданымен қосылмақ екен, отряд бастығы Таран ақтардың түрмесінде жатқанда Қостанайдың переселендері босатып алыпты. 21 сәуір күні «Алашорда» бөлімінің жігіттері Қостанайдан Торғайға келе жатқан Таранның отрядын Торғайдан 40 шақырымдай жерден күтіп алды. 22 сәуір күні барлық отряд мүшелері, жиыны 337 адам қарусыздандырылды, Таран бастатқан басшылары 30 адам тұтқындалды, кейін атылды. Таранның қарусыздандырылған отряды Атбасарға жөнелтілді», – деген дерек бар.

Бұл, әлде, М.Дулатов пен М.Есполовтың көрсетіндісінде айтылғанындай: Колчактың қанқұйлы әскерінің бетін қайыру үшін және қазақ даласын қырғынға ұшыратпай, одақтас деп жұмсақ қарату үшін өсіріліп жазылған жорта ақпарат па. Әйтпесе, кеңес өкіметі жағына шыға отырып, А.Байтұрсыновты кепілдікке бере отырып, мұндай операцияны жүзеге асыру оның көсемі А.Байтұрсыновқа қаратылған арандату болар еді. А.Кенжин 1922 жылы 16 қазан күні Өлкелік обкомның президиум мәжілісіндегі тексеруде:



«Кенжин жолдас: отрядтың қарусыздандырылуы мен атылғаны туралы ештеңе білмеймін. Көтерілісшілердің отрядын қарусыздандырған жасақ бастығы Қасымов. Мен құрылтайда бөлініп кеткен топпен бірге «Алашорданы» іштен ыдыратуға барғамын. Сол үшін де Қаратілеуов екеумізді «Алашорданың» батыс бөлімі большевик есебінде заңнан тыс деп жариялады», – деп түсінік берді.

Біз үшін А.Кенжин қай жақтың барлаушысы болса да бәрібір. Оның бұл жауабын амалсыздың жанталасы ретінде бағалаған дұрыс. Назар аударатыны – Имановты тұтқындаған Мұзафар Қасымов деп нақты көрсетіп отырғандығы. Ұзамай Қасымовтың өзі де дұшпандарының қолынан атылды.

Иә, дүние есесі дүниеде кетпейді. Академик М.Қозыбаев айтқандай, ол – азаматтық соғыс. Ал соғыс құрбандықсыз болмайды. Сол сияқты кез-келген құрбандық та өз құнын ақтамайды. Алланың берген жанын Алланың өзі ғана ала алады.

4.

1929 жылы І/І күні тергеуге алынған Міржақып Дулатовтың жауабының хаттамасындағы қамтылған мәліметтердің астары мен ұзын-ырға мазмұны осындай. Айыптау санкциясы мен Д.Әділевтің көрсетіндісіне қарағанда алғашқы сұрақ-жауап: 1). Міржақып Дулатов пен Дінше Әділев және де басқалар бірігіп түскен суреттің тарихы, 2). 1921-1922 жылғы Ташкентте құрылған-мыс делінетін астыртын ұйым, 3). Голощекинге қарсы қастандық жасау әрекеті-міс делінетін оқиға туралы қойылуы тиіс еді. Ал мұнда алғашқы тергеудің өзінде бірден 1918-1919 жылғы Торғайдағы азаматтық соғыс кезіндегі оқиғалар, оның ішінде Аманкелді Имановтың қазасы туралы сұрақтар қойылған.



Голощекин бір халықтың ұлттық, азаматтық күрес тарихын бар мен жоққа тели үкім айтып, тағдырын тауқыметке итермелегісі келді.Өзгені былай қойғанда, 1916 жылғы азаттық көтерілістің өзін әуеліде реакцияшыл қозғалыс деп атап, Шапиро мен Брайнин деген идеолог-тарихшыларға теріс тұжырымдар жасатты, оның: «ұлтшылдықтан туған, орыс халқына қарсы көтеріліс” екенін дәлелдеп екеуіне мақала жаздырды. Аманкелді Имановтың қаза табуына „Алашорда” жасағының қатысы барлығы анықталғанда, алашордашылардың көзін құртудың мүмкіндігі туғанын білді. Сол кезде Сталин «партия ішіндегі оппортунистер» деп атаған Каменев, Зиновьев, Троцкийге қарсы науқан лап ете қалды да, соны арқаланған Голощекин бетіне еш жанды қаратпады. Сөйтіп, бастапқыда Аманкелдіні «барымташы», «бунтарь», «дала қарақшысы» етіп көрсеткен әлгі екі әккі тарихшыға енді Аманкелді Имановты „большевик”, ұлттық қаһарман ретінде баяндайтын монография шығартты. Тергеушілердің Брайнин мен Шапиро дайындаған, Ораз Исаев редакциялаған “Алашорда” туралы жинақтардың қолжазбасына сүйенгені анық байқалады. Сол жинақтың ішіндегі құжаттарды тергеу ісіне айғақ ретінде тіркеген.

Стенограмма. 1929 жылы 3 қаңтар күнгі Міржақып Дулатовтан алынған жауаптың хаттамасы.



Төмендегі құжаттардың мазмұнын білемін бе, жоқ па деген маған қойылған сұрақтарға беретін жауабым мынау: (Бірінші құжаттың мәтіні):

Министрлер Кеңесінің Төрағасы /Колчакқа/ “Алашорданың” Торғай бөлімінің мәліметі:

Орынбор Әскери Округының ұсынысымен және қолдауымен Торғай облыстық бөлімі Бүкілодақтық 2-атты полкті жасақтауға 1918 жылдың қараша айынан бастап кірісті, ал Бүкілқазақтық І-атты полк 18-жылдың жаз айында жасақталған еді. Қостанай уезіндегі І-полк дербес Урал корпусының қарауында болды және барлық жарақты қазынадан алды, 2-полк "Алашорданың" Торғай облыстық бөліміне қарады. Торғай мен Ырғыз уезі Сібір Уақытша Үкіметіне, Дербес Урал корпусының қолбасшысына, чехословактарға көмек сұрап хат жазып еді, алайда ешкімнен көмек ала алмады.



Сәуір айында “Алашорда” бөлімі Торғай қаласын алды, әскери комиссарын тұтқындады, ол кейінен атылды. Сөйтіп, Торғай уезіндегі Кеңес өкіметі құлатылды, қалалық және жергілікті басқару жүйесі қалпына келтірілді және бұл арада Адмирал Колчак бастатқан Уақытша үкіметтің өкілдігі жарияланды. 22 көкек күні құрамында 337 адамы бар Таранның отряды түгелдей қарусыздандырылды, оның ішінде Таранның өзі бастатқан 30 сарбазы да ұсталып, бәрі де атылды. Таранның қарусыздандырылған отрядының барлығы да Атбасарға жіберілді. Одан қалғандары Атбасарға бара жатқан жолда құртып жіберілді. Таранның отрядының қарусыздандырылғаны және олардың көзі жойылғаны жөніндегі оқиға туралы мәлімет беру үшін біздің өкіліміз Кенжеғали Ғабдуллин Дербес Орынбор Армиясының штабымен хабарласу үшін мен оны сонда жібердім, ол Армия штабына барды...”.

Бұл “Алашорданың” Торғай бөлімінің 1919 жылғы 11 мамыр күні Министрлер (Сібір кеңесінің төрағасы (Колчакқа – Т.Ж.)) жіберген мәліметі. Қолжазбасы Омбыда сақталған, 1919 жылдың 24 маусым күні қол қойылған.

М.Дулатов (басы): “Менің беретін жауабым мынау: “Алашорданың” Шығыс бөлімінің жетекшісі Бөкейханов және басқалары 1919 жылдың жаз айларында Омбы қаласында тұрған еді. Біздің оларға Кенжинді қандай тапсырмамен жібергенімізді қазір есіме түсіре алмай тұрмын. Мына құжатты маған көрсеткенде ғана оны амалсыздан алдарқату /тактикалық/ тұрғысында жазғанымызды есіме түсірдім. Себебі, қалыптасқан жағдай мынадай болатын: біз ол кезде Колчак үкіметімен де, Орынбордағы Әскери Үкіметпен де қарым-қатынасымызды үзілді-кесілді доғарып, Торғайға келіп орналасып, кеңес өкіметі жағына шыққан едік те, Байтұрсыновты Москваға келісімге жіберген болатынбыз. Алайда менің жоғарыдағы тергеуге берген жауабымдағы жағдайларға байланысты кеңес өкіметі жағына толықтай қосылып кете алмадық, сөйтіп, шарасыз күйге түстік. Барар жеріміз қалмады, оның үстіне Торғайға және Торғай арқылы Шалқарға казак отрядтары үздіксіз ағылып жатты. Мұндағы жазылған сөздер біздің шын ниетімізді білдірмейтін, Колчак үкіметі жағынан қысым мен қуғын жасалмас үшін, жай ғана көз бояу үшін ғана жазылған еді. Ондағы біздің басты мақсатымыз: қалайда қазақ халқын қырғыннан сақтап, оны қорғап қалу болатын. Біз өзіміздің күшіміздің аз екенін, ешкіммен де соғысып шекеміздің қызбайтынын жақсы білдік. Тек сол мақсатты жүзеге асыру үшін ғана осы құжат жазылған болуы мүмкін.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет