Комиссияның мәжілісінде, жасаған баяндамамның біздің республикамыздың территориясын анықтау туралы тұсында: Каспий теңізінің солтүстік жағалауының – Астрахань губерниясынан Қазақстанға қайтарылғаны тиімді екендігі жөніндегі жоғарыдағы ұсынысымды қайталап айттым. Менің бұл ұсынысыма көптеген адамдар мүлдем қарсы болды. Ірі басшылар, әсіресе Астрахань губерниялық атқару комитетінің председателі (фамилиясы есімде жоқ), Лежава, Брюханов секілді басшылар: Каспийдің балығымен Москва жұртшылығын асырап отырмыз, еліміз азық-түлік қиындығын бастан кешіп отыр,– деген сылтауды алдыға тартты. Сөйлеушілердің бұл мәселеге теріс көзқарасын байқаған Владимир Ильич маған бұрылып: «Біздің экономистер жан-жақты талдап, батыл айтқан секілді, ұялмаңыз, өзіңіздің ойыңызды еркін айта беріңіз, енді сөз сізге беріледі»,– деді.
«Мен, кеше ғана институтты бітіргенмін, жақсы тәжірибені үйренуге дайынмын. Бірақ кейбір жолдастардың менің ойыма қарсы болғанына таңым бар. Өйткені, Қазақстанның өзінің ұлттық-тұрмыстық ерекшеліктеріне байланысты алатын автономиялық басқару құрылымы – РСФСР-дің қарамағына кіреді. Соған қарамастан, біздің, Каспий жағалауының республика шекарасына кіргізілуін мақұлдағанымыз дұрыс сияқты. Себебі, ол жерде негізінен балық шаруашылығымен айналысатын қазақтар мекендейді және де бұл жағалау Қазақстан территориясының ішіне кіріп тұр. Ал егер осы жағалауды тұрғындарымен бірге біздің республиканың шекарасына кіргізсе, біз оларды ұйымдастырып, Астрахань губерниясына қарағанда Орталыққа әлдеқайда көп балық жіберетінімізге сенімдімін»,– дедім.
Владимир Ильич Астрахань губерниялық атқару комитетінің председателіне бұрылып, одан: Жағалаудағы қазақ пен орыс тұрғындарының сан жағынан ара қатынасы қандай?,– деген сұрақ қойды. Председатель статистикалық мәліметтер жоқ дегенді сылтау етіп, сұрақтан бұлтарғысы келіп еді, Владимир Ильич: «Жағалауда қанша қазақ, қанша орыс бар – деп отырғаным жоқ, осы өңірдегі тұрғындардың қайсысы басым?»,– деді. Сонда председатель амалсыздан: «Қазақтар басым секілді»,– дегенге сайды. Владимир Ильич: «Мәселе түсінікті болды»,– деп дауысқа салмақ еді, сол арада хатшы Крестинский: «Ермеков жолдас «Данциг дәлізін» ұйымдастырмақ болып отыр»,– деп қыстырылып еді, Владимир Ильич: «Крестинский жолдас мәселенің маңызын түсінген жоқ. «Данциг дәлізін» Астрахань губаткомы мен біздің шаруашылық басшылары жасап отыр»,– деді. Теңіз жағалауын біздің республикамыздың шекарасына қосуды жақтап Владимир Ильичтің өзі дауыс берді және оның ұсынысы көпшілік дауыспен қабылданды»,– деп еске алды.
Иә, Ленин мен Әлімхан Ермековтің көзбе көз тілдесуінің нәтижесінде бүгінгі Атырау өңірі Қазақстанның құрамына мәңгілік қосылды. Автономия мен территория мәселесі 14, 16-17 тамызда талқыланып, 24 тамызда тағы да Лениннің қатысуымен өткен ең соңғы шешуші мәжілісте түбегейлі бекітілді:
Бұл туралы аталған естелікте Ә.Ермеков: «1920 жылдың 24-тамызда Халық Қомиссарлар Кеңесі Қырғыз (қазақ) Автономиялық республикасы туралы декрет жобасының мәселесі жөніндегі мәжіліске баяндамашының бірі ретінде мен де қатыстым. Мәжілістегі атмосфера аса іскерлік жағдайда болды, әрқайсысы өздерінің жауапкершілігін сезініп, қатал тәртіп сақтап, байсалдылық танытты. Бұл мәжіліске Владимир Ильичтің өзі және біздің тарапымыздан төраға Пестковский қатысып отырды. Мәселе туралы Ұлттар жөніндегі халық комиссарының төрағасының орынбасары Каменский баяндама жасады. Ол өзінің жауапкершілігін қатты сезініп, баяндама барысында көп қиналды.
Владимир Ильич, декретті қарап отырып: «Байланыс торабы мұнда ЦСНХ-ның қарамағына беріліпті, неге НКПС-тің (Байланыс жөніндегі халық комссариатының – Т.Ж.) қарауына берілмеген?– деген сұрақ қойды. Каменский жолдас: «Татар республикасы туралы декретте осындай ереже қабылданған болатын»,– деп жауап берді. Владимир Ильич таңданыс білдіріп: «Ендеше ол ережеде мұндай шешім неге қабылданған?»,– деп сұрақ қойды да: мәселенің барлығы нақты қамтылмағаны туралы баяндамашыға қатты ескерту берді. Мен бұл мәселенің мән-жайын Пестковский жолдасқа: «Біздің республикамыздағы темір жолы торабының көлемі шамалы, оның есесіне салынып жатқан темір жолы құрылысы ЦСНХ-ның басшылығына қарайды»,– деп түсіндірдім. Пестковский жолдас сөз алып, жоғарыдағы шешімнің мән-жайын түсіндіріп берді. Владимир Ильич бұған: «Мұндай түсініктемемен келісуге де болады, келіспеуге де болады, бірақ баяндамашы болса: Татар республикасы жөніндегі осыған сәйкес ережеге сілтеме жасағысы келеді»,– деп ескерту жасады. Каменский жолдас өзіне түскен барлық жауапкершілік пен ауырлықты қатты сезініп, қиналды, сөйтіп, осында отырғандарға алдағы уақытта ескеріп жүретіндей үлкен сабақ болды.
«Сөйтіп Декреттің жобасы тездете тұтас оқылып, қабылданды. Тиісті қосымшалар мен өзгерістерімен қоса РСФСР Халкомсовының Декреті 1920 жылғы 26-тамызда бүкіл елге жарияланды»,– деп еске алды.
«Алашорда» үкіметі арқылы Қазақ республикасына ұласқан Алаш идеясы осылай орындалды. Оның басында сол жолда жанын құрбандыққа атаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков және ... автономия туралы пікірталаста:
«Егерде сеніммен қолға алсақ бұл мәселені толық шеше аламыз. Тек... біз әлі таптық жігімізді ажыратып үлгергеміз жоқ. Сондықтан да біз қазақ халқының ұлтшылдық ырқына да көндік, онсыз ештеңені жүзеге асыра алмайтын едік»,– деп салмақты өзіне аудара сөйлеген Әліби Жанкелдин тұрды.
Оған алаш азаматтары М.Мырзағалиев пен Ғ.Әлібеков дауыстарын қосты.
Ал, бұл – Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Әлімхан Ермековтің қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясы болатын. Сөйтіп, «Алашорда» көсемі өкімет билігін ресми түрде Ленинге табыстап, ал алаштың рухани туын жаңа Қазақ автономиялық өлкесі үкіметінің қазақ істері жөніндегі орынбасары Ахмет Байтұрсыновқа ұстатты. Оған Декларация жарияланысымен Әлихан Бөкейхановтың Ленинмен оңаша он бес минут сөйлесуі толық дәлел. Өзі: «Не ойы, не білімі көлемді емес»,– деп есептейтін Сталинмен кездесуден бас тартқан. Ол туралы Әлімхан Ермеков:
«В.И.Ленин өзі төрағалық еткен алғашқы мәжілістің аяғында: «Автономияны кұру жөнінде қазір Сталинге барып пікірлесіңдер, оның дайындаған жобасы бар, сонымен танысып, бар ойларыңызды түйістіріңіздер»,– деп кеңес берді.
Мәжіліске қатысушылар үзілісте түгелдей дәлізге шықтық. Қазақстандық делегацияның құрамы 15-тей адам болатын. Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен оңаша пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. 15-20 минуттен кейін ол кісі де шықты. Біз: «Сізді Сталинге бірге кіру үшін тосып тұрмыз»,– дедік. Әлихан бәрімізге салқындау қарап:
«Сталин не шешер дейсің, оның не ойы, не білімі көлемді емес, қанша бір жетіскен жоба бар дейсің. Онан да өзіміз жеке шешкен дұрыс»,– деп жүріп кетті.
Біз бәріміз де аңтарылып қалдық та Әлекеңе ілесіп Кремльден шығып кеттік. Осы күні: «Бәлкім кіріп пікірлескеніміз дұрыс болар ма еді? Кейбір мәселелер мүмкін басқаша шешілер ме еді?»,– деген ой келеді.
Осы мәжілістен кейін бір жеті өткен соң В. И. Ленин Қазақ АССР-ін құру жөніндегі декретке қол қойды»,– деп еске алған.
Сәбит Мұқановтың:
«Біз социализмді Ермековтердің қолымен құрамыз!»,– деп («Есею жылдары») кекетсінген Қужаққа қосылып ұрандатып жүрген кезі де осы жылдары болатын.
Бұдан кейін Әлихан Бөкейхановпен бірге Әлімхан Ермеков саясат саханасынан мүлдем шеттетілді. Бірақ елі үшін ең маңызды міндетті атқарып кетті.
Ә.Ермеков (1931 жылға 28-қазан күнгі жауабынан): «Ал 20-жылы мен Мәскеу қаласындағы Байтұрсынов пен Валидовтің арасындағы келіссөзге кездейсоқ қатыстым. Ол маған Байтұрсынов арқылы белгілі болды. Байтұрсынов ол кезде Қазақстан үкіметінің өкілі болғандықтан да кездесуден бас тарта алмайтынмын. Ешқандай ұйым туралы сөз қозғалған емес. Оның мән-жайы алдыңғы жауаптарда айтылды. 20-жылы қазан айында оқуымды тәмамдау үшін Томскіге бардым. 21-жылы педагогикалық тәжірибеден өттім. Сол жылдың күзінен бастап мектеп меңгерушісі болдым».
Міне, енді тергеудегі жауаптың ретіне қарай тағы да Заки Валидовке қайтып ораламыз. 1921 жылғы түрік тектес халықтардың тағдырына арналған «Революциялық қозғалыстың дамуы және біздің Шығысқа көзқарасымыз» атты біріккен мәжілісте Заки Валидов:
«Қазан төңкерісі шығысқа еш нәрсе берген жоқ. Орыстар өкімет билігін қолына алды, сонымен бәрі де бітті, әлде бір губернатордың орынын жұмысшы алмастырды, бар өзгеріс сол ғана... Осы уақытқа дейін шығыс халқы партиялық жұмысқа белсенді түрде тартылған жоқ. Егерде шаруашылықты басқару республиканың қолына берілмесе, осы күнге дейін ЧК (төтенше комиссия, қазіргіше алғанда, қауіпсіздік комитеті – Т.Ж.) жергілікті емес тұрғындардың қолында болса, онда қандай революция туралы айтуға болады. Біз шығыстың билік тізгінін өз қолымызға алып, барынша төңкеріске жұмылдыруға тиіспіз»,– деп сес көрсетті.
Сес көрсетіп қана қойған жоқ, үкімет қызметінен бас тартып, Орта Азияда астыртын ұйым құрып, әскер жасақтап, большевиктерге қарсы күресу мақсатымен Бұқара мен Самарқанға жасырын кетті. Міне, тергеушілердің қазақ зиялылары мен Валидовтің арақатынасы, байланысы қақында қайталай қазымырлап сұрақ қоюының себебі осында. Ә.Ермеков бұл сұраққа пәлендей қысылып-қымтырылмай тұрмыстық етекбасты көрініс ретінде баға береді:
Ә.Ермеков (жалғасы): «...1926 немесе 1927 кеште Халел Досмұхамедовтің үйінде қонақта отырғанымызда ол маған және Елдес Омаровқа ертегіге айналып кеткен ежелгі әңгіме ретінде: Түркістандағы қозғалыс туралы, оған өзінің қатысқанын, мұның өзі Валидовпен жолығуы тиіс болғанын, бірақ та Валидовтің әйелі қайтып келген соң (Уфадан Ташкентке – Т.Ж.) мұның бармай қалғанын айтып берді. Кетіп бара жатқанда өзара: оның қай-қайдағыны бекер еске алғанына өкінісіп тарастық. Ашығын айта кетейін: тарихтың еншісіне айналып кеткен мұндай тылсым, жартылай күңгірт жайлар туралы шолақ сөздерді жиі тыңдауға болады және ол туралы жалпы қауесетті (нақтылы емес) партияда барлар да, жоқтар да білетін».
СССР деп аталатын болашақ құрама мемлекеттің құрылымы сол жылдары жоспарланып жатқан. Орта Азия мен Қазақстандағы түркі жұртына ортақ 1). Түркістан республикасын құру (Т.Рысқұлов т.б.), 2). Түркістан – Қазақ автономиялы республикасын құру (С.Қожанов), 3). Россия құрамындағы Түркістан автономиясын құру (еуропалықтар) – туралы күрес жүріп жатты. Ал Қоқан, Бұқара республикалары Тәуелсіз мұсылман мемлекетін құру мақсатында «мұхаррамдық» (революциялық, орыс басылымдарында – басмашылар қозғалысы) майдан ашты.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Ол кезде жауапты қызметкерлердің арасында, партия мекемелерінде: Қазақстанды Орталық Азия федерациясының құрамына қосады екен-мыс. Сөйтіп Қазақстан одақтас республиканың дәрежесіне көшеді екен-мыс – деген қауесеттер шығып жүрді. Бұл үшін Қазақстанның солтүстігіндегі орыстар қоныстанған аудандарда межелеу жұмыстары жүргізілуі тиіс екен. Осы мәселе жөнінде құрамында: Москвадан келген Ежов, Өлкелік Комитеттен Сәдуақасов, Мемлекеттік жоспарлау мекемесінен мен бар – арнайы комиссия құрылды. Мен өз пікірімді Ежов жолдасқа ашық түрде: Орта Азия федерациясына Қазақстанды қосып, солтүстік аймақтық шекараны межелеу шаруашылық мүддесі тұрғысынан да, мәдени байланыс тұрғысынан да пайда әкелмейтінін – айттым...».
Иә, бұл үлкен даулы және шетін мәселе. Қандай да құрамда болмасын қазақ жұртының ділі мүслими шығыспен сіңісіп кете алмайтыны анық еді. Егер бұл жоспар жүзеге асса, онда орыстардың ежелгі арманы орындалып: солтүстік шығыстағы Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, Қостанай, Ақтөбе облыстары – Ресейдің құрамында; ал Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда облыстары – Өзбекстанның, Маңғыстау түбегі – Түркменстанның құрамында қалған болар еді. Семей губерниясын С.Сәдуақасов зорлықпен Қазақстанның құрамына қосқан еді. Енді тағы да Н.И.Ежовпен жолдары жолығысты. Тарихшы Д.Аманжолова айналымға жіберген құжаттарға сүйенсек, 1924 жылы Қазақ Өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1925 жылы 3-хатшы міндетін атқарған Ежов өзінің 1925 жылы В.М.Молотовқа жазған хатында:
«Бұл топтар Сталин жолдастың соңғы сөзінде ажыртып айтқанындай ауытқушылықтарға жататын болса, жартылай ғана кесірі тиер еді, онда осы топтарды өзара жікке бөлу саясаты арқылы күрес жүргізу әлдеқайда жеңілге түсер еді. Менің ойымша, осы топтардың әр қайсысымен бір бағытта жұмыс жүргізіп, оларды бір-біріне қарсы қою арқылы партиялық арнаға түсірген дұрыс... Сөйтіп олардың арасына жік сала талқандап, қызметтен шеттетіп, Мәскеуге жіберіп, онда №2 Қазақстан ұйымдастырып, істі оңғару керек»,– деген (сонда, 281-бет) ұсыныс жасаған.
Семейліктер «Кене», «Бүрге» деп атап кеткен Н.И.Ежов өзінің осындай тақыс әдісін шекаралық межелеу жұмысында да қолданып, ел арасына қауесет таратып, арандатушы коммунистер арқылы оңтүстік облыстардағы тұрғындардың арасына іріткі салды. Мысалы, Сарысудағы тамалар – Түркістанға, тарақтылар – Қазақстанға қараймыз десіп барымталасып, ақыры бәрі де Бутырка түрмесінің «төрінен орын алды». Сол Ежовпен қызметтес болғандығын да тергеушілердің алдына куә етіп тартты:
Ә.Ермеков (7-қараша күнгі жауаптың жалғасы): «...20-жылдан 24-жылға дейінгі Семей губерниясындағы шағын қаладағы – Қарқаралыдағы ІІ басқыштағы мектептің меңгерушісі болған кездегі қызметім – басмашылар көтерілісіне қатысқандығымның айғағы ретінде танылып, маған 59 баптың 3-тармағы бойынша айып тағылыпты. Контрреволюциялық ұйымға қатысқандығыма қандай әрекетім айғақ болғанын білмеймін. Ал партия мен кеңес қызметінің шараларын бұрмалап пайдалануға тырысты делініп, 58-баптың 7-тармағы бойынша тағылған айыпқа келетін болсам, онда мен нақты адамдарды куәға тартамын және олардың біразы Москвадағы орталық мекемелерде істейді, мысалы, Семей мен Қызылордада – Досовпен, Ежовпен, банкте – Балпаевпен, Халық комиссарлары кеңесінде (жоспарлау комитетінде) – Нұрмақовпен, қазақ университетінде қазір МГУ-де деканның орынбасары боп жүрген – Мансұровпен бірге істедім...»
Бұдан әрі осы ойын дамытқан. Ежовтың ол тұста қызмет баспалдағымен өрлеп, Мәскеудегі құқық мекемелерінің тұтқасын ұстап, қанды қол шеңгелін қомдап келе жатқан кезі. Алғашқы жазалу шараларының құрбандығына Семейдегі «ежелгі жаулары» Халел Ғаббасов пен Жүсіпбек Аймауытов ілінді. Тура осы мағыналас хатты тағы да екі рет көшіріп жазыпты. Бірақ та тиісті жеріне жолданбай, іске тігулі күйінде қалған сияқты. Дегенмен де желтоқсандағы көрсетіндісіндегі:
«Мен өзім тұтқынға алынғаннан бері Попов жолдасқа: революцияның саяси жағдайы мен логикасы туралы пікірімді бірнеше рет қайталап айттым. Менің ойымша: Қазан төңкерісі Қазақстанда 28-жылдан бастап нақты күшіне кірді. Далалық жартылай феодализм мен капитализмнің тамыры енді ғана жұлына бастады. Бұрын саясатпен айналысқан адамдар осындай қысылтаяң сәттерде сынақтан өтуі тиіс» деп ойлаймын»,– деген сияқты екіжақты мағына беретін пікір білдірді.
Алайда, қалай жайдақтата бұлтақтатып, түлкі бұлаңға салғанымен, тұзақтан құтыла алмады. Жерді межелеу, қазақ автономиясының территориясын анықтау, қоныстандырушылар легін тоқтату, жерге меншік құқығы туралы мәселелер Әлімхан Ермековті профессорлық мінбеден түрменің нарына бастап әкелді.
Әлімхан Ермековтің 1931 жылғы 25 сәуір күнгі Жер туралы қосымша мәлімдемесі ІІ томның 573-бетінен басталады:
Ә.Ермеков (жалғасы): «26-жылдан бастап Ташкенттегі Қазақ педагогикалық жоғары оқу орнына ауысуыма байланысты онымен тікелей айналыспағандықтан да, менің жер мәселесі туралы қазіргі пікірім жалпылама және ертеректе мен Орынбор мен Қызылордада қызмет істеген кездерімдегі мәселелер туралы ғана болмақ. Революцияның алғашқы кезеңінде патшалық отарлау бағытындағы жерге қоныстандыру саясаты тудырған бұл мәселе өте шиеленісті дәрежеде еді. 21-22 жылдардағы кеңес өкіметінің еңбекші қазақтардың талабын ескеріп қоныстандыру туралы мәселе күн тәртібіне қойылғанда, менің де араласуыма тура келді. 24-жылы министрліктің коллегиясы өтті, соған қатыстым. 25-жылы Орынборға Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне жұмысқа шақырылдым. Онда жерге орналастыру саясаты жөнінде арнайы комиссия құрылды. Комиссия үш рет отырыс жасады. Оған республика басшылары да қатысты. Онда қазіргі шаруашылық жүйесін, бұрынғы жер иелену құқын сақтап қалуға ұйғарым жасалды. Комиссия мүшелері де, оның ішінде мен де Қазақстанға жаңа қоныстанушыларды әкелуге үзілді-кесілді қарсы болдық. Ең алдымен патшалық жер қоныстандыру саясаты тұсында жері тартып алынған жергілікті ұлтты, содан кейін қазіргі орыс тұрғындарын толықтай жермен қамтамасыз ету керек, содан асқанына ғана қоныстанушыларды орналастыруға болады деген шарт қойдық. Осыдан барып жерге қоныстандыру мәселесі жөнінде талас туды. Өлкелік партия комитетінде бұл мәселе арнайы қаралып, алдыңғы көзқарас қолдау тапты. Онда:
1) Қазіргі қалыптасқан шаруашылық жүйесіне түбірімен өзгеріс жасау мүмкін емес.
2) Жер бөлісі таптық тұрғыдан жүргізіліп, оған еңбекші бұқара кеңінен тартылуы тиіс – деген жалпы ереже қабылданды.
Мен бұған сене қойғаным жоқ және шешім табатын жаңа жол да жоқ болатын. Қызығы сол, дәл сол кездегі қалыптасқан жерге қоныстандыру жүйесі тұсында осынау шетсіз де шексіз кең далада жергілікті ұлт жерден қысымшылық көретін. Енді оны таптық тұрғыдан бөліске салса, онда қазақ елі жерсіз қалатыны анық еді. Өлке бойынша жерді мәдени игерудің бағдарламасы жасалуы тиіс еді. Бұл бағдарламаны жасау қолдарынан келмеді ме, жоқ, жасағысы келмеді ме, білмеймін, әйтеуір, жүзеге аспай қалды. 23-26 жылдары мемлекеттік жоспарлау мекемесінде істеген тұстарымда аталған мәжілістерге қатысып жүрдім. Жетекшілері Әлібеков пен Қаратілеуов болатын. Одан кейін Әлихан Бөкейханов айналысты. Көрсетілген мәселелердің ішіндегі жер бөлісі туралы пікірлерді олар толық түсінді. Сәдуақасов пен Сұлтанбеков те сол ұстанымда болды. 22-23 жылдары Жер жөніндегі халық комиссары Кадылов (Қадыров, Қаратілеуов – ?) болды. Барлық мәселелерді Бөкейхановпен кеңесе отырып шешті. Тек соның мақұлдауымен ғана істі жалғастырып, бағыт-бағдар алып отырды. Бұл пікір алысуларда біз (ұйымдасқан топ емес, халықтың қамы үшін шын жаны ашығандар): қалайда асыра сілтеушіліктер болады – деп есептедік. Ондай асыра сілтеушілік, мысалы, Семей облысында орын алды. Нәтижесінде саяси тұрғыдан да, атқарылған шараны жүзеге асыру барысына да кері әсерін берді. Тыңды игерудің шаруашылыққа әкелетін зияны өсіріп көрсетілді. Соған қарамастан кеңес өкіметінің шараларына қарсы күресетін ешқандай да ұйым болған емес, ондай айыпты жоққа шығарамын.
Шалғынды жерлер мен байларды тәркілеуге қарсы ешқандай іс-әрекет жасағамын жоқ, мен ол кезде Ташкентте қазақ пединститутында қызмет істеп жүргемін. Сондықтан да саналы немесе санасыз түрде, немесе заңдық тұрғыдан алғанда да ондай әрекетке барған емеспін және бара да алмайтынмын. Бұл мәселе жөніндегі қоғамдық пікір қатты шиеленісіп тұрғандықтан да, мұндай әлеуметтік мәселеге көңіл бөлмей, саңырау болып қалу мүмкін емес еді. Құлақ түре жүріп жеке әңгімелер мен пікір алысуларда жоғарыдағы пікірімді білдірдім. Менің тікелей қызметім мүлдем басқа мәселелермен айналысуға бағытталған еді. 26-27-жылдары өзімнің бұл мәселелер жөніндегі қарсы пікірлерімді белгілі бір топқа ғана айттым. Оны бұрынғы жауаптарымның бірінде көрсеткенмін. Партия мен үкіметтің шешімдеріне қарсы өз көзқарасымды жеке адамдармен бөлісуге қақым бар деп есептедім. Біз ол шешімге мүлдем қарсы едік. Қоршаған орта, қалыптасқан дәстүр бәрін қабылдауға мүмкіндік бермейтін».
Жерді меншікке беру туралы заң қабылданар тұста мұндай халықтық пікір алмасулардың болмағаны, әрине, өкінішті. Оның зардабын қазақ елі жарты ғасырдан кейін тартатын болады. Өйткені, Ә.Ермековтің: «Қызығы сол, дәл сол кездегі қалыптасқан жерге қоныстандыру жүйесі тұсында осынау шетсіз де шексіз кең далада жергілікті ұлт жерден қысымшылық көретін. Енді оны таптық тұрғыдан бөліске салса, онда қазақ елі жерсіз қалатыны анық еді»,– деп дәл тауып айтқанындай, жерді меншікке берудің салдарынан, әсіресе, құнарлы аймақтардағы қазақтар қаржылық және әкімшілік қысымның, алпауыттардың бопсасының кесірінен екі-үш жылдың ішінде жалдамалы шаруаға айналып шыға келді.
Әрине, өтпелі саясат өткінші кезеңнен соң әдірә қалады да, экономикалық-әлеуметтік теңсіздік, жер жегісі, ұлттық қауіпсіздік мәселесі құнарлы топырақты қуартқан ащы өзекке айналады. Шамкөстенетін шағым емес, бұл – тарихи және экономикалық заңдылық.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Маған қойылған: Швецов жетекшілік еткен, Бөкейханов құрамында болған Ғылым академиясының экспедициясы туралы сұраққа келетін болсам, ол жоғарыдан шешілген ғылыми мәселе. Экспедиция жоғарыда көрсетілген ескі көзқарас тұрғысынан зерттеу жүргізді. Олар қалыптасқан шаруашылық жүйесін сақтаудың жолдарын зерттеді. Статистикалық есептердің барлығы да ғасырлар бойы дала төсінде қалыптасқан шаруашылық жүйесін (бірнеше мың жылдан бері сақталып келе жатқан өмір сүру тәсілін) сақтаудың амал тәсілдерін ақтап қалудың жолдарын іздестірді. Экспедицияның жұмыстарымен таныс емеспін. Мен жоспарлау мекемесінде істеп жүргенде оның негізгі бағыттары ғана анықталған болатын. Жерді қалай пайдалану жөніндегі ғылыми баяндамамен таныс емеспін, көрген де жоқпын. Мен шаруашылықты жүргізу жүйесі тұрғысынан ғана ол пікірге қосылдым. Жер өңдейтін немесе мал шаруашылығымен айналысатын ауданда тұратын қазақтардың шаруашылығы көшпелі өмірге бейімделген. Негізінен мал шаруашылығына сүйенген кәсіпшілікке барынша жақын. Бір аймақта әрі егіншілікпен, әрі мал шаруашылығымен айналысу да табиғи дамыған. Дегенмен де олардың арасындағы қайшылық ушығып келе жатқан.
Біздің бес жылдық жоспарымызда көрсетілген жерге жаңадан қоныстанушылар туралы көп талқыланды. Осы мерзім ішінде қоныс аударушылардың саны бес миллионнан асады десті. Бұндай жоспарға қарсылық білдіре отырып, орталық және өлкелік мекемелерге арнайы мәлімет дайындадым. Онда: «Мұны қозғап отырған бұрынғы отарлаушы жүйенің жұрнағы – қоныс аударушылар мекемесі. Егерде мұндай жоспардың болғаны рас болса, оны орталық және өлкелік мекемелер қолдамауы тиіс. Дәл солай бола қалған жағдайда өз көзқарасымды қорғаудың жалғыз-ақ жолы бар еді. Ол – кеңестік басшылардың пиғылын әшкерелеу немесе кеңес мекемелері туралы пікірлерімді ашық білдіру»,– деген мағынадағы пікірлер айтылған».
Қайталай бағамдасақ, алаш идеясының түп қазығы болған жер жегісі тәуелсіздік тұсында шешіліп барып, қайта шиеленісіп кетті. Ә.Ермековтің осы көрсетіндісінде айтылған пікірлері мен дәлелдері тарихи, экономикалық тұрғыдан сараланбады. Саясаттың желігіне жем болып кетті. Соның салдарынан қазақ жерін мекендеген қазақтар қазақ елінде аз санды жер иесіне айналды.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Колхоздар бен совхоздар туралы көзқарасыма келсем, өкінішке орай, өзімнің ескі идеологиялық бағытымды қатаң ұстана отырып, оның тәжірибе жүзінде жүзеге асу мүмкіндігіне мән берместен, осы мәселе жөніндегі сол кездегі жиналыстарда мен үнемі қарсы сөйледім. Шаруашылықтардың өндірістік негізге көшуі бұрынғы патшалық отарлау саясаты түте-түтесін шығарған қуаң, жартылай қуаң шөлейтте, табиғи жұтқа жиі-жиі ұшырайтын аймақтың жерін патшалық жыртқыштар талан-таражға салып біткен еді. Жартылай рулық құрылымдағы феодалдық қоғамды соншама қысқа мерзім ішінде социалистік құрылымға ауыстыру мүмкін емес деп есептедім. Қазақстанда социалистік құрылыстың нығаюына жол ашатынын болжай алмадым».
Иә, саналы да саңлаулы санақ жүргізіп, аңғарлы ақылмен сараласақ, қазақтардың меншігіне кешегі «отарлау саясаты түте-түтесін шығарған қуаң, жартылай қуаң шөлейт, табиғи жұтқа жиі-жиі ұшырайтын», латифундистер мен өнеркәсіп алпауыттары «талан-таражға салып біткен» жердің бұйырғаны анық аңғарылар еді. Тура осы мәселе бүгін де көкейді кесіп тұр. Енді, сол «қуаң, шөлейіт жерлер» араб халифатымен Израильдің және Қытайдың меншігіне берілетін болса, онда қазақтың өрісі ғана емес, тынысы мен тіршілігі ғана тарылып қоймай, кеңдікті аңсаған ділі де тылсымда тұншығып, шарасыздыққа ұрынатын болады.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Бұдан кейін: импералистік отарлау мен жартылай отарлық жүйе артта қалған халықтарға үстемдік жасап тұрған жағдайда олар бірте-бірте құрып кетеді, соның ішінде шаруашылық мәдениеті төмен қазақ ұлтын да сондай тағдыр күтіп тұр деген іштегі күмән сонау 20-жылдардан бастап өзгеріске түсті. Артта қалған халықтар социалистік даму жолына сөзсіз түсу керек екен деген ой келді. Бірақ ол жолдың сорабы белгісіз еді және толық құрылымы мен жүрер жолы әлі нақты табылмаған болатын. Ендеше бізді аса қауіпті әлеуметтік сілкіністердің күтіп тұрғаны анық еді. Шаруашылықты жүргізу тұрғысынан түсінікті болғанымен де, адамдардың тағдыры тұманды болатын. Оның үстіне Қазақстанның аса қатал табиғаты да қалыптасқан жүйеден ауытқыса апатқа алып келетін еді. Ал капиталистің жеке басы ешқашанда тәуекелге бармайтын. Ол көбігін ғана қалқып алатын. Жергілікті тұрғындардың өзі мұндай сынаққа төтеп бере алмайтын. Ал біз қатал табиғаттың талабына бейімделіп өмір сүрдік. Ал қазір біз өзге көріністің куәсі болып отырмыз...».
Бұдан әрі Ә.Ермеков социалистік құрылыстың артықшылығын тілге тиек етіп, мақтайды. Мұның жай-жапсары алдыңғы көрсетінділерде баяндалғандықтан да және ол пікірлер Ә.Ермековтің шын ойы емес, тек жадағай сөз болғандықтан, оны бұл арада келтіріп жатуды артық санадық.
Осы томның 894-902 беттерінде тура осы мағынадағы 1931 жылы 20-сәуірде берген жауабы тігілген. Өзгешелігі, мұнда латын алфавитіне көшу мәселесіне тоқталған. Жер, әріп реформасы, мәдениет саласы туралы баяндай келіп, Бөкейханов пен Байтұрсыновқа қарата:
Достарыңызбен бөлісу: |