Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет24/46
Дата09.06.2016
өлшемі3 Mb.
#124153
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   46

«Бұл мәселелер жөнінде екеуінің де ықпалы күшті. Жандосов та олардың алдынан өтпейді. Қазір екеуі де қартайды. Енді олар өздерінің көзқарасын өзгертуі қиын. Мен латын һарпін жақтадым»,– деген пікір білдірген.
4.
Тергеу ісі бұдан кейін жекелеген адамдар мен жеке мәселелерге қарай бет бұрады. Жауап алу барысында тергеушілер Ә.Ермеков пен М.Әуезовтің «қылмысын» өзара сабақтастыруға ұмтылған. Соған қарсы әрекет ретінде Ә.Ермеков бұл «айыпты» мойындаудан бас тартады:

ОГПУ-дің коллегиясына маған 58 баптың 7, 11; 59-баптың 3-тармақтары бойынша тағылған айыптарды 58 баптың 7, 8-тармақтарына ауыстару туралы мәлімдеме.



ОГПУ-дің өкілі Поповтың түсіндіруі бойынша маған 58 баптың 10-тармағы бойынша тағылған айыпқа менің Мұхтар Әуезовке жазған хатымдағы жер мәселесі жөніндегі пікірім негіз болыпты. Қолтаңбасына қарағанда шындығында да хатты жазған менмін. Бірақ ондай мағынадағы хатты Мұхтар Әуезовке емес, Әлихан Бөкейхановқа жазғанмын. Ол кезде мен Ғылым академиясының Қазақстанды зерттеу бөлімінде істейтінмін және Қазақ халық комиссариятының тапсырмасы бойынша қазақтарды жерге орналастыру мәселелесін негіздеумен айналыстым, сонымен қатар ол (Бөкейханов – Т.Ж.) федеральдық комитеттің мүшесі болатын (егерде сол кезде таратылып кетпесе). Осы комиссияның құрамында жүріп Қазақстан үшін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Өзі Мәскеуде тұратын, қызмет бабымен ара-арасында Ленинградқа баратын. Лиза Бөкейханова мен Шоқаневаның (?) айтуынша, онда Әуезовтің үйіне тоқтайтын. Бұл хаттың жазылу мәнісі төмендегідей».

Бұл оқиғаның шындығын қауiпсiздiк комитетiндегі тергеу iсi толықтай дәлелдейдi. Тергеу iсiне тiркелген төменде біз келтіретін хат соның айғағы. Бұл хатты Мұхтар 1928 жылдың басында алған. Әлихан Бөкейхановтың оның үйiнде қонақта жатқаны сол қаңтар, ақпан айлары болса керек. Себебi: Әлiмхан Ермеков Ленинградтағы Мұхтардың мекен-жайына Әлихан Бөкейхановқа арнап хат жолдаған. Ол хатты 1928 жылы 21-наурыз күнi ОГПУ-дiң тергеушiлерi қолға түсiрген де, iле ОГПУ-дiң КССР бойынша төтенше өкiлi Петросянға:



«Осы хат арқылы Әлiмхан Ермековтiң Мұхтар Әуезовтiң атына жолдаған құжаттары мен оның фотокөшiрмелерiн жолдап отырмыз»,– деп түсiнiктеме берген.

ОГПУ-дiң бұл түсiнiктемесi Ташкент қаласынан жолданған. Хаттың сыртына: «Ленинград. Декабристер көшесі, 14 үй, 1 пәтер. Мұхтар Әуезовке – жолдаушы Әлiмхан Ермеков. 25/II – 28 ж»,– деп жазылған да, iшiндегi сөз Әлихан Бөкейхановқа арналған. Яғни, дәл осы күндерi Әлиханның Мұхтардың үйiнде жатқандығын Әлiмхан Ермеков бiлген. Хат түпнұсқада орыс тiлiнде жазылған. Мұнда жеке бастың дербес iсiмен қоса бiз назарға iлiктiрiп отырған саяси мәселелер де қамтылған. Рухани бостандық жолындағы күрестiң бiр белгiсi болғандықтан да хатты толық келтiремiз. Оның үстiне, бұл жазбаның – түпнұсқасының қайта қолға түсуi неғайбыл нәрсе ғой. Сонымен, Әлiмхан Ермеков Мұхтар арқылы Әлихан Бөкейхановқа былай деп сәлем жолдайды. Ескерте кететiн жай, хатты көшiрушiлер «Әлеке!» дегендi «Ада» деп жазыпты. Мұның «Аға» деген сөз болуы да мүмкiн. Бiз «Әлеке!» дегенге тоқталдық.



«Қадiрлi Әлеке!

Менiң бұрынғы қызметiмнiң бiр үлкен артықшылығы – достарыммен кездесiп тұруға аса қолайлы едi: қазiр мен олардан көз жазып қалдым, тiптi хат-хабар алысатындарым да азайып кеттi. Әлеке, әсiресе сiздiң алдыңызда өзiмдi өте кiнәлi санаймын. Сiздi көптен берi сағынып жүрмiн, бiрақ та Сiзбен жүздесуге еш мүмкiндiгiм болмады, ал хаттың сөзi менi қанағаттандырмайды, сондықтан да жазудан бойымды аулақ ұстаймын.

Мен Лизамен сөйлесiп, сiздi Қызылордаға ауыстырған жөн ғой деп едiм, ол әр түрлi сылтау айтып, қарсы болды және: егерде қызметке iлiнбесе, емханадағы дәрігерлік-ординаторлық жұмысқа алынбаса, онда алдағы қыста Мәскеуге ауысатын ойы бар екендiгiн айтты.

Бiздiң оқу орынының жұмысы жөнiнде мен бiрде Сiзге жазған едiм ғой, iстiң алдағы барысы әлi толық анықталған жоқ. Жоғары оқу орындары туралы мәселе, сөзсiз тарихи мәселе. Бұл мекемелердi ашуға деген Қазақстанның дайындығы Петрдiң тұсындағы Ресейдiң дайындығынан күштi. Германиядан студент шақыртудың ешқандай қажеттiгi жоқ. Петр бекiткен академияның жанындағы университет тек 30 жылдан соң ғана шәкiрт тәрбиелеп шығарса, Қазақстанның қазiргi жағдайының өзiнде мұндай сылбырлыққа жол берiлмейдi. Соған қарамастан, ғылыми орталық ұйымдастыру мәселесi неғұрлым ерте қолға алынса, бұл өте жақсы. Ұйымдастыру кезеңiндегi барлық өтпелi шараларға қарамастан, жаңа құрылған университет өзiнiң балаңдық дәуiрiн басынан өткiзуi заңды. Бұл мәселе сәл де болса iлгерi жылжыды. Тоқтабаев халық ағарту комиссарлығынан кеткеннен кейiн Қазақстан үкiметi университеттi құру туралы шешiм қабылдады.

Бұл мәселенi РСФСР-дiң, орталықтың алдына асқан табандылықпен қойып, тиiстi ұсыныс жасап отырған «Авксеньев одағына» Қазақстан қатты қарыздар, бұл мәселе қазiр Мәскеудiң шешiмiн күтiп отыр, орталық мекемелердiң бұл мәселенi шешуiне қатты кiрiсiп жатыр.

Әрине, қазақтың тұңғыш университетiнiң құрылуына Сiздiң де үлес қосуыңызды қамтамасыз етсе, бұл өте орынды iс болар едi. Сiздiң өзiңiз қалай қарайсыз? Сiздiң рұхсатыңызсыз мұндай мәселенi көтеру мүмкiн емес, толық шешiлдi деуге келмейдi, тiптi ол дәл қазiргi жағдайда өте қиыншылықпен алға жылжуда, сондықтан да мұның сәттi шешiлуiне толық сенуге болмайды.

Әлеке, мен бiздiң орталықтың үлкен және кiшi саясатынан бойымды аулақ ұстап жүрмiн. Қазақстанда қызмет iстеп жүргенiмде күнделiктi мәселелердiң барлығын назарымда ұстап, бiрде ананың, бiрде мынаның жобасын жасап, оны шешуге белсене араласып жүрушi едiм. Бiзге қазiр құлаққа өте жағымсыз сыбыстар жетiп жатыр.

Жер мәселесi төңiрегiндегi әңгiмелердiң барлығы тұйыққа тiрелiп, барып тұрған бейбастақ байбаламға айналды. Егерде партия мүшелерi мен жер жөнiндегi саясатты жүргiзушiлер өздерiнiң көзқарастарына негiзгi дәйектеме етiп Пален мырза жүргiзген ревизияның «Губерниялық есептерiне» жүгiнсе, солай болмағанда несi қалды. Қоныс аударушылардың жаңадан құрылған басқармасы қандай да бiр асқақ идеяға құрылған саясатты бүркеншiк етсе де, дәл осы арада қазылған апанның, ашылған аранның, қатерлi iсiктiң орыны жатыр. Сүйегi қурап қалған патша губернаторларының әруағынан қорғаныш iздеулерi де бейбастақтыққа жатпай ма. Шындығына көшсек, жерге қоныстандырушы жаңа басқарманың азулы қатырандарының (акуланың – Т.Ж.) ашылған аранына қарағанда соңғы аталғандар (патша губернаторлары – Т.Ж.) «Өзiне сенiп тапсырылған өлкенiң тыныштығын сақтау үшiн бұратаналардың» қол астындағы жердi алу үшiн ептеп, сақтықпен кiрiстi. Шынымен, бұдан өзге жасалған жобалардың жолы кесiлiп, жоралғыдан қалғаны ма сонда? (Профессор Швецов пен Бөкейхановтың жер кесу мөлшерi туралы жобасын меңзеп отыр – Т.Ж.). Мұның астарын түсiруге ақылым жетпедi. Мекемелердiң басқарушы құрылымын байқатпай уландырып отырған «мамандардың» ерекше сендiруiнiң өзiне сенiмсiздiкпен қараймын. Бұған бiзге мәлiм «шiркiндердiң» де қатысы бар, олар да ықпал етiп отыр, бiрақ та бұл жөнiнде олардың жауапкершiлiгi шектеулi ғой. Әлеке, Орталық Комитетке хат жазуды қажет деп санамайсыз ба? Әлде, бiздiң жазғандарымыз, өзiнiң орталықтарының алдына осы мәселенi шешуге талап етiп қойып жүрген партия мүшелерiне зиянын тигiзе ме? Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау – өз жерiнен өзi қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды. Өйткенi көшпелiлердiң шаруашылығы – әбден орныққан, табиғи шаруашылық. Шабындықты бөлiске салған ежелгi тәжiрибеге сүйенсек, биылғы қыстың қыспағының өзi неге тұрады?

Әлiмхан.

Сотайға сәлем. Әлеке, өзiңiздiң денсаулығыңыз туралы жазыңыз. Қалайда Сталинмен кездесiңiз, жазда қырда демалып қайтуға пұрсат алыңыз. Сергей Порфирьевичке сәлем айтыңыз. Әлiмхан. 25/II–28 жыл. Көшiрмесi дұрыс: Ағабеков».

Тәуелсіздік тұсында да ондай қайраткерлер шықты, халық тілегін жеткізген депутаттар да болды. Ә.Ермековтің дұрыс қауіптеніп отырғанындай, ол адамдар бірте-бірте саясат сахнасынан ысырылды. «Жерді қайта бөліске салуға көнуден басқа» халықтың амалы да қалмады. Оған, мүмкін, жерден көрі жемқорлыққа бет алған ұлттық діл де ықпалын тигізген шығар.

Бұл хаттың тергеу орындарына «Алаш ісі» басталмай тұрып түскеніне қарағанда хат М.Әуезов Ленинградта жүргенде «қолды болған» сияқты.

Ә.Ермеков (жауаптың жалғасы): «Мен ол кезде Ташкентте тұратынмын, сонда педагогикалық жоғары оқу орынында дәріс беретінмін. Жер және орман шаруашылығы басқармасының бастығы Сәлімгерей Қаратілеуов Қазақстандағы Ғылым академиясының зерттеулерінің нәтижесін тиянақтау мақсатында Орта Азия мемлекеттік университетінен деректер алу үшін Ташкентке келді. Ол менің үйімде болды. Әңгіме отарлау институты мен Қазақстанға қоныс аударушылар мәселесі төңірегінде өрбіді: бұл өте күрделі іс, қоныстандыру революциядан бұрынғы межеден де асып кеткендігі, граф Паленнің тексеру материалдарының Ташкентте екендігі, оған қатысқан қоныстанушылар басқармасының бастығы Чиркиннің осында екендігі, Қазақстанның 5 жылдығына арналған өлкелік газетте Жер комиссариатының басшысы жерді бөлшектеу жөніндегі губернатордың есебіне сүйеніп мақала жариялағаны айтылды. Бір қызығы, сол кезде ескі мәліметтерге көп сүйенетін. Тәркілеу мен Қазақстанға қоныстанушыларды орналастыру аса кең ауқымда жүргізілетінін жеткізді.



Жерге орналастыру мен байларды тәркілеу барысында теріс идеологиялық пікірлерім бұрынғы көрсетінділерімде жазылған. Мен бұл пікірді Ташкенттің педагогикалық институтында сабақ беріп жүргенде білдіргенім түсінікті. Бұл мәселе тек қана партия мүшелері мен партияда жоқтарды ғана емес, зиялы қауымның да назарын аударғаны белгілі. Қаратілеуов жолдаспен кездейсоқ кездесіп қалғанда осы мәселе жөнінде сөз қозғалды. Мен: өзінің өткендегі саяси қайраткерлігінің нәтижесінде патшалық отарлау саясаты тұсындағы шаруашылық саясатын, әсіресе, қоныс аударудың жай-жапсарын терең зерттеген, Қазақстандағы жерге орналастыру мәселесіне барынша қанық Әлихан Бөкейханов қана бұл жағдайды анықтап беретінін айттым. Қоныстандыру жөнінде түрлі қауесеттер айтылып жүрді. Бөкейхановтың іске тартылуын мен де қостадым. Өйткені жер мәселесін зерттейтін институт БК(Б)П Орталық Комитетіне қарайтын, ал олар Бөкейхановты Қазақстандағы жер мәселесінің білгірі ретінде қызметке шақырды, сонымен қатар 1921-1923 жылдары қазақ үкіметінің тапсырмасымен Қазақстандағы жерге қоныстандыру мәселесін зерттейтін арнайы экспедицияларға қатысты. Жер мен қоныстандыру бағытындағы менің көзқарасым Бөкейхановтың көзқарасынан алшақ емес. Мен ол кісіні өзімнің ұстазым деп шын көңіліммен айта аламын. Бұл тұрғыдан алғанда біз бұрынғы отарланған жерге қазақ тұрғындары жаппай қоныстанып болғанша жаңадан қоныстандыру науқанына қарсы болдық.

27-жылғы конференцияда Өлкелік Комитеттің хатшысы Голощекин жер және ұлт мәселесінде көптеген тосқауылдардың (мағынасы бойынша аударылды, орысшасында – грех – Т.Ж.) бар екендігін, оған жаңаша қарау қажеттігін айтты. Оған көп адамдардың кінәлі екені рас. Мен де бұған қалыптасқан жаңа жағдайға таптық тұрғыдан қарамай, бұрынғы ұстанымымда қалып қойдым. Революция әкелген әлеуметтік құрылым қажеттігін ескермедім. Семейде жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстары көрсеткеніндей, шаруашылық мәдениеті жоғары жұрттың ықпалымен қарабайыр шаруашылық деңгейіндегі халықтың жойылып кететіндігі сөзсіз екендігі анықталғанда, сондай даму сатысында тұрған қазақтардың қамы мені қатты қынжылтты. Мен: көшпелілердің қарапайым тұрмысы жеңіл болғанымен, күйреген мал шаруашылығын қалпына келтіру өте қиын – деп есептедім. Еліміздің алдыңғы қатарлы жұмысшы табының материалдық-техникалық көмегі – өнеркәсіптің араласуы, машина-трактордың бөлінуі, колхоз бен совхоздардың ұйымдастырылуы шаруашылықтың әлеуметтік саласына үлкен өзгерістер әкелетінін ескермеппін. Мұның барлығы ол кезде анық емес болатын. Ал өз басым тікелей жер мәселесімен айналысқамын жоқ».

Бұл мәселенің егжей-тегжейі бірінші кітаптың «Жер жегісі», «Кәрі көсем» атты тарауларында жеріне жеткізіле, құжаттар мен тергеудегі жауаптармен дәлелдей талданғандықтан да, бұл арада тоқталып жатпаймыз.

Ә.Ермеков (жауаптың жалғасы): «Ал өкімет кеңестерге көшкенде Жер жөніндегі комиссар боп тағайындалған кездегі әрекеттерім бір бағытта – бұрын патша өкіметі тартып алған жерлерге қазақ халқының қайтадан ие болу құқын қалпына келтіру бағытында жүргізілді. 21-жылы (негізі 1920 жылы тамызда – Т.Ж.) В.И.Ленин төрағалық еткен кеңесте Қазақстандағы жер мәселесі туралы баяндамамда Қазақстандағы ең қиын шешілмеген мәселе жерге орналастыру екендігін баса айттым. Мен Сафаровтың Түркістан туралы баяндамасынан кейін сөз алдым. Сафаров өзінің баяндамасында: Уралдың шаруа мұжықтарын оңтүстік Қазақстанға әкеп қоныстандыру керек, бұл қазақ халқының революциялық рухын өсіреді, деп өзеурей сөйледі. В.И.Ленин жолдас менің бұл мәселеге қалай қарайтынымды сұрағанда мен: Қазақстанда жерге байланысты ұлтаралық қатынастың шиеленісіп тұрған қазіргі жағдайында қазақтардың өздерін жерге орналастырып алмай, шаруаларды қоныстандыруға мүлдем қарсымын және қоныстандыру әрекеті шұғыл тоқтатылуы керек, деп жауап бердім. Семей губкомы мен жерге орналастыру жөніндегі Мемлекеттік жоспарлау комитетінде істеген 1921-1926 жылдар арасындағы менің пікірім осындай».

Бұл жолдардағы пікірлердің деректік негіздері жоғарыда келтірілген өзінің естелігінде түсіндірілгенін ғана еске сала кетеміз.

Ә.Ермеков (жауаптың жалғасы): «Жер мәселесі туралы қысқаша шолудан кейінгі айтарым, бұл мәселені шешу жөніндегі бастапқы ұстанымымда тұрақтап тұрып қалуым – менің идеологиялық қатеме жатады. Таптық байланысты, ұлтаралық қатынастың маңызын дер кезінде кең мағыналы деңгейде қабылдамаппын. Мен оған ұлтшылдық тұрғысынан қараппын. Ал үгіт-насихат жүргізді дегенге келсем, ондаймен айналысқамын жоқ, осы мәселемен айналысатын адамдар, әсіресе, Бөкейханов, менің үгітіме мұқтаж емес. Олармен кездескен кезде өз пікірімді білдірдім. Осындай адасуда жүргенімде және дағдарыстың алдында (отарлаудың бес жылдық жоспары бойынша Қазақстанға жаппай қоныстандырушыларды әкелу, оларға жағдай жасау туралы жүзеге аспай қалған науқан қарсаңында) мен мұны қазақ халқының қасіреті ретінде қабылдадым. Бөкейхановтың көтерген мәселелерінің негізінде өзімді толғандырған жайлар жөнінде Орталық Комитеттке мәлімдеме жаздым.

Қазір революциялық күресте шыңдалған таптық ұстаным тарихи шындыққа айналғанын көргенде, мен нақты саясаттан көрі романтикаға берілгенімді түсіндім. Революция ақ қолғаппен орнамайды, құрбандықсыз келмейді. Қазақтар үшін де бұдан өзге жол жоқ. Аса шиеленісті мәселелерді шешуде басқарушы ұйым мен үкімет орындарының дұрыс бағыт ұстанғандарын мынадай дерек растайды. Тәркілеу туралы шешім шығар алдында Семейден Қызылордаға келгенімде Ғаббасовтың теңселіп жүргенін көрдім (Оның қырда меншік малы бар болатын). Осыған байланысты ол ерекше белсенділік танытты. Мен оған: егерде сен бұл науқанда асыра сілтеушілікке жол беріледі деп есептесең, онда теңселе бермей, сен жоспарлау мекемесінің жауапты адамы ретінде үкіметке мәлімдеме тапсыр, деп өзімнің көзқарасымды білдірдім. Бұл пікірді сондай күйде жүрген Қадырбаев Сейдазымға да айттым. Тәркілеу жөніндегі қаулы шыққаннан кейін мен даулы жағдайларға жаңа түсінігім тұрғысынан пікір білдірдім, аз уақытқа ауылға барғанымда да бұл мәселені түсінуге ықылас білдіргендерге (тәркілеуге іліккен туған ағайындарына – Т.Ж.) жоғарыдағыдай түсінік бердім».

Тергеушілер ұтылай отырып Голощекиннің жүргізіп отырған саясатына көзқарасы мәселесіне ауысады. Оған Ә.Байділдиннің мына көрсетіндісі себеп болған.



Ә.Байділдин: «1925 жылы Ү партия конференциясының қарсаңында Москва қаласындағы Смағұл Сәдуақасовтан хат алдым, ол хатты партия конференциясы кезінде портфелімнен біреу ұрлап әкетті. Оған қоса Голощекиннің атына дайындалған баспасөз жөніндегі баяндамамды да ұрлап кетті. Хаттың мазмұны мынадай: жер мәселесі жөнінде ол кезде біраз түсініспестіктер орын алған болатын, соған орай жұмыс жасауымды өтініпті, қалғанын келген соң түсіндіремін депті. Маған хатты Әлімхан Ермеков әкеп берді. Мен ол кезде партияның платформасы жағында болатынмын, сондықтан да олар менен сескенетін. Мен Ермековке қарсы сөйледім. Кейін ол Тоқтабаевқа: Байділдинді Семейге әдеби қызметке жіберу керек – депті. Сәдуақасов Москвадан келгеннен кейін екеуара пікірлестік. Ол маған: жер мәселесі жөнінде неше түрлі бейбастақтық орын алып отыр, бел шешіп күресу керек, Қожанов отаршылдармен табандап күресті, алайда қазақ тәсілімен күресті, ал мұнда Шыңғысханның тәсілі керек, деді. Сонымен қатар ол маған: менің көңіл-күйім 1921 жылғыдан төмен, не істерімді білмей жүрмін. Бұл жөнінде Қожановтың айтқаны дұрыс, алайда мен табандап күресе алмадым, деді. Біз ол күні ұзақ дауластық, пікір таласы таңға дейін созылды. Мен оған: партияның отаршылдықты саналы түрде қолдауы мүмкін еместігін айттым, екеуміз ұрсысып қалдық та, мен оның пәтерінен кетіп қалдым. Содан кейін оның мінезі жөнінде «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жаздым. Сәдуақасов: «Алашордашылармен» бірігіп, ұйымдасу қажет, отаршылыққа қарсы күресті жалғастыру үшін топшылдықты қойып, Қожановпен бірігу керек, деді. Сонымен қатар: Смирновтың, Калининнің отаршыл бағыты үстемдік алып кетуі мүмкін, сондықтан да барлық қазақ коммунистері мен ұлтшылдары топшылдықты тастап, басын біріктіріп, жұмыла жұмыс істеу керек, деді. Ол жер мәселесі жөнінде бағдарлама жасауды ұсынды.

Аз уақыт өткеннен кейін қонақжай дастарханы деген желеумен Сәдуақасовтың өтініші бойынша Алдонғаровтың үйінде өткен бас қосу есімде қалыпты. Ол бас қосуға: мен, Тоғжанов, Алдонғаров, Нахимжанов және Сәдуақасов қатысты. Сол арада Сәдуақасов Тоғжановтың, Алдоңғаровтың, Нахимжановтың қолдауына сүйеніп тағы да ұйым құру туралы мәселені көтерді, маған тиісе сөйледі. Біз тағы да керісіп қалдық. Тек мен және Тоғжанов қана оларға қарсы шықтық. Петропавл уезінің бір студенті, атын ұмытып қалдым, өзіне Орал уезінен келген бір студенттің Жолдыбаевтің пәтерінде жиналған алашордашылардың кеңесіндегі сөздерді, ішінде Байтұрсынов, Дулатов, Ермеков, Қадырбаев, Жолдыбаев және басқалары бар, естігенін жеткізіпті. Онда саясат мәселесі талқыланыпты, соның ішінде мен туралы да айтылыпты. Олар мені: нағыз сатқын болып шықты, бұдан арғы іске кесірін тигізуі мүмкін, сондықтан да мені орталықтан – Өлкелік Комитеттен алыстатуға қол жеткізу керек, – десіпті. Мен әлгі студентке естігеніңнің бәрін ГПУ-ге жеткіз – дедім, ол уәдесін берді.

Ү партия конференциясына арналған жер мәселесі жөніндегі тезистерді Жандосовтың жеке өзі дайындады... Ү партия конференциясы қарсаңында ұлтшылдар Жандосовтың үйінде бірнеше кеңес өткізді. Онда Сәдуақасов пен Қожановтың топтары жер мәселесіне байланысты бас қосты, оған Нұрмақов пен Жандосов белсене араласты. Жер жөніндегі және Ү партия конференциясына қатысты екінші мәжіліс Сәдуақасовтың үйінде өтті, оған: Сұлтанбеков, Смағұл Сәдуақасов, Мұстамбаев, Кадаленко қатысты. Мұхтар Мұрзин де қатысты-ау деймін. Ол кезде Ташкенттен Қабылов пен Жүргенов келген болатын. Мәжіліс туралы мен Алдоңғаровтан естідім. Мен атын атағандардан басқа, бұл мәжіліске Семейден келген Мұхамеджан Бейсенов қатысты. Бұл кеңесте жер мәселесі, тезистердің баптары, Өлкелік Комитеттің құрамы талқыланды. Бұдан басқа да кеңесулер өтті, оған кімдердің қатысқанын анық білмеймін. Сұлтанбековтің үйінде өткен кеңеске Қожанов, Мыңбаев, Сәдуақасов, Нұрмақов, Жандосов, анығын білмеймін, бірақ Құлымбетов те іштерінде болған сияқты. Онда қазақ белсенділерінің барлығы да болды. «Алашордашылардан» кімнің қатысқанын білмеймін, бірақ, солардың іштерінде болғаны анық. Кеңесте Жандосов жер мәселесі жөнінде баяндама жасады, содан кейін Қожанов, Сәдуақасов және Мыңбаев сөйледі. Ү партия конференциясының қарсаңында Қожанов Қызылордаға келді».

Мұндай тиянақтылықпен баяндалған көрсетіндіге орай «1931 жылдың 10 қазаны күні ОГПУ-дің коллегиясына Әлімхан Ермеков мынадай мәлімдеме» жасайды.

Ә.Ермеков: «Айыптау ісінде Сәдуақасовтан Байділдинге хат әкелгенім туралы көрсетіліпті. 25-жылы Өлкелік Комитет пен Халық комиссариаты мемлекеттік жоспарлау комитетінің өкілдеріне қосып Сәдуақасовты және мені Мәскеуге іссапарға жіберді. Менің Өлкелік Комитеттің мүшесі Ежов пен Сәдуақасовтан білгенім – негізгі мақсатымыз шекараны анықтап, бекіту екен. Оңтүстіктегі облыстарды Орта Азия федерациясына, солтүстік облыстарды РСФСР-дің көрші облыстарына қосу туралы мәселе қойылмақ екен. Оңтүстік Қазақстанның төрағасы бұған ерекше ынта қойып, қызу қолдайтынын білдірді. Солтүстік облыстардағы қазақтарды оңтүстікке, Жетісуға көшіру жөнінде нақты ұсыныс жасалыпты. Бұған мен: ұлттық белгісіне қарап қазақ, орыс тұрғындарының арасына шекара қою қиын, олар аралас тұрады. Оңтүстік және солтүстік облыстардың экономикасы өзара тығыз байланысты. Жазда солтүстікке қарай көшіп, мал өрістететін Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қазалы, Бөкей аймағындағы жер пайдаланушылар үшін де тиімсіз. Қостанай уезінің қазақтарын Оңтүстікке көшіру де мүмкін емес. Егерде солтүстік облыстар РСФСР-ға қосылатын болса, онда қазақ тұрғындары да Ресейдің көрші губернияларының қарамағына өтуі тиіс, деп қарсы пікір білдірдім. Мәскеуге келгеннен кейін Ежов пен Сәдуақасов жолдастар: біздің мәселеміз қаралмайтын болды, Қызылордаға қайта беруіңе болады, деді. Орталықта қандай мәселе қаралатынын ол кезде де, қазір де білген емеспін. Мен Қызылордаға қайттым, Смағұл Сәдуақасов берген хатты Байділдинге әкеп бердім. Хаттың мазмұнын бұрын да, қазір де білмеймін. Ал Сәдуақасовтың үйінде ме, жоқ басқа жерде ме, өткен жиналыстарға мен қатысқан жоқпын және ондай мәжілісті естігемін де жоқ. Партиядағылар мен партияда жоқтардың бас қосуына қатысқан жиналысым – 1920 жылы өткен Кеңестердің құрылтай сьезі. Ол туралы алғашқы көрсетінділерімнің бірінде жазғанмын».

Бұл Мәлімдеменің жолданған жеріне жетпегені анық. Егер жолдана қалса, онда оның түпнұсқасы істің тігіндісінде сақталмаса керек еді. Дегенмен де төтенше өкілдердің бірінің танысып шыққаны да кәміл. Бұл мәлімдемесін Ә.Ермеков:



«59-бап бойынша, 58-баптың 11 тармағы бойынша өзгертіліп тағылған айыптар тергеу барысындағы анықталған шындықтың негізінде кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет етпегендігіме байланысты алынып тасталуын өтінемін. Ғаббасовтың Семейдегі тәркілеуге қарсы жүргізген әрекетіне менің қатысым бар екендігі туралы Попов жолдастың бопсасы шындыққа сәйкеспейді. Попов жолдас мені айыптаудың формулировкасымен таныстырған жоқ. Бар білгенімді жоғарыдағы көрсетінділерімде айтқамын»,– деген үмітпен аяқтайды.

1930 жылы сәуір айында «Алашордашылардың» алдыңғы легіне үкім шығып, Халел Ғаббасов бесеудің бірі болып атылып кеткен еді. Алайда өлген адамның, дәлірек айтсақ, өздері атып тастаған адамның үстінен де тергеу жүргізуге тергеушілер именбеген. Х.Ғаббасовтың бұл кезде атылып кеткенін Ә.Ермеков білді ме, жоқ па, белгісіз.

Ә.Ермеков: «Ғаббасов үнемі Семей қаласында тұрды. Ғаббасовпен ешқандай байланысым болған емес. 20-жылы Мәскеуде Байтұрсыновпен бірге болғанымды Ғаббасовқа 25-жылы, Валидов қатысқан басмашылар қозғалысы талқандалған соң айтқаным есімде. Валидовтің 20-жылғы көңіл-күйін Смағұл Сәдуақасов пен Ғаббас Тоғжанов бөлісетін еді – дегенді де сол айтты. Алайда ол да, мен де бұған қарсы едік. Ғаббасовтың қандай да бір ұйымға мүше болғанынан хабарсызбын. Ташкентте ұйымның бар екендігін болжап қана білдім. Ғаббасовпен екеуміздің еш байланысымыз жоқ, 25-жылға дейін әр қалада тұрдық, саяси оқиғаларға көзқарасымыз да әр қилы. 20-жылы Колчактың тұсында ол жазғандай мен қырға кеткемін жоқ, Семей қаласында болғамын. Содан кейін партияға өту мәселесі көтерілгенде біздің пікіріміз екіге бөлінді, 20-жылы ол мүлдем қарсы болатын. Содан кейін маған оның қазақ байларының арасындағы рулық тартысқа қатысқаны ұнамады. Біздің іштей араздығымызды білмейтіндер бізді әріптестер деп ойлап қателесіп, оның қасына менің фамилиямды қоса беретін. Мәселенің басын ашу үшін бұған ерекше тоқталдым. Мұның барлығы маған тағылған айыптың жоқтығын дәлелдейді. Нақты бір дерек болса оны жоққа шығару мүмкін емес қой. Пролетариат диктатурасының орнауы, буржуазиялық ұлтшылдық, Қазақстанның өзін-өзі анықтауы, пантүркизм туралы пікірлерімді алдыңғы көрсетінділерде баяндап өттім. Қайталап айтамын идеологиялық қайшылықтарымның, кейбір тактикалық ауытқулардың болғанына қарамастан кеңес өкіметіне қарсы ешқандай ұйымға қатысқан емеспін. Әлімхан Ермеков. 28 қазан, 1931 жыл».

Шындығы сол ма, жоқ, жорта домбытқаны ма, әйтеуір Ә.Ермековтің кеңес өкіметінің саясатын талдай келіп, өзінің бұл платформаны жақтайтын сыңай танытқаны анық байқалады. Мұның соңы «өздерінің қателіктерін мойындаған» әйгілі «Ашық хат» жазуға алып келді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   46




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет