«Аға – адвокат еді, қайда оқығанын білмеймін (арнайы білім алмаған – Т.Ж.). Орта бойлыдан жоғарырақ, маңдайы кере қарыс, жалтыр қасқа бас, көбіне тақия киіп жүретін, мінезі тұйықтау, көп сөйлемейтін»,– деп берген мінезі де ықпал жасаса керек.
«Воронежге жер аударылған кесімді уақыты аяқталған соң елге қайтқан. 1937 жылы 52 жасында атылған. Заң туралы аударма еңбектері арқылы осы саладағы атаулардың қалыптасуына еңбек сіңірген.
«Алашорда» әскерінің майдан қимылдарына тікелей араласқан, «Алаш қозғалысы» атты энциклопедиялық анықтамада аты аталмай қалған тағдырлы тұлғалардыңың бірі – Алмас Омаров пен Мәжит Күдерин. Бұл екі сардар туралы көрсетінділер мен анкеталық деректерді біз де назардан тыс қалдырыппыз. Екеуінің де артында қалған ұрпақтары кеңес тұсының өзінде әкелерінің есімдерін тірілтуге батыл ұмтылған. Алмас Омаров «Алашорданың» әскери кеңесінің мүшесі әрі ертауылының сардары болыпты. «Алашорда» мен Аманкелді жасақтарының қосылуы туралы кеңеске, Таранның отрядын қарусыздандыруға, Торғайдағы бұлғаққа қатысқан. Бұл «қанды оқиғаның» соңы кек қуысуға ұласқан. Алаш заматы Сейтбек Нұрханұлы: «Әбдіғфардың інісі Төкіш Әбдісадықовтан Аманкелді мен Әбдіғафардың арасындағы шындықты айтып беруді өтіндім. Сонда: «Әбіғафарды өлтірген Әліби Жангелдинге ерген қызылдар. Атқан кезде Әбдіғафар шала жансар қалған. Содан кейін Аманкелдінің туыстары кеп бауыздап өлтірген. Бұл дерек Марат Мырзағалиұлының «Торғай қазақтарының көтерілісі» атты жинағында жазылған»,– деген мағлұмат берді. Сондай-ақ сол соғысқа қатысқан адамның бірінің: «Өлсең де тірі қойма Алмасовты»,– деген ант мезгіліндегі аманаты бойынша Ахмет Байтұрсыновтың туған ауылы Сарытүбекте кеңес өкіметінен бой тасалап жүрген Омар Алмасовты Сейдахмет Байсейітұлы деген «халық кекшілі» аңдып барып атып өлтірген екен. Марқұмға қабір – Ақтас пен Байтұрсынның қорымынан бұйырыпты. Омардың қызы, атақты әнші Жамал Омарова 1960 жылы ағайындарын жасырын ертіп барып әкесінің басына шикі кірпіштен зират тұрғызыпты. 2009 жылы біз де барып тағзым еттік. Зират жермен жексен жентектеліп, ақ сортаңданып, жайылма топырақ болып қалыпты.
Ал Мәжит Күдериннің өмірі мен ғылыми еңбектері арнайы зерттеуді қажет етеді. Ең көп санды және ашық майданда жан алып, жан беріскен «Алашорданың» Жетісудағы қарулы әскерінің сардар жауынгері, атақты қанқұйлы «қызыл партизандардың» қызыл қырғынына тосқауыл қойған майдангер Мәжит Күдеринді үржарлық-мақаншылық жерлестері де ұмытқан.
Әрине, отыз жетінің опатынан аман қалмады. «Жапон шпионы» ретінде ОразЖандосовтың тобымен бірге атылып кетті. Ал белгілі ағартушы тұлға, өзімізге тағдыры жақсы таныс, 1930 жылы 30-қыркүйек күні тұтқындалған Біләл Сүлеевтің біз көшіріп алған екі-үш беттік жауабы сол тұста «бір күнге» сұрап алған марқұм бір ағамыздың сөресінде қалды. Тергеушілер тағатын айып та таба алмаған. М.Тынышбаевтің өзі қолдан толтырмаған көрсетіндісіндегі:
«Мен Алматыдан – Сүлеевті, Шымкенттен – Кенесаринді ұйымға тарту керек деп ұсыныс жасадым. Өзге аталғандардың аты-жөні есімде жоқ»,– деген сілтемесі ғана.
Сол күйінше дәлелденбей қалған бұл бопса «Айыптау қорытындысында»:
Алматы қаласының тұрғыны айыпкер Сүлеев Бiләлдi ұйымға тартты, оған ұйымның бағдарламасының бiр данасын тапсырды. Бағдарламаның бiр данасы аштарға көмек комиссиясының Жетiсу облысындағы Лепсi ауданындағы өкiлi Күдерин Жұмаханның қолына тиген (№ 541784-iс, 1т., 403 және 404-парақтар, № 2370-iс, 1 т., 177, 178 және 179-парақтар),– деген үкімге ұласып, ақыры ауыр жазаға бұйырылған.
Ал 1930 жылы 17-қыркүйек күні Алматы қаласында ұсталған оқытушы Мұстафа Бұралқиев тек қана Міржақып Дулатовтың қарындасы Ботакөз Асқарқызы Дулатоваға үйленгені үшін ғана қолға алынған сияқты. Тергеу ісіндегі:
«Швецовтың экспедициясының жұмысына экспедиция жетекшiсiнiң орынбасары ретiнде Ә.Бөкейханов та қатысты, сөйтiп, ол «Қазақстан – қазақтар үшiн ғана!»,– деген ұранды заң жүзiнде бекiтуге ұмтылды, сондай-ақ Ташкенттегi жоғары оқу орынының профессоры Успенскийге КССР-дiң Жер туралы кодексiн жасауға тапсырма бердi, ол ұсыныс 1927 жылы Өлкетану бюросының жиналысында жауапқа тартылған Бұралқиев Мұстафа мен Омаровтың, тағы да басқалардың қатысуымен қабылданды (№ 541784-iс, 1 т., 10-парақ)»,– деген айыптау қорытындысындағы сілтемеден басқа орынды уәж кездеспейді.
Түрмеде Мұхтар Әуезовпен бірге жатқан. Ботакөз Асқарқызы Дулатова ол туралы:
«Бір күні Мұстафаға тамақ алып барғанымда түрменің есігінен Мұхтар Әуезовті көріп қалдым. Анадайдан жымиып басын изеп амандасты, өңі боп-боз болып жүдеген. Маған: «Тұра тұр, Бота, мен қазір Мұстафаны ертіп келейін»,– деп аяғын асыға басып ішке кіріп кетті. Бірақ Мұстафа жалғыз өзі келіп сөйлесті. Бұл – 1930 жыл болатын. Келесі жылы түтқындарды жабық сотпен соттады. Бәріне 58- статьямен бес жыл жер аудару үкімі шықты. Отырған екі жылын есептеп, үш жыл мерзіммен Ресейге жер аударды. Бір жақсысы – семьяларымен бірге тұруға рұқсат берілді. Тұрмыс жағдайы көтергендердің семьялары біртіндеп күйеулерінің соңынан барып қосылып жатты... Рас, өзгелерден көрі Мұстафа екеуміздің тамағымыз тоқ болды. Ахмет Байтұрсынов ағамызға, Әшірге, Жұмаханға, Қошкеге сәлем-сауқытқа сухари, май, қант салып көмектесіп тұрдық. … Сол азаматтарымыз азаптан құтылып, естерін енді ғана жия бастағанда, 1937 жылы қайтадан ұсталды»,– деп сіңілісі Гүлнар Міржақып қызына естелік айтып кетіпті.
Аудармамен айналысқан, бертінге дейін өмір сүрген Мұстафа Бұралқиевтің өмірі туралы толық мағлұмат жоқ. Кезінде екі тілде бірдей жазатын қаламгер немере інісінен оның өмірбаянын бір ыңғайға келтіріп беруді өтініп едік, ол өтініш те өмір толқынының иірімінде бүктеліп кетті. Өкінішті. Өзге адамдар туралы мағлұматтар әфсана барысында ретіне қарай ықшамдала пайдаланылды.
Әрине, түрмедегі тұтқындардың жанын жалдап берген айғақтарының шындығына толық сенудің қисыны жоқ. Дегенмен де жиырма-отыз адамның пікірінің орайлас келуіне қарап, С.Қожанов пен Т.Рысқұловтың, С.Сәдуақасовтың арасындағы шиеленістің себебі: Қазақстан мен Түркістанның қосылуы турасында екеніне көз жеткізуге болады. Тергеу ісіндегі сұрақтар мен көрсетінділердің бестен бірі осы үш қайраткер туралы. Алашордашылар бұл үш азаматты да бағалаған. Іш тартқан. А.Байтұрсынов оларды татуластырған. Бірақ кейіннен араларына Сталиннің өзі сына қақты. Голощекин өзінің республикадағы беделін нығайту үшін осы үш азаматты бір-біріне қарсы қойған сияқты. Т.Рысқұлов – ортақ Түркістан республикасын құруды, ал С.Қожанов – солтүстіктің халқын оңтүстікке қоныстандырып, Ташкентті астана етіп, тәуелсіз Қазақстан республикасын құруды, С.Сәдуақасов – оңтүстік пен солтүстікті қосып Ресейдің құрамындағы дербес Қазақстан автономиясын құруды ұсынған.
Орыс «коммунист-колонизаторлары» С.Қожановтың ұсынысын қолдап: солтүстік облыстарға референдум жүргізу арқылы жер межесін жүргізіп, санақ өткізіп, жергілікті ұлтты оңтүстікке ысырып, Сарыарқаны Ресейдің құрамында алып қалуды мақсат етті. Сол мақсатпен Ежов Мәскеуден арнайы келіп, комиссия құрды. Бұл шараға комиссия мүшесі С.Сәдуақасов пен Ә.Ермеков тойтарыс беріп, қазіргі Қазақстан территориясын сақтап қалды. С.Сәдуақасов Т.Рысқұловқа:
«Сталинге арқа сүйеп, ұлттық мүдделерді ұмытты, әйтеуір Қазақстаннан басқа республика құру үшін жанын сап жүр, «Алашордашылардың» соңына тыңшы қойып, зиялы қауымды жікке бөліп жүр, коллективизацияны тездетуді жүзеге асырмақ, жергілікті өнеркәсіп орындарын ашуға құлықсыз, бәрін өзі отырған Мәскеуден шешкісі келеді»,– деген кінә таққан.
Әрине, мұның барлығы жеке бастарының мүддесі үшін емес, елі үшін түскен ерлердің ерегесі еді. Үшеуінің де мүддесі бір, күрес жолы, амалдау тәсілі өзге. Бұл үшеуіне қарағанда Меңдешевтің, Сейфуллиннің, Нұрмақовтың көзқарастары мүлдем басқа. «Алашорда» қайраткерлерін әшкерелейтін «Тар жол, тайғақ кешудің» тура сол тергеу ісі жүргізіліп жатқан кезде жазылып, жариялануы кездейсоқ үндестік деуге жатпайды. Ол да өзінің үгіт-насихаттық міндетін атқарды. Саяси сахнаға О.Исаев, Ұ.Құлымбетов, І.Қабылов, Е.Ерназаров сияқты қолжаулықтар шықты.
Біз қарастырған жиыны 14 томның кейбір беттері жыртылған екен. Онда қандай деректердің «қолды болғаны» белгісіз. Тергеу мекемесіне тыңшылық еткен «салпаңқұлақтардың» аттары көрсетілген мағлұмат болуы да ықтимал. Сондай әрекетке ұмтылып, жанталасып жүрген бір «қадірлі» зиялыны қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан көзіміз шалып қалғаны бар. Сонымен қатар, үшінші топ боп саналатындардың айғақтары жинақталған №06610 істің бірінші томы біздің қолымызға берілмеді. Соған қарағанда ол томға құпия орынның әр түрлі тәсілмен жиған мәліметтері, тыңшылар мен мағлұмат беруші куәлердің, жеке адамдардың «жымсымалары» тігілсе керек.
Тергеу хаттамалары 420-беттен басталады. Онда тергеудің айғағы үшін жиналған «доностар» сақталып, кейін жойып жіберілуі әбден мүмкін. Бұл топтағылардың жауаптары кейде үйлесіп, кейде үйлеспей, қарама-қайшы келіп жатады. Ол түсінікті де. Бірінің сырын бірі ашқысы келмеген, немесе не айтуы керектігін болжай алмаған. Мысалы, А.Байтұрсыновтың тобындағылардың бірде-біреуі З.Валидовпен байланыс жасағанын мойындамаған, ал екінші М.Тынышбаевтің тобындағылар бірде мойындап, бірде бас тартқан. Тек: «Өзара аразбыз»,– дегенді ғана желеу еткен. Бұл оларды өзара арандатудан сақтаған. Әрине, ол да «астыртын ұйымның жұмыс әдісінің» бірі. Жоғарыдағы жайлардың анық-қанығын нақты анықтау үшін тергеу деректерін тарихи құжаттармен тиянақты түрде салыстырып барып пайым жасау қажеттігі туындайтыны өз-өзінен түсінікті. Бұл еңбектің ұзақ жыл жазылмай жатқаны да сондықтан.
Тергеу ісі төрт жылдан аса созылды. Мұны создырып отырған Голощекин екені анық. Сол төрт жылдың ішінде «Алашордашыларды» әшкерелейтін үш жинақ шығартты. Сонда да Мәскеуге жолданған сот үкімі:«тергеу барысындағы айғақтары жеткіліксіз» – деген бұрыштамамен бір рет кері қайтарылған. Ерекше оқыс көрінетін және түсініксіз жайт: осы 71 айыпталушының ішінен Д.Әділевтің, Ә.Байділдиннің, А.Юсуповтің, Х.Ғаббасовтың, Ж.Аймауытовтың жоғары жазаға кесіліп, сол жазаның орындалып кетуі, яғни, атылуы. Қай жағынан алса да олардың салмағы А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтан басым түспейтіні, «айыптарының» өзі де олардан көрі жеңіл екені түсінікті. Үкімнің қаулысында: Д.Әділев – басмашылармен, Ә.Байділдин – Колчактың қарсы барлауымен байланысып, кеңес үкіметіне қарулы қарсылық жасамақ болғаны үшін, ал А.Юсупов – төтенше комитеттің «Алашорданың» ішіне кіргізілген тыңшысы бола тұра дер кезінде хабар бермегені үшін ату жазасына кесіліп, үкім шұғыл орындалған. Солардың қатарына Х.Ғаббасов пен Ж.Аймауытовтың қосылып кетуі тағдырдың тәлкегі болса керек. «Аймауытов атылған жоқ. Түрмеде ауырып қайтыс болыпты-мыс»,– деген қауесет те бар. Бірақ тергеу құжаттары оны растамайды.
Тергеу аяқталардың алдында ғана 20 адам, соның ішінде, «қылмысы дәлелденбегені үшін», «айғақтардың жеткіліксіздігінен» «құмға сіңіп кетіп, қоныс аударушылармен соғыс ашпақ болған» С.Өтегенов және тергеуде берген қорытындылары өте тиянақты, барлық қылмысын мойындаған И.Қашқынбаев та бостандыққа шығарылған. Бұған пәлен деп жіп тақпасақ та, қаперге ала кетуге тура келеді.
Сонымен «Қазақ ұлтшылдарының кеңес өкіметін құлату үшін құрылған контрреволюциялық астыртын ұйымы» туралы «Алашорда ісінің» тергеуі толық аяқталып, соғыс жағдайында қолданылатын әскери-дала сотының үлгісіндегі «үштіктің» қарамағына жіберілді. Ал тергеу хаттамалары «өте құпия» деген бұрыштамамен қауіпсіздік мекемесінің мұрағатына жолданды. Сөйтіп, бес жылдан астам тергеу қысымын көрген жиыны 71 алаш азаматы қазақ үшін екі жарым миллионға жуық адамынан айырылған ең қасіретті 1932 жылғы ашаршылық пен азаптың табалдырығын аттады.
Олардың бұдан кейінгі тағдыры мәскеулік жазалау мекемелерінің ырқына көшті. Үштік қанша құзырлы «саяси басқарма» болcа да, коллегияның қаулысы Орталық Партия Комитетінің бөлімдеріне жіберіліп, арнайы партиялық кеңесте қаралып, мақұлданатын. Сөйтіп, үкім шығаруға партия, үкімет (прокуратура), сот қызметкерлері, яғни, «үштік» шартты түрде ғана қатысатын. Сондықтан да, Қазақстанда бұл істі «айналымға түсіріп», бұранданы бұрап не босатып отырған Голощекиннің өзі болатын.
Тергеу ісі Мәскеудің қарамағына көшкенде олардың екпіні басылып қалды. Оны М.Дулатовтың түрмедегі «Қолхатынан» анық аңғаруға болады. Мұның басты себебі – Қазақстанда жаппай ашаршылық жүріп жатқан тұста Голощекиннің қаққан қазығының түбі босап келе жатыр еді. Сол тұстағы қалыптасқан саяси жағдайға, партия мен мемлекет құрылымындағы жіктелу жүлгесіне, жазалау шараларының науқандық сыпатына, кеңес және алаш қайраткерлерінің өзара қарым-қатынасына, жалпы сол тұстағы тарихи-психологиялық барлығудан (стресске) мағлұмат беретін құпия құжаттардың мазмұнына назар салсақ, тура сол 1931-1932 жылдары жалпы кеңес өкіметінің идеологиялық қысым айылы сәл босаң тартыпты. Үштіктің ату жазасын жаппай қолдануы азайып, жоғары жазаны шоғырландырылған лагерьлерге ауыстыруға бет алғаны байқалады.
Алайда жазалау машинасы іске қосылып кеткендіктенде, оның бетін толық қайтару мүмкін емес еді. Дегенмен де, Сталиннің осындай босаңсыған «қас-қабағына» қарамастан тергеу астындағы «екінші қатардағы» тұлғалар Х.Ғаббасовқа, Ж.Аймауытовқа, А.-С.Юсуповқа, Ә.Байділдинге, Д.Әділеевке қарата шығарылған ату жазасын орындатып тынуға кім мүдделі еді және кімнің құзырлы мүмкіндігі болды? Мәскеуде «Алашорда» қозғалысы мен оның қайраткерлерін білетін, осы тергеу ісіне жақсы жағынан болсын, мейлі жазалау тұрғысында болсын, «кеңес бере алатындай» адам кім еді?
Ең бірінші «Кене» – Ежов еске түседі. Ол Семейде губкомда жүргенде – М.Дулатов, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Орынборда қызмет еткенде – А.Байтұрсынов, С.Сәдуақасов, Қызылордада – С.Қожанов, С.Мыңбаев сияқты қазақ қызметкерлері оны «коммунист-колонизатор» ретінде әшкерелеп, иықтарымен ығыстырған еді. Әсіресе, Семей губкомын таратқан С.Сәдуақасовқа ерекше тісін басқан. Мәскеудегі Орталық Комитеттің қарамағына барып, құқық мекемелері дәргейіне көшкен соң «алашордашылардың» тергеу ісін желеу етіп «майданға еркін араласқан». Оған – «Алаш ісіне» қатыстылар үштіктің үкімімен сотталып жатқан кезде Днепропетровскіден Кремльге «қызмет бабымен» шақырылып», таңертең аман-есен кіріп, кешке табытқа салынып шыққан, «кәсіптік улану» деп диагноз қойылған С.Сәдуақасовтың күдікті өлімі дәлел. Жұртты күдіктендірмес үшін М.И.Калинин сияқты «Кремльдің қаңбақ шалын» жерлеу рәсіміне қатыстырған. Бұл туралы С.Мұқановтың естелігінде нақты шындық айтылған. Әсіресе, Н.И.Ежовпен ежелден ерегесі бар Х.Ғаббасов пен Ж.Аймауытовтың өзгелерден ерекшелініп атылып кетуінің өзі сондай күмән тудырады. 1924-1925 жылдардағы жер межелеу кезіндегі комиссия төрағасы ретінде қатысып, солтүстік облыстарды екінші рет Ресейдің құрамына кіргізуге ұмтылысының алдын кескен С.Сәдуақасов пен С.Қожанов бастаған қайраткерлер Ежов үшін «басмашы» ғана болатын. Ал идеологиялық майданда онымен ымыраға барған, ортақ шешім қабылдауға ықпал бөліскен, «таныстығы бар, бұған кепілдік бере алатын» Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуезовке «кешірім жолының» ұсынылуынан да сондай бір «адамдық фактордың» емеуіріні танылады.
Тергеудің үкіміне ықпал жасай алатын екінші адам Тұрар Рысқұлов еді. «Саяси бағдарын Сталиннің ырқына ықтап анықтайтын» (өз сөзі) саясаткердің Сталинге құпия түрде жазған жасырын мәлімдемелеріндегі: а) Алашордашылардың соңына тыңшы қоюды, ә) олардың З.Валидовпен астасқан жасырын ұйымдарын (өзін ақтай отырып) әшкерелеуді, б) С.Қожанов пен С.Сәдуақасовты саяси сахнадан шеттетуді, в) байларды тәркілеу мен колхоздастыруды тездетуді, г) Қазақстандағы партия мүшелерін тазалауды «жергілікті ерекшелікті ескере отырып қатаң жүргізуді», д) өзінің З.Валидовпен таныс екенін, Сұлтанғалиевпен хат алысқанын, Қазақстандағы қазақ қызметкерлерінің ұлтшылдық әрекеттерін дер кезінде «Орталық Комитетке, Сталин жолдастың жеке өзіне хабарламағанына» қатты өкінетінін, оған кездейсоқ оқиға ретінде қарауды өтінген «қолданба қызмет хаттары» әр қилы ойға жетелейді. Т.Рысқұловты: жиырмасыншы жылдары саяси-жазалау науқанынан кездейсоқ тыс қалды, таза ұлтшылдық бағыт ұстанды, ашаршылық тұсында қазақ халқының мүддесін қорғап хат жазды (нағында ол хат ашаршылық өтіп кеткеннен кейін, Голощекин орнынан түскеннен соң, оның қызметтен алынуын негіздеуге тиісті партиялық тапсырмамен, ашаршылықты «абыроймен жүргізген» Ораз Исаевтің мәлімдемесі негізінде жазылған еді) – деген сияқты үгіт-насихаттық басылымдардың ықпалы нақты тарихи шындықтың бетін бүркеп кеткен жайлары да бар екенін ескеруіміз керек. Өйткені мұнда бірдің, мыңның емес, миллиондардың, соның ішінде ұлттың тағдыр тауқыметі жатыр.
Осы арада түрме әфсанасын оқып шығып, пікір білдірген С.Нұрқанұлының мына естелігін келтіруді орынды санадық:
«Мен Тұрардың әйелі Әзизаның өз ауызынан мынадай сөзді естідім. Ол маған: – Біз Кисловодскіде демалып жатқанбыз. Сол күні Ораз Жандосов қонақ етті. Қайтарда: Түнде қаланың іші қорқынышты әрі қауіпті жерден өтесіңдер. Керек болар,– деп Тұрарға өзінің тапаншасын берді. Түн ортасында есік қағылды. Екі-үш адам келді. Тұрар: – Бұл бір түсініспестік болар. Жаңа костюм алайын,– деді. Олар:– Ескісін алыңыз,– деді. Маған: –Не киейін,– деді. Мен:– Жаңасын ки,– дедім. Тергеушілер тапаншасын алып алды. Ол маған:– Мәскеуге қайт,– деді. Ол баспалдақтан төмен түсіп бара жатқанда қарап тұрдым. Төменгі қабатта тұратын Голощкин де есігін ашып, қарап тұр екен. Мәскеуге келдім. Босандым. Үш ай бойы баланың атын қоймадым. Атсыз жүрді. Содан мені де ұстады. Камераның іші толған қандала. Түні бойы баланы тік көтеріп ұстап тұрамын. ...Содан түрмеден шыққан соң Әліби Жангелдинге келдім. Ол мені Тастаққа орналастырды,– деп әңгімелеп берді».
«Байда – пейіл, балада – бейіл де жоқ, аңдыстырған екеуін құдайым-ай!»,– деп Абай айтпақшы, сол сәтте екеуінің көзі баспалдақта түйіскенде, қандай ойда болды десеңші. Голощекин өзінің дүрілдеп түрған кезінде түрмеге қамай алмаған адам, міне, екі қолы артында, тұтқындалып бара жатыр. Ақыры дегеніне жетті ғой! Ал аңдыған дұшпанына таба болған Тұрар қандай күйде болды? Әлде, өзін де осындай қорлық күтіп тұрғанын Голощекин білді ме? Қайдам. Тістескен тағдыр тәлкегі деген осы.
Сонымен үштіктің үкімі шықты. Таланттың тағдырын талқыға салған, тұлғаларды тұқыртқан жазалау науқанының кезектi бiр науқаны былай аяқталды:«Қазақстандағы бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың төтенше өкiлеттiгiнiң жанындағы үштiктiң мәжiлiсiнiң № III/к мәжiлiс – хатының көшiрмесi 1932 жыл. 20-көкек.Тыңдалды: № 2370-iс бойынша : Тынышбаев Мұхамеджанды, Досмұхамедов Халелдi, Досмұхамедов Жаhаншаны қылмыс кодексiнiң 58/10, 57/7, 58/11 және 58/3-статьялары бойынша; 2. Үмбетбаев Алдабергендi, Мурзин Мұхтарды ҚК 58/7, 58/11-статьялары бойынша; 3. Мұңайтбасов Әбдiрахманды ҚК 58/4, 58/11-статьялары бойынша; Кемеңгеров Қошмұхамедтi, Бұралқиев Мұстафаны ҚК 58/10, 11-статьялары бойынша; Күдерин Жұмақанды, Қожамқұлов Нашимдi ҚК 58/11-статьялары бойынша; Ақбаев Әбдүлхамиттi ҚК 58/11 және 16-статья бойынша; Ақбаев Жақыпты ҚК 58/10, 59/3 – статьялары бойынша; Қадырбаев Сейтазымды ҚК 58/7, 11-ст. бойынша; Омаров Әшiмдi ҚК 58/10, 7, 11-ст. бойынша; Тiлеулин Жұмағалиды ҚК 58/2-ст. бойынша; Ермеков Әлiмханды, Әуезов Мұхтарды ҚК 58/7, 10, 11- ст. бойынша Омаров Уәлиханды, Сүлеев Бiләлдi 58/2-статьясы бойынша; Ысқақов Даниалды ҚК 58/10, 11-статьялары бойынша жауапқа тартты. Шешiм:
1.Тынышбаев Мұхамеджанды. 2. Досмұхамедов Халелдi. 3. Досмұхамедов Жаhаншаны. 4. Үмбетбаев Алдабергендi. 5. Мұрзин Мұхтарды. 6 Мұңайтпасов Әбдiрахманды. 7. Бұралқиев Мұстафаны. 8. Кемеңгеров Қошмұхамедтi. 9. Күдерин Жұмақанды. 10. Қожамқұлов Нашимдi. 11. Ақбаев Әбдүлхамиттi. 12. Ақбаев Жақыпты. 13. Қыдырбаев Сейдазымды. 14. Омаров Әшiмдi. 15. Тiлеулин Жұмағалиды – бес жыл мерзiмге концлагерьге жiберуге, оны сонша мерзiмге жер аударумен ауыстыруға... шешiм қабылдады. 16. Ермеков Әлiмхан. 17. Әуезов Мұхтар – үш жыл концлагерьге қамалсын, уақыттары 8/Х-30 ж. бастап есептелсiн. Ермеков пен Әуезовтiң үкiмi шартты түрде есептелсiн. 18. Омаров Уәлиханды. 19. Сүлеев Бiләлдi. 20. Ысқақов Даниалды қамаудан босатсын, тергеу кезiндегi отырғаны еске алынсын».
Қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымын әшкерелеуге арналған бес жылға жуық созылған тергеу ісiнiң нәтижесi осындай үкiммен тәмәмдалды.
Ұлтының тағдыры талқыға түсер шақта түрмеге отырғызылған ардагерлер ел-жұрты ашаршылыққа ұшырап, жаппай қырылып жатқан кезде қапастан шығарылды. Бұл қасiрет оларға түрмеден де көрi қатты батты. Бiрақ қолдан келер қайран мен айла-амал, рухани қайрат пен қуат-күш жоқ едi. Олардың әрқайсысы солтүстiктiң орманының бас еркiнен айырылған балташыларына айналды. Кейбiрi қайтып оралды, кейбiрi мәңгiлiкке мұз жамылып, қиян шетте қалды. Оларға туған жердiң бiр уыс топырағы да бұйырмады.
Ал кеш те болса бұйырту өз қолымызда. Кезінде, «Әділет» қоғамының атынан Сәуле Рысқұлова, Сәуле Айтмәмбетова, Қараби Мұхаметқалиев Мәскеуге барып, Әлихан Бөкейханов, Ж.Досмұхамедов, Ғ.Бірімжанов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Нұрмақов, Л.Мирзоян, С.Нұрпейісов жерленген қабірді анықтап қайтып еді. Ал отызыншы жылы атылған Ж.Аймауытов, Д.Әділев, А.Байділдин, А.Юсупов – Ваганков зиратына жерленіпті. Кеш болса да, еш кетпес үшін, солардың сүйегін отанына алып келіп, жаназасын шығарып, жандарына иманын қоссақ, кім бізден құн сұрайды? Тым болмаса, бастарына өткен-кеткендер құран оқып, тағзым етер еді. Бір жұбаныштысы, С.Сәдуақасовтың сүйегінің күлі 2011 жылы қаңтар айында Сабыр Қасымов сияқты азаматтың жансебілдігімен Астанаға әкелінді. Оған да тәуба.
Иә, кейде ұрандап жүріп ұлттық рухымыздың мәйегін имансыз қалдырып алатынымыз өкінішті. Өйткені бұлардың қай-қайсысы да қазақтың атойына айналатын қасиетті де киелі әруақтар.
Тiрi қалғандары ендi есiн жия бергенде кеңес өкiметiнiң екiншi бiр «ұлы құрбандығы басталды» Оған сол өкiметтi орнатқандар мен алдыңғы «құрбандықты» ұйымдастырғандардың өзi де iлiндi. Ол – заманның талқысы болатын. Бұл «қарадүлейден» (смерчь) кейiн ұлт зиялыларының қатары өрттен кейiн аман қалған жалғыз қарағай құсап сиреп-ақ қалды. Соның бiрi – Мұхтар Әуезов едi. Тiрi қалуы тiрi қалғанымен, заман талқысы зықысын шығарып-ақ кеттi. Ендi сол бiр жанталасқан заманның зауалын басынан кешуiне тура келдi. Басқа салған соң пенде шiркiн көнедi екен.
Көндi де.
Алаш идеясының рухы Әуезов сияқты тұлғалардың арқасында өшкен жоқ. Тәуелсіздік алғанша жалғасып келді. Сексен жетінші жылы мамыр айында өтуге тиісті Қазақстан Орталық Комитетінің пленумында жасалуға тиісті баяндамада ұлтшылдықты қоздырған жеті жазушының аты аталған. Соның соңы: «жас алашордашыл Тұрсын Жұртбаев…» деп аяқталатын. Демек, кейбір тарихшыларымыз айтып жүргеніндей, алаш идеясы отызыншы жылдардан бастап құрдымға кеткен жоқ. Сондықтан да алаш идеясының өшпегенін және өшпейтінін қаперге салғым келіп, «Талқы» атты үшінші кітапта М.Әуезовтің тағдырын ала отырып, сексенінші жылға дейінгі кеңестік идеялогиялық жазалау саясатын әшкерелейтін деректерді назарға ұсындым. Соңында: 1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпылқазақтық І құрылтайында бағдары анықталып, кейіннен талқы арқылы дамытылып, 1921-1922 жылдары тиянақталған Біртұтас алаш идеясының тұжырымдамасы ұсынылды.
Негізінде бұл тарихшылардың «сыбағасы» еді. Олардың дәргейсіздігінен бұл міндетті жазушының атқаруына тура келді. Ал алаштың ұлттық идеясы бес түрлі тұжырымға негізделді.
Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».
Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.
Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.
Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.
Жалпы, қазақтың тауқыметті тағдырын, тәуелділік пен тәуелсіздіктің арасындағы үш жүз елу жыл тартқан ел қасіретін деректер арқылы толғайтын «Бұзылған бесік...», «Бейуақ», «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..», «Бесігіңді аяла!..», «Бесігіңді ұмытпа!..» атты әфсаналар түзілімі осы «Ұраным – Алаш!..» атты үштағанмен аяқталады. Рас, оған бүкіл саналы өміріміз кетті. Бірақ оған өкінбеймін. Тек елімнің игілігіне жараса екен, ұлттық тәуелсіздікті орнықтыру мен нығайту үшін де кәдеге жаратса екен деп тілеймін.
Түйінді тарауда түсіндіре кететін сыралғы сөзіміз осы. Қалғанын – тарихшылардың қалам ұшының қайратына, санадағы санатына тапсырдық.
Ақпан, 1987жыл, Алматы – 13 маусым, 2009 жыл, Астана.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
Мұрағаттар мен кітапханалар қоры
-
«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының қолжазба қоры.
-
А. Тоқомбаевтің мұражай-үйінің қоры.
-
А. Фадеевтің мұражай-үйінің қолжазба қоры.
-
Абайдың Семейдегі республикалық әдеби-мемориалдық мұражайының қолжазба қоры.
-
Алматы облыстық архивінің баспасөз қоры.
-
АР Науаи атындағы қолжазба институтының қоры, бапасөз бөлімі.
-
Қазан университетінің кітапхана қоры.
-
Қарағанды облыстық архиві. Аманбаев Ахметті тәркілеу және оны Қарқаралы округінің Шет ауданынан жер аудару туралы №154 іс.
-
ҚЕ әдебиет және тіл институтының қолжазба қоры.
-
ҚР кітап мұражайының қолжазба қоры.
-
ҚР кітап палатасының мерзімдік баспасөз қоры.
-
ҚР орталық мемлекеттік архиві. 14, 27, 28, 44, 82, 229, 251, 72-73, 374, 1132, 1109, 1778, 1368, 1864, 4387 қорлар.
-
ҚР Президенттік архиві. 708, 811, 141, 139 қорлар.
-
ҚР ҰҒА-ның Орталық кітапханасының қолжазба қоры.
-
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архиві, 06610 іс, 1-3 т., №2370 іс, 1-7 т., 124 іс, 1-4 т.
-
ҚР Ұлттық мемлекеттік кітапханасының сирек кездесетін кітаптар қоры.
-
Қызылорда облыстық архивінің баспасөз қоры.
-
Қырғыз Елі орталық мемлекеттік архиві, 1481, 1465, 1481 қорлар.
-
Қырғыз Мемлекеттік университетінің кітапхана қоры (ондағы К.Юдахиннің архиві).
-
Омбы облыстық (губерниялық) архиві, 3 қор.
-
Орынбор облыстық (губерниялық) архиві, Қазақстан атқару комитеті бөлімінің хаттама бөлімі.
-
Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің Түркстан Республикасы қоры.
-
ӨР Ташкент мемлекеттік университеті кітапханасының баспасөз қоры және мәжілісхат бөлімі.
-
Павлодар облыстық архивінің баспасөз қоры.
-
РФ әлем әдебиеті институтының архивінің жаттама құжаттар қоры.
-
РФ жазушылар одағының архиві, секретариат мәжілісі қорының республика әдебиеттері бөлімі.
-
РФ Ұлттық (бұрынғы В. И. Ленин атындағы) кітапханасының мерзімдік басылымдар және ұлт әдебиеті бөлімдері.
-
Санкт-Петербург университеті архивнің хаттама, құжаттар бөлімі.
-
Санкт-Петербургтағы Салтыков-Щедрин атындағы кітапханасының сирек қолжазбалар қорының шығыстану бөлімі.
-
Семей облыстық архиві - 72, 73, 74, 275 қорлар.
-
Семей өлкетану музейінің архиві. 659 қор.
-
Ташкенттегі Ғ. Ғұлам мұражай-үйінің қоры.
-
Ташкенттегі О. Таңсықбаев мұражай-үйінің қоры.
Баспалар мен мерзімді баспасөздердегі жарияланымдар
-
Айнақұлова Д. Қазақ аты қалай қайтарылды?//Ана тілі.-1992.-7 қаңтар.-3-4 б.
-
Ақиқат ақ сөйлейтін туар заман (Файзолла Сатыбалдыұлы) //Жұлдыз.-1992.-№ 9.-200-203 б.
-
«Ақ жол» туралы үш құжат (Сталиннің «Ақ жол» газеті туралы хаты ) //Ақиқат.-1993.-№ 1.-89-92 б.
-
Ақышев З. Қайран Жүкең... // Шалқар.- 1990.- қазан.
-
Алаш қозғалысы. 1-4 том. А., Ел-шежіре. 2002-2008.
-
Алаш: қайраткерлерінің ақталуы туралы Қаулы. // Қазақ әдебиеті.-1989.-6 қаңтар.
-
«Алаш ақиықтары» (2006)
-
Алашорда //Арай.-1990.-№ 2
-
Алашорда қозғалысы, 4 том
-
Алашорда үні – «Сарыарқа» // Ана тілі.- мешін жылы.-23 сәуір.-4 бет.
-
Алдажұманов Қ. Ақынның соңғы үміті // Қазақ әдебиеті.- 1992.- 21 тамыз.
-
Аллаберген Қ. Жалмауыз жылдар жадымызда //1992.-29 мамыр.
-
Архив қалай аман қалды? // Ақиқат.-1993.-№ 5.- 63- 65 б.
-
Арыстардың қолтаңбасы // Шалқар, - 1990, ақпан.
-
Ахмедов Ғ. «Қилы-қилы заман болды...» // Жұлдыз.-1992.-№ 5.-143-164 б.
-
Ахмедов Ғ. Алаш – «Алаш» болғанда... // Қазақ әдебиеті.-1989.-8 желтоқсан.
-
Ахметова К. «Алаш» партиясы туралы бірер сөз// Ақиқат.-1995.-№ 9.- 64- 66 б.
-
Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары. ҮІІ том.
-
Байшуақов Ә. Түркістан легионы туралы шындық//Жас қазақ.-1992.-6 тамыз
-
Бектұров Ж. Көзбен көріп, көңілге тоқығандарымнан//Ақиқат.-1996.- № 8.-76-78 б.
-
Біз білмей келген ұйым немесе «Жас Алаш» қозғалысы туралы бірер сөз. //Ақиқат.-1996.-№ 11.-58-61 б.
-
В.Маричева. «Әкем үшін жауап бергім келеді» Сұхбат. Казправда. 1997. Тамыз.
-
Владимир Ильич Ленин. Биографическая хроника. М. 1974 стр. 352.
-
Ғаспірәлі Ы. Орыс ішіндегі мұсылмандар//Ана тілі.-1992.-18 маусым.-4 б.
-
Дәрімбетов Б. Алаш халыққа жақын ба, жат па? // Ана тілі.-1990.-10 мамыр.-4 бет.
-
Әбдеш М. Ертеден ел таныған жоғары білімді қазақтар туралы // Егемен Қазақстан.-1998.-7 тамыз.
-
Әбдіманов Ө. «Қазақтың» тағдыры немесе тұңғыш ұлттық газетке жаңаша көзқарас // Жас Алаш.-1992.-21 сәуір.-3 б.
-
Әбдіразақов Т., Аманбаев Қ. Жетпіс жылдық тарихтың тағылымы // Қазақ әдебиеті.-1990.-6 сәуір.
-
Әбу Құдабаев – ол кім? Немесе екі елге ортақ арыстың еңбегі неге еленбей жатыр? // Доңыз жылы.-5 қазан.-11 бет.
-
Әділбаев А. «Мырзажан» тек марапаттауға лайық па? (Л.И.Мирзоян) //.Ақиқат.1994, №2.-41-45 б.
-
Әділбаев Ж. Алашорданың батыс бөлімі туралы не білеміз? // Ақиқат.-1994.-№ 1.-94-95 б.
-
Әкірами Ш. Алашорда делегациясының Қытайға сапары // Түркістан.-1998.сәуір.
-
Әли Ф. Жүсіп Ақшора (1876-1935) // Ана тілі.-1994.-3 наурыз
-
Елкейұлы Б. Төгісов және «Үш жүз» партиясы // Алматы ақшамы
-
Әнесұлы М. Ағеділде қос ағыс бар // Ана тілі.- қой жылы.-17 қазан.-5-6 бет.
-
Ерғалиев Х., Қали Е. Ақиқат талабы – адалдық. // 3 бет.
-
Ершина А. Тұңғыш түлектің бірі (Досжанова А.)//Зерде.-25-26 б.
-
Жармұхамедов М., Аққошқаров Ә. Пәниден өтіп кетті қайран сабаз (А.Оразайұлы)
-
Жармұхамедов М., Қожықова С. Ұстаз. Аудармашы. Ғалым (Қ. Қожықов) // Қазақ әдебиеті.-1991.-28 маусым
-
Жармұхамедұлы М. Ахмет Ишан әулеті// Ана тілі.-1992.-21 мамыр.-4-5 б.
-
Жүнісбеков Б. Алданған алаш... //Халық кеңесі.-1992.-16 сәуір.
-
З.Тайшыбай мен Н.Дулатбеков. Жақып Ақбаев.
-
Ижанов З. «Алашты» «Үш жүз» қалай қаралады?// Ақиқат.-1998.-№ 1.-72-79 б.
-
К. Маркс. Введение к критике политической экономии. Изд. «Московский рабочий», 1922 г.
-
Қ.Алдажұманов, Ақынның соңғы үміті. «Қазақ әдебиеті». 21.08.1992).
-
Қ.Кемеңгерұлы. Шығармалары. Құрастырған Д.Қамзабекұлы. А.Алаш. 2002-2004.
-
Кeдерина-Насонова Т.Г., Кeдерина Л.Ж. «Недалекое прошлое», М. Феникс, 1994.
-
Қабышұлы Ғ. Ар оянбай адам жоқ. // Жас алаш.-1992.-28 желтоқсан.
-
Қазақ білімпаздарының тобы (сиезі) (тарихы мен тағлымы) // Өркен.-1990.-29 желтоқсан.
-
Қазақ социалистік партиясы // Лениншіл Жас.-1990.-27 шілде.
-
«Қазақ» қайта шыға ма? «Қазақ» газетіне-80 //Қазақ әдебиеті.-1993.-29 қаңтар.
-
Қамзабекұлы Д. «Алқа» - Алаш жазушыларының ұйымы//Жұлдыз.-1998.-№ 2.-165-174 б.
-
Қамзабекұлы Д. Алаштың рухани тұғыры. А.Ел-шежіре, 2008.
-
Қаһарманұлы Ғ.Жәжеке. Естеліктер мен деректер. А. Қазығұрт. 2005
-
Кәкен А. Ұлтшылдықпен күрес немесе қазақ зиялыларының қасіреті // Түркістан.-1998.-4-10 ақпан.
-
Кәкішев Т. Санадағы жаралар. Қазақстан. 1992.
-
Кәкішев Т. Қағидаға айналған қателер түзелсе//Жұлдыз.-1988.-№ 11.-141-166 б.
-
Кенжалин Ж. «...Баласы Жүсіп қажы Ахметсапа» (Юсупов А.-100)
-
Кенжеахметов С. Мемлекеттік Дума мүшелері// Ақиқат.-1995.-№ 9.- 58 б.
-
Кенжебаев Б. Телегей теңіз // «Лениншіл Жас».- 1989.- 6 қаңтар
-
Қожакеев Т. Ғалымбек Бірімжанов. Біз ол туралы не білеміз?//
-
Қожакеев Т. Сатирик Біләл Сүлеев//Халық кеңесі.-1993.-№65.-6 сәуір
-
Қозыбаев І. Ел қамын жеген екеу кім?//Арай.-1990.-№ 7
-
Қозыбаев М. Шындық тағылымы // Қазақ әдебиеті.- 1988.-8 сәуір.-10-11 беттер.
-
Қойгелдиев М. Алаш Орда...//Егеменді Қазақстан.-1992.-18 қаңтар.-4 б.
-
Қойгелдиев М. Алаш өткен жол... //Ақиқат.-1994.-№ 2.-41-46 б.
-
Қойгелдиев М. Алаш өткен жол... //Ақиқат.-1994.-№ 4.-34-37 б.
-
Қойгелдиев М. Алашты бұғаудан қашан босатамыз?//Арай 1990.№2-3
-
Қойгелдиев М. Ахаңдар аялаған азаттық рухы // Ана тілі.-1990.-1 қараша
-
Қойгелдиев М. Зұламат ұрындырған жол // Егемен Қазақстан.-1992.-27 маусым.-4 бет.
-
Қойгелдиев М. Ұлтшылдықпен күрес науқаны//Социалистік Қазақстан.-1991.- 9 мамыр
-
Қоңыратбаев О. Дүрбелең басы немесе... // Лениншіл жас.-1991.-16-17-20 тамыз.-№ 159,160,161.
-
Қоңыратбаев О. Қымбатқа түскен кеңес өкіметі // Қазақ әдебиеті.-1992.-15 мамыр.-6 бет.
-
Қоңыратбаев Т. Қапыда кеткен қайраткер (Қ.Қоңыратбаев) //Ақиқат.-1995.-№1.- 29-36 б.
-
Қорғасбектегі Ж. Ардақтылардың асы берілді//Қазақ әдебиеті.-1991.-11 қазан.-2 б.
-
Қоспақов З. Асыл жандар аялаған ән // Қазақ әдебиеті.-1990.-3 тамыз.
-
Құдайбергенов Р. Ер жақсысы-табынан... (Құлманұлы Б.)//Ана тілі.-1994.- 1 қыркүйек
-
Құлжабайұлы М. Ташкент: Мұстафа мен Мағжанның ғұмырына қатысты құжаттар не дейді? // Қазақ әдебиеті.- 1999.-5 ақпан.
-
Құлияс Т. «Айбынды ағартушы еді...» атты Л.Ж.Күдеринамен сұхбат-мақаласы // Астана ақшамы.- 2010.- 9 қазан.
-
М.Абсамет. Сакен Сейфуллин. Астана. 2006.
-
М.Құлмұхамед. Алаш ардагері. А. Атамұра. 1996.
-
Мақалалар//Ана тілі.-1990.-14 наурыз.-3-6 б.
-
Мақалалар//Жалын.-1989.-№ 2.-2-34 б.
-
Мақалалар//Қазақ.-1993.-№ 267.-26 наурыз.
-
Мекебаев Т. Уақытша үкіметтің қазақ облысындағы жер саясаты... //Ақиқат.-1995.-№ 11.-32-35 б.
-
Мұқанов С. Өмір мектептері. А., 1970.
-
Мұхтар Әуезов туралы естеліктер. А., 1997 жыл.
-
Мырзахметов Е. Ағайындар-ау, қисынға қарайық та! (Абылай хан) // Қазақ әдебиеті.-1993.-29 қаңтар.
-
Не екен ойландырған арыстарды? «Қазақ» газеті (1913-1918) //Ақиқат.-1998.-№6.-81-83 б.
-
Не екен ойландырған арыстарды? «Қазақ» газеті (1913-1918) //Ақиқат.-1998.-№7.-75-77 б.
-
Нұрмағамбетов Қ. Қайреден аға халықтың қамқоры еді... (Х.Болғанбаев) // Жұлдыз.-1995.-№11-12.-204-205 б.
-
Нұрпейісұлы К. Қазақ интелегенциясының әкімшіл-әміршіл жүйеге ғылым мен мәдениет саласындағы қарсылығы (20-30 жылдар мысалында) // Столичный обозрение.-1998.-12 маусым.-10 бет.
-
Озғанбаев Ө. Демократия бастауында н/се қазақ депутаттардың І және ІІ мемлекеттік Дума жұмысына қатысуы туралы// Ақиқат.-1996.-№1.-38-45 б, № 2 -50-57 б.
-
Омарбеков Т. Алаш азаматтары жайлы жаңа деректер// Ақиқат.-1993.-№ 4.- 74- 79 б.
-
Омарбеков Т. Голощекин Қазақстанда // Лениншіл жас.-1990.-9 тамыз.
-
Омарбеков Т. Голощекиннің төңірегі: ол туралы не білеміз?// Ақиқат.-1995.-№ 9.- 26- 30 б.
-
Омарбеков Т. Қазақ байы // Ана тілі.-қой жылы.-7 қараша.-4 бет.
-
Омарбеков Т. Ресейде түрік мемлекеттігін құру идеясы неге жүзеге аспады? // Ақиқат.-1993.-№ 7.- 37- 41 б.
-
Омарбеков Т. Созақ көтерлісі ... // Ана тілі.-жылқы жылы.-24 мамыр.
-
Омарбеков Т. Троцкизмнің Қазақстандағы көлеңкесі // Ақиқат.-1996.-№ 1.- 36- 39 б.
-
Омарбеков Т. Ф.Голощекиннің құпия хаты//Ақиқат.-1996.-№ 5.-46-51 б.
-
Омарұлы М. Алты алаштың алыбы (Құралбай Қосақов)
-
Оралтай Х. Алаш Түркістан түркілерінің ұлт-азаттық ұраны // Азат.-16-31 мамыр.
-
Орынбаева Р. Нәзипа Құлжанова және «Қазақ» газеті//Қазақ тарихы.-1998.-№4-5.-11-13 б.
-
Өзбекұлы С. Бақтыгерей Құлманов кім?//Түркістан.-1997, тамыз.
-
Өтегенов Т. Голощекиннің «Кіші октябрі» // Алматы ақшамы
-
Раджапов А. Түркістан автономиясы: тағдыры мен күйретілуі//Ақиқат.-1996.-№ 10.-60-63 б.
-
Рысбеков Т., Рысбекова С. Батыс Қазақстандағы алаш зиялылары// Ақиқат.-1998.-№ 6.-63-68 б.
-
Сариев Ш. Қазақ әдебиеті мен тарихын қайта қарау керек пе немесе жиырмасыншы жылдар поэзиясына жаңаша көзқарас // Алматы ақшамы.-1991.-15 мамыр.-2 бет
-
Сармурзин А., Қойгелдиев М. Халықтың жарық жұлдызы «Қазақ» газетінің шығу тарихынан//Жұлдыз.-1990.- № 9.-189-194 б.
-
Сатаева Ж.И. Алашордашылар туралы кейбір теріс пікірлерге сын// Ақиқат.-1998.-№ 7.-85-87 б.
-
Сәрсеке М. Ағайынды Сейітовтер//Ақиқат.-1998.-№2.-71-76 б.
-
Сталин отставка сұрайды// Ақиқат.-1993.-№ 7.-63-65 б.
-
«Советская степь» газеті, 1927 жыл, 21 қараша.
-
-
Субханбердина Ү. «Қазақ» газеті//Егемен Қазақстан.-1998.-25 ақпан
-
Субханбердіқызы Ү. Ашылған бүркеншік аттар // Қазақ үні.-1993.-сәуір
-
Сүлейменова Д. Алашорданың батыс бөлімінің тарихы… А., Арыс.
-
Т.Кәкішұлы, К.Ахмет. Сәбит Мұқанов, А.Арда. 2005.
-
Талжанов С. Есімдер сыры//Жұлдыз.-1990.-№ 1
-
Тасымбеков А. Азапты сапарлар // Лениншіл жас.- 1989.- 10 қаңтар.
-
Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, Ташкент, 2005 жыл.
-
Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты.Жинақ. Ташкент. 2005.
-
Тәжімов М. Қаралы тізім // Егемен Қазақстан.-1997.-31 мамыр.-5-6 б.б.
-
Тәжуітов А. Қазақ және Орта Азия халықтары//Түркістан.-1996.- 7 ақпан.-2 б.
-
Тәуімбет Б. Тынышбаев тағдырының әр қыры. // Жұлдыз, -1997.-№4.-182-198 б.
-
Төлепберген М. Тұңғиықтағы тұнба//Егемен Қазақстан.-1997.-25 қазан.-5 б.
-
Түрікбюросының мәлімдемесі//Жалын.-1992.-№ 4.-49-52 б.
-
Тұрғынбеков С. Қарқаралы петициясында не айтылды? // Ақиқат.-1995.-№ 9.- 31- 42 б.
-
Тынышбайұлы М. Қазақ руларының шежіресі//Ана тілі.
-
Уәлиди З. Қазақ оқымыстылары туралы// Ана тілі.-1991.-16 мамыр.- 4-5 б.
-
Халқы қолдаған «қазақ». «Қазақ» газеті (1913 ж.- 1918 ж.)//Ақиқат.-1998.-№8.-75-78 б.
-
Шәріпбаласы А. Қазақсыздандыру қасіреті // Ана тілі.- мешін жылы.-9 шілде.-4 бет.
Мазмұны
Ілеспе .........................................................................................................................................3
Бірінші тарау: Тез тартар..........................................................................................................4
Екінші тарау: «Татулықты сүйгіш, сезгіш жүректі...» (М.Тынышбаев)..............................30
Үшінші тарау: «Бостандықтың аятты жасыл туы...» (Х. және Ж. Досмұхамедовтер)…..81
Төртінші тарау: «Көтеріліп-басылған жанартау...» (Ә.Ермеков).........................................149
Бесінші тарау: «Тұңғиық терең жарға кеткен түсіп...» (М.Тұрғанбаев және ...).................198
Алтыншы тарау: «Жетілмеген елдің баласы...» (Ж.Аймауытов)..........................................219
Жетінші тарау: «Абылайша тіккен ақын...» (МүЖұмабаев).................................................250
Сегізінші тарау: «Заманының сұрқылтайы...» (Ә.Байділдин) ..............................................291
Арылу (Қорытынды орынына).................................................................................................308
Қосымша.....................................................................................................................................325
Қосымша
~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~~
Ә.Байділдиннің: «Іске тігілді» – деп атап көрсеткен хаттамалары
Достарыңызбен бөлісу: |