Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет29/46
Дата09.06.2016
өлшемі3 Mb.
#124153
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   46

Алматы абақтысынан Қошке Кемеңгерұлы 1932 жылы Орталық Ресей жеріне, Валуйки деген қалаға жер аударылады. Туған жерден алысқа айдалып бара жатқан жан серігін Гүлсім бұл жолы да жалғыз қалдырған жоқ. Аяулы жар айдауға жолдасымен бірге кетеді. Алайда Қошке қасына отбасын толық алмайды. Ол өзімен бірге Гүлсім мен екі қызын ғана алып, Нарманбетті ауылындағы ағасына және бір Аллаға аманат қылып тапсырып кетеді. Айдаудағы ауыр тұрмыста күн не болады деген қауіптен болса керек, Қошке тағы бірнеше жыл ұлынан айырылуға мәжбүр болады.

Әке-шешесі еркелетіп Нартай деп кеткен Нарманбет Қаржаста 1935 жылға дейін Қошкенің ағасы Құлмағамбеттің қолында қалады. Айдаудағы кесілген мерзім аяқталып, ауылына оралған отбасын жасы сегізге жетіп қалған Нартай жатырқаған сезіммен қарсы алады. Бірнеше жыл көрмей, көңілі суып қалған жас бала туыстарын біраз уақытқа дейін танымайды. Әке-шешесі қанша бауырына тартса да, Нартайдың мұздап қалған жүрегі біразға дейін жібімейді. Валуйки жеріндегі өмір сол уақытта жасы есейіп қалған Қошкенің үлкен қызы Зайраның есінде жақсы сақталған.

Қошке отбасы баяғы Ташкенттен кейін енді ғана бір шаңырақтың астына жиналғандай болады. Аяулы ата-ананың аясында үш бала енді өздерін бақытты санады. Саналары кіріп қалған оларға алдағы екі жыл өмірлеріндегі ең бір тамаша кез болды. Қошкенің жары Гүлсім де: "Өткен өмір өтті, бәрі қайыр. Қорлық пен қиындық көрген бес жыл ішінде өлмей тірі қалдық, Аллаға шүкір. Ендігі өміріміз жарқын болса екен",деп болашаққа ақ үмітпен қараған еді. Қошке айдаудан келген жылы Омбы облысының Шарбақкөл деген елді мекенінің аудандық ауруханасына дәрігер болып жұмысқа тұрады.

Шарбақкөл өңірі – өзінің нағашы жұртының елі болғандықтан, Қошкеге жат жер емес еді. Аяулы азамат жергілікті халықты емдеп, көпшіліктің алғысына бөленіп жатты. Қолы босаған кезде баяғы ермегі – қолына қаламын алып, заман ағымы туралы, әдебиеттің бағыт-бағдары жайында мазалаған ойларын хатқа түсіріп жүрді. 1937 жылы қызы Зайраға: "Амандық болса, Алматыға барамыз. Мен роман жазып аяқтадым. Соны баспаға жеткізу керек", деген екен. Өкінішке орай, Қошке тұтқындалғаннан кейін, оның барлық қолжазбалары із-түзсіз НКВД кабинеттерінен қайтпады.

Болашақты кім болжай алған? Алдағы күн қандай сыбаға тартатынын жұмыр басты пенде қайдан білсін? Қошкенің Алматыға қолжазбаларымды апарамын деген арманы да сағымға айналды. Енді ғана есін жинай бастаған ұйыған отбасының шаңырағы бір-ақ күнде құлады. Қазақты қан жылатқан 1937 жылдың жетінші тамызында Қошке жұмысынан оралмайды.

"Сібір жерінде Кеңес үкіметіне қарсы жасырын ұйым құрушы, Жапония елінің шпионы" деген жалған жаламен Қошке Кемеңгерұлы тағы да қамауға алынады. Осы жолы жағдайдың ауыр екенін, енді қайтып оралмайтынын сезген Қошке отыз үш-ақ жаста жесір қалып бара жатқан аяулы жары Гүлсімге: "Заманның беті жаман. Ертең тірі көрісу-көріспеу екіталай. Сондықтан балалар өз күнін өздері көрер. Қасында өзің, туыстары болса адам болып кетер. Ал сен болсаң әлі жассың. Мен сені қидым. Қош!",– деген екен. Қошке Кемеңгерұлы нақақтан атылған уақытта оннан асқан Зайралар әкелері туралы шындықты білмеді. Көп жыл бойы олар аяулы әкелері оралады деген сеніммен жүрді»,– деп (аталған жинақ, Астана, 2007, 105-107 беттер) баяндайды.

1937 жылы ұсталып, сол жылы 21 – қараша күні Омбы түрмесінде атылып кетті.

Бір жұбанышы, Қошкенің артында қалған ұрпағы Омбының орманын паналап, әкелерін ұмытпай өмір сүрді. Барлық «халық жауларының» әйелдеріне ортақ қасірет тауқыметін Гүлсім де басынан кешіп, бес жыл айдауда болды. Соның ішінде Қошкенің қызы Зайраның батылдығы мен ата-анасына деген терең махаббаты ерекше сүйінішке лайық. Құрбылары әке-шешесінен бас тартып жатқанда ол соларды аңсап, аңсарын өлеңмен дәптеріне түсірген.

Қ.Кемеңгер: «1947 жылы Зайра әкесіне арнап кезекті өлеңін жазды. Әкеге деген ыстық сезім мен қатты сағыныш көздің жасы мен қағаздағы жыр жолдарына айналады. Ұзақ өлеңде мына секілді жолдар бар:



Нұрлы жүз көлеңкең тұр көз алдымда,

Кетпейсің жатсам, тұрсам еш жадымнан.

Тұңғиық терең жарға кеттің түсіп,

Бетіне қалықтайтын күнің бар ма?

Он жылға толар биыл Сіз шыққалы,

Өмірдің талқысынан жан бұққалы.

Күн мен түн, ай мен жылдар ауысады,

Сонда да көрінбейді еш нысаны.

Әкелік, мейірбандық жылы сөзің,

Ботам деп, құлыным деп тұрған кезің.

Ойымнан бір кетпейді, әкежаным,

Асыл зат, қойдан қоңыр әр мінезің.

Әкелік тәрбиеңді көргенім жоқ.

Ішімде он жыл болды тұтанды шоқ.

Алтындай дидарыңды көріп өлсем,

Сол күнде қам көңілім болмақшы тоқ», –
деп (сонда, 111-бет) жырлапты мұңлы қыз.

Түрме әфсанасының осы тарауын Қошкенің: «Мен сені қидым» және қызы Зайраның: «Тұңғиық терең жарға кеттің түсіп»,– деген сөзімен аяқтағым келеді. Өйткені, бұл жолдарда адамның бойын ерітетін барлық шуақты сезімдер шынайы құйылып тұр. Ал шынайылықтан асқан қасиетті болмыс жоқ.

Иә, қимасымызды – қимай, тұңғиық терең жарға түсіп кетпей, еркін өмір сүруге сіз бен біздің де толық қақымыз бар.

5. ЖҰМАХАН КҮДЕРИН

(Қара дәптердің иесі)

Алаш тарихында аты атаусыз қалып келе жатқан тұлғаның бірі – Жұмахан Маусымбайұлы Күдерин.



Өмірбаяндық анықтама: 1893 жылы сол кездегі Жетісу губерниясының Лепсі уезінде (қазіргі Аякөз ауданының ) туған. 10 жасқа толғанда Маусымбайдың бар малы жұтқа ұшырап, әкесі де, ағасы Жүніс те жалға тұрады. Он жасар Жұмахан әуелі ауыл молдасы Мұқаш Бакеновке, одан кейін ауыл мұғалімі Ишенғали Жабағытаевқа жалдана жүріп дәріс алады. Сөйтіп, 1911 жыл «Мамания медіресесін» бітіріп, 1912 аға сынып оқшыларына сабақ береді. 1913 жылы Қапал ауылшаруашылық мектебіне түсіп, оны 1917 жылы агротехник (полевод), веттехник (скотовод) мамандығы бойынша тәмәмдаған соң Талдықорған мен Лепсіде қызмет етеді. Уақытша өкіметтің Жетісудағы комиссары, «Алашорданың» Жетісу бөлімшесінің төрағасы М.Тынышбаевтің ұсынысысмен 1918 жылдың 15 сәуірінде Лепсі уезінің жер жөніндегі бөлімінің меңгерушісі (комиссары) болып тағайындалады. Атқарған істері: 1916 жылы туған жерінен босып кеткендерді тарихи отанына қайтару (6 000 мың түтінді қайтарып әкелген) және денін қоныстанушылар иемденіп алған ата жұртын тарихи иелеріне қайтару, егін егуге дағдыландыру, халық ағарту ісін жолға қою, халық билері кеңесін жүргізу, қызыл әскерге («Алашорланың» Жетісу жасағының комиссары –Т.Ж.), Қазақ аткомының Лепсі уезіндегі өкілі міндетін атқарды. 1921 жылы жайлаған оба ауыруының бетін қайтару мақсатында «Ыссықкөл тамырымен обаны емдеу» атты жарияхаты жарияланды.

1924 жылы Ташкенттегі Орта Азия Мемлекеттік университетінің ауылшаруашылығы факультетіне түседі. Оқи жүріп: Қазақ-қырғыз жетім балалар мектебінің мұғалімі, 1925 жылы Қазақ педагогикалық институтында математика пәнінің оқытушысы, 1926 жылы Қазақ өлкесінің Түркістандағы өкілі, 1925-1927 жылдары Қазақ ғылыми зерттеу орталығының ғылыми қызметкері (Төрағасы Х.Досмұхамедов), Рабфакың түрлі ағарту курстарының дәріскері, 1929 жылдан Қапыланбектегі ауылшаруашылығы техникумының және ОААУ-нің оқытушысы қызметтерін атқарды. 1930 жылы «ғалым агроном» мамандығына ие болды.
Осы аралықта алаш қайраткері, әмбебап ғалым, агротехник-зоотехник (1913-1917), ғалым-агроном (1925–1930) Жұмахан Маусымбайұлы Күдерин – биология (улы жыландар, зиянды жәндіктер мен жұқпалы аурулар), ботаника (техникалық өндірістік өсімдіктер – кендір талшықтары, тұт талшықтары, көк сағыз бен тау сағызы, дәнді дақылдар – тары, жүгері, қарақұмық, соя, құмыршық (жұмыршық –?), дәрілік өсімдіктер – көкпек, татыран, итсигек), улы өсімдіктер мен майлы өсімдіктер, мал шаруашылығы (биязы жүн талшықтары) саласы бойынша ғылыми еңбектер мен зерттеулер жариялады. Осы саладағы ғылыми-зерттеулері оба індеті тұсында және тоқыма кәсібінде тәжірибеден өтіп, пайдаланылуға ұсынылған. Сонымен қатар салыстырмалы сөздік пен терминдік сөздіктерді, әдеби оқулықтарды, мектеп оқулығын құрастырған. Жаратылыстану саласындағы алғашқы оқулықтар мен терминдердің авторларының бірі.

Оның негізгі ғылыми еңбектері мынадай:

Әліппе (1919, мектепте қолжазба түрінде оқылған),

Халық әдебиетінің үлгілері (1921-1930 жылдары аралығында қайталанып басылып отырған),

Орта Азиядағы жылан тұқымдарының түрлері, Қызылорда, 1925,

Майлы өсімдіктердің түрлері, 1926

1926

Итсигек – улы өсімдік, 1926-1927, Қызылорда.

Көкпек – жылқы үшін улы өсімдік, 1926,

Тары, жүгері тағы да басқа қуаңшылыққа шыдамды өсімдіктер, 1926, Қызылорда.

Кендір – техникалық дақыл, 1926, Қызылорда,

Татыран – жемдік дақыл және оны қызылшамен будандастырудың нәтижесі, 1927, Қызылорда.

Он оқулық (ауыл шаруашылығының 10 саласына туралы балаларға арналған оқулық, 1928),

Халық әдебиетінің құрастырмасы (хрестоматия). 5-жылдық оқушыларға арналған (1929),

Құмыршық (жұмыршық – ?) – Батыс Қазақстандағы азықтіқ өсімдік, 1929,

Қаратұт – табиғи жібек талшығын беретін ағаш (Алматы, газетте басылған),

Н.И.Баранский. Экономикалық жағырафия, І бөлім, аударма, (1927), ІІ бөлім, аударма (1929, қолжазба күйінде қалған),

Ботаника (Өсімдік) оқулығы (Мәскеу, 1927),

Қазақстанның физикалық географиясы (1929, қолжазба күйінде қалған),

П.Ф.Лезгаф. Физикалық география, аударма(1929, қолжазба күйінде қалған),

Өсімдіктер тіршілігі, 1930,

Қой және оның жүні, Қазбаспа,1930

Кенеп,1930, Қызылорда.

1930,

Қазақстан малшаруашылығы, қолжазба күйінде қалған, 1930,

Техникалық дақылдар энциклопедиясы, қолжазба күйінде қалған, 1930,

Кендір, аударма, Мәскеу, 1931

Жамбасбұршақ (соя) – жан-жақты азықтық дәнді дақыл, аударма, басылым көрмеген, 1932.

Жұмахан Күдериннің өмірі мен ғылыми еңбектері арнайы зерттеуді қажет етеді.


1.
Осындай өнімді ғылыми жұмыспен айналысқан Жұмахан Күдерин Мұхамеджан Тынышбаевтің ісіне байланысты 1930 жылы 17-қыркүйекте (Күдерин Жұмақан – 17/IХ –30 ж.) Ташкентте ұсталып, жауапқа тартылды. Алдыңғы толқыннан кейiнгi алаштың ең көрнекті де үмiттi тобының бір өкілі ретінде ұсталған. Өйткені Ж.Күдеринге нақты айып тағылып, қылмысы көрсетілмеген. Тек «алашордашылардың контрреволюциялық ұйымының көсемдері ұлтшыл топтан тыс»:

«Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды.

г). Қазақтың мемлекеттiк баспаларында – Досмұхамедов пен Ысқақов Даниал (Ташкентте), Дулатов (Қызылорда да), Бөкейханов пен Әуезов (Мәскеуде) қызмет iстедi.

д). Оқулықтарды – Байтұрсынов, Дулатов, Омаров Елдес, Досмұхамедов Х. және («Алашорданың» кезiндегi идеологиялық бағыт-бағдар бойынша) жазды.

е). Аударма әдебиеттерiмен – Бөкейханов, Дулатов, Жұмабаев, Байтасов (аудармалардың мағынасын бұрмалап) керексiз, кеңес мектептерi мен бұқара халыққа аса қажеттi емес кiтаптарды аударумен шұғылданды», – деген жалпылама айыпты ұстанған сияқты.

Яғни, белсенді ғылыми қызметі қылмыс ретінде қарастырылған. Сондықтан да болар Жұмахан Күдериннің түрмедегі көрсетінділері тіпті елеусіз.

30-жылы 6 қыркүйекте тергеуші М.Тынышбаевқа:

Сіз Ташкенттегі астыртын ұйымға тартылған Күдерин Жұмақаннан, Әуезов Мұхтардан, Қожамқұлов Насырдан, Көшкімбаевтан басқа, тағы кімдердің қатысқанын білесіз? Түркістандағы көтеріліс туралы Күдериннен хат алыпсыз ғой. Оспанов Әлімхан садыр мен матайлардың, Алакөл ауданы тұрғындарының Қытайға босып жатқанын Сізге хабарлапты ғой”– деп жорта сұрақ қойған.

М.Тынышбаев бопсаға түспес үшін:

Ташкентте астыртын ұйымның жұмыс істегенін, оған Күдерин Жұмақанның, Әуезов Мұхтардың, Қожамқұлов Насырдың, Көшкімбаевтің, тағы басқа кімдердің қатысқанын білмеймін. Күдерин Ташкентке 24-жылы кетті. 20-21 жылдары студенттік ұйым құрылмаса керек. Оған ұйым жайын мен айтқан шығармын. Өйткені ол маған ру жағынан ең жақын адамның бірі. Әрбір мәселе жөнінде менімен ақылдасып отыратын. Орташалардың ұйымын құратындығы туралы маған ештеңе айтпады. Күдеринмен мен өткен жылы Алматыда кездестім. Шымкенттегі оқиғалар жөнінде құлағдар еткенімді бұрынғы көрсетіндімде көрсеткемін. Ташкентте тұрған кезімде Қазақстандағы жағдайлар туралы Күдеринге айтқан да шығармын. Қазақтарды жазалау, әсіресе, 1916 жылғы көтеріліс аса қатыгездікпен жүргізілді деп. Мұны айтпау мүмкін емес. Одан басқасы нақты есімде жоқ. Алматыдағы кездескен адамдармен арадағы әңгімемді бұрынғы жауабымда көрсеткенмін. Тілеулинді танымаймын да, білмеймін де. Ол туралы осы абақтыда отырғанда естідім»,– деген жауап айғақ бола алады.

Ал бұр көрсетіндіні тергеушілер «Айыптау қорытындысында:

«Қазақстанның аштыққа ұшыраған тұрғындарына көмек көрсету үшiн 1922 жылы құрылған „Аштарға көмек көрсету” комиссиясын астыртын ұйымға жаңа мүшелер тартуға пайдаланды, айыпқа тартылған Әуезов Мұхтар мен А.Байтұрсыновтың ұсынысы бойынша Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне үндеу жолданды, Орынбор қаласында тұрған аштарға көмек көрсету комиссиясының құрамындағы астыртын ұйымның мүшелерi ұйымға адам тартумен айналысты, мысалы, айыпкер Досмұхамедов Жаhанша бұрынғы Жетiсу облысындағы аштарға көмек көрсету комиссиясының өкiлi, Алматы қаласының тұрғыны айыпкер Сүлеев Бiләлдi ұйымға тартты, оған ұйымның бағдарламасының бiр данасын тапсырды. Бағдарламаның бiр данасы аштарға көмек комиссиясының Жетiсу облысындағы Лепсi ауданындағы өкiлi Күдерин Жұмаханның қолына тиген (№ 541784-iс, 1т., 403 және 404-парақтар, № 2370-iс, 1 т., 177, 178 және 179-парақтар),– деп түсірді.

М.Тынышбаев өзінің «Алашорда» үкіметінің Шығыс бөлімінің тең төрағасы кезінде Алаш жасағын қаруландыру үшін жасақталған әскери тоғанақты – Жетісудағы және қытайға босып кеткен аш қазақтарға көмек үшін жиналған азық-түлік, киім-кешек еді – деп үйлестіре баяндаған (мұны айтпасқа болмайтын, өйткені тергеушілердің қолында нақты деректер бар еді) жауабындағы:



«1919 жылы қаңтарда Мырзахан Төлебаев, Жұмақан Күдерин, мен үшеуміз Үшаралдағы Анненковқа келіп, таныстық. Бір сағаттай әңгімелестік. Ол өзін қазақтардың жақсы қабылдап жатқанын айтты. Сол кезде қызылдардың келе жатқаны туралы суыт хабар келді де, біз аттанып кеттік», – деген сөзі ғана назар аударады.

Өйткені, Жұмахан Күдериннің өміріндегі бізге беймәлім тұс та осы 1918-1922 жылдардың арасы. Т.Г.Күдерина – Насонованың естелігі мен қызы Л.Ж.Күдеринаның мағлұматы бойынша, Жұмахан Күдерин 1918-1920 жылдардың аралығында қызыл партизандардың құрамында Черкаскі қорғанысына қатысқан, БКП(б) қатарына өткен. Тіпті, Қауіпсіздік комитетінің анықтамасының өзінде партияның қатарынан ешқандай себепсіз (механический) шығып қалыпты. Ал Л.Күдерина мұны Ж.Күдериннің ОГПУ қызметкерлері тарапынан жасалған қысым мен зорлыққа қарсылық ретінде партбилетін өткізген – деп түсіндіреді. «Алашорда» үкіметі кеңес жағына шығып, Ахмет Байтұрсынов Қазақ өлкелік ревкомының мүшелігіне өткеннен кейін, алашордашылардың екінші толқынының дені партия қатарына кіріп, «ел қызметіне» араласқанын ескерсек, Ж.Күдериннің де большевиктер партиясының мүшелігінде болуы әбден түсінікті. Чекистеррдің арандатуы мен жауыздығына көрсетілген саяси қарсылық ретінде саптан шығуы да сендіреді. Алайда, «қызыл партизандардың», оның ішінде М.Тынышбаевтың үздіксіз ашына әшкерелеумен болған «Жетісудың қазақтарын қан қақсатқан, малы мен астығын тонаған, оның өзінің ауылында (Черкаскі қорғанында) әкесінен бастап естияр балаға дейін қырып салған «ағайынды баскесерлер Мамонтовтың» партизандарының құрамында болуы қисынға келмейді. Бұл – қызыл партизандар мен қызыл әскерге қарсы соғысқан алашорда жасағына қарсылық, М.Тынышбаевқа қарсылық, оның әкесінің қазасына қатысы бар – деген ой тудырады. Ал, шындық оған мүлдем қарама-қарсы. Өзгесін былай қойғанда, М.Тынышбаевтің жоғарыдағы:



«1919 жылы қаңтарда Мырзахан Төлебаев, Жұмақан Күдерин, мен үшеуміз Үшаралдағы Анненковқа келіп, таныстық. Бір сағаттай әңгімелестік», – деген мәліметін қалай түсінеміз.

«Алашорданың» Шығыс бөлімінің тең төрағасы, қызылдармен екі жылға жуық ашық майданда соғысқан алаш жасағының саяси жетекшісі Семейден армияға қару-жарақ, киім-кешек, ат-арба, қаражат әкеліп, ақ гвардишылар мен атаманға тапсырған, С.Аманжолов басқарға алаш әскерінің жай-күйін Ә.Бөкейхановқа хабарлап отырған М.Тынышбаевпен бірге Ж.Күдерин неге атаман Анненковқа жолығуға келеді? Демек, Ж.Күдерин Тынышбай ақсақалды оққа байлаған «қызыл партизандардың» құрамында болмағаны.

Бұдан кейін де осы мәселелер сан қайтара тәптіштеліп сұралған. М.Тынышбаев та: «Маған туыстық жағынан ең жақын адам еді»,– дегеннен асып ешқандай артық мағлұмат бермеген. Осы орайда табанды ізденуші, мұрахаттардың шын жаны күйері Болат Нәсеновтің жинағындағы Ораз Жандосовтың тергеуге берген жауабында Жұмақан Күдерин туралы:

«... Күдерин Анненковтың бандысының құрамында қайрат көрсеткен белсенді алашордашының бірі. Қаракерей руының көсемі, Тынышбаевтің оң қолы, атаман Анненковтың құрамындағы алашордашылардың төрағасы...»,– деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 75-бет) мағлұмат береді.

Бұл көрсетіндінің тергеуші тарапынан қосылған әшкерелеуші саяси сөздерін ескермесек, негізгі деректері ашынған азаматтың жан қысылғандағы жалған сөзіне жатпайды. Бірінші, «Күдерин Анненковтың бандысының құрамында қайрат көрсеткен белсенді алашордашының бірі. Қаракерей руының көсемі, Тынышбаевтің оң қолы, атаман Анненковтың құрамындағы алашордашылардың төрағасы», – дегенде нақты ақиқатты айтып отыр.

Өйткені М.Тынышбаевтің өзі де Ж.Күдерин «туыстық жағынан маған ең жақын адам» деп ашық көрсетіп отыр. Екіншіден, Т.Тынышбаевпен бірге Үшарал қаласында атаман Анненковпен кездескені де анық. Үшінші, 1920 жылы О.Жандосов Сарқанға келіп, М.Тынышбаев екеуі алаш жасағын ресми түрде таратып, оларды қызыл әскер қатарына алып, жасақталып жатқан қазақтың тұңғыш атты полкінің құрамына қосылу үшін Әулие – Ата қаласына өз қолдарымен аттандырған. Оған «Лепсі уезінің жер жөніндегі бөлімінің меңгерушісі (комиссар) Ж.Күдерин» де қатысқан. Төртінші, Жетісу – 1920-1922 жылы жүргізілген жер реформасының нәтижесінде қазақтардан қоныстанушылар тартып алған жер өз иелеріне толық қайтарылып берілген бірден бір губерния болып табылады. Осы тұста М.Тынышбаев пен О.Жандосовтың тапсырмасымен Ж.Күдерин және басқа да ел азаматтары қытайға босып кеткен 6 000 түтінді, яғни, отыз мыңға жуық адамды отанына қайырып әкеліп, ата жұртына қоныстандырғаны тарихи деректерде санына дейін көрсетіліп жазылған. О.Жандосовтың алаш жасағын бейбіт таратып, соның негізінде атты қазақ әскер полкін құрғанын жасырып, бір жыл уақытты кейіндетіп көрсетіп: «Мен оны 1921 жылы жер реформасы тұсында ұлттық іске тарттым», – деп отырғанында осындай астар бар. Ал 1922-жылғы партиялық тазалау кезінде бой тасалаған. О.Жандосовтың жылдарды ауыстырып:

«Анненковтың бандысы талқандалғаннан кейін: «Қытайға өтіп кетсем бе, жоқ, кеңес өкіметінен кешірім өтінейін бе?», деп екіойлы болған Күдерин ауылда ұзақ жасырынып жүрді. Ақыры соңғы шешімге келіп, араға кісі салып, менімен байланысты. Мен оны 1921 жылы жер реформасы тұсында ұлттық іске тарттым. 1922 жылы Күдерин Ташкентке кетті», – деп көрсетуінде де бір кілтипан бар.

Өйткені, Жұмахан Күдериннің Ташкентке 1924 жылы барғанын Қазақ оқу ағарту институтына математика пәнінен дәріс беруге қабылданған бұйрық растайды. Ал бұл екі ортада ол Райымжан Марсековпен бірге сырт асып, шетте жасырынып өмір сүрген деп жорамалдауға толық негіз бар. Оның себептерін отбасының кейінгі тағдыры да дәйектей алады.

Тергеудің айыптау қорытындысындағы жалпыға ортақ:

«Қазақ буржуазиялық-ұлтшыл интелигенциясы Ақпан төңкеріснен кейін ұлтшыл «Алаш» партиясының қатарына кіріп, «Алашорда» үкіметінің құрамында, ақгвардияшыл казактар мен генерал Колчактің контрреволюциялық армиясымен бірігіп, кеңес өкіметіне қарсы ашық күреске шықты, содан кейін, контрреволюциялық армия мен («Алашорда») Үкіметі талқандалған соңғы кешірімге жатқызылғаннан кейін де контрреволюциялық пиғылдағы топтар өзінің кеңес өкіметіне қарсы әрекеттерін одан әрі жалғастырды»,– деген тұжырымнан ғана Ж.Күдеринге қатысты айыптың мазмұны аңғарылады.

Демек, ашық дерек келтірілмесе де, Жұмахан Күдеринді – ең көп санды және ашық майданда жан алып, жан беріскен «Алашорданың» Жетісудағы қарулы әскерінің сардар жауынгері, атақты қанқұйлы «қызыл партизандардың» қызыл қырғынына тосқауыл қойған майдангер – деуге толық негіз бар. Оның өміріндегі көптеген жұмбақтың бірі де осы алаш жасағының сардары – немесе «қызыл армияның комиссары» болуына тікелей байланысты деген тұжырымға келеміз. Оны кейіннен құралған отбасы біле де бермеуі мүмкін. Біліп те қажеті жоқ еді.

Сонымен қатар санадағы азаматтық соғыстың таты Жұмахан Күдериннің де тағдырына кесірін тигіген. Л.Ж.Күдеринаның ата әулеті туралы табанды іздестірулерінің нәтижесінде Ж.Күдериннің «себепсіз тұтқындалуына» Халел Ғаббасов пен Жақып Ақбаевқа, Шәкәрім Құдайбердіұлына тағылған «Ауыл шаруашылық майданындағы қылмыстар» туралы қорытындыдағы:

«Туысқандарын колективизацияға, тәргілеуге қарсы көтеріліске шығуға үгіттеген, қасақана мал шығынына жол берген, қарулы банды ұйымдастырып, шет елге өтіп кетуге шақырған, кеңес өкіметінің алым-салығын төлеуден бас тартып, оның ауыл шаруашылығын бүлдіруге кеңес берген», – деген айып желеу болған.

Сөйтіп, тағдыр тауқыметі «атадан туған алтауға», яғни, Маусымбайдың өзіне, бәйбішесі Айсадан туған – Жүніс, Жұмахан, Төлеубектің, тоқалы Аядан (Ай, Айқыз –?) туған – Хасен, Қуандық (Қуаш), Мариямның талайына бұйырды. Тәргілеу мен мойынсерік науқаны олардың тұқымын тұздай құртты. Егіншілікпен айналыспайтын 6 түтінге тиесілі 3 сауын сиыр, 2 бұзау, 4 тайынша, 21 жылқы, 3 түйе,101 қойы тәргіленген отбасына тағы да, алғашында – 40 пұт, кейіннен – 200 пұт астық салығын салған. Сөйтіп, жалпы құны 385 сом мөлшерінде салық төлеуден бас тартты деген айыппен бұрыннан келе жатқан «жер мен жесір дауының қарсылас топтағы қайраткерлері» ауылнай Ерғалиевтің, белсенділер Назарбек Қожахметов пен Әшірбек Қарамұрзиннің көрсетуі бойынша бұрынғы болыс, би, 1875 жылы туған, 55 жастағы Маусымбай Күдерин 1930 жылы 10 ақпан күні «байларға салынған азық-түлік салығын төлеуден бас тартқан» зиянкес бай ретінде тұтқындалып, ОГПУ-дің үштігінің шешімімен 3 наурыз күні 58-баптың 10 тармағы бойынша 5 жылға еңбек түзету лагеріне жіберіліп, жер аударылыпты. Күн көріс көзінен айырылған отбасының шаңырағын ортаға түсірген ауылнай Ерғалиев ОГПУ-дің республикалық саяси басқармасы тергеушілерінің сұратқан анықтамасына:



«Аягөз ауданы Айғын ауылдық кеңесі берген бұл анықтама, азамат Жұмахан Күдериннің осы ауылдық кеңестің тұрғыны, әлеуметтік тегі – бай отбасынан шыққанын растайды. Оның әкесі – Маусымбай азық-түлік салығын төлемеген зиянкес бай ретінде – 30-жылы сотталып, жер аударылды. Ағасы Жүніс және туыстары – Ағыбай мен Бұғыбай бандылық қозғалыстың белсенді мүшелері есебінде Қытайға қашып кетті, қазір сол жақта тұрады»;

«... Маусымбаев Төлеубек 31-жылы тұтқындалып, жер аударылған. 31-жылы бандылық топ ұйымдастырып, Қытайға қашып кетті», – деп жауап берген.

Тура осындай анықтамалар Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Жақып Ақбаевтің, Мұхамеджан Тынышбаевтің, Халел Ғаббасовтың ауылдық кеңесінен тергеуге түсіп жатқан болатын. Әрине, ондағы адам аттары басқа болғанымен де мазмұндары бірдей еді. Сондай ауылдық белсенділердің анықтамаларындағы әшкерелеуші «деректерді жинақтап отырған» тергеу басқармасының сұрақтары да сол бағытқа құрылды. Бұл анықтамалар тергеудің қосымша томына жинақталған. Айғын ауылындағы бұл бақастықтың түп тамырын Ж.Күдериннің қосағы Т.Г.Күдерина-Насонова:




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   46




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет