Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет30/46
Дата09.06.2016
өлшемі3 Mb.
#124153
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   46

«Ауылда басқаның қалыңдығын алып қашып әкету дәстүрі болған. Төлеубек ержеткен соң өзінің серіктестерімен бірігіп басқа бір рудың жігітіне айттырылып, қалыңмалы баяғыда төленіп қойылған Батым қызды алып қашады. Сөйтіп, іргелес екі рудың арасында дұшпандық басталады. Коллективтендіру науқаны басталғанда қарсы ру күшейіп, олардың елдестері аудандық мекемелердегі жауапты қызметке орналасып, билікті қолға алады. Сөйтіп, кек қайтару мен қудалаудың барлық мүмкіндігі іске қосылады»,– деп (Т.Г.Күдерина-Насонова, Л.Ж.Күдерина. Өткен өмір. Москва. «Феникс» қоры, 1994) түсіндіреді.

Иә, мұндай қазақы күрес тәсілдері Х.Ғаббасовтың тергеу ісіне қатысты «Бәйбіше – тоқал трагедиясы» атты тарауда барынша толық қамтылған еді. Енді, міне, кәнігі жер мен жесір дауының кәрі тамыры социализмнің топырағына шөгірлене кіріп, жаңаша түрленіп, таптық күрестің бүрлеген тікенді бүріне айналды. Әрине, Жұмахан Күдерин өзінің әулетінің басындағы жесір дауынсыз да жазаға тартылатын еді. Алайда, отыз жетінші жылға дейін зерттеумен айналысып, белгілі бір дәрежеде ғылыми жетістікке жетуге мүмкіндік ашылар ма еді, кім білсін. Әрине, бұл жақсы тілектегі жай болжал ғана.

Осыған орай қойылған сұрақтарға берілген М.Тынышбаевтің:

«… Күдерин маған 30-жылдың ақпан айының басында Алматыға хат жазып, Түркістан ауданындағы көтеріліске қазақтардың, орыстардың, кавказдықтардың қатысқаны туралы хабарлапты. Мен матай мен садырлар тыныш (М.Тынышбаевтің өз ауылы – Т.Ж.) дедім, ал Оспанов Әлімхан Алакөл мен Үржар ауданының тұрғындары Қытайға ауып жатқанын немесе ауып кеткенін айтты” (М.Тынышбаев)»,– деген бір-екі сөйлемнен тұратын жауабының осындай жанама астарлық маңызы бар деп есептейміз.

Қалай дегенмен де, ауылнайлардың белсенділігі мен ағайынның бас араздығы Жұмахан Күдериннің қыркүйек айында тұтқындалуына алып келгені және тергеушілерге «дәлелді себеп» тауып бергені анық. Төніп келе жатқан ашаршылықтың зардабын ерте сезген ел арасында шетке қарай босуға бет алғаны кеңес өкіметіне де, оның ішінде Голщекинге де мәлім болатын. Мұның астарын түсінген М.Тынышбаев өзінің келесі көрсетіндісінде:



«Айтайын дегенім, мен 22-жылдан кейін ешқандай да ұйымға мүше болған емеспін. Бұл нақты шындық. Тек кеңес өкіметі мен партияның кейбір шараларына наразылығын білдірген бұрынғы алашордашылардың пікірлес адамдарының тобы ғана болды. Сын пікірлер айттық. Мысалы, Халел Досмұхамедов 28-жылғы байларды тәркілеу науқаны туралы: «Бұл дұрыс, кеңес өкіметі бұл науқанды орынды жүргізіп отыр», – деді. Сондықтан да мен ешқандай да ұйымға қатысқан да, сөйлеген де емеспін. Оларға қатысым да жоқ. Мені бандитизммен айыптау тым ұшқарылық. Өйткені мен ешқашанда бандиттікпен айналысқан жоқпын. Ал Үлкен Алматы округіндегі матайлар мен қаракерейлердің қозғалысына келсек, бұл әйтеуір рулас екен деп жорта айтқандық. Олардың қозғалысы мен шекара асып кетуіне менің қатысым жоқ. Мұны қалай түсінесіз, оны өзіңіз біліңіз», – деп үзілді-кесілді бас тарта жауап береді.

Жалпы, алаш қайраткерлеріне қарсы жүргізілген тергеу ісіндегі көрсетінділер мен айғақтардың саяси қабыршағын аршып тастаса, онда мұндағы айыптауларды, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Ә.Ермеков және басқалар дәл тауып қолданғанындай, «пікірлес дамдардың әр түрлі саяси шараға қатысты білдірген пікірлері» ғана. Ал оны ширықтырып, өршітіп, қастандық әрекет дәрежесіне көтеру – жазалау саясатын жүзеге асырудың амалы. Оған «Айыптау қорытындысындағы» жоғарыдағы М.Тынышбаевтің көрсетіндісін:



«Бiз, ұйым мүшелерi, байлардың жер аударылуына және олардың мал-мүлкiнiң тәркiленуiне қарсы шара қолданып, оларға алдын-ала ескертiп отырдық, сөйтiп науқанның жүргiзiлуiне бөгет жасадық. Соның iшiнде, менiң өзiм бiреулер арқылы Тұрысбековтерге, Тәңiрбергеновтерге және Есенқұлға тағы басқаларға, сонымен қатар Лепсi уезiндегi өзiм шыққан «найман» руының байларына хабар бердiм (Тынышбаевтiң жауабынан, № 2370-iс, 1 т., 125-парақ және Х. Досмұхамедовтiң жауабынан, 207-парақ)»,– деген мазмұнда «өңделіп» жазылғаны мысал бола алады.

1930 жылы 20-қараша күні» тергеушілер мынадай шараға барды:



«Алматы. ПП ОГПУ-дің ерекше бөлімінің 1-бөлімшесінің бастығы: Тергеу жүргізу ісі туралы УПК-нің 116 бабына сәйкес №2370 іс бойынша қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымын құрғаны үшін УК-тің 58-7, 58-11, 59-3 баптары бойынша айып тағылған азаматтар:

1. Тынышбаев Мұхамеджанның, ... 18. Қожамқұлов Наширдың, 19. Күдерин Жұмақанның, ... 30. Өтегенов Садықтың үстінен қозғалған істі мерзімінде аяқтаудың мүмкін еместігіне және куәларды шақырып, барлық оқиғаны анықтау керектігіне байланысты Қаулы етемін:

2370 іс бойынша жоғарыдағы жауапқа тартылғандарды тергеу түрмесінде ұстауды 1932 жылдың бірінші қаңтарына дейін созу туралы СССР ИКОМ-на ұсыныс жасалсын. Бұл туралы тәртіп сақтау орындарындағы тергеудің жүргізілуін бақылайтын прокурорға хабарланды.



ОО ерекше бөлімінің бастығы – (Попов). «Келісілді» – ОО бастығының орынбасары – (Волохов). «Бекітілді» – тергеу бөлімінің бастығы – (Пирогов)».

1931 жылы 16 тамызда тағы да:



«Мен, ОППП ОГПУ-дің 3 бөлімінің КССР-дегі өкілі Лаптев астыртын ұйым құрған қазақ ұлтшылдарының үстінен қозғалған № 2370 іс бойынша ҚІК-нің 58-7, 58-11 және 59 баптарымен қамауға алынған Тынышбаев Мұқамеджанның, …. Күдерин Жұмақанның… тергеу ісі ОПК-тің 616 бабында көрсетілген уақыттан асып кеткенін ескере отырып, жоғарыдағы ұйымға қатысы бар жаңа айыпкерлердің іске тартылуына және соған орай қалыптысқан жағдайға байланысты тергеу жұмысын аяқтап үлгеру мүмкін емес болғандықтан да:

2370 іс бойынша тергеуге тартылған жоғарыдағы айыпкерлерді 1932 жылдың қараша айына дейін қамауда ұстауға Қаулы етемін. Бұл жөнінде тергеу жұмысын бақылайтын ОГПУ-дің аймақтық прокурорына хабарланды.



3 бөлімнің өкілі Лаптев. «Келісемін»: ОПП ОГПУ-дің бастығы – Хворостян.

«Бекітемін»: Кастев, Мариновский (Үштіктің мүшелерінің қолдары анық танылмады – Т.Ж.)»,– деп Қаулы қабылдайды.

Дәлелденбей қалған бұл бопса «Айыптау қорытындысында»:



Алматы қаласының тұрғыны айыпкер Сүлеев Бiләлдi ұйымға тартты, оған ұйымның бағдарламасының бiр данасын тапсырды. Бағдарламаның бiр данасы аштарға көмек комиссиясының Жетiсу облысындағы Лепсi ауданындағы өкiлi Күдерин Жұмаханның қолына тиген (№ 541784-iс, 1т., 403 және 404-парақтар, № 2370-iс, 1 т., 177, 178 және 179-парақтар),– деген айыпқа ұласып, ақыры ауыр жазаға бұйырылған.

1932 жылы 20-сәуір күні үштіктің үкімі шықты.



«Қазақстандағы бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың төтенше өкiлеттiгiнiң жанындағы үштiктiң мәжiлiсiнiң № III/к мәжiлiс – хатының көшiрмесi 1932 жыл. 20-көкек.Тыңдалды: № 2370-iс бойынша : Тынышбаев Мұхамеджанды, Досмұхамедов Халелдi, Досмұхамедов Жаhаншаны қылмыс кодексiнiң 58/10, 57/7, 58/11 және 58/3-статьялары бойынша; 2. Үмбетбаев Алдабергендi, Мурзин Мұхтарды ҚК 58/7, 58/11-статьялары бойынша; 3. Мұңайтбасов Әбдiрахманды ҚК 58/4, 58/11-статьялары бойынша; Кемеңгеров Қошмұхамедтi, Бұралқиев Мұстафаны ҚК 58/10, 11-статьялары бойынша; Күдерин Жұмақанды, Қожамқұлов Нашимдi ҚК 58/11-статьялары бойынша; Ақбаев Әбдүлхамиттi ҚК 58/11 және 16-статья бойынша; Ақбаев Жақыпты ҚК 58/10, 59/3 – статьялары бойынша; Қадырбаев Сейтазымды ҚК 58/7, 11-ст. бойынша; Омаров Әшiмдi ҚК 58/10, 7, 11-ст. бойынша; Тiлеулин Жұмағалиды ҚК 58/2-ст. бойынша; Ермеков Әлiмханды, Әуезов Мұхтарды ҚК 58/7, 10, 11- ст. бойынша Омаров Уәлиханды, Сүлеев Бiләлдi 58/2-статьясы бойынша; Ысқақов Даниалды ҚК 58/10, 11-статьялары бойынша жауапқа тартты.

ШЕШIМ: Тынышбаев Мұхамеджанды. 2. Досмұхамедов Халелдi. 3. Досмұхамедов Жаhаншаны. 4. Үмбетбаев Алдабергендi. 5. Мұрзин Мұхтарды. 6 Мұңайтпасов Әбдiрахманды. 7. Бұралқиев Мұстафаны. 8. Кемеңгеров Қошмұхамедтi. 9. Күдерин Жұмақанды. 10. Қожамқұлов Нашимдi. 11. Ақбаев Әбдүлхамиттi. 12. Ақбаев Жақыпты. 13. Қыдырбаев Сейдазымды. 14. Омаров Әшiмдi. 15. Тiлеулин Жұмағалиды – бес жыл мерзiмге концлагерьге жiберуге, оны сонша мерзiмге жер аударумен ауыстыруға... шешiм қабылдады. 16. Ермеков Әлiмхан. 17. Әуезов Мұхтар – үш жыл концлагерьге қамалсын, уақыттары 8/Х-30 ж. бастап есептелсiн. Ермеков пен Әуезовтiң үкiмi шартты түрде есептелсiн. 18. Омаров Уәлиханды. 19. Сүлеев Бiләлдi. 20. Ысқақов Даниалды қамаудан босатсын, тергеу кезiндегi отырғаны еске алынсын».

Сөйтіп, ұлтшылдығы да, алаш жасағындағы сардарлығы да, астыртын ұйымға мүшелігі де дәлелденбеген, тек «Мәдениет майданындағы» қылмысы ретінде саналған ғылыми зерттеулері мен оқытушылық белсенділігі үшін «ұлтшылдар тобына» қосылған Жұмахан Маусымбайұлы Күдерин бес жылға Воронежге жер аударылды. Онда Халел Досмұхамедов бастатқан Әшім Омаров, Әбілхамит Ақбаев, Мұстафа Бұралқиев сияқты «жер аударылғандармен» қоса аштық, асқынған өкпе ауру, соңынан қалмаған тіміскі – «шпек» ... және осы жолдарды жазуға мүмкіндік берген, артына намысты ұрпақ қалдырған жар, тоз-тозаласы шыққан ата әулеті күтіп тұрды.

2.

Ұлттық мақтанышқа айналуға тиісті мұндай тұрлаулы тұлғаның осыған дейінгі және бұдан кейінгі тағдыры туған халқына белгісіз де елеусіз болып келуінің, зерттеушілердің самарқаулық танытуының себебі неде? Іздеушісінің жоқтығы ма? Солай да, солай емес те. Өйткені мұнда кеңестік қысымнан тас-талқаны шыққан тағдырлардың талқысы мен тоғысуы жатыр. Әйтпесе, әкесінің соңынан арызданып, тек әкесі үшін ғана емес, мұқым алаш қайраткерлерінің ақталуына кеңес тұсында ат салысқан аз ұрпақтың бірі Жұмахан Күдериннің қызы – Лариса Жұмаханқызы Күдерина. Тоқсаныншы жылдардың басында Жазушылар одағына дерек те іздеп келіп еді. Қандай кілтипан себеп еткенін білмеймін, жолай қақпайлаушылар табылып, бізбен әңгімелестірмеп еді. Бәлкім, сол жолы Лариса Күдеріқызымен тіл алысудың реті келгенде, Ж.М.Күдериннің есімі, басқасын былай қойғанда, алаш туралы энциклопедиялардың ішінен орын алуы, өзінің қаржысына аз таралыммен шығарған ғалымның ғылыми-зерттеулері мемлекет тарапынан ресми басылым көріп қалуы мүмкіндігі туар ма еді, қайдам. Өйткені алаш қайраткерлерінің тергеу ісіндегі деректер Ж.М.Күдериннің өмірі туралы толық пікір сабақтауға мүмкіндік бермеп еді. Сол Л.Ж.Күдеринаның сексеніші жылдың екінші жартысында, яғни, 1987 жылы КПСС Орталық Комитетііне жолдаған сұрау хатына сол кездегі Қазақстан Қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары, полковник А.Тілеулиевтің өзі:



«Сіздің сұрауыңызға орай орай: Жұмахан Маусымбайұлы Күдерин, 1893 жылы Семей облысының Аягөз ауданында туған, ол 1918-1920 жылдар аралығында БКП(б) мүшелігінен себепсіз (механический) шығып қалған»,– деген мағлұматпен шектеліп, Ж.Күдерин туралы мәліметтің сақталмағаны туралы хабарлаған.

Ал Марксизм-ленинизм институтының Қазақ филиалының директоры Б.Төлепбаев «КПСС Орталық Комитетіне жолдаған Л.Ж.Күдеринаның хатында айтылатын адамдар туралы» жауабында:



«Алматы. 23 желтоқсан,1987 жыл. Құпия.

Сіздің 1987 жылғы 17 қараша күнгі №426188/03 сұрауыңызға орай мынаны хабарлаймын:

Л.Ж.Күдеринаның КПСС ОК жазған хатында: 30-жылдары қазақ зиялыларының көптеген өкілдері негізсіз репрессияға ұшырағаны, олардың біразы кейіннен ақталғаны, алайда оларға деген теріс көзқарастың әлі де өзгермей отырғаны, сөйтіп, олардың әдеби және ғылыми мұралары әділетсіздікпен ұмытылып бара жатқаны – айтылған.

Осыған орай институт тарапынан: бұл арызда көрсетілген адамдардың біразының мұраларына деген теріс көзқарас, олардың өткендегі саяси әрекеттерімен, «Алашорданың» контрреволюциялық ұйымымен тығыз байланыста және буржуазиялық-ұлтшылдықтың туұстарлары болғандығына тікелей байланысты сақталып отыр. Бұл көзқарас дұрыс па, жоқ па, оған бір жақты жауап беру мүмкін емес, өйткені, Л.Ж.Күдеринаның атап отырған адамдарының (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, М.Жұмабаев, Х. және Ж.Досмұхамедовтер, М.Дулатов, М.Тынышбаев – Т.Ж.) өмірлік іс-әрекеттері ғылыми тұрғыдан тереңдетіле зерттелген жоқ. Олардың әдеби және ғылыми еңбектері жөнінде лайықты баға да берілмеген. Ал ГПУ-НКВД мекемесінде олардың кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық әрекеттерін әшкерелейтін құжаттар ғана сақталған. Біз олардың кейбіреулерінің әдеби және ғылыми еңбектерінің үлкен маңызы бар екенін жоққа шығармаймыз. Алайда, мұны, Жазушылар одағы мен Қазақстан Ғылым Академиясының арнайы мамандарынан құрылған комиссияның қорытындысы ғана анықтай алады. Сонымен қатар біз, аталған адамдардың әдеби және ғылыми еңбектерінің маңызы олардың идеологиялық көзқарастарын ақтауға негіз бола алмайтынын да ескертеміз. Бұл мәселені салмақтай отырып, науқанға айналдырмай, жеке-жеке шешу керек. Осы мақсатқа орай Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті не Республика Үкіметі тарапынан арнайы мамандандырылған арнайы комиссия құрылғаны жөн болар еді.

Ал, Л.Ж.Күдеринаның хатында көрсетілген адамдар туралы Институт мынаны хабарлайды: (бұдан кейін жоғарыда аты аталған адамдардың тергеу істері туралы мағлұматтар берілген – Т.Ж.)...

Ж.Күдерин мен Б.Сүлеев туралы институтта дерек сақталмаған. Институт директоры, СССР ҒА-ның мүше-корреспонденті Б.Төлепбаев», – деп жазылған.

Біздің сол «баға берушілердің» қатарынан табылғанымыз да тура осы күндерге сәйкес келетін.

Шындығында да, Жұмахан Күдерин туралы тергеу ісіндегі мәліметтер де тым мардымсыз. Дегенмен де, ұзақ жылдар бойы мұрағаттардан тірнектеп дерек іздестірудің нәтижесіздігіне мойынсына бастаған тұста, мына қамсыздықты қараңыз, кітапхананы іріктеу барысында, тосыннан аймақаралық «Феникс» қорының демеуімен 1994 жылы Мәскеуде жарық көрген Жұмахан Күдериннің қосағы Татьяна Георгиевна Күдерина-Насонова мен қызы Лариса Жұмаханқызы Күдеринаның «Өткен өмір» (Недалекое прошлое) атты естелік жинағының қолымызға іліккені. Мәтқапылық деген осы. Соған жарыса жазушы Табыл Құлиястың «Айбынды ағартушы еді...» атты Л.Ж.Күдеринамен сұхбат, мақаласы (Астана ақшамы, 2010, 9 қазан) жарияланды. Бұл басылым біздің де тірнектеген деректерімізді кеңейте талдауға, әсіресе, Ж.Күдериннің Воронеждегі бақылауда өткен өмірі мен 1937 жылы 21 мамыр күні тұтқынға алынғанға дейінгі өмірі туралы кеңейте әрі жинақтай пікір қозғауға ұйытқы болды.

Ашық та шынайы әрі ешқандай жасқанусыз, «кеңес өкіметі әйелдердің азапты еңбегі арқылы күн көріп, әйелдердің рухани азабынан социализмнің рахатына батып отыр» деген тура пікірге құрылған, өмірдің улы тамырынан қайсарлықпен тістеп, күйеуінің табасын арқалап, баласын аман сақтау үшін тіршілікпен кектене күрескен әдеби қабілеті бар әйелдің қайсар қаламы қағазға түсірген ашынысты жазба. Кей тұстарындағы бірбеткей пікірлерді Лариса Жұмаханқызының түсініктемесі арқылы жұмсартылған, кей тұстарда бір сәттегі жеке әсерге құрылған үстіріктелмей айтылған сөздерге түсіністікпен қарауға осынау тік мінезді әйелдің кешкен азабы негіз қалайды.

Сонымен, Т.Г.Күдерина-Насонованың естелігіндегі мәлімет бойынша Жұмахан Күдерин 1932 жылдың 26 мамырынан бастап 1934 жылдың 28 наурызына дейін Курскі облысының Льгов ауданаралық ауылшаруашылық басқармасына агроном боп қызмет етеді. Онда да өзіне тән ғылыми негізде еңбектеніп, игі нәтижеге жетіп, сыйлыққа костюм алады. Алайда 1934 жылдың егістік тұқымын егудің жоспары жасалғанда әлгі жоспарға қарсы болып, дәнді себу тәсілін өзгертуді өтінеді. Директор дегенін істейді, Ж.Күдерин өзінің пікірін мәжілісхатқа түсіріп, оның көшірмесін алады. Көктемгі егіс өнбей қалғанда «зиянкестік жасады» деген желеумен Ж.Күдериннің үстінен іс қозғайды. Сонда әлгі мәжілісхаттың көшірмесін көрсетіп, өзін өзі арашалап қалады. Бірақ қызметтен босатылады, еш жер жұмысқа алмайды, тіпті, селоның жеке малын бағуға да рұқсат бермейді. Аштықтан ісініп, көкжөтелден қан құса бастайды, қысылтаяң шақта М.И.Калининге хат жазады. Калининнің өз қолымен оның бес жылдық мерзімі төрт жылға қысқартылады, ұзамай Воронеж қалалық тұтынушылар одағына аға агроном болып қабылданады. Сол тұста қатты қиналып жүрген Татьяна Григорьевнанмен танысып, оның тауқыметін жеңілдетуге септеседі, мұның соңы жарастыққа ұласып, отбасын құрайды. Бірінші әйелі Бибісара Жанбазаровамен ажырасқанымен де, соттың шешімі болмағандықтан және жеке бас құқығы шектеулі екендігіне байланысты, некеге отыруға рұқсат етілмеген. Айдауда жүріп те ғылыми зерттеулерінен қол үзбеген. Осы тұста етекбасты, тұрмыстық көрініс болғанымен де, Жұмаханның қамалғанға дейінгі өмірі туралы естелігін келтіре кетуді жөн көрдік. Өйткені мұнда жеке адамның кәдімгі тіршіліктегі қам-қарекеті бар:

Т.Г.Күдерина-Насонова: «Біз кейде кешкі асты үйде ішіп жүрдік. Кешке қарай мен іс тігетінмін, не тоқитынмын. Сол кезде біз бір-бірімізге өзіміздің өміріміз туралы айтып беретінбіз. Сонда Жұмахан өз өмірін былай әңгімелеп берді:



Қызық, адам өзінің қоршаған ортасына қалай тез бейімделеді десеңші. Мен оны өз басымнан кештім, яғни, өз ет-теріммен сезіндім. Мен кәдімгідей жеке меншік иесі болдым. Бірінші әйелім Сара менен кеткенде өзіне керектің барлығын, сабақты инеге дейін қалдырмай алып кетті. Мен оның қолын қақпадым, көзі тойсын дедім әрі бұл көріністің тез аяқталғанын қаладым. Тек менің жеке киімдеріме қол салудан сескенді. Маған қалғаны: түлкінің, қара түркінің, бұлғынның, қасқырдың терісінен тігілген бес тон, салмағы жеті фунт келетін алтын кісе. Оның есесіне шәй ішетін ыдыстан түк қалмады. Сондықтан бір нәрсе алу керек болды. Мен ұсталған заттарды сататын дүкенге бардым да, бірден көзіме түскен күміс самауырға қосымша күмістелген, алтын жалатылған тарелкалар мен кеселерді, сүт құтысын, ваза мен тостағанға арналған торламаларды сатып алдым. Сондай керемет болды, бір рет сатып аласың да өмір бойы ұстайсың. Олардың барлығы сынбайтын және бактериялар жұқпайтын. Содан бастап ұсталған заттардың дүкеніне жиі соғып тұратын болдым. Аса сапалы бес кілем, күмістелген қазақ төсек, мұражайға ғана лайықты теріден тігілген шие түсті, қара қоңыр, қызғылт қамқа халат сатып алдым. Соның ішінде өзіме қатты ұнағаны он екі қырлы перламутты қақпағы, екі қымбат та жайлы қапталған креслосы бар журнал столы болды. Барқыт қалатты, сафиян мәсіні киіп, еш қаперсіз жұмыс істеп отыратынмын.

Ташкенттің Алай базарына кіре берісіндегі Калини көшесіндегі №1 үйде үлкен әйнекті шоланы бар екі бөлмелі кооперативке тиесілі пәтерім болды. Бір бөлмеде – кітапхана, қабырғаға тізілген сөрелер толы талғаммен жинақталған кітаптар. Шоланның бұрышында соңғы техникалық жарақтармен жабдықталған фотолаборатория, су жаңа «Лейка» фотоаппараты. Шоланның қалған бос жеріне жыландарға арналған террариум жасалды. Көптеген таныстарым жыландардан қорқып маған келуден сескенетін. Мен бас алмай жұмыс істедім, үй жағдайы соған мүмкіндік берді. Тәуліктің жиырма төрт сағаты маған жетпейтін, ұйықтауға уақыт болмайтын. Алайда менің көңілім тоқ еді, өнімді жұмыс істедім, күн сайын жаңа ойлар, тың жоспарлар келіп, басыма симайтын.

Кенет бәрі де тып-типыл болды... Мені тұтқынға алды.

Мен түрмеде жеке камерада отырдым. Інжілдегі «азапшыл Иов» сияқты күй кештім. Құдай оған жақ болғандықтан да ол өзіне қажетті нәрселерден бірте-бірте айырылды ғой. Ал менің басыма бар пәле бірден үйіліп төгілді де, мысымды басып жіберді. Мен ол кезде есімнен адасқан да шығармын. Міне, сол кезде барлық ақылым, танымым, түйсігім бас көтерді. Алғашқы күндері нан да, су да татпағам. Содан кейін есім ептеп кіре бастады, менің ешқандай кінәм жоқ емес пе – деген ой келді. Өлу деген сөз, демек, ештеңенің басын ашпай кету емес пе. Қалайда ақталып шығу керек. Қандай тауқымет тартсам да тірі қалу керек, қалай да өмір сүруім керек деп шештім. Тамақ іше бастадым, гимнастикамен айналыстым. Өзімді өзім барынша көп ұйықтауға мәжбүр еттім.

Өзің үйренген әдеттен айырылу – үлкен қасірет. Бірақ та дүние-мүлік адамның пиғылын бұзады, алаңдатады. Оның әр қайсысын тазалап, қадағалап отыруың керек. Оның есесіне, қазір ештеңем де жоқ, ештеңе де алаңдатпайды, көңіліңді бөлмейді. Міне, қаннен қаперсіз еркін өмір сүретін құс пен жылан сияқтысың.

Деп келе жатты да ол кенеттен үнсіз қалып, маған ұзақ қарап тұрып:

Татьяна, сен салпаңқұлақ шпичка емессің бе?,деді ... Біз сондай тез жарасып кеттік, сенімен тұру маған сондай рахат. Менің ойымша, егер сен салпаңқұлақ болмасаң, онда құдайдың жіберген періштесі болдың ғой, дегені», – деп (сонда, 111-112беттер) еске алады.

Бұл – жай ғана дүниеқорлық түйсікті сынау емес, онда «емін-еркін өмір сүретін құстар мен жыландардың бостандығын» аңсаған көңіл ауаны, ғылыми жұмысқа деген құштарлығы, алыстағы ауылға деген сағыныш бар. Соны сүйген жарына астарлап жеткізіп отыр.

«Бүкілодақтық старостаның» дәргейіне сәйкес Ж.Күдерин 1934 жылы жаз айында кесімді мерзімінен бір жыл бұрын бақылаудан босатылады. Алғаш естігенде бар дауысын шығара көзінің жасын ағызып отырып қазақша ән айтыпты. Дауысын енді еркін шығаруға болатынына сенгісі келген сияқты. Воронежден оны Әшім Омаров, Әбілхамит Ақбаев, Мұстафа Бұралқиев және сол кезде Хренов (Орлов) асылтұқымды жылқы заводында директордың орынбасры болып істейтін, бұрынғы ауыл шаруашылық министрі, Воронежге іссапармен келген Кәрім Тоқтыбаев елге шығарып салыпты. Алматыға келген соң Халел Досмұхамедовтің ұлы Әділханның үйінде тұрады. «Овцеводтрестке» бас агроном болып орналасады. Ораз Жандосов оны кейіннен Малшаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына аға ғылыми қызметкер болып ауысуына кықпал етеді. Мұрахаттанушы Б.Нәсеновтің жарияланымға ұсынған Ораз Жандосовтың тергеу ісі кезіндегі жауабында бұл туралы:



«Мен 1935 жылы ұйымның мүшесі, Қожановпен тікелей байланысты бұрынғы алашордашы Жұмақан Күдеринмен қарым-қатынасымды қайта жалғастырып, оны жұмысқа алдым... 1922 жылы Күдерин Ташкентке кетті, кейіннен контрреволюциялық әрекеті үшін сотталды, жазасын өтеген соң, 1935 жылы маған келді»,– деген мағлұмат бар.

Ғылыми-зерттеу институтында Ж.Күдерин «Қастек ауданындағы жайылымның азықтық мүмкіндігін анықтау» деген тақырыптағы ғылыми жұмысқа белсене кіріседі. Фирдауси, Сарым (Сырым) атты ұлдары дүниеге келеді.

Сол тұста тағдыр тауқыметін тартқан бауырларын жияды. Баспанасыздарға қосылып кеткен інісі Хасенді, қарындасы Қуандықты Алматыға алып келеді. Әкесі Маусымбай, ағасы Жүніс, інісі Төлеубек қытайға өтіп кеткен екен. Жұмаханның елге оралғанын естіген інісі Төлеубек 1935 жылы бір кезде алып қашып кеткен әйелі Батым екеуі бергі бетке өтерде шекарада ұсталып, түрмеге қамалып, соққы мен қысымның кесірінен жүре алмайтындай дәрежеде (табанын тілген не аяғын сындырған болса керек) мүгедек болып, қазақ автономиясының 15 жылдық мерекесіне орай босанып шығады. Бірақ махаббаттың табасына ұшырайды, ол түрмеде жатқанда Батым басқа біреуге тұрмысқа шығып кетеді де Төлеубек Жұмаханның қолында қалады.

Міне, бастапқыда осы Төлеубектің Батымды алып қашуынан басталған қазақы тартыс, ақыр соңында, сол Төлеубектің шеттен қашып келуіне байланысты жесір дауының отын өршіткен жарынан да, іздеп келген ағасынан да, өз өмірінен де айырылған қазақы трагедиямен аяқталады. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған Төлеубекті ажалына асықтырған қандай түйткіл?

Л.Ж.Күдерина: «1988 жылы, алпысыншы-жетпісінші жылдары Қытайдан қайтып оралған өзімнің туыстарыммен, аға-әпкелеріммен сөйлестім. Төлеубектің Қытайдан СССР-ға қайтып оралауының себебін олар: Төлубек мұғалім болатын, ал біз онда өз қожалығымыздың малын бағумен шұғылдандық, бұл оған ұнамады. Тұрмысы кедей еді. Ешкіммен араласпайтын. Сонымен қатар, одақта оның әкесі мен ағасы қалған болатын, ол біздің бәріміздің жанымызға бататын. Ол одақтан кеткенде әкесі Маусымбай тұтқында қалған, оның тағдыры туралы біз ештеңе білмедік... Ұлы әкесінің тағдырын білгісі келді (Серікқан Күдерин, Камал Тұрдыбаева) деп түсіндірді», – деп жазған (сонда).

Бұл – тағдыры тәлкекке ұшырағандардың мәңгілік аңсары. Ол аңсардың өтемі – жаза ғана болатын. Ол 1937 жылы 13 қаңтар күні қайта қамалып, 36 жасында, сол жылы 11 қыркүйек күні атылып кетеді. Осы оқиғадан мағлұмдар Жер өңдеу шарушылығының (ауыл шаруашылығының) министрі Нығымет Сырғабековтің нұсқауымен Ж.Күдерин қызметтен шығарылады (Н.Сырғабеовтің өзі де «халық жауы» ретінде ұсталып, 1938 жылы 25 ақпанда, Ж.Күдериннен он күн бұрын атылып кетті). Ұзақ сарылып жүріп республика дәргейіндегі еш мекеме қызметке алмағандықтан да, Одақтық химия өнеркәсібі министрлігіне қарасты көксағыз бен таусағызды өндірумен айналысатын «КаучукОРНС» тресіне агроном-нұсқаушы болып орналасады.

Тура осы күндері, яғни, 1937 жылдың қыс айларының соңында Алматыға келген Мағжан Жұмабаев Жұмаханның үйінде қонақта болып, ол аударып жатқа профессор Фроловтың «Менің жануарлармен танысуым» атты кітабінің аудармасымен, әйгілі «Қара дәптердегі» «Жыландар мен дін туралы» жазбасымен танысып шығып, өзара ұзақ пікірлеседі. Осындай екі бірдей «халық жауының» Ж.Күдериннің отбасының мейманы болуы, әрине, тыңшылардың назарынан тыс қалмайды. Егіс даласында жүрген Жұмахан 21 мамыр күні үйге қайтпай қалады. Түнде есік қағылып, Жұмаханмен бірге тергеушілер қоса кіреді.

Т.Г.Күдерина-Насонова: «Тінту басталды. Жұмаханды бәрімізден оңаша бөлменің бұрышына отырғызып қойды. Өзін қалай тұтқындағаны туралы айтуға рұқсат берді. Сөйтсе, Жұмахан алдын ала келіскеніндей, шекара ауданына рұқсат қағаз алу үшін таңертеңгі сағат 11-де НКВД-ның кеңсесіне келеді. Оған сағат он екіде бастық келген соң келуді өтінеді. Ол комендатурада ілінген қабырға сағатына қарама-қарсы тұрған орындыққа отырып кітабін алып оқиды. Сағат 12-де НКВД киіміндегі үш жігіт келіп оны тұтқындау туралы ордерді көрсетіп, өздерінің соңынан еруді өтінеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   46




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет