«Кешікпей Мағжан екеуміз «Алқа» айқындамасының (бағдарламасының – Т.Ж.) 16 данасын жан-жаққа бөліп, Ташкентке – А.Байтұрсыновтың, Орынборға – Ж.Аймауытовтың, Қызылжарға – Ж.Тілеулиннің, Семейге – С.Дөнентаевтің, Ленинградқа – М.Әуезовтің (басылымда «ұлы» деп жазылған, біз тергеу тәртібіне орай алдық – Т.Ж.) атына салып жібердік. Сол жылы 19-қаңтарда Өлкелік коммунистік партия комитетінің қарауына Орынбор қаласына шақырылдым. Мәскеуден жүрер алдында Ә.Бөкейханов пен М.Жұмабаев маған Орынбор мен Ташкенттегі азаматтармен байланыс жасап, «Алқа» айқындамасы туралы ойларын, оны қуаттайтын-қуаттамайтындығын біліп, пікірлерін Жұмабаевқа жіберуін қадағалауды тапсырды. Мұнымен қоса бара салысымен Смағұл Сәдуақасовпен хабарласып, бағдарламаны баспасөз жүзіне шығару керектігі айтылды. Орынборға келгеннен кейін «Еңбекші қазақтың» жауапты шығарушысы С.Сәдуақасовқа барып, бағдарламамен таныстырдым. Смағұл «Еңбекші қазаққа» басатынын, бірақ қазір оны А.Байтұрсыновқа, Е.Омаровқа, С.Қожановқа, Ж.Аймауытовқа көрсетуіміді өтінді... С.Қожановқа барғанымда, ол С.Сәдуақасов екеуі «Алқа» жөнінде Мәскеуге барғанда М.Жұмабаевтан естігенін айтты. Е.Омаров та, Ж.Аймауытов та бағдарламаны ұнатты. Е.Алдоңғаров С.Сәдуақасовпен хабарласып, бағдарламаны газетке емес, «Қызыл Қазақстан» журналына бастыру керектігі туралы ақылдасатынын білдірді»,– деп (Д.Қамзабекұлы. «Алаштың рухани тұғыры. А.Ел-шежіре», 2008 301-302 бет) жауап беріпті.
Соңғы Е.Алдоңғаровтың үйінде өткен пікір алысудың барысы Ж.Аймауытовтың жауабында баяндалған.
Тергеу ісінде «Алқа» әдеби үйірмесінің «Табалдырық» атты бағдарламасының фотопленкаға түсірілген көшірмесі, оның негативі және орысша тәржімасы тіркелген. Бағдарламаны жазғандығын растаған қолтаңбасы бар (Біз сол негативтен көшірілген нұсқаны пайдаландық). Тергеуші Логачев «Алқа» әдеби үйірмесін қалайда ұлтшыл астыртын ұйым ретінде қарастырып, оны «Алаш» көсемдерімен байланыстырғысы келіп, әр бағытты қамтитын түрткі сұрақтар қойған. Соның ішінде «Алқаның» ұйымдастырылуына «Алашорда» көсемдерінің қатысы туралы сұраққа М.Жұмабаев (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):
«Алашорданың» құрамында қызмет істегемін жоқ, 1917 жылдың соңында Орынборда өткен Бүкілқазақтық бірінші құрылтайда, «Алашорда» үкіметі құрылғанда 5 адамнан тұратын, оның ішінде Омаров, Шонанов, мен және тағы басқа бір адам (Міржақып Дулатов – Т.Ж.) бар, оқу-ағарту комиссиясының мүшелігіне сайландым. Жеке басым «Алашты» қандай да бір құқылы партия ретінде қабылдағамын жоқ... 24-жылдың соңында, не 25-жылдың басында (нағында 1924-жылдың күзінде, қазан-қараша айларының өліарасында – Т.Ж.) Москвада өлкетанушылардың құрылтайы өтті. Қазақ өкілдері ретінде оған Байтұрсынов пен Бөкейханов Әлихан қатысты. Сонда ол кісілермен жолығып, әңгімелестім»,– деп жауап берді.
Иә, «жолығып, әңгімелескен», үйіне бармаған. Ал Ж.Сәрсенбин жоғарыдағы жауабында:
«... Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев (басылымда Бөкейхан, Жұмабайұлы деп жазылған – Т.Ж.) мен үшеуміз 1925 жылдың қаңтар айында оқытушылар сьезіне келген Ахмет Байтұрсынов орналасқан жатақханаға барып, ол кісіні жазылып, даярланып қойылған «Алқа» әдеби үйірмесінің бағдарламасымен таныстырдық: «Қазаққа шаруасы мен тұрмысының түріне қарай шапан пішу жарасса да, еуропалықтар оған еуропалық костюм кигізгісі келеді. Қазақтың түйесін отарбаға қосып сүйреуді қалайды. Бұлай ету – қазаққа тән емес, жат нәрсе. Қазақ әдебиеті ұлттық әдебиет болуға тиіс. Мынандай үйірмелер арқылы оны жасау мүмкіндігі де бар. Сондықтан да «Алқаны» құру туралы пікірлеріңді қостаймын»,– деді»,– деп (Д.Қамзабекұлы. «Алаштың рухани тұғыры. А.Ел-шежіре», 2008 301-302 бет) көрсеткен.
Сайып келгенде бұл – Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов қағыс қалатындай елеусiз iс емес едi. Өйткені мұнда ұлттың мәйектi мүддесi жатқан. Сондықтан да алғашқы сұрақтар соларға қойылған. Бұл жөнiнде Ахмет Байтұрсынов 1929 жылы маусымның 18 күнi берген жауабында:
«...Қазақ әдебиетiнiң ағымдары туралы мәселенi мен ешкiммен де бiрiгiп талдағам жоқ. Оның iшiнде, Мағжан Жұмабаев жасаған әдеби платформаны Бөкейхановпен бiрiгiп талдаған емеспiн. Қалай болған күннiң өзiнде, мен Мәскеуге барған кезiмде Мағжан Жұмабаевты Бөкейхановтың пәтерiнен көрмегенiм анық, сондай-ақ Жұмабаевтің да пәтерiнде болғаным жоқ.
Нақтысын айта алмаймын, бiрақ Жұмабаев пен Бөкейханов мен орналасқан жатақханаға (ол РСФСР-дiң Халық ағарту комиссариатының Мәскеудегi жатақханасы болатын, 1924 жылы күзде мен өлкетанушылардың өлкелiк құрылтайына қатысу үшiн барғанмын) келдi ме, әлде бәрiмiз де өлкетанушылардың құрылтайының мәжiлiсiнде кездестiк пе, әйтеуiр, бiр жүздескенiм рас.
Сондай-ақ, «Табалдырық» әдеби үйiрмесiнiң бағдарын оқығаным да есiмде жоқ. Әрине, әдеби шығармаларды оқыған болармыз, алайда ешқандай қолжазбаның болғаны жадымда сақталмапты, ал Сәрсенбиннiң газетте жарияланған мақаласы есiмде. Мен Мәскеуде болған кезiмде оны Жұмабаевпен көрiп қалғаным бар. Орынбор қаласында тұрғанымда Сәрсенбин менiң үйiме келген емес. Әйтеуiр, менiң жадымда қалмапты. Тiптi, өлкетанушылардың құрылтайынан кейiн соның өзiн көрдiм бе, жоқ па, бiлмеймiн. Жұмабаевтің әдеби бағдарын талқылауға арналып Алдоңғаровтың үйiнде мәжiлiс өткендiгiнен бейхабармын, тiптi, Алдоңғаровтың үйiне бiр рет бас сұққан жоқпын»,– дейді.
Тiптi, Мағжанның өзiн Әлихан мен Мiржақыптан бөлiп тастайды. Әйтпесе, жоғарыдағы жауаптың әр сөзi «Алқаның» негiзгi бағыттарының бiрi болғандығы бағдарламадан анық байқалады. Мысалы:
«Мағжан Жұмабаев жасаған әдеби платформаны Бөкейхановпен бiрiгiп оқыған емеспiн. Қалай болған күннiң өзiнде, мен Мәскеуге барған кезiмде Мағжан Жұмабаевты Бөкейхановтың пәтерiнен көрмегенiм анық, сондай-ақ Жұмабаевтің да пәтерiнде болғаным жоқ…»,– деген пікірдің астарына үңілсеңіз, бәрін де жоққа шығарған сияқты.
Ал енді осыны: иә, Ахмет Байтұрсынов «Алқаның» бағдарламасын Бөкейхановпен бірге қатар отырып оқымаған, бірақ өзі оқыған. Мағжанды Әлиханның үйінен көрмеген, Мағжанның пәтерінде болмаған, бірақ кезіккені рас, – деп түсінуіңізге де болады. Солай да. Мұның барлығы әдейі: кіммен, қай жерде, қалай танысты, қандай пікір айтылды, соның ізін жасыру үшін сөйлемді әдейі «жоққа шығару» бағытында құрған.
Философия ғылымында «терiске шығаруды терiске шығару» деген категория бар. Сөздi ойнату арқылы ұғымды тұмандату сияқты көрiнгенiмен, өмiрдiң қайшылығын терең талдайтын және соны түсiндiретiн қарама-қарсы ойлардың шарпысуынан туған парасаттың пайымы. Ұлттың рухани көсемi Ахмет Байтұрсыновтың жауабынан ғылыми тұжырым суыртпақталып шықпағанымен де, осынау қысқа ғана айғақтан оның ойлау жүйесiнiң күрделi құрылымы мен ақыл сарасы анық аңғарылады. Ол тергеушiлердiң барлық сұрақтары мен бопсаларын жоққа шығарып отыр. Сол арқылы өзгенi де, өзiн де оқшаулатып, адамдардың арасындағы көзқарас бiрлiгiн қасахана ыдыратып жiберiп, оларға тағылатын ортақ айыптан құтқаруды көздеген.
«Алаш iсiнiң» жалғасы болатындығын және оның мiндеттi түрде рухани мәселенi қамтитынын бiлген. Сондықтан да, М. Тынышбаевтің, Х. және Ж. Досмұхамедовтердің, М.Әуезовтің, Ә.Ермековтің, Қ.Кемеңгеровтiң тұтқынға алынуынан бiр жыл бұрын оларды арашалап, екi топтың «қылмыстық iсiн» бір-бiрiне байланыстырмаудың бар шарасын қарастырған. «Алқа» әдеби үйiрмесi мен оның «Табалдырық» атты бағдарламасына ешқандай қатысы жоқ екендiгiн үзілді-кесілді мәлiмдейдi. Бiрақ та өзiнiң көзқарасын ашық айтады. Демек:
«Күйсек, бiз күйейiк, сендер өздерiңдi сақтаңдар. Елге екi сөз айта алмаймыз. Ал сендер келешек үшiн керексiңдер»,– деген сөзiн iс жүзiнде дәлелдеген.
Мұны Мағжан да түсiнген. Сондықтан да тергеушiлердi «жалған iзге» салып, әр адамның iс-әрекетiн дербестендiруге тырысқан. Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Мiржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаевтің, Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедовтің, Әлімхан Ермеков пен Жаһанша Досмұхамедовтің, Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтiң ұлттық рухани тұтастығын және олардың бiр бағытта, бiр майданда күрескенiн досы да, дұшпандары да мойындады. Алайда саяси күреске әбден шыныққан алаш қайраткерлерi өздерiнiң достығын, ұлы мақсатын ұлтының қаскүнемдерiне ашып бергiсi, Абай айтқандай, «ақ көңiл, ашық жарқын боламын деп, көрiнгенмен жыртақтағысы» келмедi. Қосақ арасында қоса кетпей, қалайда бiр-бiрiн сақтауға тырысты.
Алғашқы тергеудегі барлау мен арбау сұрақтарына берген (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):
«Бөкейхановпен кездескен кезімізде әңгімеміз әдебиет туралы пікірден әрі аспайтын»;
«Ақ жол» газетінің саяси бағыт-бағдары айқын болмады, онда ұлтшылдық көзқарасты ұстанған мақалалармен қатар коммунистік күресті насихаттайтын мақалалар да қатар жариялана беретін. Оның сол кездегі редакторы Сұлтанбек Қожанов болды. Ұлтшылдардың ішінен ол газетте Әуезов «Шолпан» журналымен сәйкестендіре істеді»;
«Заки Валидов туралы ешқандай мағлұматым жоқ. Шоқаев туралы газеттерден оқығамын, Бірімжановпен таныс емеспін»,– деген жауаптарынан бұл анық аңғарылады.
Сөйтіп, «терiстеудi терiстей отырып», ұлттың мәйегiн аман алып қалуға ұмтылды. Тіпті басты «куәгер» Дінше Әділев те:
«Қазақстандағы астыртын әдебиет үйірмесінің бар екендігі туралы мен ештеңе естігемін жоқ. Ұлтшыл көсемдердің жанама аттары маған белгісіз. Мен Ташкентте жүрген кезімде бір күні маған Байтасов па, әлде басқа біреу ме, ұмытып қалдым, маған Жұмабаевтің бағдарламасын көрсеткені есімде. Өзімнің әдеби үйірмеге тікелей қатысым болмағандықтан да, оған қатысқан жоқпын, ол жөнінде ештеңе айта алмаймын»,– деп бас тарта жауап беріпті.
Айыптау қорытындысында:» «Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн эпикалық сарында әспеттей суреттедi, оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде –байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды»,– деп жазылған.
Ал оған М.Тынышбаев: «Ал «Алқа» әдеби үйірмесі туралы ештеңе білмеймін. Әдеби үйірмелер Сібір үкіметі тұсында болған шығар, оған Мағжан Жұмабаев, Әуезов, Смағұл қатысқан шығар. Ал оның қалай аталғанын білмеймін. Олардың идеялық бағыты біздің алашорданың бағыты болуы тиіс. «Алқа» үйірмесі туралы Халел Досмұхамедов білуі мүмкін. Ол әдебиетке жақын әрі өзі де айналысады»,– деп жауап беріп, аттың басын теріс бұрып жібереді.
Әйтпесе, баспасөзде даңғазалықпен желпілдетіп жатқан әдеби айтыстан хабардар болғаны айдан анық. Еш күмән туғызбайды. Халел Досмұхамедов бірнеше рет:
«Тағы да қайталаймын: 1. «Алаштықтармен» 24-жылдың қыркүйегінен бастап барлық байланысымды үздім және олардың Қазақстандағы қылмысты әрекеттеріне ешқандай да қатысым жоқ. 2. „Алқа” үйірмесіне қатысқамын жоқ. Ол туралы білгендерімді бұрын айтқанмын»,– деп жазып берген.
Ал бұрынғы айтқандары Қазақ ғылым комиссиясындағы атқарылған жұмыстар, шығарылған кітаптар, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспары туралы болатын. Сол жауаптардың барлығының басы қосылып, қорытылып «Айыптау қорытындысында»:
«Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық... «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм» (Досмұхамедов Х., № 2370-iс, 1 т., 221-парақ)»,– деп «толықтырылып», шындықтың астары өзгертіліп берілді.
«Терісті теріске шығару» тәсiлін жауап беру барысында Мағжан да қолданды. Ол өзiнiң түсiнiктемесiнде:
«Байтұрсынов пен Бөкейхановтың жалпы әдебиет, оның iшiнде әдеби сын туралы көзқарастары менiң пiкiрiммен үнемi қайшы келiп отырды. Өз басым әдебиеттi рухани толысуға, рухқа, рухани құштарлыққа қызмет етедi деп есептедiм, ал жоғарыда аты аталған адамдар: әдебиет – ең алдымен халықты жаңа бағытқа, жаңа iске шақырады, оларды үгiттейдi,– деп түсiнедi. Әдебиеттi – өнер,– деп емес, насихатшы құрал,– деп қабылдайды. Мiне, осындай пiкiр қайшылықтарының нәтижесiнде жолымыз екi айырылды. Осыған орай «Тоқсанның тобы» деген толғау жаздым, мұндағы негiзгi ойым: тоқсан деп көрсеткенiм – қалың бұқара халық, қалған оны – еңбексiз күн көретiн тоғышарлар...
Осы толғау арқылы болып жатқан төңкерiске өзiмнiң көзқарасымды бiлдiрдiм. «Алқа» атты үйiрменiң бағдарламасын сол толғау арқылы насихаттадым. Бұл толғауды Оқу-ағарту халық комиссариатының Ақмоладағы бұрынғы төрағасы Молдағали Жолдыбаевқа жiбердiм. Сонымен қоса «Толғау» атты өлеңмен жазылған бағдарламаны да қоса жолдадым. Ол «Толғау» баспасөзде жарияланбаған күйiнше қалды. Аты аталған ұзақ толғауымда өзiмнiң бүкiл өмiрiмдi, жiберген қателiктерiмдi, оңды-солды толқуларымды, соқпақсыз жолдарымды, тұтастай жалпылама баяндап шықтым.
Ақыры «Алқа» үйiрмесi ұйымдастырылмай, аяқсыз қалды»,– деп көрсеттi.
Әрине, мұндағы Бөкейханов пен Байтұрсыновтың көзқарасының Мағжанның көзқарасымен үйлеспеуiнiң шынайы мәнiсiн, саяси астарын жоғарыда ескерткен жайды еске ала отырып түсiнген абзал. Әйтпесе, ұлтын ояту үшiн Мiржақып пен Мағжанның тартынып қалған жерi жоқ. Ахмет Байтұрсыновтың:
«Мен үшiн әдеби бағыттардың – пролетарлық немесе ұлтшылдық бағыттардың қайсысы басымдық танытса да бәрiбiр»,– деп немқұрайлы қарамағаны анық.
Бұл тергеушiнi iзден жаңылыстырудың ғана амалы. Рас, Бөкейханов пен Байтұрсыновтың ұлт алдындағы жауапкершiлiгi аса үлкен, тек көзқараспен шектелiп қалмайды. Олардың басты мақсаты – барлық мүмкiндiктi пайдаланып, ұлттың рухани мәдениетiн көтерiп, жаңа танымдық сатыға көтеру едi. Көркем әдебиет саласындағы белдi таланттардың өзiн, Мағжан мен Жүсiпбектi, Мұхтарды, Халел және Жаhанша Досмұхамедовтердi, Мұхамеджан мен Елдестi, Даниал мен Қошкенi оқу-ағарту саласына тартып, ғылымның барлық саласынан ұлтына мағлұмат берудi көздедi. Бұл идея олардың өзара жазысқан хаттарында да басты тақырыптың бiрi болды.
Алайда, қандай да қолға iлiнетiн суыртпақты iздеген кеңестiң кекшiл тергеушiлерi мұны мүлдем басқаша баяндап, контрреволюциялық ұлтшыл әрекеттiң қатарына жатқызды.
Оған Ә.Байділдиннің: «Тағы да: «Алқаның» бар екенін мен жақсы білдім. Алғаш рет шамамен 1925 жылдары білдім. «Алқа» ұлтшыл Жұмабаевтің бастауымен Москвада ұйымдастырылған. Бұл әдеби үйірмені бүркемелеген астыртын ұйым болатын... Семейден рабфакқа оқуға келген Ыдырыс Мұстамбаевтің туысы Смағұл Нұрпейісовтен ұйым туралы сұрадым. Ол көпке дейін жасырып айтпады... Ақыры Смағұл: өзінің Аймауытовпен, Байтасовпен, Кемеңгеровпен байланысы бар екенін, оларда астыртын қоғамның платформасы бар екенін, ол қоғамға мұны да тартқанын айтты. Оның бастаушысы Жұмабаев екенін білдім. 1927 жылдары Аймауытовтың, Кемеңгеровтің, Әуезовтің, Байтасовтың арасында хат арқылы пікір алысулар болыпты. Жұмабаев Москвада, қалғандары Шымкент пен Ташкентте тұратын»,– деген көрсетіндісі негіз қалады.
Араларында пікір алысудың тәжірибесі болғандықтан да және сол тұстағы маңдай алды жазушының қатарына көтерілген сөз қайраткері ретінде «Алқаның» «Табалдырық» атты бағдарламасын Мағжан Жұмабаевтiң Жүсiпбек Аймауытовқа жiберуi заңды да, орынды да едi. Бұл Аймауытовтың айы оңынан туған дүлдүлдi шағы болатын. Мағжан жолдаған бағдарламаны қалай алғаны туралы түрме тергеушiсiне Жүсiпбек:
«24 / VI – 29 жыл. Мен «Алқа» үйiрмесiнiң бағдарымен бiрiншi рет 1925 жылдың басында Орынбор қаласында мынадай жағдайда таныстым.
Мен Ташкент қаласында шығатын «Ақ жол» газетiнде iстейтiнмiн, содан Орынбор қаласына демалысқа келдiм. Сол жолы редакцияда Сәрсенбинмен кездесiп қалдым, ол өзiнiң менде жұмысы бар екендiгiн айтты. Екеумiздiң сөзiмiздi Алдоңғаров тыңдап отырған болатын, содан кейiн бiз соңғы адамның (Алдоңғаровтың – Т.Ж.) пәтерiнде кезiгуге уәделестiк. Сәрсенбин: «Онда бiзден басқа да бiрнеше адам болады»,– дедi. Сөйтсем Алдоңғаров үйiрме бағытымен (платформасымен) таныс екен. Келесi күнi, әлде сол күнi ме, әйтеуiр түс әлетiнде бiз Алдоңғаровтың үйiнде жолықтық, онда – Сәрсенбин, Алдоңғаров, Сегiзбаев, мен аты-жөнiн бiлмейтiн тағы да басқа адамдар отыр екен. Менiң ойымша, олар қостанайлық студенттер болуы керек. Сәрсенбин «Алқаның» бағдарын оқып шығар алдында: «Мұны Жұмабаевтің қатысуымен мәскеулiк студенттер жазған», – деп түсiнiктеме бердi. Кейiннен Жұмабаевпен хат алысудың барысында ол бағдарды жазған Жұмабаевтiң өзi екенiн бiлдiм, себебi оның маған жолдаған бағдарының үлгiсi әлгiден айнымайды. Бұл iске Бөкейханов Әлихан мен Байтұрсынов Ахметтiң қатысының бар-жоғын бiлмеймiн, ол туралы Сәрсенбин ештеңе деген жоқ. Ол маған бұл бағдарды Байтұрсыновқа оқып бергенiн айтты, бiрақ бұл жөнiнде Байтұрсыновтың не дегенiн бiлмеймiн. Бағдарды Сәрсенбин тағы кiмге оқып бердi, одан да хабарым жоқ. Бағдарды оқып болғаннан кейiн, өзiм келiспейтiн бiрнеше тармағын қағазға түртiп алдым да, бұл туралы пiкiрiмдi Жұмабаевтің өзiне тiкелей жазып жiберемiн,– дедiм. Ол тармақтарда не жөнiнде айтылғаны қазiр есiмнен шығып кетiптi.
Қатысқандар Сәрсенбиннен: «Алқа» сияқты үйiрмелер өзге жерде бар ма, ондайды ұйымдастыруға мүмкiншiлiк бола ма? »,– деп сұрады. Оларға Сәрсенбин: «Мәскеуде орыс жазушыларының «Алқа» iспеттi үйiрмелерi бар, «Алқаны» ұйымдастыратын күш те бiзде бар»,– дедi. Сөзiнiң соңында Сәрсенбин: «Кiмде-кiм үйiрменiң бағдарымен келiспесе және оған мүше болғысы келсе Мәскеудегi Жұмабаевқа не Сәрсенбинге хабарлассын»,– дедi.
Содан кейiн мен өзiмнiң әдеби бағыттардың ағымдарымен таныс емес екенiмдi айтып, Жұмабаевқа осы мәселе турасында жазылған кiтаптарды жiберудi өтiндiм. Ол маған «Символизмнен бастап қазан төңкерiсiне дейiн» деген кiтапты жiбердi.
Орынборда үйiрме жұмысы ұйымдастырылмады. Мүмкiн менсiз өтуi де мүмкiн, өйткенi, мен iле Ташкентке кеттiм. Онда барған соң әлгi бағдарлама тағы да алдымнан шықты, оның бiр данасы Мәскеуден Қошмұхамед Кемеңгеровтiң атына жiберiлiптi. Бiр күнi мен, Кемеңгеров пен Байтасов және маған белгiсiз тағы екi студентпен бiрге Кемеңгеровтiң үйiнде отырып, тағы да сол бағдарды талқыладық, «Алқа» үйiрмесiн ұйымдастыра аламыз ба, оған кiм қатысуға келiседi, кiмдер қарсы болады – соны талқыладық.
Негiзiнен алғанда қатысқандардың бәрi де үйiрменi ұйымдастыруды қолдады, ал жекелеген тармақтарымен келiспеген нәрселерiн Мәскеудегi Жұмабаевқа жазып жiберуге уағдаластық. Олардың барлығыда: үйiрме мүшелерi бағдарламада көрсетiлген талаптардың негiзiнде көркем шығарма жазуы тиiс, қазақ әдебиетi жас әрi жұтаң болғандықтан да, әдеби мәселелердi талқылау үшiн құрылтай шақыру керек дегенге келiстi.
Қорыта айтқанда, үйiрменiң негiзгi мiндетi – қазақ әдебиетiн дамытуға үлес қосу болатын.
Құрылтайды шақыру жөнiндегi барлық жауапкершiлiктi мәскеулiк студенттер өз мойындарына алсын дестi жиналғандар. Кейiн менiң өзiм Жұмабаевқа хат жазып, құрылтайдың қай жерде өткенi оңтайлы деп сұрадым. Мәскеуде ме, Орынборда ма, Ташкентте ме? Олардың көпшiлiгi Ташкент қаласында жиналуға тiлек бiлдiрдi. «Алқа» үйiрмесi сол күйi ұйымдастырылмай қалды, себебi айтылған мәжiлiстен кейiн бiз бiрде-бiр рет бас қосқамыз жоқ, Жұмабаевтің бағдары өзiне қайтарылып берiлдi. Ол бағдарға мен қол қойдым ба, жоқ па, есiмде қалмапты, сондай-ақ өзгелердiң де қол қойған-қоймағанын бiлмеймiн.
Осы бағдардың негiзiнде жазылған шығарма жарық көрдi ме, оны да айта алмаймын. Жеке басым ол бағдарды негiзге алып ешқандайда туынды жазғамын жоқ. Кемеңгеров пен Байтасов бағдардың көшiрмелерiн өздерiнде қалдырды ма оны да бiлмеймiн. Ал менiң өзiмде оның ешқандай көшiрмесi қалған емес. Кейiннен мен бұл бағдар туралы Жұмабаевпен, Әуезовпен пiкiр алысып, хат жаздым».
Өмiрiнде де, өнерiнде де шындықты ту қып ұстап өткен Жүсiпбек Аймауытовтың бұл жауабында ешқандай жала да, жалтаң сөз де жоқ. Олар «Алқа» үйiрмесiнiң бағыт-бағдарын ашық мәлiмдеп, ондай ниеттiң болғанын бiр ауыздан тайсақтамай мойындайды. Өздерiне: пәлендей кесiрiн тигiзедi, айып ретiнде тағылады, үйiрменi астыртын ұйым ретiнде бағалайды – деп қауiптенбегендерi байқалады.
Алайда, қандай да қолға iлiнетiн суыртпақты iздеген кеңестiң кекшiл тергеушiлерi мұны мүлдем басқаша баяндап, контрреволюциялық ұлтшыл әрекеттiң қатарына жатқызды. Мұны олардың барлығыда кеш, өте кеш, айыптау қорытындысымен танысқанда бiр-ақ бiлдi. «Алқа» әдеби үйiрмесiн алдыға тарта отырып тергеушi Поповтың Мұхтар Әуезовке қойған сұрақтарына алған жауабы мынадай:
«Ал «Алқа» үйiрмесiне байланысты айтарым мынау: 1925 жылдың басында «Табалдырық» әдеби тобының декларациясы қосып салынған Жұмабаевтің хаты маған почта арқылы келдi. Ол партияда бар және партияда жоқ 6-7 адамнан тұратын топ жария түрде «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрғандығын, бұл туралы менiң пiкiр бiлдiруiмдi, егерде бұл үйiрменi қостайтын болсам, онда соның құрамына кiруiмдi өтiнiп, тiлек бiлдiрiптi. Мен ол кезде Семейде болатынмын. Мен «Табалдырықтың» декларациясын губерниялық комитеттiң үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Тоқжiгiтов жолдасқа көрсеттiм, бiрақ та ол мұны бiр айдай ұстады да, қайтарып бердi, алайда нақты ештеңенi ашып айтқан жоқ.
Бұл декларацияның мазмұнынан ұққаным: үйiрме ашық жұмыс iстеу керек екен және баспасөзге араласуы тиіс көрiнедi, өйткенi өзiнiң бағыт-бағдарынан байқалып тұрғанындай, М.Жұмабаевтiң бұрынғы көзқарастарына қарағанда мүлдем басқаша, мазмұны жағынан солшылдыққа жақын, бүгiнгi күнге бейiмделе жасалған едi. Жұмабаев бұл бағдарлама (платформа) туралы маған баспасөз бетiнде пiкiр бiлдiруiмдi өтiнiптi, бiрақ та мен олай iстемедiм және оған жауап хат жаздым, мазмұны толық есiмде жоқ, бiрақ та: әдеби мектептiң өмiр сүруi аса қажеттi, көкейкестi мәселе, «Алқаның» талап-тiлектерiн қостаймын, кейбiр дiттеген ұсақ мәселелер жазушылардың кеңесiнде талқылануы тиiс – екендiгiн ескерттiм.
Жұмабаев екеумiз бұдан кейiн де хат жазысып тұрдық, мен оған шақыру, қалайда кеңесу керек екендiгi туралы жаздым, алайда «Алқа» жөнiндегi мәселе бiрте-бiрте өшiп тынды.
Қандай да бiр астыртын ұйым туралы ештеңе естiгенiм де жоқ, бiлмеймiн де.
Күдеринмен арадағы қарым-қатынасым туралы Ташкентте берген жауабымда айтқан болатынмын».
Қат-қабат хатталған көп томдық тергеу iсiнiң iшiндегi жауаптардың арасынан «Алқа» әдеби үйiрмесi жөнiндегi барынша толық тоқталған жауаптың бiрi осы. Мұнда Мұхтар Әуезов өзiнiң көзқарасын ашық бiлдiредi. «Алқаны» ешқандай күдiксiз-ақ ақтап шығады. Сонымен қатар, Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовке қойылған тергеушiлердiң сұрақтарының астары да өзгеше. Екi сұрақ-жауаптың арасын бiр жыл төрт ай уақыт бөлiп тұр. Осы мерзiмнiң iшiнде Жүсiпбек пен Мағжанның тергеу iсi аяқталып, сотқа берiлген болатын. Олардың iзi суымай жатып ұлтшылдардың екiншi тобын әшкерелеу қолға алынды.
Тергеу iсi жаңа басталғандықтан да, бұл мәселеге Голощекиннiң және барлық жазалау мекемелерiнiң қандай астарлы мән берiп отырғандығын аңғармаса керек. Кейiнгi тергеулердегi пiкiрлерiнде оған барынша елеусiз етiп жауап берген.
Кейiнгi тергеулердегi пiкiрлерiнде М.Әуезов:
Достарыңызбен бөлісу: |