Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет33/46
Дата09.06.2016
өлшемі3 Mb.
#124153
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   46

Педтехникумда әдебиет пәнінен сабақ беріп жүрген кезінде сол пәннің мұғалімі ретінде студенттердің назарын әр түрлі қажетсіз нәрселерге аударып, түкке де пайдасы жоқ Мағжан Жұмабаев пен Абайдың өлеңдері мен поэзиясынан мысал келтіріп, үзінді оқитын. Жалпы алғанда оның оқыған дәрісінен студенттер ешқандай да пайда алды деп айта алмаймын”.

Дейді сабазың! Бұдан кейін Қалабай мырзаға кінә тағуға да болмас.



«1928 жылы көктемде педтехникумның студенттері оқу бітіргелі жатқанда белгісіз біреу Шымкент қаласының көшелеріне алашордашылардың Үндеуін желімдеп жапсырып кетті. Менің пайымдауымша және оның ықпалындағы (Аймауытовтың – Т.Ж.) студенттердің және Губерниялық соттың қызметкері Досовтың (СО ОО ГПУ тұтқынға алған) қолымен істелген іс (Белгілі кеңес қайраткері Ә.Досов емес екені анық. Соған қарағанда Досов деген Ж.Аймауытовтың бұрынғы шәкірттерінің не таныстарының бірі болуы мүмкін – Т.Ж.). Бұл үндеу шыққанға дейін Аймауытов Ербазаров Әлімбек (қазір шет елде жүрген қазақ ұлтшылы Мұстафа Шоқаевтің бауыры) және Хамитов Әлиайдар (Оның да Шоқаевпен туысқандық байланысы бар) сияқты студенттермен ерекше дос болып жүрді. Бұл студенттерді Аймауытов жиі-жиі үйіне қонаққа шақыратын. Үйіне тек молдалар мен байдың баласын ғана қонаққа шақырады. Ленинге арналған қаралы жиында оны мазаққа айналдырған (күліп қойған – Т.Ж.) студенттерді оқудан шығарған соң, оларды Жүсіпбек Аймауытов қайтадан оқуға алдырды. Егерде ішінара кейбір студенттер оған: «Неге сіз бізбен саяси тақырып жөнінде әңгімелеспейсіз», деп сұрақ қоя қалса, ол үнемі: «Біз саясатқа араласпаймыз, ол жөніндегі біздің құқығымыз шектеулі», деп жауап беретін»,– дейді.

Бұдан кейін шәкірт Бекдуллаев өзімен бірге оқитын шәкірттердің айналасынан шығып, «ұлтшылдардың» ауқымын кеңейте түседі. Өзінің ұстазы жөніндегі Қалабайдың жинаған мағлұматтарының тиянақтылығына қарап, сол оқып жүрген кезінің өзінде: «Үндеместің тыңшысы болмады ма екен?»,– деген күдік ұялайды.



«Аймауытов, әсіресе, қазақтың ұлттық театрының артистерімен тығыз байланыста болды және олардың арасында беделі зор еді, оның ішінде мемлекеттік ұлттық театрдың директоры Шанинмен, Жандарбеков Құрманбекпен (Аймауытов кезінде сабақ берген Ташкенттегі Қазақ институтының бұрынғы студенті), Байзақов Исамен және Әміремен (екеуі де ұлттық ақындар) ерекше жақын еді. Бұл артистер жақын достары ретінде Шымкент қаласына келген бетте-ақ Аймауытовтың үйінің төрін бермейтін».

Театрдың драматургсіз өлі ұғым екенінен хабарсыз дегенге сену де, мына сөзіне қарап, сенбеу де қиын. Ж.Аймауытовтың театрға ауысуы туралы Д.Әділевпен арадағы хаттары алдыңғы бөлімде жарияланған болатын, ал Иса мен Әміре, Жұмат – Жүсіпбектің бозбала кезінен бері келе жатқан достары. Оның үстіне өзі де әнші, сері адам. Ұстазы жасаған скрипка мен домбыраның үнін, ол шерткен күйді «шәкірті» естімеді дейсіз бе? Сол кезде Шымкентте бастауыш баспалдақта оқыған Бауыржан Момышұлы марқұм мұны бізге сонау кездің өзінде ерекше ілтипатпен айтқан еді.

1977 жылы қараша айында қызыл әскердің құрылғанына алпыс жыл толуына орай редакция тапсырмасымен Баукеңнің үйінің табалдырығын таңғы сағат онда аттадым. Әр сөзін айтып отырып қағазға түсіртті, соңынан Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытов туралы сұрадым. Бұл деректі өзі жақсы еркелететін қаламгер Мамытбек Қалдыбайдан естігенімді, ал өзім сегіз жылдан бері ұстазым, профессор Хайыржан Бекхожиннің тапсырмасымен алаш тарихына қатысты жартылай жабық зерттеу жүргізіп жүргенімді айттым. Сонда ұзақ ойланып отырып:

« – Мұны жазба. Маған емес өзіңе сөз келеді. Алаш көсемдерінің бәріне де айып тағуға болады. Өйткені олардың кеңес өкіметін мойындамағаны шындық. Ондай кеңдік демократиялық елде ғана кешірімді. Ал бізде пролетариат диктатурасы. Түсіндің бе, диктатура, пролетариат диктатурасы. Ал кез-келген диктатура ешқашан өзінің дұшпанын кешірмейді. Солардың ішінде диктатураның өзі де кінә таға алмайтын адамның бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Менің ұлы ұстазым. Мен ол кісінің ақтығына ант бере аламын. 1927-1928 жылдары Шыменттегі техникумда бізге қазақ әдебиетінен сабақ берді. Кәдімгі қарапайым қара шапан киген ошақтан шыққан. Ондай адамдарды қазақ: «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп атайды. Қолы бос кезде, кешке жақын шәкірттердің арасына келіп әдебиет туралы әңгіме айтатын, әнді сондай нақышына келтіріп орындайтын. «Екі жирен» әнін Торғайға атпен бара жатқанда шығардым деп айтқаны есімде. Музыкалық аспаптарда, әсіресе мандолинді өте шебер орындайтын. Домбыраны өзі жасайтын. Етікшілігі де керемет еді: «Жігітке жеті өнер де көптік етпейді. Пайдасы тиеді», деп отыратын. Қазіргі қазаққа белгілі адамдардың ішінде Әбділдә Тәжібаев, Құрманбек Сағындықов үшеуміз дәріс алдық»,– деп мағлұмат беріп еді Баукең.

Тергеу ісі бойынша Тәжібаев деген студент те куәға тартылған. Алайда оның көрсетінділерінің “ізі өшкен”, яғни, кейін жойылған. Айбақ-сайбақ жазуының табы іс қағаздан байқалып қалады:



«Сонымен қатар Аймауытов Қызылорда қаласында тұратын белгілі ұлтшылдар Байтұрсыновпен, Дулатовпен және басқа да өлкелік оқу орындарының оқытушыларымен тығыз байланыс жасап, сол қалаға барып тұратын. 1926-1927 жылдардың арасында Шымкентте тұрған кезінде ол 4 рет Қызылордаға барып келді»,– деген мағлұмат тыңшының тиянақтылығын білдіреді.

Әйтпесе, оқытушысының басқан ізін санап жүретін зеректік кез-келген шәкіртке тән емес болса керек. Мұхтар Әуезов туралы сирек те құпия деректерді жариялай бастаған кезім, яғни, 1987 жылдың күзі мен 1988 жылдың көктемінің бірі еді. Күнделігіміз сол тұста қолды болып кеткендіктен де нақты мерзімін анықтай алмадым. Әйтеуір, «қайта құрудың» екпінімен Қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік архивтің сөрелеріндегі осындай шетін құжаттардың біріне кешкі бесте жолығып, ертең қарауға ысырып қойған түні таңғы сағат жетіде Әбділда Тәжібаев телефон шалып, тура сағат сегізде күтетінін бұйыра айтты. Күдігіміздің үстінен түскенін ішіміз сезді, бірақ секемге қимадым. Салқын қарсы алып, шахмат тақтасын нұсқап, ойынға шақырды. Бірінші кезекті жеңуге мүмкіндігіміз бола тұра жеңілдік. Екіншісінде қапы қалдырды. Қарқылдап ұзақ әрі рахаттана күлді де: «Мұның барлығын неге сүйеніп, кімге сеніп жинап жүрсің?»,– деді. Кімге сенемін дерсің? Тек Қайым Мұхамедхановтың атын атап, өзінің Мұхтар Әуезовпен бірігіп жазған «Аққайың» пьесасын, «көмілген мысық» тарихын емеуірін еткенімде орнынан атып тұрып, сөздің біткенін білдіріп маған жонарқасын берді. Қапымды шахматтан емес, архивтен қалдырыпты. Кешегі құжаттар қайтып менің қолыма түспей кетті. Демек, кешкі сағат бес пен таңғы сағат алтының аралығында «абыз ақынымыз» тыныш жатпай, «өлілердің архивін» әлдекімнің қолымен ақтарған болып шықты ғой! Қара жер хабар бермесін, «Бесігіңді түзе!..» атты роман-эссеміздің жалғасы (1988) жарияланғанда тура осы мазмұндас пікірімізді білдіріп, қарсы хабар күтіп едік. Дауысы естілмеді. Содан кейін де біраз жыл өмір сүрді. Мағжанның әйелі Зейнеппен соттасқандай болып айтысып, шығармаларының алғысөзін жазды. Сонда да көңілі тыныш таба қойды ма екен. Қайдам.

Ал Жүсіпбек Аймауытовтың өзгелерден бұрын атылып кетуіне себепші болған Қалабайдың көрсетіндісі мынадай:

«1928 жылы Шымкент қаласының көшелеріне ілінген Үндеу туралы педтехникумның студенттеріне ешкімге айтпау туралы ескертілген болатын, сонда да олардың арасында бір-жар ауыз әңгіме айтылып қалып жүрді, ол үндеудің авторы кім екені маған белгісіз, алайда жазу үлгісіне қарап мұны жазған Аймауытовтың жақын араласатын адамдары Сырдария Губерниялық сотының қызметкері Досов пен студент Ерназаров Әлімбек деген тоқтам жасады».

Бұл үндеуді табуға ұмтылып, барынша зер салсақ та, тергеу ісінен оны кездестіре алмадық. Ал техникум студенттерінің астыртын ұйымы туралы мағлұмат қазір де тым мардымсыз.

Мұндай үндеуді Жүсіпбек Аймауытовтың жазуы мүмкін бе? Голощекин қара бишігін сусылдатып «ұлтшылдардың» басына үйіріп тұрған кезде Жүсіпбектің ондай арандатуға бара қоюы екіталай.

Бауыржан Момышұлы: «Ол түсініспестік жағдайдағы жаламен ұсталды. Бұл пікірімді Қонаевқа да айтқанмын. Жазуы өте әдемі болатын. Мына Ғабит Мүсірепов жазушылықта соның жолын ұстанады. Ақтауға ұмтылып жүрген де сол. «Созақтағы көтеріліске шақырып үндеу жазыпты. Хатты мен өз көзіммен оқыдым. Сондықтан ақталуы қиын», депті Димекең. Ғабит те алып көріп: «Ұқсайды. Бірақ ол емес. Мен де сол кісінің жазу үлгісімен жазамын. Сонда да айырмасы бар. Мына жазу үлгісі оныкі емес. Соған еліктеген шәкірттерінің бірінікі болуы мүмкін»,– депті. Ал оған кімді сендіресің? Түбінде қайрылып бір оралатын кез туады. Сондықтан да сенің олардың мұраларын жинақтап, дерек теріп жүргенің дұрыс та шығар. Жүсіпбек мұғалім туралы айтарым осы, қарағым. Ал Мағжанды мен көрдім…»,– деп әңгімесін одан әрі жалғастырып еді.

Ол естелік Мағжан туралы бөлімде баяндалатындықтан да кейінге қалдыра тұрамыз.

Енді Ж.Аймауытовқа: – «Контрреволюциялық үгіт-насихатты таратып, идеологиялық саботаж жасайтын «Алқа» астыртын ұйымына қатысқандығы әшкереленді»,– деген үшінші айып тағылды.

Соған орай «Алқа» әдеби бағдарламасы мен Ташкенттегі астыртын контрреволюциялық ұйымға қатысты қайыра жауап алды. «Алқа» әдеби үйірмесі туралы арнайы бөлімде дербес талдау жасалатындықтан да Д.Досжанның жарияланымындағы төмендегі хаттамадан үзінді келтірумен ойымызды тиянақтаймыз:

«Сұрақ: астыртын ұйымға мүше болғаныңызды растайсыз ба?

Жауап: Ешқандай астыртын ұйымға мүше болған емеспін.

Сұрақ: «Ақ жол» газетінде ұлтшылдық сарындағы мақалаларыңыз басылды ма?

Жауап: қандай сарында жазылғанын айта алмаймын, әйтеуір әдебиет туралы және сол кездегі казақ кедейінің халі туралы мақалаларым басылды.

Сұрақ: Жұмабаев туралы не білесіз?

Жауап: Ол қазақтың көрнекті ақыны, оның өлеңдерін сынаушылар да көп, мен оны таза ақындық пафостың иесі деп білемін.

Сұрақ: Жұмабаевтің ұйымына ендіңіз бе?

Жауап: «Жұмабаевтің ұйымы» деген ұйым болған емес, ондай ұйымды естіген жоқпын.

Сұрақ: Дулатов жайлы не айтасыз?

Жауап: Дулатовтың «Оян, қазақ» деген жинағын оқығаным бар, ол «Ақ жолды» шығарып тұрды, саяси істері жағынан ешқандай баға бере алмаймын, ал, әдебиетшілігі көпке пайда беретін дәрежеде дегім келеді.

Сұрақ: Астыртын ұйымның жоспары болды ма?

Жауап: Ешқандай астыртын ұйымның болмағанын біле тұрып, оның жасалмаған жоспары туралы не айтуға болады».

Иә, бұл жауаптарға не айтуға және оны қалай талдауға болады? Жүсіпбек Аймауытовтың ауызынан тергеушінің сұрағына орай қайталанып айтылған сөздер мен мойындаудан бас тартқан оқиғалардың барлығы оған қылмыс ретінде таңылып:



1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн 1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте астыртын контрреволюциялық ұйым құрған.

2. Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына қатысқан, әскери жасақ құруға ұмтылған, сөйтіп, қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болған.

3. Аштарға көмек комиссиясын кеңес өкіметін құлату туралы үгіт жүргізуге пайдаланған.

4. Байларды тәркілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттаған.

5. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда, қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған.

6. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған – деген айып тағылды.

1929 жылы 29 -шілде күні сегіз адамның алдын-ала жүргізілген тергеуі аяқталып, Мәскеуге айдауылмен жөнелтілді. Ол туралы ОГПУ-дің әскери күзет бөлімінің:



«17/VІІ – 29 ж. № 1675 Бутырка түрмесінің бастығына. Төмендегі 8 тұтқын айдауылмен жіберіліп отыр. 1. Ташекенов Қаби Кентаевич 2. Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынович 3. Дулатов Міржақып Дулатович 4. Аймауытов Жүсіпбек Аймауытович 5. Исполов Мырзағазы Исполович 6. Бірімжанов Ғазымбек Қорғанбекович 7. Болғанбаев Хайретдин Әбдірахманович 8. Ғаббасов Халел Ахметжанович. Бұлар айдауылмен апарылсын және бір-бірінен оңаша ұсталсын. ОГПУ-дің әскери бөлімі»,– деген ілеспе хаты сақталған.

Бұдан кейінгі “Әділевті және басқа да 41 адамды айыптау жөніндегі қылмысты істің” тергеу хаттамалары Мәскеу қаласында жүргізілді.

Ол бұл сапардан аман қайтпайтынын білді. Олардың Барсакелмеске кетіп бара жатқанынан үй-іші хабардар болған. Оған Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың:

Тұтқындарды Москваға алып кетеді екен»,– деген хабарды естідік. Ертемен, күн шығар-шықпаста қасымда үш бірдей қатар құрбыларым бар, олар – Жүсіпбектің баласы – Бектұр, Абай туыстары Өміртайдың қызы – Әзен, Юсупов Ахметсафаның қызы – Фарида болатын. Екі өкпемізді қолымызға алып вокзалға жеттік. Жүк таситын вагондардың қатарындағы шеткі бір вагонның темір торлы терезесінен әкем мен Жүсіпбек қарап тұр екен. Күзетшілер вагонға жолатпай: “Қайт, атамын!”,– деп жекіп, жасқай берді. Бектұр қорқып, кідіріп қалды. Жүсіпбек аға анадайдан айқай салды: “Бектұр! Жақында, қорықпа!..»,деп. Айтатын бір сөзі болуы керек. Күзетшілер баланы әкесіне жолатпады, жылап-еңіреп жүріп поезды көзбен шығарып салдық. Бұл 1929 жылғы 24 маусым күні болатын”,– деп (Р.Сағымбекұлы. Жүсіпбек. А. 1997. 209-бет) еске алады.

Ал сол кезде есін енді-енді біліп келе жатқан, алайда шешесі Евгенияның қасында әкесі туралы естіп өскен Муза (Мәруә) Жүсіпбекқызы Сахно:

«Әкемді 1929 жылдың күзінде айдап әкетті. Әкем де, шешем де: «Енді көрісуіміз неғайбыл»,деп жылапты. Әкем мені қолына алып, иіскейін деген екен, оған күзетшілер жібермепті. Бектұр мен Жайық қандарын ішіне тартып, көздерінен от шашып, жұдырықтарын түйіп тұрып қалыпты. Мұның бәрін мамам айтып отыратын. Шешем әр жерге арыз айтып, қуынған екен, ештеме шықпады. 1931 жылдың аяғында Надежда Константиновна Крупскаядан хат келіпті. Онда ол кісі: «Сіз енді босқа әуре бола бермеңіз, жұбайыңыз жер бетінде жоқ. Мен оны әбден тексеріп білдім»,– деп хабарлапты»,– деп (З.Ақышев.Қайран Жүкең..., «Шалқар» 1990, қазан) еске алады.

Ұлттың рухани өмiрiн тiзерлетiп кеткен бұл зауалдың бетiн қайыру мүмкiн емес-тiн. Оған Қужақтың – Голощекиннiң өзi де араша түсе салмайтын. Дегенмен де, адамның үмiтi үзiлген бе? Он төрт томнан асатын тергеу хаттамаларының iшiнен жоғарыдағы Муза (Мәруә) Жүсіпбекқызының сөзін растайтын, жұбайына араша түсiп, оны ақтап алуға тырысқан жалғыз-ақ әйелдiң хаты шықты. Ол Жүсiпбек Аймауытовтың қосағы Евгения Аймауытова едi. Шоқынған қазақ үйiнiң сауатты қызы өзiнiң арыз-арманын Голощекинге жолдап, одан қайырымдылық пен адамгершiлiк танытуды өтiнiптi. Арманда кеткен асыл жарының сол тiлегiмен оқырманды таныстыра кетудi парыз санадық. Хаттың мазмұны мынандай:



«2 / VII – 29.

Голощекин жолдасқа!

Маған көмек көрсететiн бiрден-бiр адам ретiнде Сiзге хат жазып отырмын. Менiң тауқыметтi iсiме сiз ғана көмектесе алады деп көп адамнан естiдiм.

Мәселе мынада. Биылғы жылдың 14-мамыры күнi ОГПУ-дiң агенттерi менiң күйеуiм Жүсiпбек Аймауытовты тұтқындап әкеттi, оған тағылған айыптың бабына қарағанда оның қылмысының саяси астары бар екен (Менiң күйеуiмдi ұстаған ОГПУ-дiң Шығыс бөлiмiнiң өкiлi, тергеушi Саенко солай деп айтты). Мұның әлде қалай бiр жаңылысу екенiн мен өте жақсы бiлемiн. Өйткенi, менiң күйеуiм саясатпен ешқашанда айналысып көрген емес. Ол тек қана әдеби жұмыспен ғана шұғылданды, оқу-ағарту саласына арнап оқулықтар мен таза көркем шығармалар жазып, кiтап шығарды. Ол қазақтың жаңа қарпiне байланысты Орталық Комитетте жұмыс iстедi, латын қарпiн етене кiргiзуге белсене араласты, газет беттерi арқылы еуропалықтарға қазақ тiлiнен дәрiс жүргiздi. Бұдан басқа ол қазақ ағарту институтында сабақ бердi, демек, оның саясатпен айналысуға ешқандай да уақыты болған жоқ.

Мен сiзден осы iске араласып, тергеудi тездетуге және егер мүмкiн болса тергеу бiткенше кепiлдiк арқылы босатуға рұқсат етуге көмектесуiңiздi қатты өтiнемiн, өйткенi ол ешқайда ешқашанда жасырынып әлек болмайды, себебi ол өзiнiң кiнәсiз екенiн бiледi, өзгесiн былай қойғанда, жазықсыз адамның кәдiмгi қылмыскер сияқты түрмеде отыруының өзi күйiнiштi ғой. Егерде оның денсаулығы маған сенiмсiздiк тудырмағанда, онда мен соттың әдiлдiгiне сенiп, үндемей отыра беруiме шыдамым жетер едi. Алайда ол биыл қыста ғана ауырған сүзектiң зардабынан қос өкпесi қабынып кетiп едi, сол үшiн оны өкпе ауруының емханасына есепке алған болатын. Менiң өзiмнiң де өкпем ауырады, сондықтанда сағат сайын оның өмiрiн қысқартып бара жатқанын жақсы бiлемiн, ол өзiнiң жастығымен, бiлiмiмен және қабiлетiменен қазақ пролетариатына өте зор пайда келтiрген болар едi ғой.

Менiң жан айқайыма құлақ түрiп, бiр жағынан – Қазақстандағы ең ықпалды адам ретiнде, екiншi жағынан – өзге адамның қайғысын түсiне бiлетiн адам ретiнде осы iске араласып, менiң күйеуiмдi босатуға көмектесуiңiздi тағы да өтiнiп сұраймын әрi қатты үмiттенемiн. Менiң өзiм сiзге жолығып бар мұңымды ашып айтсам ба деп едiм, ойыңдағыңның барлығын қағазға толық түсiре алмайсың ғой, бiрақ та оған денсаулығым мүмкiндiк бермедi, менiң өкпем ауырады әрi менiң қолымда үш бала бар.

Оның өзiне де, бүкiл үй-iшiне де не үшiн екенi белгiсiз, осыншама қасiрет әкелген осынау үлкен қателiктiң бетiн қайтаруды сiзден тағы да қиыла өтiнемiн.

Сiздiң кiшiпейiлдi қайырымдылығыңызға деген сенiмiмде қаламын.

Евгения Аймауытова. 15 / VI – 29 жыл.

Шымкент, Пушкин көшесi, 5 үй. Аймауытова».
Қарапайым адамның, оның iшiнде ерiн аялаған әйелдiң үмiтi мен сенiмінен асқан қымбат ештеңе жоқ. Евгения Аймауытованың да сезiмi сондай қасиеттi махаббаттан туып едi. Түрменiң тар терезесiнен бiр нәзiк сәуле боп түсiп, Жүсiпбектiң жүрегiне жарық құйғысы келдi. Бұл ұясына таңдайының астына тамшы тұндырып, су тасыған ана қарлығаштың мейірiмiмен пара-пар едi. Бiрақ, оған «көмек көрсете алатын бірден-бiр», «Қазақстандағы ең ықпалды адам» – «өзге адамның қайғысын түсiне бiлмейтiн», түсiнгiсi де келмейтiн. Ол – «кiшiпейiл де емес, қайрымды да» емес, Жүсiпбекке ғана емес, бүкiл қазақ ұлтына «қасiрет әкелген үлкен қателiктi» тудырып отырған, «кiшi октябрь үшiн» бүкiл елдi жаппай құрбандыққа шалып отырған нағыз қатыгез, қара жүректiнiң өзi сол Голощекин еді. Мұны Евгения Кирилловна бiлетiн. Бiрақ өзге амалы да қалмап едi.

Екiншiден, бiрден Голощекинге арнап хат жазуының себебi, Жүсiпбекке тағылған айыптың бiрi – Голощекинге қастандық жасауды жоспарлады деген жала. Мұңлы махаббат иесi тiкелей Голощекиннiң өзiне хабарласу арқылы оның жүрегiндегi қатқан берiштi ерiтуге тырысқан. Өлкелiк басшының кешiрiмiн алуға ұмтылған. Өкiнiшке орай, «ұлы құрбандыққа» деген тәбетi ендi ашылып келе жатқан Қужақ бұл хатты тергеушiлерге жолдап, қосымша айғақ ретiнде iске тiркеттiрдi. Сөйтiп:



«ОГПУ коллегиясының 1930 жылғы 4 көкек күнгi кеңесiнiң шешiмi бойынша №78754 іс бойынша айыпталған Байтұрсынов пен Мiржақып Дулатовты қылмысты iстер кодексiнiң 58/2, 58/4, 58/11, 58/10 – баптары бойынша, Есполов Мырзағазыны 58/2, 58/10 баптары бойынша, Ғаббасав Халелдi 58/2 бабы бойынша, Әдiлев Дiнмұхамед пен Аймауытов Жүсiпбектi 58/2, 58/8, 58/11 және 58/10 баптары...» бойынша айып тағып, ату жазасына бұйырды.

Оның артында сабақтасы Омар Иманбаев досына түрмеден жолдаған:



«Шықпаса жаның денеңнен,

Не салса тағдыр көрем мен.

Бір өзім үшін өлмеймін,

Бір ғана соған сенем мен.

Кеудеде әзір жүрек бар,

Тілек бар, соған сенем мен.

Артымда қыруар елім бар,

Өлсе де денем – мен өлмен!»,–

деген өсиет сөзі ғана қалды.

Иә, өзі өлсе де Жүсіпбектің сөзі өлген жоқ. Сөзімен қоса мұқым қазақтың жандүниесін егілтетін «Екі жирен» әні қалды.

Оның, Жүсіпбектің аса шебер музыкант болғанын, алты-жеті әні бар екенін Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының естелігі де, Бектұр Жүсіпбекұлы Аймауытовтың бізге берген мағлұматы да, Семейдегі көз көргендердің куәлігі де растайды. Оған 1914 жылы Абайды еске алу кешінде Жүсіпбектің «Біржан мен Сараның» айтысындағы Біржан бейнесінде сахнада өнер көрсетуі соған дәлел. Сондай-ақ Жүсіпбек Елебеков марқұм да «Екі жиренді» айтқанда, оның екінші нұсқасын үйренген ауыл әншісі Толыбайдың тағдырын сөз еткенде Жүсіпбектің ән шығару қабілетін еске ала отыратын. Соның ішінде дәлелі анығы «Екі жиреннің»:

Көшкенде жылқы айдаймын, ахау, даламенен,

Сағынып, сарғаямын-ау, санаменен,–

деп басталатын нұсқасы.

Бұл әнді Жүсіпбек Аймауытов Торғайға мал айдап бара жатып, Терісаққан өзенінің бойында табынды жусатып жатқанда жолыққан бір келіншекке арнап шығарғаны туралы естелікті бізге Баукең – Бауыржан Момышұлы ғана емес, жетпісінші жылдардың аяғында Қалибек Қуанышбаев туралы кітап жазу барысында әңгімелескен Серке Қожамқұлов марқұм да айтып еді. Бұл деректі жұмбақ жымиысымен Ғабит Мүсірепов дегдар да мақұлдаған болатын. Бұдан өзге де оншақты әні, соның ішінде осы тергеу ісінде аты кездесетін әйел заты – Шәкітайға (Шын аты – Шәмши-Хамар), арналған «Шәмши-Хамар» (арабша Күн мен Ай, яғни, Күнсұлу деген сөз) әні де халық әнінің қатарында жүр. «Шамши-Хамар» әнінің шығу тарихына байланысты кезінде газетке фельетон да жарияланған. Біз оны әдейі назарға алмадық. Ол басылым туралы Муза – Мәруә Жүсіпбекқызы да мағлұмдар екен, оған шешесі Евгения айтып беріпті.

Әрине, бұл серіліктің хикаясы дербес әңгіме. Дегенмен де енді қайтып жарық дүниені көрмейтін сапарға аттанған өнер иесінің тіршіліктегі серілік қасиеттерін еске сала кеткіміз келді.

3.

Тергеу ісінің ҮІІ томның 372-бетінен бастап Ж.Аймауытовтың өзі жазған немесе өзіне келген хаттар, сондай-ақ осы томда Жүсіпбек Аймауытовтың әдебиет туралы жазбалары және екі суреті тіркеліпті. Сурет тура және қырынан түсірілген. Шашы қысқа. Көзі қысылыңқырап тұр. Мұртты. Кеудесіндегі ақ шүберекке «№ 2870» деген сан жазылған. Іспен алғаш рет танысқанымызда бұл сурет бар еді. Екі жылдан кейін қайта қолымызға алғанымызда, сурет жоқ болып шықты. Оған не амал бар. Қолма-қол түсіріп алатындай мүмкіндік қазіргіге қарағанда шектеулі болатын. Тығыз да кесімді уақыт, қысталаң кеңсе әдеби жазбалардың барлығын көшіріп алуға еркіндік бермеді.



Соның бірі – тінту кезінде алынған Жүсіпбек Аймауытов пен Молдағали Жолдыбаевтың Мағжанға жазған хаты. Зады бұл хат «Алқа» әдеби үйірмесін құру мақсатында ниеттеніп жүрген ақынның пікір білдіру туралы өтінішіне жауап болуы да мүмкін. Өйткені мұндағы пікірлерден «Табалдырық» атты бағдарламадағы ой ұшықтары аңғарылады. Анығы, «Мағжанның ақындығы» атты мақаласына дайындық тұсында жазылған. Әдебиет туралы пікір қозғау олардың ойында бұрыннан болса керек. Бұл хаттағы жазу үлгісі Жүсіпбектікі емес, зады, Жүсіпбек айтып тұрған да Молдағали жазған болуы керек. Әлде, не бұрын, не кейін біреу көшірді ме екен? Және қадым қарпінің жазу үлгісін пайдаланған. Соған қарағанда, Молдағалидың мәнері. Ал Молдағали – белгілі ағартушы, әдебиетші Молдағали Жолдыбаев па, жоқ па, оны ашып айта алмаймыз. Одан өзге лайықты адамды тағы да болжай алмадық.

«Орынбор. 1924-жыл. Майдың - 16.

Ардақты Мағжан!

Сенің Мағжан, ақындығыңа тосыннан хат жазып, иманыңа, идтихатыңа қол сұққалы отырмыз.

Ақылды – не ақылы қысқан аға айтады, не жан ашыр дос-жаран айтады. Жүздес, сырлас болмасақ та туыстаспыз. Соған орай қолға қалам ұстап, дос-жарандық білдіргелі, ақындығыңа біз бір ақылсымақ айтқалы келеміз.

Сен ақынсың. Күніміз де, көз алдымызда ұстайтын қазақ әдебиетінің “көгіне өрмелеп шығып күн болатын” үміткер ақын да сенсің. “Жаралы жанды”, “Қорқытты”, “Баянды” берген ақыннан одан да зор күтеміз. Қазақ әдебиетінде артынан мүрида етуге, өзіндік дәуір жасауға сенің қаламыңнан басқасының дәмесі жоқ. Ақындығыңа мін тағуға болмайды. Сенен “әттең ғана” деп табарлық бір кемшілік: сен торығасың, зорығасың, зарланасың. Асау алып жүрегің “сұм өмір” деп жұбаныш таппайды. Келешектен жарық сәуле, жақсы үміт күтпейсің, “бүгіннен” жиренесің, безесің, түңілесің, өткенді жоқтап алданыш етесің. Өмірден түңілген, өмірге қол сермеген сары уайым, сары қайғыға түсіп барасың. Мұндай сары уайымшылық (пессимизм) ақынның бойын өсіре ме? Өріс ұзарта ма? Үмітсіз, тілексіз өмірде не мағына бар?


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   46




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет