Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет32/63
Дата10.06.2016
өлшемі3.34 Mb.
#126255
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   63

Бұл кезде Кенесары не істеді? Ол Хивадан қару-жарақ алды. Қару-жарақ, әрине, ағылшындікі. Ол Хиваға сыйлық ретінде орыс тұтқындарын жіберіп отырды. Хиваның базарларында оларды құлдыққа, қазақ қыздарын күңдікке сатты, еңбекші қазақ халқына тартып алған малдарды сатты. Бұл фактілер Кенесарының Хива ханы жөнінде және оны жақтаушы ағылшындар жөнінде көзқарасының қандай екендігін жеткілікті мөлшерде айқын көрсетеді.

Ортаазиялық хандар арқылы буржуазиялық саясатын жүзеге асырмақшы болған ағылшын отаршыларына қазақ халқының көзқарасы мүлдем басқаша болды. Бұл жөнінде мынандай мысалдарға ғана сүйену де жеткілікті. 1840 жылы ағылшын резиденті Аббот қарулы отрядымен Адай уезінде пайда болған кезде, оның қолындағы Хива ханынан алған бұйрықта хан: адайлық қазақтар оның өз өкілі – Абботқа бағынсын,–деп көрсеткен кезде, адайлық қазақтар Абботқа шабуыл жасап, оның отрядын талқандап жіберген. Бұл факті еңбекші қазақ бұқарасының Қазақстанды Россияға қосу мәселесіне, ағылшындардың Қазақстанды басып алу әрекеттеріне қалай қарағандығын ыспаттамай ма? Адал ниетпен зерттеген кісілер мұндай фактілердің талайын таба алады.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстандағы экономикалық және саяси жағдайды талдағанда ағылшындардың және олардың агенттері – ортаазиялық хандардың нағыз реакциялық және басқыншылық өрескел жоспарлары қандай екендігі, ағылшын капитализмінің саясаты Орта Азия мен Қазақстанның халықтарына не әкелетіндігі айқын көрінеді. Бұл талдау сол уақыттың өзінде-ақ Россия мен Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени байланыстары қаншалықты күшті және баянды екендігін, Қазақстанды Россияға қосудың тарихи маңызы қаншалықты терең прогресшіл екендігін көрсетеді. Әрине, мынадай факті тегін емес. 1846 жылы, Кенесары тонаушылық, зорлық істерін жүргізе беру үшін ұлы жүзге көшіп барып, қырғыз халқына шабуыл даярлаған кездің өзінде, ұлы жүздің қазақтары Россияның қол астында болуды ықтиярымен қабылдаған болатын.

Сөйлеушілердің кейбіреулері көптеген нақты материалдарға сүйене отырып, Бекмахановтың тарихты бұрмалағанын, біржақты қортынды шығару үшін фактілер мен тарихи доументтерді әдейі келтіргенін көрсетті. Профессор Покровский өзінің сөзінде мынадай орынды мысал келтірді: Е.Бекмаханов өз кітабының 179-бетінде Кенесарының Орынбор губернаторына жазған хатын келтірген. Осы үлкен хаттан ол мындай жалғыз сөйлемді алған: «Қазіргі бастықтар, ұлықтың күш-қуатын таратуды ойлап, жерді өлшеуде, бекіністер салуда, сөйтіп, халықтың мазасын кетіруде». «Халықтың мазасын кетіруде» – деген сөзді сылтауратып Бекмаханов Кенесары бейне бір халықтың қамын жеді,– деп дәлелдейді. Ол әлгі хаттың басқа сөздерін қалдырып қойған. Бұл тегін емес, өйткені, документте онан әрі қарай мүлде басқаша сөздер айтылады. «Бастықтарға қарсы келе алмаймын, қарсы тұрғым келмейді,– деп жазады онан әрі Кенесары, – және қазірдің өзінде бекіністер салынған жерлерді сұрамаймын. Егер сіз ұлықтан – императордан біздің атамыздан қалған мұра бойынша маған тиісті Торғай, Ұлытау, Сарытау сияқты жерлерді, Есіл-Нұраның ар жағын сұрап алған болсаңыз, онда ұлық-император туралы дұға оқуға көндірген болар едіңіз. Бұл жөнінде жоғары бастықтардан қаншалықты сұрасам да, бірақ олар ешуақытта тыңдаған жоқ. Сіз осы уақытқа дейін маған қайрымды жақсы ниетте болып келгендіктен, ендігі жерде маған осы қайрымдылықты өзіңіз ара түсу арқылы әперерсіз деп сенемін». Сонымен, хаттың келтірілген тексті Бекмаханов үзіп алған сөйлемді, дәлел ретінде келтірген Кенесарының «халық сүйгіштігін» жоққа шығарып отыр. Архив материалдарын біржақты пайдаланудың осындай фактілері жалғыз-жарым емес».

Күнделікті баспасөздердегі даурықпаны былай қойғанда ой қорытып жазуға мүмкіндігі бар журналдық мақалалардың өзінде жоғарыдағы мазмұндағы сөздер қайталанып, астарланып, жұмырланып, саяси-идеологиялық жақтан салмақтанып үзбей жарияланып жатты.

5.

Жоғарыда аты аталған, Кенесары мен кенесарышыларға қарсы майданның бас жауынгері және ол пікірінен көзі жұмылғанша қайтпаған, «Правданың» Қазақстандағы меншікті тілшісі А.Черниченкоға идея беріп және соны бір жыл бойы қадағалап, табыспен жүзеге асырған Т.Шойынбаевтың «Кенесары Қасымов қозғалысының феодалдық-монархиялық сипаты туралы» мақаласы («Социалистік Қазақстан», 1951 жыл, 27 маусым) жарияланып, онда қазақы қылмыстарды былай қойып, Кенесарыны ағылшынның шпионы, Е.Бекмахановты солардың жансызы етіп шығарды. Дәлірек айтсақ, онда:



«Дәл осы кезде Англияның дүниеге үстем болуға ұмтылуы шектен тыс еді, оның бұл басқыншылығы бірқатар Шығыс елдерін құлдап алғанынан, Орта Азияға, Қазақстанға, Шығыстың басқа аудандарына көп барлаушылар мен экспедициялар жібергенінен айқын көрінеді. Кабулда, Ғиратта, Кандағарда ағылшын шпиондарының орталығы құрылды. Сол кездегі архивтегі материал: «ағылшындардың қырғыздарға (қазақтарға) да баса көктеп келе жатқанын» баяндайды.

Кенесары қозғалысының ақыры жақындаған кездің өзінде, қырғыз халқына қарсы агрессиялық соғыс әзірлеп, өз жағына үш жүздің сұлтандарын тартуға тырысып, орыс халқы мен қазақ халқын біріне-бірін қарсы қоюдағы өзінің сүйген әдісіне қайта оралды. Сонда ол сұлтандар мен билерге үндеуінде былай деп жазады: «Сіздердің хұзырларыңызға мәлім болсын, Алланың әмірімен, кәпірдің қысымымен кіші жүз бен орта жүзден көшіп, ұлы жүздің Шу, Іле төңірегіндегі жерлеріне келдік. Біз ата-бабамыздың замандарынан бері сіздердің ру басыларыңыз болып келдік. Сіздер қашанда біздің айтқанымыздан шықпай келдіңіздер, сол үшін сұлтандар да сіздерді өзіне қосылуға шақырып, «кәпірлерге» (орыстарға) қарсы күресуге шақырды».

Міне, осындай орыс, қазақ, қырғыз халықтарының қас дұшпаны Кенесары қозғалысы шектен тыс мадақталып, жалған тарихшы Бекмаханов бұл бүліншілік әрекетті «қалың бұқараны саяси тәрбиелеудің тамаша мектебі» деп жариялады.

Орыс патшасы қазақ бұқарасының үнін өшіріп, қанап бақты, бірақ осылай бола тұрса да, Кенесары, егерде патшалық үкімет оның барлық хандық артықшылық халдерін сақтауға кепіл болса, онда қазақ халқын талау үшін Кенесарының патшалық үкіметтің де итаршысы болуға даяр екендігі белгілі еді»,–деп атап көрсетті.

Бұдан соң сол тұстағы жазушы-драматург әрі тарихшы Мұсатай Ақынжанов та шет қалмады. Шет қала алмайтын да. Сондықтан да ол «Әдебиет және искусство» журналының 1951 жылғы №6 санында «Қазақстан тарихындағы буржуазияшыл ұлтшылдыққа қарсы» мақаласын жариялады. Мұнда тек қазақы тарихи тәпсірленді:



«Соғыс кезінде совет тарихшыларының едәуірі Отан қорғау жұмысына атсалысып жүрген кезде, Е.Бекмаханов әлдеқашан тарихтан алынып тасталынған содырлы Кенесары Қасымовты «тірілтіп», жат пікірді қайта соныламақ болды. Бірақ оның бұл әрекетін Қазақстан жұртшылығы өте суық қабылдады. Орталық партия комитетінің органы «Правда» Бекмахановтың ұстаған жолының қате екенін, бағытының буржуазияшыл-ұлтшылдық екенін әшкереледі.

... Жұртшылыққа белгілі Қазақстанда XIX ғасырдың алғашқы жарымындағы үстем тап – «ақсүйектер» мен бай-феодалдар болған. Олардың өздерінше «ақ сүйектік және дворяндық ұлт мәселесі» болды. Қазақ «ақсүйектері» Қазақстан Россияға қосылғаннан кейін хандар тұсындағы артықшылығы мен құдіреттілігінен айырылды. Сондықтан олар Қазақстанды орыс мемлекетінен бөліп алуды тіледі. Мұнысымен олар қазақ елінің басына хандарды – «ақсүйектерді» қойғысы келді. Сөйтіп қазақ халқының тағдырын хандарға тапсыруға тырысты. Міне, осыны Сталин жолдас феодалдық-монархиялық «ұлтшылдық» деп атайды.

... Хандық үкіметтің жойылуы қазақ халқы үшін, сөз жоқ, жеңілдік болды. Өйткені Маркстың айтуынша 700-800 жылға созылған Шыңғыс хан тұқымдарының «жексұрын қансоқталығына» аз да болса тиым салынатын еді. Әрине, оны орыс патшасы қазақ еңбекшілеріне жаны ашығандықтан емес, өз құлқы үшін, хансыз қазақ елін чиновниктер арқылы жеке билеп, жеке қанау үшін істеді. Солай бола тұрса да, бұл бір адым ілгері басқандық еді. Өйткені екі қанаушының бірі, әсіресе, 800 жылға созылған «жексұрын қансоқталық» кемитін еді. Екіншіден, ортағасырлық хандық құрылыс казақ ішіне капитализмнің кіруін бөгеп, экономикада натуралдық қалыпты сақтап отыратын еді. Сондықтан хандық институтының жоғалуы қазақ халқы үшін дұрыс қадам болды.

Қазақ халқының Кенесары соңына ермей, Россиямен бірге болуды тілеуінің тарихи зор мәні бар еді: 1) Кенесарыға еріп кеткенде, қазақ еңбекшілері орта ғасырдың шырмауында, қол-аяғын жаза алмай отырған, қаусаған шірік хандықтардың біреуіне тәуелді болып, ақыры ағылшын жыртқыштарының құлдығына түсетін еді. 2) Қазақ елінің быт-шыт болып тозу қаупі болды. Өйткені, Кіші жүз қай жағынан болса да Россиямен біріккен. Ол, сөз жоқ, одан айырылмайтын еді. Олай болса, тұтас қазақ елі бірнеше хандықтарға бөлініп, Қытайдың, Орта Азия хандықтарының, Россияның қол астына бытырап кетіп, халықтығынан айрылатын еді. 3) Шаруашылық тұрмыс құру жөнінен шығыс хандықтары қазақ халқының отырықшылануына, егіншілік кәсібіне айналысуына жол бермейтін еді. Өйткені, оның өзі ескі ортағасырлық тұрмыста болды. Ал бұл кезде қазақ елінің ұлы жүзден басқасында Россияға қосылу арқылы егін, отырықшылық, сауда қатынасы күшейді. 4) Россия тек патшалық Россия емес еді, халықтық-бұқаралық Россия да бар болатын. Орыстық халықтық-бұқаралық мәдениеті де өсті. Бұқаралық Россия өзімен отырған елдердің болашақ Абай, Ыбырай, Шоқандарын туғызуға әсер етіп отырды.

... Кенесары генерал Горчаковқа жазған бір хатында: «Орта жүзден кетіп барамын, өйткені бастықтардан да, қол астында отырған халықтардан да ешбір мейрім таппадым, бәрі де жаулық етеді»,– деп мойындаған. Бұдан шығатын корытынды: Кенесары Орта жүзге сия алмай, халық қаһарына қарсы тұра алмай, зытып отырған.

Бірақ, оның Орта жүзден, Кіші жүзге ауысуы тегін емес. Өзінің ескі достары Хиуа, Бұқар хандықтарына жақындап көмек алу болған. Өйткені, ол орыс патшасына қарсы халықтық азаттық күресіне басшылық етем десе, сол кезде шыңына жеткен нағыз халық қозғалысы Исатай – Махамбеттің күресіне қосылуы керек еді. Керісінше, ол – оған жау болған. Жаппастың ішінде Наурызбай тобы Махамбетке қарсы оқ атқан. Ал оның керісінше ел талаушы Жанғожамен бірігіп кеткен. Жанғожа екеуі тізе қосып алып, бейбіт өмір сүріп отырған қазақ ауылдарын Созақ, Сайрам қалаларын шапқыншылыққа ұшыратқан.

Кенесары Кіші жүздің жеріне келіп орналасқаннан кейін өзінің «әскери күшін» молайтып алу үшін неше түрлі сұмдық айла-амалдар істеген. Орынбордың генерал-губернаторы Перовскиймен, Хиуа, Коқан хандығымен Жанғожа Нұрмағамбетұлы сықылды ел тонаушылармен жақсы қарым-қатынас жасаған. Перовскийге жазған бір хатында:«Бастықтарға қарсы келе алмаймын, қарсы тұрғым да келмейді...»,– деп жағымпаздана келіп, осы келіп отырған жерінен қозғамауын тілейді»,– баян етті.

Дәл осы мақаладағы тарихи шындыққа жақын пікір – егер сол тұстағы саяси, шекаралық құрылым сақталып қалса, онда қазақ халқы телімденіп, үшке бөлініп, құрып кетеді – пікір. Бұл қауіп, қашан «Алашорда» көсемдері 1920 жылы тамызда Қазақстанның бүгінгі территориясын анықтап, Ленин қол қойғанға дейін төніп тұрды.



Ал Кенесарының рухани саладағы келтірген кесірі «Әдебиет және искусство» басылымының 1951 жылғы №8 санындағы «Әдебиетіміздің идеялығы үшін» атты редакциялық бас мақалада әшкереленді. Онда:

«Көркем әдебиетіміздің өркендеу жолында қолымыз жеткен осындай табыстарды айтумен қатар, біз бұл салада соңғы уақытқа дейін орын алып келген идеологиялық бұрмалаушылықтарды, өрескел қателіктер мен елеулі кемшіліктерді де ешбір жасыра алмаймыз. Өткен жылдың декабрінде «Правда» газетінде жарияланған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала және бұл мақалаға байланысты Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің осы жылғы 10 апрельдегі қаулысы жалған тарихшы Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» деген кітабында Қазақстан тарихы мәселелерін буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғыдан баяндағанын, халық бұқарасының қас дұшпаны сұлтан Кенесарының феодалдық-монархиялық қозғалысын «халықтық», «бостандық» қозғалысы болып еді деп дәріптегенін әшкереледі. Бұл мәселені талқылау үстінде Қазақстанның кейбір тарихшыларының еңбектерінде ғана емес, сонымен қатар кейбір әдебиетшілері мен ақын-жазушыларының кітаптарында да буржуазиялық-ұлтшылдық бұрмалаушылықтардың, өрескел саяси қателіктердің орын алып келгендігі анықталды.

Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысында, әдебиетшілер Е.Исмаиылов пен X.Жұмалиевтің буржуазиялық-ұлтшылдық бағыттағы қателері атап көрсетілгеніне қарамастан, бұлар өздері жөнінде болған қатаң сындар мен ескертулерден сабақ ала білмеді, соңғы кезге дейін олар әдеби зерттеулерінде, мақалаларында Кенесары мен Наурызбайды жер-көкке сыйғызбай дәріптеумен болды, халықтың бұл дұшпандарын мақтап өлең жазған хан маңындағы ақындар мен жыршылардың зиянды шығармаларын барынша насихаттап, оларға оқу кітаптарынан, оқу программаларынан, әдебиет тарихына арналған еңбектерден кең орын беріп отырды. Жазушы М. Әуезов Қазақ әдебиеті тарихының бірінші томында, «Хан Кене» деген арнаулы пьесасында Кенесары мен Наурызбайды, олардың маңындағы феодалдарды үнемі мақтаумен, оларды бұқараның «көсемдері» етіп көрсетумен болды. Қазақстан Жазушылар Одағының председателі С.Мұқанов та сұлтан Кенесарыны дәріптеушілердің буржуазиялық-ұлтшылдық пікірлеріне кезінде тойтарыс берудің орнына, қайта ондай зиянды пікірлерді өзі қостап отырды.

БК(б)П Орталық комитетінің органы «Правда» газеті осы жылғы 2-июльдегі «Әдебиеттегі идеологиялық бұрмалаушылықтарға қарсы» деген редакциялық мақаласында және 16-июльдегі «Совет әдебиетінің маңызды міндеті» деген бас мақаласында кейбір жазушылар мен ақындардың шығармаларынан ұлтшылдықтың сарқыншағы байқалатынын көрсетті, бұл жөнінде ақын В. Сосюраның «Украинаны сүй» деген ұлтшылдық сарында жазылған өлеңін мысалға алды. Ұлтшылдықтың мәнісі,– деп жазды «Правда» – оқшаулануға және ұлттық тар өрісті шеңберде томаға тұйықтануға тырысушылықта, Совет Одағындағы ұлттардың еңбекшілерін жақындастыратын және біріктіретін істерді көрмеушілікте екені мәлім. Қазіргі заманның тақырыптарынан қашықтап, алыста еткен заманға бой ұру, ескілікті дәріптеу – ұлтшылдықтың жеке жазушыларда кездесетін ерекше бір түрі»,– деп атап өтілді.

Кенесары туралы дау-дамай мен жаулық іздеу мұнымен де тоқталмады. Қазақстан Компартиясы бұл кезде үлкен саяси қарар дайындап үлгерді. Тарихшы Ә.Тәкеновтің мағлұматы бойынша:



«1951 жылы 14-тамызда ҚК(б)П Орталық комитеті «Қазақстан совет жазушылары Одағы жұмысындағы ірі қателіктер мен кемшіліктер және оларды жою шаралары туралы» қаулы алды. Тек 1951 жылдың көкек-қазан айлары аралығында 30 пьеса мен 174 ән текстері репертуардан шығарылды».

Тарихта көркем шығарманың сотталған жайлары кездескен, ал әннің сотталуы тек кеңес тұсында ғана орын алды. Сол әндердің сазы қалғанымен де, сөздері уақытпен бірге тылсымға сіңіп кетті. Ұмытылды. Оның өзі жеке бір дербес әңгіме.

Міне, осы «Жазушылар Одағының жұмысындағы ірі қателіктер мен кемшіліктерге және оларды жою шараларына» байланысты 1951 жылы 24-тамызда Орталық комитеттің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов қатысқан Жазушылар Одағының қалалық жиналысы өтті. Оны қалалық партия комитетінің хатшысы Т.Ысқақов басқарып отырды. Одақтың төрағасы С.Мұқанов «Қазақcтан Жазушылар одағындағы өрескел қателер мен кемшіліктер туралы және Қазақстан К(б)П Орталық комитеті бюросының 1951 жылғы 14-тамыздағы қарарына байланысты міндеттер» атты баяндама жасады. Екі-үш ауыз сөзбен әдебиет жетістіктеріне жеделдете тоқталып, сол бір қызылөңеш кезеңнің дәстүріне сәйкес бірден саяси-идеологиялық әшкерелеуге көшті. Әрине, тағы да «дәстүр бойынша» алдымен Мұхтар Әуезов және оның «Хан Кенесі» нысанаға алынды. Қара дауылдың демімен «үш бәйтерек» бірін-бірі тағы да тамырларын солқылдата ырғады.

С.Мұқанов: «Алайда қазақ совет әдебиетінде, сондай-ақ кейбір жеке ақын-жазушылардың творчествосында өрескел саяси қателер, бүгінгі өміріміздің шындығын бұрмалау, совет халқының мүддесіне зиянды ұлтшылдық сарындар орын алып келді. Қазақтың көптеген ақын-жазушылары өздерінің шығармаларында қазақ халқы мен орыс халқының қас жауы сұлтан Кенесары Қасымовтың монархиялық, керітартпа бағыттағы көтерілісін ұлт-азаттық жолында болған күрес деп дәріптеді. Жазушы Мұхтар Әуезов бір кезде «Хан Кене» атты пьеса жазып, онда қанішер Кенесарының бауырлас қырғыз халқына жасаған зұлымдығын, жыртқыштығын оның ерлігі етіп көрсетті. Сөйтіп, бұл зиянды шығарманы жазу арқылы жазушы Мұхтар Әуезов сұлтан Кенесары Қасымовты дәріптеумен тынбады, ол жүздері жарасқан бауырлас қазақ, қырғыз халықтарының достығын бұрмалап, олардың арасында ұлт араздығын қоздыруға әрекеттенді. Бірақ, Октябрь революциясы арқылы қайта туған, Ленин-Сталин партиясының ұлт саясаты негізінде тәрбиеленген қазақ еңбекшілері М.Әуезовтің бұл жат оймен жазылған, зиянды шығармасын қабыл алмады.



Халқымыздың мүддесіне опасыздық жасаған Кенесарыны дәріптеуде жазушы Әуезовтен басқа кейбір ақын, жазушыларымыз да қалыса қоймады. Ақын Қалижан Бекхожин Кенесарының баскесер інісі, қанішер Наурызбайды мадақтап «Батыр Науан» деген поэма жазды. Бұл поэмасында ол қазақ халқының қас жаулары Кенесары мен Наурызбайды азаттық туын көтерген, еркіндік аңсаған, халық қамын жеген көсемдер, ел үшін еңіреп туған ерлер етіп суреттеді. Сөйтіп, Қ.Бекхожин совет ақыны деген атты бетке ұстап, халқымыздың мүддесіне опасыздық жасады, халықтың қас жауларын дәріптеуден ол тайсалмайды. Кенесары Қасымовты дәріптеу басқа да көптеген әдебиетшілердің еңбектерінде, оқу құралдары мен хрестоматияларда, сондай-ақ қазақ әдебиеті тарихының профессоры М.Әуезовтің басқаруымен шыққан бірінші томында да орын алды. Профессор Х.Жұмалиев пен Е.Исмаиылов жолдастар өздерінің «ғылыми-зерттеу» еңбектерінде маркстік-лениндік методологиядан қол үзіп, өрескел қателіктерге ұрынды»,– деп қызылкеңірдек айтыстың тамағын қырнап берді.

Қатарластарының арасында аса сақ әрі аңғал: «Өзім де қумын. Он жетінші жылғыдан әріге аяқ баспаймын»,− деген сөзі мәтелге айналып кеткен Тайыр Жароков та осы науқанның тұсында атой салып шықты. Еркімен шықты ма, жоқ, тобырға ілесті ме, қайдам, алайда оның сөзінің астары Сәбит Мұқановтан бастап Қасым Аманжолов пен Халижан Бекхожин сияқты қазақ поэзиясының майдангер ақиықтарын найзаның ұшына іліп берді.



Тайыр Жароков (мазмұны): БК(б)П ОК-нің Жазушылар одағындағы ұйымдық және шығармашылық жұмыстардағы осы уақытқа дейін жіберіліп келген өрескел саяси қателер туралы қарары өте орынды және оның түп тамыры Қазақстан Жазушылар Одағының басшыларының ұйымдастыруда жіберген селсоқтығында жатыр. Оның басты себебі, Мұқанов, Әуезов, Мүсірепов және басқалар сияқты аға жазушылар ұйымдық және шығармашылық жұмыстан өздерін шет ұстайды. Бірін-бірі іш тартқан таныстық қарым-қатынастар, селсоқтық, әсіресе аға буынның арасындағы сын мен өзара сынның жоқтығы, марксизм-ленинизммен жеткілікті қаруланбауы, Мұқанов, Әуезов, Мүсірепов қатарлы жетекші жазушылардың бойынан идеологиялық өрескел бұрмалаушылық пен буржуазиялық ұлтшылдықтың орын алуы, тым масаттанып кетуі, менменсуі, одақтың жұмысына, шығармаларды талқылауға араласпауы, өзінің туындыларын талдауға ұсынбай, бірден баспаға өткізуі осындай қателіктерге жол берді.

Соның нәтижесінде Бекхожиннің, Аманжоловтың, Тәжібаевтің туындыларындағы өрескел қателіктерді КБАП(б) ОК-і орынды сынады. Сын мен өзара сынның, саяси-тәрбиелік жұмыстың жоқтығы Бекхожин мен Аманжоловтың өмірден қол үзуіне, Аманжоловтың жалаң эстетикаға, Тәжібаевтің символизмге, Бекхожиннің буржуазиялық ұлтшылдыққа ұрынуына алып келді. Соның нәтижесінде идеялық жат туындылар, топшылдық пайда болды. Тез өсіп келе жатқан ақын Бекхожин 1940 жылы бәрімізге белгілі «Науан батыр» дастанын жазды, онда Кенесары Қасымов пен оның інісі Науан барынша дәріптелді. Кенесарыны қазақ халқының көсемі ретінде асқақтата жырлады, ал біз оның тек қазақ халқының ғана емес, орыс пен қырғыз халқына да қарсы күрескенін білеміз. «Науан батыр» дастанында Бекхожин: Наурызбай өзінің қаһарлы ағасын сүйді, туған тауларын сүйді, халқын сүйді,– дейді. Бұл жолма-жол аударма әлсіздеу болуы мүмкін. Бірақ оның ойы айқын.

Батырлар сүюші еді Кене ағасын,

Кененің кең пейіштей Сарыарқасын,– дейді. Немесе:

Қазақ ек ала киіз туырлықты,

Такаббар, менсінбеуші ек басқа жұртты,–

деп Бекхожин бұл сөзді Кенесарының бауыры Науанның ойымен жеткізеді.

1944 жылғы «Шеру» жинағына енген қазақ жауынгеріне арналған өлеңінде:

Мен сүйдім елдің ұлы ер екен деп,

Кешегі Кенекеме тартып туған,– дейді.

Ол қазақ жауынгерлеріне осылай бағыт береді.

1948 жылы Бекхожин өзінің жинағында колхоздың шопаны туралы: «Отарлы қой итарқада жатыр күйсеп»,– деп жазды. Ақын Бекхожин – кеңес азаматы, ұлы отан соғысының қызған кезінде бір жауынгерді өзінің өлеңінде Кенесарыға ұқсаңдар деп үгіттейді, ал екінші өлеңінде колхоздың қойшысын «софыға» теңеп, әулие жасағысы келеді. Сөйтіп ол қазақ даласын қалай сүйсе де, Бекхожин сүйген дала – революцияға дейінгі кейбір ақындар суреттеген дала, міне, Бекхожиннің бұл туындысы осындай бояу арқылы ұлтшылдықпен үндесіп жатыр. Бұл туындылар еліміздің қоғамдық өмірімен, өндіріспен, колхоз құрылысымен байланыспайды, керісінше, революцияға дейінгі Қазақстандағы өлеңдерде айтылатын қайдағы бір діни ағымдағы софымен жалғасып жатады.

Мұның барлығы бізге, Бекхожин жолдастың дұрыс жолмен жүрмегенін, Қазақстанның тарихын бұрмалап, Кенесарыны дәріптегенін, өзінің соңғы туындыларында бүгінгі күннің шындығын боямалағанын айтуға мәжбүр етеді. Бекхожин «Мариям Жагорқызы» дастанында да өрескел қателер жіберді. Алайда, кейбір жолдастар, орыс қызының тағдырын мұсылмандықты қабылдаумен аяқтайды – дейді, ондай жағдай бұл дастанда жоқ, ондай өрескел ұлтшылдық та жоқ!

Бекхожиннің ақын замандасының бірі Аманжолов, оның да фамилиясы ҚК(б)П Орталық комитетінің шешімінде аталып өтеді. 1951 жылы 14-тамыздағы осы қаулыда Қасым Аманжоловтың фамилиясы ұлтшыл қателіктер жібергендердің қатарында аталады... Қасым Аманжолов «Жалған дүниеге менің де бабам кетті»,− деп өкінеді. Бұған автор ғана емес, оны қарап шыққан адам да кінәлі. Ал 1951 жылы жазған өлеңінде бұрынғы азиялық шығыстың аңызға айналған құдіретін жоқтады. Сондықтан да Аманжолов БК(б)П-ның қаулысына тегін аталып отырған жоқ. 1940 жылы ол Кенесары туралы дастан жазды. Оның жарияланбағаны жақсы болды. Бұл арада ол өзінің сол кездегі жанқияр досы Бекхожиннан кем түскен жоқ, дастан жарияланбағанымен, егер жаны, миы елжіреп тұрмаса, былай жазбас еді. «Сарыарқа» жинағында қазақ даласы орыс жерінен, қазақ халқы орыс халқынан бөлек алынып көрсетілген. Бұл мәселеге С.Мұқанов жолдас тиянақты түрде тоқталғандықтан да, назар аударып жатпаймын. Сол жинаққа кірген «Ертіс» атты өлеңінде: «ол өзен менің кеудемде толқын атып жатыр» – дейді. Егер Ертіс өзені болмаса, сол Арқа болмаса, социалистік құрылысты орнатып жатқан қазақ халқы өзінің батырларын, ғалымдарын, жігіттерін тудырмас па еді? Бұл арада ол Сосюра сияқты қазақ даласын біздің Отанымыздан бөліп алу арқылы саяси қателік жіберген (уақытыңыз бітті),− деп айып таққан.

Иә, туған жеріңді жырлаудың өзі де «саяси қателік» болған заманды біз де бастан өткіздік-ау! Артында отаны, жері, туған елі туралы бір шумақ өлеңі қалмаған талантты ақынның тегеуіріні осындай үрейдің салдарынан еш кетті.

Бұл науқаннан партияда жоқ жазушы, бірақ сол кезде оны мүшелікке қайтадан қабылдау мәселесі көтеріліп жатқан, сөйтіп уақытша алдарқатуға түскен Ғ.Мүсірепов те қалыс қалмады.1932-1937 жылдары Мирзоянның тұсында М.Әуезовтің «жеке рецензенті» (бұл міндет кейін Қ.Жұмалиевке жүктелді) болған Ғабит Мүсірепов «қолына қалам алды». 1947 – 1953 жылдардың арасындағы Ғ.Мүсірепов араласқан сөздері үнемі төмендегі сипатта өтті және осындағы аталған шығармаларға қарап әңгіме қай тақырыпта қозғалып отырғаны (проза, драма, эпос, т.б.) туралы бірден аңғаруға болады. Біз сол пікірлердің бір парасын ғана берумен шектелеміз.

Ғ.Мүсірепов: «Қазақстан К(б)П партиясы Орталық комитетінің кеңестік Жазушылар Одағының жұмысы туралы соңғы шешімінде: біздің әдебиет майданымыздағы буржуазиялық ұлтшылдықтың қалдықтарын түбірімен жойып, тазалауды және оның жаңадан өршуіне мүмкіндік бермеуді заңды талап етіп, қатаң ескерту жасады. Қазақ әдебиетінің даму жолы – жас әдебиетті артқа тартып, кеңес әдебиетінің революциялық жолынан бөлектенуге жетектеген осынау бір басты зиянкестікке қарсы күресумен қалыптасты. БК(б)П және Қазақстан К(б)П Орталық комитеттерінің соңғы жылдардағы идеология саласындағы көптеген мәселелер бойынша қабылдаған шешімдері, бізге, Қазақстан жазушыларына, көпшілігіміздің көптеген зиянды, идеясыз, буржуазиялық-ұлтшыл шығармаларымызды әшкерелеуге көмектесті».

Партиядан тысқары қалса да, ол кімді қолдаса, сол жақтың пікірі басым түсетін Ғабит Мүсірепов өзінің қашанғы әдетімен тура осы науқанда да тұлғалардың сілкілесуін сырттан бақылап, миығын тартып, соңында өзі де араласқансып сыздықтай сөйледі. Бұл – мысқыл емес, нақты өмір көрінісі. Соның нәтижесінде бейбіт өмірде – батыл, саяси науқанда – баспақ, Мұқанов пен Әуезовті теңшей салмақтаған «талқы таразысы» қалпын 1947 – 1953 жылдар арасындағы аласапыранда да сақтап қалды. Мысалы, 1952 жылғы 11-сәуірдегі драматургия туралы мәжіліс те сілкілесусіз өткен жоқ.

Ғ.Мүсірепов: «Алайда, Жазушылар одағы тарапынан ұлтшылдықпен күресу барысында кеткен өрескел қателер мен үлкен кемшіліктерді Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің соңғы шешімі орынды көрсетіп отыр. Егерде, біз өзімізге өзіміз сын көзімен есеп берсек, өкінішке орай, біз ұлтшылдықпен күресе отырып, сол ұлтшылдықтың жандануына жағдай жасаппыз. Бұған, ең бірінші Одақтың төрағасы ретінде Мұқанов кінәлі, сонымен қатар, коллегиялды түрде басқаруға атсалысуға тиісті Төралқаның мүшелері – біздің де кінәміз аз емес».

Ол М.Әуезовке қосып С.Мұқановтың өзін де қармаққа іле кетті. Әр сөзін есептеп, терең саяси астар беріп, нығызданып тұрып, нығыздап сөйледі.

Ғ.Мүсірепов: «Қазақстан Жазушылар одағы бір уақытта ұлтшылдықпен күресе отырып, оның жандануына жағдай жасауы кездейсоқтық па? Жоқ, бұл кездейсоқтық емес. Бұл біздің күресіміздің әлсіздігін, қатаң партиялық тәртіпті сақтай отырып жүйелі түрде, батыл және ашық күресе алмағанымызды танытады... Ұлтшыл қателікті сынаудың орынына сынды мещандық күрестің құралына айналдыру дегеніміз, біріншіден, сынның бүкіл саяси мәнін жою болып табылады, екіншіден, бұл пайда болып келе жатқан топшылдықтың отын қоздырудың жасырын амалы, егерде топшылдық жоқ болса, оны қолдан жасайды!»,– деді.

Бұл жолы да екі арыстанның жұлқысуын қостамағандай көрінгенімен, «партияны және көпшілік бұқараны» жаңа қауіптен «сақтандырды».

Ғ.Мүсірепов: «Өткеннің мәдени мұраларын игеру мәселесін әлі қозғағамыз жоқ. Соған қарамастан, өткен күн мен фольклор тақырыбына арналған біздің біраз туындыларымыздағы идеялық жағымсыздықтар туралы хабарлар одаққа түсіп жатқан сыңайлы. Біз, бұл тұрғыдан алғанда Мүсіреповтің – «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері», Әуезовтің – «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр», «Айман – Шолпан», «Бекет», «Ақан сері – Зайра», «Қобыланды», Хұсайыновтың – «Шаншарлар», «Алдар Көсе», Тәжібаевтің «Ұшқыш кілем», «Біз – қазақпыз», «Күмбез», Жұмалиевтің – «Едіге» сияқты тағы да басқа пьесаларды қайта қарап, қайта бағалауға міндеттіміз. Өткеннің мұрасын сыни көзбен игеру тұрғысынан қарағанда бұл туындылардың бәрінің де кінәраттары бары анық. Мысалы, «Қозы Көрпештің» Мәскеу драма театрындағы қойылымы барысында маған Қодар бейнесін жаңаша шешу керек болды, оның санасы оянып, белгілі бір дәрежеде өзінің кінәсін жуғысы келеді. Сонымен қатар, осы жанрдағы біраз туындыларда эпосты қайта қорытуда ұлтшылдықтың тиірменіне су құятын тұстардың бары анық. Осы орайдан алғанда, менің ойымша, Тәжібаев жолдастың шығармашылығы ерекше көмек күтіп тұрғандай»,– деп келер күндерде алдарынан тосып тұрған эпос пен фольклор туралы талқылы жаңа науқанды емеуірін ете сөйледі.

Бұл – Ғабит Мүсіреповтің жеке басының ғана «көрегендігі» емес, кеңес өкіметінің партияның басшылығымен қақпайлап әкеле жатқан идеологиялық арандату саясаты еді.

Ғ.Мүсірепов: «Мұндай жайсыз жағдайға душар болудың басты себебі, одақтың басында отырған жетекші жазушылардың өздерінің біразының ұлтшылдық пен идеясыздықтың дертіне ұшырап келуі және қазір де сонымен ауырып жүр. Сондықтан да бізде принципті-партиялық біртұтас ұстаным жетіспеді, қазір де жетісіп отырған жоқ, соның кесірінен сын мен өзара сынға үрке қараймыз. Осыған орай ұйымның алдына бір сұрақ қойғым келеді: осындай жағдайсыз жағдайға олар тосқауыл қоя ала ма? Қазақстан Орталық комитетінің соңғы қарарында көрсетілгеніндей, әдебиет майданын ұлтшылдықтан және одан басқа да идеясыздықтың қоқсығынан тазалау қолдарынан келе ме? Әрине, сөзсіз қолдарынан келетіні даусыз. Алайда ол үшін біздің одағымыз, оның ішінде басшылар, кеңес әдебиетінің жоғары идеялық-көркемдік талабының деңгейіне көтерілуі тиіс. Ол үшін, бірінші, партиялық сын мен өзара сынды принципі түрде жүзеге асырып, іс жүзінде төзіп болмайтын ақсақалдық өктемдікті доғару қажет.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   63




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет