Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет51/63
Дата10.06.2016
өлшемі3.34 Mb.
#126255
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   63

«Жаулық пиғылдағы қай-жайдағы «теориялар» мен» тұжырымдарды» ұзақ уақыт бойы әшкерелей алмай келген қазақ әдебиеттануының ең маңызды міндеттерінің бірі – қазақ ақыны және ағартушысы Абай Құнанбаевтің өмірі мен шығармашылығын зерттеу болып табылады. Ұлы октябрь социалистік революциясына дейін буржуазиялық ұлтшылдар Абайды өздерінің жаршысы ретінде көрсетуге тырысты. Абайдың шығармашылығына реакциялық көзқарастар октябрь социалистік революциясынан кейін де орын алды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында буржуазиялық ұлтшылдар, пантүркистер мен панисламистер Абайдың атын жамылып, оны беттеріне перде етіп ұстап қазақ әдебиеттануына өздерінің кеңес өкіметіне қарсы дұшпандық көзқарастарын өткізіп жіберді... Алайда қазақ әдебиеттануындағы бұл саланың жағдайы әлі де мәз емес... Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеудегі буржуазиялық-ұлтшыл бұрмалаушылықтар... қазір төзгісіз жағдайға душар етті... Социалистік идеологияның салтанатты жеңісі мен екпіні бізге жат элементтердің күшті қарсылығын туғызып отыр, олар өздерінің ықпалын өткізіп жіберу үшін маркстік емес қай-айдағы «көзқарастар» мен «тұжырымдарды» жандандырып, тартуға тырысып бағуда... Сондықтан да, кеңес ғылымының барлық саласындағы, оның ішінде абайтанудағы саяси қателермен, бұрмалаушылықтармен күресу – біздің қоғамымыздың қазіргі даму кезеңінде ерекше төзгісіз жағдайда жүргізілуі тиіс... Тек осы жағдайда ғана аса көрнекті қазақ ағартушысынң әдеби мұраларын таза күйінде оқырмандарға жеткізе аламыз»,– деген үкімінен толық аңғарамыз.

Нұрышевтің мақсаты Абайды «тазарту» емес – тонау екенін түсіндіріп жатудың өзі артық. Оның көздеген қарауылы Абай емес, Әуезов болатын. Маркс пен Лениннің, Сталин мен партияның атын «жамылып, оны бетіне перде етіп ұстап» М.Әуезовтің көзін жоюға ұмтылды және мақаланың мәтініне жіті назар салсақ, оның өзге аудиторияға, яғни, Мәскеуге лайықталып жазылғанын аңғару қиын емес.

Демек, бұл арада тағы да «Правданың» сұғанақ қолы шығып тұр деген сөз. Мұны білген М.Әуезов сол Мәскеудің өзінен сауға іздейді:

«Қосымша құжаттың біріншісі – СССР мәдениет министрі жолд. Пономаревке арналған менің өтінішім, екіншісі – таяуда Алматыда өткен қазақ эпосы туралы талқыдағы менің сөйлеген сөзім. Мені дәл қазіргі сәтте тығырыққа әкеп тіреп отырған қысым мен жағдай туралы осы екі материалдан толық мағлұмат алуға болады және бұл жағдай аса маңызды тақырыпты игеру барысында, қазір пьеса түрінде, ал келешекте жаңа кеңестік романда бейнеленетін қазақ кеңес әйелінің образын сомдау үстінде (ауданнның хатшылығына көтерілген бұрынғы батырақ қыз, ғылым кандидаты, Социалистік еңбек ері) туып отыр»,– деп түсіндірме берді.

Хаттағы пікірге М.Ғабдуллин мен Н.С.Смирнованың баяндамаларын және С.Нұрышевтің «Абайдың шығармашылығын зерттеудегі буржуазиялық-ұлтшыл бұрмалаушылықтың тамырын соңына дейін жояйық» атты «Қазақ ССР Ғылым Академиясы «Жаршысының» 1953 жылғы №4 санында жарияланған мақаласын «айғақ ретінде» пайдаланды. Шындығында да, бұл М.Әуезовтің «ең соңғы тамырына балта шабу» үшін жасаған басылымның бас редакторы Н.Сауранбаев пен С.Нұрышевтің әрекеті еді.

«Ашық хаттың» алғашқы нұсқасы Сталиннің өлімінен бұрын, «Правда» газетіндегі «Сынау орынына мадақтау» атты мақала шыққан кезде дайындалғанын ескерсек, олардың «ең соңғы» деген сөзді бекер қолданбағандығын аңғарамыз. Өйткені абайтанудың тірі жүрген «соңғы тамыры» Мұхтар Әуезов болатын. Сол тамырды «балтамен шабуды» міндетіне алған «абайтанудың балташысы» оның себептерін былай түсіндіреді:

С. Нұрышев: «Абайтануы ілімі бір орынында қалып қойған жоқ, біздің қоғамдық өмірімізбен бірге ол да дамыды. Оған 1951 жылы өткен абайтану мәселелері жөніндегі дискуссия дәлел. Дискуссияда көптеген мәселелер бірінші рет биік талап деңгейіне көтерілді».

Демек, абайтануды бұл биікке көтерген, оның ақындық мектебін талқандап, балаларымен қосып шәкірттерінен айырған, яғни, абайтанудың бұтақтарын отаған сол кездегі бостандықта жүрген жалғыз адам – оның өзі ғой! Жоқ, Нұрышев жалғыз емес екен. Оған Сталиннің өзі «көмектесіпті». Сенбесеңіз оқыңыз:

С. Нұрышев: «... Абайтануы саласындағы осы дикуссия мен содан кейін жүзеге асырылған кейбір шаралар – Сталин жолдастың тілтану мәселесі жөніндегі еңбегінің ... әсерінің тікелей игілікті нәтижесі болып табылады».

Біз бұл арадағы көп нүктенің орынындағы БК(б)П және Қазақстан К(б)П Орталық комитеттерінің идеология мәселесі жөніндегі шешімдері» деген «басы артық сөзді» алып қалып отырмыз.

С.Нұрышев (жалғасы): «М.Әуезовтің «Абайдың әдеби мектебі-міс делінген зиянды «тұжырымы» айыпталып, талқандалған дикуссиядан соң ғана абайтану саласында белгіленген шаралардың нәтижесінде маңызды бетбұрыс жасалды, абайтануды ұлтшылдық қателер мен бұрмалаулардан азат етуге бағытталған шаралар қабылданды...».

Алайда С.Нұрышев бұл шараға да қанаттанбайды. Оған – «кәнігі кенесарышылар» Е.Бекмаханов пен Е.Исмаиыловтың және Кенесарыға қарсы науқанның қозғаушы тетігінің бірі» Б.Сүлейменовтің, сондай-ақ «Абайдың жалған ақындық мектебін насихаттаушының бірі» Қ.Мұхамедханов пен оның «ұлтшылдық-буржуазиялық зиянды, панисламистік, пантүркистік, орысқа қарсы бағыт» екенін әшкерелеген Қ.Жұмалиевтің барлық ғылыми атақтары мен дәрежелерінен айырылып, «халық жауы» ретінде жиырма бес жылға сотталып кеткені аз көрініп отыр.

Енді «әшкерелеуші», «соңғы балташы» – Нұрышевпен, «әшкереленуші», «соңғы тамыр» – Әуезов қана бостандықта жүрген болатын. (Тағы да қателесіппіз, екеуінің де үстінен сақшы академик Сақтаған Бәйішев жымысқылана қарап тұрды. Ол өзінің бұрынғы мақаласындағы пікірлердің әр қайсысын жеке-жеке бапқа айналдырып, орысша кеңейтіп жаздырып, «балташыға» ұстатты. Ал балта мен тамырдың қатар өмір сүрмейтіні белгілі.

С.Нұрышев (жалғасы): «Бәрінен бұрын ескерте айтарымыз, дикуссияда басталған көзқарастар күресі жалғасын тапқан жоқ. Абайтануды ұлтшылдықтан тазалау науқаны Абайдың «мектебі туралы тұжырымды» әшкерелеуден арыға барған жоқ. Абайтанудағы кейбір мәселелердің дұрыс шешілуі бізден алдағы уақытта да маркстік ұстанымды негізге ала отырып, әшкереленген қайшылықтар мен қателерді үтіктеп қана қоймай, оның тамырын тауып, себебін анықтап, шұғыл түрде оның көзін жоюды талап етеді. Кейбір абайтанушылар бұл бағытта талапқа сай табандылық көрсете алмады. Соның кесірінен дикуссиядан кейін де ондағы әшкереленген «зиянды тұжырымдарды» қайта тірілтуге ұмтылып отыр. Мысалы, М. Әуезовтің Абайдың «ақындық мектебі» туралы тұжырымды насихаттайтын «Ақын аға» атты ұлтшыл романы сол күйінше әшкереленбей қалды. Барлық көзқарастар жүйесі осындай және басқадай да «жат тұжырымдармен» тікелей байланысып жатқан, өзінің қателігін осы уақытқа дейін шын ниетімен мойындамай келген М.Әуезов ұзақ уақыттан бері университетте абайтанудан дәріс беріп келеді.

Бұл – Абайдың шығармашылығын бұрмалаудың басты себепкері болып отырған М.Әуезовтің көзқарастарын қатаң және барынша терең әшкерелей айыптамай, абайтануды буржуазиялық ұлтшылдықтан арылту мүмкін емес».

Ал мұндай «әділетсіздікке» Нұрышев төзбейтін. Нұрышев төзсе де Бәйішев көнбейтін. Өйткені «Дәрігерлер ісінің» беті бері қарап, ақталуға бет алған соң, енді ол өзінің Лысенкомен қоса «жалған ғалым» ретінде әшкереленуі мүмкін екенінен үрейленіп, жанталаса жанықты. Нұрышев болса өзінің мықты қолдың күшімен соңғы рет сермеліп тұрғанын сезді. Ал үрей билеген адамның жүйке-тамырында сабыр болмайтыны белгілі. Нұрышевтің балтасын оңды-солды сермеуі сондықтан. Ал ол балтаның иесі – БК(б)П мен Қазақстан К(б)П Орталық комитеттерінің идеология бөлімі және бұл екеуінің «жауынгері» «Правда» мен «Казахстансая правда» екені тура осы жолдардағы:



«М.Әуезовтің Абайдың «ақындық мектебі» туралы тұжырымды насихаттайтын «Ақын аға» атты ұлтшыл романы сол күйінше әшкереленбей қалды. Барлық көзқарастар жүйесі осындай және басқадай да «жат тұжырымдармен» тікелей байланысып жатқан, өзінің қателігін осы уақытқа дейін шын ниетімен мойындамай келген М.Әуезов ұзақ уақыттан бері университетте абайтанудан дәріс беріп келеді»,– деген жолдардан анық аңғарылады.

Мақаладағы айтылған осы ұсыныстар бірінен кейін бірі жүзеге асырыла бастады. «Ақын аға» романындағы ұлтшылдықты әшкерелеген мақала «Казправдада» жарияланды. Енді оның соңғы талабы «М.Әуезовтің көзқарастарын қатаң айыптап, абайтануды буржуазиялық ұлтшылдықтан арылту» ғана қалды.

Бұл дегеніңіз, осындағы өте ойланып қолданылған «айып» (осуждение) деген сөзге сай ресми айып тағылып, түрмеге қамап, сотқа тарту деген сөз. М.Әуезов істің беті теріс бұрылып бара жатқанын білді. Сондықтан да «суға кетпес үшін тал қармап» Федеевтің өзіне:

«Міне, сіздердің ара түсулеріңізді табанды түрде өтінуімнің себебі, тым болмағанда, менің дұрыс тұстарымды көрсетіп, белгіленген ар сызығынан аттаған, жолдастық сынның талаптарын бұзған, төзіп болмайтын мазақ жолына түскен адамдардан қорғауларыңызды сұрауымның себебі, осында. Мұхтар Әуезов. Алматы қ., Абай, 157 үй, тел.82-60. 2 апрель 1953 ж.»,– деген өтініш білдірді.

Қандай үмітті, қандай жалынышты, қандай қасіретті ауыр тілек десеңізші!

«Төзіп болмайтын мазақ жолына түскен» С.Нұрышевтің мақаласынан Мұхтар Әузовтің соншама секем алуының тағы бір себебі, «халық жауы» ретінде «әшкереленіп» түрмеде жатқан Қ.Жұмалиевтің тергеушілерге беруге тиісті айғақтары сияқты. Ал Нұрышевтің мына «арандатуы» оған Қ.Жұмалиев үшін кек алу сияқты болып көрінгенін замандастары растайды. Өйткені тергеу ісіндегі жауаптың – айыптау үкіміне алып келетінін ол бәрінен жақсы білетін.

С. Нұрышев (жалғасы): «Өзінің өткендегі әдебиет және әдебиеттану саласындағы еңбектерінде М.Әуезов өрескел ұлтшылдық қателер жібергені жұртшылығымызға белгілі, ол оны тіпті түзетуге де тырысқан жоқ. Оның өткендегі қателері кейінгі қателіктерінің қайнар көзі болып табылады, себебі ол соңғы уақытқа дейін: ескіліктің алдында, феодал-байлардың алдында көпе-көрінеу бас июін тоқтатпады, буржуазиялық-ұлтшыл идеологиядан арылмады.



М.Әуезовтің көркем шығармашылықта және сол сияқты әдебиеттануда жіберген өрескел қателері, оның революция қарсаңында ұстанған идеялық бағыты мен барлық саяси және әдеби қызметінің көрінісі болып табылады. Октябрь революциясының қарсаңында және сол тұста ол буржуазиялық-ұлтшыл «Абай журналының редакторының бірі болды. М.Әуезовтің осы журналдғы қауырт әрекеті оның тағдырын контрреволюциялық «Алаш» партиясының тағдырымен байланыстырды. Оның бұл партиямен байланысы журналдағы қызметімен ғана шектеліп қалған жоқ. Солардың тапсырмасы бойынша М.Әуезов контрреволюциялық «Алаш» жастар одағы атты мекеменің кеңестерін ұйымдастыруға белсене араласты. Аталған журналдың беттері арқылы М.Әуезов қазақ жастарын «Алаш» жастар одағының айналасына топтасуға шақырды. Қазақ жастары мұндай арандатуға бармады, сөйтіп, М.Әуезов өзінің ат төбеліндей әріптестерімен оңаша қалды.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бұл топтың кейбір мүшелері, соның ішінде Әуезов те көркем әдебиет пен әдебиеттану саласында бүлдіру әрекеттерін жүргізді. Олар ескілікті дәріптеді, «Алашорданың» көсемдерін мадақтады, кеңес шындығына жала жапты, ұлы орыс халқына қарсы жеккөрінішті өштікті өршітті, тіпті, кеңес өкіметіне ашықтан ашық қарсы шығуға дейін барды»,– деп өрекпіді.

Бір адамның екінші адамды осыншама жек көруі және оны осыншама жек көрінішті етуге тырысуы, сондай-ақ оның өліміне осыншама құныға құштар болуы тек жүйкесі тозған жанқиярға (маниакқа) ғана тән шалық болса керек. Сондықтан да М.Әуезовтің:



«Қазақ Ғылым Академиясының хабаршысының» №4 санында Саурамбаевтің редакциялығымен шыққан Нұрышевтің ... мақаласы ... Әуезов пен оның шығармашылығы туралы ашықтан-ашық теріс бағыт ұстанған, сыңаржақ және қырғи қабақты талдау екеніне ешкімнің күмән келтіруі мүмкін емес. Бұл мақала, бұдан бұрынғы жарияланымдар сияқты, сынауды емес, адамның көзін жоюға (изничтожить) бағытталған»,– деп жазуында шындық бар.

Оның үстіне осы сәтте Берияға қатысты «жаза найзағайы ойқастап» тұрды. Берияға қатысты тылсым да белгісіз майданның беталысынан сескенген М.Әуезов қана емес, Саяси бюро мүшелерінің де төбе құйқалары шымырлай сескенді. Сол үшін де ол да, Нұрышев та аянып қалмады, жанталаса қарманды:

С. Нұрышев (жалғасы): «Қазақ әдебиетінің тарихымен айналысқан Әуезов, орыс халқына қарсы өшпенділікті қоздыру үшін және кеңестік Қазақстанның өміріндегі революциялық өзгерістердің бәріне жеккөрініштілікті туғызу үшін қазақтар мен орыстардың арасындағы байланысқа қарсы шыққан кейбір реакциялық ақындардың шығармашылығын насихаттау жолына түсті, сонымен қатар қазақ эпосы мен Абайдың шығармашылығын жалған түсіндіруге көшті. Тура осы кезеңде Әуезов өзінің атшулы Абайдың «ақындық мектебі» мен контрреволюциялық «зар заман» ағымы жөніндегі «тұжырымын» ұсынды. Бұл «тұжырымға» сәйкес, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы реакциялық ақындардың шығармалары – орыстардың қоныстануына байланысты туған халықтың «зарын» жеткізген қазақтың халықтық әдебиетінің қатарына жатқызылды.

1932 жылы Әуезов республикалық баспасөз арқылы контрреволюциялық ұлтшылдықтан бас тартатынын және кеңес өкіметіне қызмет ететінін жариялады. Алайда өзінің мәлімдемесінен кейін іле-шала контрреволюциялық «Хан Кене» пьесасын сахнаға шығарып, қазақ пен орыс халқының қарғысы атқан жауы Кенесары ханның даңқын әспеттеді, оны халық батыры етіп көрсетті. Әуезовтің берген уәдесі орындалмады. Ол өзінің ескілікті қателерінен бас тартудың, оны түзетудің орынына, керісінше, шиеленістіре түсті. Бұған оның «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы №11-12 сандарында жарияланған мақаласы дәлел. Бұл мақалада ол Абайдың шығармашылығы жөніндегі өзінің ертеректегі айтылған барлық пікірлерін «бір жүйеге» түсіруге тырысқан. Соның ішінде, ақынның тек қана мұсылмандық шығыстың реакциялық дәстүріне еліктеген-міс делінетін алғашқы кезеңді – «Абай шығармашылығының бірінші кезеңі» деген жалған кезеңге бөлді және оны негіздеуге ұмтылды. Өзінің «жаңалығын» дәлелдеу үшін Әуезовтің өзі тауып алған-мыс делініп, үш қысқа өлеңді Абайға тели талдайды».

Сөйтіп, М.Әуезовтің өзінің айтуынша Нұрышев осы мақаласында:



«Әуезовтің ғылыми-зерттеумен айналысқан отыз жылдағы мұқым өмір жолын ала отырып, оны мүлдем жоққа шығара үкім айтқан».

«Абайдың шығармашылығының алғашқы кезеңі-міс» делінетін шартты ғылыми жүйелеуді «ұлтшыл-буржуазияшыл» деп бағалаған Нұрышевтің өзі «Абайдың алғашқы ақындық кезеңі» деген тақырыпта қалай кандидаттық диссертация қорғап жүр? Егер оны жоққа шығарса, онда өзінің деғылыми тақырыбы жалған, өзі – ұлтшыл-буржуазияшыл, жалған ғалым болып шықпай ма? Абайдың: «Досын келіп досына жамандайды, Шіркінде ес болсайшы сезед дегеніндегі» – Көжекбайдың кейпін киіп отырғанын «сезетін» «ғылыми түйсіктің» жетпегені ме, сонда. Соған қарамастан «қиялай шауып, қисынын тапты»:

С.Нұрышев (жалғасы): «Бұл өлеңдерді Абайдың алғашқы өлеңдері ретінде талдай келе, оларды шығыстық ықпалдың бастапқы кезеңіне жатқыза келе Әуезов: «Басы осы. Содан әрі балалық күннің еліктеу үлгісін тастағанмен, өмірінің ақырына шейін Абай осы жағадан қол үзбейді. Абай ақындығының ішінде Шығыс арқауы ұзыннан ұзақ тартылған желідей болып созыла келіп, ең ақыры 1902 жылы жазылған «Алланың өзі де рас, сөзі де распен» аяқтайды», «...енді ақын Шығыстағы «тассауап» (сопышылдық) поэзиясының ұрығын, ішкі-тысқы үлгісін, негізгі сарынын терең түсіне бастаған» (13-бет).

... Абайдың шығармашылығындағы шығыстық бағыт туралы өзінің ойын жалғастыра келе, ақырында Абайды панисламист етіп шығарады. «Сонымен,– деп жазады Әуезов, – (Абай) өз тұсында, ХІХ ғасырдың екінші жарымында, шығыс ілімінде майданға шыға бастаған жаңашыл, рационалшылдар дін реформашылдарының шеніне араласады. ... Мұсылман ғаламынан шыққан рационалшылдар 60-жылдарда өз елдерінен қашып Парижге орнаған Жалаладдин Ауғани, Мұхаммед Ғабдуһу еді... Кезі келіп өріс ала алса, әлеуметтік жұмысқа ру мен ауыл шегінен шығып, мемлекеттік масштабта араласса, Абайдың шындап тоғысатын кісілері осылар мен Қайым Насырилер болар еді... Осыған жетпесе де ескіден аяқ кезде сытылып шыға бастады, сол жаңағыға қарай бой ұра бастаған Абайды біз ақынның Еуропаға қараған жүзінен байқаймыз, көре аламыз. Осы айтылғандай, рационалшылдық пен салт-сана, ой-өнер жүзіндегі жартылаған жаңашылдыққа бейім болмаса, Абайдан Еуропа жағасының белгісін көре алмас едік» (15-бет).

Сөйтіп, осы арқылы Әуезов, Абайдың идеялық-шығармашылық бағыты – ол панисламизм деп дәлелдеді. Ол аздай, Абайдың орыс мәдениетіне мойын бұруының өзін Әуезов панисламистік көзқараспмен түсіндірді, яғни ол: Абайдың жүзінің Еуропаға қарауына панисламистер жетекшілік еткен рационалшылдардың жолына бейім болғандығында – деп түсіндіреді».

Сірә, А.Фадеевке қаратыла жазылған М.Әуезовтің сын мен өзара сын туралы:



«Сонымен қатар,... менің өзіме де көмек етуді мақсат еткен, мендей қазақ, кеңес жазушысына да қамқорлық ойлағаны деп бағалаймын. Бұл – мен сияқты кеңес қайраткері, халық пен Ленин-Сталин партиясының сенімі мен құрметін, өз еңбегімен және әлеуметтік мінезімен дұрыстап ақтай білсін дегенді аңғартады.

Негізді, салмақты сөзбен менің қателерімді өзіме танытқысы келген партиялық әділ сыннан өз еңбектерімде мен қорытынды шығара білуге міндеттімін. Ол сын, менің еңбегімді халық үшін пайдалырақ, бағалырақ ету талабымен айтылған, идеялық-саяси әр алуан олқылықтар мен қателіктерден сол еңбектің сау болуын ойлаған сын деп түсінемін.

Бізде – тіршіліктің бар саласына және бар майданындағы адамдардың бет-ажарына қарамай айтылатын сын мен өзара сын бар. Оны халқымыздың, Отанымыздың ұлы оқытушысы және тәрбиешісі Ленин – Сталин партиясы қайратты даналықпен қолданады. Менің өзіме бұдан бұрын да пайдалы, бағалы әсері болған сондайлық сынды аса зор бағалаймын. Өзімнің жазушы болып қалыптануым мен кеңес қайраткері атану жолында мен Коммунистік партия мен кеңестік Отанның тәрбиелік әсерін, жақсы ықпалын көре отырып өскенмін. Сол үшін өзімді оларға моральдық тұрғыдан өмірлік қарыздармын деп санаймын»,– деген пікірі Нұрышевқа қаратылмаған іспетті.

Өйткені, реніштің дығы қаншама сезіліп тұрғанымен де, анадай шабынды шаптығуға тым жұмсақ қайырылған жауап. Бұдан көрі «Казправдаға» жазған қайтармасындағы:



«Бұл мақала, бұдан бұрынғы жарияланымдар сияқты, сынауды емес, адамның көзін жоюға (изничтожить) бағытталған»,– деген жолдар лайықты уәж сияқты.

Жағдайдың өте шиеленісіп кеткенін және қалайда арашаға түспесе Әуезовтен айырылып қалатынын білген, өздерінен – :

«Александр Александрович Фадеевтен, Алексей Александрович Сурковтан және Константин Михайлович Симоновтан: – өмірінің бір сәтінде, адамгершілік тұрғыдан аса ауыр құмығуға ұшыраған өмірінің ең қиын сәтінде Үшеуінен: адамның – адамға, жазушының – жазушыға шағынуы ретінде ... хатқа қосып жіберілген екі материалмен өздерінің танысып шығып ... тиісті жерде (қайда және қалай ұйғарса да) пікірлерін айтуды сұраған», –

Аттары аталған жазушылар Әуезовтің өтінішін орындау үшін үшеуара ақылдаса келіп, 26-мамыр күні СССР Жазушылар Одағының секретариатында «Қазақстан Жазушылар Одағында өткен халықтық эпос туралы кеңестің қорытындылары» туралы мәжіліс өткізіп, онда М.Әуезовтің өтінішін қарады. Шағын мәжілісті Одақтың хатшысы Алексей Сурков жүргізіп отырды. Алматыдағы талқылауға қатысқан мәскеулік профессор Климович қысқаша мағлұмат берді. Жауап сөзінде М.Әуезов:



«Климович жолдастың хабарламасы қазақ эпосы жөнінде өткен дикуссияда көтерілген мәселелерді өте нақты және дәл жеткізіп берді, оның пікірлері шындыққа сай келеді. Алайда оның хабарламасында біздің пікір таласымызға қатысты мәселе назардан тыс қалды. Рас, ол өзінің сөзін жалғастыруға әзір екендігін білдірді. Баяндамашымен біздің арамызда, соның ішінде екеуміздің арамызда өте тамырлы пікір таласы болды. Бірінші және екінші баяндаманы мен жоғары ғылыми деңгейде жасалған жоқ деп есептедім. Ғабдуллин жекелеген мәселелерді қоя білген. Бір жағынан өзін қосып, екінші жағынан өзгелерді де қоса сынаған оның пікірі, бәрібір, сыңаржақ пікір болды. Мысалы, мәселен, жеке мәселелерді шешуге қатысты жекелеген зерттеушілерге жағымды не жағымсыз баға берген кезде, ол әркімнің бетіне бір қарап, әркімге әр қалай баға берді. Әркімнің жіберген қателеріне өзінің онымен арадағы жеке қарым-қатынасына байланысты әр қандай әділетсіз көзқарас білдірді. Яғни ол қателіктің өзін қақпақылға салды. Пікір қорытындысы бойынша әлгі қателіктерді әсірелеп саяси қылмыстың қатарына жатқызып, жаңағы жазушы мен зерттеушінің ісіне қатал үкім шығарды, ал тура сол қателіктерді жіберген, бірақ өзіне жақын жазушылар мен зерттеушілердің еңбегін бағалағанда «Правданың» мақаласында көрсетілгеніндей, қоңыржай күйге көшті...»,– деп өзінің өкпесін білдірді.

С.Нұрышев (жалғасы): «... Абайға осындай жала жапқан Әуезов өзінің бұл пікірін: А.Пушкиннің «Евгении Онегинінен» еркін аударма жасады-мыс – деп дәлелдегенсиді. Осы арқылы Әуезов: Абай – Пушкиннің ұлы мұрасын игеруге қатыспады және оны менсінбеді – дегенді баса көрсетпек болады. Ең соңында Әуезов Абайдың ақындық мектебі жөніндегі алашордашылардың тұжырымдарын Абай шығармаларының шығыстық негізімен байланыстырады...



....Әуелде Абайға Пушкинді менсіндірмегенімен, кейіннен Абайдың Пушкинмен әуестенуін бекітуі, өзінің абайтанудағы ұлтшыл-буржуазияшыл ұстанымын бүркемелеуге ұмтылған Әуезовтің кәдімгі қулығы...

... Жоғарыдағы талданған мақаладағы Әуезовтің зиянкес көзқарасы 1951 жылдың маусым айына дейінгі абайтану жөніндегі дискуссия өткенше сақталып келді... Әшкереленбегендіктен де, оның зиянды «тұжырымдары» суфизм мен панисламизмді ашық насихаттауға қызмет етті... Мысалы, жиырмасыншы жылдары Абайдың шәкірттерінің қатарына «Алашорданың» көсемдерін жатқызса, ал отызыншы жылдары ол (көсем – А.Байтұрсынов – Т.Ж.) өтпейтін болғандықтан да, оны алашордашылардың елеусіздеу өкілімен (Көкбаймен – Т.Ж.) алмастырды.

Абайдың шығармашылығына арналған Әуезовтің «зерттеулерінің» бәріне ортақ бір ерекшелік бар. Ол зерттеулердің бәрі де Абайды Шығыстың реакциялық дәстүріне, жалпы ескілікке қарай кейінге шегереді. Сол мақсатқа жету үшін Абайдың айналасына «шәкірті есебінде қайдағы бір моллаларды, бір топ алашордашыларды және халық жауларын жинақтайды, Абайдың өзіне реакциялық өлеңдерді таңады. Мұның барлығы Әуезовке не үшін керек? – дейсіз бе, ол – Абайдың шығармашылығын неғұрлым ескілікке қарай бейімдеп шығарып, солғұрлым орыс мәдениетінен алыстату үшін, сол кезде Россияда өтіп жатқан ұлы оқиғалардан бөліп алу үшін керек. Сондықтан да, Әуезов жол беріп отырған абайтану саласындағы жекелеген бұрмалаушылықпен ғана емес, ең бастысы, Әуезов өзінің әдебиеттанудағы тұжырымдарына негіз етіп алып отырған буржуазиялық-ұлтшылдық идеологиясына қарсы қатаң күрес жүргізу қажет. Жекелеген фактілердің соңынан еріп кетіп, оны талдау және жоққа шығару барысында, соның қатпарындағы қайнар көзін көрмесең, адасып кетуің де ғажап емес. Біз сөз етіп отырған мәселенің қайнар көзі – М.Әуезовтің ескі қателері, ескі идеялары. Тек солар ғана оны: Абай мектебі жөніндегі мәселені көтеруге, оның әдеби дәстүрін қазақ қоғамының даму үрдісінен, 1905 жылғы революциядан, Абай дәстүрінің тікелей жалғасы болып табылатын ХХ ғасырдың басындағы революцияға дейінгі қазақ әдебиетіндегі демократиялық көңіл-күйден оқшау, ең соңында қазақ халқының тағдырындағы бетбұрысты кезең болған октябрь социалистік революциясынан бөліп қарастыруға алып келді»,– деп абайтануға қатысты айыптауларды бір түйіп тастайды.

Бұл айыптан М.Әуезовті Фадеев те, Фадин де, Симонов та құтқара алмайтын. Пушкинді менсінбей, шығыс ақындарына ілхамын жалғауды олардың да үлкен қылмыс ретінде санайтыны анық еді. С.Нұрышев тек абайтану іліміне қатысты айыптаулармен Әуезовтің «тамырына балта шаба алмайтынын» білді. Сондықтан да оның бүкіл ғылыми шығармашылығына ауыз салды.

Ә.Жаймурзин: «Бірақ... Иә, бірақ Әдебиет саласында Мұхтар Әуезовтің айналасында күн сәулесі жарқырай түскенімен, оның ғылым саласындағы еңбектері төңірегіндегі түсінбеушілік орын ала бастады. Ол «Абайтану», «Абай мектептері» деген мәселелер төңірегінде өрбіді. Кейде Нұрышев, тағы басқалардың келеңсіз мақалалары жарыққа шығып та үлгірді. Осы мәселенің аяғы Мұқанды ҚазМу-ден сабақ беруден босатумен аяқталды ғой деймін. Менің бұл мәселе жөнінен білетінім: сол кезде оның абайтану туралы оқыған лекцияларында ұлтшылдық сарын күшті деген пікір болатын. Орталық комитетте бір рет осы мәселе сөз болғанда мен оның лекциясының текстісі бар ма, бар болса оны оқыған кім бар деп сұрағанымда, ешкім жауап бере алмады. Олай болса бұл бос сөз, сондықтан қатыспаймын,деп кетіп қалғанмын.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   63




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет