Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет28/61
Дата14.06.2016
өлшемі3.58 Mb.
#135581
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   61

1948 жылы 31 қаңтарда «Лениншіл жас» газетінде М.Ақынжанов пен Т. Т.Шойынбаевтың «Саяси қате, ғылыми құнсыз кітап» деген сыни мақаласы жарияланды. Осыған байланысты Ж.Шаяхметов М.Сусловқа өтініш жасап, осы сұраныс бойынша КСРО ҒА Тарих институты 28-ақпанда Бекмахановтың монографиясын талқылады. Дискуссияның негізі – Ақынжанов пен Т.Шойынбаевтың рецензиясы болды. Оларға талқылауда бірінші болып сөз алған X.Х.Ғ.Айдарова қосылды. Олар Бекмахановқа буржуазияшыл-ұлтшыл деген айып тағумен шектелді. Бірақ С.С.В.Юшковтан басқа пікірталасқа қатысушылар автордың тұжырымдамасын қолдап шықты. Н.Дружинин: «Қазақстанның мәдени дәрежесі Ресейден төмен болды екен деп, оның қозғалысын прогресшіл сипаттан айыру заңсыз»,– деп көрсетті.

«Егер Х.Ғ.Айдароваға ілессек, индустардың ағылшындарға қарсы қозғалысы реакцияшыл болғаны да»,– деп кекетті, А.Кучкин: Х.Ғ.Айдарованың әрекеті дәлелсіз, бұл Бекмахановтың желкесін қию талабы екенін ашық айтты. С.С.В.Юшковтың Бекмахановпен өз арасындағы кикілжіңнің салдарынан арасы ашылумен бірге ол жаңа саяси коньюктураны тез сезгенін байқатты. Ол Бекмахановты докторлық диссертациясына берген оң бағасынан тайқып, енді «жаңа көзқарас керек» деп есептеді. 1948 жылы маусым айында Қазақстан Ғылым академиясында өткен пікірталас та Бекмахановты буржуазияшыл ұлтшыл деп айыптауға бармады. ҚК(б)П Орталық Комитетінің Г.Боранбаев басқарған комиссиясының: Бекмахановтың саяси қателігі, оның партиялық мәселесін қарау туралы ұсыныстары да әзірше қолдау таппады. Бекмаханов тарихшы Рязановтың архивтегі қолжазбасын пайдаланыпты – деген арыздың дәлелсіздігін Дружининнің сарабы айқындады. Бекмаханов финанс тәртібін бұзды деген айыптау да анықталмады.

1948 жылы 16-желтоқсанда КСРО Жазушылар одағындағы өзінің баяндамасында одақ хатшысы Б.Горбатов ойламаған жерден саяси мәселеге ауысып: Кенесары қозғалысы «орыстарды қазақ даласынан қууға бағытталды, ал Бекмаханов сол Кенесарыны барынша дәріптейді – деген өкпе-наз айтады. Осыдан сескенген Кеңесбаев, Покровский, Бәйішев «Қазақ ССР тарихының» дайындалап жатқан екінші басылымында Кенесары қозғалысын қалай бағалау туралы Ж. Шаяхметовтен «принципті нұсқау» сұрап, хат жазды. I.Омаровтың араласуымен Ж.Шаяхметов Кенесары қозғалысы:«XIX ғасырдағы қазақ халқының ең көлемді ұлт-азаттық қозғалысы болды»,– деп бағалап, бұл көзқарас 1949 жылғы «Қазақ ССР тарихының» I.Омаров пен А.Панкратова редакциялаған екі басылымындағы Бекмаханов жазған тарауға енеді. I.Омаровтың байсалды позициясы Қ.Шариповтың «Вопросы истории» журналында (1949, №4) «По марксистки освещать историю Казахстана» (ол Қазақстанда партия газеттері мен «Большевик Казахстана» журналында қайта басылды) жарияланған мақаласынан да байқалады. Рецензент Кенесары қозғалысына байланысты Бекмахановтың монографиясындағы кейбір кемшіліктерді айта тұра, қозғалыстың халықтық сипатын мойындайды. Бұл сынды автордың өзі де қабылдайды. Ал М.П.Кимнің рецензиясы Панкратоваға ұнамайды. Бұл туралы ол 1949 жылы 11 қазанда I.Омаровқа жолдаған хатында: «Тарихшылар арасында болған тарихи шындыққа кереғар, қалайда қазақ халқының тарихын төмендетуге тырысушылық орын алуда. Неге грузин патшалары мен өзбек хандары ұқсас тарихи жағдайда прогресшіл қайраткер болып есептелуі керек те, ал қазақтар Абылайды немесе Кенесары Қасымұлын қаралауы тиіс екенін мүлде түсіне алмаймын»,– деп (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, І.Омаров қоры.) жазыпты.

1950-ші жылы 21-ақпандағы ҚК(б)П Орталық Комитетінің «Қазақстандағы тарих ғылымының жайы және міндеттері туралы» қаулысында да мәселе орнықты сын-пікірлер айтумен шектелген. Мысалы, кеңес дәуіріне көңіл аз бөлінеді, Бекмаханов кейбір қателіктер жіберді деген сияқты ескертулер болмаса, тарихшыларға саяси айып тағылмайды. Бірақ идеологиялық күрес басылмаған еді. Дабыл орталықтан қағылды.

50-ші жылы 26-желтоқсанда «Правда» газетінің «Қазақстан тарихы мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан зерттелсін» деген мақаласы қазақ тарихшыларын, оған қоса басқа қоғамдық ғылымдар саласында қуғын-сүргіннің бастамасы болды. Мақала авторлары ғалымдар арасында негізінен Бекмахановтың монографиясын талдау кезінде көзге түскен ортақол тарихшылар болатын (Т.Т.Шойынбаев, X.Х.Ғ.Айдарова, А.Якунин). Соған қарағанда бұларды қолдаушы белгісіз бір күш балса керек. Осылайша партия органы өз беделін пайдаланып, саяси науқанды ашты: «Мақала авторларының, Бекмахановтың «қателіктерін» Мәскеу мен Алматы ғалымдары ашпады. Енді ол қателіктер «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымына кірді»,– деген қатал тұжырымдары бұл «қатардағы» тарихшылардың үлкен беделді пайдаланғанын дәлелдейді.

Сыншылар пікірталастар кезіндегі ойларын қайталаудан әрі аспаса да «Правда» төменгі сөздерді ірі әріптермен беріпті. «Барлық тарихи деректер Кенесары қозғалысы революцияшыл да, прогресшіл де болмағанын баяндайды. Бұл қазақ халқын кері, патриархалдық-феодалдық тіректің бекуіне, ортағасырлық хандық өкіметтің қайта орнауына, Қазақстанның Ресейден және ұлы орыс халқынан қолүзуіне әкелген реакцияшыл қозғалыс болды»,– деген («Правда», 1950, 26- желтоқсан) .шегелеп айтылған сөздер тікелей нұсқау іспетті әсер етті, солай болды да, «Правда» бұдан әрі тарихты «бұрмалаушы», марксизм-ленинизмнің ғылыми позициясынан ауытқушы, тарихи оқиғаларда буржуазияшыл-ұлтшылдық тұрғыдан бағалаушы Бекмаханов деп қорытындылаған».

«Правда» газетінің 1950 жылғы 26 желтоқсанында шыққан аты шулы мақаласы ерекше қарқын берді. Өйткені бұл жеке басылым мен жекелеген адамдардың жеке адамға немесе оның ғылыми көзқарасына қарсы пікір емес, дүниенің тұтқасын ұстап тұрған қызыл империя өздері насихаттаған «халықтар достығын» қарауындағы халықтың зиялы өкілдерін «халық жауы» ретінде көзін жою арқылы күшпен, үреймен, тіпті, «коммунистік колонизаторлықпен», коммунистік шовинизммен орнату саясаты еді. Ал мұны жүзеге асыру үшін Украинаны, Қазақстанды, Татарстанды таңдап алды. Қазақстанға БК(б)П Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімі және оның жауынгері «Правда» газеті төрт-бес жыл қатарынан табанды түрде жұмыс істегені архив құжаттары арқылы дәлелденіп отыр. Соның ішінде ұлттық мамандардың ұясы ұлттық ғылыми ойдың мәйегі енді ұйып келе жатқан Ғылым Академиясы мен жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың ұлттық тарихи көзқарасының қалыптасып, ғылыми тұрғыдан бекіп қалмауы үшін іріткі салуды мақсат етті. БК(б)П Орталық Комитеті тарапынан жүргізілген жазалау жұмыстарына дайындықтың қалай жүргенін түсіндіру үшін қысқаша шолу жасай кетеміз.



1950 мамыр-маусым айларында БК(б)П Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімі нұсқаушылары П.Апостолов, Б.Н.Митрейкина және партия, кәсіподақ және комсомол ұйымдары бөлімінің нұсқаушысы А.Петровский «ССР Ғылым Академиясындағы саяси көзқарасы жат мамандармен нығыздала толтырылғаны» туралы «Правданың» Алматыдағы тілшісі Черниченко мен Т.Шойынбаев ұйымдастырған арызды тексеру үшін Қазақстанға келді. Олар өздерінің «әшкерелеуші қорытындысын» 1950 жылы 29 маусым күні БК(б)П Орталық Комитетінің хатшысы Г.М.Мальенковқа жолдады. Онда академияға қарасты барлық мекемелер тексерілді. Черниченко мен Т.Шойынбаевтің ықпалының күшті және тексеруге тікелей ықпал жасағанын комиссияның Академияны қаралауды Е.Бекмаханов пен Кенесары қоғалысына қатысты айыптау мен жер аударылудан қайтып келген «халық жауларының» қызметін анықтаудан бастағанынан-ақ аңғаруға болады. Біз қоғамтану, оның ішінде тарих пен әдебиетке қатысты тұжырымдарға қысқаша ғана тоқталамыз. Онда:

«Жазыылған арызда: Қазақстанның ғылымы мен мәдениет саласында ұлтшылдық көріністерінің орын алып отырғаны, Қазақ ССР Ғылым Академиясында кадрларды таңдауда және орналастыруда большевиктік принциптің бұзылып отырғаны, сынға қысым көрсететіні көрсетілген. Көрсетілген фактілеп тексеру барынсында негізінен расталды.

Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті өзінің қаулыларында: Қазақ ССР Ғылым Академиясындағы кейбір ғылыми қызметкерлері өздерінің еңбектерінде зиянды және идеялық жағынан қате мәселелерді дәріптеп көрсетілетіні, хандар мен байларды марапаттауға жол беретіні, революцияға дейінгі қазақ ауылдарындағы таптық күресті көмескілеп көрсететіні, буржуазияшыл-ұлтшыл идеяларды өткізіп жіберетіні және орысқа қарсы көзқарасты қоздыруға ұмтылғаны – бірнеше рет аталып өткен болатын. Алайда көптеген ғылыми қызметкерлер аталған қателіктер мен бұрмалауларды қайталаумен келеді және оған Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің тарапынан тиісті дәрежеде баға берілмей отыр.

Мысалы, «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітаптың авторы Бекмаханов Кенесары Қасымовтың көтерілісінің маңызы мен сипаты жөніндегі жалған көзқарасты әлі де қасарыса қорғаумен келеді. Ол өзінің осы еңбегінде қазақ халқының тарихына қатысты сенімді дерек көзі ретінде Әлихан Бөкейхановтың – контрреволюциялық «Алаш» партиясының көсемінің еңбегін насихаттап отырғанын, осы кітаптың алғысөзінде «айдаудағы троцкишіл», Бекмахановтың кітабінің редакторы Варшавскийге «ерекше ықылас білдіргенін» жасырып отыр. Коммунист Бекмахановтың троцкишілмен сыбайлас болуы жалғыз бұл емес...

... Әдебиет пен өнер саласында да өрескел қателер қайталанып отыр. Қазақ әдебиетінің орта мектептің ҮІІІ класқа арналған оқулығында Жұмалиев (1948 ж.) «қырық адамның ақылы бар» хандар мен сұлтандарды мадақтайды. Оқулықта ХІХ ғасырдағы реакцияшыл ақындар Мұрат пен Шортаебайдың идеялары обьективті бағытта баяндалады, олардың Шығыстың мұсылмандық мәдениеті мен өткендегі хандықты жырлайтын өлеңдері насихатталады. Мұқановпен бірігіпқұрастырған Жұмалиевтің ІХ классқа арналған оқулығында татардың контрреволюциялық жазушысы, пантүркістік идеяның көсемі Гаспиринский мен 1930-жылы кеңеске қарсы әрекеті үшін сотталып кеткен (Ыбырай, Үкілі Ыбырай – Т.Ж.) Сандыбаевтің аты жүр. ...

Қазақ ССР Ғылым Академиясы 1950 жылы Ақышеваның «Қазақстандағы ірі байлардың мал мен мүлкін тәркілеу» атты шығарды. Кітапта байлардың өшпенділікке толы, кеңеске қарсы пікірлері топтастырылып берілген, байлардың бандиттік көтерілісіне қатысқан кедейлердің көптеген жағымсыз пікірлері мен мысалдары келтірілген. Оның саяси зиянды екеніне байланысты Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті оны таралымнан алып тасталды.

Сол сияқты 1950 жылы жарық көрген Погорельскийің «Көшпелілердің отырықшылануы және Қазақстандағы мал шаруашылығының дамуы» атты таралымнан алынып тасталған кітабында автор: «көшпелілердің рулық құрылымы біз білетін Маркс-Энгельс айтқандай емес, крісінше, Радловтың жазғанындай»,– деп дәлелдеген. Қазақтардың көшпелі өмір салтынан отырықшылыққа көшу мәселесіне байланысты партия мен кеңес өкіметінің орынын жоққа шығарған, керісінше, халық жауы Байтұрсыновтың пікірінен (ашаршылық туралы – Т.Ж.) сілтеме келтірген.

Орталық өлкетану мұражайындағы көремелер орысқа қарсы рухта тәрбие беретін, феодалдық-рулық құрылымды дәріптейтіндей етіп қойылған. Патшалық өкімет емес, керісінше, орыс халқы қазақ халқының қанаушысы етіп көрсетілген...

... Қазақ ССР Ғылым Академиясының толық мүшесі Жұбановтың идеялық жағынан зиянды кітабында ұлтшылдықтың бағыт ашықтан-ашық баяндалған. Ол кітапта («Замана бұлбұлдары» – Т.Ж.) фольклорлық мұра дегенді бүркеншік етіп, революцияға дейінгі «әншіл», «күйшіл» қазақ тарихын орыстарға қарсы ұстанымдағы «әнмен» баяндайды...Сол кітабі үшін Жұбановқа диссертация қорғамастан өнертану ғылымының докторы атағы берілді.

... Республика театрларының сақаналарындағы көптеген пьесаларда, операларда, балеттерде де зиянды идеялар мен образдар орын алған. Көптеген драматургиялық авторы шығармалардың авторлығына партиядан шығарылған ұлтшыл Мүсірепов ие болған. Оның және басқалардың пьесаларында («Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Қамбар мен Назым») Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті 1950 жылы айыптаған феодалдық-патриархалдық сарындағы, аңыздағыдай жомарт хандар мен байлардың тұрмысы дәріптелген поэзиялық шығармалар пайдаланылған...

Мысалы, «Алашорда» партиясының белгілі көсемі Халел Ғаббасовтың туған інісі А.М.Ғаббасовты – Сәтбаев Шөлейттану институтының директоры етіп тағайындаған...

Тарих саласында ұлтшыл, Сәтбаевтің күйеу баласы Әлкей Марғұлан тасаланып жүр. Филология ғылымдарының докторы бола тұрып ешқандай пайдалы ғылыми өнім берген емес. Оның 1939-1940 жылдардың арасындағы жалғыз еңбегі Едіге туралы мақала. Марғұлан бұл мақаласында орыс және қазақ халқының дұшпанын мадақтап, Едігені қазақ халқының ең озық өкілдерінің бірі, оның қорғаушысы етіп көрсетеді. Марғұлан өзінің бұл мақаласын БК(б)П Орталық Комитетінің қаулысында Едігенің реакциялық сипаты әшкерелеген соң жариялап отырғанын айта кету керек.

...Ұзақ уақыт бойы Сәтбаев төрт отбасынан тұратын байдың тұқымдары, ағасы көрнекті контрреволюционер, алашордашы болған Ермековтерді қолтығының астына алып келді...

Академияның президенті Сәтбаев басқаратын Геология институты саяси тұрғыдан барынша күдікті адамдармен нығыздала толтырылған. Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің Академияның жұмысы туралы қаулысынан кейін 1950 жылы осы инсттуттан бұрынғы троцкиишіл, кеңес әскерінің қашқындары, шет ел барлауының агенттерінің, бұрынғы «Алашорда» буржуазияшыл-ұлттық партиясының белсенді мүшелерінің балалары, жиыны 10 адам жұмыстан шығарылды. ...

Академияның Президенті Қ.И.Сәтбаев аса ірі байдың отбасынан шыққан. Оның екі ағасы кеңес өкіметін мекемесі тарапына репрессияға ұшыраған. Сәтбаев өзінің 1917-1919 жылдары «Алашорда» контрреволюциялық партиясына белсенді қызмет еткенін партиядан жасырып келген...

... Тексерудің материалдары таяу арада Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бюросында талқыланатын болғандықтан да Қазақ ССР Ғылым Академиясының басшылығын ауыстыру туралы ұсыныс қойылғаны жөн болар еді – деп есептейміз»

Міне, Орталық Комитеттің нұсқаушыларының саяси өресі қандай дәрежеде болған және қандай «ірі ғылыми мәселелермен» айналысып, анықтаған. Анығы, бұл «Қорытындыны» жазуға Черниченко, Шойынбаев тікелей атсалысқан және ... Б.Н.Митрейкин де тікелей мүдделі болған. Өйткені, ол СССР Ғылым Академиясының филиалдары мен базаларының ғалым хатшысы болып жүрген кезінде Қ.Сәтбаевпен қас-қабағы жараспапты. Қ.Сәтбаевтің осы «Қорытындыға» берген 25 тамыздағы Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов пен БК(б)П Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімінің мкңгерушісінің орынбасары В.С.Кружковқа берген түсіндірмесінде: «Ол (Митрейкин – Т.Ж.) 1941-1945 жылдары Қазақ филиалына немкетті қарады, тіпті өзінің саруайымшыл күңкілімен оның өсуі мен дамуына кедергі жасады. Сол жылдары Қазақ филмалында құрылған кез-келген жаңа ғылыми институт Митрейкин жолдастың тарапынан үнемі «штыкпен» қарсы алынды, «қалай болып қалар екен» деген жалтақтықа жол берді»,– деп жазуы Митрейкин мен Сәтбаевтің екіарасы «ежелгі жау дос болмас» деген жағдайда екенін байқатады. Өз кезегінде В.С.Кружков мәселені БК(б)П Орталық Комитетінде тезірек талқылауды жүзеге асыру үшін «Правда» газетіне тапсырма беріп, Қазақ ССР Ғылым Академиясы жөнінде сын материал жариялауды тапсырды. Ал олар «дайын тұрған» Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы жазылған Е.Бекмахановтың кітабін оққа байлады. «Қазақстан тарихы туралы кітаптағы бұрмалаушылықтарға қарсы» деген сыни мақала ұйымдастырып, «Правда» газетінің сын және библиография бөлімі редакторының орынбасары В.Озеровті Ж.Шаяхметовке жолығып, оның пікірін біліп келуге жіберді. Бүкіл қазақ елін «жау шапты» деп атойлатуға мүмкіндік берген екеуара әңгіменің жазбасы мынадай:



«1950, қазан. Сұрақ (мақала мее өзге де құжаттарды екі рет оқып шыққанан кейін): – Біздің әңгімемізді қалай түсіндіруге болады және Сіздің пікіріңізді қалай қалай жеткізу керек?

Жауап: – Ең басты мәселені бөліп алып жауап кереу: Кенесарының қозғалысы реакциялық қозғалыс болды ма, әлде прогрессивтік қозғалыс болды ма? Біз оны осы уақытқа дейін прогрессивті деп есептеп келдік. Шәріповтің мақаласы Орталық комитеттің пікірін білдіреді. Егер «Правда» қалай да бұл мәселе жөнінде пікір білдіруді қажет деп шешсе, егерде бұл мәселе пісіп-жетілді деп есептейтін болса, онда бұл мәселені одан әрі талқылау барысында тұғыр етіп алу үшін мақаланың өктем мәнерін (об изменении тона) өзгертуді ойластырған жөн шығар. Біздің да атқарған жұмыстарымызды атап өту керек, Шәріповтің мақаласын, сонымен қатар өзге де құжаттарды жариялату арқылы Орталық Комитет дұрыс бағытта жұмыс істеді ғой.

Сіздің мақаланың авторлары жөніндегі сұрағыңызға жауап ретінде айтарым мынау: бұл мәселені көтерудегі өздерінің орынын дұрыс түсінбей, Орталық Комитеттің басына шығып, масайрап кетпес үшін мақаланы мұнда қолы қойылған адамдардың атынан бермегендеріңіз дұрыс. Бүркеншік атпен, ең дұрысы орыс фамилиясына ұқсас келетін атпен бергендеріңіз жөн. Әйтпесе, қазақтың астарлы фамилиясының артында кімнің жасырынып тұрғанын іздеп бүкіл Қазақстан шабылып жүрмесін. Мақаланы маған көрсетіп, сенім білдіргендеріңізге өте ризамын»,– деп екіұштылау жауап беріпті Ж.Шаяхметов жолдас.

Ж.Шаяхметовтің бұдан басқа мазмұнда жауап беруі мүкін бе еді? Әй, қайдам. «Мақаланы екі рет оқыған соң», «Қалай да бұл мәселе жөнінде пікір білдіруді қажет деп шешсе», «мәселені көтерудегі өздерінің орынын дұрыс түсінбей», масайрап кетпес үшін» деген сөздер Кенесары Қасымов қозғалысы мен Е.Бекмахановтың соңына түскендердің де табанды күресін, талыс сүйенішін танытады. Осы уақытқа дейін оларға Ж.Шаяхметов тосқауыл қойып келсе, енді оған «ризашылығын білдіру» ғана қалған еді.



Бұл мәселенің «беті кері қайтпайтындай теріс бағып кеткенін» 1950 жылғы 12 желтоқсан күнгі «Правданың» бас редакторы Л.Ф.Ильичевтің БК(б)П Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, әлемге «коммунистік идеологияның сұр кардиналы» деген аты шыққан М.А.Сусловқа тақырыбы «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деп қайтадан өзгертілген қызмет бабындағы мәліметтік жазбасы анық дәлелдейді. Мұнда сол кездегі Қазақстандағы саяси көзқарас ахуалынан және ұлттың адал азаматтарының ұстанған пікірінен толық мағлұмат берілетін болғандықтан да, тұтас келтіреміз:

«Кенесары Қасымовтың қозғалысына дұрыс баға бермеген Е.Бекмахановтың мәселесі туралы әр кезде бірнеше адам: мәскеулік тарихшы Якунин мен Х.Ғ.Айдарова, қазақ тарихшысы Шойынбаев, «Правданың» меншікті тілшісі Черниченко редакцияның алдына арнайы мәселе ретінде қойып келді. Якунин мен Х.Ғ.Айдарованың, Шойынбаевтің бірігіп жазған мақаласы редакңияның алқа кеңесінде үш рет талқыланды. Кенесарының қозғалысы туралы мәселені П.Кузнецов («Правда»), Морозов пен Лихолат (БК(б)П ОК үгіт-насихат бөлімі) жолдастар арнайы қарастырып шықты. Олардың барлығы да Е,Бекмахановты айыптаған бұл мақаланы жариялау жөнінде ұсыныс білдірді. Мақала жариялауға қабылданды.

Е.Бекмахановтан жедел хат алған соң және сіздің нұсқауыңызбен қосымша тексеру жұмыстары жүргізілді. Правда» газетінің сын және библиография бөлімі редакторының орынбасары В.Озеров арнайы Алматыға барып қайтты. Қазақ тарихшыларының көпшілігі Е.Бекмахановтың ұстанымына қарсы екені, оны буржуазиялық-ұлтшылдық деп бағалайтыны анықталды. Қазақ ССР Ғылым Академиясының басшылығы (Сәтбаев жолдас) және орталық клмитеттің қызметкері (Омаров), (иә, олар үшін Орталық Комитеттің хатшысы жай қыземткер – Т.Ж.) Кенесары Қасымовтың қозғалысына реакциялық қозғалыс ретінде баға берілген жарияланымға үзілді-кесілді қарсы екендіктерін мәлімдеді.

Мақаламен Шаяхметов жолдас та танысып шығып: оның өзі қозғалысты реакцияшыл деп есептемейтінін, егерде мәселе пісіп-жетілді деп есептеп, «Правда» мақаланы жариялауға бекінсе, онда оған кейбір өзгерістер енгізу керектігін білдірді. Өзерістер енгізілді.

Бұдан басқа, «Правда» редакциясының сын және библиография бөлімі арнайы кеңес шақырды. Онда мақала әр түрлі көзқарас иелерінің талқылауына ұсынылды. Мақаалаға қарсы Бекмаханов пен Вяткин жолдастыр (кітаптің редакторы) қарсы сөйледі, олар Бекмахановтың соңғы хатының рухында, бірақ бұрынғыдай өктем емес, пікір білдірді. Якунин, Х.Ғ.Айдарова және Қазақстаннан арнайы келген Б.Сүлейменов – Е.Бекмаханов кеңестің назарына ұсынған құжаттарды жоққа шығарды.

Содан кейін мақала редакция алқасында төртінші рет талқылауға қойылды, тағы да Морозов пен Лихолат жолдастардың қарауына жіберілді. Олар: басылсын – деген ортақ пікір білдірді.

Е.Бекмахановтың соңғы хаты, оның бұрынғы ұстанымын ақтауға тырысуымен ғана емес, сонымен қатар күш көрсете баяндаған өктем мәнерімен (угрожающим тоном), сондай-ақ бірқатар жалған айыптауларымен және қарама-қайшылықтарымен назар аударады.

Е.Бекмаханов мақала авторларын (олардың аттары оған белгісіз болатын) дұшпанның қолшоқпары деп атады. Оның ойынша, мақала: «қаазақ халқының жаулары – буржуазияшыл-ұлтшылдар мен космополиттер қасақана қуана қолдап отырған жалған пікір» екен. Сөйтіп ол мақалада айтылмаған тұжырымдарды дәлелдеуге тырысты.

Мысалы, Е.Бекмаханов: авторлар Кенесары мен Шәмілдің арасын салыстырады,– деп көрсетеді, ал мақалада Шәмілдің аты да аталмайды.

Бекмаханов мақала авторларына: «...(ХІХ ғасырдың) 30-40 жылдары қазақ еңбекшілері отаршылдық езгіні басынан кешірген жоқ – деген пікір айтады. Мұндай тұжырымдар патшалық реакциялық-отарлаушылық саясатын тікелей қорғау болып табылады»,– деп кінә тақты. Ал мақалада: «Қазақстанның Россияға қосылуы «прогрессивтік сыпат алды» – деп көрсетіле отырып, бұдан әрі «сонымен қатар, патшалық өкімет, ХІХ ғасырдың 30-жылдарында қазақ даласы мен Орта Азияға басып кіруі арқылы еңбекші бұқараға ауыр езгі жүргізді. Орыс патшалығының отарлау саясаты, зорлық пен тонаушылық қазақтардың заңды қарсылығын тудырды»,– деп көрсетілген болатын.

Е.Бекмахановтың хатының өзінде тікелей қайшылықтар бар. Мысалы, ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы Орта Азиядағы ағылшын-орыс қатынастарының шиеленісуін жоққа шығарады (16-18 беттер). Ал Бекмаханов сол кітабінің ішінде орыс әкімшілігі жүйесіннің Қазақстанға енгізілуі үрдісі жөнінде: «... бұл үрдіс 30-жылдары ағылшын-орыс қатынастарының бәсекесіне байланысты бұрынғыдан да кең түрде шиеленісе бастады... Орта Азия бірте-бірте орыс-ағылшын бәсекесінің негізгі күрес майданына айналды»,– деп жазды (114-бет).

Е.Бекмахановтың хаты – тек қана өзінің теориялық ұстанымын табанды түрде қорғау ғана емес, сонымен қатар мақаланың жариялануы мәселесін шешуге көрсетілген қысым болып табылады.

Сондықтан да мақаланың жариялаған жөн болар еді деп есептейміз.

Л.Ильичев».

Мұның өзі Кенесары қозғалысын теріс бағалау арқылы қазақтың ұлт-азаттық идеясын мәңгілік өшіруге бағытталған «иделологиялық жазалау» саясатының, С.Сәдуақасовтың салыстырмалы бағасымен айтсақ, «патшалық отарлаудың» – «коммунистік – колонизаторлыққа» жүйесіне ауысудан басқа ештеңе емес» екенін танытады. Әрине, «сұр кардинал» Суслов сумаңдаған жіңішке, арық, салалы саусақтарымен сондай бір сүйінішпен сүйкете қол қойғаны анық. Реті келгенде айта кетейік, ол араға тіра отыз бес – отыз алты жыл өткен соң қазақ тарихын тағы да жоққа шығаруға ұмтылып, Олжас Сүлейменовтің «Әліп пен ақын» кітабіне тура осындай қаулығы қол қоюға тапсырма берді. «Сұр кардиналдың соңғы жазалау жарлығы» орындалмай қалды. Уақыттың екпіні мен ырғағы өзгерді, оның бойындағы «коммунистік-колонизаторлық» қуаты да сарқыла бастап еді.

Сонымен, 1950 жылы 26-желтоқсан күні партия мен кеңес өкіметі қазақ халқына аса қуатты әрі жазалаушы, халық жауларын әшкерелеулер мен алаауыздыққа итермелеген, сөйтіп, ұлттың мәйегін іріткен арандатушы «жолдауы» арқылы жаңа жылға (тосын сый тартты».

Ал Қазақстанда бұл ерекше екпін алып, құйындата жөнелді. Сөйтіп, «қызыл өңешке сүйенген» жандайшап әшкерелеулер жаныға қарқын алды. Басында ғылыми мекемелерде ғылыми немесе шығармашылық мәселе ретінде талқыланған «идеясыздық» пен «буржуазияшыл, феодалшыл ұлтшылдықтар» зиялылардың жеке басын қатерге тігіп, сотталып, қуғынға ұшыратты. Қазақстанда солардың алғашқысы болып қарауылға Мұхтар Әуезов және оның осыдан жиырма жылдай бұрын жазылған «Хан Кене» пьесасы ілінді. Соңы қызылкеңірдекке ұласып, ұлт көсемдері дәрежесіне көтерілген тұлғалардың өзі бірін-бірі көрсете бастады.

Қазақстан зиялылары жаппай және жағаласа жау іздеуге көшті. Мақаладағы басты пікір: Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық көтерілісі қазақ халқын орыс халқына қарсы қойды, ол хандықты көксеген қозғалыс, қазақ ғалымдары мен шығар машылық иелері Кенесарыны ұлттық қаһарман ретінде әсіре мадақтайды– дегенге сайды. Онда:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   61




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет