« (...) Известно, что национальный вопрос в разные времена служат различным интересам и принимает различные оттенки, в зависимости от того, какой класс и когда выдвигает его. Кенесары Касымов и окружавшая его феодальная верхушка, увидев как невыгодно было им потерять старые привилегии и могучество начали борьбу за возрождение средневекового ханства. Все исторические данные говорят о том, что движение Кенесары не было ни революционным, ни прогрессивным. Это было реакционное движение, которые тянуло казахский народ назад, к укреплению патрихально-феодальных устоев, и реставрации средневековой ханской власти, и отрыву Казахстана от России и великого русского народа»,– деп (әдейі түпнұсқалық мәтін алынды) пікір білдірді.
«Правданың» мақаласы – сот үкімінен де пәрменді еді және Орталық Комитеттің бірінші хатшысы да оның күшін жоя алмайтын. Сол үкім енді Қазақстанның тағдырын ұршықтай иірді. Бұл жолы да «әйгілі жүйрік», Қазақстан қоғамдық ғылымдарының бас идеологі Сақтаған Бәйішев «жау шаптылап» шықты. Орталық Комитеттің алдағы күндердегі найзағайлы дүлейінің (смерчь) жойқын екпіні мен шабуылдар майданының ауқымын белгілеп, «барлай отырып атой салған» бұл мақалаға сол кездегі «Социалистік Қазақстан» гезетінің бас редакторы Қасым Шәріпов пен Орталық Комитеттің сол кездегі нұсқаушысы, тарихшы, кейіндері осы жолдардың авторына КПСС тарихынан дәріс оқыған А.Қайыргелдин қол қойды.
1951 жылы 21-ақпанда «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған бұл мақала «Ғылымдағы идеясыздық пен бисаясаттыққа жол берілмесін» деп аталды. Онда Тіл және әдебиет институты өзіне бөлінген қаржының барлығын ел арасына арнаулы экспедицияларын шығарып, күмәнді қолжазбалар мен жырларды жинауға Бекмаханов жұмсағандығын алға тарта келіп:
«... Алайда Тіл және әдебиет институты өткен дәуірдің мұрасын жөндеп игере алмады. Бұл әдеби материалдардың көпшілігі әлі зерттелмеген, олардың қаншалықты бағалы екендігі белгіленбеген. Ал кейбір шығкармалардың ( «Есім хан», «Телағыс», «Жәнібек», «Ақалық» және басқалары) өткен дәуірдің ақындарының ауыздарынан шыққандығы күмәнді. Өйткені бұл шығармаларды қазіргі замандағы ақындар жинаған және бұл шығармалардың қайдан шыққандығы докүмент бойынша көрсетілмеген. Қазіргі замандағы ақындар жазған осы қиссалардың кейбіреуі өткен дәуірдің жырларына жатқызылған, ал, екніші жағынан, қазіргі замандағы жинаушы ақындардың өз шығармалары деп есептелген. Әрине, өткен дәуірдің әдеби мұраларын жинап, жариялау ісіндегі мұндай теріс әдістің түбінде қазақ әдебиетінің тарихын фальцифакациялауға апарып соқтыратыны даусыз», – деп шырғы тастады.
Сонда, іргесі жаңадан құрылған Тіл және әдебиет институтының қолжазба қоры болмаса, фольклор мен ауыз әдебиетінің үлгілері, эпостық мұралар мен қиисалар, айтыстар мен халық ақындарының жырлары, тарихи оқиғалар мен шежірелер жиналмаса, онда қандай ғылыми тақырыппен айналысуы мүмкін? Араға жарты ғасыр өткеннен кейін бұл мұраныі 100 том шығуына негіз қалаған да сол тұстағы ғылыми экспедициялар жинақтаған мұралар екенін ескерсек, жоғарыдағы үш ғалымның, соның ішінде мақаладағы материалдарды жинақтап берген С.Бәйішевтің бұл пікірі – пікір емес, арандатуға құрылған жалған жала екенін аңғар қиын емес. Бірақ та С.Бәйішевтің бұл пікірсымағы дұрыс емес деп өзгені былай қойғанда М.Әуезовтің өзі де қарсы шыға алмайтын. Ал ол мұралар жинақталмаса қалай ғылыми тұрғыдан «қаншалықты бағалы екендігі қалай белгіленбек»? Ал «фальцифакациялауға апарып соқтырғандар» туралы:
С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Тіл және әдебиет институты және оның ғылыми қызметкерлері өткен дәуірдің материалдарына, әсіресе бұл материалдарды жинаушыларға сын көзімен қарау дегенді мүлде қойған. Ескі мұраларға осындай бипартиялық көзбен қарау салдарынан, жиналған материалдардың бәрі халық шығармасы деп танылған, ал материал жинаушылардың бәрі халық ақыны деп есептелген. Институттың халық ақыны деп жүрген адамдарының бірі Шәкір Әбенов ХІХ ғасырдың ақыны Дулаттың барлық өлеңдерін жазып берген; сөз ырғағының бәрі қазіргі заманға сәйкес келетіндігіне қарағанда, бұл өлеңдердің Дулаттікі екендігі өте күмәнді. Немесе, ХХ ғасырдың белгілі ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туысы Шаймерден Торайғыров Сұлтанмахмұттың өлеңдерін өз қолымен қайта өңдеп, буржуазиялық-ұлтшылдық сарындағы шығармаларын қазіргі заманға сәйкестірген; осының нәтижесінде Сұлтанмахмұт Торайғыров ешбір қайшылығы жоқ, социалистік реализм бағытындағы таза совет ақыны болып шыға келген»,– деген жорамал жасайды.
Шындығында, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың екі томдық шығармаларының қолжазбасын Машһүр Жүсіппен ақылдаса отырып жинақтаған, баспаға дайындаған Жүсіпбек Аймауытов болатын. Ол қолжазбаны Ілияс Жансүгіровтің жары Фатима Ғабитова сақтап қалған мұрағаттардың ішінен алып, ғылыми айналымға түсірген Бейсенбай Кенжебаев еді. Ол кезде Ілиястың атын атауға тиым салынғандықтан да Шаймерден Торайғыровтың нұсқасының арасына кіріктіріп пайдалануға мәжбүр болды. Ал күні бүгінге дейін анда-санда басы қылтиып қалатын Дулат мұрасын толықтай жинақтап өткізуші, тура осы жылы бесінші рет түрмеге қамалған Шәкір Әбеновпен арадағы бауырлық базынамызды пайдаланып, шындығын айтуын сұрағанымызда, Дулаттың өлеңдері мен дастандарына еш қиянат жасамағанын, оны осы көркемдік кестесі мен тілдік тазалығы үшін Абайдың ұстаз тұтқандығын, тек өзі жазған жалғыз өлеңді тұтқындалар алдында ішіне тығып кеткенін уәде бере айтып еді. Бұл пікір оның көзі тірісінде баспасөзде жарияланған болатын. Кейінгі толқынның қаперінде жүрсін деген ниетпен түсінік арасына кіргізіп отырмыз. Өйткені, бұл бопсаларға сенгенсіп, пікір қозғағансығандарың қазір де қылт ете қалып жүргені алаңдатады.
С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Тіл және әдебиет институтының ескі мұраларға арналған материалдарының бәрінде де қазақ халқының өткендегі тұрмысы дәріптеледі, қанаушы таптардың өкілдері, хандар, билер мақталады; қазақ халқының бүкіл тарихы сыңаржақ көрсетіледі, қазақ ауылдарындағы тап күресі бүркеліп қалады. Институтың ғылыми қызметкерлері қазақтың феодалдық-рулық құрлысының тарихымен әуестеніп, соның сарынына түсіп кеткен. Институтың ғылыми қызметкерлерінің жеке еңбектерінде, сонымен қатар баспаға дайындалған «Қазақ әдебиеті тарихының» І томында қазақтың түрлі хандарының – Абылай, Кенесарының басқаларының заты асыл, данышпан адамдар еді деп дәріптейтін ертегілер, өтірік-аяң сөздер бар. Соқыр сенімдегі надан адамдардың бір кезде ойдан шығарған осындай жалған ертегілерін институтың ғылыми қызметкерлері халық шығармасының үлгісі деп таныған.
ҚК (б)П Орталық Комитеті өзінің қаулысында былай деп жазды: Тіл және әдебиет институтының еңбектерінде, бірсыпыра ғылыми қызметкерлердің диссертацияларында «әдебиетті қоғамның материялық тұрмыс жағдайларынан ажыратушылық бар, қазақ ауылдарындағы тап күресін бекерге шығару немесе бүркемелеу бар, бұрынғы феодалдық-рулық құрлысты дәріптеушілік бар. Революциядан бұрынғы ақындардың ауызша шығармаларын, билердің шешендік сөздерін талдағанда олардың шығармаларының әлеуметтік мәні мүлде ашық көрсетілмеген. Тарихта белгілі феодалдар – Кеңгірбай, Қараменде, Шорман жән басқалар сияқты бұқара халықтың жаулары – халықтан шыққан данышпандар, халықтың қорғаушылары еді деп мақталады».
Қазақстандағы көрнекті тіл мамандарының бірі Кеңесбаев жолдас Қазақ ССР Ғылым Академиясының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде былай дейді: «Қазақстанның тіл мамандарының алдында тұрған. кезекті міндет – ертедегі тіл мамандарының – түркологтардың зерттеулерін қорыту, түріктердің (қазіргі қолданылып жүрген «түркі» ұғымы мағынасында – Т.Ж.) жазба мұраларын зерттеу жөніндегі түркологтардың бағалы еңбектері қазақ тілінің тарихын жасаудың негізі болуға тиіс» (астын сызған біз). Қазақстанның әдебиетшісі Әуезов жолдас та өзінің «Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу мәселелері» туралы баяндамасында тегінде осыны айтты.
Әрине, әдебиет пен тіл тарихын зерттеуге, арғы замандағы түрік тұқымдарының әдебиет тарихы мен тіл тарихын зерттеулеріне ешкім де қарсы емес, бірақ біз Кеңесбаев жолдас пен Әуезов жолдасқа мынадай сұрақ қояр едік: қазіргі заманғы қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің негізгі мәселелері осы ма, қазіргі тұрмысымыздың өте қажетті, кезекті міндеті осы ма? Бұл жолдастар мынадай даусыз фактыны елемей отыр: қазақтың жазба әдебиеті, қазақтың мемлекеттік әдеби тілі шынында Ұлы ОктябрьСоциалистік революциясынан кейін туып, өркендеді».
Бұл пікірлер алдағы уақытта әшкереленетін панисламизм, пантүркизм, әдебиеттің тапсыздығы, фольклор мен эпос туралы «ұйымдастырылатын тақырыптарға» көрсетілген нұсқау болатын.
С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Өте сауатсыз жазылған диссертациялық еңбектің бірі – Ә.Қоңыратбаевтің «Лироэпос» («Ғашықтық жыры») деген еңбегі Диссертант өзінің еңбегінде қорытылмаған шикі материалдарды жинай берген, осы мағынада бұл нңбекті ғылыми еңбек деп атауға болмайды. Қоңыратбаевтың диссертациясы идеясыздықтың, бисаясаттықтың, бипартиялықтың үлгісі болып табылады. Қоңыратбаев жолдас өзінің еңбегінде көрінеу саяси қателер жіберген. Ол маркстік методологияны қолданудың орнына, бір кездерде буржуазияшыл ұлтшылдардың қатарында болып, солардың идеологиясын насихаттаған кейбір совет әдебиетшілернің теріс, қате, зиянды пікірлерін қолдаған, саяси сезім дегеннен айырылғандықтан, автор буржуазиялық-ұлтшылдық былықтарды тарихқа енгізуге тырысқан. Сонсын, өзінің еңбегінде автор адамзат тарихының қоғамында болған өндірістік қатынастардың негізгі түрлерін шатастырып, қазақ өмірінде «бақташылар қоғамы», «көшпелі қоғам», «бектік қоғам» және осы сияқты ерекше қоғамдар болған деп былжырайды».
Алдындағы ағаларының барлығы халық жауы атанған Әуелбек Қоңыратбаевты басына сөйлеуі оңтайлы тәсіл. Бірақ «кімнің былжырағанын» тарих өзгеше көрсетіп берді.
С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Б.Кенжебаев жолдастың «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындығы» деген еңбегі де қатеден сау емес. Кенжебаев жолдастың диссертациясында революциядан бұрынғы қазақ ауылындағы таптық жіктелу жоққа шығарылған, осының салдарынан ол ХХ ғасырдың басындағы бірсыпыра әдебиет өкілдерін жалпы ұлттық, жалпы халықтық қайраткерлер есебінде сипаттайды. Шығармасында талай қайшылықтар кездесетін демократ ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровты автор диалектикалық материализм позициясындағы, ғылыми коммунизмді таныған философ деп есептейді. Бұл, әрине, Торыайғыровтың шығармаларын тым асыра бағалау болып табылады. Осындай бірсыпыра қателері бар диссертациялық енңбектердің жақсы бағалануы ғылыми қызметкерлер арасында принциптік сынның жоқтығын, қайта шірік либерализмнің бар екенін көрсетеді».
Иә, «шірік либерализм» мен «вульгарлық социалигизмнің» бірін-бірі жақтыра қоюы мүмкін емес. Ал өз дегенінен қайтпайтын Б.Кенжебаев араға бес жыл өткен соң Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық мұраларын әдебиет тарихына қайта енгізді.
С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Тіл және әдебиет институтында ғылыми кадрлардың мамандығын арттыру ісі жолға қойылмаған. Институтың қызметкерлерлігіне немесе аспираттығына кездейсоқ адамдар алынған. Институттағы ғылыми қызметкерлер мен аспиранттардың жалпы білім дәрежесі төмен, олардың бірде-бірі большевизм теориясы мен тарихын шындап үйреніп жүрген жоқ. Бекбергенов, Тәжібаев, Тұрысбекова, Нұрмағамбетова және басқалар сияқты көп аспиранттар марксизм-ленинизм негіздері мен ағымдағы саясаты жөнінен әліп-би мәселелерді де айыра алмайды... Филология ғылымдарының кандидаттары Шалабаев, Қоңыратбаев, Нұртазин сияқты институттың бірсыпыра басты қызметкерлері Сталин жолдастың шығармаларының бір томымен де таныс емес. ... Олар Маркстің: «Ғылымда даңғыл жол жоқ, кім де кім жалықпастан ғылымның тасты соқпақтарына түсіп тырмысса, тек сондай адам ғана ғылымның сәулелі шыңына жете алады», – деген данышпандық нұсқауын ұмытқан. Олардың мұны ұмытқан себебі – институтта бипартиялық, идеясыздық күшті болған, бірінің қатесін бірі көрсетпей, кемшілікті жасыра түсу жұмыстың стиліне айналып, кейбіреулердің еңбексіз ғалымдыққа жетуіне жол ашылған. Осындай ғылымдардың бірі Ә. Маметова өзінің «Қазақтың шешен билерінің сөздері» деген диссертациялық еңбегінде халық мұңын қорғаған бір бидің сөзі еді деп мынаны айтады:
«Ауыл құты – бәйбіше, ру құты – ақсақал, аймақ құты – би, ұлт құты - хан».
Институттың басшылары мен оппоненттер Маметова жолдастың еңбегін мақтағанда, осы былығын көре тұрып мақтады ма екен! Өзінің тарихи дамуында талай заманды артта қалдырып, Советтік Отанымыздың саясында өсіп өркендеген қазақ халқына керегі – бұрынғының әдет-ғұрпы мен салт-санасы емес, бүгінгі күннің тіршілік мұқтажы екендігі Тіл және әдебиет институтындағы жолдастарға түсінікті емес пе екен!»
Қазақ ұлтының рухани мұраларының ғылыми тұрғыдан байыпты зерттелуінің қажеттілігі Тіл және әдебиет институтының ғалымдарына түсінікті болатын. Ал солардың бұл дұрыс ниетін:
«Мұның бәрін білімнің аздығынан, тәжірибесіздіктен кеткен кездейсоқ қате деуге бола ма?».
Болады екен. Өйткені:
«Бұл – қате ғана емес, бұл – –теріс бағыт. Мұның негізі – қазақтың бұрынға феодалдық құрылысын дәріптеу, өткен дәуірдің түрлі өкілдерін мақтап, кейбір реакцияшыл элементтерді ақтап алу, қазақ ауылында тап күресі болғанын жоққа шығару»,– екен – міне, сондықтан да ғылым, әдебиет және көркем өнер қайраткерлері жайлысында жасаған баяндамасында ҚК(б)П Орталық Комитетінің секретары Шаяхметов жолдас: «Тіл және әдебиет институтының кейбір қызметкерлері, тілесе де, тілемесе де, әлдеқашан қиратылып, ұмытылған жергілікті ұлтшылдыққа өздерінің қателері арқылы есік ашты»,– деп өте дұрыс айтты. Қазіргі заманның тақырыбынан қашқақтау, әдебиет пен тіл мәселелерін большевиктік партияның саясатынан – советтік құрылыстың тіршілік негізі ьһболып табылған саясаттан бөлек алып қарау, шынында да, буржуазияшыл-ұлтшылдық идеологияны жандандыруға, идеясыздық пен бисаясаттыққа жол ашады. Өйткені ұлы Ленин айтқандай, бипартиялық дегеніміз – буржуазиялық иея, ал партиялық дегеніміз – социалистік идея. Сондықтан да Қазақстан коммунистер (большевиктер) партиясының Орталық Комитеті ғылым мен әдебиеттегі бисаясаттық фактілерін елеусіз қалдыра алмады, халықтың рухани тілектерін орындауда өздерінің борыштары мен мііндеттерін ұмытқан адамдарға қарсы күресін бәсеңдете алмады. ҚК(б)П Орталық Комитеті «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысында БК(б)П Орталық Комитетінің идеология мәселелері жөніндегі нұсқауларыына толық сүйене отырып, әдебиетшілер мен тіл мамандарының таяудағы міндеттерін көрсетіп берді. Біздің әдебиетшілеріміз бен тілшілеріміз партияның нұсқаууларыын толық қолданып, идеологиялық жұмыстағы саяси қателер мен бұрмалаушылықтарды тереңнен ұға білулері керек, ол қателердің зардабын жоя білулері керек, сөйтіп, ғылым мен әдебиетте идеясыздық пен бисаясаттыққа жол бермеулері керек. Ғылым мен әдебиетте партиялық күшейсін! Партиямыз бен халқымыздың қазіргі талабы осы. Бұл талап коммунистік қоғам орнату жолындағы күрестің алдыңғы қатарындағы идеология майданының барлық қайраткерлерінің жұмысына негіз болуға тиісті»,– болды.
Мұндағы айтылған әр «нұсқау» алдағы үш жыл бойы тікелей саяси нақандық қызметке айналып, әр сөз, әр орам, әр адам жеке-жеке әшкереленіп, жеке-жеке талқығы түсті. Ал жазушылар өздеріне тиесілі қызыл сөзді барынша саяси тұрғыдан қырнап, «батылдандырып» (С.Мұқанов), неғұрлым әсерлі орамдармен түрлендіріп, «өздерінің жұмысына енгіз етіп алды». Ұстазымыз А.Қайыргелдин марқұм, осы жайларды: «Біз не істемедік...»,– деп қызулана сөйлеп келіп, қолын бір-ақ сермеумен аяқтайтын. Зады өзінің де осы мақалаға қол қойғаны және оның «мәдениет майданында» салған ылаңы есіне түсіп кететін болса керек.
Ал Мұхтар Әуезов «өзіне не істемеген, ойына келгеннің бәрін істеген» Марксизм-ленинизм институтының директоры Сақтаған Бәйішевті
«Мен өзімінің тарапымнан, баған бір айтып өткенімдей, С.Б.Бәйішевтің Қазақ ССР Ғылым Академиясындағы біздің акдемиктердің қатарынан орын алуы барынша мақсатты және қажетілік екендігін терең құрметпен сезіне отырып, толық сеніммен оның кандидатурасын қолдаймын. Оның барлық ғылыми-зерттеулері мен қоғамдық қызметтерін қорытындылай отырып, Сақтаған Бәйішұлының жеке тұлғасының көптеген белгілері осы кандаидатураға толық лайық келеді. Онда ғалымға аса қажетті ішкі адалдыққа қоса – талапшылдық, табанды қайсар адамның мінезі бар. Мұның барлығы ғылым Академиясына дәл бүгін аса қажетті, септігін тигізетін мінез. Ғылым Академиясы өзінің қатарын лайықты академикпен толықтыруы қажет. Менің ойымша, Сақтаған Бәйішұлы арқылы Ғылым Академиясы сондай кандаидатпен толығатынына сенемін»,– деп академиктік атаққа қуана-қуана қолдады.
Осы ретте замандастарының: «Әуезов көргісі келмесе – тауды да көрмейтін, алғағысы келсе – өзіне өмір бойы қастандық жасап келген адамды да жойдаусыз мақтай жөнелетін»,– деген пікірі ойға оралады. Бұл пікірді айтуға қандай ішкі мүдде мәжбүрлік етті, кім білсін, бірақ ақ тілегі еді деп тағы да айта алмаймыз. Әлде әдеттегідей Орталық Комитет мәжбүр еткендіктен алдағы үмітті күндердегі алар сыбағасына алаңдамас үшін осындай қадам жасады ма. Бұл, әрине, кез-келген ұлы адамның бойындағы қайшылық. Бір анығы, әйтеуір, «партиялық әділ принциптен» тумағаны шындық. Ал тура сол кезде М.Әуезов «терең құрметпен сезіне отырып, толық сеніммен» қарайтын, бойынан «ғалымға аса қажетті ішкі адалдыққа қоса – талапшылдық пен табанды қайсарлықты» көрген» С.Бәйішев өзге бір пиғылдағы идеологиялық майданның саяси комиссары ретінде «табандылық пен қайсарлық» танытып жатқан болатын.
«Жазалау саясатының» екпіні мен пәрмені бәсеңсіп қалмас үшін «Правда» газеті өзінің тілшісі А.Черниченко арқылы түрлі қостау пікірлерін (отклик) ұйымдастырып, Қазақстандағы әр бір әшкерелеуді «Правданың» бас редакторы Л.Ф.Ильичевқа, ал ол өз кезегінде М.А.Сусловқа жеткізіп отырды. Сөйтіп, бүкіл Қазақстанның идеологиясы тікелей Кремльдің қадағалауын көшті.
Жаппай науқан 1951 жылдың 11-12 наурызы күндері Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих институтында басталды. Онда «Правда» газетіндегі мақала толықтай мақұлданып, Кенесары және тарихшы Е.Бекмаханов «қазақ халқының жауы» болып жарияланды А.Черниченко оның есебін «Правданың» бас редакторына жіберді, ал ол 13 нарыз күні Ильичевтің ілеспесімен Сусловқа жеткізіліпті. Сусыманың мазмұны мынадай:
«Правданың» мақаласын талқылауға арналған Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих институтының жабық партия жиналысы екі күнге созылды. Жиалысқа 30 адам қатысты. Жарыссөзде 11 коммунист сөйледі. Онда кеңейтілген қаулы қабылданды. «Правданың» мақаласы өте дұрыс деп табылды. Газеттің жарияланымы «Правданың» Қазақстан ғылымының дамуынан жасалған қамқорлық деп бағаланды. Қаулының әшкерелеуші бөлімінде: Кенесары қозғалысын феодалдық-реакциялық, монархиялық қозғалыс. Кітап авторы Бекмаханов – буржуазияшыл-ұлтшыл, троцкишіл Варшавскиймен ауыз жаласқан, екеуі бірігіп идеология майданына зиянкестік келтіріп отыр – деп бағаланды.
Ал қаулының шешім қабылдайтын бөлімінде: Бекмахановтың партиялық мәселесі ол Москвадан қайтып келген соң талқылансын. Оны ғылыми дәрежесі мен атағынан айыру мәселесі көтерілсін. Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінен оның кітаптарына тиым салу өтінілсін. «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымын жүзеге асыру мәселесі ұсынылсын. Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің хатшысы Омаров жолдастың Бекмахановты қолдай отырып, оның қарсыластарын қуғынға ұшыратып, ғылымға аракчеевтік (қарабайлық) қысым көрсеткен партияға жат мінезі Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің назарына ұсынылсын. Сонымен қатар, Бекмахановтың өзге де қолдаушылары мен қорғаушыларының, атап айтқанда, университеттің пекторы Тәжібаевтің, Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімінің бұрынға орынбасары Жұмағазиннің, сондай-ақ Әділгереевтің, Жиреншиннің т.б. партияға жат мінездерін де қарау мәселесі де қойылсын. Қазақстанның тарихын баяндауда маркстік ілімге қарсы ұстанымды өткізіп жіберген партия мүшесі, профессор Вяткиннің партияға жат мінезі Ленинград қалалық партия комитетіне хабарлансын,– деген шешім қабылданды».
Осы жабық партия жиналысының және сол жылы 21 тамыз күні өткен, президент Қ.Сәтбаевтің өзі төрағалық еткен Қазақ ССР Ғылым Академиясы Президиумы кеңесінің қолжазба хаттамасын ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында, осы мақаладан кейін 38 жыл өткен соң Кенесары қозғалысы мен Ермахан Бекмахановқа қазақ тарихы мен қазақ тарихнамасынан өз орынын беріп, оларды ақтау туралы «Жұлдыз» журналында тарихшылар мен әдебиетшілердің басын қосып, пікір алысу өткізгенімізден кейін академик Кеңес Нұрпейіс пен тарихшы Бүркіт Аяған бізге танысуға беріп еді. Онда қозғалыстың прогрессивті болуының себептерін орнықтыруға тырысқан Т.Тәжібаевтің, Әділгереевтің, Ділмұхамедовтің, Елеуовтің, Жиреншиннің, Нүсіпбековтің пікірлері мен соларды «халық жауы, ұлтшыл, буржуазияшыл, орысқа қарсы қастандық идеясын өршітуші» ретінде көрсеткен Шойынбаевтің, Х.Ғ.Айдарованың, Тұрсынбаевтің, Сүлейменовтің, Покровскийдің әшкерелеулерін ғана бүкіл қазақ тарихшыларының пікірі ретінде М.А.Сусловтың назарына ұсынған.
Ондағы пікірлерді саралап талдаудың өзіне бір монография аздық етер еді және ол тарихшылардың еншісі болса керек. Ал біздің мақсатымыз тарихи тұлғалардың тағдыр талқысын ашу және дәл осы арада бұл науқанның ұйымдастырушы «Правда» газетінің арандатуын көрсету болғандықтан да, сол «Правданың» Сусловқа жолдаған жоғарыдағы «сусымасының» жалғасын берумен шектелеміз. Ал мұнда осы жарияланымға байланысты алдағы уақытта кімдердің қуғынға ұшырауы мүмкін екені алдын-ала белгіленген және осы Бекмахановқа қарсы арандатуды қазақ тарихшыларының ішінен кімдер өршіткені туралы мағлұмат беріледі.
А.Черниченко (жалғасы): «Жиналыста сөйлеген коммунистер Бекмахановтың қателіктерін баса сынады.
Тарих ғылымының кандидаты Тұрсынбаев: – Кенесары – Қазақстандағы барлық контрреволюционерлердің туы болды. Ол ашалордашылардың да, 1930-жылдардағы байлардың Созақтағы көтерілісінің де, 1937-1938 жылдары әшкереленген контрреволюционерлер тобының да туы болды. Бекмаханов – ғалым емес, оның ұстанымы жоқ, ол ұлтшыл және троцкишіл Варшавскийдің көмегімен шимай-шатпақ кітап жазды. Оның кітабі қазақ халқы мен орыс халқының арасындағы достыққа іріткі салады.
Бекмахановтың барлық қарсыластары Омаров жолдастың тарапынан арандатуғат және ұуғынға ұшырады. Олар жоғары оқу орындарына дәріс беруден шеттетілді, ғылыми кеңестің құрамынан және әр түрлі басылымдардың алқақұрамынан шығарылды. Көптеген оқулықтар Бекмахановтың ұлтшыл идеясымағымен тығындалған. Бұл идеясымақтармен студенттердің идеологиясы уланып жатыр. Университеттің ректоры Тәжібаев Бекмахановтың барлық қарсыластарын университеттен қуып шықты, Қазақстан тарихынан дәріс беретін олардың орынын оның (Бекмахановтың – Т.Ж.) жақтастарына айырбастады.
Біздің партия ұйымымыз «Правданың» мақаласын талқылауға рұқсат бергенде Бекмаханов Москваға зытып (удрал) кетті, кеткенде де депутаттарға арналған поезбен кетті, әрине, кейбір басқарушы жолдастардың көмегінсіз бұл мүмкін емес еді».
Өзіне өзі сенімді, шалқақ жүретін, кездескенді кеудесімен басып жібергесі келіп тұратын, университет пен тарих институтының ғылыми кеңестерінің және барлық тарихи басылымдардың алқа мүшелігіне қолы жеткен осынау тұлға жетпісінші жылдардың ортасына дейін, қашан көз жұмғанша кенесарышалар мен бекмахановшыларды бет қаратпады. Бірақ тарихи уақыт оның да үкімін шығарып, ғылыми ой сақнасынан ысырып тастады. Міне, жарты ғасырдың көлемінде оның еңбегіне сүйенген сілтеме ешбір ғылыми еңбектен кездеспейді. Бұл да тарихтың үкімі шығар.
Келесі кезек «Правданың» редакция алқасында Кенесары мен Бекмахановты көкпарға салып берген тарихшы Бек Сүлейменовке берілді. Шындығын айтайық, осындай әшкерелеуші партиялық ұстанымның тізгінінен ұстаған, «Правданың» сөзін сөйлеуші тарихшының да қуғынға ұшырап, жиырма бес жылға жер аударылып кетуі бізге еш түсініксіз көрінді. Себебін де анықтаудың реті келмеді. Қ.Мұхамедханов: «Мінезінен тапты. Ойнақтап жүріп өзі қақпанға түсті»,– дегеннен басқа сыр ашпады. Біздің ойымызға, осы «Алашорда» тергеу ісі бойынша куәлікке тартылып, соңынан олардың өзі ату жазасына бұйырылған Д.Әділевтің, Ә.Байділдиннің сорлы тағдыры оралды. Бек Сүлейменов те соның керін құшқан болуы мүмкін. Ал оның төмендегі келтірілген сөзі өзінің де, өзгенің де тағдырының шәт-шәлекейін шығарды.
А.Черниченко (жалғасы): «Тарих ғылымдарының кандидаты Сүлейменовтің сөзі: – Буржуазияшыл ұлтшыл Бекмаханов туралы Қазақстан тарихшылары қаншама рет мәселе көтерді десеңші, бірақ соның бір де бірін қолдамады. Керісінше, мұндай маңызды мәселені кім көтерсе, сол адам қүғын мен арандатуға ұшырады. Омаров жолдас менің Бекмахановтың кітабінің зиянды екені туралы БК(б)П Орталық Комитеті мен СССР Ғылым Академиясының алдына мәселе қойғанымды білген соң, ол мені шақырып алды да дөрекі сес көрсетті. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанды. Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінде өткен тарихшылардың республикалық кеңесінде сөйлеген менің сөзімді Шаяхметов жолдас бірнеше рет бөлді. Ол осы мінезімен отырғандардың бәрінің Бекмахановқа тиіспеуі керектігін аңғартты.
Достарыңызбен бөлісу: |