«Үнінде өкініш тәрізді бір қимас, қиналу салқыны да бардай. Шынында, соңғы бірнеше жыл бойында Абай мен Әйгерім арасы тек бір сыйластық қана сақтасқандай. Көңілдің тоңы жібіп, бұрынғысындай еміреніскен күйді қайта таба алмаған. Сырт сүйіспендікпен ғана бір орында тұрып қалғандай еді. Араларында алғашқы бақыт жылдарындай ұзақ сыр шешіп, шер айтатын сағаттар үзілген. Ыстық толқын күндері тоқталып, әлденеден тиылып қалған болатын»,– деп суреттелетін тату да тәтті жарға айналды.
«Көңілі айныған» Әйгерім – әнші Әйгерімге, сүйкімді Әйгерімге айналып, Тоғжанға арналған «тәтті сағыныш» Абайға «ащы дәм татырған» Әйгерімге бұйырып, Татьянаның әні оятқан:
«... екеуінің жүрегі қазір сөзді қажет етер еместей. Қайта оянған ғашықтық енді көлденең бір сөзді де, көлденең бір көзді де керек етер еместей... Аз уақыт Абай мен Әйгерім екеуі ғана қалғанда, біріне-бірі соншалық ыстық жалынмен құшақ жайып, ұзақ сүйісіп қалған еді. Бірталай жыл ұғыса алмай, тығылып қалған іштегі түйіндерін ән таратты».
Міне, сөйтіп, қауданға жіберілген өрттей лып етіп жайылған бұл «шолақ өрт» асқына келіп романның бүкіл желісін өзгертіп жіберуге негіз қалады. Кейін, «романның толық аяқталған шығарма екенін дәлелдеу үшін А.Фадеевтің өтініші бойынша «Ақшоқыдан асқан ән туралы» эпилог қосылды. Әлжекеңмен – Әлжаппар ағамызбен ұзақ жылдар бойы сырласқан тұсымызда: «Ділдәнің обалына қалған сіз екенсіз ғой», – деп әзілге сая сұрағанымызда: «Ділдәға жаны ашыса – менің жаным ашыр еді ғой. Апайым емес пе. Бірақ менің жаным Мұхтарға ашыды. Егерде Базаралы мен Әйгерімге ұас болса, кедейлермен өш болды»,– деп байбалам салушылар шыға келетін. Тіпті, Ғабиттің өзінің де солай демесіне сенім жоқ болатын. Бұл дегеніңіз – «Абай» романынан айырылу, «Абайдан» айырылу – Әуезовтен айырылу»,– деп кәдімгідей қабырғасы қайыса жауап берді.
Мүмкін, Әлжекеңдікі де дұрыс шығар. Бірақ одан роман ұтты ма, ұтылды ма? Кім білсін. Алайда өмірлік шындыққа қиянат жасалғаны анық. Сондай-ақ, егер саяси қысымнан сескенбесе, Мұхтардың мұндай «құбылтулар мен өңдеулерге» бармайтыны да шындық еді. Келер күндердің суық қабағының ызғарын ерте сезген Әуезовтің дер кезіне «майыса қалғаны» қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа болды. Мұны тура сол жылы Ленинградтың «Звезда» журналы мен А.Ахматова мен М.Зощенконың шығармаларындағы идеясыздық, драма театрларындағы репертуар, кино өнері туралы БК(б)П ОК-нің қаулыларына сәйкес ҚП(б) ОК-нің бюросында берген есебінде С.Мұқановтың өзінен бастап Әуезовке дейінгілерді сыпыра сынай келіп қазақ әдебиетінде:
«а)қазақ халқының ескі өмірін тереңдеп суреттеу, хандық-феодалдық құрылымды әспеттеу, буржуазиялық символизм мен декаденттік ағымға еліктеу (Ә.Тәжібаев жолд. кітабындағы «Біз қазақпыз» дастаны) б) Ескілікті идеясыз көрсету (Ғ.Мүсірепов, «Ер Қаптағай») в) Қазақ феодалы Құнанбайдың бейнесін әспеттеп бейнелеу арқылы оны жоғары көтеріп, әсіре мадақтау (М.Әуезовтің жолд. «Абай» романының жекелеген тараулары) г)Азамат соғысынын жайдақ, жадағай, кей тұстарда қате баяндау (С.Мұқановтың «Менің мектептерім» атты романының тараулары) д) колхоз өмірін үстірт, кей тұстарда қате суреттеу (Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ» романы) е) Кеңес семьясының тұрмыстық отбасын барынша жаңсақ суреттеу (Ғ.Мұстафиннің скетчі) орын алып келді»,– деп (397 іс) атап өтті.
Осыған байланысты дайындалған Орталық Комитеттің қаулысының жобасында:
«М.Әуезов «Абай романының екінші бөлімін бітіріп, үшінші бөлімін жазып жатыр. Содан кейін бүгінгі күнгі қой шаруашылығы туралы роман жазады», – деген әлеуметтік тапсырма берілді.
Бұл ілінген жарлық он жыл бойы алдын орап: «М.Әуезов берген уәдесін орындамады», – деп көзге ұра берген соң, ақыры «Өскен өркенді» жазуға мәжбүр етті. Сол жылы, яғни, 1947 жылы 17 желтоқсан күні М.Әуезовтің С.Мұқановтан қарымтасын қайыратын сәт те туды. «Абай» романынан кейін талқылауға «Ботагөз» романының орысша аудармасы түсті. М.С.Сильченко негізгі, Қ.Жұмалиев қосымша баяндама жасады. Екеуі де жазушыны қостап, оның көркемдік жетістігін:
«Ойдан шығарылған кейіпкерлердің кейбіреулерінің аттарынан-ақ өмірде болған буржуазиялық-ұлтшыл қозғалыстың көсемдерін тану ұиынға соқпайды. Мысалы, романда Милюковтың, Гучковтың, Львовтың жақын досы, Кадет партиясының ОК мүшесі, кейіннен алашрдашылардың көсемі ретінде суреттелген, тіпті осы атаудың өзіменен-ақ тез танылатын Базархан Меделхановтың прототипі – 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Кадеттердің ОК Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары етіп тағайындаған және қазақ төңкерісшілерімен аянбай күрескен Әлихан Бөкейханов. Ал Мадиярдың прототипі – буржуазияшыл ұлтшылдардың өзге бір көсемі және алашордашыл, ұлтшыл «Қазақ» газетінің белсенді қызметкері, 1916 жылғы көтерілісшілерді қаруларын тастауға шақырған сатқын Міржақып Дулатов»,– деп (393 іс) бағалап, шығарманы сталиндік сыйлыққа ұсынды.
Академик Қажым Жұмалиевтің осындай «таптырмас теңеулерінен» соң талас өршіп сала берді. Мәселе, ұлтшылдықта емес, шығарманың сыйлыққа ұсынылуында еді. Өйткені одан дәмелі жалғыз М.Әуезов қана емес болатын және Қ.Жұмалиевтің «Ботагөзді» «Абай» романымен салыстыра келіп, оның артықшылығына:
«Өзінің халқымен, мұқым кеңес халқымен бірге коммунизм идеясымен салтанат құрған қазақ кеңес интеллигенциясы адамдардың санасындағы өткеннің сарқыншағымен, ұлтшылдықтың сарқыншағымен осылай күресіп келеді, Сәбит Мұқановтың романы оларға осы мақсат жолында үлкен көмек береді», – деп баға берген пікіріне қарсы дау айта алатындай шешендер де бар болатын.
Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мүстафин, Дм.Снегин екіұшты пікірлер білдірді. Бірақ ашық қарсы шықпады. Соның ішінде Ә.Тәжібаев:
«Жазушы қазақтардың қазақ тіліндегі түпнұсқасы жоқ шығарманың орыс тіліндегі аудармасын талқыға салуы мені қынжылтады. Сәбит маған: «Жұмбақ жалаудың» негізіне сүйенсең жетеді»,– деді. Алайда бұл екі шығарманың арасын ондаған жылдар бөліп тұр ғой. Екеуін шартты түрде салыстыруға да келмейді. Қ.Жұмалиевтің баяндамасына қарағанда «Ботагөз» сталиндік сыйлыққа ұсынылу үшін дайындалған. Ендеше «Жұмбақ жалау» туралы сөз болуға тиісті емес. «Абай» мен «Ботагөз» кейін көпшіліктің талқылауына ұсынылады. Сонда бұған бәріміз де сын көзбен қарайтын боламыз. Сондықтан да мен мұны әзірше дипломатиялық тұрғыдан ғана қостаймын», – деді.
Осы жолы «Ботагөз» романы ұсынылып, сыйлықты алып кеткен жағдайда, мүмкін, ондаған жылдарға созылған шығармашылық бақталастық (бәсеке емес) толас табар ма еді. Қайдам. «Абай» романының сыйлық алуына емес, жариялануына қарсы болған Ғ.Мұстафиннің, Ғ.Мүсіреповтің, С.Мұқановтың бұл тұстағы ұстанымын түсіну қиын. Ал 15 желтоқсандағы проза секциясында демалыстан, шығармашылық іссапардан оралған С.Мұқанов «Абай» романын сынап баяндама жасай келіп, оны сталиндік сыйлыққа ұсынған және сол хаттамаға қол қойған (389 іс). Ал мұны қалай түсінуге болады? Әрине, қыр көрсету. Әйтпесе, идеялогиялық қамытқа салып, талқылап, романның жолын кесуге ол кезде С.Мұқановтың толық мүмкіндігі бар еді. Бұл жолғы итжығыс келесі жылғы жегіге ұласысп, енді М.Әуезовтің «Абай» дилогиясы, С.Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғ.Мұстафиннің «Миллионері» тағы да қатарласа сыйлыққа ұсынылды. Үшеуінің де мүмкіндігі бірдей еді. Тіпті заманауи тақырыпқа арналған «Миллионердің» мүмкіндігі өзгелеріне басым болатын. Бірақ қалған екеуінің шығармашылық мысы басым еді әрі кұрес тәсілінен тәжірибелері бар болатын. Мәскеумен арадағы байланысы да Мұстафинге қарағанда қарымды болатын. Ал көркемдігі жағынан, әрине, «Абаймен» шендесе алмайтын.
Қайран қазақы күрестің тәсілдері! Қайран еш кеткен есіл күндер мен түндер! Қайран жүйке!
Бұдан кейін екі тұлға да барлық тұрғыдан алғанда марқая бастады. Сәбит Мұқанов нағыз халықтық жазушы, көптің сүйкімдісі, мемлекеттік идеологияның тұтқасына айналды. Ол кеңестік қоғамдағы кез-келген тұлғамен тең сөйлесті, үкімет басшыларымен иықтас тұрды, қазақ елінде онымен теңдесетін бедел ешкімде болмады. Қандай деңгейдегі тізім болса да Сәбит Мұқановтың аты бірінші, ғұлама Қаныш Сәтбаев екінші, ұлы актер Қалибек Қуанышбаев үшінші, екі жағын теңшеп отыратын Ғабит Мүсірепов төртінші, мысын бастырмай тісін басып отыратын Ғабиден Мұстафин бесінші, бұлбұл Күләш Бәйсейітова алтыншы, ұлы Мұхтар Әуезов ... жетінші, кейде алтыншы, бесінші, ал жазушылар арасында үнемі төртінші боп аталып жүрді. Бұл «тізім тәртібі» қашан Мұхтар көз жұмғанша өзгере қойған жоқ. Мұның өзі де кеңестік идеологияның көрінбейтін қысымының бірі болатын. Оған Мұхтар Әуезовтің өзі де үнсіз мойынсынды.
Ал сыртқы дүниеде солай болғанымен де жазушылардың өз ішіндегі ілхамдық талқыда Мұхтардың мысы басым тұрды және ол басымдық «Абай» романының кезекті кітабі жарық көрген сайын үдей түсті. 1948 жылы қараша айында Сәбит Мұқанов Орталық Комитетке шығармашылық одақтың атынан «Абай» романын І дәрежелі сталиндік сыйлыққа ұсынды. Осы ұсынысты негізге ала отырып Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бюросы қараша айында «Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын И.В.Сталин атындағы әдеби сыйлыққа ұсыну туралы» қаулы қабылдады. Онда:
«Қазақ халының ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы өмірін суреттеген жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы өткенді социалистік реализм тұрғысынан суреттеген, автор қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ағартушы –ақын Абай Құнанбаевтің жарқын образын бейнелеген қазақ кеңес әдебиетінің аса үздік шығармасы екенін атап өте отырып, Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бюросы:
жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын 1948 жылғы И.В.Сталин атындағы әдеби сыйлыққа ұсыну туралы қаулы қабылдады.
Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметов», – делінген.
Ал 1949 жылы Сталиндік сыйлықтың иесі атанғаннан кейін Мұхтар Әуезовтің беделі одақтық, әлемдік деңгейге көтеріліп, тұлғалардың арасындағы талант салмағы соған қарай ауытқи бастады. Соның бір дәлелі, 1949 жылы 30 қараша күнгі «Қазақ совет әдебиеті сынының барысы мен мақсаты» атты жазушылар одағының ІҮ пленумын М.Әуезовтің ашуы. Бұрын мұндай жауапты жұмыс сеніп тапсырыла бермейтін. Марапатқа марқайған М.Әуезов сол жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінің табыстарын айта келіп, Қазақстан ОПК-нің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтің атына:
«Біз, жазушылар он күндіктің барысында Қазақстан большевиктерінің жетекшісі Шаяхметов жолдастың жеке өзінің бізге бөлген көңілі, бізге көрсеткен көмегі есімізде ұмытылмастай сақталды. Сондай-ақ Орталық Комитеттің хатшысы Омаров жолдастың және біздің үкіметіміздің көрсеткен көмегі есімізден кетпейді», – деп (538 іс) құрмет көрсетті.
Бұл М.Әуезовтің үкімет пен партияға қаратылған алғашқы алғауы. Бара-бара ол үйреншікті, дәстүрлі, айтылуға тиісті, айтпай кетпейтін сөз орамына айналды. Бұл – өмір мәжбүр еткен заңдылықтың бірі әрі еруліге қайтарған қарулы жауабы болатын. Алайда соған да қарамайтын, қаратпайтын, қайырылмайтын қаржасулар әлі алда болатын.
Осы екпінмен Мәскеу аттанып, «Абай» романының екінші кітабінің орыс тіліндегі басылымын қатты қадағалап, оны тез бастырудың қамына шөгел кірісті:
«... Мен Москвада ойлағанымнан 20 күндей артық бөгелдім. «Знамя» романымды, жарымын подстрочник күйінде оқыса да қабылдап алып отыр екен. Қазақша шыққан кітаптағы қалпынан бір бетін артық демей түгел алыпты, соның үстіне екі-үш жерге азын-аулақ қосымша сұрап еді. Мен өзім қосқан соң жарытып қосайын деп 3/2 б.т. етіп жаңа сценалар қосып бердім. Қысқасы 18 күннің ішінде орысша-қазақшасы аралас 7 баспа табақ жазып өткердім. Өнімді, шапшаң еңбек болды. Бір топ сыншы мен жазушылар өте ырза болып қалды. Қысқартпай басамыз дейді. Не ноябрь, декабрь сандарында, немесе 51 жылдың бірінші нөмері осы романмен басталады»,– деп марқая хат жазды.
Оның бұл қарбаласты шамырқануы алдағы уақытта жанталасты аласапыранға ұласарын ол білген жоқ. Тура сол күндері қазақ тарихына, зиялыларына алашапқынды зауал әкелетін қарақұйын көтеріліп келе жатқан. Дегенмен игілікті істің басы қайырылды. «Абай жолы» деген атпен жарияланған бұл басылым М.Әуезовтің күткенінен кешігіп шықты. Оның басты себебінің бірі – аударманың кешігуі, тиісті редакциялық ескертулерге сай өзгерістерге, қосымшаларға қатысты болған сияқты. Журнал редакциясының талабы, әсіресе, орыстық ықпалдың барынша кең қамтылуын қарастыруға әкеп сайды. Журнал қызметкерлерінің (Макаров, В.Катипов) Алматыға қайта-қайта соққан жеделхатынан, ондағы:
«Роман кейбір түзетулерді қажет етеді. Тезірек Мәскеуге келуіңізді өтінеміз. Қолжазба туралы пікірді авиақатынаспен жолдадық Макаров», «Қосымша міндетті түрде керек. Мұқановтың роман жөнінде қандай пікір білдіргенін жедел хат арқылы жіберіңіз», «Кожевниковтың негізгі ескертуі Павлов туралы. Оны сізбен келісе отырып өзіміз жөндейміз. Жалпы жағдай қолайлы», «Жігітектерге қарсы барымтаға аттанбақ болған байлардың әрекетіне Базаралы қалай қарайды, соны міндетті түрде көрсету керек. Өйткені бұл оқиға соның өзінің барымтасының кесірінен туды емес пе»,– деген сөздерінен бұл анық байқалады.
Тіпті В.Кожевниковтің өзі орыс демократтары Михаэлистің, Долгополовтың, Гросстың аттарынан сескеніп оларды – – Михаилов, Павлов деген жанама есімдерге ауыстыруға қақпйлады. Чернышевскийдің немересі осыған орай жиі хат жазған. Ал журналдың С.Мұқановтың пікіріне ерекше ынта қоюы екеуінің арасындағы қырғиқабақты білгендіктен ғана емес, сонымен қатар жоғары жақтағы сесті қабақтан сескенуін байқатады. Әлде біреу мұны Кремльдің үгіт-насихат бөліміне жеткізгені анық. Екінші кітаптың орысша аудармасы журналға басылмай жатып оның бас редакторы В.Кожевников БК(б)П Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы М.А.Сусловқа «М.Әуезовтің «Абай жолы» романының «Знамя» журналында жариялану барысындағы редакторлардың жұмысы» туралы:
«М.Әуезовпен бірге істелген редакциялық жұмыстың басты ерекшелігі, біз оны екі рет шақырып алып, оның кітабімен ұзақ уақыт өңдеу жұмыстарын жүргіздік. Оның негізгі нәтижесі Әуезовпен редакцияның бірігіп істеген аса ауқымды жұмысының тізбесі жолданып отырған төр бетте толық келтірілген: аса көп көлемдегі тарихи материалдарды ақтаруға және оны зерттеуге, классиктерді оқуға тура келді, орыс демократтары мен орыс мәдениетінің қазақ халқының қозғалысына ықпалы туралы архив деректерін іздестіруге де көп уақыт кетті. Бұл аса үлкен маңдай терді төккен еңбек болды, біз бұл материалдардың барлығын Әуезовтің – орыс қоныстанушылары келгендегі қақтығыстарды суреттейтін көріністерге негіз етуі үшін дайындадық. Біз оған әр мекемеден, әр түрлі архивтерден олардың қалай қоныс аударғанын, қалай қабылдағанын баяндайтын көлемді көрінсітер туралы өте мол деректер ұсындық...»,– деп түсінік беруге мәжбүр етті.
Бұған қарағанда М.Әуезовті жатақтар мен Дәркембайға қосылып: «Тегіміз басқа болғанымен де, табымыз бір!»,– деп арбаға жегулі атын доғарып жіберіп, қолына таяғын ала салып, жатақтарға көмектесуге тұра шабатын Шодырдың оқиғасы осы Мәскеуде жазылса керек. Жалпы қазақ өміріне жат көрініс болса да, келер жылдардағы біраз пәледен басын арашалауға септігін де тигізді.
Романның жарияланбай жатып мұншама дүрліктіруінің себебі «Правданың» қазақ ұлтының руханиятының шәт-шәлекейін шығарған мақаласына тікелей байланысты еді. Ол осы қарбалас тұсында төніп келе жатқан қауіпті сезіп Қазақ ССР Ғылым Академиясынының президиумына:
«Абай жолы» романының соңғы өңделген нұсқасы... «Знамя» журналының 1951 жылғы №8-9 сандарында жарияланды, бұл романның толық нұсқасы орыс тілінде «Советский писатель», қазақ тілінде «Қазмемкөркемәдбастан» шықпақшы. Романның соңғы нұсқасына бүкілодақтық баспасөзде жоғары, жағымды баға берілді. Қазан айында «Известияда» – З.Кедринаның, қараша айында «Литеретураная газетада» – Лебединскийдің, қаңтарда (1952) «Бүкілодақты радиода» – Скориннің мақалалары берілді. Онда: «қасақана теріс пікір танытпаған жердің барлығы да(Академияның Тіл және әдебиет институтының кейбір қызметкерлерінен аңғарылып қалғанындай), романның жаңа нұсқасы Қазақстандағы буржуазиялық ұлтшылдықтың әшкереленуіне байланысты автордың өзінің және оған қоса өзге де көптеген қазақ әдебиетшілерінің жіберген қателіктері туралы партиялық әділ сынға қайтарған іскерлі, шығармашылық толық жауабы болып табылады»,– деп бағалаған.
«Абай» романы туралы өткен жылғы жаңа мәліметтерді Президиумның назарына ұсынамын. Қазіргі кезге дейін роман ондаған тілдерге, соның ішінде чех, румын, поляк және болгар тілдеріне аударылды. Бүгіндері қытай, неміс, венгер, украин, қырғыз тілдеріне аударылып жатыр. Роман орыс тілінде 12 басылым көрді, оның төртеуі көпшілік таралым, қазір оның саны жарты миллион данадан асты»,– деп мағлұмат берді.
Дегенмен де алаңдауы орынды еді. Әуезовтің де, «Абайдың» да көрешегі көзіне көрсетілетін күн де сондай бір қатерлі жылдамдықпен жақындап келе жатқан болатын. Ол күннің бұлтын қойылтуға осы орыс тіліндегі басылым да «үлесін» қосты. Абайдың:
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Әуреге қалма езбеден,–
дегенінің кері келді.
Бұрынғы «қазақы қырқылжыңға» енді орыстық өктем можантопайлық араласты. Алаңға толы көңілінің күдігі басылмай «тобықтылардың Мәскеудегі отауының иесі» Зоя Кедринаға 1951 жылы 18 тамыз күні:
«Орталық баспасөзден роман туралы пікір күтемін. «Знамиядағылар»: роман жөнінде бәрінен бұрын «Правдадан» жақсы саяси мақала күтіп отырғандықтарын айтып еді. Әрине, бұл өте жақсы, кітап туралы сыни және әдеби мақалалардың таптырмайтын бастамасы болар еді»,– деп астарлы тапсырма берген болатын.
Бұл емеуірінді Зоя Сергеевна түсініп, қарымы жеткенше орындағанын жоғарыдағы мәлімдемеден аңғарамыз. Алайда, М.Әуезовке де, З.Кедринаға да партияның зұлфуҺары – «Правда» өзгеше сыбаға дайындап жатқан болатын. Ұзамай сол сыбағаның мүшелігін Мұқановпен толықтырып «табағымен» тартты.
Бір жылдан кейін Пәленбайлар мен Түгенбайлардың күні туды. Ол күндері С.Мұқанов пен М.Әуезовтің қақтығысы шырқаулы шырмауына жетіп, бірінің өміріне бірі қауіп төндірді.
БЕСІНІШІ ТАРАУ: ТОБЫРЛАР ТАЛҚЫСЫ
І.
Ешқашанда идеологиялық еркіндікке жібермейтін, жарылқау мен жазалау саясатын қиыстыра жүргізетін, алғысы мен қарғысы айырғысыз кеңестік тәсіл – мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақты құралына айналды. Ел басына күн туған шақта Сталин әр ұлт өкілдерінің намысын ояту үшін кәдімгідей әруақ шақырып, ұран тастады. Соның нәтижесінде барлық халықтық батырлар қайтадан тарих сахнасына шығып, сананы баурап, ұлттық рухты күшейтті. Қазақтар да Қобыланды мен Алпамысты, Абылай мен Кенесарыны еске алып, олардың әруақтарынан қолдау іздеді.
1943 жылы кеңес шекарасы жаудан азат етілген соң есін жиған идеологтар патриоттық-ұлтшылдықтың майдандағы жауынгерлермен бірге елге ілесе келіп, ұлттық сананың күшеюінен сескеніп, астыртын идеологиялық жазалау саясатын ойластыра бастады. «Едіге» жыры мен «ел қамын жеген Едігенің бейнесі» әсіре дәріптеліп, ұлтшыл сезімді қоздырғаны, оның буржуазияшыл-ұлтшылдық екені туралы СОКП-ның Орталық Комитетінің қаулысы шығып, тарихи-эпостық мұралар жаппай сүзгіден өтті. Содан кейін «Звезда» журналы мен А.Ахматова мен М.Зощенко шығармашылығындағы идеясыздық туралы, В.Сосюраның «Украинаны сүй» атты өлеңіндегі ұлтшылдық сезім туралы, Маррдың тіл ғылымындағы «ой ағымы» мансұқталған қаулы-қарарлар арт-артынан шығып, идеологиялық жазалау науқаны басталды да кетті. «Қазақ ССР тарихы» кітабының екінші басылуын әзірлеу туралы» Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің 1945 жылғы 14 тамыздағы қарары шықты. Қазақстан К (б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысына орай академик Сақтаған Бәйішевтің «Профессор М.Әуезов ескіліктің шырмауында» атты әшкерелеуші мақаласы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланғаннан кейін, іле «қазақ әдебиетінің тарихына» қатысты сындар жаппай басылып жатты. Бұл науқанның екпіні қанша қатты болғанымен соғыстан кейінгі ауыртпашылық, тұтқынға түскендерді және репрессияға ұшырағандарды жазалау сияқты әскери, саяси қысыммен шектелді.
Бір таңданарлығы, тура сол жылы, осы қаулыдан кейін, яғни, 1947 жылдың 14 қыркүйегі күні «Социалистік Қазақстанда» «хан Кененің қаза тапқанына 100 жыл толуына орай «Кенесары Қасымов» деген көлемді мақала жарияланды. Мақала авторы Ермахан Бекмаханов. Алдағы болатын баяндауларға мүлдем қарама-қарсы, байыпты пайыммен, жақсы ниетте «қара дүлейдің» алдында жазылған пікірді таң қала отырып ықшамдап ұсынамыз:
Е.Бекмаханов: «Кенесары Қасымов. (Қаза тапқанына 100 жыл толуына): «Қазақ халқының 1837-47 жылдардағы үлкен ұлт азаттығы қозғалысының басшысы Кенесары Қасмовтың қаза тапқанына биыл 100 жыл толды. Кенесарының қимылы Қазақстанынның тарихында, қазақ халқының келешектегі тағдырын белгілеген өзгерісті кезеңмен тұстас келді. Көшпелі қазақ ауылының шаруашылығына товарлы-ақшалы қарым-қатынастың енуіне байланысты Қазақстанның экономикасында үлкен өзгерістер болды, ал, Қазақстанның саяси тұрмысын алатын болсақ бұл дәуірде қазақ хандықтары: 1822 жылы – Орта жүзде, 1824 жылы – Кіші жүзде хандық жойылды.
Қазақ даласына бір жағынан патшалы Ресей, екінші жағынан Орта Азия хандықтары шабуыл жасауда болды. Қазақстанның ол кездегі сыртқы саяси жағдайы осыған қарай белгіленді. Патша үкіметі мен Орта Азия хандықтарының басқыншылық саясатына қазақ халқы күшті қарсылық көрсетті. Қазақ халқының ұлт азаттығы күресін Кенесары Қасымов бастап шықты. Екі жақпен бірдей арпалысуға күші жетпейтінін, қазақ халқының саяси тәуелсіздігін сақтап қала алмайтыныдығын Кенесары көтерілістің алғашқы күндерінде-ақ түсінді. Сондықтан, Орта Азия халықтарына ең алдымен Қоқан хандығына қарсы күресе отырып Кенесары соғыс қимылдарын тоқату туралы патша өкімет орындарымен келісуге тырысты, өйткені, патшалы Россия сияқты қуатты елге қарсы күрестен нәтиже шықпайтынын жақсы білді.
Кенесарының көтерілісі Россия патшалығына, Орта Азия хандықтарына қарсы, отаршылдыққа қарсы азаттық сипаттағы көтеріліс болды. Кенесарының қозғалысында ішкі күрес жоғарыда айтылған негізгі мақсатқа бағындырылды. Ішкі күрес отаршылдыққа қарсы күреспен ұштасты, өйткені, ел билеген сұлтан-провительдер, аға сұлтандар патша өкіметі сенімді одақтасы болды. Кенесары патша үкіметі, Қоқан мен Хиуа тартып алған қазақ жерлерін қайтару, Россияның қарамағында қазақ халқының біртұтас мемлекетін құру ұранымен күреске шықты.
Кенесары бастаған күрес 10 жылға созылды, үш жүзге тегіс таралды. Бұл күреске қазақ халқының қалың бұқарасы – кедейлер, егіншілер, жатақтар кеңінен қатысты. Сондықтан Кенесары қозғалысынның бүкіл халықтық сипаты болды. Өздерінің мақсаттары үшін, ең алдымен, тартып алынған жайлауларын, жайлымдарын қайтару үшін күрескен қалың бұқараның қатысуы көтерілістің кең өріс алуын қамтамасыз етті. Бірақ, көтеріліске басшылық қалың бұқараның қолында болған жоқ, Қазақстанның патриархалдық-феодалдық бытыраңқылығын жойып, Россияның қармағында қазақтың біртұтас мемлекетін құруды көздеген орташа феодалдық топтардың қолында болды. Көтеріліске қатысқан күштердің мұндай бөлінуі заңды еді, өйткені, көтеріліс Қазақстанда патриархалдық-феодалдық қоғам қатынасы, рушылдық тұрмыс қалпы үстем болып тұрған жағдайда өтті.
Бір жағынан патшалы Россияның, екінші жағынан Орта Азия хандықтарының шапқыншылығына ұшырап тұрған жағдайда Қазақстанның саяси тәуелсіздігін тек іргелес мемлекеттердің біріне сүйенгенде ғана сақтап қалуға болатын еді. Өзінің сыртқы саясатында Кенесары патшалы Россияға сүйенуге тырысты, өктемдік тәртіп орнатушы, артта қалған Орта Азия хандықтарына бағынудан бас тарттты. Кенесарының Россияға бағыт бұруының ең бірінші себебі – Россия қуатты мемлекет болды. Мұны түсінген Кенесары өзінің серіктеріне: «Россия барлық мемлекеттерден үлкен, орыс патшасы барлық патшаларға аға»– деді. Оның үстіне Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының шекарадағы орыс халықымен, – патша үкіметінің басқыншылық саясатына ешқандай қатысы жоқ халықпен, – ежелден бері сауда-экономикалық қатынас жасауы да Кенесарының Россияға бет бұруына себеп болды.
Сол себепті де көтерілістің алғашқы күндерінен бастап Кенесары соғыс қимылдарын тоқтату туралы, екі арадағы жанжалды бейбітшілікпен бітіру туралы Батыс-Сібір генерал-губернаторы Горшаковпен келісуге тырысты. Бірақ Горшаков мұндай келіссөздерді бастаудан бастартты. Ол өзінің хаттарының бірінде былай деп жазды: «Қазақ даласында бейбастақтық туғызған айыпкерлермен келіссөздер жүргізуден, әсіресе, олардың император патшаға, сөзсіз бағынудан басқа қандай да болса шарт қоюына аз да болса желеу беруді лайықсыз тауып, мен Кенесарының хатын жауапсыз қалдырдым».
Достарыңызбен бөлісу: |