«Қазақстандағы бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың төтенше өкiлеттiгiнiң жанындағы үштiктiң мәжiлiсiнiң № III/к мәжiлiс – хатының көшiрмесi 1932 жыл. 20 көкек.
Тыңдалды: № 2370-iс бойынша : Тынышбаев Мұхамеджанды, Досмұхамедов Халелдi, Досмұхамедов Жаhаншаны қылмыс кодексiнiң 58/10, 57/7, 58/11 және 58/3-статьялары бойынша; 2. Үмбетбаев Алдабергендi, Мурзин Мұхтарды ҚК 58/7, 58/11-статьялары бойынша; 3. Мұңайтбасов Әбдiрахманды ҚК 58/4, 58/11-статьялары бойынша; Кемеңгеров Қошмұхамедтi, Бұралқиев Мұстафаны ҚК 58/10, 11-статьялары бойынша; Күдерин Жұмақанды, Қожамқұлов Нашимдi ҚК 58/11-статьялары бойынша; Ақбаев Әбдүлхамиттi ҚК 58/11 және 16-статья бойынша; Ақбаев Жақыпты ҚК 58/10, 59/3 – статьялары бойынша; Қадырбаев Сейтазымды ҚК 58/7, 11-ст. бойынша; Омаров Әшiмдi ҚК 58/10, 7, 11-ст. бойынша; Тiлеулин Жұмағалиды ҚК 58/2-ст. бойынша; Ермеков Әлiмханды, Әуезов Мұхтарды ҚК 58/7, 10, 11- ст. бойынша Омаров Уәлиханды, Сүлеев Бiләлдi 58/2-статьясы бойынша; Ысқақов Даниалды ҚК 58/10, 11-статьялары бойынша жауапқа тартты. Шешiм:
-
Тынышбаев Мұхамеджанды. 2. Досмұхамедов Халелдi. 3. Досмұхамедов Жаhаншаны. 4. Үмбетбаев Алдабергендi. 5. Мұрзин Мұхтарды. 6 Мұңайтбасов Әбдiрахманды. 7. Бұралқиев Мұстафаны. 8. Кемеңгеров Қошмұхамедтi. 9. Күдерин Жұмақанды. 10. Қожамқұлов Нашимдi. 11. Ақбаев Әбдүлхамиттi. 12. Ақбаев Жақыпты. 13. Қыдырбаев Сейтазымды. 14. Омаров Әшiмдi. 15. Тiлеулин Жұмағалиды – бес жыл мерзiмге концлагерьге жiберуге, оны сонша мерзiмге жер аударумен ауыстыруға... шешiм қабылдады. 16. Ермеков Әлiмхан. 17. Әуезов Мұхтар – үш жыл концлагерьге қамалсын, уақыттары 8/Х-30 ж. бастап есептелсiн. Ермеков пен Әуезовтiң үкiмi шартты түрде есептелсiн. 18. Омаров Уәлиханды. 19. Сүлеев Бiләлдi. 20. Ысқақов Даниалды қамаудан босатсын, тергеу кезiндегi отырғаны еске алынсын».
Қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымын әшкерелеуге арналған бес жылға жуық созылған тергеу ісiнiң нәтижесi осындай үкiммен тәмәмдалды.
Ұлтының тағдыры талқыға түсер шақта түрмеге отырғызылған ардагерлер ел-жұрты ашаршылыққа ұшырап, жаппай қырылып жатқан кезде қапастан шығарылды. Бұл қасiрет оларға түрмеден де көрi қатты батты. Бiрақ қолдан келер қайран мен айла-амал, рухани қайрат пен қуат-күш жоқ едi. Олардың әрқайсысы солтүстiктiң орманының бас еркiнен айырылған балташыларына айналды. Кейбiрi қайтып оралды, кейбiрi мәңгiлiкке мұз жамылып, қиян шетте қалды. Оларға туған жердiң бiр уыс топырағы да бұйырмады.
Тiрi қалғандары ендi есiн жия бергенде кеңес өкiметiнiң екiншi бiр «ұлы құрбандығы басталды» Оған сол өкiметтi орнатқандар мен алдыңғы «құрбандықты» ұйымдастырғандардың өзi де iлiндi. Ол – заманның талқысы болатын. Бұл «қарадүлейден» (смерчь) кейiн ұлт зиялыларының қатары өрттен кейiн аман қалған жалғыз қарағай құсап сиреп-ақ қалды. Соның бiрi – Мұхтар Әуезов едi. Тiрi қалуы тiрi қалғанымен, заман талқысы зықысын шығарып-ақ кеттi. Ендi сол бiр жанталасқан заманның зауалын басынан кешуiне тура келдi. Басқа салған соң пенде шiркiн көнедi екен.
Көндi де.
Түйінді тарауда түсіндіре кететін сыралғы сөзіміз осы. Қалғаны – тарихшылардың қалам ұшының қайратына, санадағы санатына тапсырдық.
13. 06. 09.
Мазмұны
Ілеспе .......................................................................................................... ...........................3
Бірінші тарау: Қайрақты жану..............................................................................................4
Екінші тарау: «Татулықты сүйгіш, сезгіш жүректі...» (М.Тынышбаев)
Үшінші тарау: «Бостандықтың аятты жасыл туы...» (Х. және Ж. Досмұхамедовтер). 82
Төртінші тарау: «Көтеріліп-басылған жанартау...» (Ә.Ермеков)..................................152
Бесінші тарау: «Тұңғиық терең жарға кеткен түсіп...» (М.Тұрғанбаев және ...)........206
Алтыншы тарау: «Жетілмеген елдің баласы...» (Ж.Аймауытов).................................228
Жетінші тарау: «Абылайша тіккен ақын...» (МүЖұмабаев).........................................260
Сегізінші тарау: «Заманының сұрқылтайы...» (Ә.Байділдин) ...................................... 302
Арылу (Қорытынды орынына)..........................................................................................320
ІЛЕСПЕ
Жыл өткен сайын алаш қозғалысының дәуірі алыстап, аңсары бәсең тартқандай көрінгенімен де, қазақ елі үшін «мәңгілік ел» идеясы ешқашанда өлмек емес. Қайта даму тарихымыздың тұрлаулы-тұрлаусыз, тағдырлы-тағдырсыз, дәуренді-тоқырау тұстарында тағы да сараланып, елдіміздің рухани нысанасын анықтауға тұтқа болып табылатыны анық. Ол – күмәнсіз шындық. Сондықтан да Біртұтас алаш идеясын тұжырымдай тәпсірлеуге арналған «Ұраным – Алаш!..» деген жалпылама атқа біріктірілген бұл әфсананың «Жегі» атты бірінші бөлімі мен «Қайрақ», «Талқы» атты екінші-үшінші бөлімінің басылым көруі арасында аз үзіліс болғандықтан да қысқаша түсінік беруге тура келіп тұр. Өйткені жиырма жылдан астам уақытты қамтитын зерттеу аясындағы жинақталған деректердегі пікірлерді жүйелеу, салыстыру, түйіндеу, қорытындылау барысы автордың еркінен тыс Біртұтас алаш идеясының тұжырымдамасын жасауға алып келді.
Бұл әфсананың ту бастағы ойластырылған құрылымына ішкі түзілім тұрғысынан өзгерістер енгізуге, талдаулардың аясын кеңейтуге, дәлелдерді жаңа айғаққа байланысты қайталай дәйектеуге мәжбүр етті. Шығармашылықтың өзіндік ішкі қатал заңдылықтарына орай: жанама деректер алға шығып – бастауыштың, басты деректер кейінге ысырылып – баяндауыштың міндетін атқарып кеткен тұстар да кездесті. Ал онсыз «Ұраным – Алаш!..» сияқты көлемді дүниеге оқырманның ықыласын үзбей аударып отырып оқыту да мүмкін емес. Мысалы, жылнамалық жүйе бойынша Ж.Аймауытов пен М.Жұмабаев, Ә.Байділдин т.б. туралы тараулар Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Ғаббасов қатарлы 41 алаш қайтарткерінің тергеуі қамтылған «Жегі» бөлімінде, не М.Тынышбаев, Х.және Ж.Досмұхамедов, Ә.Ермеков сынды 30 тұлғаның тағдыры сараланатын «Қайрақ» бөлімінің басында тұруы тиіс болатын.
Аса ауқымды 14 томдық тергеу ісін жинақтай жүйелегенде бұл тәсіл мазмұндық тұрғыдан бірегей қайталауларға ұрындыратыны байқалды. Сондықтан да тарихи айғақтарды алдыға шығарып, «мәдениет майданына» қатысты айыптауларды шегере бердік. Соның өзінде, өзіміздің шығармашылық басты нысанамыз – рухани тәуелсіздік мәселесі жеріне жете жетеленбегендей көрінгендіктен де, Мұхтар Әуезовтің тергеу ісін жеке бөліп ап, сол арқылы 1917-1991 жылдар арасындағы кеңес өкіметінің зиялы қауымды ұлттық-идеологиялық қысымда ұстап, тұлғаларды үрейден айырмаған арандату саясатын талқыға салғымыз келді.
Сонымен қатар бұған: қашан тәуелсіздік алғанша зиялылардың жан аңсарына айналған алаш идеясы 1937 жылдан кейін өшті – деген саңлаусыз пікірдің үстемдік алып бара жатқаны да қамшы салды. Сөйтіп, Біртұтас алаш идеясы мен қозғалысын тұжырымдайтын түйінді құжаттарды тұтастай ұсынуға ықпал етті.
Саналы түрде қырық жыл бойы зерттеген тақырыптың әлі де қамтылмаған бөген-айы мен әттеген-айына қарамастан, оны бұдан әрі тартпада сақтауды қажет деп таппадық. Тек, бұл әфсананың жинақтау, салыстыру, саралау, ой қорытып, пікір тұжырымдау мақсатында жазылғанын есте ұстауды өтінеміз. Алаш идеясы өмірлік аңсарына айналған, сонымен өмір сүрген «жоғалған ұрпақтардың» толқынына жататын тағы бір жалаңтөс көмпістің мұншама құжаттар мен деректерді жинақтап, ту күйінде ұлтына ұсына қоюы екіталай, білтенің бітер ұшында маздаған өмір мүмкіндік те бере қоймас. Қайыр.
Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай.
6 маусым, 2009 жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |