ҚОРЫТЫНДЫ
Сонымен, диссертациялық жұмысымыздың негізгі бөлімдерінде біз ғылыми тұрғыдан мемлекеттік басқаруды жаңғырту жағдайындағы мемлекеттік қызмет көрсетудің мәні мен мағынасын, мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарының құқықтық және экономикалық аспектілерін, қазіргі кезеңдегі мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасы мен қол жетімділігін қамтамасыз етудің негізгі проблемаларын және т.б. жан-жақты сипаттап беруге тырыстық.
Зерттеу барысында көтерілген мәселелердің теориялық аспектілерін тереңірек ашу үшін көптеген шетелдік ғалымдардан басқа, С.Ғ. Қапаров, А.Б. Майдырова, А.А. Орсариев, З. Тұрыспеков, А.А. Тастанова, Б.К. Есекина, С.Б. Ахметжанов, М. Кенжегузин сияқты қазақстандық авторлардың және т.б. еңбектері мен ізденістеріне сүйендік.
Диссертацияның мәтінін тұжырымдамалық тұрғыдан негіздеуге Қазақстан Республикасының қолданысындағы ізденісіміздің тақырыбына тікелей қатысы бар нормативтік құқықтық актілерді пайдаландық. Атап айтқанда, ҚР Азаматтық және Бюджет кодекстерінің, «Мемлекеттік қызмет туралы», «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы», «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы», «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» «Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету туралы» және т.б. ҚР Заңдарындағы, сондай-ақ ҚР Президентінің «Қазақстан 2030» Стратегиялық бағдарламасындағы, оның жыл сайынғы Жолдауларындағы, бірнеше Жарлықтарындағы, ҚР Үкіметінің «Мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын бекіту туралы», «Мемлекетік қызмет көрсетудің Үлгілік регламентін бекіту туралы», «Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізілімін бекіту туралы», «Қазақстан Республикасының тұрғын халқын құжаттау және тіркеу қағидаларын бекіту туралы» және т.б. қаулыларындағы, сондай-ақ бірталай министрліктер мен агенттіктердің нормативтік актілеріндегі осы еңбекке қатысы бар тұжырымдамалар мен тиісті фактологиялық деректерді пайдаланып жұмысымыздың әрбір бөлігіне енгіздік.
Сонымен бірге, жұмысымызды ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің, Статистика агенттігінің, ҚР Индустрия және сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің және т.б. бірқатар ресми материалдарымен, мемлекеттік қызметтер көрсетуді стандарттау бойынша Қазақстанда жүзеге асырылған іс-шараларға жасалған талдаумен толықтырдық.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, жүргізілген зерттеулер мынадай тұжырымдар мен ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді.
1. Мемлекеттік басқару жүйесін реформалау практикасы көрсеткендей, қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың функцияларының аражігін неғұрлым айқын ашу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсетудің сол функцияларға қатысты орны мен рөлін анықтау көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр.
Ғылыми еңбектерде осы кезге дейін мемлекеттік функциялар мен мемлекеттік қызметтер көрсетудің арақатынасы туралы пікірталастар жүргізілуде. «Мемлекеттік қызметтер көрсету» термині әзірше басқарушылық практикасы мен заңнамадан жаңа ғана орын ала бастаған ұғымдардың біріне жатады. Бірақ қызмет көрсетудің бегілі бір түрі ретінде ол іс жүзінде ертеден қолданылған. Шындығында да, кез келген қоғамда мемлекет өзінің қамтамасыз ету міндетіне алатын қоғамдық маңызы бар мүдделер болады. Сол мүдделерге қол жеткізу қызмет көрсетудің ерекше бір түрлері арқылы жүзеге асырылады. Осы тұрғыдан қарағанда, мемлекеттік қызметтер көрсетудің барлығы дерлік мемлекеттік функцияларға жатады, өйткені олардың іске асырылуы мемлекеттік органдардың нақты құзыретіне жатады.
Алайда, мемлекеттік қызметтер көрсетудің барлығы бірдей экономиканы реттеуге бағытталмайтынын айта кеткен жөн. Мемлекеттік органның функциясына жататын мемлекеттік қызметтер көрсету мемлекеттің экономикалық функцияларын орындап қана қоймай, оның әлеуметтік, қорғаушылық, саяси және тағы басқа да функцияларын атқарады. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтер көрсетудің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру жағдайына және экономиканың жалпы бәсекеге қабілеттігіне реттеуші ықпалын ескере отырып, мемлекеттік қызмет көрсетуді экономиканы мемлекеттік реттеу тұрғысынан дербес зерделеудің практикалық және теориялық маңызы зор.
2. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігі оның сапасы мен қол жетімділігінің деңгейіне байланысты.
Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасы мен қол жетімділігін басқару кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістік елдерінің атқарушы билік қызметінің негізгі бағыты болып отыр. Әкімшілік реформаның барысында мемлекеттік қызметтер көрсетудің стандарттары мен регламенттері әзірленді, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің және мемлекеттік функциялардың құрамы мен сипаттамалары оңтайландырылды.
Халықтың билікке деген көзқарасы ең әуелі қандай да бір тұрмыстық жағдайда шенеуніктермен қарым-қатынас жасаудың қаншалықты табысты және қолайлы болғандығы, көрсетілген қызметтің (азаматтық паспорт алудан бастап салық есептілігін қабылдауға дейінгі) күтілетін нәтижеге қаншалықты сай болғандығы негізге алына отырып қалыптасады. Бұл қазіргі кезде дамыған елдердің көпшілігінде үстем болып отырған «сервистік мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді.
Қазақстан Республикасында 2006-2011 жылдары сапаға деген зейін әбден түсінікті болды: жүргізілген сауалнамалардың деректері халықтың, тұтастай алғанда, билік органдарының қызметіне жеткілікті қанағаттанбайтындығын көрсетті.
Қазіргі кезде бұл саладағы жағдай түбегейлі өзгерді. Іс жүзінде әлемнің барлық елдерінің экономикалары, ықпалын толық көлемде сезініп отырған әлемдік қаржы және экономикалық дағдарыс сұраныс тарапынан да, сондай-ақ ұсыныс тарапынан да өзгерістерге әкелді. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге деген негізгі сұраныс кәсіпкерлік пен мүлікті басқару саласынан әлеуметтік тұрғыдан бағдарланған қызметтер жағына: әлеуметтік көмекке, жәрдемақыға, жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және т.б. ауысты.
Солай болғанымен, мемлекеттік функцияларды атқаруға және мемлекеттік қызметтер көрсетуге жұмсалатын шығыстардың көлемі мен құрылымын өзгерту туралы мәселені шеше отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру саласындағы іс-шараларды жүргізуден ешқандай жағдайда да толығымен бас тартпаған жөн. Керісінше, әкімшілік реформа құралдары экономикадағы және қоғамдағы дағдарыстық шиеленісті еңсерудің дәстүрлі тетіктеріне үйлесімді қосымшаға айналуы мүмкін.
Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасы мен қол жетімділігіне тұтынушылардың қанағаттанушылығын бағалау жөніндегі шаралар өзінің ұйымдастырылуын ғана емес, сонымен бірге оның тұрақты өзекті етілуін талап ететін негізгі проблемалардың бірі болып табылады.
Әлемдік тәжірибеде қызметтер көрсетудің сапасы мен қол жетімділігін арттыру міндеті көпшілік жағдайда, тұтынушылардың қанағаттанушылығына тұрақты мониторингілер жүргізу жолымен шешіледі.
Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына халықтың қанағаттанушылық көрсеткіші мемлекеттік органның негізгі бағыттарында белгіленген, оның өз мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуін сипаттайтын индикаторлардың құрамына енгізілуі тиіс.
3. Қазақстанда мемлекеттік қызметті жаңғырту тұрғысынан белгілі бір табыстырға қол жеткізілді деп айтуға болады, тиісті заңнамалық база жасалды, мемлекеттік қызметшілердің мәртебесі, құқықтары мен міндеттері анықталды, мемлекеттік органдардың өкілеттіктері регламенттелді. Сонымен бірге, қоғамның дамуы, бүгінгі күннің жағдайы мен талаптарының өзгеруі – халықтың өмір сүру деңгейін неғұрлым тиімді және сапалы арттыру, соның ішінде оған толыққанды мемлекеттік қызметтер көрсету мақсатында мемлекет пен азаматтар арсындағы өзара қарым-қатынастардың жан-жақты жетілдірілуін қажет етеді.
Осыған байланысты, біздің пікірімізше, диссертациялық жұмысымызда келтірілген шетелдік тәжірибелердің ішінен, мемлекеттік қызметтер көрсетудің түпкілікті нәтижесіне бейімделген, қызмет көрсетудің сапасы мен қол жетімділігінің нысаналы көрсеткіштерімен анықталатын тәжірибе ең маңыздысы болып табылады. Осы тәжірибені Қазақстанда жүргізіліп жатқан, мемлекеттік басқаруды тұтастай жаңғыртуға, соның шінде мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған реформа шеңберінде пайдаланған жөн деп есептейміз.
Аталған реформаның аясында мемлекеттік органдардың қызметінің ішкі факторларын жетілдіру, атап айтқанда, мемлекеттік шенеуніктердің қызметінің тиімділігін арттыру басты назарда болуы тиіс, өйткені олардың әрқайсысының жеке басының және бірлескен корпоративтік іс-қимылдарынан жалпы басқарушылық шешімдердің негізі қаланады. Мемлекеттік қызметті тұтастай алғанда, соның ішінде мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдірудің ішкі проблемаларын шешу – мемлекеттік басқару жүйесінің жалпы тиімділігін арттыруға үлкен септігін тигізеді.
Әлемнің көптеген елдерінің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, мемлекеттік қызметті оңтайлы ұйымдастыру биліктің қоғамды басқару ісінде оң нәтижелерге әкеледі. Сондықтан біздегі жүргізіліп жатқан реформаларды әрбір мемлекеттік қызметші психологиялық тұрғыдан өзінің бойына сіңіргендей, жоғарғы ұқыптылықпен ұйымдастырғанда ғана олар түпкілікті нәтижеге жетеді деп ойлаймыз.
4. Мемлекеттік қызметтер көрсету процесінің сапасы мен қол жетімділігін арттыруда оларға қойылатын негізгі талаптарды регламенттейтін стандарттардың алатын орны мен маңызы ерекше. Азаматтардың қызмет тұтыну жөніндегі құқығынына кепілдік беру үшін «Мемлекеттік рәсімдер туралы» ҚР Заңында мемлекеттік органдар үшін әрбір көрсетілетін мемлекеттік қызмет туралы стандарт әзірлеу және қызмет көрсету кезінде стандарттың талаптарын басшылыққа алу қажеттігі белгіленген.
Бүгінгі таңда Қазақстанда мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын әзірлеу мен енгізу процесін регламенттейтін нормативтік құқықтық база жасалды деп айтуға болады. Бұған, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 шілдедегі № 745 «Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізілімін бекіту туралы» қаулысын жатқызуға болады, сол құжат бойынша көрсетілетін қызметтің 221 түрі бойынша стандартар әзірлеу белгіленген болатын.
Қазіргі кезде Мемлекеттік қызметтер көрсету тізілімін кеңейту мәселесі қаралуда. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету тізбесін 700 бірлікке көбейту жөнінде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мұның өзі қызмет көрсету сапасына жағымсыз әсерін тигізуі мүмкін.
Мемлекеттік қызметтер көрсетуді стандарттау мемлекеттік билік пен Қазақстан Республикасының аумағында тұратын және қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін қоғамның (халықтың) өзара қарым-қатынастарын реттеудің оңтайлы деңгейіне қол жеткізу болып табылады. Алайда, осы кезге дейін стандарттау процесін іске асыруда олқылықтар орын алуда. Мәселен, уәкілетті мемлекеттік органдардың мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесіп жүргізген зерттеулері қызметтер көрсетудің рәсімдері мен мерзімі бойынша бірқатар кемшіліктер тапты, қолданыстағы стандарттар мен регламенттердің үлгілік талаптарға көбінесе сәйкес келмейтіні анықталды.
Мемлекеттік қызметтерді ойдағыдай стандарттауды қиындататып отырған жағымсыз кезеңдерге, бір жағынан – мемлекеттік органдардың қолданыстағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің Тізілімге уақтылы енгізілуіне және мемлекеттік қызметтер көрсетудің стандартталуына мүдделі еместігі, екінші жағынан – функциялардың қайталануы, мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарының қажет етіліп отырған құжаттардың тізбелік көлеміне сай келмеуі және мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімдерінің ұзаққа созылып кетуі жатады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің жоғарыда аталған қаулысымен бекітілген, Мемлекеттік қызметтер көрсету тізіліміне кіретін, жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге жасалған талдау мемлекеттік органдардың кейбір стандарттарының тым артық бюрократтандырылып жіберілгендігін көрсетті.
Мемлекеттік қызметтер көрсетуді стандарттаудың әлемдік тәжірибесі көрсетіп отырғандай, тұтынушыларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізілімін кеңейтуді бірте-бірте жүзеге асыру қажет. Бұл тізілімге бірінші кезекте неғұрлым бұқаралық сұранысы көп, әлеуметтік маңызы зор қызмет көрсету түрлерін енгізген жөн.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтер көрсетудің сан жағынан мөлшері ауқымды болған жағдайда, оларды әзірлеу кезінде келісуге уақыттың көп кетететіндігі және мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарының әзірлігіне мониторингтің үстіртін жүргізілуі ықтимал болуы әлеуетті қиындықтарға әкелуі мүмкін.
Біздің зерттеуімізде айтылғандай, мемлекеттік органдардың сапалы және заманауи мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі жұмыстары қызмет көрсету стандарттарының нақты нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге бейімделуі тиіс. Басқаша айтқанда, бұл жұмыстар «стандарттар – нысаналы көрсеткіштер – олардың іске асырылу тиімділігін бағалау» логикалық тізбесі бойынша жүргізілуі керек.
5. Біздің жұмысымызда мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасы мен қол жетімділігін басқару процесін жетілдіруге қатысты проблемаларды ашып көрсетуге ерекше назар аударылды.
Баршаға мәлім, Қазақстанның әлемнің бәсекеге неғұрлым қабілетті елдерінің қоғамдастығына кіру жолындағы ұмтылысына орай, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Жаңа Қазақстан – жаңа әлемде» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «бізге елдің тұрақтылығын, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтай отырып, бір мезгілде қоғам мен мемлекетті басқарудың неғұрлым тиімді жүйесін қамтамасыз ете алатын биліктің қазіргі заманғы демократиялық нысанына қарай жылжи беру керек» деген міндет қойды. Осы міндетті іске асыру үшін елімізде жүріп жатқан әкімшілік реформа шеңберінде мемлекеттік басқарудың корпоративтік, нәтижелілік, ашықтық және есеп берушілік қағидаттарына негізделген сапалық тұрғысынан тіптен жаңа үлгісін құру жүзеге асырылуда.
Зерттеу барысында бұдан бұрын да айтқанымыздай, «мемлекеттік қызметтер көрсету» терминінің астарында мемлекеттің қоғам өміріндегі рөлі мен міндеттерінің өзгеруіне, жаңа құндылықтар мен басымдықтардың қалыптасуына байланысты терең себептер жатыр. Мемлекеттің мәні мен әлеуметтік борышы – оның қызметі, мақсаты мен міндеттерінің бағытталуын анықтауда шешуші рөл атқарады. Өз кезегінде, мемлекеттің функциялары қоғамның қазіргі даму кезеңіндегі қоғам алдындағы міндеттерге тәуелді болады. Ал міндеттер және олардан туындайтын функциялар қоғамның даму деңгейіне, оның экономикалық мүмкіндіктеріне, халықтың қажеттіліктері мен мүдделеріне және т.б. байланысты болады.
Осыған байланысты айтайын дегеніміз, қоғам мен мемлекеттің жаңа қатынастары пісіп-жетілуі тиіс, мемлекеттің бұдан бұрын орындаған функцияларын қоғам өзіне алуға дайын болуы керек.
Батыс демократиясының елдері, мемлекеттік билікті реформалай отырып, мемлекеттік құрылымдарды, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар функцияларды орындайтын, өзін-өзі реттейтін ұйымдарды құра келе, бұл бағытта ұзақ жолдан өтті. Осындай құрылымдар бізде де құрылуда, бірақ бұл сындарлы да күрделі жолдың басы ғана, өйткені әлі талай белестерден, ықтимал олқылықтар мен қателіктерді еңсере отырып, өтуге тура келеді.
Әлемдік тәжірибе үйреткендей, қоғамдық бақылау қоғамға да, сондай-ақ мемлекеттік билікке де тиімді. Шындығында да, ол мемлекетті жауапкер-шілік сезінуге – заңның жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге және қорғауға, демек, жалпы игілік үшін тиімді іс-әрекет жасауға мәжбүрлейді.
Жоғарыда баяндалғанға қоса, мемлекеттік қызметтер көрсетудің нысаналы көрсеткіштерін басқару жүйесін жетілдіру мақсатында осы көрсеткіштердің қалыптасуы мен пайдаланылуының жаңа бағытын құрып, оның негізіне мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың халықтың мүддесі үшін қызмет көрсету түрлерінің сапасы мен қол жетімділігін арттыру жолында өзара тиімді іс-әрекеттерін нығайту қажет сияқты.
6. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев 2012 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауында халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру міндетін қойды.
Мемлекет басшысы, біріншіден, Электрондық үкіметті дамыту қажеттігін тілге тиек етті, өйткені 2012 жылдың аяғына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызмет көрсету түрлерінің 60 пайызы электрондық нысанда ұсынылады. Ал 2013 жылдан бастап рұқсат ету құжаттарының барлығы электрондық нысанда немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы берілетін болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы автокөліктерін тіркеу мен көлік жүргізушілердің куәліктерін беру қызметтері де жүзеге асырылуы тиіс. Екіншіден, Президенттің қойған талабына сәйкес әкімшілік рәсімдерді оңайлату көзделген. Рұқсат беру құжаттарының көлемі 30 пайызға қысқартылып отыр. Үшіншіден, Елбасының талабы бойынша, халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру жөнінде нақты шараларды, соның ішінде әртүрлі ынталандыру бағдарламарын жүзеге асыру көзделіп отыр.
Осының барлығы бәсекеге қабілетті экономиканы құруға және дамытуға, халықтың тұрмыс деңгейінің өсуіне, мықты азаматтық қоғамның қалыптасуына, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, адами капиталдың сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды. Түпкілікті нәтижесінде, еліміз мықты, тиімді дамыған және гүлденген мемлекетке айналады, бұл оның ұлттық мүдделерінің көрінісін бейнелейді.
Жоғарыда баяндалғанды қорытындылай келе айтайық дегеніміз, біздің пікірімізше, осы диссертациялық жұмыста біз ғылыми тұрғыдан мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасы мен қол жетімділігін, мемлекеттік басқаруды жаңғырту жағдайындағы мемлекеттік қызмет көрсетудің мәні мен мағынасын, мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарының құқықтық және экономикалық аспектілерін т.б. дәйекті түрде сипаттап беруге тырыстық. Сонымен бірге бұл жұмыста қомақты фактологиялық материал, зерттеу тақырыбы мен мазмұнына қатысты бірқатар нормативтік-құжаттар жинақталған.
Диссертацияда жинақталған материалды, оның тұжырымдары мен қорытындыларын мемлекеттік қызметшілер өздерінің практикалық қызмет барысында, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, магистранттары мен докторантары оқу процесінде, ғылыми мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ мемлекеттік басқару саласының басшылыры мен мамандары, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың теориясы мен практикасына қызығушылық блідіретіндердің барлығы пайдалануына болады деген пікірдеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |