1.2. Өнер көзі – халықта
Көшпелі және жартылай көшпелі тұрмыс жағдайында негізінде мал шаруашылығы өнімдерін өңдеумен байланысты, оның ішінде жүнмен алуан түрлі бұйымдар жасау белгілі бір өнерді, шеберлікті қажет етті. Мысалы, әйелдер қой жүнінен жіп иірген, ол жіптен өрмек тоқып, қап, қоржын, киіз үйдің түрлі бау, басқұрларын дайындаған. Қой жүнінен киіз үйге жабатын туырлық үзіктер басылды. Киізден оюлап жақсы текемет басатын болды: жидем, бас киім, тоқым сияқты заттар дайындалды. Теріден саба, торсық сияқты ыдыстар, ең алдымен аяқ киім, белбеу істелінді. Қазақтың халық шеберлері жасаған, үлкен талғаммен өрнектеліп істелген бұйымдардың зерттеудің олардың нұсқамаларын жариялап отырудың ғылыми маңызы зор, өйткені, бұл қазақ халқының этногенезінің аса маңызды тың мәселелерін шеуге, оның ұлттық дәстүрлері мен өзгешеліктерін анықтауға көмектеседі. Мысалы, киіз басумен тек қазақ халқы ғана емес, түркі тұқымдас елдердің түгел айналысқандығы байқалады. Яғни, басқа елдердің ою-өрнектерімен үндесіп жатады. Қазақ халқының өмірінде киіз басу кәсібінің маңызы зор болды. Әдетте киіз басу кәсібі қазақтарда маусымды сипаттарда өтетін еді. Ол қойды қырыққанда басталады да, қырқылған жүннің барлығын өңдеп болғанға дейін созылады. Басқа уақыттарда басылған дайын киізден әртүрлі заттар жасаумен шұғылданады.
Қазақтар ірі қойлардың жүнін жылына екі рет – көктем мен күзде қырқып отырған. Көктемгі қырқу қыстан шыққан малдың күтіміне байланысты кейде ерте, кейде кеш басталады. Қоны жақсы мал ертерек қырқылады, өйткені, оның жаңадан шығып келе жатқан жүні тез өсіп, ескі жүн көтеріледі, ол қырқуға жеңіл болады.
Күзгі қырқу (күзем). Суық түскенше қойдың жаңа түскен жүнін кемінде 3-4 см өсетіндей етіп шамалап барып қырқады. Қазақ өмірінде қой жүнін өңдеудің маңызы зор болды. Жабағы жүннен олар сырт киім тікті, кілем тоқып, арқан есіп, т.б. жасады. Қыстай қорада жататын қойлардың жүні былғаныш болғандықтан киіз басу үшін көктемде қырқуға өлі жүн жарамайды. Қазақ қолөнерінде арнайы басылған немесе дайын тұрған ақ киізден жасалатын заттар көп. Сырмақ, текемет, төр киіз, түс киіз сияқты көлемді мүліктерден басқа көлемі шағын заттар да бар. Олар: аяққап, қол дорба, сандық қап, төсек көмкеруі, кереге қап, тоқым, телпек және т.б. мұндай заттарды қажетті киіздерді көбінесе оюлап кеспей тұтас күйінде пішіп алып, өрнекті соның бетіне жалғастыра тігеді. Ондай өрнектерді салу үшін кейде бір түсті матаның бетін әртүрлі жіппен өрнектеп, жібек жіптермен шашақталып, әр жерінде келетін баулары да тоқыма әшекейлі келеді. Кейбір қалпақ, жібек жіптермен кестелеп, сондай асыл дүниелерден әртүрлі әшекейлі салпыншақтар, жылтырауықтар қадап сәндендіріле түседі.
Ғылым мен білім әлі өркен жая қоймаған қазақ жерінде сонау ХVII-XIX ғасыда-ақ қолөнері ұлттық дәчтүр ала бастағаны халқымыздың өнертарихына аян, ашық түсті айшықты текеметтер. Қара-ала сырмақтар, қызғылт-жасыл түскиіздер, алқызыл гүлдері құлпырған түкті кілемдер, қошқар мүйіз, самаурынша, құстаңдай өрнекті текеметтер, алашалар мен тоқылған сандықтар, асадал, аяққап, кесеқап немесе шекпен сияқты киім-кешектер о баста, сөз жоқ, тұрмыстық қажеттілікпен туған. Айтарлықтай, жүнмен иірілген жіп – жылу ұстағыштығымен, күннің көзін өткізбейтіндігімен, бояу алғыштығымен жоғары бағаланған. Жүнмен тоқылған киім қыртыстанбайды, әрі жеңіл келеді. Сондай-ақ киіз үйдің жабдықтары, ішкі әшекейлері түгелдей дерлік жүннен жасалған ғой.
Ел ішінде әр істің қас шебері болған, аты шыққан қолөнер шеберлері – кілемшілер, киіз басушылар, шымши тоқушылар, текеметке түрлі ою ойыстыратындар өз өнерлерін ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдырып отырған. Сөйтіп, өнердің осынау бір мәңгі өшпес түрі тұрмысымызда күні бүгінге дейін өз орнын алып келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |