21.3. Коллоидты бөлшек зарядтарының түзiлуi және оларды анықтау әдiстерi
Коллоидтық бөлшектердiң электрлiк қасиеттерi олардың зарядына байланысты, ал зарядтар иондардың адсорбциялануы және қос электр қабатының түзiлуi нәтижесiнде пайда болады. Коллоидтық ертiндiлердiң зарядтары 2 түрлi әдiспен түзiлуi мүмкiн.
1. Диссоциация әдiсi (гидрофильдiк зольдерде).
2. Адсорбциялық әдiс (гидрофобтық зольдерде).
1. Гидрофильдiк зольдердiң қышқылдық немесе сiлтiлiк ортада диссоциациялануына байланысты олардың беткейi оң немесе терiс зарядталады.
Осыған байланысты дисперсиялы орта қарама–қарсы зарядталып, қос электр қабаты түзiледi.
2.Гидрофобтық зольдерде қозғалмайтын адсорбциялықжәнеқозғалмалы диффузиялық қабаттардың арасында қос электр қабаты пайда болады, себебi олар қарама–қарсы зарядталады.
Коллоидтық бөлшектердiң зарядтарын анықтаудың мынадай әдiстерi бар:
1. Электрофорез әдiсi. 2. Капиллярлау әдiсi.
1. Электрофорез әдiсi бойынша екi тармақтан тұратын шыны түтiкке коллоидтық ертiндi құйылып, электродтар салынады. Электр тогы жiберiлгенде коллоидтық бөлшектер белгiлi бiр бағытта қозғалып, түтiктiң бiр тармағында шоғырланады. Коллоидтық бөлшектiң заряды оның қандай электродтың маңайында шоғырланғанына байланысты анықталады.
2. Капиллярлау әдiсiмен зарядтың таңбасын анықтау үшiн фильтрленген қағазды пайдалануға болады. Целлюлоза суда Н+- иондарын бөлiп шығаратын болғандықтан, қағаздың капиллярлар жақтауы терiс зарядталады
Егер қағазға оң зарядталған бөлшектерi бар ертiндi тамызылатын болса, су капилляр арқылы оңай өтедi де, ал бөлшектер капиллярдың жақтауларында адсорбцияланады. Сол себептi үлкен түссiз аймағы бар боялған дақ пайда болады.
Егер бөлшектер терiс зарядталған болса, жiңiшке түссiз аймағы бар үлкен боялған дақ пайда болады, себебi бөлшектер сумен бiрге өтiп, тамшы орталығынан алыстайды.
Достарыңызбен бөлісу: |