Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ХАБАРШЫСЫ, «Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар» сериясы, №1(72), 2022 ж.
80
экономистер, заңгерлер мен халықаралық мамандарды даярлап, ол барлық студенттердің ширек бөлігін,
соның ішінде экономистер 20%-ке жуығын құрайтын болды. Сонымен бір мезгілде техникалық және
жаратылыстану ғылымы мамандықтары бойынша орындар үздіксіз қысқарып келеді. Ал таяу жылдары
еліміздің жоғары білімді экономистерді қажетсінуі әр жылға шаққанда 2500-2700 адамнан аспайды » - деп
атап көрсетілді [4].
Сол себепті республиканың білім және ғылым министрлігі 1999 жылдан бастап жоғары оқу
орындарында, соның ішінде жеке меншік жоғары мектептерде қажетті мамандар даярлауға мемлекеттік
тапсырысты конкурсты негізде орналастыру тәртібін енгізді.
Сонымен қатар нарықты қатынастарды
қалыптастыру процесі, экономикадағы теріс құбылыстар
ЖОО-ның материалдық-техникалық базасының құлдырауына да әкеп тіреді. ЖОО-дағы жалақының
төмендігінен оқытушылардың, әсіресе, болашағынан үміт күттіретін жастардың басқа жұмыстарға
ауысуына, сөйтіп профессор-оқытушылар құрамының қартаюына және жалпы ғылыми-педагогикалық
әлеуеттің әлсіреуіне апарып соқты. Соған байланысты республиканың білім
және ғылым министрлігі
оқыту жүйесін жаңа сапалық жағдайға көшіру жөнінде түбегейлі шаралар қабылдауда. Аймақтық негізде
жоғары мектептер жүйесін жетілдіру тұжырымдамасы мен оңтайландыру схемалары негізінде жоғары
оқу орындарын құру, қайта құру немесе тарату шаралыры жүргізіліп, еліміздің бірқатар беделді ЖОО-да
тәжірибе ретінде олардың көп деңгейлі құрылымы енгізілуде. ЖОО-лардың құрылымын ірілендіру, білім
беру мазмұнын жаңарту жөніндегі шаралары жүзеге асырылды. Білім беру мазмұнының міндетті төменгі
деңгейін, студенттердің жауапкершілігін арттырып, түлектерді даярлау деңгейіне қойылатын талаптарды
айқындайтын негізгі ережелер мен мемлекеттік стандаттар бекітілді.
Жылдан жылға білім беруге қаржы бөлу көлемі мен оның құрылымы жөнінен дамыған елдерден
артта қалушылық күшейе түсті. Мәселен, білім беруге жұмсалатын шығынның азаюы оқушылар мен
студенттер санының қысқаруына әкелді. Осының салдарынан ЖОО-лардағы студенттер саны 1993-94 оқу
жылында 1990-91 жылмен салыстырғанда 5 %-ға азайды [5].
1995 жылдың басында Білім беру Министрлігінде 24 мемлекеттік емес ЖОО-да аттестация өткізіліп,
соның нәтижесі бойынша 6 ЖОО лицензиясынан айрылды, 10-ы қайтадан аттестациядан өтетін болды, 5
ЖОО-ға 1995-96 оқу жылына студенттер қабылдауға тыйым салынды [6]. Аттестациялаудың қорытынды-
лары сондай-ақ олардың материалдық-техникалық жарақталуының әлсіздігін, жеткілікті деңгейде оқу-
әдістемелік жағынан қамтамасыз етілмегенін, білікті профессор-оқытушылар
құрамының жетіспейтінін
және де бұл мекемелердің құрылтайшылары мен басшыларының біліктілігі жоғары мамандар даярлау
міндеттерін шешуден гөрі көбінесе жеке мүдделерін көздейтінін көрсетті.
Мемлекеттік емес ЖОО-ның саны көбейіп, 1999 жылдың соңында білім беру қызметімен айналысу
құқығын беретін мемлекеттік лицензияға ие болған жоғары мектептердің саны 100-ден асты. Бұдан басқа
республикада Қазақстан ЖОО-ларының 50-ден астам филиалы және шетелдік жоғары мектептердің
40-тан астам филиалы лицензиясыз жұмыс істеді. Олардың көбі жергілікті жерлерде жеке кәсіпорындар
(ЖШС, ЖАҚ және т.б.) ретінде тіркелгендіктен тиісті оқу базасы мен білім беру лицензиялары болмады.
1999 жылдың аяғында өткізілген мемлекеттік емес оқу орындары қызметінің кәсіби талаптарға
сәйкестігін жоспарлы тексеру олардың көбінің қойылатын талаптарға жауап бермейтіндігін анықтады.
Оларға тән жалпы кемшілік ғылыми дәрежелері мен атақтары бар штаттағы профессор-оқытушылар
құрамының болмауы еді. Осы себепті сабақтарды кәсіби білімі жоқ оқытушылар, ал кейде тіпті жоғары
курстардың студенттері өткізіп келген. Мұндай ЖОО-да оқу-әдістемелік құралдармен,
қазіргі
оқулықтармен және ғылыми әдебиетпен қамтамасыз ету деңгейі де төмен болды. Оқу процесі көптеген
пәндер бойынша жоғары білім жөніндегі мемлекеттік стандарттардан ауытқып келген. Нәтижесінде, 4
жоғары оқу орнынан білім беру құқығын беретін лицензиясы қайтарылып, 3 жоғары мектепке лицензия
беруге рұқсат етілмеді [7].
Әртүрлі техникалық, ауыл шаруашылық және орта арнаулы оқу орындарын (колледждер) облыс-
тардағы педагогикалық институттар құрамына қосу да жоғары білім сапасына аз нұқсан келтірген жоқ.
Мұндай саясат материалдық-техникалық базаcының әлсіздігі мен оқытушы мамандардың жетіспеуіне
байланысты аймақтық ЖОО-ның облыс үшін қажетті мамандарды толықтай даярлай алмайтындығымен
түсіндірілді. Республикадағы ірі ЖОО-лардың жұмыс істеп тұрған филиалдарын
мақсатсыз жою және
оларды облыстық университеттердің (бұрынғы пединституттардың) құрылымдық бөлімшелеріне
айналдыру техникалық мамандар даярлау мен еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілік деңгейіне кері
әсер етті. Мысалы, техникалық ЖОО-ға студенттер қабылдау жоспары 1995 жылмен салыстырғанда 1998
жылы 12,7 мың адамға немесе 55,6 %-ға қысқарды. Ал осының бәрі инженерлік еңбек нарығындағы
ахуалдың ғылыми негіздегі болжауы болмағандықтан орын алды.