ВЕСТНИК КазНПУ им. Абая, серия «Исторические и социально-политические науки», №1(72), 2022 г.
199
жатқандығына алаңдаушылық білдіреді. Әннің елге көп тарағанын, оның себебі біреуден біреу үйренуі
оңай болғандығынан екендігін ескерте кеткен автор өз ойын былайша түйіндейді:
«...күй артық көп тарамаған, өйткені күйші болуға бір жағынан сезгір құлақтық керек, екінші жетік
домбырашы, иә, қобызшы болу керек.
Қазақ музыкасын туғызуға, әсіресе, күй керек.
Жаңа талап жастардан музыкаға әуесқойлары шығып келеді. Еуропаның музыка аспаптарын
үйренгендер де, үйреніп жүргендер де бар. Әсіресе духовой үйрену бастап келеді. Бірақ қазақ күйлері
нотада жоқ болғандықтан, тартатындары ылғи орыс күйлері.
Қазақта «марш» сықылды ескек күйлер көп. «Алшағырдың ащы күйі», «Боз айғыр», «Ақсақ құлан
шошыған», «Теріс қақпай», «Азамат қожа», «Бұлан жігіт», «Боз торғай», «Қара жорға», «Тәтімбеттің
сылқылдағы», «Бозінген»... сынды күйлер толып жатыр. Нағыз домбырашылар шерткенде тыңдаушының
жүйесін босатып, жүрегін елжіретіп жылататын күйлер бар. Жүрекке ерлік, қанға от сепкендей, қамалға
қарсы шапқызатын уытты дәу пері күйлерде бар. Домбырамен тартқанда сондай әсер беретін күшті
күйлер духовой оркестрмен тартылса, үгіт-үндеу орындарында тартылса, тыңдаушының бар тамыры
солқылдар еді.
Ауылға, елге шығушы, ойын қоюшы, үгіт сөйлеуші жастар, қызметкерлер духовой әркестрмен жүріп,
қазақ күйлерін боздатса, сары дала, заңғар тау жаңғырығып, адамның сай-сүйегі сырқырар еді. Қазақ
даласы сыңғырлаған музыка болар еді.
Бұл ой әркімнің басына келетін шығар, әркім-ақ қиял ететін шығар. Ендігі гәп күйлердің қалай
жиналу, қалай нотаға түсуінде?
Жақсы күйлер қазақтың қай жерінде болса да бар деп айтуға болмайды. Күйлер белгілі жерлерде,
белгілі елдерде ғана қалды» [13].
Расында да Жүсіпбек байқағандай, күйшілік өнер ол кезде Жетісу, Зайсанның астасқан жерлері,
Қарқаралының Түркістанмен астасқан жерлері, Ақмола Торғайдың оңтүстігі, Адайда жақсы сақталыпты.
Қарқаралының оңтүстігіндегі Сарыбұлақ, Сүйінші елдерінің күй шерткіштігі де ғажап болған екен. Ол
жақта ән көп айтылмайды, күй тарту өнерпаздық саналады. Осының бәрін қаперге алған қайраткер мақала
соңында ұсынған жобасында қазақ күйін сақтап қалу үшін, ата мұрамызды дамыту үшін жоғарыда аталған
аймақтарға аз болса біреу, әйтпесе 2-3 экспедиция жіберіп, жаздың 2-3 айында күй жинап қайтса
құптарлық-ақ қадам болатындығын баса айтады. Бұл мақсатқа ұшан теңіз қаржы бөлудің де қажетсіздігін
алға тартып, аса көп адамның керегі жоқтығын да жеткізіп, бір экспедициядағы 3-4 азаматтың, яғни бірі
қазақ жігіті, бірі күй жазушы, бірі фонографқа түсірушінің бұл міндетті мүлтіксіз атқаруға қауқары
жететінін де ашық айтады. Әйтсе де оның айтуынша, күйдің бар ырғағын, нақышын қағазға жазып
түсірудің қиындығы, нотаға жазуға аса шеберліктің керектігі, қазақ күйді бөліп-бөліп тарта алмайтындығы
– бәрі де ескерілуі тиіс. Былайша айтқанда Алаш зиялысының «Қазақ күйлері жоғалмасын десек, қазақ
музыкасы керек десек, тиісті мекеме осы жұмысқа қам істесе жақсы болар еді. Орынсыз елге шығып,
ақшаны шығын қылып жүрген экспедициялар аз емес қой. Ең болмағанда солардың бірі қысқартылар.
Бұл мәселе - оқу орындарының, жастардың көтеретін мәселесі. Түртпесе, қозғаушы табылмаса
өздігінен еш нәрсе істеле бермейді. Керекті жұмыс деп табылса, фонограф та, кісі де, қаржыда табылады.
Тек қолға алу керек» деген орнықты пікірін де теріс дей алмайсыз.
Жалпы Жүсіпбек Аймауытов бұл тақырыпта көп жазған журналист, керемет көсемсөзші. Айталық,
«Асыл қазына жиналса екен» атты мақалада ол ғинуардың 6-сында Түмен студенттері үшін мемлекет
театрының артистері концерт қойғандағы кештің бұрынғы ойналған сауық кештерінен басты ерекшелігі,
Затаевич жинаған «Мың бір әннің» ішінен әр рудың ән-күйлерін ойнап, естіртуінде екендігін айта келе,
алдыңғы мақалада айтылған ойдың желісін үзбей, әрі қарай жалғап:
«Манағы айтқан асыл қазынаны келешекке қаратып қоя тұрамыз ба? Жоқ, табуға, дүние жүзіне
шығаруға қам қыламыз ба? Қылмаймыз деп ешкім де айтпас. Қам істеліп те жатыр дерміз. Әйтсе де тағы
бір қозғап өту артық емес. сол еңбек қылған Затаевичті әлі де Қазақстан керек қылу керек.
Қазақтың мың әні жазылыпты. Жақсы. Қазақта жалаң ән ғана емес, сол шамалы күй де бар. Күй әлі
жазылған жоқ. Әннен де күй терең, күй қадірлі. Әннің айта алмағанын күй айтып береді. Музыка жүзінде
қазақтың әні ғана жарыққа шығып, күйі көмулі қалса, қазақ жүрегінің жарымы көрініп, жарымы
қалтарыста қалғанмен бір есеп. Әннен де күй артық. Күй қымбат. Әнді кім болса да сол үйрене алады.
Күйді кім болса сол тарта, шерте алмайды. Әнді оркестрде тарта беруге болмайды, болса да келте, оңсыз
келеді. Күйді аспаппен тартуға қолайлы, сәнін, сәулетті. Қызылордада екі-үш скрипкамен «Азамат қожа»
күйін тартқанын естігеннен де домбыраның дауысынан әлдеқайда әсерлі, күшті көрінді. Адамды
желпіндіріп, желіктіріп, еліктіріп әкетті. Ән олай емес. Әннен де күй кәрі. Күй қартайып, жоғалып
|