«Ветеринарлық санитария» мамандығының студенттеріне арналған


Тақырыбы: Стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттар



бет2/5
Дата03.07.2016
өлшемі343 Kb.
#173956
1   2   3   4   5

Тақырыбы: Стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттар

және оларға қойылатын талаптар
Дәрістің жоспары:

1 Жалпы сипаттамасы

2 Стандарттар категорияларының сипаттамалары.
Стандарттау жұмыстарын жүзеге асыру барысында стандарттау нысандарына тиісті нормалар, талаптар, ережелер, сипаттар қалыптастырылады. Аталғандар (талаптар және т.б.) нормативтік құжат түрінде өңделеді.

ҚР «Техникалық реттеу туралы» Заңы бойынша Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға келесілер жатады:

1) халыкаралык стандарттар;

2) өңірлік стандарттар және техникалық-экономикалык ақпарат жіктеуіштері, стандарттау жөніндегі ережелер мен ұсынымдар;

3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттары мен техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштері;

4) ұйымдар стандарттары;

5) Қазақстан Республикасының стандарттау жөніндегі ұсынымдары;

6) шет мемлекеттердің ұлттық стандарттары, ұйымдар стандарттары, техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштері, стандарттау жөніндегі ережелері, нормалары мен ұсынымдары жатады.



Мемлекетаралық стандарттар (ГОСТ) ТМД мемлекеттерінің стандарттау жөніндегі мемлекетаралық техникалық комитеттермен (МТК) әзірленеді және міндетті және/ немесе ұсынылатын талаптарды тағайындауы мүмкін.

Мемлекетаралық стандарттарды стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі Мемлекетаралық Кеңес (МГС), ал құрылыс саласында арнайы стандарттау, техникалық нормалау және сертификаттау жөніндегі Мемлекетаралық ғылыми- техникалық Комиссия қабылдайды.

Мемлекетаралық стандарттар қабылдаудан өткеннен кейін стандарттар жөніндегі Бюрода тіркеледі. Бюро Минск (Беларусь Республикасы) қаласында орналасқан.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарын мемлекеттік басқару органдары, заңды тұлғалар, стандарттау жөніндегі комитеттер әзірлейді. Стандарттарды әзірлеуге өнімнің технологиясын әзірлеуші, шығарушы және тұтынушылардың өкілдері, ғылыми-техникалық және инженерлік қоғамдар, тұтынушылар қоғамдарының өкілдері, Комитеттің мамандары шақырылуы мүмкін.

Мемлекеттік стандарттарды әзірлеу, келісу, қабылдау, есепке алу, өзгерту және оның күшін жою тәртібін уәкілетті орган белгілейді.

Мемлекеттік стандарттар:

1) мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің жалпы ұйымдастыру-әдістемелік ережелерін белгілейтін, негізге алынатын стандарттар;

2) өнімнің, көрсетілетін қызметтің біртекті топтарына, қажет жағдайда нақты өнімге, көрсетілетін қызметке қойылатын талаптарды белгілейтін өнімге, көрсетілетін қызметке арналған стандарттар;

3) процестерге арналған стандарттар;

4) өнімді, көрсетілетін қызметті, процестерді бақылау әдістеріне арналған стандарттар болып бөлінеді.

Негізге алынатын мемлекеттік стандарттарды уәкілетті органның кәсіпорындары әзірлейді.

Мемлекеттік стандарттар өнімнің, көрсетілетін қызметтің шығарылған жеріне қарамастан, ерікті негізде тең дәрежеде қолданылады.



Қазақстан Республикасының техникалық-экономикалық ақпаратының мемлекеттік жіктеуіштері- экономика салаларында қолданылатын және есепке алынуға тиіс техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуге және код қоюға жатады.

Техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттік жіктеуіштерінің тізілімін уәкілетті орган жүргізеді.

Қазақстан Республикасында техникалық-экономикалық ақпаратты жіктеу және оларға код қою жүйесін құру мен оның қызметіне бақылау жасау жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді уәкілетті орган белгілейді.

Қазақстан Республикасындағы ұйымдар стандарттары және стандарттау жөніндегі ұсынымдар.

Ұйымдар стандарттарын мемлекеттік техникалық реттеудің мақсаттарына жету үшін ұйымдар өздері дербес әзірлейді және бекітеді.

Ұйымдар стандарттарын әзірлеу, бекіту, есепке алу, өзгерту, күшін жою, тіркеу, белгілеу, басып шығару тәртібін оларды бекітетін ұйымдар дербес белгілейді.

Ұйымдар стандарттары қолдану үшін ерікті сипатта болады және техникалық реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға қайшы келмеуге тиіс.

Ұсынымдар стандарттау, өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету, сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстар жүргізуге қатысты, қолданылу үшін ерікті ұйымдастыру-әдістемелік ережелерін қамтиды.

Ұсынымдардың жасалуына, ресімделуіне, мазмүнына, баяндалуына, оларды әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу және қолдану тәртібіне қойылатын талаптарды оларды бекітетін ұйым белгілейді.

Өздікбақылауға арналған сұрақтар:

1 Қазақстанда қолданылатын стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға қайсылар жатады?

2 Мемлекеттік стандарттарды әзірлеудің неше кезеңі бар?

3 Ұйым стандарттарын кім әзірлейді және бекітеді?

4 Ұсынымдар мен ережелер дегеніміз не?

5 Мемлекетаралық стандарттар Қазақстан аумағында қалай таралады?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1 Техникалық реттеу туралы ҚР заңы (2004 жылдың 9 қарашасы № 603 -11 (05.07.2008 ж. өзгерістер мен толықтырулармен)

3 Жанзақов М.М., Мырзабек К.А. Стандарттау – Қызылорда, «Тұмар», 2007 ж. – 224 б.
№ 5 дәріс (1 сағат)

Тақырыбы: Мемлекеттік стандарттардың түрлері
Дәрістің жоспары:

1 Негізге алынатын стандарттардың түрлері

2 Өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің стандарттары

3 Бақылау (сынау, өлшеу, талдау) әдістерінің стандарттары

4 Процестер стандарттары
1 Стандарттау нысандарының ерекшеліктеріне және тағайындалатын талаптардың мазмұнына байланысты стандарттардың төмендегі түрлері әзірленеді:


  1. негізге алынатын стандарттар;

  2. өнімдер мен көрсетілетін қызметтер стандарттары;

  3. бақылау (сынау, өлшеу, талдау) әдістерінің стандарттары;

  4. процестер стандарттары.

Негізге алынатын стандарттар мыналарды тағайындайды:

  • белгілі әрекеттер саласы үшін жалпы ұйымдастыру - әдістемелік жағдайларды;

  • өнімді, процестерді (жұмыстарды) және көрсетілетін қызметтерді әзірлеу және пайдалану процестерінде әртүрлі ғылым, техника және өнімдердің өзара байланысын, техникалық бірегейлігін және өзара түсінушілігін қамтамасыз ететін жалпы талаптар, нормалар мен ережелерді;

  • басқа да жалпы жехникалық талаптарды.

Кең түсінігі бойынша негізге алынатын стандарттардың нысандары болып мемлекеттік және салааралық маңызы бар нысандар: мемлекеттік стандарттау жүйесі, мемлекеттік сертификаттау жүйесі, өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесі, конструкторлық құжаттардың бірдей жүйесі (ЕСКД), өлшем бірліктері, салааралық маңызы бар терминдер мен анықтамалар (сапаны басқару, сенімділік, буып түю) және т.б. табылады.

Тар мағынадағы түсінігі бойынша негізге алынатын стандарт нақты жүйенің стандарттар комплекстерінде жалпы ережелерді анықтаушы стандарт болып табылады. Мысалы: ҚР СТ 1.0 – 2000 «ҚР Мемлекеттік стандарттау жүйесі. Негізгі ережелер».

Негізге алынатын стандарттарды былай бөлуге болады:

а) ұйымдастыру-әдістемелік стандарттар. Бұлар белгілі салада жұмыстарды жүргізу жөніндегі жалпы ұйымдастыру-әдістемелік ережелерді тағайындайды. Мысалы: ҚР СТ 1.2 – 2000 «ҚР Мемлекеттік стандарттау жүйесі. Мемлекеттік стандарттарды әзірлеу тәртібі»; СТ РК 1081 – 2002 «Тағамдық өнімдеріне технологиялық ңұсқаулар мен рецептуралар әзірлеу тәртібі. Негізгі шарттар».

б) жалпа техникалық стандарттар. Бұлар тағайындайды:


  • ғылымда, техникада, өндірісте көп мәрте қайталанатын ғылыми-техникалық терминдерді (мысалы, ГОСТ 16263- 70 «ГСИ. Метрология. Термины и определения»);

  • әртүрлі стандарттау нысандарының шартты белгілерін – кодтарын, символдарын, таңбаларын ( мысалы, ГОСТ 14192- 96 «Маркировка грузов», СТ РК 1003 – 98 «Сплавы на основе благородных металлов ювелирные. Марки»;

  • әртүрлі құжаттарды құру, баяндау, өндеуге және олардың мазмұнына қойылатын талаптарды (мысалы, СТ РК 1.5 – 2000 «ГСС РК. Общие требования к построению, изложению, оформлению и содержанию стандартов»);

  • техникалық қамтамасыз етуге қажетті жалпы техникалық шамалар, талаптар және нормаларды (үйлесімді сандар, параметрлік және өлшемдік қатарлар, өлшем құралдарының дәлдік кластары және т.б.). Мысалы, ГОСТ 8.417 – 81 «ГСИ. Единицы физических величин»;

  • сапа көрсеткіштерінің номенклатурасын (мысалы, СТ РК 1043 – 2001 «Машины для борьбы с ветровой эррозией. Номенклатура показателей качества»);

  • техникалық эстетика және эргономика талаптарын;

  • қауіпсіздік талаптарын (мысалы, СТ РК 12.002 – 2002 «Система стандартов безопасности труда. Процессы производства. Овцеводство. Требования безопасности») және т.б.

2 Өнімнің (көрсетілетін қызметтің) стандарты біртекті өнімдер (көрсетілетін қызметтер) топтарына немесе нақты өнімге (көрсетілетін қызметке) талаптар тағайындайды.

Өнімге төмендегі стандарттар түрлері әзірленеді:

а) жалпы техникалық шарттар стандарты - біртекті өнімдер (көрсетілетін қызметтер) топтарына талаптар тағайындайды (мысалы, СТ РК 1061 – 2002 «Продукты кисломолочные. Общие технические условия», СТ РК 1040 – 2001 «Условия транспортные по пассажирским перевозкам. Общие технические условия»;

б) техникалық шарттар стандарттары – нақты өнімге (көрсетілетін қызметке) талаптар тағайындайды. Мысалы, СТ РК 982 – 95 «Кефир. Технические условия», СТ РК 1095 – 2002 «Волокно хлопковое. Технические условия».

Аталған стандарттар, мысалы өнім стандарттары, әдетте, төмендегі бөлімдерден құралады:


  • жіктелуі;

  • негізгі параметрлері және/ немесе өлшемдері;

  • техникалық (жалпы техникалық) талаптар;

  • қабылдау ережелері;

  • таңбалау, буып- түю, тасымалдау, сақтау;

в) жалпы техникалық талаптар стандарттары жалпы техникалық шарттар стандартының бір ғана бөлімінен құралатын тар арнаулы стандарттар (мысалы, СТ РК 37 – 98 «Вышивка машинная и ручная. Общие технические требования»;

г) техникалық талаптар стандарттары - техникалық шарттар стандартының бір ғана бөлімінен құралатын тар арнаулы стандарттар (мысалы, ГОСТ 20902 – 95 «Столы обеденные школьные. Функциональные размеры»; ГОСТ 20809 – 75 «Патроны охотничьи. Типы и основные размеры»).

3 Бақылау әдістерінің стандарттары өнімді, көрсетілетін қызметті әзірлеу, сертификаттау, пайдалану кезінде сынақ, өлшеу, талдау жүргізу әдістерін тағайындайды (мысалы, СТ РК 1049 – 2001 «Премиксы. Методы анализа»).

Стандарттарда тағайындалатын бақылау әдістері объективті, дәл, нәтижелердің ұдайы қайталануын қамтамасыз ететіндей болуы керек.

Әр әдіс үшін оны жүзеге асырудың ерекшеліктеріне қарай мыналарды тағайындайды:


  • сынау құралдарын, көмекші құралғыларды, реактивтерді, материалдарды;

  • сынақ жүргізуге дайындалу тәртібін;

  • сынақ жүргізу тәртібін;

  • сынақ нәтижесін өңдеу тәртібін;

  • сынақ нәтижесін көрсету тәртібін;

  • сынақтың жіберілетін қателігін.

Стандарттың арналуы тар болуы мүмкін – бір ғана сапа көрсеткішін тексеру (мысалы, таза жүн және жартылай жүннен жасалған материалдардың буды өткізгіш қабілетін анықтау әдісінің стандарты), немесе арналуы кең – көрсеткіштер комплексін тексеру болуы мүмкін (жібек және жартылай жібектен тігілген даналап саналатын өнімдерді сынау әдістерінің стандарты).

Сертификаттау тәжірибесі аралас турлі стандарттарды - өнім мен бақылау әдістерінің стандарттарын, атап айтқанда, өнімге (көрсетілетін қызметке) қауіпсіздік талаптар мен қауіпсіздікті бақылау әдістерінің стандарттарын әзірлеудің қажеттілігін білдіріп отырады (мысалы, ГОСТ 25779 – 90 «Игрушки. Общие требования к безопасности и методы контроля»).

4 Процестер (жұмыстар) стандарттары өнімнің (көрсетілетін қызметтің) өмірлік циклының жеке кезеңдерінде әртүрлі жұмыстарды орындау әдістеріне (тәсілдеріне, амалдарына, режимдеріне, нормаларына) талаптар тағайындайды. (Өнімнің өмірлік циклының негізгі кезеңдері: әзірлеу, шығару, сақтау, тасымалдау, қолдану, т.б.). Мысалы ГОСТ 26907 – 86 «Сахар. Условия длительного хранения», ГОСТ 7995 – 79 «Мясо. Разделка говядины для розничной торговли», СТ РК 1155 – 2002 «Ртутьсодержащие приборы и изделия. Вакуум- термическая утилизация».

Процестер (жұмыстар) стандарттарына технологиялық операцияларды жүргізу кезінде адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған ортаны қорғауға талаптарын енгізуі керек.

Қазіргі күні сапа менеджменті жүйелері шегінде басқару процестерінің - құжаттарды сатып алуды, кадрларді дайындауды және т.б. басқару процестерінің стандарттары үлкен маңыз алып отыр. Басқару процестері – сапа жүйесі жұмыс кәсіпорындардың ұйым (фирмалық) стандарттарының типтік нысандары болып табылады.

Өздікбақылауға арналған сұрақтар:

1 Негізге алынатын стандарттардың түрлері

Ұсынылатын әдебиеттер:

1 Жанзақов М.М., Мырзабек К.А. Стандарттау – Қызылорда, «Тұмар», 2007 ж. – 224 б.
№ 6 дәріс (2 сағат)

Тақырыбы: Сәйкестікті растау

Дәрістің жоспары:

1 Сәйкестікті растау саласындағы негізігі түсініктер мен оның мәні

2 Сәйкестікті растаудың нормативтік-құқықтық негіздері мен ұйымдастырушылық құрылымы

3 Сертификаттауға қатысушылар
1 Сертификаттау деген сөз латын тілінен «дұрыс істелінген» деп аударылады. Өнім «дұрыс істелгеніне көз жеткізу үшін ол өнім қандай талаптарға сай болуы керектігін және өнімнің сол талаптарға сай екендігін қалай дәлелдеуге болатынын білу керек. Халықаралық тәжірибеде бұларды дәлелдеу үшін сертификаттау процедурасы қолданылады.

Сертификаттау объектілері: 1) өнімдер; 2) көрсетілетін қызметтер; 3) процестер; 4) жұмыстар; 5) сапа менеджментінің жүйелері.

Сәйкестік туралы декларация да, сәйкестік сертификаты да бірдей заңды күшке ие болады.

Сәйкестігі сәйкестік сертификатымен немесе сәйкестік туралы декларациямен расталатын өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің (жұмыстардың) тізілімдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.

Міндетті түрде сертификаттауға жататын өнімдерді, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сәйкестік сертификатысыз және (немесе) сәйкестік Белгісісіз немесе сәйкестік туралы декларациясыз босатуға тиым салынады.

Міндетті түрде сертификаттауға жататын өнімдерді, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, егер олар Қазақстан Республикасында сертификаттаудан өтпеген болса жарнамалауға тиым салынады.

Сертификаттау жөніндегі заңнаманы бұзған тұлғалар ҚР заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.

2 Сертификаттау жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде негізін қалаушы нормативтік (құқықтық, әдістемелік және техникалық) құжаттар қолданылуы тиіс.

Сертификаттау жөніндегі заңнама Қазақстан Республикасының «Техникалық реттеу туралы» Заңынан және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінен құралады.

Қазақстан экономикасында өтіп жатқан өзгерістерді ескере отырып 1999 жылы ҚР «Стандарттау және сертификаттау туралы» Заңының орнына халықаралық заңнамамен үйлестірілген ҚР «Сертификаттау туралы» Заңы қабылданған болатын. Соңынан 10 маусым 2003 жылы бұл Заңға өзгертулер енгізілген және толықтырылған. 9 қараша 2004 жылы ҚР «Техникалық реттеу туралы» Заңы қабылданып, ҚР «Стандарттау және сертификаттау туралы» Заңының күші жойылды.

ҚР «Техникалық реттеу туралы» Заңында техникалық реттеу және метрология жөніндегі уәкілетті орган және оның сертификаттау саласындағы қызмет бағыттары белгіленген. Заң Қазақстан Республикасында өнімді, сапа менеджменті жүйелерін, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сертификаттаудың құқықтық негіздерін тағайындайды, сертификаттау саласындағы қатынастарды реттейді, сертификаттауға қатысушылардың құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін айқындайды.

Техникалық реттеу және метрология жөніндегі Комитетпен Қазақстан Республикасынды сертификаттау жөніндегі жұмыстарды жүргізу тәртібін реттеуші нормативтік құжаттар (мемлекеттік стандарттар, ережелер, ұсынымдар, әдістемелік нұсқаулар және т.б.) әзірленген.

Қазіргі күнге Қазақстан Республикасында міндетті және ерікті сертификаттауға қатысты жүзден артық нормативтік құжаттар жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сертификаттау жүйесінің нормативтік базасы төмендегі құжаттардан (мемлекеттік, мемлекетаралық, халықаралық, басқа елдердің ұлттық) құралады:

стандарттар, санитарлық ережелер мен нормалар, құрылыстық нормалар мен ережелер, бекітуден өткен рецептуралар жинақтары, анықтамалық ақпараттық материалдар және т.б. оларға сәйкестікке өнімді сертификаттау жүргізілетін нормативтік құжаттар;

өнімді сынау әдістеріне нормативтік құжаттар;

сапа менеджменті жүйелеріне нормативтік құжаттар;

ҚР Мемлекеттік сертификаттау жүйесінің салааралық комплексінің нормативтік құжаттары.

Сертификаттау жөніндегі ҚР Мемлекеттік стандарттары үшінші салааралық стандарттар тобына жатады (ҚР СТ 3. ) және сертификаттау объектілері мен процедураларына бірыңғай нормалар мен талаптарды тағайындайды.

Сертификаттау жүйесінің өзіндік, сертификаттау жұмыстарын жүргізу ережелері және басқару рәсімдері болады.

Сертификаттау жүйелері үлттық (мемлекеттік), мемлекетаралық, өңірлік және халықаралық деңгейде қалыптастырылады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік сертификаттау жүйесі мемлектеттік басқару органдарының, Қазақстан Республикасы территориясында орналасқан меншіктің барлық түрлеріндегі кәсіпорындар мен ұйымдардың, сондай - ақ басқа елдердің фирмалары мен ұйымдарының қатысуы үшін ашық болып табылады. Аталған кәсіпорындар, фирмалар мен ұйымдар ҚР МСЖ ережелерін мойындауы және орындауы міндетті болып табылады.

ҚР МСЖ-сі шығарушылар, тұтынушылар, қоғамдық ұйымдар. сертификаттау жөніндегі органдар, сынақ зертханалары (орталықтары) үшін, сондай- ақ басқа да мүдделі заңды және жеке тұлғалар үшін ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Сертификаттауға қатысушылар мыналар болып табылады:

техникалық реттеу және метрология жөніндегі уәкілетті орган;

акктериттеуден өткен өнімдерді, процестерді, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сертификаттау жәніндегі органдар

аккредиттеуден өткен сынақ зертханалары (орталықтары);

аккредиттеуден өткен аккредиттеу саласында консалтин қызметін көрсету жөніндегі ұйымдар;

сертификаттау жөнендегі сарапшы- аудиторлар.

Өнімдерді, көрсетілетін қызметтерді, жұмыстарды, сапа менеджментінің жүйелерін сертификаттау жөніндегі жұмыстарды Қазақстан Республикасының әртүрлі өңірлерінде орналасқан 100 ден артық сертификаттау жөніндегі органдар және 300 жуық сынақ зертханалары (орталықтары) жүзеге асырады.

Сәйкестікті куәландыру және аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды басқаруды техникалық реттеу және метрология жөніндегі Комитет (ары қарай – Мемстандарт) – Қазақстан Республикасы үкіметімен тағайындалатын техникалық реттеу және метрология жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

Мемстандарт өзінің лауазымы және құқықтары шегінде стандарттау жөніндегі жұмыстарды жүргізеді және басқарады.

Өздікбақылауға арналған сұрақтар:

1 «Сертификаттау» дегенді қалай түсінесіз?

2 Сертификаттау объектілеріне қандай объектілер жатады?

3 Сертификаттау жөнінде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қандай құжаттар берілуі мүмкін?

4 Сертификаттаудың негізгі мақсаттары неде?

5 Сәйкестікті растаудың заңнамалық негізі қандай?

6 Мемлекеттік сертификаттау жүйесіне кіретін стандарттарды атаңыз.

7 Мемлекеттік сертификаттау жүйесі қандай негізгі мәселелерді тағайындайды?

8 Сертификаттауға қатысушыларды атаңыз.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1 Основы стандартизации, метрологии, сертификации и менеджмента качества. Учебное пособие под редак. Тазабекова Алматы.: 2003 г. - 450 с.

2 Самсаев М.Б. Өзара-ауыстырымдылық стандарттау, сертификаттау негіздері және техникалық өлшеу. Сапа менеджменті – Алматы, 2008 ж. – 300 б.

№ 7 дәріс (2 сағат)

Тақырыбы: Өнімнің сәйкестігін растау

Дәрістің жоспары:

1 Сәйкестікті растаудың жалпы сипаттамасы

2 Сертификаттаудың түрлері

1 Сәйкестікті растаудың ұйымдық-әдістемелік негізі барлық сертификаттау объектілеріне таралатын және осы процедураны ұйымдастыру және жүргізу тәртібін реттейтін ережелерден құралады.

Отандық және импортталатын өнімдердің сәйкестігін растау бірегей ҚР Мемлекеттік сертификаттау жүйесінде тағайындалған ережелер және схемалар бойынша жүзеге асырылады. Өнім қай мемлекетте шығарылғаны, өндіру, сақтау, тасымалдау процестері, келісімдердің түрі мен олардың ерешеліктері ескерілмейді.

Импортталған өнімнің сәйкестігін растау шетел сертификатын және сәйкестік Белгісін мойындау жолымен жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл жерде сертификаттау нәтижесін мойындау туралы тиісті келісім болуы керек. Республикада мойындалатын сертификат болмаған жағдайда өнімнің үлгілерін сертификаттау сынақтарынан өткізеді. Сынақ жүргізгенде өнімнің көрсеткіштерінің Қазақстан Республикасында жүретін нормативтік құжаттарда бекітілген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексеріледі.

Экспортталатын өнімдердің сәйкестігін растау олардың шығарушы және тапсырыс беруші арасындғы контракттта қарастырылған нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкестігін көрсету үшін жүргізіледі.

Өнімнің, оның ішінде импортталатын өнімнің сәйкестігін растауды сертификаттау жөніндегі аккредиттелген орган, ал ондай орган болмағанда Мемстандарт жүзеге асырады.

2 Сертификаттау түрлері.

Қазақстан Республикасы территориясында өнімдердің (процестердің, көрсетілетін қызметтерлің, жұмыстардың) сәйкестігін растау ерікті және міндетті түрде жүргізілуі мүмкін.

Өз еркімен сәйкестікті растау ерікті сертификаттау түрінде жүзеге асырылады. Ерікті сертификаттау өтінушінің (шығарушы, сатушы, орындауышының) инициативасы бойынша жүргізіледі. Мақсаты - өнімнің (процестің, көрсетілетін қызметтің, жұмыстың) өтінуші ұсынған стандарттың немесе басқа нормативтік құжаттың талаптарына, сондай-ақ өтінушінің арнаулы талаптарына сәйкестігін куәландыру. Ерікті сертификаттау міндетті сертификаттауды алмастыра алмайды. Басқаша айтқанда, егер өнім міндетті сертификаттауға жататын болса, оны ерікті сертификаттаудан өткізуге болмайды.

Сәйкестікті міндетті растау төмендегі түрде жүзеге асырылады:

шығарушы кәсіпорын сәйкестік туралы декларация қабылдау арқылы;

міндетті сертификаттау жүргізу арқылы.

Міндетті сертификаттау – сәйкестікті растау жөніндегі органдрдың қатысуымен өнімнің, көрсетілетін қызметтің техниклық реттеу саласындағы нормтивтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкестікті растау нысаны.

Міндетті сертификаттау міндетті сертификаттауға жататын өнімдер (процестер, көрсетілетін қызметтер, жұмыстар) тізіміне кірген өнімдер (процестер, көрсетілетін қызметтер, жұмыстар) үшін жүргізіледі.

Техникалық реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерге техникалық регламенттер, стандарттар немесе өнімнің, процестің, көрсетілетін қызметтің адам өмірі, денсаулығы, мүлкі үшін және қоршаған орта үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басқа да нормативтік құжаттар жатады.

Міндетті сертификаттауға жататын өнімдер мен көрсетілетін қызметтер тізімі, сондай-ақ сәйкестігі туралы декларациямен растауға болатын өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің тізімін Мемстандарт мемлекеттік басқару органдарының ұсынысы бойынша әзірлейді. Тізімдер Қазақстан Республикасы Үкіметімен бекітіледі.

Қазіргі кезде мұндай тізілімдер мыңнан астам өнімдер және онға тақау көрсетілетін қызметтерді ауқымдайды.

Заңға сәйкес тізілімдерге енгізілген өнімдерді тек қана сәйкестік сертификаты немесе сәйкестік туралы декларациясы болған жағдайда сатуға болады.

Міндетті және ерікті сертификаттаудың салыстырмалы сипаттамалары 1 кестеде келтірілген.

Өздікбақылауға арналған сұрақтар:

1 Сәйкестікті растаудың ұйымдық-әдістемелік негізі неден тұрады?

2 Өнімді сынау кезінде анықталатын көрсеткіштер неше және қандай топтарға бөлінеді?

3 Сәйкестікті растаудың қандай түрлерін білесіз.?

4 Міндетті сертификаттауға қандай өнімдер жатады?

5 Міндетті және ерікті сертификаттаудың артықшылықтары мен кемшіліктері?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1 Основы стандартизации, метрологии, сертификации и менеджмента качества. Учебное пособие под редак. Тазабекова Алматы.: 2003 г. - 450 с.

2 Ракымжанова М.Т. Стандарттау, сертификаттау және метрология негіздері– Астана, «Фолиант», 2008 ж. – 245 б.

№ 8 дәріс (2 сағат)




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет