Vі. Қазақ хандығының құрылуы және дамуы


Қазақстан аумағындағы алғашқы мемлекеттiк бiрлестiктердiң пайда болуы және дамуы



бет6/46
Дата20.09.2022
өлшемі154.27 Kb.
#461046
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   46
МЕМЛЕКЕТ ҚҰҚЫҚ ТАРИХЫ

2. Қазақстан аумағындағы алғашқы мемлекеттiк бiрлестiктердiң пайда болуы және дамуы
Қазақстан территориясында мемлекеттiң пайда болуы қоғамның мыңдаған жылдарға созылған дамуының көрiнiсi болумен бiрге оның экономикалық базасының қалыптасып-өркендеуiмен тығыз байланысты болды. Мемлекеттiлiктiң алғашқы нышаны ретiнде өндiрiстiк шаруашылықтың пайда болуын атауға болады.
Қазақстан территориясын мекендеген көшпелi рулар бiздiң дәуiрiмiздiң алғашқы кезiнде-ақ, мемлекет құрылғанға дейiнгi аралықта өзiнiң таптық және қоғамдық мiндетiн атқаратын тарихи бiр кезеңнен өттi. Ол кезде рулық-тайпалық ақсүйектер — көп iрi қара малдар ұстаушылар санатында болып, олар барлық топтар арасындағы қайшылықтар барысында елеулi рөл атқарып отырды. Алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырау дәуiрi әскери-демократиялық кезең деп аталады.Сол әскери-демократия кезеңде тұрып-ақ сақтар заманында көшпелi халықтардың дәстүрлi қоғамдық жүйесi қалыптасты. 
Саяси-потестарлық қатынастың пайда болуы.  Әдетте мал шаруашылығы мен жер өңдеу iсi неолит-жаңа тас ғасырынан басталды деп есептеледi. Бiрақ тарихи процестiң ерекшелiгiне сәйкес тоқымашылық және құмыра құю iсiн ойлап тапқанмен адамдар әлi де болса аңшылық кәсiппен шұғылдана бердi. Сондықтан да әлеуметтiк ұйымның негiзгi көзi-рулық қауым болып қала бердi. Ол әлеуметтiк теңсiздiкке жол бермейтiн, ағайындық-ұжымдық жер меншiгiне иелiк ететiн қандас-туыстық негiзде дамыды. Әрине, қауымдастық бiрнеше топтарға бөлiндi, олар жауынгер еркектер мен әйелдер және балалар топтастығы едi. Балалық топтан ересектер тобына алмасу ерекше салттық негiзде жүргiзiлдi. Қауымның маңызды iстерi ересек еркектер жиналысында шешiлетiн. Қауымнан дәстүр мен салтты, рәсiмдi жақсы бiлетiн абыздар мен көршi қауымдастықтармен болатын қақтығыстарда басқаратын әскери көсемдер бөлiнiп шықты. Қауымның қарым-қатынастары мен тыныс-тiршiлiктерi өздерiне тән рәсiмдерi және тыйым салынған әдет-ғұрып жүйелерi арқылы реттелетiн.
Қазақстандағы қоғамның экономикалық базасы бiздiң заманымызға дейiнгi III-II мыңжылдықтарда, яғни энеолит қола дәуiрiнде өзгере бастады. Аталған уақытта Қазақстанның солтүстiгiнде Көкшетау облысының Ботай бекетi жанындағы қоныспен аттас Ботай мәдениетi қалыптасты. Оған Солтүстiк Қазақстанның далалық энеолитiн сипаттаумен бiрге оның қалыптасуына неолиттiк Атбасар және Маханжар мәдениетiн құраған тайпалар қатысты. Оның мерзiмi тарихи деректерге сүйенсек б.з.б. III-II мыңжылдықтармен белгiленедi. Демек, ол бiр мың жыл болған деген болжамға саяды. Ботай мәдениетiн алғашқы зерттеушiлердiң қатарында В.Ф.Зайберт болды. Ботай археологиялық мәдениетiн таратушылар жылқы шаруашылығымен айналысты. Ол жерден табылған көптеген остеологиялық (Анатомияның сүйектiң атқаратын қызметiне қарай қалыбы (формасы) мен құрылысын зерттейтiн бөлiмi — автор)материалдардың басым көпшiлiгi жылқы сүйектерiмен қоса зубр, тур, бұлан, елiк, аю, түйе, құндыз, суыр, қоян, қабан, түлкi, қарсақ, құстардың сүйектерi едi. Нақтылай айтқанда мысалы, Ботай қонысынан 70000 жылқының сүйегi табылған. Мұндай мал шаруашылығына көшу өндiрiстiк күштердi дамытумен бiрге алғашқы рет өнiмдердiң артуына мүмкiндiк бердi. Өндiрiстiк айналымның күшеюi жергiлiктi тұрғындар арасында өндiрiстi ұйымдастыратын ерекше топтардың пайда болуына мүмкiндiк ашты. 
Әдетте, адамдардың баюына әкеп соқтыратын әртүрлi соғыстар мен қақтығыстар қауымның арасынан ерекше байыған өнiмi көп кәсiпқой жауынгерлердi бөлiп шығарды. Осыдан келiп, өндiрiспен айналыспайтын белгiлi бiр топ пайда болады. Сөйтiп қауымдастық “страта” деп аталатын жiкке бөлiндi. Ондай қауымдастықтарды ғылымда “стратиланғандар” дейдi. Алғашқы кезеңде үш жiк ерекше бөлiнiп шыққан болатын. Олардың бiрiншiсi мал шаруашылығымен айналысушылар да, ал одан кейiнгiлерi жауынгерлер мен абыздар болып саналды. Сондықтан да жiкке бөлiнген қауымдастық арасында болып жататын жиi-жиi қақтығыстарды ендi әдет-ғұрып, салт-дәстүр арқылы реттеуге мүмкiндiк болмай қалады да, оларды бiрте-бiрте реттейтiн құқықтық жүйе жағдайындағы iс-әрекеттер дами бастайды. Қандас-туыстық қауым ыдырап, орнына көршiлiк қауым келедi. Ендi қауым арасындағы байланыс туысқандық емес экономикалық негiзде қалыптаса бастайды. Жерге ұжымдық меншiк сақталғанмен малға жеке меншiк иелiгi пайда болады. Мiне, осы кезден бастап меншiк құқығы мен өндiрiс арасындағы құқықтық пайдалану негiздерi қалыптасты. Осыдан келiп бiр-бiрiмен көршi қауымдастықтардың әлеуметтiк-құқықтық байланысын нығайтатын және жауларынан қорғануға толық мүмкiндiк беретiн жаңа қауымдастық одағы — тайпа пайда болды, оның өзiндiк әскери басшылары, абыздары мен басқару әкiмшiлiгi өмiрге келдi. Осы кезден бастап жария билiк, яғни билiк қызметiн атқаратын ерекше бiр адамдар жiгi қоғамдық өмiрге араласа бастайды. Сондықтан да ғылымда жария билiктен мемлекеттiк пайда болғанға дейiнгi аралықтағы қарым-қатынасты потестарлық қатынас деп атайды. Ендеше, тайпа потестарлық бiрлестiк болып саналады. Ол жария билiктiң қалыптасуына негiз болған едi.
Мұндай күштi билiктiң болғанына куә болатын дерек бiздiң заманымызға дейiнгi II мыңжылдықтың басындағы Қазақстанның солтүстiк-батыс аймағындағы Ресейге жақын жерлерден табылған алғашқы қалалардың орны болып табылады. Олардың iшiнде ең белгiлiсi —Арқайым,одан басқа қолөнер кәсiбi мен ауыл шаруашылығы орталығы болып саналатын 20-ға жуық елдi мекендер анықталды. Аталған дәуiрдегi Евразия кеңiстiгiн жайлаған дала жайындағы алуан түрлi ғылыми түсiнiктерге қала үлгiсiндегi Синташт және жаңағы айтып өткен Арқайым бекiнiстi қоныстарының ашылуы мен зерттеулерi принциптi түрде өзгертулер енгiздi. Алғашқы қалалар қорғанысқа мықты әрi жақсы жобамен салынған мәдени құрылыстардан тұратын едi.
Алғашқы қалалар Ботай тайпасындағы мал шаруашылығымен айналысатын адамдар арасында пайда болды. Бiздiң заманымызға дейiнгi II мыңжылдықта мыс пен қалайы ертiндiсiнен тұратын қоланы ойлап табу Қазақстанда әлеуметтiк және экономикалық дамудағы қарым-қатынасты мейлiнше нығайтты. Мiне, осыдан кейiн-ақ адам дала төсiн игерудегi ерекше еңбек құралдарына ие болып, соның нәтижесiнде мал шаруашылығы кешендi малшылық — егiншiлiк шаруашылығымен ұласады. Сонымен бiрге қола қару жасауға қажеттi құрал ретiнде қолданылып, әскери iстi дамытуға жол ашты. Әскердiң негiзгi қарулары қоладан жасалған балта мен пышақтар, найзалар және дөңгелек арбалы құралдар болды. Сөйтiп бiрте-бiрте мемлекеттiң негiзiне алғы шарттар қалана бастаған тұста бiздiң заманымызға дейiнгi ХV ғасырдың ортасында дамыған өркениет қайта құлдырай бастайды.
Ел-жер табиғатының өзгере бастауына байланысты алғашқы қалалар құрылыстары күйредi. Бiздiң заманымызға дейiнгi ХV ғасырда Қазақстанның далалық және орманды аймақтарының құрғақшылыққа ұрынуы iрi-iрi тайпалар қоныстанған жерлер мен алғашқы қалалардың иесiз қалуына соқтырды. Сөйтiп қалың жұртшылық шағын елдi мекендерге тұрақтана бастады. Әлеуметтiк және потестарлық қатынастардың бiрқалыпты тыныс-тiршiлiгi мен олардың өзара байланыстарының бұзылуы мемлекеттiң пайда болуына ұзақ уақытқа дейiн керi әсерiн тигiздi. Осыдан барып, оның отырықшылық, малшылық-егiншiлiк шаруашылығымен айналысу барысындағы өркениетi Қазақстан даласының құрғақшылық жағдайына байланысты өзiнiң тарихи маңызын жоғалтты.
Соған қарамай бiр кезде пайда болған мемлекеттiк құқықтық жүйе баяу болса да бiртiндеп дамып, өзiндiк тарихи сатысымен iлгерiлей бердi. Сол кездегi абыздар мен билер, әскери басшылар тұрақты жемiс-жидектердi, қолға түскен байлықтарды бөлуде билiктi өз қолдарына алып, оларды бөлiсуде мүлiктiк теңсiздiктi қалыптастырды. Бiздiң заманымызға дейiнгi ХI-IХ ғасырларда Орталық және Оңтүстiк Қазақстан аймағында қола дәуiрiнде пайда болған алып кесенелер соны айғақтайды. Оларда тайпалардың көсемдерi жерленген болатын. Кейiн келе-келе жазу пайда бола бастайды.
Егер жазба құндылықтарға назар аударсақ, қола дәуiрiнде Қазақстанды қоныстанғандардың жалпы өзiндiк “арья” атты жалпы атауы болған. Археологтар Қазақстандағы қола дәуiрi мәдениетiн қола дәуiрiндегi бiрiншi ескерткiштiң табылған жерi Оңтүстiк Сiбiрдегi Ачинск маңындағы Андронов селосының атына қарай шартты түрде “Андронов мәдениетi” деп атайды. Андронов мәдениетiнiң алғашқы ескерткiштерiн 1914 жылы А.Я.Тугаринов ашқан. Мiне, сол уақыттан берi ол жерден көптеген археологиялық материалдар жинақталды. Сонымен бiрге онда тур, дах, сайрим секiлдi т.б. тайпалар мен тайпа бiрлестiктерi тұрғандығы анықталған.
Бiздiң заманымызға дейiнгi ХII-Х ғасырларда Қазақстандағы этникалық жағдай едәуiр өзгердi. Орталық Қазақстанды шығыстан Қарасу мәдениетiн алып келушi тайпалар қоныстанып, жергiлiктi тұрғындар негiзiнде Дәндiбай-Беғазы мәдениетi қалыптасып, ол Сырдарияның төменгi ағысына дейiн тарайды. Мiне, осындай көшi-қон жағдайында андронов-арийлықтар оңтүстiк және оңтүстiк-шығыс бағытта Орта Азия арқылы Иран мен Солтүстiк Индияға алмасады. Сөйтiп Қазақстан тұрғындарының шаруашылығы бiрте-бiрте өзгерiске ұшырап, онда мал шаруашылығы кең етек алды. Содан кейiн-ақ мүйiздi iрi қара малдарды ұстаудың үлесi азайып, жылқылар мен түйелер және қойларды өсiрудiң саны артып, олар толық отырықшылықтағы мал шаруашылығынан жартылай отырықшылыққа көшедi. Бұл жаз жайлау, қыс қыстау, күз күздеуге көшу деген сөз едi. Бұл процесс қоғамдық құрылымға ықпал етпей қойған жоқ. Содан кейiн, қайтадан қауымдастықтардың әлеуметтiк жiктелуi орын алды. Тайпа көсемдерi көптеген байлықтарды иеленiп, ол оларды жерлеу рәсiмiнен-ақ байқалатын дәрежеге жеттi. Оның айғағы күнi бүгiнге дейiнгi кең байтақ Қазақстанның әр тараптарынан табылып жатқан алып кесенелер мен қабiрлер. Мұның бәрi айрықша билiктiң белгiсiн көрсетедi. Жалпы, Қазақстан қоғамының қола дәуiрiнде мемлекеттiң пайда болуы кезеңiнде тұрғанын, оның басты-басты элементтерi әр түрлi тайпалар бiрлестiктерiнiң тыныс-тiршiлiгiнен көрiне бастағанынан аңғаруға болады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   46




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет