Vі. Қазақ хандығының құрылуы және дамуы


Қазақстан территориясындағы алғашқы мемлекеттiк бiрлестiктердiң пайда болуы мен дамуы



бет7/46
Дата20.09.2022
өлшемі154.27 Kb.
#461046
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   46
МЕМЛЕКЕТ ҚҰҚЫҚ ТАРИХЫ

Қазақстан территориясындағы алғашқы мемлекеттiк бiрлестiктердiң пайда болуы мен дамуы. Бiздiң заманымызға дейiнгi бiрiншi мыңжылдықта Қазақстан территориясында жаңа табиғат өзгерiстерi басталады. Өйткенi жоғары деңгейдегi ылғалдану бүкiл аймақты қамтыған едi. Сонау қола дәуiрiнде мал және егiн шаруашылығы кешендерi қалыптасып, экономикалық, әлеуметтiк-тұрмыстық базаға айналған жайлауларды су басып, ылғалдану мөлшерi артты. Ылғал тартқан аймақтарда мал шаруашылығы жайлауларының ауқымы кеңейдi. Мұның барлығы Қазақстанды қоныстанған тұрғындарды көшпелi мал шаруашылығымен шұғылданып, яғни олардың жартылай көшпелi мал-егiн шаруашылығымен айналысып, оны өркендетуiне едәуiр септiгiн тигiздi. Тұрғындардың көпшiлiгi малмен бiрге маусымдық жайлауларға көшсе, ал қалғандары қыстауларда егiн шаруашылығымен айналысты. Осынау көшпелi мал шаруашылығы өндiрiстiк күштердi арттырып, артық өнiмнiң өсуiне, жергiлiктi тұрғындардың жағдайының жақсаруына ықпал еттi. 
Қазақстан тұрғындарының тыныс-тiршiлiгiндегi осынау өзгерiстер бiрiншiден, көшпелi қауымдастықтар арасында жайылымдар мен су қойнауларын бөлiске салып, өздерiнiң көшi-қон орындарын белгiлеп, нығайтуға итермелесе, екiншiден, қосымша байлықтың артуы мүлiк теңсiздiгiн тудырып, мол мал байлығына ие адамдарды қалыптастырды. Сөйтiп, әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайлары әр түрлi қауымдастықтар пайда болды. Бiздiң заманымызға дейiнгi бiрiншi мыңжылдықтың басында адамдар көшпендiлiкпен бiрге темiрдi игерiп, оны тұрмыс-тiршiлiктегi әр салада пайдаланды, бұл өз кезегiнде әскери iстiң дамуына жол ашты. Қорыта айтқанда, әрбiр қауымдастық мүшесi өзiн мықты жауынгер сезiнетiн дәрежеге дейiн көтерiлдi. Сөйтiп, бұған дейiнгi үш қоғамдық-әлеуметтiк топтан (сословие) тұратын адамдар бiрлестiгi (қауымдар-әскерилер-абыздар) күйреп, жаңа көшпелi шаруашылыққа тән қоғамдық-әлеуметтiк топ пайда бола бастады. Сонымен, бiздiң заманымызға дейiнгi бiрiншi мыңжылдықта қауымдастықтар мен әлеуметтiк топтар арасындағы қатынастарды реттейтiн мемлекет негiзi қаланды. Ол қоғамды тұтастай саяси бiрiктiретiн және сол өзi иелiк еткен ел мен жерде өз билiгiн жүргiзетiн дәрежеге жеттi. Сондай-ақ онда арнаулы әкiмшiлiк жүйе арқылы тұрғындарға билiк жүргiзетiн жүйе құрылып, тәуелсiздiкке қол жеткiздi.
Мемлекеттiлiктiң алғашқы белгiсi-ол қоғамнан тiкелей бөлiнген әкiмшiлiк билiк пен басқару жүйесiнiң болуы. Екiншiден, белгiлi бiр территория мен оның тұрғындарының болатыны, ал олар болса әртүрлi әкiмшiлiктерге бөлiнедi. Үшiншiден, халықаралық аренада, сондай-ақ өздерiнiң iшкi iстерiнде егемендiк пен тәуелсiздiкке иелiк етуi. Төртiншiден, мемлекеттiк әкiмшiлiктi қамтамасыз ететiн әртүрлi салық жүйелерiнiң барлығы. Бiрақ б.з.д. I мыңжылдықта Қазақстанда құрылған ежелгi мемлекеттiң қалыптасуы өте әлсiз де баяу түрде жүрдi. Сондықтан да оны тарихшылар алғашқы мемлекеттiлiк (протогосударство) деп атайды. (“Прото”— гректiң бiрiншi деген сөзiнен шыққан.)
Қазақстан территориясын бiздiң заманымызға дейiнгi бiрiншi мыңжылдықта Андронов және Дәндiбай-Беғазы тайпаларының ұрпақтары қоныстанды. Олар грек жазбалары бойынша “скиф” аталса, парсы жазбалары бойынша “сақ” атанды. Скиф-сақ тайпалары бiрнеше бiрлестiктерге бөлiнiп, алғашқы мемлекеттi құрады. Олар тиграхауда-сақтар (шошқа бөрiк киетiн сақтар), хаомаварга-сақтар (хаома сусынын дайындайтын сақтар), парадарайа-сақтар (теңіздің арғы бетіндегі сақтар), массагеттер, исседондар және басқалар. Алғашқы екi топты Геродот амнюргия-сақтар және ортакарибантия сақтар деп атайды.
Ал ендi, сол кездегi басқару және билiк әкiмшiлiгiне келетiн болсақ, бiздiң заманымызға дейiнгi бiрiншi мыңжылдықта Қазақстан территориясында алғашқы рет патша билiгi институты пайда болды. Оның дәлелi бүгiндегi кең байтақ территориямыздан табылып жатқан археологиялық ескерткiштер және жазбалардан анық байқалады. Патша билiгi сол кезде мұрагерлiк арқылы берiлетiн, көп жағдайда ол орынды әйелдер иеленетiн. Мысалы, олардың бiзге белгiлiлерi хаомаварга патшасы — Аморга, тиграхауда патшасы — Скунха, массагеттер патшасы — Томирис (Тұмар), Савроматтар (кейiнгi кезде сарматтар) патшасы — Зарина.
Сақ патшалығының саяси жүйесiнiң ерекшелiгi патшалық билiктi жоғары қою арқылы қасиеттi де, киелi ұғымға айналуы (сакрализациялануы). Сақтар өздерiнiң патшаларын Күн құдайы ретiнде санап, оларға имандылық-тәңiрлiк нышанда құрметпен қарайтын. Патша билiгiнiң белгiсi немесе нышан — айғағы оның алтын киiмi, қамшысы және алтын ұшты садағы (жебесi) арқылы айқындалатын. Сонымен бiрге оларды жерлеген кезде көптеген жан-жақты жерлеу рәсiмдерi жасалатын. Оның бiр көрiнiсi Зарина патшаны жерлеу барысында бүгiнгi күнге жеткен үш қырлы пирамидалар. Сонымен бiрге Жетiсу қорғандарынан табылған шеңберi 100 метр және биiктiгi 20 метрлiк қорғандар. Өкiнiшке орай, сақ бiрлестiктерiнiң басқару органдарының негiзгi жүйелерi бiзге толық жеткен жоқ. Бiрақ соған қарамай патша тағайындаған кейбiр әкiмшiлiктiң басқару қызметтерiн аңғаруға болады. Қоғамда патшаға жақын адамдар мен халық жиналысы маңызды болып саналды. Қазақстандағы көшпендiлердiң халық жиналысы бiздiң ғалымдарымыздың “әскери демократия” туралы әңгiме етуiне мүмкiндiк ашады. Бiрақ ол қауымды бiрiктiретiн үлкендi-кiшiлi ер-азаматтардың басын қосуға мүмкiндiк бермейтiн. Сондықтан да оған қауым басшылары ғана араласа алатын. Сөйтiп, Қазақстан территориясында бiздiң заманымызға дейiнгi бiрiншi мыңжылдықта өкiлдiк билiктiң элементтерi пайда бола бастады.
Сақтардың әскери күштерiнiң негiзiн еркiн қауымдастық мүшелерiнiң атты жауынгерлерi құрады. Белгiлi билiк өкiлдерiнен құрылған ауыр атты әскер патша билiгiнде болатын. Ал кедей-кепшiк және жер шаруашылығымен айналысушылардан жаяу әскерлер құрылды. Алыс жорықтарға шығарда сақ пен скифтер қозғалмалы атты отрядтар — гиммирлердi шығарды, сондай-ақ гимнеттер — жеңiл қарулы жаяу әскерлердi жасақтады. 
Қазақстан жерiндегi алғашқы мемлекеттердiң территориялық және әкiмшiлiк құрылымына келсек әрбiр сақ-скиф бiрлестiктерi өзiндiк патша және халық жиналысының билiгi жүретiн территорияларды иелендi. Б.з.б. I мыңжылдықта Орта Азияны және Қазақстанның оңтүстiгiн қамтитын кең байтақ аумақта сақ-скиф деп аталатын тайпалар мекендедi. Оларды “тарих атасы” Геродот (б.з.б. V ғ.) және басқа ежелгi грек тарихшылары “Азия скифтерi” деп атайтын. Жалпы сақ тайпалары Солтүстiк Қара теңiз өңiрi мен шығысында Днепр бойын мекендеген және төменгi Едiл бойымен Оңтүстiк Орал өңiрiндегi савроматтардың Кир мен I Дарий парсыларының және Александр Македонский дәуiрiндегi гректердiң замандастары болған деген деректердi де сол грек және парсы жазбалары көрсетедi. Олар ежелгi парсылармен тығыз қарым-қатынас жасаған, тiптi б. з. б. VI-V ғасырларда Ахеменидтер империясының құрамына да кiрген. Ахеменидтiк сына жазба деректемелерiнде сақтар туралы аз болса да, анық деректер келтiрiлген. Мәселен, оларда сақтардың үш тобы: хаомаварга-сақтар (хаома сусынын дайындайтын сақтар), Ферғана аймағы мен Сырдарияның оңтүстiк жерiн, тиграхауда-сақтар (шошақ бөрiк киетiн сақтар), Сырдарияның орталық тұсынан батысында Алтай тауларына дейiн жайлағанын, сосын парадария-сақтар (теңiздiң арғы бетiндегi сақтар) туралы хабарланады.
Әрбiр алғашқы мемлекеттiк бiрлестiк (протогосударство) өзiнше белгiлi бiр автономия алатын тайпа немесе ұлыстық әкiмшiлiк бiрлiкке бөлiндi. Сондықтан оларды “тайпалық одақтар” деп атауға болады. Тайпа немесе ұлыс белгiлi бiр территорияны көшiп жүретiн қауым бiрлiгiн айқындайды. Сондықтан да олардың әкiмшiлiк басқару жүйесi потестарлық бiрлiк бөлшегiн көрсетедi. Кейбiр жазбаларда көрсеткендей аталғандай бiрлiктегi тайпалар не ұлыстардың өзiндiк басқару — билiк органдары — халық жиналысы атақтылар кеңесi, әскери және азаматтық басқарушы — “көсемi” болған көрiнедi. Ал олардың сайланғанын немесе тағайындалғанын, тiптi болмаған жағдайда мұрагерлiк арқылы алмастырылып отырғандығын ешкiм де дәл көрсетiп айта алмайды.
Ал ендi — сақ-скиф бiрлестiктерiнiң тәуелсiздiгi мен егемендiгiне келсек, олар ешбiр мемлекеттерге бағынбай өзiнiң iшкi және сыртқы саясатын қалыптастырған. Оның айғағы ретiнде олардың, яғни Солтүстiк Қара теңiз скифтерiнiң бiздiң заманымызға дейiнгi VII ғасырда Урарту мемлекетiмен әскери-саяси одақтастықта болып Финикияға қарсы соғысуын айтуға болады. Сосын бiздiң заманымызға дейiнгi VII ғасырдың ортасында скифтер мен ассириялықтардың Мидияға қарсылығы, бiздiң заманымызға дейiнгi VI ғасырдағы сақтар мен парсылықтардың Лидияға қарсылығын айтуға болады. Соған қарамай парсылар мен тағы басқа мемлекеттер алғашқы Сақ мемлекетiнiң егемендiгiн шектеуге тырысты. Мысалы, бiздiң заманымызға дейiнгi VI ғасырда Парсы мемлекетiнiң билеушiсi Кир массагеттердi жаулап алып, өзiне бағындырғысы келген болатын. Оның бұл ойы орындалған жоқ. Кир жорығы сәтсiз аяқталып, оның әскерлерi тас-талқан болып күйреп, өзi қаза болды.
Б.э.д. 519-518 жылдары массагеттерге қарсы I Дарий соғыс ашады. Бұл жорық та сәтсiздiкпен аяқталып, массагеттер өздерiнiң тәуелсiздiгiн толық сақтап қалған едi. Сондай-ақ бiздiң заманымызға дейiнгi IV ғасырдың 30 жылдарында сақтарды Александр Македонский де жаулап алуға бар күшiн салды. Оның Орта Азияны жаулап алғанына қарамай массагеттер Сырдарияның солтүстiгiне қарай өз егемендiгiн сақтап қалды.
Мұның барлығын келтiрiп отырғанымыз бiздiң эрамызға дейiнгi I мыңжылдықта алғашқы Сақ мемлекетi өз егемендiгi мен тәуелсiздiгiн тұтас ұстап тұрғандығын көрсету едi. Ол ежелгi халықаралық саясатта өзiндiк орнын толық сақтай бердi.
Өкiнiшке орай, бiзде сақ-скиф бiрлестiктерiнiң қандай салық жүйесiн жүргiзiп, мiндеттi борыштар атқарғандықтарынан мәлiметтер аз. Олар өздерi жаулап алған немесе өздерiне тәуелдi мемлекеттерден белгiлi бiр дәрежеде салықтар жинап, оларды белгiлi бiр мiндетке борыштаса, ол нақты жағдайларға байланысты өзгерiп отырған болуы керек. Мемлекеттiк қазынаны толтырып отыру мал-мүлiк арқылы жүргiзiлiп, тағы да басқа қазыналық құндылықтар арқылы толықтырылып отырған болуы тиiс. Кейбiр қабiрлерден табылған патша бұйымдарына қарағанда онда ирригациялық жүйе қалыптасқан сияқты.
Жалпы бiздiң эрамызға дейiнгi I мыңжылдықта сақ бiрлестiктерiнiң алғашқы мемлекет кұрудағы адымдары өте сәтсiз де баяу жүргендiгi байқалады. Бiрақ соған қарамай ол тұрақты да бiрқалыпты даму үстiнде болғаны анық. Оның куәсi-бiздiң заманымызға дейiнгi Ү-IҮ ғасырларда Жетiсу өңiрiн қоныстанған тайпалардың өзiндiк жазбаларының болуы. Мұның бәрi бiздiң заманымызға дейiнгi I мыңжылдықта Қазақстан территориясында алғашқы мемлекеттердiң өмiр сүргенiн және олардың тәуелсiз дамығанын айғақтайтын нышандардың болғанын көрсетедi. Бiрақ олардың даму-жетiлу процестерi әлi бiзге нақты да көрнектi деректермен жеткiзiле қоймаған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   46




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет