Xvi ғ. қазақ-моғол қарым-қатынастарының тарихынан тасИлова Н. А



Дата24.02.2016
өлшемі106.52 Kb.
#13374
XVI ғ. қазақ-моғол қарым-қатынастарының тарихынан
ТАсИлова Н.А.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих, археология және этнология факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, т.ғ.к.


Әлемдік ғылым мен мәдениет тарихында өзіндік маңызды орны бар, көрнекті мемлекет қайраткері, дарынды қолбасшы, ақын, кемеңгер ойшыл, ұлы ғалым Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінің Қазақстанның ортағасырлардағы тарихын зерттеудегі құндылығы орасан зор.

Қазақ халқының тарихын зерттеуде теңдесі жоқ дерек көздерінің бірі - М.Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінің бүгінгі таңда ғылымға қосқан үлесі мол.

Бұл деректе ортағасырлардағы қазақ халқының тарихына қатысты өте құнды, басқа деректерде кездеспейтін мәліметтер сақталынған. Ең алдымен бұл дерекке тоқталсақ, «Тарих-и Рашиди» еңбегі екі бөлімнен немесе екі кітаптан тұратыны белгілі. 1541/42 ж. мемуарлық сипаттағы екінші кітап жазылып, кейіннен 1546 жылы 3 наурызда тарихи сипаттағы бірінші кітап жазылған. Бұл дерек жүйелі баяндалған, хронологиялық бірізділікті сақтай отырып, ұсақ оқиғаларды да дәл баяндаумен ерекшеленеді. Қазақ хандығын баяндаудан бұрын деректе XY ғ. 30-50-шы жылдарындағы Моғолстанның ішкі саяси өмірі, Есенбұға ханның билігі тұсындағы Моғолстанның әлсіздігі, әмірлердің қарсылықтары және т.б. көптеген мәліметтер келтіріледі. Яғни, Қазақ хандығының құрылуының саяси алғышарттары баяндалып: «Сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақ даласына түгелдей билік жүргізіп отырған кезі еді. Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға кетіп қалған еді. Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алабындағы Қозыбасыны берді. ... Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466 жж.) жылдан басталады», - делінеді. Бұл мәліметтерді Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты ой-пікірлер білдіріп, тұжырымдар жасайтын зерттеушілер үнемі негізге алады. Өйткені, онда дәл болмаса да, басқа бірде-бір деректе кездеспейтін Қазақ хандығының құрылған жылы туралы, оның негізін қалаған тарихи тұлғалар туралы мәліметтер ең басты, ең негізгі болып саналады.

М.Х. Дулатидің еңбегінде Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым, Мамаш, Таһир, Бұйдаш хандардың аты аталып, олардың ішінде Қасым ханды ерекше билеуші болғандығын, Жошы ханнан кейін «ұлы хан» деп атап көрсетеді.

М.Х. Дулатидің еңбегінде бұдан басқа қазақ-моғол, қазақ-қырғыз, қазақ-өзбек, қазақ-қалмақ қарым-қатынастары мен қазақ халқының этникалық құрамы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы құнды-құнды мәліметтер сақталынған.

М.Х. Дулати өз дәуірінің ғұлама тарихшы-ғалымы. Ол тарихшы ретінде «Тарих-и Рашиди» еңбегін жазса, ақын ретінде «Жахан наме» дастанын көркем әрі бай тілмен жеткізе білген тұлға. Бүгінгі таңда Ә. Дербісәлі[1]., С.Жолдасбайұлы[2]., Б.Қ. Албани және т.б. зерттеушілер М.Х. Дулати және оның мұрасын арнайы зерттеумен айналысып, көптеген зерттеу еңбектерін жарыққа шығарды.

Кезінде бұл тұлғаға 1941 ж. Ә. Марғұлан өзінің «Қазақтың тұңғыш тарихшысы» атты мақаласын арнайды. М.Х. Дулатиді қазақтың тұңғыш тарихшы деуге толық құқығымыз бар. Өйткені, ол өзінің ата-бабалары дулат тайпасынан шыққандығын шығармасында атап өтеді. Ал дулаттар қазақ халқының құрамындағы негізгі тайпалардың бірі екендігі белгілі. Сонымен қатар, оның орыс, ағылшын, қазақ, өзбек және т.б. көптеген тілдерге аударылған еңбегінде алғаш рет мемлекетіміздің ірге тасы болған - Қазақ хандығының құрылған жылы мен жері, қазақ хандарының жүргізген саясаты туралы теңдесі жоқ мәліметтер жазылған. Демек, қазақ халқының төл тарихын алғаш рет бастап жазған тарихшы - М.Х. Дулати екендігі ақиқат.

М.Х. Дулатидің еңбегінің тарихи маңызын ХІХ ғ. бастап бүгінге дейін Ш.Ш. Уәлиханов, В.В. Вельяминов-Зернов, В.В. Бартольд, С. Асфендияров, С.К. Ибрагимов, В.П. Юдин, М. Мингулов, Т.И. Сұлтанов, К.А. Пищулина, Б.Б. Кәрібаев және т.б. зерттеушілер қазақ халқының тарихын зерттеудегі маңызын жоғары бағалап, деректен үзінділер аударып, өз еңбектерінде кеңінен пайдаланған болатын. «Тарих-и Рашиди» еңбегі 1996 ж. өзбектің шығыстанышы ғалымы – А. Орынбаевтың ғылыми жетекшілігімен орыс тіліне толық аударылды. Ал 2003 ж. М.Х. Дулати қоғамдық қорының ұйғаруымен қазақ тілінде жарық көрді[3].

«Тарих-и Рашиди» дерегін жазу барысында автор ұрпақтан-ұрпаққа жеткен аңыз-әңгімелер, оқиға куәгерлері мен өзінің байқағандарын, моғол хандарының сарайында сақталынған ресми құжаттар мен Жувейнидің, Жамал Қаршидің, Рашид ад-Диннің, Хамдолла Казвинидің, Шараф ад-Дин Әли Йаздидің, Әбд әр-Раззақ Самарқандидің т.б. көптеген ортағасырлық дерек көздерін пайдаланған.

М.Х. Дулатидың бізге жеткен «Тарих-и Рашиди» еңбегінің тарих ғылымына, оның ішінде Орта Азия, Қазақстан, Үндістан, Пәкістан, Иран, Тибет, Ауғанстан т.б. мемлекеттерінің тарихын, географиясы мен топонимикасын, этникалық және саяси тарихын зерттеуге қосқан үлесі қомақты. «Тарих-и Рашидидің» екінші бір атауы «Хақ жолындағылар тарихы» деп аталуының өзі деректің обьективті мәліметтердің негізінде жазылғандығын көрсетеді. Сонымен қатар, «Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!» деп тарихты жазуға кіріскен ғұламаның еңбегі көптеген басқа да ортағасырлық деректерге қарағанда шынайылық деңгейі жоғары. Оны автор «Тарих-и Рашидидің» 117-ші соңғы тарауында: «Үмітсіздік отына күйген мына мен пақырды, Мұхаммед Хайдарды, мына қысқа жазған шығармасында жіберген қателіктері мен кемшіліктерін дәрменсіздігіне орай кешіре көр, рақымшылық танытып, мүшкіл хәліме қайырымдылық көрсетіп, қайырлы дұғаға бөлей көр...», - деп Алла Тағалаға мінәжат етумен аяқтауы да дәлелдейді. Әр тарауда Алланың есімін ауызға алып, соңында «Алла жақсы біледі», деп аяқтауы автордың ақиқаттан аттамай, жалғандықтан бойын аулақ ұстағандығын көрсетеді. Ол бір жаратушыға бас иіп, осы хақ жолында өмір сүрген тарихи тұлғалардың өмірін, істеген жақсы-жаман істерін ұрпаққа тәлім-тәрбие болсын деп жазып кетеді.

XVI ғасырдағы қазақ-моғол қарым-қатынастарына тоқталар болсақ, бұл байланыстар сонау Керей мен Жәнібек хандардың Есенбұға ханмен келісіп, Моғолстанның батыс шекарасына, Шу мен Қозыбашыдан жер беріп, құшақ жайып қарсы алуынан бастауға болады. Есенбұға хан дүниеден озған кезде бұл байланыстар өзіндік жалғасын тауып, әскери-саяси, туыстық-некелік одақтарға ұласты. Жүніс ханның қызы Сұлтан Нигар ханым Әдік сұлтанның, кейін ол қайтыс болғаннан кейін әмеңгерлікпен Қасым ханның әйелі болды. Сондай-ақ, Тахыр ханның қарындасын Моғол ханы Сұлтан Сайид өзінің баласы Әбдірашидке әйелдікке алып берген. Ал Бұйдаш ханның екінші әйелі - Махим ханша Әбдірашид ханның қарындасы болған. Кейіннен «Тарих-и Рашиди» мәліметтері бойынша Әбдірашид хан қырғыздармен одақтасу мақсатында қарындасының некесін зорлықпен бұзып, өзінің қызметкері қырғыз Мұхаммедке қосқан екен. Қазақ-моғол қарым-қатынастары әр кезеңде хандардың ұстанған саясатына сай бірде бейбіт, некелік одақтармен бекітілсе, бірде қақтығыстар мен жауласуларға ұласты. Нәтижесінде Қазақ хандығы өміршеңдігін сақтап қалса, Моғолстан мемлекеті бірте-бірте құлдырады. Ендігі жерде әрқайсысына кеңірек тоқталып өтейік.

Деректерге сүйенсек, Жүністің екі баласы – Ахмет-Алаша мен Мұхамед қазақ қауымның бірігінуіне көп күш жұмсаған кісілер тобына кіреді.


Академик Ә.Марғұлан М.Х. Дулати туралы мақаласында:««Мұхаммед Хайдардың шешесімен туысқан Жүністің бірнеше парасатты қыздары болған. Оның бірі Құтлығ Нигар ханым – атақты жазушы Бабырдың шешесі. Екінші Сұлтан Нигар ханым – қазақ ханы Әдіктің бәйбішесі. Демек, бұл қарым-қатынастың барлығы Мұхаммед Хайдарға бала күнінен таныс болмаса, ол «Тарихи Рашиди» кітабында сондайлық жылы, сондайлық ашық жаза алмас та еді» [4].

Тақыр хан – 1522 - 1532 жылдары Қазақ хандығын билеген алтыншы хан. Ол – Жәнібек ханның төртінші ұлы Әдік сұлтанның ұлдарының бірі. «Тарихи Рашиди» авторы «...Әдік сұлтан қайтыс болғаннан кейін, Қасым хан өте күшті беделге ие болды – Сұлтан Нигар-ханымды Қасым хан өзіне әйел етті» — деп мәлімдейді.

Қасым ханға Қазақ хандығының атын шығарған күшті мемлекет басшысы болды. 1516-1517 жж. Ташкент түбіндегі оқиғадан кейін, арада 3-4 ай өткенде шайбанилық сұлтандарға бірігіп күресу үшін Моғолстан билеушісі Сұлтан Сайд хан келеді. Бұл туралы “Тарихи Рашидиде” өте жақсы баяндалады. Автордың осы баяндауындағы мәліметтерден Қасым ханның Қазақ хандығындағы беделінің зор болғандығын көреміз. “Қасым хан жасының ұлғаюына байланысты ханды қарсы алуға шыға алмады. Қалған сұлтандарға, ішінде бірнешеуі Жаныш хан, Таныш хан, Манаш хан, Жан-Хайдер сұлтан, Қарым сұлтан және басқалары 50-60 жаста болады. Жалпы саны Жошы ұрпағының 30-40 сұлтанына ханды қарсы алуға бұйырады”,- дейді Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінде.

Бұл мәліметте Қасым ханды сонша сұлтан тыңдап, жанында болуы оның билігінің Дешті Қыпшаққа кең тарағанын көрсетсе, екіншіден, Қасым хан тұсында Қазақ хандығының ішкі саяси жағдайы тұрақты болғандығын көрсетеді. Қасым хан Сұлтан Сайдтың шайбанилықтарға қарсы одақ құру туралы ұсынысына бұл мезгілде жорық жасаудың қиындығын айта келіп, дала тұрғындарын бұл кезде қыстау мәселелері ойландырады, сондықтан да мезгілсіз уақытта әскер жинаудың мүмкін емесін мәлімдеп, хан Сұлтан Сайдты Андижанға шығарып салад. Бұл, әрине, сылтау ғана сияқты, оның себебі тереңде жатыр. Ташкентті алған күнде оған билікке Моғолстанның мұрагері ретінде Сұлтан Сайд хан билікке келер еді, бұл жағдай Қазақ хандығының иелігіне Жетісуға қауіп туғызған болар еді. Ал, қазірге Ташкентті билеген шайбанилықтардан Жетісуға көз аларту байқала қоймады. Сонымен қатар, екінші бір себебі, Сайд хан шайбанилық Сұлтандарға қарсы төтеп беретін күші жоқ еді, ол егер Мауреннахр шағатайлықтар алса, олар үнемі шайбанилық Сұлтандармен соғысып тұрар еді. Сондықтан Қасым хан одақтас ретінде Сайд ханға әскер жіберіп тұруы керек еді. Зерттеуші Н.Атығаевтың мақалаларындағы Өзбектермен қазақтардың одақтасып сефевилерге қарсы соғысуының алдында болған жәйт болса, мүмкін шайбанилықтармен туыстық - некелік қатынастары орнаса, бұл да Қасым ханның Сайд Сұлтанмен одақтасып соғысудан бас тартуының бір себебі болған шығар деп болжам айта аламыз. Қалай болғанда да, Қасым хан шағатайлық ханмен одақтастық қатынасты үзбей сақтап қалады. Оның бұл әрекеті, алдын- ала терең ойлайтын, шебер дипломат ретіндегі қырын көрсетеді.



Қасым ханнан кейінгі «уақытша әлсіреу» кезеңінде Тақыр ханның сыртқы саясаттағы жүргізген істері көбінесе нәтижесіз аяқталып отырды. Көрші мемлекеттердің шапқыншылықтарына тойтарыс берілмеді. 1522-1523 жж. Ташкент билеушісі Сүйініш Қожа хан Дешті Қыпшаққа жорыққа шығып, жеңіске жетеді. Сонымен қатар қазақ-ноғай арасындағы бейбіт қатынастар бұзылып, шиеленісуінің нәтижесінде маңғыт мырзаларының тапсырысымен Тақыр ханға тәуелді 200 мың адам Дешті Қыпшақтан Моғолстанға көшіп кетеді. «Тарихи Рашидиде» Тақыр ханның осы кездегі жағдай туралы Жүніс ханның қызы Әдік және Қасым хандарының әйелі болған Сұлтан Нигар ханымның айтқан сөздерінен де байқауға болады. Онда Тақырдың істері оңға баспай, бұрын он лек әскері болса, қазір төрт лек қана қалғандығы, қарсыласуға шамасы жоқ екендігін айтады. Сонымен қатар, Нигар ханым Тақыр мен Моғолстанның жақындасуына ықпал жасайтындығын да баяндайды. Бірақ, Тақыр хан сыртқы саясатта, әсіресе, моғол хандары мен қарым-қатынаста терең ойластырылмаған саясат жүргізеді. Сұлтан Нигар ханымның араласуы оған көп көмегін тигізеді.

Мұхаммед Хайдардың жазуынша Сұлтан Нигар-Ханым өз күйеуі Әдік-сұлтан өлгеннен кейін Сыр бойында соғыс жиі бола берген соң, қырда тұра алмай, Қашқардағы туыстарына кеткісі келеді. Өзінің өгей баласы сол кездегі қазақтың ханы Тақырға арыз етіп: «Мен болсам қартайдым, Маураннахр мен рашид, қыпшақ арасы әлі түзелер емес. Қалған өмірімді қалада өткізейін, меніҚашқарға апарып, Сейітханның қолына табыс ет», - дейді. Бұл кезде Сұлтан Нигар – ханымның қалған төркіні тегісімен Ташкент, Түркістан төңірегін қалдырып, Қашқарға барғаны байқалады. Кейін олардың соңын ала жетім қалған Мұхаммед-Хайдар да нағашысының қолына барады. Бұл жерде айтылып отырған Қашқар ханы Сейіт жоғарыда көрсетілген Жүніс ханның немересі, Сұлтан Нигар ханымның ағасы Ахметтің баласы.  1526 жылы Сейіт пен қазақ ханы Тақыр араздаса бастағанда, сұлтан Нигар-ханым бұл екеуінің арасына бітім айтады. Екі ханның екеуі де (бірінің апасы, бірінің шешесі) бұл кісінің сөзіне бас иіп, татулыққа келеді. Мұхаммед-Хайдар бұл туралы былай дейді: «Хан Қашқардан шығып, Қошқар келеді. Бұл жерге мен де келдім. Маған айтты: сен Қашқарға бар да апайды алып кел, Тақыр ханмен екеумізді татулыққа келтірсін». Әдік ұлы Тақыр ханның ол кезде аузынан жалын шығып тұрған еді. Бұрынғы Моғолстан қырғызды, үйсін, дулатты өзіне қаратып, қырғыз бен қазақты бірдей меңгеріп тұрған еді. Міне, осы уақиғаның ашық суретін біз бір ғана Хайдардың «Тарихи Рашиди» кітабынан көреміз [4].



«Уақытша әлсіреу» кезеңінде көрші елдердің шапқыншылықтарына тойтарыстар берілмеді. Сондай-ақ Тақыр хан тұсында қазақ-ноғай қатынасы да шиеленісіп, бейбіт қатынастар бұзылып, маңғыт мырзаларының тықсыруымен Тақыр ханға тәуелді 200 мың адам Дешті Қыпшақтан Моғолстанға көшіп кетеді. «Тарихи Рашидиде» Тақыр ханның осы кездердегі жағдайының қандай екендігін көрсететін мынадай мәлімет бар. Сұлтан Нигар-ханым Тақыр ханға: «...Сонымен бірге, маңғыттарға байланысты Өзбекстанда сенің істерің оңға баспай тұр, оларға қарсы сен әскер шығара алмайсың. Бұрын сенде он лек әскер болса, қазір төрт лек қана қалды. Сенің оларға қарсы тұруға шамаң жетпейді», – деп айтқан екен [5], сонымен бірге Сұлтан Нигар-ханым Тақыр ханға моғол хандарымен жақсы қатынас орнатуға күш салатынын айтады.

XVI ғасырдың 20-шы жылдары ішінде Қазақ хандығы өзімен көрші мемлекеттермен қарым-қатынастарда тек жеңілістерге ұшырап отырады. Бұл, әрине, ішкі саяси бытыраңқылықтың тікелей көрінісі. Тарихшы Т.И.Сұлтановтың пікірі бойынша, Тақыр хан тұсында Қазақ хандығы үшін ең маңызды болған оқиғаға 1526 жылы бүкіл Жетісуда қазақ билеушілерінің билігінің орнауы жатады. Қасым ханның тұсында-ақ Жетісу Қазақ хандығының құрамына енген еді. 1514 жылы моғол хандары Қашқарға кетіп, өз биліктерін орнықтырғаннан кейін, Жетісуға қайта көз сала бастаған еді. Бірнеше рет Сайд ханның ұлы Рашид сұлтан Жетісуға бекінуге талпыныс жасады. 1526 жылы Рашидтің Қашқарияға кетуімен Жетісудағы моғол хандарының билігі жойылады.

Ғалым Б.Б. Кәрібаев бұл туралы: «Тақыр хан сыртқы саясатта, әсіресе, моғол хандарымен қарым-қатынаста терең ойластырылмаған саясат жүргізеді. Сұлтан Нигар-ханымның араласуымен жоғары дәрежедегі қазақ-моғол қатынасында түсінісушілік болса да, қырғыз мәселесіне келгенде екі жақ өз пікірлерінде қалады. Жетісуға билігі орнаған Тақыр хан қырғыз тайпаларына да үстемдік жүргізуге тырысады. Жазба деректерде Тақыр ханды қырғыздың да ханы болды деуі осы жылдарға байланысты айтылған. 1529 жылы Сайд хан Андижанға жорыққа аттанғанда үлкен ұлы Рашидті Яркендте қалдырып, Тақыр ханның іс-әрекеттерін қадағалап отыруды тапсырады. Бұл жылдар Тақыр ханның биліктегі соңғы жылдары еді, Қазақ халқының басым бөлігінің қолдауына ие бола алмай, ол барлық қадамдарға барады. Сол себепті де оның сыртқы саясатынан жүйесіздік көрініп отырады. Хандықтың ішкі саяси өмірінде де Тақыр хан сұлтандар мен билердің қолдауына ие бола алмады. «Тарихи Рашиди» авторының жазуы бойынша, олар Тақыр ханнан бірнеше рет бөлініп кеткен. Оның себебін автор ханның өте қаталдығынан болды және төрт жүз мың адамның бәрі оны тастап кетіп, жалғыз қалдырды деп жазады», - деген болатын [5].

Сонымен қатар, 1537-1538 жж. Моғолстанның ханы Абд-Рашид хан (Сұлтан Сайдтың ұлы) Шайбанилық әулеттің ханы Убайдолламен одақтасып, қазақтарға қарсы жорыққа аттанады. Ол жайында Зайн ад-Дин Васифидің «Бадай-ал-Вакай» еңбегінде жазылады. Онда өзбек және моғол хандары бірігіп қазақтарға қарсы жорыққа аттанғандығы туралы мәлімет бар, бірақ Қазақ хандығын сол кезеңде кім билегені жөнінде мәлімет жоқ.



Жалпы ХVІ ғ. І жартысында Қазақ хандығы мен көрші елдер арасында әр кезеңде әр түрлі саяси қарым-қатынастар орын алған. Әр елдің билеушілерінің сыртқы саясаты өз мүдделеріне сай жүзеге асырылып, кейде уақытша мәмлеге келуімен, кейде соғысуымен жалғасып отырған. Сондықтан да, халықтың өмірінде билеушінің күшті мемлекет басшысы, шебер дипломат, ақылды әрі ұстамды адам болуы ел үшін маңызды рөл атқаратындығын тарихтың өзі дәлелдеп отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


  1. Дербісәлі Ә. Мұхаммед Хайдар Дулат. Өмірбаяндық-библиографиялық анықтамалық. – Алматы: 1999. – 160 б.

  2. Жолдасбайұлы С. М.Х.Дулат және ХV-ХVІ ғасырлардағы қазақ хандығы. – Алматы: Қазақ университеті. 2000. – 112 б.

  3.   Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди, парсы тіліндегі қолжазба нұсқасынан тәржімалаған Ислам Жеменей. Жалпы ред. басқарған және алғысөзін жазған Әбсаттар Дербісәлі. – Алматы: Тұран, 2003. – 616 б.

  4. Марғұлан Ә.Х. М.Х. Дулати. // «Аңыз адам». -Алматы, 2013. -  №5 (65).– 9 б. 

  5. Кәрібаев Б.Б. XVІ ғ. басындағы Қазақ хандығы мен Шайбанилер әулеті арасындағы қарым-қатынастар //Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының Хабаршысы. - Ғылыми журнал. - Алматы, 1999. - №1. – 52-69 б.; Кәрібаев Б.Б. Қазақ хандығының Сыр өңірі үшін күресі тарихынан.// ҚазМҰУ Хабаршысы. - Тарих сериясы. – Алматы, 1999. - №1. – 73-80 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет