Xx ғасырдың 20-30- жылдарындағы қазақ тіліндегі мерзімді баспасөзі: шығу тарихы мен деректік маңызы


«Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы ұлттық баспасөздің шығу тарихы»



бет3/5
Дата24.02.2016
өлшемі431 Kb.
#11787
түріДиссертация
1   2   3   4   5

«Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы ұлттық баспасөздің шығу тарихы» деп аталатын екінші тарауда қазақ баспасөзі шығуының алғышарттар мен ресми билік арасындағы қарым-қатынас барысы, ұлттық басылымдардың дамуындағы ерекшеліктері жан-жақты қарастырылады.

XX ғ. 20 жж. бұқаралық ақпарат құралдары болған қазақ тілінде газет-журналдар шығару ісі қолға алыну барысы мен баспасөз саласын нығайтудағы үкімет пен партияның қаулылары мен шешімдері, нұсқаулары, қазақ тіліндегі басылымдардың мазмұны, алғашқы редакторлары мен олардың мерзімді басылымдарды дамытудағы әрекеттері, үкімет пен партияның баспасөз ісіндегі идеологиясы айқындалады.

1917 ж. Ақпан төңкерісіне дейін және кейін Қазақстанда шығып тұрған газеттерді кеңес өкіметі тұсында большевиктік баспасөз басты. Бұған 1917 ж. 28 желтоқсанында В.И. Лениннің қол қоюымен қабылданған баспасөз бостандығы турасындағы декреті себеп болды. 1919 ж. 21 мамырда БОАК-нің бекітуімен Мемлекеттік Баспа құрылып, оның қарамағына кеңестік, партиялық және кооперативтік баспалар біріктірілді. Республикада алғашқы газет шығару ісі 1919 ж. 2 тамызында Бөкей ордасында болған коммунист қазақтар мен татарлардың мәжілісінен кейін қадам жасалып, Қырғыз облыстық Орталық комитеті өзінің органы ретінде қазақ тілінде «Қызыл дала» газетін шығаруды ұсынды. Алайда бұл ұсыныс бекітілмегендіктен жүзеге аспай қалды 23, 57-б..

1919 ж. 17 желтоқсанда Орынборда революциялық комитеттің органы ретінде «Ұшқын» газеті шығарылып, 1920 ж. 1 қарашадағы БОАК Президиумының мәжілісінің шешіміне орай РК(б)П облыстық бюросының және Қазақ ОАК-нің органы ретінде 13 қарашадан бастап қайтадан «Еңбек туы» деген атпен жарық көрді. 1919 ж. соңы – 1920 ж. басында қазақ баспасөзінің қатары бірнеше газеттермен толықты. Семейде «Қазақ тілі», Оралда «Қызыл ту», Верныйда «Көмек» және «Ұшқын» сияқты газеттер басылып шықты.

Қазақстандағы баспасөз ісі В.И. Лениннің 1920 ж. 4 маусымында В.В. Воровскийге жолдаған хатынан кейін қолға алынды. Осы жылдың 3 қарашасында Қазревкомның Баспа ісі редакциялық алқасының «ҚАКСР-ның Мемлекеттік Баспасөз жағдайы» атты бұйрығы қабылданып, республиканың ОАК-нің жанынан Қырғыз (Қазақ) Мемлекеттік Баспасы (Қазмембаспа) құрылып, республика көлемінде шығатын барлық газеттерді қадағалауды басты міндетіне алды.

Қазақ ұлттық баспасөзін жандандыру ісі 1921 ж. 4 сәуірдегі РК(б)П ОК-нің «Жергілікті газет бағдарламасы» атты қарарынан және 11-18 маусымда болған РК(б)П Қазақстан облыстық бірінші конференциясынан кейін күшейді. 1920 ж. 7 желтоқсанынан Ташкентте бұрыңғы «Жаңа өріс» газетінің орнына Түркістан Республикасының АК-ті мен ҚКП ОК-нің ресми басылымы ретінде «Ақ жол» газеті шығарылып, алғашқы редакторлығына С.Қожанов тағайындалды. Осы жылы Орынбор қаласында «Еңбекшіл қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналы отау тікті.

Қазақ баспасөзін халық игілігіне сай құру мәселесі 20-жылдарың басында қазақ зиялыларының арасында да кең қолдауға ие болып, осы мәселе төңірегіндегі М. Әуезов, С. Сәдуақасов, М. Дулатов, Н. Құлжановалар өз ойларын батыл да, ашық түрде газет-журналдар арқылы жеткізе білді.

Қазақстан губерниялық партия комитеті РК(б)П ОК-нің Азамат соғысынан кейінгі елдегі ауыр жағдайды шешуде және үкімет пен партия шешімдерін жүзеге асыруда үгіт-насихат құралы ретінде жергілікті баспасөзді қолдануды маңызды санап, газеттің жауапты редакторы мен қызметкерлеріне партия комитеттерінің белсенді мүшелерін тағайындау және редакциялық алқаның құрамына партиядағы ұстамды жолдастарды кіргізуді нақтылап берген РК(б)П ОК-нің «Мерзімді баспасөз туралы» (1922, 20 ақпан), ХІ партия съезінде қабылданған «Баспасөз және насихат туралы» қаулыларын жүзеге асыруға кірісті.

1920-1925 жж. республикада 15-тей газет-журналдар шығып тұрды. Ғалым Т. Кәкішевтің бөліп көрсетуінше, 1920 ж. 4 газет шықса, 1921 ж. 6 газет пен 3 журнал, 1922 ж. 8 газет, 2 журнал, ал 1923 ж. 9 газет пен 3 журнал, 1924 ж. 10 газет пен 2 журнал, 1925 ж. 13 газет және 5 журнал болған 24, 12-б..

Қазақ баспасөзін еңбекшілер баспасөзі ретінде өрістету 1922 2-5 қазандағы Қазақ губерниялық партия комитетінің мәжілісі мен 1923 ж. 11-15 қазанда болған пленумда арнайы мәселе ретінде қаралып, сапасы жағынан нашар, әрі үкімет пен партия саясатына қайшы келетін материалдарды жариялаған газет-журналдар сынға алынды. 1922 ж. қараша, желтоқсан айларында ғана шыққан «Өртең» газеті 29 желтоқсанда «ұлтшылдық бағыты үшін» арнайы үкімет шешімімен жабылып, бұдан кейін Мәскеудегі Ұлттар комиссариаты жанындағы Күншығыс баспасынан шыққан «Темірқазық» журналы да 3 нөмірінен кейін «ұлтшылдығы үшін» тоқтатылды. И.В. Сталин «Ақ жол» газетінің саяси бағыты туралы 1925 ж. 29 мамырда Қазақ Өлкелік Комитетінің мүшелеріне жазған арнайы хатынан кейін газет бағыты жағынан антикеңестік делініп, оның мазмұны жете тексеріліп, қатаң бақылауға алынды. 1925 ж. 11 сәуірінде Ташкентте «Ақ жол» газетінің тілшілерінің бірінші конференциясы өткізіліп, газеттің жалпы жағдайы, жетістігі мен кемшіліктері сараланып, алда кемшіліктерге жол бермеу мәселесі қаралды.

Негізінде 1924 ж. ақпанда БК(б)П ОК-нің үгіт-насихат бөлімшесі жеке бөлім ретінде құрылып, наурыз айында оның құрамында баспасөздің ұлттық бөлімшесі құрылған болатын. Осы жылдың 11-16 мамырында Қазақстан облыстық төртінші конференция өтіп, ұлттық баспасөз бен баспаның атқаратын кезекті міндеттерін белгілеп берді.

1925 ж. 16 мамырында өткен Баспа бөлімінің мәжілісінде астананың Қызылордаға көшірілуіне орай тез арада көшірілетін редакциялар мен баспаханаларды жөнелту мәселесі қаралып, мерзімді басылымдардың тоқтап қалмауы үшін әр басылымның уақытша шығарылатын күні белгіленді.

«Жас қайрат» газеті 1925 ж. 15 наурызынан айына 4 рет, «Лениншіл жас» журналы 1923 ж. қазанынан 1923 ж. желтоқсанына дейін «Жас қазақ» деген атпен, ал 1925 ж. қаңтар айынан «Лениншіл жас» деп аталып, айына 1 реттен шығарылған. 1925 жылдан бастап «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторлығын С. Сәдуақасов атқарды. Өлкелік комитеттің әйелдер бөлімінің органы ретінде 1925 ж. 5 мамырынан С. Есованың редакторлығымен шыққан «Теңдік» газеті, 1 шілдеден кеңейтілген журнал ретінде «Әйел теңдігі» атымен шығарыла бастады.

1925 ж. 26 қарашасындағы өлкелік комитеттің баспасөз бөлімін құру шешіміне орай 1926 ж. 14 қаңтарынан бастап бұл бөлім іске кірісіп, оның басшылығына Т. Рысқұлов тағайындалды. Жаңадан құрылған баспасөз бөлімі мерзімді басылымдардың органдарын тексеру ісін Ғ. Тоғжановқа жүктеді. Қазақ газет-журналдардың қызметі қатаң тексеріліп, мазмұны жағынан партиялық ұстамдылығы жоқ, саяси сенімсіз мақалалар мен фельетондарды жариялаған басылымдар айқындалды. Сондай басылымдардың қатарынан «Еңбекші қазақ» газеті де аталып, оның редакторы С. Сәдуақасовқа ұлтшыл бағыттағы материалдарды жариялады деген сын айтылса, «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп», «Жас қайрат», «Лениншіл жас», «Әйел теңдігінің» уақытынында дұрыс шықпауы әлсіз басшылықтың әсерінен деп көрсетілді.

1926 ж. 19 сәуірінде РК(б)П өткен Қазақ Өлкелік комитеті бюросының мәжілісінде Ф.И. Голощекин «Еңбекші қазақ» газетінің жаңа құрамын сайлау жөнінде ұсыныс жасады. Көпшіліктің қолдауымен газеттің редакторлық қызметіне Т. Рысқұлов, редакциялық алқасына С. Сәдуақасов, О. Жандосов тағайындалды. Осы жылдың 22-23 қыркүйегінде болған бюрода өлкелік орыс және қазақ тілдерінде шығарылатын басылымдардың тұрақты жүйесі мен мерзімділігі белгіленді 25.

1927 ж. басында қазақ тілінде 12 газет пен 3 журнал шығарылса, ал 1 қарашасына дейінгі есеп бойынша қазақ тілінде 47 230 таралымдық тиражбен 10 газет шығарылып тұрған. 1928 ж. басында Қазақстанда қазақ тілінде «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі», «Жұмысшы», «Лениншіл жас» сияқты өлкелік 4 газет, 7 жергілікті газеттер шығарылды. Орталық газет «Еңбекші қазақ» газеті күнделікті шығып тұрды. Бұл газеттердің жалпы тиражы 43,2 мың данаға жетсе, ал 1929 жылы аз ұлттардың 15 газеті болып, оның 12-і орыс, 1-ұйғыр, 1-өзбек, 1-қарақалпақ тілдерінде шыққан 26.



ХХ ғ. 20-ж. басында мұсылман халықтарының алдыңғы қатарлы интеллигенция өкілдері тарихи-лингвистикалық сараптау негізінде араб жазуы халықтар тілінің табиғатына сәйкес келмейді деген қорытындыға келіп, экономикалық және мәдени сұраныстарына сәйкес және халық бұқарасының игеруіне оңай жазуға өту шұғыл қажеттілік деп санап, араб әрпін латын әрпімен алмастыру жөнінде ұзақ айтыс-тартыстарға түсіп, ақыры 1928 жылы латын әліпбиін енгізу жөнінде қаулы қабылдаған болатын. Осы қаулыдан кейін бір мезгілде эксперимент ретінде «Жаңа мектеп», «Жаршы» және «Қызыл әскер» газеттері сияқты мерзімді басылымдар жаңа әліпби негізінде шығарыла бастады. Жаңа түркі жазуының негізін ұзақ талқылау мен өңдеуден кейін 1929 ж. 7 тамызында КСРО Орталық Атқару Комитетінің төралқасы мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі «Жаңа қазақ алфавитін (әліппесін) енгізу» турасындағы қаулы қабылдады. Осы жылдан бастап журналдар жаңа әліпбиге көшіріле бастады. «Қызыл әскер» газеті жаңа әліпби негізінде шығарылды. ХКК-нің 1930 ж. 23 қаңтардағы қаулысы бойынша 15 ақпаннан бастап «Әйел теңдігі», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа әдебиет» толықтай, ал газеттердің бір беті латын әрпіне көшірілді. Ал қалған газет-журналдар 1930 ж. 1 қазанына, яғни Қазақстанның 10 жылдығы қарсаңына дейін көшуге тиіс болды.

Елде жаңа жазу реформасы жүргізілуіне байланысты газеттің қатары өсе түсті. 1930 ж. газеттердің жалпы саны 40-қа жетіп, оның 20-сы қазақ тілінде шықты. Бірақ бұл газеттердің барлығы тұрақты шығып тұрған жоқ. Оған кейбір газет редакциясында жұмыс істейтін журналист мамандар мен қажетті қағаздың жетіспеуі, полиграфиялық техниканың нашарлығы бірден-бір себеп болды. 1931 ж. республикада шығарылған 8 газеттің 5-і қазақ тілінде болып, «Социалды Қазақстан» (бұрынғы «Еңбекші қазақ») ең көп 33 600 данамен, ал «Лениншіл жас» 14 100 данамен таратылды 27.



1930 ж. Қазақстанда шыққан 45 газеттің 25-і, 1931 ж. шыққан 85 газеттің 37-і, 1932 ж. шыққан 124 газеттің 45-і қазақ тілінде болған. 1933 ж. соңына қарай Қазақстанда 7 өлкелік, 16 облыстық, 104 аудандық және 44 көптиражды, 67 саяси бөлімдердің, барлығы 238 газет шыққан. Олардың 88-і қазақ тілінде болды. «Ұлттық баспасөз туралы» (1934 ж. 2 қаңтар) партия қаулысына байланысты ұлт баспасөзінің ықпалын арттыру, газеттердің тиражын көбейту, бұқараға таралуын қадағалауды қолға алу міндеттері жүзеге асырылды. 1937 ж. қуғын-сүргін қарсаңында Қазақстанда 345 газет шығып, өлкелік 12 газет пен 12 журнал, облыстық 18 газеттің 10-ы, аудандық 158 газеттің 85-і қазақ тілінде болған 28. Ал 1938 жылға қарай республика басылымының қатары жаңа төрт облыстық және 16 аудандық газеттермен толықты. Партияның тапсырмасымен он журнал 13-ке көбейді.

ХХ ғ. 20 ж. жарық көрген аталмыш газет-журналдар үкімет пен партия тарапынан бақылауда болса да, елдегі келеңсіз жағдайларды, асыра сілтеушілік саясатты ашық сынға алған, қазақ зиялыларының ықпалында болған «ұлтшылдық» пиғылдағы басылымдар болса, ал 30 жж. мерзімді басылым нағыз партия газетіне айналды. Газет-журналдар бірінші ретте партия мен үкіметтің саясатын насихаттаумен айналысты. Өйткені бірінші және екінші беттерін толықтай партия жұмысына арнап, өлкелік партия шешімдерін, қаулы-қарарларын мүлтіксіз орындап отырды. Елде өткен съезд, конференция, пленум барысы, сайлау мәселесі, қабылданған қаулы-қарарлармен таныстыру мәселелерін бірінші жолға қойды. Оның үстіне республикалық және облыстық газеттерде жарияланатын материалдар міндетті түрде тексерістен өтіп отырды. Патша үкіметінің отаршылдық саясатын асыра даттап, ал Кеңестер Одағының саясатын асқақтата мақтады. Партия тарапынан жіберіліп жатқан кемшіліктерге көз салмай, сталиндік жеке басқа табынушылыққа бой ұрды, яғни үкімет басшыларын орынсыз мақтау, ұлт зиялыларына жала жабу сияқты әдістерді кеңінен қолдана отырып, халықты алдау, адастыру жолына түсірген ақпараттарды да жариялап отырған. Сөйтіп, кеңестік партия бұл басылымдарды насихатшы, ұйымдастырушы ретінде тиімді пайдалана білді.

Әр басылымның өз тілі, бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктері мен ұқсастықтары болды. Газет-журналдар уақыт талабына сай өзгеріп отырғаны да анық. Мерзімді баспасөзді дамытуда қиыншылықтар көптеп кездесті. Біріншіден, газет немесе журнал шығаруда қаржы тапшылығы болса, екіншіден, білікті тілшілер жетіспеді, үшіншіден, оқырмандары аз болды. Кейбір басылымдар маман тілші-журналистердің аздығынан сапасы жағынан ақсап жатты. Сондай-ақ кейбір газеттердің сатылу және жазылу бағасы қымбаттау болды.

20-30 жж. жарық көрген мерзімді басылымдардың көпшілігі 1918-1919 жж. шыққан газет-журналдардың жалғасы болды. Ең алғашқы және ұзақ шыққан мерзімді басылымдар қатарына «Қызыл Қазақстан» журналы мен «Еңбекші қазақ» (1925 ж. 17 ақпанына дейін «Еңбекшіл қазақ» деп аталған – С.С.) газетін жатқызуымызға болады. Бұл басылымдардың ұзақ уақыт бойы шығып тұруының басты себебі, Қазақстан өлкелік партия комитетінің органы ретінде үкімет тарапынан берілген нұсқауларды бұлжытпай орындап, бірінші орынға партия мен үкіметтің саясатын насихаттауға тырысқандығы болды. Газетте қазақтың Х. Есенбаев, Т. Сафиев, Б. Күлеев, С. Сәдуақасов, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, Ә. Байділдин, Б. Майлин, С. Сейфуллин, М. Жолдыбаев, Т. Рысқұлов, О. Жандосов, О. Исаев, Ғ. Тоғжанов және тағы басқалар жауапты және уақытша редакторлық, редактордың орынбасары қызметін атқарды және қазақ зиялыларының түрлі тақырыптағы мақалаларын жариялай білді. 1924 ж. «Еңбекшіл қазақ» газетінің 4-ші бетінде жетісіне бір рет жастарға арналып «Лениншіл жас» газеті шығып, оның да редакторлығын Е. Алдоңғаров атқарды. Жастар газетінің өзге басылымдардан айырмашылығы, бұнда арнайы бөлімдері болмады.

РК(б)П-ның Қазақ облыстық комитетінің органы ретінде «Қызыл Қазақстан» журналы елдің қоғамдық-саяси, шаруашылық және мәдени мәселелерін қамтуды басты мақсат етіп қойды және үкімет пен партия саясатын бұлжытпай жүзеге асыру мәселесін негізге алды. 1922-1927 жж. журналдың уақытша жауапты шығарушылығын А. Асылбеков, Е. Алдоңғаров, Н. Нұрмақов, О. Жандосов, Ә. Байділдин, О. Исаев, И. Игенов кезектесе атқарып отырған. Бұл жылдары журналда елдегі Жаңа экономикалық саясат барысы, салғырттан салыққа көшу, ашаршылық, халық шаруашылығын қалпына келтіру, жер-су мәселелері батыл көтерілді.

20 жж. Ташкентте «Ақ жол», Алматыда «Ұшқын», «Кедей еркі», «Тілші» және тағы басқа, Семейде «Қазақ тілі», Солтүстік Қазақстанда «Кедей сөзі», «Бостандық туы», Батыс Қазақстанда «Қызыл ту», «Ерік» сияқты облыстық газеттер шығарылған. «Ақ жол» газетінің басқа басылымдардан басты ерекшелігі сонда отаршылдық, елдегі келеңсіз жағдайлар ашық жарияланып, нақты партиялық және идеологиялық бағыттың жоқтығын уағыздайтын мақалалар, әңгімелер, өлеңдер, жауапты қызметкерлердің қара басын сынайтын мақалалар басылып отырды. «Ақ жол» газетіне үкімет «алашордашыл, ұлтшыл» деп тапқан С. Қожанов, М. Дулатов, М. Әуезов, Т. Шонанов сияқты зиялылардың мақала, өлең, әңгімелері де жарияланды.

«Қазақ тілі» газеті Семей қаласында 1919 ж. желтоқсанынан бастап шыға бастады. Оның редакторлық қызметін М. Тұрғанбаев, Ж. Аймауытов, Ж. Наймангожин, Ш. Тоқжігітовтер кезектесе атқарса, кейіннен газет редакциялық ұжым басшылығымен шығып тұрды. Бұл газет те Жаңа экономикалық саясат, шаруашылықты қалпына келтіру, ауылды кеңестендіру барысы мен мал шаруашылығын дамыту мәселелерін көтере білді. Сонымен қатар газет саясатты да, білімді де, мәдениетті де, шаруашылық және әдебиетті де қамтыды. Мәдени, ағарту, ашаршылық мәселесін батыл көтеріп, жағдайды ашық айтты. «Қазақ тілінің» 1922 жылдан бастап бағыты мен жолы халықшылдыққа қарай ауып, еңбекшілердің мүддесін насихаттауға кірісті. Жастар өмірін арнайы тақырып етіп алған газет 1923 жылдан бастап өзінің 4-ші бетін жастар өміріне арнаған «Еңбекшіл жас» газетіне берді.

1920 ж. ақпан айынан бастап Омбыда шығып тұрған «Кедей сөзі» газеті, 1921 ж. 19 наурызынан «Бостандық туы» деген атпен шығырыла бастады. Газеттің редакциясы бастапқы кезде Омбыда болса, ал осы жылдың жазынан бастап Қызылжар қаласына көшірілді. 1921-1922 жж. аралығында редакторлық қызметін С. Айтқожин атқарса, ал 1922 ж. уақытша редакторлық қызмет Ж. Жәнібековке жүктеліп, газеттің шығарушысы жазушылар ұйымы деп жазылды, 1923 ж. жауапты редактор болып А. Бегішев тағайындалған. Газетке 1921-22 жылдардағы аштық мәселесі, баспасөз ісі, ауылшаруашылығы, салық, оқу-ағарту және тағы басқа мәселелер жөнінде хабарлар жиі басылған. «Бостандық туы» 1928 жылдан 1932 жылға дейін «Кеңес ауылы» деген атпен шығарылды. 1927 ж. бастап газетке қосымша ретінде Ақмола губерниялық Лениншіл жастардың екі жетіде бір шығарылған «Жеткіншек» газеті губерния жастарының арасына кең тараған. Оның редакторлық қызметін С. Сафарбеков атқарды.

1923 -1929 жж. аралығында Қостанайда губерниялық партия комитеті мен губерниялық атқару комитетінің органы ретінде «Ауыл» газеті шығарылды. Оның бастапқы нөмірі типографиялық әріптің болмауынан Челябі қаласында басылды. 1921-1926 жж. аралығында газеттің редакторы М. Сералин болған кезінде Қазан қаласынан газетке қажетті құралдарды алдырып, Қостанайдың өзінен шығарып, халық арасында партия мен өкіметтің жолы, күнделікті саясаты, ауылды кеңестендіру жөнінде жүргізген шаралар насихатталды.

1921 ж. Қ. Абдуллиннің редакторлығымен Жетісуда қазақ тілінде «Кедей еркі» газеті шығып, қазақ кедей шаруаларының, жарлы-жалшыларының үніне айналды. Батыс Қазақстан облыстық «Қызыл ту» газеті 1920 ж. Орал қаласында шығып, сол кездегі көкейтесті мәселелерді көтерді. Газетке қосымша ретінде «Жастар дауысы» газеті шығарылып, редакторлығын К. Өтеғалиев атқарып, жастардың міндеттері, оларды жаңа өмір, жаңа тұрмысқа бейімдеу турасында мақалалар жариялап тұрды.

«Ерік» газетін 1920 жылдан Жымпиты қаласында шығару қолға алынса да, қаржының тапшылығынан және 1921 ж. ашаршылық кезінде қиыншылықтарға тап болып дұрыс шықпай, тек 1923 ж. басында Жымпитыдағы баспаханасы Текенің губерниялық атқару комитетінің қарары бойынша Ойшық (Гурьев) қаласына көшіріліп, 1 сәуірден бастап жұмасына бір реттен тұрақты шығарылды. 1924 ж. тамызынан бастап газет «Жұмыскер тілі» деп өзгертіліп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрмысымен таныстыруға тырысты.

1926 ж. шілдесінен Қызылордада шаруа газеті ретінде шыққан «Ауыл тілі» газетінің редакторлығын Ж. Мыңбаев, Е. Ерназаров, Б. Майлин атқарса, ал М. Дулатов белді қызметкерлерінің бірі болды. Қатаң тексеріске қарамастан басылым беттерінде ауылшаруашылығы, күнделікті хабарлар, кеңес, партия құрылысы мәселесі, ағарту ісіне қатысты материалдардан басқа, ұлтшылдық бағыттағы мақалалар да жарияланған.

Орынборда шыққан қазақ жастарының ең алғашқы жеке басылымы «Өртең» (1922 ж.) газеті жабылған соң орнын «Жас қазақ» (1923 ж.) журналы басты. Бас редакторлығын Е. Алдоңғаров, А. Оразбаева, А. Сегізбаевтар атқарып, жастарға арналған сықақ өлеңдер, әңгімелер, танымдық материалдар жариялап отырды. Түркістан Республикасында 1921 ж. Ғ. Мұратбаевтың ұйымдастыруымен және редакторлығымен «Жас Алаш» газеті шығарылып, бірақ 1922 ж. оның орнын «Жас қайрат» газеті басты. Бұл газеттің де редакторлығын Е. Алдоңғаров, кейінірек С. Баймағамбетов атқарды. Газет 1924 ж. «Жас қайрат» журналы болып қайтадан құрылса, 1927 ж. Ж. Орманбаевтың редакторлығымен «Лениншіл жас» деген атпен газет ретінде шығарылып, саясат, өнер-білім, әдет-ғұрып, жастар тәрбиесі, елдегі шаруашылық құрылысы және т.б. мәселелер төңірегінде материалдарды жариялауды қолға алды. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің бастамаларымен Ташкентте «Жас жүрек» (1923) газеті мен «Кедей айнасы» (1923) журналы шығып, оқу-тәрбие ісі мен студенттердің өлең, әңгімелерін басып тұрған.

Білім, әдебиет, шаруашылық, саяси журнал ретінде Ташкентте «Шолпан» (1922), «Сана» (1922), Москвада Н. Төреқұловтың бастамасымен «Темірқазық», Семейде М. Әуезовтің басшылығымен «Таң» (1925) журналдары шықты. Алайда аталмыш басылымдар ұлтшылдық бағыттары үшін бір жыл аралығында жабылып қалды.

Қыз-келіншектерге арналып «Әйел теңдігі» (ред. С. Есова), педагогикалық журнал ретінде «Жаңа мектеп» (ред. М. Жолдыбаев), күлкі журналы ретінде «Шаншар», денсаулық, тазалық журналы ретінде «Денсаулық жолы» және т.б. басылымдар шығарылып, оқырмандарын қызықты материалдармен қауыштырып тұрды.

«Қазақстан тарихы мәселелерінің ұлттық басылымдардағы көрінісі» деп аталатын үшінші тарауда ХХ ғ. 20-30 жж. қазақ мерзімді басылымдарында ежелгі және ортағасырлық Қазақстан тарихының мәселелері, патшалық Ресейдің отарлау кезеңі, 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс пен 1917 ж. қос төңкеріске, этнографиялық мәселелерге арналып жарық көрген материалдар мұрағат, ғылыми еңбектермен салыстырмалы түрде талданды.

Қазақ тарихын жазу мәселесі ХХ ғ. 20 жж. бірнеше рет мерзімді басылымдарда ашық түрде көтеріліп, қазақ зиялылары халықтың ұмыт болып бара жатқан тарихын, келешек ұрпаққа жазып қалдыруға шақырған еді. М. Дулатов, Е. Омаров, Қ. Кемеңгеров, Ж. Аймауытов, М. Әуезов және т.б. мерзімді баспасөз беттеріне нақты құжаттарға сүйенбесе де, бұрынғы жазылған ғылыми еңбектерді қолдана отырып, қазақтың шығу тегінен бастап хандық құрған кезең, қазақ этнографиясы, көне ескерткіштері, қазақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жөніндегі қазақ тарихына қатысты ғылыми мақалаларын жариялап отырған. М. Дулатовтың «Қызыл Қазақстан» журналына шыққан «Қазақ-қырғыз тарихы туралы», «Қазақ-қырғыздың аты, тегі туралы» мақалаларын, Ж. Аймауытовтың «Жаңа әдебиет» журналына жарияланған «Әзірет Сұлтан», Е. Омаровтың «Қазақ календарына» жарияланған «Қазақ тарихынан» және тағы басқа тарихи мәселелерге арналған ірілі-ұсақты мақалалары дерек көзі ретінде аса құнды болып табылады.

Қазақтардың шығу тегі туралы мәселенің аса маңызды екендігін, оны жан-жақты зерттеу қажеттігін М. Дулатов «Қазақ тілі» газетіне жариялаған «Қазақ-қырғыз тарихы туралы» мақаласында (өтініш хаты) айқын көрсетіп берді 29. Шежірені ата-бабадан қалған асыл мұра ретінде бағалап, қазақ тарихы үшін ғылыми маңыздылығын көрсете отырып, алайда шежіре жазу барысында кейбір қателіктердің кететінін, осының нәтижесінде халық арасында шығу тегінде шатасушылық туындайтынын баса көрсетті. Ол «Қызыл Қазақстан» журналына басылған келесі «Қазақ-қырғыздың аты, тегі туралы» мақаласында қазақ халқының шығу тегіне, «қазақ», «алаш», «үш жүз» деген этнонимдерге тоқталып, бұл турада жазылған тарихи кітаптарды оқып, сыннан өткізуді ұсынды. Қазақ халқының ата-тегінің түп-төркінін айқындауда жазылған барлық шежірелерге аса назар аударып, ғылыми тұрғыда анықтауды, сонымен қатар шетел зерттеушілерінің ғылыми зерттеулеріне жүгінуге болатындығын, алайда оларды «қазақ, қырғыз халықтары жайлы жете біледі немесе зерттеді деуге болмайтындығын» ескертеді. Ол қате зерттеулердің арқасында қазақтар ұзақ уақыт бойы «қырғыз», ал нақты қырғыздар «қара қырғыз» немесе «тағы қырғыз» атанып, қытайлар оларды «юрвут» деп жүргендігін, қазақтың өзін қырғыз емес, бұрыннан қазақ санап, ал қырғыз өзін қырғыз деп келгендігін, қазақ пен қырғыздың арғы тегі бір болғанымен, екі атаның баласы, біріне-бірі туыс, жақын түркінің екі руы екендігін растаған. Қазақ халқын «беріде ғана құрылған құрама» деген орыс тарихшыларының пікіріне қарсы шықты. Қазақтың Алтын Ордадан бөлініп шығып, қазақ атанғанына толық сенетіндігін білдіре отырып, «Алтын Орда» аталуының да себептеріне, Жошы ұлысына, қазақтың үш жүзге бөліну үрдісіне, «Алаш» атауына, қазақ хандығына және олардың хандары жайында толымды мәліметтер берді.

Қазақ зиялысы Е. Омаров «Қазақ календары» журналына жариялаған «Қазақ тарихынан» деп аталған көлемді мақаласында қытай жылнамаларына сүйене қазақ халқының шығу тегінен бастап, хандық құрып, жеке мемлекет болғанға дейінгі тарихына тоқталып, бұған өзіндік тұжырым жасады. Ол қазақ жерінде ежелден өмір сүріп келе жатқан ғұн тайпалары Қаңлы, Үйсін, Оғыз мемлекеттері туралы құнды мәліметтер келтірді. Сонымен бірге ХІІІ ғасыр басында Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алған моңғол ханы Шыңғыс хан билігі кезіндегі Қазақстанда мекендеген тайпалар жөнінде де аса маңызды мағлұматтар келтірді.

XV-XVIII ғғ. қазақ хандығы тұсындағы саяси оқиғалар мен әлеуметтік жағдай мәселесіне, қазақтың Жәнібек, Керей, Қасым, Есім, Жәңгір, Тәуке және тағы басқа хандарының тұсындағы қазақтардың саяси, әлеуметтік жағдайларына нақты болмаса да тоқталып, Қасым, Есім, Әз Тәуке хандары тұсында жазылған қазақ заңдары біртектілікті, елдің тұтастығын көксегеннен туындаған деп пайымдады. «Ақтабан шұбырынды» атанған кезеңдегі, Ресей патшалығының отаршылдығы тұсындағы қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің шығуының себептерін ашты 30.

Түркі халықтарының шыққан тегін М. Тынышбаев та «Сана» журналына жариялаған «Түркі-моңғол тарихы» атты мақаласында ашып бермекке талпынды. Ол түркі-моңғол тарихын ең ескі заманнан бастап, 1456 жылға дейін (өзбек пен қазақ-қырғыз айырылған жыл), ал екіншісі, 1454 жылдан бері қарай, қазақ-қырғыз бөлініп шыққан жылдардан кейінгі уақыт деп екіге бөліп қарастыруды ұсынған. Ғұн, үйсін, сақ, қаңлы, жұжан, қырғыз, сәнбі сияқты тайпалар туралы, қазақ халқының шығу тегін (генезисін), түркі тайпасының қырғыз, үйсін болып бөлінуінің себептері, ғұндардың шапқыншылығын, оғыз мемлекетінің құрылымын бірнеше деректерге сүйене келтіреді және бижнек, болғар, мажар, башқұрт, қыпшақ жұрттары туралы да мағлұматтар берді. «Сана» журналына жарияланған «Мырза Едіге батыр» атты көлемді мақаласында тарихта кездесетін 9 Едіге батырға тоқталып, оның қайсысы нағыз тарихи тұлға екендігін ажыратып беруге тырысты 31.

Қазақ даласында көшіп-қонып жүрген тайпалар мен хандықтары туралы Ә. Әйтиев «Қызыл Қазақстан» журналына жарияланған мақаласында жан-жақты ашып берді. Автор Орта Азияны аралап, зерттеген венгр түріктанушысы, этнограф, саяхатшысы Арминий (Герман) Вамберидің зерттеуіне сүйене отырып, қазақ даласындағы тайпалармен көршілес қызылбас, иунан, моңғол сияқты елдердің үнемі айбар көрсетіп тұрған. Ыстықкөлге жақын жерде Чигучен деген астанасының болып, көп әскер ұстаған үйсін тайпасы туралы құнды мәліметтер келтірді. Шыңғыс хан мен Ақсақ Темір тұсындағы текетірес тартыстар, қазақ хандығының құрылуы, Тәуке хан, жоңғар шапқыншылығы және т.б. оқиғалар жайына тоқталды 32.

М. Дулатов «Еңбекші қазақ» газетіне (1926, №275) Қожа Ахмет Яссауи мешітінің салынғанына 530 жыл толуына орай «Әзірет сұлтан мешіті» атты көлемді мақаласын жариялап, газет оқырмандарын қысқаша түрде осы мешіттің салыну тарихымен таныстырмақ болды. Қазақ зиялыларының бірі Ж. Аймауытов та 1929 ж. «Жаңа әдебиет» журналының 1 санына жарияланған «Әзірет Сұлтан» атты көлемді мақаласында Қожа Ахмет Яссауидің неліктен Әзірет Сұлтан аталуының мәнісін бірнеше ғылыми зерттеулерге сүйене айқындады.

Тарихи тұлғалар, оның ішінде батырлар жайлы М. Әуезов 1925 ж. «Таң» журналына жарияланған «Қобыланды батыр» атты мақаласында Қобыландының ел қиялындағы ұлы батырлығын ел аузынан жинаған әңгіме-жырлар арқылы беруге тырысып, оның аңыз, әңгіме, ертегіде ғана емес, шын адам болғандығын және оның жатқан жерін мұрағат құжаттарына сүйене отырып дәлелдеуге тырысты.

20-30 жж. ғасыр басында қалыптасқан қазақ зиялылары мерзімді басылымдар арқылы қазақтың өткен-кеткен тарихы туралы мәселелерді көтеріп, орыстың Географиялық қоғамы арқылы белгілі бір тақырыптарда арнайы зерттеулер жүргізіле бастады. Қазақ тарихына қызығушылар қазақ хандары мен патша үкіметі билігі тұсындағы тарихи оқиғалар жөнінде, атап айтсақ жоңғар шапқыншылығы тұсындағы Қазақстан, Орта Азия халықтарымен байланыс барысы, одан кейінгі ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыс мәселесі жөнінде танымдық-тарихи еңбектер жазды. 1923 ж. «Қызыл Қазақстан» журналының бірнеше нөмірлеріне жариялаған «Қазақ жер мәселесінің тарихынан» атты ғылыми зерттеуінде Телжан Шонанов қазақтың 1732 жылдан бастап орысқа бағына бастағандығын, сол жылдардан патша үкіметі қазақ жеріне қол салғандығын айта келе, қазақ жерін отарға айналдырудың екі дәуірін көрсетіп, қазақ халқының Ресей патшасының бодандығына кіруінің себептерін де ажыратып берді. Қазақ жері Ресей үшін колония болғандығын, бұдан былайғы тарихын «колония тарихы» деп бағалады 33, 47-б.. Отарлық езгіге қарсы Кенесары, Жанқожа және т.б. қазақтың азаматтары басшылық жасаған ұлт-азаттық көтеріліс барысына тоқтала келе, жалпы Қазақстанда Кіші жүздегі мықты көтеріліске 1869-72 жылдары болған көтерілісті жатқызады.

Қазақ елінің Қазан революциясына шейінгі әлеуметтік тұрмысын зерттеуде Т. Рысқұловтың «Еңбекші қазақ» (1926, №543) газетіне жариялаған көлемді мақаласын келтіруге болады. Автор мақаласында патшалық Ресейдің қол астына кіргенге дейінгі жылдарда (1730 ж.) қазақ халқы рулық дәуірде өмір сүріп, мал бағып, көшіп-қонып, жау жауласа ру болып жаулап, ру болып кек алып, ру болып ас беріп, той қылғандығын, Ұлы, Орта, Кіші жүздерге бөліну сол кездерден бастап айқындала бастағандығын айта келе, руды ақсақалдар, билер, батырлар билеп, біршама уақыт өткеннен кейін мүлік теңсіздігінен бай, жарлы болып, ру басындағылар қолдарына түскен олжаны, малды өз жақындарына, туыстарына бөліп бергендігін, бұдан қазақ «ақсүйек», «қара бұқараға» бөлініп, ақсүйектерден хандар, сұлтан, қожалар пайда болу кезеңдерін нақтылап берді.

«Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған Қ. Жұмалиевтың Исатай мен Махамбет көтерілісі мен Махамбеттің поэзиясына қатысты көлемді, тарихи маңызы зор мақаласында бұл көтерілісті ХІХ ғасырдағы көтерілістердің ішіндегі ең күшті де, ең маңызды санатына қосты. Ол «Исатай мен Кенесарының соңынан қарапайым халық толықтай ерді» деген пікірге қосылмай, «халық Кенесарының қаталдығынан ерді» деген тұжырым жасап, нақты мысалдармен дәлелдемекке талпынды 34.

ХІХ ғ. 30-40-шы жылдары Бүкіл Қазақстан территориясын қамтыған Кеңесары көтерілісінің маңыздылығын Жақан Сыздықұлы «Еңбекші қазақта» жарияланған «Кенесары» (1926, № 219) деп аталатын мақаласында айқындады. Автор Кенесарыны «қазақ ұлтының басшысы», «халықты бірлікке шақырушы», патша саясатына қарсы шыққан ірі тұлға ретінде көрсетті.

«Жаңа мектеп» журналына жариялаған «Жанқожа батыр Нұрмағаметбаласы» атты мақала ХІХ ғ. 50-жж. Хиуа хандығының агрессивтік саясатына, орыс отаршылдығына қарсы Сырдария бойы қазақтарының Жанқожа Нұрмағаметұлының қолбасшылығымен болған күрес барысы жайына тоқталып, Жанқожаның шыққан тегіне, оның көтеріліс басшысы ретіндегі рөліне талдау жасалынып, оның батыр атының халық арасына тарауы Сыр бойы халықтарының Қоқан хандығының үстемдігіне қарсы алып шығуынан деген қорытынды жасалынды 35.

Мерзімді басылымдарда қала тарихына да зор мән беріп, қазақ даласында салынған бекіністер мен қамалдар жайында да мағлұматтар берген. «Еңбекші қазақ» газетке жарияланған «Ақмешіттің тарихы» деген мақалада Ақмешіт қаласының салыну тарихына тоқтала келе, орыстардың қазақ жеріне бекініс салуын отарлаудың жолына жатқызды.

ХХ ғ. басындағы орыстың алғашқы революция барысының тарихы да мерзімді баспасөзге арқау болып, «Қазақ тілі» газетінде бұл оқиғаның 18 жылдығына орай Ш. Тоқжігітовтің көлемді мақаласы, «Жаңа мектеп» журналының 1925 ж. №3 санында Балтабай деген автордың мақаласы жарияланып, төңкерістің негізгі себебі, маңызы, салдары жан-жақты түрде талданды.

1926 ж. шілдедегі Қазақ ОАК-нің 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың 10 жылдығын тойлау жөніндегі қаулыға орай барлық губерниялық, уездік басылымдар осы мәселеге арналған материалдарды жариялай бастады. Қазақ зиялылары Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, Т. Рысқұлов, Т. Жүргенов, С. Сейфуллин, С. Мендешев және тағы басқалар баспасөз арқылы 1916 ж. көтерілістің шығу себептері мен өрбу барысын ашып көрсетуге шақырды және өздері де бұл қозғалысқа баға беруге тырысты. «Еңбекші қазақ» газеті мен «Бостандық туы» газетінде, «Қызыл Қазақстан», «Жас қайрат» журналдары және тағы басқа мерзімді басылымдарда көтеріліске қатысқандардың естеліктері, арнаулы зерттеулер, көтеріліс жайында әңгімелер, өлеңдер, очерктер жариялауды қолға алды. Ең алғаш болып кіріскен «Еңбекші қазақ» газетіне Ә. Байділдин, М. Дулатов, Кәрменұлы, Байтоғайұлы, А. Мәметов, М. Ванне, Н. Анов, Ж. Мыңбаев, Н. Манаев, А. Кенжин және т.б. мақалалары мен өлеңдері жарияланды. Бұл материалдарда 1916 ж. көтеріліс Орта Азия мен Қазақстан халықтарының сана-сезімінің оянуына, қазақ халқының отаршыл патша үкіметіне қарсы батыл да ашық қарсы күреске алып шыққандығына тарихи баға берілді.

Қазақ мерзімді басылымдарының бірден-бір көтерген маңызды тақырыбы – этнографиялық мәселелер. Қазақ газет-журналдарында мұсылмандыққа дейінгі сенім-нанымдар, исламның таралу мен сан алуан көріністері, Қазақстанның діни өмірі мен ислам дінінің ықпалы, жалпы ислам дінінің ұлттық қатынастарға әсері, қазақтың ежелгі заманнан ұстанып келе жатқан дәстүрі, нақтылай айтқанда, бесік құда, сүндетке отырғызу, қыз ұзату, үйлену тойы, қалың төлеу, әмеңгерлік, Құрбан айт пен Ораза айт, тасаттық және сол сияқты толып жатқан ырым-жоралғылары мен қазақ халқының ауыздан-ауызға таралып келген айтыс, өлең-жыр, жұмбақ, жаңылпаш, қисса, аңыздары турасында қызықты материалдарға орын берді. «Темірқазық», «Жас қайрат», «Жас қазақ», «Шолпан», «Сана» және тағы басқа сол сияқты журналдары мен газеттері қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрып, аңыз, ауыз әдебиеті тақырыптарына арналған мәселелерді көтере отырып, ұлттық мәдениеттің ұмыт қалмай, өзінің өміршеңдігін жалғастырып келе жатқандығын көрсетті.

«Шолпан» журналы қазақтың әдет-ғұрпын насихаттауды қолға алған бірден-бір журнал болып, қазақ халқының әдебиетін, тарихын зерттеуге үлес қосқан Ә. Диваевтың Түркістан қазақ-қырғыздарының ескі тұрмыс-тіршілігіне қатысты этнографиялық мазмұндағы бірнеше мақалаларын жарияласа, ал «Жас қайрат» журналы қазақтың ата салт-дәстүрі, құдалық кәдесі, ырым-жоралғылары, үйлену той барысы, беташар, жар-жарға, жастардың ойындарына аса көңіл аударып, оны насихаттауда «Әдет-ғұрып бөлімі» деген айдар ашты. «Таң» және т.б. басылымдарда ертеден келе жатқан түркі халықтарының мейрамдары, оның ішінде Наурыз мейрамының тойлануы жайында қызықты мәліметтер жарық көрді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет