97. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Атқа міну мәдениеті» туралы баяндаңыз. Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.
Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.
Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.
Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.
Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі.
Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі.
Біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз.
Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды.
Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киізден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тікті. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардың қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ.
Сонымен қатар бүгінгі етіктердің барлық түрі көшпенділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етіктің «мұрагерлері» екені белгілі.
Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді.
Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды.
Қазақстан аумағында өмір сүрген түркі тайпалары ойлап тапқан тағы бір технологиялық жаңалық – қылыш. Оның оқтай түзу немесе иілген жүзі – ерекше белгісі. Бұл қару ең маңызды әрі кең таралған соғыс құралына айналды.
Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпенділерінің айрықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал етті.
98. Ботай мәдениеті туралы не білесіз? Ботай мәдениетінің қалыптасуына Атбасар неолиттік мәдениетін жасаған тайпалары араласқан. Ботай мәдениеті Ертіс пен Жайық өзендері аралығын мекен еткен тайпалар мәдениетіне жатады.
Ботай мәдениеті - энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалар мәдениеті. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Никольское ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде Ботай қоныстарына байланысты аталған.
Ботай ескерткішіне 1981-1983 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан университетінің археологиялық экспедициясы профессор Виктор Зайберттің жетекшілігімен қазба жұмыстарын жүргізген. Ауданы 15 гектар жерді алып жатқан қоныстан 158 үйдің орны қазылып аршылған. Кейбіреулерінде 30-ға тарта үйлер болған. Сәулетшілерді бұзылған тұрғын-жайлардан қалған ойпаттар қызықтырған. Ғалымдар ежелгі тұрғын-жайлар құрылысын қайта тұрғызуға мүмкіндік алады. Алғашқыда дөңгелек және көпбұрышты қазан шұңқыр қазып алынды. Қазан шұңқырдың тереңдігі 60-80см, ауданы - 30-дан 70 шаршы метр. Кейін сазды сулап, домалақ күйінде қабырғаға салған, сыртынан жануарлар сүйегімен бекіткен. Ежелгі тұрғын-жайлардың қабырға ені 80-120 см, биіктігі - 60-100 см. Тұрғын-жайлар маңында арнайы ор қазылып, ол жерден еден, қабырғаға арналған сылауға қажетті саздар алынды. Қабырға периметрлері бойынша бөренеден шатырлармен қаптап, ортасында түтін шығаратын тетік жасалды. Бөрене сазбен сыланып, жоғарыдан жануар терісі мен қыртыспен жабылды. Ғимараттың ішкі биіктігі 250-320 см құрады. Қайта тұрғызу сараптама жолы арқылы жүргізілді. 1983 жылдың жазында ежелгі тұрғын-жайдың үстіне ежелгі Ботай тұрғын-жайы салынады. Қайта тұрғызу өз-өзін ақтады. Жазда сараптамалық тұрғын-жайда суық әрі құрғақ болатын. Күз-қыс мерзімінде температурасы бір қалыптан түспеді. Тұрғын-жайға тұрақты түрде күтім жасағандықтан, қапталған сыртының беріктігіне қарай адамдарға тұруға қолайлық жасады (кем дегенде 15-20 жыл). Әрине, жыл сайын қабырға, қазан-ошақтың ішкі бөлігі сыланып отырған.
Қазба жұмыстарын жүргізгенде ботайлықтардың тұрғын-жайлары бір-бірімен тығыз жалғасып жатты. Тұрғын-жайдың ішкі жобасы туралы біраз нәрсе айтуға болады. Ортада еденде ошақ орнатылған. Қабырға маңайында ұсақ шаруашылық шұңқырлар болды. Қазан ошақтарының қабырғасында көптеген шаруашылық және діни қажеттіліктер тізіліп тұрған. Ботайлықтар қабырға айналасында шыға беріске қарсы сәкілерді орнатып, терілерді төсеген. «Шұңқыр-консервілерде» ұзақ уақыт бойы сақтаған. Ол былай жасалған: 1 метрге дейін шұңқыр қазып, оның ішіне жылқы етін тұтастай салып, терісімен және сазбен жапқан. Үстінен от жағып, оттегінің толғымен жанып болғанын күтеді. Дайын болған ет ауасыз да, сол шұңқырда бұзылмай сақталады.
Өзен жағасы маңындағы өндірістік құрылыстарда ежелгі адамдар тас, ағаш, аңдардың сүйегі мен терісін өңдеп, киім тіккен, қыш ыдыстар дайындаған. Тастан жасалған жебе, садақ, қанжар, пышақ, найза ұштықтарының көптеп табылуы қоғам өмірінде аңшылықтың рөлін айқын көрсетеді. Сонымен қатар жылқының сүйегінен ағашты өңдейтін қашауғыш, құс сүйегінен киім тігуге арналған инелер, жуалдыз, тескіштер, тұмар мен әшекей бұйымдарының кездесуі шаруашылықтың әр саласынан хабар береді.
Ғалымдарды табылған ат сүйектерінің көптігі таң қалдырған. Жұмысқа аңдар сүйегін зерттейтін ғалым-остеологтар шақырылды. Олар ауқымды істер атқарды. 133 мыңдай жылқы сүйектері зерттелді. Нәтижесінде анықталғаны, Ботай аттары бұрынғыда белгілі жылқылар түріне жатпайтын боп шықты. Ботай аттарының сүйегі өзге де ежелгі аттар сүйегінен ерекшеленіп тұрды. Ғалымдар бірауыздан ботай аттарының қолға үйретілген деген пікірді ұстанды. Олар далада жүрген жабайы жануар еместігін айтады. Жылқылар үй шаруасында, аң аулауда қолданылған. Күні бүгінге дейін жылқылар қолға кеш үйретілген деген пікірлер айтылды. Қоныстың материалдарымен әлемнің барлық ғылымдары қызыға бастады. Ботай жылқысын зерттеп білуге Солтүстік Қазақстан облысына Новосібір, Мәскеу, Англия, Германия ғалымдары келді. Көптеген ғалымдар ортақ пікірге сүйенді, яғни Ботай қонысы Еуразия даласында мал шаруашылығы орталығы болған.
Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшісі Виктор Зайберт Англияның Кембридж университетіне Ботай қонысы бойынша лекция өткізуге шақырылған. Ғалымдар Ботайды 28 жыл бойы зерттеді. Оншақты мақала жазылып, кітаптар басылды.
Ботай мәдениетінің қалыптасуына Атбасар неолиттік мәдениетін жасаған тайпалары араласқан. Ботай мәдениеті Ертіс пен Жайық өзендері аралығын мекен еткен тайпалар мәдениетіне жатады.
Алайда, Ботай жері сақтаған жұмбақтар әлі де бар. Әлі де ежелгі адамдардың тайпалас адамдарды қалай жерлегені анықталмаған. Бірнеше ежелгі адамдардың қалдықтары табылып, археологтарға жаңа жұмбақтарға кенелтті. Олар бұзылған тұрғын-жайлардан табылды. Әсіресе, адамның бас қаңқасы қызығушылық туғызды. Ол қазірде облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр. Ботай жеріндегі қазбалар жалғасуда.
Достарыңызбен бөлісу: |