Құқықты қолдану сатылары
Құқықты қолдану бірнеше сатыдан тұрады: 1) Істің нақтылы мəн- жайларын анықтау; 2) істің заңдық негізін анықтау; 3) құқықтық норманны қолдану арқылы шешім кабылдау; 4) шешімді жүзеге асыру. Бірінші сатыда заңды айғақтар жəне заңды құрам анықталуы тиіс. Олар – басты айғақ немесе басты айғақты анықтайтындар. Осы айғақтар заң бойынша істі тиісті түрде, заңды жолмен шешуге жеткілікті болуы қажет. Кейде анықталынатын мəн-жайлардың көлемі заңда арнайы көрсетіліп белгіленеді. Мысалы, қылмыстық іс жүргізу заңы бойынша сотта қылмыстық істі қарағанда мына жағдайлар дəлелденуі қажет: а) қылмыс оқиғасы (уақыты, орны, жасалу əдістері); ə) айыпкердің кінəсі; қылмыстың себебі; б) айыпкердің жауапкершілігіне əсер ететін мəн-жайлар; в) қылмыс арқылы келтірілген зиянның сипаты мен мөлшері; г) қылмысты жасауға түрткі болған мəн-жайлар. Екінші сатыда істің заңды негізі анықталуы тиіс: қолдануға қажетті құқықтық норманы табу; оның мəтінінің дұрыстығын анықтау-тексеру; норманың түпнұсқасы екендігін айқындау; оның кеңістіктегі, мерзімдегі (уақыттағы) күшін жəне субъектілерге қатыстылығын анықтау; норманың мазмұнын айқындау. Осы айтылған əрекеттердің барлығы заңдылықты, құқықтық тəртіпті нығайту үшін қызмет істейді. Кейде заңды мəні бар əрекет жасалса да, оны шешуге арналған құқықтық норма болмауы мүмкін. Мұны заңдағы олқылық (кемшілік) деп атайды. Заңда қарастырылмаған жағдайда заң шығарушы екі тəсіл қолданады. Қылмыстық заңда ерекше принцип (қағидат) баянды етілген. Егер заңда оған жаза, шара белгіленбесе, қылмыс немесе теріс қылық жоқ деп есептеледі. Ал азаматтық заңдар бойынша іс-əрекет заңда қарастырылмаса да, тараптар үшін оның маңызы бар болса, азаматтық заңдардың жалпы мағынасына байланысты тараптардың құқықтары мен бостандықтарын туындатады. Осыған байланысты заң ұқсастығы жəне құқық ұқсастығы (аналогия) түсініктері бар, бұларды қолдану заңда қарастырылған. Заң ұқсастығы — істі ұқсас қатынастарды реттейтін заңды қолдану арқылы шешу. Құқық ұқсастығы — істі заңдардың жалпы бағытына жəне мағынасына сүйене отырып шешу. Құкықты қолданудың үшінші сатысы — қаралған іс бойынша құқық қолдану актісін қабылдау. Мұндай акт істің тағдырын шешеді. Сондықтан бұл жұмысқа жауаптылықпен қарау жөн. Осы актілер заңға негізделініп, заң бойынша жасалуы қажет. Құқық қолданатын акт — мемлекет атынан жасалатын, нақты заң бойынша қарауға құзыреті бар, тараптардың құқықтары мен міндеттерінің бар-жоғын анықтайтын, соған сəйкес шараларды белгілейтін органның актісі болып табылады. Құқықтық норма болмаған жағдайда заң ұқсастығын, құқық ұқсастығын қолдану заңда қарастырылған. Құқықты қолдану актісі – құзырлы мемлекеттік органдар мен лауазым иелерінің құжаттарында хатталған немесе ауыз екі түріндегі ұйғарымдары мен шешімдері. Бұл акт құқық нормалары негізінде қабылданады, заңдық күшке ие болады жəне құқықтық қатынастарды туындатады, өзгертеді немесе тоқтатады. Құқықты қолдану актісінде:
1) құқық нормасы болмайды;
2) нақты адресатқа (белгілі тұлғаға, ұйымға, ұжымға) бағытталуға арналған болады;
3) бір реттік сипатта болады (орындалысымен оның əрекеті аяқталады).
Құқықты қолдану актілерінің түрлері:
1. Құқықты қолдануды жүзеге асырушы субъектілер бойынша:
а) мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың актілері;
б) ҚР Президентінің актілері;
в) Басқару органдарының актілері;
г) əділ сот органдарының актілері;
д) прокуратура органдарының актілері;
е) алқалы жəне жеке тұлғаның актілері;
2. Құқық қолдану қызметі түрлері бойынша:
а) орындау (атқару) актілері;
б) құқық қорғау актілері;
3. Сырт көрінісінің түрлері бойынша:
а) құжат актілер - нақты органның тиісті түрде даярланған жазбаша жасалған шешімі. Негізінен алғанда құжат актілер төрт құрамдық бөлімнен: кіріспе, сипаттау, дəлелдеу жəне қорытындылардан тұрады.
б) əрекет-актілер – құқық қолдану субъектілерінің əрекеттері.
Бұл əрекеттердің биліктік күші болады жəне олар заңдық салдарға апарып соқтырады (орган жетекшісінің ауызша өкімі, жарлығы, полицейдің (милиционердің) көлік пен жаяу адамдар жүрістерін реттеудегі шарттары;
4. Қолданылу уақыттары бойынша.
а) бір рет қана күші бар актілер (мысалы, айып салу).
б) ұзаққа созылатын күші бар актілер (мысалы, некені тіркеу, зейнетақы тағайындау жөне т.б.).
Достарыңызбен бөлісу: |