Єож ќолжазба ќ±ќында



бет13/18
Дата20.05.2024
өлшемі178.96 Kb.
#501580
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
Тарих

ҚОРЫТЫНДЫ

Ғасырлар тоғысы әсіресе ХХ ғ. басындағы оқиғалардың өрбуі шиеленісті, тарихи дүмпулерге толы болды. Егемендік алғалы бері Қазақстан тарихшылары алдына өткенді жаңаша бағамдау міндеті қойылған болатын. Бұл әсіресе Қазақстанның Ресей империясының қиырдағы отары ретіндегі кезеңінде айқын көрініс тапты. Сол кезеңдегі қоғамның айқындаушы факторларының бірі ел тағдырында елеулі орын алған ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы болды. Сондықтан да біз өз зерттеуімізде ең алдымен осы интеллигенция ұғымының теориялық танымы мен методологиялық негізін жіті қарастырдық.


Қоғамдық ақыл-ойдың жиынтығының көрінісі ретінде қызмет атқаратын интеллигенцияның анықтамалық белгілерінің түрлеріне де тоқтала отырып, оның қоғамдық-саяси іс-әрекетіне де баға берудің әдіс-тәсілдерін айқындауға ден қойдық. Әрине бұл мәселенің терең философиялық мағынасына көп тереңдемей өзімізге қажетті тақырыпқа сай қысқаша мазмұнын ашуды жөн көрдік.
Ендігі тұжырымдау бағытымыз ұлттық саяси элитаның қалыптасуындағы және мәдени-ағартушылық саласындағы қазақ зиялыларының белсенділігінің артуындағы орыс демократиялық интеллигенциясының орнын айқындау. Бұл мәселеге келгенде біз Г.Н. Потаниннің тұлғасын жан-жақты қарастыру арқылы соның ең бір елеулі қырларын зерттеу негізіне алдық.
Саяси себептермен қазақ жеріне жер аударылған Ресей демократиясының қайраткерлері өздерінің идеяларының өзегін жергілікті ұлттық интеллигенция бойына дарыта алды. Бұл әсіресе қоғамның барлық саласындағы патша өкіметінің отарлық мүддені аяусыз күштеп жүргізуі кезінде тіпті қатты асқынған еді. Қазақстандағы Ресей интеллигенциясының әлеуметтік құрамындағы сапалық өзгерістер әсіресе ХХ ғасырдың басында өте қарқынды болды. Міне осы сапалық белгілердің көрсеткіші ретінде империялық өкімет қызметіндегі шенеуніктердің, әскери шендегілердің кейбіреулерінің жүргізіліп отырған отарлық саясаттың қатыгездігіне өз көзқарастарын қалыптастырып, рухани және адамгершілік қасиеттерін оята алғанын айтуға болады.
Осы кезеңдегі қазақ зиялылары алдында да қазақ даласын ашықтан- ашық отарлау саясатына білек түріп кіріскен империялық жүйемен пәрменді күрес жүргізу үшін ең алдымен бүкіл қазақ жұртының басын біріктіруді мақсат еткен әрекеттер жасап сонымен бірге орыс қоғамының ішінде ресіми билікке қарсы оппозицияда тұрған саяси күштердің қолдауына сүйену керек еді. Сан жағынан аз, әлеуметтік саяси күресте жинаған тәжрибесі мардымсыз ұлттық интеллигенция үшін бұл жеңіл желпі емес істерді көтеріп алып кету оңайға түспегені анық. Міне осы жерде орыстың алдыңғы қатарлы интеллигенциясынан алар үлгі көп еді. Ә. Бөкейхановтың сөзіне жүгінсек халық пен халықтарды жақындастыратын көпір демократиялық мәдениет және дәстүр. Белгілі ғалым Г.Н. Потаниннің өмір жолы және ұстанған бағыттарымен таныстыруды көздеген мақаласында қазаққа өнер білім басқа жұртпен бірге теңдікке жету үшін керек екенін айтып: « Қазақты автономия қылсақ Қараөткел- Алаштың ортасы, сонда университет салып қазақтың ұлын, қызын оқытсақ « Қозы Көрпеш Баян сұлуды » шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Европа білер еді- ау дейтін Григорий Николаевич» деп жазған еді [31].
Патшалық билік пен жаңа қалыптаса бастаған ұлт зиялылары арасындағы егес қазақ қоғамында Ресейдің демократиялық интеллигенциясынан үлгі алған ресми билікке қарсы тұрған саяси оппозицияның қалыптасуымен аяқталды. Сондай ақ ол ұлттық мемлекеттік дербестік және тәуелсіздік идеясын жаңа сапада қайта көтерді. 1917 жылдың соңына қарай өмірге келген Алашорда және Түркістан (Қоқан) автономиясының үкіметі ұлттық элитаның жігерлі еңбегінің нәтижесі ғана емес сонымен қатар болашақ тәуелсіздіктің тарихи тамыры болды деуге болады.
ХХ ғ. басындағы қазақ зиялыларының ғылыми дүниетанымының қалыптасуында Г.Н. Потаниннің де елеулі үлесі болғанын атап кеткеніміз жөн. Г.Н. Потанин үшін жергілікті тұрғындар арасынан шыққан ғалымдардың өз мәдениетіне деген қызығушылығы жақсы таныс еді, ол «терең ойлай алатын адам өзін-өзі тануға ұмтылады, сол арқылы өз халқына деген этникалық тамырластығын ұғынып, өткен тарихына деген мақтанышы оянады» деп білген еді [23,46]. Қазақ зиялыларының көшбасшысы Ә. Бөкейханов Г.Н. Потанинге үлкен алғыспен, тамаша жүрек жылуымен қараған. Оның өмірбаянын жаза отырып, оған ғалым ретінде терең толғаныспен, шынайы сезіммен сыйпаттама берген. Империялық идеялогияның қылышынан қан тамып тұрған кезінде, тіпті ғылымның өзіне үстемдік еткен тұсында, саясаттан аулақ нағыз адамгершілік, ар-ожданы таза адамдардың ара қатынасы да олардың ұлылығының көрінісі болса керек. Сонымен, зерттеу жұмысымыздың негізгі қорытындыларына тоқталар болсақ оны төмендегідей тұжырымдармен айқындауға болады:
Г.Н. Потаниннің қоғамдық саяси көзқарастарының қалыптасуында елеулі орынды студенттік кезеңі құрайды. 1852 жылы Г.Н. Потанин Сібір кадет корпусын бітіріп, офицер ретінде әскерге қызметке кіріседі. Бірақта саяхатқа, ғылымға деген қызығушылығы оны әскери қызметтен кетуге мәжбүрлеген. Алғашқы саяхаттары, атап айтқанда Жетісу сапары, Семейдегі Ф.М. Достоевскиймен кедесуі, Ш. Уәлиханов пен И. Пирожковтың басшылығымен Омбыдағы жас казак офицерлерінің үйірмесімен танысуы, Я. Капустин үйінің мүшелерімен, петрашевшіл С.Ф. Дуровпен, атақты ғалым-профессор П.П. Семеновпен, Г.Чернышевскийдің досы В.П. Лободовскиймен кездесулері Г.Н. Потаниннің саяси сабақ алуына, өмірлік ой-тұжырымдарының қалыптасуына және оның болашақтағы ғылыми шығармашылығына зор әсерін тигізді деп айтуға болады.
Сібірде айдауда жүрген кезде ол ғылыми ізденістерге бет бұра бастаған еді. 1874 жылы жер айдаудан босаған соң саяхатқа дайындалып, 1878 жылы Монголия, Урянхай өлкесі, Қытай мен Тибетке саяхат жасады. Міне дәл осы кезде оған қазақтың біртуар ұлы Ш. Уәлихановтың және П.П. Семеновтың әсері күшті болды. Бұл оның ғылымға деген бетбұрысына алып келді деп қорытынды шығаруға болады. Оның саяхаттарының нәтижесі ғылыми баяндауларға ұласып, Шығыстану ғылымына қосылған үлкен үлеске айналды.
Г.Н. Потаниннің өміріндегі келесі бір айшықты беттер «Сібір облысшыларымен» болған қарым қатынасында жатты. Облысшылар идеясы алғаш Сібірде емес Петербургте пайда болды, оны жерлестік негізде сібірлік студенттер құрған еді. Бұлардың құрылтайшыларының құрамында: Г.Н. Потанин, Н.М. Ядринцев, ақын И.В. Федоров(Омулевский), жазушы Н.И. Наумов, тарихшы С.С. Шашков және т.б. болды. Облысшылар теориясының басты ұстанымы – Сібірді Европалық Ресейдің отары деп таныту, сондықтан бұл орталықтың тонаушылық, басқыншылық әрекетін қатты айыптады. Сонымен, Г.Н. Потанин мүше болған облысшылардың қызметін қортындылар болсақ, ол саяси қозғалыс ретінде толық қалыптаспаған, болашағы бұлыңғыр, жергілікті сібірліктердің ғана мүддесін көздеген ауқымы тар қозғалыс болған еді. Сондықтан да оның тамаша жетістіктерге жетуі шектеулі болды.
Келесі, үлкен бір мәселе Г.Н. Потанин мен қазақ зиялыларының арақатынасы. Бұл мәселені қозғағанда біз ең алдымен өз зерттеуімізде қазақтың аса дарынды ұлы Шоқан Уәлиханов пен Г.Н. Потаниннің өз ара қыл өтпес достығын, адамгершіліктік және ғылыми байланыстарының ықпалдастығын деректер арқылы талдап, негізгі қортындыларын шығардық. Екі халықтың ақыл ой кемеңгерлерінің үлгі тұтарлық бұл достығы ұрпақтарға сабақ боларлықтай еді. Г.Н. Потаниннің қазақтардың шаруашылығы, салт дәстүрлері, ауыз әдебиеті мен мәдениеті туралы шығармаларының дүниеге келуіне және осы бағытты ұстануына Ш.Ш. Уәлихановтың әсері мықты еді. Ойымызды қорытар болсақ, екеуінің де мақсат мүдделері үндесіп жатты. Олар өмір бойы тыным таппай ғылым жолында еңбек етіп, халқына қызмет ету туралы армандарын жүзеге асырумен болды. Азияның алып далалы аймағының «ашылмаған ақтаңдақтарын» алғаш Европаға танытқан жиһангез қос ғалым есімдері бір­бірінен ажырағысыз еді.
Тағыда бір Г.Н. Потаниннің ғылыми ізденістеріндегі ерекше орынды оның қазақ зиялыларының бірі Мұса Шормановпен шығармашылық байланысы алады. Бұлардың өзара шығармашылық қатынастары аса жемісті болды деуге болады өйткені, Мұса Шорманов қазақтардың салт дәстүріне, тарихына қатысты мәліметтерді ел ішінен ерінбей жинақтап Г.Н. Потанинге жіберіп отырған еді. Қазақ этнографиясымен Европалықтардың таныстығы Мұса Шормановтың мәліметтері мен Г.Н. Потаниннің оны өңдеп жариялаулары арқылы жүрді деуге болады.
Г.Н. Потаниннің ақпан төңкерісінен кейінгі Алаш көшбасшыларымен арақатынасы, әсіресе Ә. Бөкейхановпен байланысы мұрағат деректері арқылы сараланды. Бұл байланыстың Сібір облысшылары мен Алашордашылардың өзара ықпалдастығын айқындауда мол мәлімет көзі болатындығы айқын еді.
Келелі мәселенің бірі Г.Н. Потанин мен Жақып Ақпаевтың арасындағы байланыстар. Бұлар негізінен бұрын көпшілікке таныс емес Омбы Томскі мұрағаттарындағы жабық қорлардан алынған деректер арқылы талданды. Әсіресе, олардың өзара алысқан хаттарының мазмұны адамға тән жылылық пен шынайы достық сезімге толы. Сонымен қатар сол кездегі, бірқатар қазақ зиялыларымен, атап айтқанда Ә. Ермеков, Н. Құлжанова, А. Біржақсин М. Дулатов және тағы басқаларымен Г.Н. Потанин тығыз шығармашылық және адами - достық байланыста болды.
Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды мынадай: Г.Н. Потанин бір сөзбен айтқанда сегіз қырлы бір сырлы тұлға. Ол бірде қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым, өлкетанушы, мәдениеттанушы, жиһангез географ, этнограф, фольклоршы болса, бірде отаншыл патриот, ұлтжанды және халықтар мен ұлттар теңдігін насихаттаушы, отарлық езгіге қарсы шыққан адам ретінде көрінді. Қазақ зиялыларымен де арақатынасы өте нәзік, адамгершілік пен шынайы достық сезімге толы болды.
Г.Н. Потаниннің ғылыми мұрасы Шығыстануға, өлкетануға, ботаника мен зоологияға, қазақ этнографиясы мен ауыз әдебиетіне және тарихына қосылған асыл қазына деуге болады. Сондықтанда, Г.Н. Потанинді өз заманының ірі тұлғасы деп бағалаған дұрыс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет