Єож ќолжазба ќ±ќында


Бесінші тарау «Г.Н. Потаниннің ХХ ғ. қазақ зиялыларымен қарым-қатынасы және Алаш автономиясы»



бет12/18
Дата20.05.2024
өлшемі178.96 Kb.
#501580
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   18
Тарих

Бесінші тарау «Г.Н. Потаниннің ХХ ғ. қазақ зиялыларымен қарым-қатынасы және Алаш автономиясы» деп аталды. Бұл тарауда Сібір және Алаш автономиялары: теориялық бастаулары, сипаты, ерекшеліктеріне, Жақып Ақпаевтың саяси көзқарастарына Г.Н. Потаниннің ықпалы, Әлімхан Ермековтің саяси және рухани ұстанымдарына, Г.Н. Потанин және Баржақсиннің рухани байланыстарына, Г.Н. Потанин мен Алаш автономиясының байланысына талдау жасалды.
1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы Сібірдің қоғамдық-саяси өміріндегі ұсақ буржуазиялық демократияның маңызын бірден арттырып жіберді. Сондай-ақ облысшылар “біртұтас демократиялық Ресей мемлекеті шеңберіндегі Сібірдің автономиясын” жариялау, “заң шығарушы құқы бар Сібір облыстық думасын шақыру”, т.б. ұрандарды көтерді. Оларды бұрын-соңды мұндай іске қатысы жоқ адамдар ұсынды. П.И. Казанский Барнауылда 10-наурыздағы ревалюция жеңісіне арналған демонстрацияға даярлануда кредиттік серіктестік қызметкерлері «революция ұсынған басқа да ұрандар ішіне Сібірдің автономиясы ұранын да қоссақ дұрыс болар еді” деп келіскенін” еске алады. Ал сонау 80-жылдары Н.М. Ядринцевтік үйірме Петербургте алғашқы кешті құруда сібір- оқушылары пайдасына ерекшелік белгісі ретінде “сібірлік” түс болып кеткен ақ және жасыл түстерді қабылдағандықтан, Сібір автономиясы ұранын да қызыл жалауда емес, ақ, жасыл түстегі жалауға бейнелеуді шешті. 1917 ж. көктемде облысшыл автономистердің көп бөлігі істің артын күтіп, қозғалыстың теориялық жағы бойынша өз пікірлерін білдірмеді. И.И. Серебренниковтың күнделігінен жағдайдың анық-қанығына көз жеткізуге болады. Ол 7-сәуірде былай деп жазады: “Сібірдің болашақтағы құрылымы туралы мәселелерді шешу жөніндегі жұмыстардың алға басуы қиындап кетті. Бәрін қайта бастау керек болды: ескі облысшылдық өз отанына деген махаббатынан басқа ештеме қалдырмады, өйткені ол ешқашан самодержавиелік тәртіпті күйретуді ойлаған емес. Сібірге автономияның қажетті екені секілді бәрі сәйкес келеді, бірақ біреулері бұл түсінікке басқа мазмұн берсе, екіншілері басқа түсінік беруде. Біреулері автономиялы Сібір орталықтанған ұстаным бойынша құрылу керек десе, екіншілері – федералды дейді”. Осылайша Ақпан революциясы облысшыларды тығырыққа тіреді. Г.Н. Потанин мен оның жақтастары өз ұрандарын белсенді түрде насихаттауға 10-мамырда Томск губерниялық халықтық жиналысы “Облысшыл дума туралы”, ал 18 мамырда “Облысшылардың өзін-өзі басқару бойынша” деген резолюцияларын қабылдаған соң кіріседі. Бұл резолюцияда Сібір аймағында дума ұйымдастыру және жуық арада Томскіде жалпы Сібірлік облысшылар съезін шақыру туралы айтылды. Г.Н. Потанинші – облысшылар бұдан кейінгі барлық аймақтық іс-шараларға белсенді ат салысты (тамыз конференциясы, қазан және желтоқсан облыстық съездер). Оның үстіне бұл үрдістің басында олар облысшылыққа біріккен бастама ретінде Сібірдің ұсақ буржуазиялық саяси топтарынан жоғары қоюға ұмтылды. “Сібірдің болашақтағы автономиялы құрылысын жасау үшін Сібірдегі демократиялық күштерді біріктіруді бастау қажет. Мұны облысшыл-автономистердің Сібір одағы арқылы жүзеге асыру керек,” – деп жазды И.И. Серебренников.
Алайда облысшылар ойындағыларын жүзеге асыра алмады. Олардың жеке саяси күш құруға шамалары жетіспеді. Оның үстіне облстық идеялар аймақта кең қолдау таппады. Мұны В.М. Крутовский, К.В. Дубровскийлер және желтоқсан төтенше облыстық съезі делегаттары мойындады. Сондықтан дума үшін күресте одақтас ретінде Сібірдегі ықпалды эсерлер таңдап алынды. Олар өз кезегінде облысшылардың ұрандарын қолдады. Г.Н. Потанин және оның айналасындағылар эсерлерді одақтас деп қана есептеп, олармен ұйымдаса араласпады. Өйткені, біріншіден, олар тұтастай халықтық позицияда тұрып, эсерлерге қарағанда оңшыл элементке жатады. Екіншіден, 1917 жылдың күзіне дейін облысшылар өз туларының астына аймақтың барлық жұмысшы емес топтарын біріктіру арманында жүрді. «Облысшылар жеңіске жету үшін ол партиялық топқа қосылуы тиіс. Облысшылар негізгі халықшыл, кооператизм, автономизм және сібір шаруаларының өндіруші күштерін дамытып, өлкелік радикалды партиялық формация құрғанда ғана облысшылар жеңілмейтін болады», - дейді облысшыл-автономистердің Иркутск тобының мүшесі А.М. Мейрович. Бірақ бұл ой жүзеге аспады.
Облысшылар халықтық социалистер мен аймақтағы меньшевиктерден қолдау тапты. Меньшевиктер аймақтағы автономия және Облысшыл дума мәселелері бойынша бірауызды болған жоқ. Олардың өкілдерінің көп бөлігі мамыр айында Томск губерниялық халықтық жиналыс сессиясында және облыстық тамыз конференциясында бұл ұрандарға қарсы шықты. Меньшевиктер лидерлерінің бірі – А.Н. Рожков Сібірге автономияның қажеттігін жоққа шығарды. Дегенмен, Томскіде өткен тамыз конференциясында меньшевик В. Иванов “социал-демократтар облысшы болмағанымен де олар енді Сібірдің облысшыл автономиясын жақтайды”, өйткені олардың партиясы аймақтың экономикалық өрлеуін қалады. Ал оған тек облысшылардың жоспарын жүзеге асырғанда ғана қол жеткізуге болатынын айтты. Жоғарыда айтып өткендей, 1917 ж. облысшылардың стратегиялық одақтасы халықтық топтар болды. Бұндай бірігу әлеуметтік және бағдарламалық ұқсастықтарына негізделді, яғни мәдени-ұлттық автономия тұжырымдамасы болды. Осы мәселе бойынша облысшылар бағытын мамыр айында Г.Н. Потанин былай анықтап берді: “Шет аймақтағылар өз жерінде комитеттерін ұйымдастыруға құқы бар. Ол комитеттерге ауыл мектептерін, ауруханаларды, ауыл жолдарын, т.б. бойынша қызмет жүктеледі. Бұл комитеттерге жер үлесі берілуі тиіс, сонда олар өз қаржыларын құрып, қоғамдық мекемелерді ұстай алады. Оның үстіне, бұл комитеттерге тайпаның рухани қажеттілігін, оның ұлттық және діни ерекшеліктерін қорғау сияқты ерекше міндет жүктелуі тиіс”.
Г.Н. Потанин мен Жақып Ақбаев жиі хат жазысып тұрған. Жазған хаттар бойынша жеке адамды сипаттауға болады. Мысалы, 12 маусым 1913 жылы жазған хатында Ж. Ақбаев өзінің қызын соңғы сапарға шығарып салғанын хабарлайды. Сондықтан да «...біздің ауылда ыңғайсыз болады, сондықтан Сізден өтініш біраз уақыт біздің ауылға келмеңіз. Сіздің мазаңызды алғаныма кешірім сұраймын. Сізді шынайы құрметтеуші Сіздің Якуп-мырза Ақпаев», - деп жазады. Бұл қайғылы жағдай Г.Н. Потаниннің әйелі М.Г. Васильеваға Былқылдақ ауылынан 1913 жылы 13 маусымда жазған хатында да айтылған: «Бірнеше күн бұрын біздің ауылға Ақпаев [мырза] келді, білімді қырғыз, заң факультетін бітірген, адвокат тәжірибесі бар, либерал, 1905 ж. айдалған, қазір айдау мерзімі бітіп, бізден 10 шақырым жердегі ауылына келген. Оның ауылында Семей мұғалімдер семинариясының мұғалімі Торғай облысының қырғызы Н. Құлжанов уақытын өткізуде. Алтын көзілдірік таққан қырғыз қызына үйленген... Ақпаев [мырза] бізді өз ауылына қоныстандыруға келген. 15 маусымда бәріміз сонда көшеміз деп шештік.
Ақпаев [мырза] Антонина Александровнаның тапсырмасымен Қарқаралыға бізге ұн, жұмыртқа, картоп, т.б. сатып әкелуге, сонымен бірге почта жәшігіне біздің хаттарды салуға кетті. Мен осы жағдайды пайдаланып, саған Былқылдақтағы алғашқы әсерімді сипаттадым. Бірақ кеше біз қайғылы хабар алдық, Ақпаевтың [мырзаның] үлкені, 5 жастағы қызы қайтыс болды, шамасы, скарлатина болса керек, сондықтан ол көшуді кейінге қалтыруымызды сұрады».
Келесі хаты 1914 ж. 30 мамырда жазылған төрт беттен тұратын хаты. Жалпы біз санағанда Ақбаевтың жазуымен хаттың бір беті 20 жолдан тұрады. Бұл хатты Қарқаралы қаласынан жазған. «Аса құрметті Григорий Николаевич! Сізге шын жүректен бауырлық (Ақпаев «баурмский» деп жазады.- Т.Ж.) сәлемімді жолдаймын, бәрі жақсы болсын, ең бастысы денсаулық», - деп басталады. Өз кезегінде Г.Н. Потанин де оған хат жазған. Оған «Сіздің жақындарыңыздарға жазған сүйіспеншілікке толы хатыңызды алдым», - деп ризашылдығын білдіреді. Хаттан Ж. Ақбаев қаңтардың аяғынан сәуірдің басына дейін Семейде болғаны байқалады. Ол жерде қатты ауырып қалған. Одан әрі қазақ оюлары мен өнері бойынша комитетке пайдасы болып қалатынын айтады. Осы жағынан «Сіздің маған деген сеніміңізді ақтаймын». Бұл жағынан «...мен ықпалды қырғыздармен (қазақтармен-Т. Ж.) сөйлесемін, олардың әрқайсысының бұл істе пайдасы болады деп үміттенемін». Оның нәтижесін болашақта хабарлайтынын да айтады. «Өткен жылы қызым Иммузидің қайтыс болуына байланысты Сізге қонақжайлық білдіре алмағаным маған әлі күнге дейін ауыр тиюде. Сіз менің жағдайымды түсінеді деп үміттенемін». «Егер мен Семейде болмасам, ылғи Сіздің қасыңызда болар едім», - деп қимастық сезімін білдіреді.
Ж. Ақбаев Семей Орыс Географиялық Қоғамына мүше болған. Орыс зерттеушілері Ю.Попов пен В.Новиков «Григорий Потаниннің соңғы саяхаты» атты еңбегінде саяхатшылар ат басын Ақбаевтың ауылы орналасқан Мыңбұлаққа бұрды. Ақбаев Г.Н. Потанинді жақсы білетін. Сондықтан ол меймандарды құшақ жайып, қарсы алды... Г.Н. Потанинге әрі пайдалы, әрі ұнамды ету мақсатымен Жақып Ақбаев музыкалы-әдеби кеш өткізді. Ж. Ақбаев Г.Н. Потанин сияқты монғол тайпалары туралы да жазған. Г.Н. Потанин Монғолияға жасаған экспедициясында сондай бір көп қаражат болған жоқ, бірақ көпшілік оған қатты назар аударды. Г.Н. Потанин солтүстік-батыс Монғолияға, Алтай мен Хинган арасына 1876-1877 жж. жасаған саяхаты туралы Географиялық қоғамда үлкен баяндама жасаған.
1913 жылдың көктемінде Григорий Николаевич Потанин өзінің достарына аңыздар, ертегілер, өлеңдер жинау үшін экспедицияға баратынын хабарлады. Г.Н. Потанин өзінің жас досы Ермековпен алдын-ала келісіп, соның ауылында тұрақтады. Империялық Географиялық қоғамның Батыс Сібір бөлімінің Семейдегі бөлімшесінің мұрағат хаттарынан Г.Н. Потаниннің Қарқаралы уезінде болғаны туралы екі құжат қолға түсті. Оның біріншісінде, 1913 ж. 5-ші сәуірде Басқарушы комитеттің бөлімшесінде В.К. Зайковскийдің төрағалығымен отырыс ұйымдастырылғандығы туралы айтылады. «Батыс Сібір бөлімінің ісінің басқарушысы А.Н. Сидельниковтың Г.Н. Потаниннің осы жылғы жазда Қарқаралы уезіне қырғыз фольклорын зерттеу үшін баратын ниеті туралы хабар беретін хаттары тыңдалды». Осы сапарда 50 рубль қаржы бөлінетіні және оған интеллегентті қазақ аудармашысын табу туралы қаулы шығарылды. Екіншісі, бұл 1913 ж. 30-шы мамыры деп белгіленген құжат. Осында көрсетілгендей, ғалымға «оның Қарқаралы уезіне сапарына аудармашы, Григорий Николаевичті Қарқаралыда күтіп қалған ауыл мектебінің мұғалімі Рахфымбай Сапақов болатыны туралы айтылады. Дәл сол уақытта Р.Сапақов отбасылық жағдайына байланысты Г.Н. Потанинге серік бола алмайтынын, бірақ өзінің орнына мамыр айының аяғында Қарқаралыда болатын студенті Чалымбековті алуын ұсынғанын хатпен хабарлайды». Соған қарағанда, Томскі студенттерінің бірі Қарқаралы уезінің тұрғыны Г.Н. Потанинге аудармашы болуға келісіп қойған еді, сондықтан ол Салымбековке хабарласуды артық деп есептеді.
Әлімхан Ермековтың көмегімен Г.Н. Потанин Арқаның біраз жерінде болған. Ол жерлердің табиғатын, шаруашылығы мен мәдениеті жөнінде еңбектерін де жазды. Атап айтқанда, «Дала астықтары» еңбегінде Г.Н. Потанин «Семейдің қасында бидайдың китайка немесе калмынка, теремкова деген атпен белгілі түрлері бар. Олар бірге егіледі, олардың таралу шекарасы орыстың дәні ұсақ бидайынан айырмашылығы бар.
Ахмет Баржаксин мен Г.Н. Потаниннің бір-біріне жазған хаттарынан шығармашылық байланысты байқауға болады. 1914 ж. 22 қарашада жазған хатында А. Баржаксин Петропавл уезіндегі ауылдық мектепке орналасқанын жазған. Бұл хаты үш беттен тұрады. Хаттардың мәтініне қарағанда А. Баржаксин Г.Н. Потаниннің уақытын алмауға тырысқанын байқауға болады. «Жағдайды айтатын болсам, онда Сіздің көп уақытыңызды аламын, сондықтан көп жазбайын деп шештім», - дейді.
Баржаксиннің Г.Н. Потанинге Атбасардан жазған мына бір хатының жылы көрсетілмеген, тек хаттың басында «Атбасар қаласы. 10 қараша» екені көрсетілген. Бұл хат екі беттен тұрады. «Құрметті Григорий Николаевич! Сізді және Сіздің жұбайыңызға сәлем жолдаймын. «Сібір өмірінен» көптеген жазбаларды көрдім», деп Г.Н. Потанинді мойындайтынын айта отырып, «Атбасарда қандай жаңалықтар болса, әрқашан редакцияға хабарлап отырамын», деп уәде бере отырып, өзі екі мақала жібергенін айтады. Оның соңғысына «Сіз арқылы олар назар аударады деп үміттенемін. Енді тікелей жіберіп отырамын. Сізге мақалаларыммен мазаңызды алғаныма кешірім сұраймын», - деп жазады.
Семейдегі Географиялық бөлімше істерін басқарған Борис Георгиевич Герасимов (1872-1937/8) Г.Н. Потанинге жазған хаттарынан үлкен сыйластық, жақсы қарым-қатынас, қазақ не орыс зиялылаы туралы пікірлері әділ, дұрыс бағасын бергені, артық сөздері жоқ екені байқалады. Б. Герасимовтың қай хатын алсаңыз да “Қымбатты Григорий Николаевич!” деп басталады 1916 ж. . 3 қазанда жазылған осындай хаттарының бірінде Герасимов Нәзипа туралы “…9 қазанда Виктор Николаевич Белослюдовты үш Қоғам - География бөлімшесі, Бастауыш білім беруді Қамқорлыққа алған Қоғам және Драмалық Қоғам - еске түсіру шараларын жүргізеді. Ол туралы кейін Сізге нақты хабарлаймын. Құлжановтар Сіздің сәлеміңізге алғысын айтып, Сізге бас иіп сәлем жолдайды. “Сібір жазбаларына” Нәзипа Сегізбаевна ештеңе жаза қоймас, өйткені оның көңіл-күйі онша емес, біраз уақыт бұрын баласы қайтыс болды (4-ұлын жоғалтып отыр)”. Осыған қарағанда Нәзипаның төрт ұлы болған. Өйткені Г.Н. Потаниннің айналасындағы адамдар оны жақсы білген деп есептейміз. Бұл кезде өзінің де денсаулығы мәз емес еді. Оны да Б. Герасимов осы хатта атап өтеді: “Жалпы Құлжанованың денсаулығы қауіп төндіреді. Ол тіпті Томскіге операция жасатуға жиналған (зоб, туберкулез белгілері), бірақ бұл сапарын кейінге қалдырды”.
Григорий Потанин Н. Құлжанова мен оның шәкірттерінің білім деңгейіне, өнеріне таңданып, “енді бір елу жылда қазақтың әнші, сырнайшы әртістері патша театрына шығуға жарайды” деп түйіндеуі қазақ халқының болашағына барлай қарап, ізгі жүрекпен бағалағанын байқауға болады.
Қорыта айтқанда, Г.Н. Потаниннің соңғы саяхатының бас-қасында жүрген Әлімхан Ермеков Алашордадағы игі істері бойынша да Г.Н. Потанинмен тығыз байланыс жасап тұрған. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын білген Г.Н. Потанин қазақ қыздарын да жоғары бағалаған. Оны Н. Құлжановамен арадағы қатынасынан байқадық. Нәзипаның білімділігі, мәдениеті, ұйымдастырушылық қабілеті, ұлтжандылығы кімді болса да қызықтырды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет