Заң факультеті Азаматтық және қылмыстық құқықтық пәндер кафедрасы



бет2/4
Дата13.06.2016
өлшемі1.18 Mb.
#133714
1   2   3   4

АДАМ


Тамақ (өсімдік, жануарлар)

Сонымен, ластанған қоршаған ортаның жағымсыз әсері адамның денсаулығына зиян келтіретін экогендік зиянның тікелей көзі болып табылады.

Сонымен бірге, қоршаған ортаның ластануы табиғи және антропогендік фактордың бірігіп әсер ету нәтижесінде жүзеге асады.

Табиғи ластау деп табиғи жаратылысы бар ластайтын заттардың, мысалы, ғарыш бөлшектерінің, жанартау күлінің, өсімдіктер шаңының, теңіз тұздарының, орман өрті түтінінің қоршаған ортаға келіп түсуін түсіну қажет.

Антропогендік ластау адамның шаруашылық қызметінің әсерімен, соның ішінде табиғи ластаудың құрамы мен қарқынына тікелей немесе жанама әсер арқылы мысалы гидроқұрылыс нәтижесінде қалыптасады.

Егер табиғи ластау белгілі себептермен құқықтық реттеуге жатпайтын болса, антропогендік ластау ғалымдардың берік назарында болып отыр.

Теориялық тұрғыдан ластау көзі мен зиян келтіру көзі ұғымын ажырата білу керек.

Мысалы, ластайтын заттарды шығаратын шаруашылық объект антропогендік ластаудың көзі болып табылады.

Өндірістік объектілерге апат салдарынан ластайтын заттардың қоршаған ортаға шығарылуына әкеп соқтыратын табиғаттың зілзала күштері де антропогендік зиян көздері болып табылады.

Сонымен, денсаулыққа келтірілген зиянның қалыптасуы барысын былайша сызуға болады:

2-кесте


Табиғат күштері-



зиян келтіретін көз ретінде

Ластанған қоршаған ортаның

жағымсыз әсері


Апат салдарынан

шығарылатын

ластайтын заттар



АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫ


Адам қызметі-

зиян келтіретін көз ретінде




Ластанған қоршаған орта


Осы сызбада анық көрсетілгендей, жанама түрде тиетін зиянның механизмі экологиялық құқық бұзушылық арқылы, денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу туралы істерді қараған кезде оларды дәлелдеуді қиындатады (бұл туралы осы еңбектің үшінші тарауында айтылады).

Сонымен бірге, ластанған қоршаған ортаның жағымсыз әсерінің өзге де қоғамдық маңызы бар. Айталық, оны демографиялық салаға қатысы: халық өсімінің бәсеңдеуі, адамның өмір жасының қысқаруы, тумысынан кемтар адамдардың көбеюі. Сондықтан денсаулыққа келтірілген экогендік зиянды екі аспект тұрғысынан қарауға болады: біріншіден, ол адамға келтірілген (жеке) зиян, екіншіден, қоғамға келтірілген (қоғамдық) зиян. Жеке жәбірленуші келтірген зиян оның материалдық және материалдық емес шығындарының жиынтығымен анықталады. Ал халық арасындағы аурулардан қоғамға келтірілетін зиян ұлттық табыстың төмендеуі, денсаулық сақтау органдарының жәбірленушілерді емдеуге жұмсайтын қосымша шығындары, санитарлық эпидемиологиялық қызметтердің гигиеналық және алдын алу шараларын жүргізуге шығындары арқылы байқалады.

Денсаулыққа келтірілген экогендік зиянның тағы бір пайда болу нысаны – моральдық зиян, атап айтқанда экологиялық қолайсыз аумақтан мәжбүрлеп көшумен, кәсібін ауыстыру, бала туу мүмкіндігінен айырылу немесе ауру бала табу қаупімен байланысты тән азабы. Сонымен қатар, табиғат адамның экономикалық талаптарын ғана емес, эстетикалық (рухани) қажеттіліктерін қанағаттандыратын болғандықтан, қалалардағы ағаштарды жою да моральдық зиян факторы болып қарастырылуы мүмкін.

Қорыта отырып айтарымыз: денсаулыққа зиян келтіру - қоршаған ортаның сапалық жағдайындағы жағымсыз өзгерістер нәтижесінде экологиялық құқықтық нормалармен тыйым салынған әрекеттер жасалған кезде ғана орын алуы мүмкін.

Сондықтан экологиялық құқық ғалымдары экологиялық зиянның жалпы ұғымын – алғашқы және қайталама зиян деп екіге бөледі .

Бұл орайда адам өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян ластанған қоршаған ортаның жағымсыз әсері нәтижесінде пайда болатындықтан, ол тудырушы сипатқа ие болады.

1.2. Экологиялық заңдарды бұзғаны үшін жауапкершіліктің түсінігі және оның түрлері
Экологиялық заңдарды бұзғаны үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің IX бөліміндегі 46 тарауында «Экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік және экологиялық дауларды шешу» деп аталады. Шын мәнінде экологиялық жауапкершілікке Қазақстан Республикасының табиғатын және оның құрамдас бөлігі болып табылатын табиғи ресурстар туралы заңдарды бұзғаны үшін жауапкершіліктер жатады.

Экологиялық заңдарды бұзғаны үшін заңдық жауапкершіліктің бастамасы экологиялық заңдардың талабын бұзушылық болып саналады.[22]

Экологиылық заңдарын бұзу-белгіленген экологиялық тәртіпті бұзатын және табиғи ортаға және оның ресурстарына зиян келтіретін заңға қайшы келетін кінәлі субъектінің әрекет немесе әрекетсіздігі.

Экологиялық тәртіп-адамның өз өмірі мен денсаулығы үшін табиғи ортаның қолайлы болуына құқығын қамтамасыз етудің, қазіріг және болашақ ұрпақтың мүдделері үшін қоршаған ортаны қорғаудың адам қызметінің осы ортаға зиянды ықпал жасауына жол бермеудің, табиғи тепе-теңдіктің сақтау мен табиғатты ұтымды пайдаланудың ережелері мен негізгі түпкі бағдарламаларының жүйесі.

Табиғи ортаға және оның ресурстарына зиян келтіру дегеніміз экологиялық тәртіпті бұзу салдарынан табиғатқа, табиғи ресурстарға, адамның денсаулығы мен өміріне келген немесе келуі мүмкін болатын экологиялық қауіптің салдары.

Экологиялық тәртіпті бұзу мен табиғи ортаға және табиғат ресурстарын және адам денсаулығы мен өміріне зиян келтіру тығыз байланысты. Себебі экологиялық тәртіп бұзылғана жағдайда, оның табиғатқа, табиғи ресурстарға, адам денсаулығы мен өміріне кері әсері болады. Оның бірінші түрі: табиғи техногендік және төтенше табиғи оқиғалардан экологиялық жағдайдың нашарлануы мүмкін. Бір адамның және қоғамныңэкологиялық қызметінде олардың алдын-ала зиян әсерлерін болдырмау, жеңілдету шараларын қолдану міндеті қойылған жағдайларда және антропогендік әсерлердің пайда болуы заңдық жауапкершілік туғызады. Соған орай алдын алу шараларын қолданбаған кінәлі адамдардың жауапкершілікке тартылуы заңның талабынан туындайды.

Екінші түрі: табиғатқа, табиғи ресурстарға экологиялық мониторингі жүргізу талаптары, табиғи ресурстарды пайдалану кезінде талаптарды, жобалауға қойылатын экологиялық және өзге де талаптар мен норативтердің орындалмауы салдарынан экологиялық тәртіп бұзылып, табиғатқа, табиғи ресурстарға, адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.

Сондықтан табиғатқа және табиғи ресурстарға келетін теріс әсерлердің салдарына табиғи қорлардың сарқылуы, бұзылуы, табиғаттан алынатын табыстардың азаюы немесе болмай қалуы табиғатты қалпына келтіру шығындары, атмосфералық ауаның табиғи ортаның адам өмірі мен денсаулығына қолайлы болмай зиян келуі жатады.

Экологиялық заңдардың міндеттеріне осы аталған зиянның топтастырылуын көрсету яғни заң бұзушылықтардың жүйесін белгілеу жатады.

Қоршаған ортаны қорғау туралы және салалық экологиялық заңдарда экологиялық тәртіптерді бұзғаны үшін жауапкершілікке жататын заң бұзушылықтар аталмайды. Ол әсіресе кейінгі 90 жылдарда қабылданған заңдарға әдетке айналған.

Әрбір жеке құқық саласында заң бұзушылық болуы мүмкін болса, ол әр бір заңдық жауапкершілікті сол заңның өзі атап беруі осы заңның міндеті болуы қажет. Мұның экологиялық қатынастар саласында жеке заңдылықты сақтау үшін өте қажетті мәні бар. Осыны еске алып, Қазақстан Республикасының Орман кодексі орман заңдарын бұзғандық үшін жауаптылықтың (75-бап), су кодексі су заңдарын бұзғаны үшін жауаптылықтың (120-бап) пайда болу негіздерін көрсетіп берді. Заңның мұндай нормалары жоғарыда аталғанындай экологиялық тәртіпті, экологиялық қатынастарда заңдылықты сақтауға және осы салада заңды жауапкершіліктің құқық негіздерінің жариялығын және ол туралы ақппараттың болуына саяды. Осы талаптарға ҚР 2007 жылы 9 қаңтарда қабылдаған Экологиялық кодексі сай келеді. Оның 45-67 баптарында экологиялық сараптама саласындағы Қазақстан Республикасының табиғат қорғау заңдарын бұзушылықтың түрлерін атап көрсеткен. Олардың жалпы саны 12 және экологиялық заңды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында басқа да заң бұзушылықтар қаралуы мүмкін деп ескертілген. Бірақ өкінішке орай “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” заң күші бар Жарлықта, осы Жарлықтың тәртіптерін бұзғаны үшін заңды жауапкершіліктің пайда болуы туралы сөзде, бапта жоқ. Жаңа қабылдаған 2003 ж. 20 маусымдағы “Жер туралы” заңда жер заңдарын бұзғаны үшін жауапкершілік 122-бапта аталғанымен не үшін осы заңның қандай тәртіптері мен талаптары бұзғаны үшін заңды жауапкершіліктің түрлері және оның пайда болу негіздері аталмай қалған.[23]

Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану туралы заң нормаларының бір-бірімен тығыз байланыста болатынын ескерсек экологиялық заң бұзушылық пен экологиялық заңдық жауапкершіліктің де бір-бірімен тығыз байланыста болатынын байқауға болады. Өйткені экологиялық жауапкершіліктің арқауы – экологиялық заң бұзушылық болып табылады.

Экологиялық заңды бұзу екіге бөлінеді. Біріншісі – тәртіпсіздік, екінші - қылмыс. Тәртіпсіздік-жеңіл тәртіп бұзушылыққа жатса, қылмыс ауыр тәртіп бұзушылыққа жатады-оны қылмыс деп атайды.

Жеңіл тәртіп бұзушылық үшін еңбек заңында-тәртіптік жаза қолданатын, материалдық шығынға тәртіп бұзушылық үшінматериалдық немесе азаматтық құқық нормалары қолданылатын, экологиялық құқық нормаларын жеңіл бұзылатын түрлеріне әкімшілік құқық нормалары қолданылатын тәртіп бұзушылық экологиялық немесе азаматтық құқық нормаларын бұзушылық тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықпен қатар пайда болуы мүмкін.

Экологиялық немесе экологиялық салалық жауапкершілік осы заңдардың нормаларынан пайда болатын және осы заң салалары нормаларында қаралған ерекше жазалау шаралары қаралған жағдайда қолданылады.

Экологиялық құқық бұзушылық төрт түрлі құрамнан тұрады. Біріншісі – объект, екіншісі – субъект, үшіншісі – объективтік тарап, төртіншісі – субъективтік тарап.

Экологиялық заң бұзушылықтың объектісі – экологиялық нормалармен реттелген және реттелетін қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі қоғамдық қатынастар. Бұл объекті екіге бөлінеді. Жалпы экологиялық объектіге – табиғат немесе қоршаған ортаны қорғау туралы қатынастар. Салалық экологиялық объектілерге жер, су, орман, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, атмосфералық ауа, жер қойнауы, пайдалы қазбалар, ерекше қорғалатын табиғи объектілер, континентальдық шелф туралы пайда болатын және экологиялық заңдармен реттелген және реттелетін қатынастар жатады. Олардың ішінде құқықтық реттелуге қарай табиғи ресурстарға мемлекеттік және жеке меншік құқығы, табиғатты пайдаланушылардың құқығын қорғау, климат пен озон қабатын қорғау жөніндегі қатынастар өз алдына экологиялық заң бұзушылықтың объектісі бола алады.

ҚР Экологиялық кодексінің 1-бабында қоршаған ортаны қорғау объектілеріне жер, оның қойнауы, су, атмосфералық ауа, орман мен өсімдіктер, жануарлар дүниесі, табиғи экологиялық жүйелер, климат және жердің озонды қабаты, экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды қоршаған орта объектілері аталған. Бұл тұжырымның бір жақты екенін оқулықтың бастапқы жағынан атағанбыз. Себебі экологиялық құқықтық қатынастар табиғатты және оның ажырамас бір бөлігі табиғи ресурстарды қорғау жөнінде ғана емес оны пайдалану және табиғи ресурстардың өсімін, өнімін молайту және қорғау, және пайдалану, экологиялық апат және ахуал жөнінде де құқықтық қатынастар пайда болады. Экологиялық заңдарда реттелген және реттелетін осы қатынастар ішінде заң бұзушылық қатынастар олардың құрамдас бөлігі болып саналады.

Экологиялық заң бұзушылықтың субъектісін екіге бөліп қарау дұрыс болады. Себебі тұлғалар табиғатты және табиғи ресурстарды пайдаланушы тұлғалар мен табиғи ресурстарды заң жүзінде пайдаланушыларға жатпайтын тұлғаларға бөлінеді.

Табиғат пен табиғи ресурстарды пайдаланушыларға экологиялық заңның 12-бабында қаралған тұлғалар және осы заңның 13-бабында аталған табиғатты жалпы пайдаланушылар жатады. Табиғатты пайдаланбайтындарға басқа тұлғалар жатады.

Аталған 12-бапта көрсетілген субъектілердің ішінде ұлттық және шетелдік табиғат пайдаланушылар, шет мемлекеттер, халықаралық бірлестіктер мен ұйымдар бар. Экологиялық құқық бұзушылардың субъективтік мәртебесі заң бұзушылықтың, жауапкершіліктің түрлеріне және олардың жасына байланысты болады. Заң бұзушы субъектілердің жауапкершілік жасы еңбек, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық заңдардың нормаларымен белгіленеді. Мысалы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 72-бабына сәйкес құқық бұзушылық жасаған кезде он алты жасқа толған, бірақ он сегіз жасқа толмаған адамдар кәмелетке толмағандар да танылады. Оларға әкімшілік жаза тағайындалуы мүмкін не оларға тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін.[24]

Сонымен бірге осы Кодекстің 73, 74-баптарында кәмелетке толғандарға әкімшілік жазалар қолданудың ерекшеліктері көрсетілген. ҚР-сы Қылмыстық кодексінің 15-бабына сәйкес қылмыс жасаған кезде он алты жасқа толған адам қылмыстық жауапқа тартылады. Ал қылмыс жасаған кезде он төрт жасқа толған адамдар осы Кодекстің 2 бөлігінде көрсетілген қылмыстар үшін қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. ҚР Қылмыстық кодексінің 11 тарауында көрсетілген экологиялық қылмыстардың ішінде кәмелетке толмаған азаматтардың жауапкершілігі қаралмаған.[25]

ҚР Еңбек Кодексінің 25-бабында еңбек шартын, оның ішінде кәмелетке толмағандармен еңбек шарттарын жасаудың, 160-бабында шарт жасаушылардың материалдық жауапкершілікті қолдану туралы ережелері бар.[26]

Экологиялық заң бұзушылықтың объективтік тарапы өзінің үш құрылымы (элементтері) мен ерекшеліктері:

Бірінші: құқық бұзушының қимылының заңға қайшылығы;

екінші: экологиялық зиян келтірген немесе зиян келтіру қаупі бар немесе экология құқығы субъектілерінің басқа да заңды құқықтары мен мүдделерін бұзушылық;

үшінші: құқыққа қарсы іс-әрекет және экологиялық зиян келтіру немесе ондай зиянның келуіне нақты қауіптің немесе экологияя құқығы объектілерінің басқа да заңды құқықтары мен мүдделерінің бұзылуы арасында байланысты болуы.

Экологиялық заң бұзушылықтың субъективтік тарапы заң бұзушының кінәсімен сипатталады. Ол әрекет, әрекетсіздік қасақана және абайсыздық нысандарында болуы мүмкін.

Сонымен экологиялық заңдық жауапкершіліктің түрлеріне тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық, материалдық (азаматтық) және экологиялық салалық ерекше жауапкершіліктері жатады. Олардың сипаттамасы, мазмұны төменде қаралады.

1.3. Экологиялық заңдарды бұзғаны үшін материалдық жауапкершілік және оның құрамы
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде және басқа экологиялық заңдарында материалдық жауапкершілік туралы нормалар жоқ. Бұл заңда мүліктік, азаматтық құқық және табиғатқа және адамдардың денсаулығына келтірілген зиян жөнінде нормалар бар.

2007 жылғы 9 қаңтарда қабылданған ҚР Экологиялық кодексінің 320 бабында экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Ал осы заңның 322 бабында экологиялық заңнаманы бұзудан келтірілген зиянды өтеу тәртібі көрсетілген.

Материалдық жауапкершілік ҚР еңбек заңының нормаларына сәйкес еңбек шарты талаптарының материалдық жауапкершілігі белгіленген (14 тарауы). Оның өзінде де ЕТЗ 164 бапта жеке еңбек шартындағы басқа тарапқа зиян келтірген тарап оны заңға және өзге де заң актілеріне сәйкес сот шешімі негізінде не ерікті түрде өтейді деп көрсеткен. Еңбек шартында оған қатысушы тараптардың материалдық жауапкершілігі нақтыланады.

Егер қызметкер өзінің еңбек (қызметін) міндеттерін атқаруына байланысты жұмыс берушінің кінәсінен жарақат алса немесе қабілетін толық немесе ішінара жоғалтса, жұмыс беруші қызметкерлерге сақтандыру өтемі төленбейтін кезде оған келтірілген зиянды ҚР нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен, жағдайларда өтеуге міндетті.

Еңбек міндеттерін атқару кезінде қызметкердің өмірі мен денсаулығына және ұйымның мүлкіне келтірілген зиян үшін берушінің жауапкершілігі сақтандырылуға тиіс.

Жұмыс беруші мен жұмыскер (қызметкер) арасында толық материалдық жауапкершілігі мынадай жағдайларда пайда болады:

1) қызметкерге берілген мүлік пен басқа да құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпегені үшін өзіне толық материалдық жауапкершілік алу туралы жазбаша шарт жасаса;

2) заңдарға сәйкес қызметкерлерге еңбек міндеттерін орындау кезінде жұмыс берушіге келтірген зиян үшін толық жауапкершілік жүктелсе;

3) қызметкер мүлік пен басқа да құндылықтарды бір жолғы сенім хат пен немесе басқа да бір жолғы құжаттар бойынша есеп беруге алған болса;

4) қызметкер зиянды алкогольдіқ, нашақорлық немесе уытқұмарлық мас болу жағдайында келтірілген зиян үшін;

5) зиян материалдардың, жартылай фабрикаттардың, бұйымдардың (өнімдердің), оның ішінде оларды дайындау кезінде, сондай-ақ жұмыс беруші қызметкерлерге пайдалануға берген құрал саймандардың, өлшеу аспаптарының, арнаулы киімдермен басқа да заттардың, жеткіліксіздігінен, қасақана жойылуынан немесе қасақана бүлдіруінен келтірілсе;

6) зиян коммерциялық құпияны жариялау салдарынан келсе;

7) зиян қызметкердің қылмыстық тәртіппен қудаланатын әрекеттердің белгісі бар іс-әрекеттерінен келтірілген жағдайларда алудың кінәсінен жұмыс берушіге келтірілген зиянға толық мөлшерінде материалдық жағынан жауапты болады (ЕТЗ-ның 165-бабы).

Жоғарыда аталған ҚР Еңбек туралы заңындағы нормалар қызметкердің (жұмысшының) еңбек шарты еңбек өткен орнында оның бағыныштылығына және мүлік нысанасына байланыссыз қолданылады. Ол жұмыс орнының табиғатты және табиғи ресурстарды қорғау және пайдалануға қатысы бар барлық іс-әрекеттерге, қызметке, жұмысқа қолдануы мүмкін.

Мысалы «Мемлекеттік орман қорының учаскесiнде қылқан және ceксеуіл екпе ағаштарын басты пайдаланудың кесуiне тыйым салу және оларды сақтау жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2004 жылғы 23 сәуiрдегi №460 қаулысында мүліктік жауапкершілікті белгілеу жөнінде нормалар бар.[27]

Мемлекеттік орман күзеті қызметкерлерінің қызмет бабындағы теріс әрекеттері үшін Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына, соның ішінде Еңбек заңдарын сәйкес жауапты болуы мүмкін.

Экологиялық заңдарды бұзғаны салдарынан табиғатқа, табиғи ресурстарға, табиғи ресурстың меншік иесіне, табиғат пайдаланушыға, адамдардың мүлкіне, денсаулығына, өміріне зиян келуі мүмкін. Оның қатарында алынбаған табыс пен моральдық зиян да бар. Осы зияндардың құқықтық жағынан жүйелеп қарағанда заңда қорғалатын құқық субъектілері мен объектілерінің мынадай түрлеріне зиян келеді:


  1. табиғатқа;

  2. табиғи ресурстардың меншік иесіне;

  3. табиғатты және табиғи ресурсты пайдаланушыға;

  4. меншік иелерінің мүлкіне;

  5. адамдардың днсаулығына;

  6. субъектілердің алынбаған мүліктік табысына;

  7. адамның моральдық құқығына;

  8. ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығының өндірісіне.

Заңдарда зиянды “шығын”, “залал” деп те атайды. Мысалы, Экологиялық заңда қоршаған ортаға, азаматтардың денсаулығына, ұйымдардың, азаматтар мен мемлекеттің мүлкіне зиян келтіру, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіру және басқа шығындарын өтеу қаралған

“Жер туралы” заңда меншік иелеріне немесе жер пайдаланушыларға келтірілген залалды өтеу деп аталған (119-бап). Залалды өтеуді өндіріп алудың нысанын сома деп белгілеген (86-бап). Сома зиянның, залалдың мөлшерін анықтау үшін қолданылатын ақшаның түрі, яғни зиянның (залалдың) ақшалай өлшемі. Ақша (валюта) Азаматтық Кодекстің 127-бабына сәйкес өлшем бірлігіне жатады. Оның құны Қазақстан Республикасында теңгемен есептеледі. Осы Кодекстің 115-бабына сәйкес ақша мүліктік игілік және құқық объектісіне жатады.[28] Сондықтан да экологиялық заңдарды бұзғаны үшін жауапкершіліктің мүліктік нысаны материалдық жауапкершілік болып аталуы тиіс.

«Мемлекеттік орман қорының учаскесiнде қылқан және ceксеуіл екпе ағаштарын басты пайдаланудың кесуiне тыйым салу және оларды сақтау жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2004 жылғы 23 сәуiрдегi №460 қаулысында ҚР Қызыл Кітабына енгізілген өсімдіктерді заңсыз жойғаны немесе зақымдағаны үшін жауапкершілікті материалдық жауапкершілік деп атаған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты пленумының “Соттардың қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарын қолдану тәжірибесі туралы” қаулысында “Жалпы ереже бойынша кінә қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін мүліктік жауапкершілікке тартуға қажетті негіз болып табылады” – деп қорытындыға келуі заң талаптарынан туындайды.

Мұндай пікірдің дұрыстығын экология саласындағы ғылыми еңбектерде кездестіруге болады. Мысалы, Б.Әбдірайымов: “Экологиялық зиян деп қоршаған ортаның жай-күйі саласының нашарлауын немесе азаюын, сондай-ақ осымен байланысты заңмен қорғалатын материалдық және материалдық емес игіліктердің, оның ішінде адамның өмірі мен денсаулығының азаюын ұғынған жөн”- дейді.[29] Бұл жерде біз материалдық жауапкершілік жөніндегі анықтаманың салдарынан пайда болатын зиянның (залалдарын) анықтамасының дұрыс немесе дұрыс еместігіне тоқталатын болсақ, онда экологиялық залал жөнінде ғалымдар арасында әр түрлі пікірлер бар екенін айтуымыз керек. Біздің ойымызша экологиялық зиянның заңдық анықтамасын беру үшін зиянның қандай қорғалатын игіліктердің және құқықтардың объектілеріне келетінін біліп алу керек. Соған қарай экологиялық залалдың анықтамасын беруге болады. Біз жоғарыда экологиялық зиян (залал) келетін сегіз түрлі субъектілер, объектілерді атап өттік. Соған орай экологиялық заңдарды бұзу салдарынан келген зиян дегеніміз – ол тұлғалардың заңмен қорғалатын экологиялық құқықтарын бұзудың материалдық мөлшерін анықтайтын заңнын талабы. Осы тарап арқылы материалдық және басқа да заңдық жауапкершіліктер анықталады (тәртіптік, азаматтық, әкімшілік, қылмыстық, моральдық және басқалар – арнаулы экологиялық). Аталған материалдық жауапкершілік субъектілердің тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық, моральдық және арнаулы экологиялық жауапкершіліктерге тартылуына немесе тартылмауына байланыссыз заң жүзінде жүзеге асырылуға жатады.

Экологиялық заңдарды бұзғаны үшін материалдық жауапкершіліктің түрлері төмендегідей.

Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексі экологиялық заңдарды бұзу салдарынан келген зиянды төрт топқа бөліп қараған.

Б і р і н ш і топқа:

а) қоршаған ортаға келген зиян;

б) азаматтардың денсаулығына келген зиян;

в) ұйымдардың, азаматтар мен мемлекет мүлкіне келген зиян жатқызылған.

Е к і н ш і топқа:

а) қызметі қоршаған ортаны қорғауға күшті қауіп төндірумен байланысты заңды және тұлғалардың егер жойқын күштің немесе зардап шегушінің қасқойлығы салдарынан зиян келтіргені дәлелдей алмаса, өздері келтірілген зиянды өтеуі.

Ү ш і н ш і топқа:

а) қоршаған ортаны бұзу салдарынан азаматтардың денсаулығына;

б) мүлкіне келтірілген зиян;

в) зардап шегушінің еңбек қабілетінен айырылу дәрежесін;

г) оның емдеуге және денсаулығын қалпына келтіруге жұмсалған шығындарды;

д) науқасты күту жөніндегі шығындарды, өзге де шығындар мен залалды ескере отырып толық өтеу қаралған.

Т ө р т і н ш і топқа:

а) қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзылуы салдарынан келтірілген моральдық зиянды өтеу жатады.

Аталған үшінші топқа жататын “´өзге де шығындар мен залалдардың” ішінде алынбай қалған пайданың болуы мүмкін (Жер туралы заңның 120-бабының 5 бөлігі).

Осы аталған заңдардың салдарынан жоғарыда аталған қоршаған ортаны қорғау туралы немесе экологиялық заңдарды бұзғаны үшін мүліктік жауапкершіліктің түрлері пайда болады.

Экологиялық зиянның түрлері әр түрлі. Ол қоршаған ортаның саны мен сапасына, оның объектілерінің ластануына, бұзылуына, жойылуына, олардың табиғи байланыстылығының үзілуіне әкеліп соғуына да байланысты болуы мүмкін. Экологиялық зиянды осындай түрлерге бөліп қараудың, олардың пайда болу себептерін, қауіпті дәрежесін анықтау үшін де өте қажетті, сонымен бірге олар заңның талабына жатады.

Экологиялық заңдарды бұзғаны үшін материалдық жауапкершіліктің құқықтық негіздері төмендегідей.

Экологиялық заңдарды бұзғаны үшін материалдық жауапкершіліктің құқықтық негіздеріне ҚР-ның “Экологиялық кодексінің , “Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы”, “Жер туралы”, Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңдар мен Орман және Су кодекстері, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Жарлық пен және осы аталған заңдар, кодекстер мен жарлықтардың талаптарына сай Қазақстан Республикасының Үкіметінің, орталық атқарушы және жергілікті мемлекеттік органдардың қабылдаған ережелері, тәртіптері және басқа нормативтік құқықтық актілері жатады. Олардың қатарына мыналар жатады:

1) қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзғаны үшін жауапкершілік (ҚР Экологиялық кодекстің 46 тарауы, 319-322 баптары);

2) меншік иелеріне немесе жер пайдаланушыларға келтірілген залалды өтеу негіздері, залалды өтеу тәртібі, жер заңдарын бұзғандық үшін жауапкершілік (Жер туралы заңның 119, 120, 122 баптары);

3) жер қойнауын пайдаланушының контракт жасау шарттарын сақтауын бақылау (ЖҚ пайд. заңның 70 бабы);

4) Орман заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық, орман қорына кірмейтін ағаш-бұта өсімдіктерін құртқаны немесе зақымдағаны үшін жауаптылық (Орман кодексінің 75, 77 баптары); “Қоршаған ортаны қорғау туралы заңнаманының бұзылуы салдарынан келтірілген залалды өтеудің жекелеген мәселелері” туралы ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 12 қыркүйектегі 1186 қаулысы (Егемен Қазақстан 12 қыркүйек, 2001 ж.); жеке және заңды тұлғалардың ағаштар мен бұталарды заңсыз кесуінен және зақымдануынан орман шаруашылығына келтірілген залалды өтеудің мөлшері; жеке және заңды тұлғаларды өзге де құқық бұзушылықтары салдарынан орман шаруашылығына келтірілген залады өтеудің мөлшері; жеке және заңды тұлғалардың барлық санатары жерлерде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктерді заңсыз жинау, дайындау, зақымдау немесе жою арқылы келтірілген залалды өтеуінің мөлшері; орман шаруашылығына келтірілген залалды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктерді заңсыз жинау, дайындау, зақымдау немесе жою арқылы келтірілген залалды өтеудің Ережесі (Егемен Қазақстан, 2001 ж., 12 қыркүйек. Бұл 1186 қаулымен бекітілген залалдарды өтеудің ережелері, оқулыққа қосымша беріліп отыр).

5) Су заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық, су заңдарын бұзу салдарынан келтірілген зиянды өтеу (Су кодексінің 120, 121 баптары).

6) Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңдарды бұзғандығы үшін жауаптылық жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңдардың бұзылуынан келген зиянды өтеу, заңсыз аулаған жануарлар мен олардың өндірілген өнімді алып қою тәртібі (осы заңның 61 – 63 баптары); жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңнаманы бұзумен келтірілген зиянды өтеу мөлшерін бекіту туралы ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 4 қыркүйектегі № 1140 қаулысы (ҚР ПÓАЖ-ы, 2001 ж. № 407 құжат). Оқулыққа қосымша берілді.

7) Табиғат қорғау заңдарын бұза отырып қоршаған ортаға келтірілген залалдың мөлшерін анықтаудың уақытша тәртібі. Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау туралы министрлігінің 1995 жылдың 21 маусымында бекітілген (АЗИЯ-ЭЖ, 9 (33) февраль, 1996 ж.).

8) Атмосфераны, жер және су ресурстарын мұнай өнімдерімен жер қабаттарының суларымен ластау және рұқсат етілмеген мұнай құбырларын орналастыру кезінде зиянды есептеудің уақытша әдістемесі Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, 1996 жылғы 13 мамырда бекіткен (Жеке баспа, Алматы, 1996 ж.).

9)Ауылшаруашылығы және орман шаруашылығын жүргізуге қатысы жоқ мақсаттарға пайдалану үшін ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы өндірісіне келтірілген зиянды және меншік иелері мен жер пайдаланушыларға келтірілген зиянды өтеуге жататын шығындарды айқындау тәртібі туралы тәртіпті бекіту туралы ҚР Үкіметінің 1997 жылғы 4 наурыздағы № 299 қаулысы (ҚР ПҮАЖ-ы, 1997 ж., № 11, 75- құжат); Ауылшаруашылық өндірісі ысырабының орнын толтыру (Жер туралы заңның 84-бабы); Орман шаруашылығы өндірісі ысырабының орнын толтыру (Жер туралы заңның 99-бабы).

10) Қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемді анықтаудың әдістемесін ҚР Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі 1994 жылғы 9 қыркүйекте (ҚР министрліктер мен ведомстволарының Жаршысы, 1994 ж.).

Экологиялық заң талаптарын бұзу салдарынан адамның денсаулығына келтірілетін зиян өзінің құқықтық реттеулері мен ерекшеленеді .Қазақстан Республикасы Конституциясы негізінде “Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы” 1997 жылғы 19 мамырдағы Қазақстан Республикасының заңы азаматтардың экологиялық, санитарлық, қауіпсіздік жөніндегі құқығын белгілеп берді. Сонымен бірге азаматтардың өздерінің денсаулығына келтірілген зиянның орнын толтыру құқығында айқындалды (осы заңның 52 бабы).

Семей ядролық полигонында 40 жыл бойы жүргізілген ядролық сынақ адамдардың денсаулығына және қоршаған ортаға орны толмас зиян келтірді, халықтың жалпы аурулары мен өлімін көбейтті. Бүкіл Семей облысының аумағы мен Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының полигонға жақын аудандары экологиялық апат аймағы деп жарияланды. Қазақстан Республикасының, Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы 1992 жылғы 9 желтоқсанда заңы қабылданды.

Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға мыналар жатады:

Әуеде немесе жер үстінде ядролық жарылыстар жасаған кезде (1949 – 1965 жж.) радиоактивті заттармен ластануға ұшыраған аумақтарда тұрған, жұмыс істеген немесе әскери қызмет (соның ішінде мерзімді атқарған азаматтар);

1966 жылдан 1990 жылғы 1 қаңтарға дейінгі аралықта жер асты ядролық жарылыстарын жасау кезінде осы аумақтарда тұрған, жұмыс істеген немесе әскери қызмет (соның ішінде ерзімді) атқарған азаматтар;

1949 жылдан 1990 жылға дейінгі аралықта жеңілдікті әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бар аумақта тұрған, жұмыс істеген немесе әскери қызмет (соның ішінде мерзімід) атқарған азаматтар, және мүгедек деп танылған аурулары бар адамдардың балалары (олардың денсаулық жағдайы мен заңда аталған аймақтарда ата-аналарының бірінің болу факторы арасындағы себепті байланыстар анықталған ретте).

Ядролық сынақтар салдарынан шеккен азаматтардың жеңілдіктері мен өтемдерінің мөлшері белгіленді. Халықты әлеуметтік жағынан қолдау, әйелдерге, балаларға, жас өспірімдер мен олардың ата – аналарына көрсетілетін қосымша жеңілдіктер мен өтемдер, әскери қызметкерерге берілетін жеңілдіктер, аумақты экологиялық жағынан сауықтыру және халыққа медициналық немесе көрсетудің құқықтық тәртіптері белгіленді.[30]

Аталған экологиялық қасіретке ұшыраған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, тиісті, материалдық көмек көрсету, сауықтыруға арналған жәрдем ақы алу, аналар мен балаларға арналған жәрдем, төлем ақы, қосымша жеңілдіктер белгіленген.

ҚР Экологиялық заңдарды бұзу салдарынан азаматтардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиян зардап шегушінің еңбек қабілетінен айырылу дәрежесін оны емдеуге және денсаулығын қалпына келтіруге жұмсалған шығындарды, науқасты күту жөніндегі шығындарды, өзге де шығындар мен залалдарды ескере отырып толық көлемінде өтелуге тиістігі туралы Экологиялық заңдардың негізгі ережесі болып табылады. Азаматтардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиянның шамасын анықтау қолданылып жүрген заңдарға сәйкес, ол заңды өтеу сот шешімі негізінде жүргізіледі. ҚР Жоғарғы Соты Пленумының 1999 жылғы 9 шілдедегі №9 “Соттардың денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолданылуының кейбір мәселелері туралы” қаулысына сәйкес денсаулығына келтірілген зиянды өтеу құқығына кәсіби еңбек қабілеттігін, ал ондай болмаған жағдайда жалпы еңбекке қабілеттігін толық не ішінара жоғалтқан зардап шегушілер ие болатыны соттарға түсіндіріледі. [31]

14 жасқа толмаған және еңбек ақысы жоқ адамның денсаулығына зақым келсе немесе денсаулығы өзгеше бұзылса, онда шығындар өтелуге жатады. Жәбірленуші (асыраушы) қайтыс болған жағдайда, қайтыс болған адамның асырауындағы еңбекке қабілетсіз адамдар немесе ол қайтыс болған кезде оның асырауында болу құқығына ие адамдар, сондай-ақ ол қайтыс болғаннан кейін туған оның баласы зиянды өтеттіруге құқылы.

Экологиялық заңдардағы кінәсіздік жағдайларда материалдық жауапкершілік және ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығының өндірісіне келген шығынды өтеу тәртібі:

ҚР Экологиялық заңындағы 86 – бапта аталған - қызметі қоршаған ортаны қорғауға күшті қауіп төндірумен байланысты заңды және жеке тұлғалар, егер жойқын күштің немесе зардап шегушінің қасқойлығы салдарынан зиян келтірілгенін дәлелдей алмаса, өздері келтірген зиянды өтеуге міндетті. Бұл зардапты өтеудің басқа заңдарды бұзғаннан келген зардаптарды өтеуден ерекшелігі бар. Оның ерекшелігі экологиялық заңның 32 – бабында қаралған экологиялық сақтандыруға байланысты. Экологиялық сақтандырудың міндеті мен мақсатын алда атап өткенбіз. Шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық жағынан қауіпті түрлерімен айналысатын заңды тұлғалар мен азаматтар міндетті түрде экологиялық сақтандыруға тиіс. Міндетті сақтандыру шарты сақтандырудың осы түріне лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалуы мүмкін.

Экологиялық сақтандыруға ҚР Азаматтық кодексіндегі сақтандыру туралы жалпы ержелерде қолданылуы мүмкін. АҚ-тің 805 – бабында жеке және мүліктік сақтандыру бар.

Ә.Әбдірайымовтың пайымдауынша мүліктік экологиялық сақтандырудың мынадай түрлері бар:

1) кәсіпорынның - апаттық (оқыс және әдейі жасалмаған) ластау нәтижесінде үшінші тараптардың өміріне, денсаулығы мен мүлкіне және қоршаған ортаға келтірілген зиян жоғары қауіп көздерінің азаматтық-құқық жауапкершілігін сақтандыру (ҚР АК-нің 811-бабы);

2) табиғи объектілерді олардың меншік иелерінің немесе өзге де титулды иелерінің сақтандыруы (ҚР АК-нің 809 – бабының 3 бөлігі).

Міндетті сақтандыруды қажеттілігі туралы ҚР “Мұнай туралы” заң күші бар ҚР Президентінің Жарлығында да айтылған. Осы Жарлықтың 55 – бабына сай мұнай операцияларын жүргізетін барлық мердігерлер:

1) қоршаған ортаны ластау мен байланысты жауапкершілік, оның ішінде қоршаған ортаға келтірілген зиянның салдарын жою жөніндегі шығындар қауіпін;

2) үшінші тараптар алдындағы азаматтық құқықтық жауапкершілік қауіп сақтандыруға міндетті. Сонымен қатар, теңізде барлау және аулау жұмыстарын жүргізетін мердігерлерге мүлік қауіп пен жауапкершілік қауіпін сақтандыру міндеті жүктеледі.

Біз алдыңғы тарауда атап өткен ҚР Үкіметінің “өнеркәсіптік объектінің қауіпсіздігі декларациясын ұсыну ержелері мен нысаны туралы” 2000 жылғы 19 мамырдағы №764 қаулысы өнеркәсіптік объектілер басшыларының экологиялық зиян үшін жауапкершілікті сақтандыруға ынталандыруға бағытталған құжат қатарына жатады.

Қазақстан Республикасы Жоғары Соты Пленумының “Соттардың қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарын қолдануы тәжірибесі туралы” қаулысында “Сотқа кейбір жағдайларда зиян келтірушінің кінәсінің бар-жоқтығына қарамастан, қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін жауапкершілік жүктеуге жол берілетінін ескеруге тиіс, АК-ң 931- бабының 1 бөлігіне, Экологиялық кодекс бойынша қызметі қоршаған ортаға көтеріңкі қауіппен байланысты болатын заңды және жеке тұлғалар өздері келтірген зиянды кінәсінің бар-жоқтығына қарамастан өтейді деп көрсетілген. Сонымен бірге осы қаулы бойынша қоршаған орта үшін көтеріңкі қауіп болып табылатын қызметпен келтірілген зиян үшін жауапкершілікті жүктеген кезде соттар АК-ң 931-бабының 1 бөлігіне, Экологиялық заңға байланысты заңды және жеке тұлғалар өздері келтірген зиянды өтеу міндетінен, егер зиян жойқын күштің немесе жәбірленуші салдарынан туындаған жағдайда босатылатынын ескеруге тиіс.

Ауыл шаруашылық және орман шаруашылық алқаптарының көлемі мен олардың сапасын қалпына келтіру арқылы аталған шаруашылықтар деңгейін сақтау мақсатында ауылшаруашылығы және орман шаруашылығын жүргізуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшін ауыл шаруашылық және орман шаруашылығы алқаптарын алып қоюда туындайтын ондағы өндірістің орнын толтыру немесе қалпына келтіру шығындарын өндіру шаралары жүргізіледі. Бұл туралы “Жер туралы”заңның 84 және 99 – баптарында арнайы тәртіптер бар. Бұл баптарда орман қоры және ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерден жер учаскелерін басқа мақсаттарға алып қоюға байланысты шығындар бірдей аталған. Олардың арасында бір ғана айырмашылық бар. Ол айырмашылық мыналардан тұрады: Орман шаруашылығы өндірісінің шығынын (ысырабының) орнын толтыру орман алқаптарын жер сапасы нашарлауынан туындаған орман өндірісі ысырабының орнын толтыруы. Мұндай жағдайда орман қорына келтірілген ысырап экологиялық заңды бұзу салдарынан келген болып саналады. [32]

“Жер туралы” заңның 72 –бабында жекелеген санаттағы жерді алып қоюды шектеуді атаған. Яғни, кадастрлық бағасы аудандық орташа деңгейден жоғары ауылшаруашылығы алқаптарын, сондай-ақ қала маңындағы аймақтардың, ауыл шаруашылық, биологиялық және ирригациялық - мелиорациялық бағдардағы ғылыми – зерттеу және оқу орындарының тәжірибелік талаптарының, орман қорының жерін алып қоюға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда құрумен кеңейтуге халықаралық міндеттемелерді орындауға, учаскенің астынан бағалы пайдалы қазбалар кенішінің табылуына, жолдар, электр, байланысты желілері мен магистральды құбыр жолдарын, сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар объектілер салуға байланысты ерекше жағдайларда ғана жол беріледі. Мемлекет аталған жерлердің меншік иесі және басқару ұйымдастыру міндетін атқару үшін де олардың аталған мемлекет қажеттіктері үшін алынуы заңдастырылған. Мұндай жағдайда пайда болған шығындарды, ысыраптарды экология заңын бұзғандықтың зардабы деуге болмайды. Ондай шығындар себепті және заңда көрсетілген тәртіптерді жүзеге асыруға байланысты туындайды.

“Жер туралы” заңының 73 – бабына сәйкес төтенше жағдайлар кезінде жер учаскесін атқарушы орган шешімімен меншік иесіне немесе жер пайдаланушыдан уақытша алып қоюға байланысты өтелетін шығындарды экологиялық заңдарды бұзғаннан туындайды деуге болмайды. Олар заңда көрсетілген себепті жағдайлардан туындайды. Шығындардың орнын толтыру өтемақы жүйесінде жүргізіледі. Мұндай жағдайлар экологиялық заңдардың басқа салаларында да кездесуі мүмкін.

Экологиялық заңдарды, яғни ҚР Қоршаған ортаны қорғау туралы және салалық экологиялық заңдар яғни жер, жер қойнауы, су, орман, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау және пайдалану, атмосфералық ауаны қорғау туралы заңдардың өз нормаларында қаралған заңдық экологиялық жаупкершілік бар. Оларды біз қысқаша экологиялық басқа жауапкершілік деп атаймыз. Экологиялық басқа жауапкершіліктер тәртіптік, материалдық, әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктерге жатпайды. Қаралып отырған жауапкершілікті басқа салалық жауапкершіліктер деп атаса да болады. Себебі олар туралы нормалар экологиялық салалық (жер, жер қойнауы, су, орман, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, атмосфералық ауаны қорғау) заңдарда орын алған. Соған орай басқа экологиялық жауапкершілік мынадай түрлерге бөлінеді:


  1. жер заңдарын бұзғаны үшін басқа экологиялық жауапкершілік;

  2. жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану жөніндегі басқа экологиялық жауапкершілік;

  3. орман заңдарын бұзған үшін басқа экологиялық жауапкерішілік;

  4. жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңдарды бұзғаны үшін басқа экологиялық жауапкершілік;

  5. су заңдарын бұзғаны үшін басқа экологиялық жауапкершілік;

  6. атмосфералық ауаны қорғау туралы заңдарды бұзғаны үшін басқа экологиялық жауапкершілік.

Жер туралы заңның 48 – бабына сай жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар жер учаскесін мақсатты пайдалануға топырақтың құнарлығын нашарлатпауға және жер туралы заңның 107-бабында көзделген жер қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыруға міндетті. Егере учаскені бір жыл ішінде тиісті мақсатында себепсіз пайдаланбаған жағдайда ол пайдаланылудан алынып қойылуы мүмкін. (ЖТ-заңының 74-бабы). Бұл жер заңының жер учаскесін мақсатты пайдаланбағаны үшін алып қоюдың бірінші түрі болса, екінші түріне заңдарды бұза отырып жер учаскесін пайдаланғаны үшін алып қою жатады (жер туралы заңның 75-бабы). Жер заңдарын бұза отырып пайдалануға:

  1. учаскені нысаналы мақсатында пайдаланбау;

  2. оны пайдалану ауыл шаруашылық жер құнарлығын едәуір төмендеуіне экологиялық жағдайдың едәуір нашарлауына әкеп соғуы жатады.

Мақсатты бойынша пайдаланылмайтын не заңдарды бұза отырып пайдаланылатын жер учаскесін алып қоюдың тәртібі Жер туралы заңның 75, 76-баптарында қаралған.

Бірінші шарт. Әкімшілік құқық бұзушылық заңдарда көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан кейін жер учаскесі алынады.

Екінші шарт. Жер учаскесінің иесінде немесе жер пайдаланушыға жер учаскесін мақсатты пайдаланбағаны үшін алып қою туралы талап жер пайдаланушыға талап қойғанға дейін кемінде бір жыл бұрын учаскені мақсаты бойынша пайдалану қажеттігі туралы жазбаша ескерту жасалғаннан кейін және осы уақыт ішінде жер пайдаланушы учаскені мақсаты бойынша пайдалану жөнінде қажетті шаралар қолданбаған жағдайда ғана қолданылады.

Үшінші шарт. Жер учаскесін заңдарда бұза отырып пайдаланылған жер учаскесін меншік иесіне не жер пайдаланушыдан алып қою туралы талапты әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарда көзделген жазалау шаралары қолданылып, меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға заңдардың бұзылуын жою қажеттілігі туралы талап қабылдардан кемінде үш ай бұрын жазбаша ескерту жасалғаннан кейін ескерткілген жер учаскесінің иесі мен пайдаланушыларға жеріне учаскесін алып қою туралы талап қойылуы мүмкін.

Төртінші шарт. Егер меншік иесінің немесе жер пайдаланушының заңдарды бұзуы учаскені нысаналы мақсатта пайдаланбауда болса, алып қою туралы талап берерден бұрын үәкілетті орган учаскенің меншік иесінің немесе жер пайдаланушының өтінімі бойынша жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы мәселені қарауға міндетті. Бұл ретте учаскенің нысаналы мақсатын өзгерту туралы мәселе дұрыс шешілмеген жағдайда оны алып қоюға сот алдында мәселе қояды.

Сот шешімімен учаскенің меншік иесінен немесе жер пайдаланушыдан алып қойған жағдайда жер учаскесіне меншік құқығы немесе жер учаскесіне пайдалану құқығы азаматтың іс жүргізу және атқарушылық заңдарында белгіленген тәртіппен жария саудада сатылады, ол одан түскен сома учаскені алып қою кезіндегі шығыстар шегеріле отырып, бұрынғы меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға төленеді. Бір жыл ішінде үш рет саудаға шығарудан кейін ондай жер учаскелерін немесе оларға жер пайдалану құқықтарын сату мүмкін болмаған жағдайда жер учаскесі сот шешімімен арнаулы жер қорына есептеледі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет