Заки валидов:



бет3/4
Дата25.02.2016
өлшемі286.5 Kb.
#20269
1   2   3   4

«Орта Азиядағы партия ұйымдарындағы тазалау жүргізуге байланысты жолд. Петерс тағы да атышулы «Орта Азиядағы ұлтшыл контрреволюциялық ұйым» мәселесін көтеріп, Орта Азиядағы көптеген көрнекті қайраткерлерді, соның ішінде мені де айыптап: 1920-1921 жылдары (яғни осыдан 12-14 жыл бұрын) сол ұлтшыл ұйымның мүшесі болған – деп жала жабады. Көрсетілген ұлтшыл ұйым туралы мәселе баяғыда, «қасымовшылардың» ісі тұсында көтеріліп, орталық комитеттің тарапынан тиісті баға берілген болатын. Алайда жолд. Петерс соны тағы да қозғап отыр: Мен шынымен кінәлімін бе, жоқ па, ол жөнінде бір ауыз сөз сұрамастан, өзінің айыптауын бірден баспасөзде жариялап жіберді. Біреуді алдын-ала және қасақана қаралауды көздеген адам ғана осылай істейді. Тіпті ақгвардияшылардың өзінен оларды жазаға тартпай тұрып сұрақ-жауап алады ғой. Ал сен ғой, 17 жыл партияның қатарында жүріп, Орталық комитет тапсырған белгілі бір жұмысты істеп жүріп, сол Петерстің сіңірген еңбегінен кем еңбек сіңірмеген сен, кез-келген уақытта осындай жолдастан шапалақ жеуің мүмкін екен. Орта Азияның менен басқа да бір топ көрнекті қызметкерлеріне Петерс жолдас осындай айып тағып отыр. Мұндай жұмыс тәсілі және партия мүшесіне, әсіресе аз ұлт өкілдеріне мұндай қарым-қатынас таныту төзуге болмайтын іс.

(...) Мұның барлығы кездейсоқ кемшілік емес, өйткені жолд. Сафаров пен жолд. Петерс баяғыдан-ақ – 1920-1921 жылдардан бастап «Алашорданың» қамқошыларының қатарына кірген (дөрекі болса да айтайын). Түркістанды жақсы білетін «білгір» ретінде жолд. Петерс қарапайым ғана нәрсені шатастырып алды: большевик қазақтарды – ұлтшыл, ал «Алашордашыларды» – кедейлердің қамқоры ретінде қабылдады. Қысқасын айтқанда, біз отставкаға шыққан соң (яғни Сафаров пен Петерес басқарған кезде) Орынбордағы контроревоюциялық «Алашорданың» барлық жетекшілерін (батыс «Алашорда» үкіметінің төрағасы Ж.Досмұхамедовті, мүшелері Х.Досмұхамедовті, М.Дулатовты, А.Байтұрсыновты т.б.) шақыртып алды. Олар барлық қазақ оқу орындарын, «Ақжол» газетінің редакциясын басып алды және Жетісудағы жер реформасын жүргізуді қолдарына алды. «Ақжолдың» (ТКП(б) мен Түркістан орталық атқару комитетінің органы) редакторы Дулатов: «Ақжол» дегеніміз қызылдардың қанды қызыл жолы емес» – деп түсіндірді және «жер реформасын жүргізіп жатқан кеңес үкіметі емес, біз қазақтың ескі ұлтшылдары» – деп мақала жазды. Ол кездегі басты міндетті – Жетісуда жер реформасын жүргізуді, басмашылармен күресті, Ферғанадағы мақта өндіруді қалпына келтіруді ысырып қойды. Реформаның тонын теріс айналдырып, қоныс аударылушы орыстардың кедейлерін тас-талқан етіп, ескі помещиктерді қозғамады. Жер реформасын Испулов (бұрынғы Колчак полкінің командирі), Қожықов (алашордашыл, Романовтардың таққа отыруының үш жүз жылдығына арнап былтыр кітап шығарды) басқарды. «Алашордашылардың» 1929-1930 жылдарға дейін астыртын контрреволюциялық жұмыс жүргізгені әшкереленіп, олар тиісті жазасын алды. Ал «Алашордадан» шыққан көрнекті қазақ коммунисі (Қожанов т.б.) өздерінің 1927 жылға дейін «Алашордамен» сыбайлас болғанын, енді қол үзгенін газет арқылы мойындады. Ал біз, қазақ большевиктері «Алашордамен» және оның көсемі М.Шоқаевпен аяусыз күрестік» – деп («Алаш қозғалысы», 3 т., 2 кіт. 185-186 беттер) жазды жоғарыдағы баянхатында.

Хатты қатты шіміркеніп отырып жазған және Сталин мен Кагановичті барынша сендіруі үшін қара бояуды қоюлатқан. Партиялық жазалау барысында жинақталған деректердің Т.Рысқұловты әшкерелеу бағытында жүргізілгені өзіне де, Орталық комитетке де жасырын емес болса керек. Сондай-ақ «лайықты жазасын алды, әшкереленді, дәлелденді» деп отырған «Алашорда» ісінің негізгі айыпкерінің бірі Т.Рысқұловтың өзі болғанын да білген. Ж.Досмұхамедовті батыс «Алашорданың» төрағасы болмағанын, Испуловтың – Колчактың әскерінде емес, «Алашорда» жасағында болғанын, Сафаров пен Петерстің «Алашордаға» бүйрегі бұрмағанын, сондай-ақ «Алашорда» кеңесінің мүшесі, Қоқан автономиясының төрағасы М.Тынышбаевті қызметке өзі шақырғанын «ұмыта қоймаса» керек. Сондықтан да «үкімі шығып, лайықты жазасын алғандарды» батыл айыптап, басын арашалауы қай жағынан болса да түсінікті. Түсініксізі – 1924-1925 жылдары Сталиннің жеке өзіне «құпия хат» жазып: «Алашорда» мүшелері мен Қожановтың соңына тыңшы қойып, үйлеріне тінту туралы ұсыныс айтуы, «Ақжол» газетін жаптыруы. Сондай-ақ тура сол кезде М.Дулатов екеуі де «Еңбекші қазақта» істейтін. Әрине, ол кездегі ар өлшемі де басқа. Біз мұны кеңейте талдап жатпаймыз. Тек тергеуге қатысты тұстарды ғана қамтыған құжаттарды назарға ұсынамыз.

Тергеу ісінде сол жылдары Т.Рысқұловтың Орынбордағы жалпықазақтық құрылтайға қатысқаны және Сарымолдаевқа арнап Ж.Досмұхамедовтың адресіне хат жолдағаны туралы айғақ бар. Тергеушілердің назарында осы хатты табу ойы болған, бірақ оның нақты ізіне түсе алмаған. Өзінің З.Валидовпен және М.Сұлтанғалиевпен жазысқан хаттары туралы кейін мынадай түсініктеме берген:

Міне, сол кезде кеңес өкіметінің түлкі бұғаулы пиғылын түсінген саяси қайраткерлер үшінші Интернационалға жеке социалистік партия ретінде мүше боп кіруге ұмтылды. Бұл қозғалысты Заки Валидов:

«... Сол күндері қазақ қайраткерлері де және Ташкентте де осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатты. 1919 жылдың наурызында Башқұртстан облыстық коммунистік партиясы құрылды, біз Түркістандағы социалистік қозғалыстың басын біріктіріп, дербес социалистік партия құрып, оны Россия компартиясынан бөліп алып, ІІІ интернационалға дербес мүше ретінде кіруді жоспарладық... Бұл кезде қазақ пен өзбектің көрнекті қайраткерлері Низам Ходжаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов Москвада болатын. Орталық комитеттің жанындағы мұсылман коммунистері бюросы соңғы демін алып жатқан. Өліп бара жатқан осы ұйымды пайдаланып Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Бұқара мен Хиуа облыстық компартия ұйымын ықпалымызда ұстауды көздедік. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Башқұртстанда жүрген кезімнің өзінде Түркістанға 14 адам жіберген болатынмын. Бұл жұмыс Москвада бұрынғыдан да кең ауқымда жүргізілді» – деп (268-бет) еске алады.

Демек жауап алу барысында тергеушілердің Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, Т.Рысқұловтың, Низам Хожаевтің, З.Валидовтің арасындағы байланыс туралы қазымырлықпен сұрақ беруінің астарында осындай саяси мәнді оқиғалар жатқанын меңзейді.



өзінің естелігін қырық жылдан кейін қағазға түсірген және шетелде жүрген Заки Валидов ойын қалай жеткізуге де ерікті болатын. Оның «Қатирадағы» куәліктері «Алашорда» қайраткерлерінің ешқашанда ұлт-азаттық күресін тоқтатпағанын дәлелдейді. Керісінше, Сталинге жазған түсініктемесінде Т.Рысқұлов осы саяси оқиғаларға мүлдем басқаша баға береді. Хаттағы түсініктерге қарағанда Т.Рысқұлов «Алашорданың» тергеу ісімен танысқан не толықтай мағлұмат алған. Оған З.Валидовтің естелігімен мазмұндас және оған жауап ретінде жазылғандай әсер қалдыратын хаттағы мына жолдар дәлел:

«Петерс: 1920 жылы партия ұйымында дайындалды деген желеумен, нағында партия ұйымы емес контрореволюциялық «Иттикад уә теракки» ұйымы дайындаған бағдарламамен делегация болып Лениннің қабылдауына кірді. Делегация Москваға барған соң белгілі башқұрт буржуазияшыл-авантюрисі Валидовпен және татар ұлтшылы Сұлтанғалиевпен кеңесіп, «Иттикад уә теракки» ұйымы арқылы бағдарламаны талқылады, сөйтіп өздерінің кім екенін ашып алды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттикад уә теракки» ұйымының ташкенттік белсенділерінің алдында есеп берді, делегация ұсынған платформа белсенділердің қолдауын тауып, таяу уақытта жүзеге асыруға тиісті бағдарлама ретінде қабылданды» - деп жазады. «Правда Востока» газетінің биылға жылғы 14 желтоқсандағы санында жолд. Петерстің сол сөзі сәл қырналып, нақтылана түсіпті. Онда: «бұл арыздың мәтіні «Иттикад уә тераккидің» ішінде дайындалған. Москваға Рысқұлов, Низамиддин Қожаев және патша шенеунігі Көшербаев барды. Москваға барсымен комиссия белгілі башқұрт ұлтшылы Валидовпен (Башкирия), Сұлтанғалиевпен (Татария), Байтұрсыновпен (Қазақстан) кездесті. Кеңесте кеңес өкіметімен күресудің жалпы платформасы талқыланды. Делегация Ташкенте оралған соң «Иттикад уә тераккидің» кеңесінде тобымен отствкаға кету туралы шешім қабылдады» - делініпті (...).

(...) Шындығында да 1920 жылы «Түрккомиссиямен» жұмыс істейтін жергілікті басшылардың арасында үлкен келіспеушіліктер бар еді. «Түрккомиссия» жарты жыл жұмыс істеген соң (бірінші құрам) есеп беру үшін Рудзутак пен Элиава және Бройдо Москваға жүрмек екен. Соны ести сала өзімнің көзқарасымды қорғау үшін бірнеше қызметкермен мен де жолға дайындалдым. Өлкелік комитет пен Түрораткомның президиумымен делегация құрамын келісіп алып, келесі күні «Түрккомиссияның» мүшелерімен бірге Москваға жүріп кеттім. Ресми үкімет келісімінен басқа ешқандай «Иттикад уә теракки» деген ұйымды білмеймін, тек ... баяндама тезис түрінде жолай вагонда жазылды... Ол баяндаманы 1920 жылы ОК-тің саяси бюросында жазбаша түрде оқыдым.

Бұдан кейін біз Валидовтің, Сұлтанғалиевтің, Байтұрсыновтың қатысуымен кеңес өткізді – делінеді. Сіз, жолд. Сталин, жақсы білесіз, бұл кезде Сұлтанғалиев Шығыс халықтарының орталық бюросын басқаратын және Ұлттар жөніндегі халық Комиссариятымен байланыста болатын. Тіпті солшыл коммунист саналатын. 1921 жылы оны сіз ұлттар жөніндегі комиссариаттың коллегиясына мүше етіп ұсындыңыз, тіпті сіздің екінші орынбасарыңыз бола жаздады. Сұлтанғалиев 1923 жылы қызметінен төмендетілген соң жолдан тайды. Бірақта сұлтанғалиевшылармен бірге ешқандай байланысым жоқ екенін үзілді-кесілді жариялаймын. Сұлтанғалиевтың сол кездегі қызметінен Петерс бейхабар, сондақтан да жалақорларға сене салған. 1920 жылы Валидов Сұлтанғалиевке қатты ұрсып сөйледі. Ендеше онымен қалай кеңес өткізеді?

Байтұрсыновқа келетін болсақ, ол біз келмей тұрып Орынборға кетіп қалған болатын. Валидов ол кезде Башқұрт халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болатын, онымен Ленин және Сталин жолдастардың өзі жеке әңгімелесетін. Башқұрттардың қызыл әскері майданда соғысып жүргендіктен де ол кезде Москвада Валидовпен есептесетін. Маған: Валидовтің өз поезды бар, ол Москваға келгенде әскери шерумен қарсы алды – деді. Мен оны білмейтінмін және өткенінен де хабарым жоқ болатын. Бірінші рет көрген адамым және онымен есептеседі екен, болашақта оның кім боларын қайдан білейін. Мен онымен қонақ үйде таныстым, Башқұртстан үкіметінің төрағасымын – деді. Жергілікті жердегі «колонизаторлар» әбден зығырымды шығарды – деп мұңын шақты, жағдайдың қиындап кеткені сондай, «отставкаға» кететінін айтты. Өзінің Ленин жолдастың атына жазған баяндамасының бір данасын берді. Мен оған өзімнің Орталық комитеттке дайындағын баяндамамның бір данасын бердім. Сонымен бәрі де аяқталды» («Алаш қозғалысы, 3 т., 2 кітап, 193 - бет).

Шындығында бәрі де аяқталған жоқ еді. Қайта «тар жол, тайғақ кешу» енді басталған. Баянхаттағы саяси оқиғаларға берген бағасы мен ұстанымы З.Валидовтің де, Ә.Бөкейхановтың да, А.Байтұрсыновтың да, Ә.Ермековтің де пікіріне керағар. Алайда астарын ашып, әдібін жазсаң бұл оқиғаларға Т.Рысқұловтың тікелей қатысқаны анықтала түседі. Ал өзі қатысқан оқиғаларды қандай көзқараспен қабылдап, кімге қалай түсіндіреді және жеке басын қалай қорғайды, ол әр азаматтың таңдауы және сол кезеңдегі бірден-бір дұрыс ұстаным да болуы мүмкін. Мұндай «жұмбақ жайлар» мен пікір қайшылықтары жиі кездесіп отырады. Біздің ойымызша, «тиран (Ленин) мен диктатор (Сталин)» (Валидов) басқарған империяда шындықты айту тәуекелдің ғана ісі емес, тағдырдың зауалы да болатын.

Башқұрт әскерін Оңтүстік Украина майданына шығарып салған З. Валидов Ленинмен екі рет кездесіп, тағы да аз санды халықтардың бостандығы мәселесін көтереді. Сол кездесудегі Лениннің:

«Орталық алдағы уақытта да бұрынғы отар елдердегі орыс пролетариатына сүйенетін болады, ал сіздер «басшылыққа» қандай дәрежеде ымыраластық көрсетесіздер, немесе қандай сенім көрсетесіздер, сондай деңгейде ғана сенімге ие боласыздар. Ресей жерінде социализм толық орнаған соң да бұл сенімсіздік сақталып қалатын болады. Тіпті, социализм бүкіл әлемде жеңіске жетсе де шығыстағы отар елдерге европалық пролетариаттың – ағылшындардың, француздардың, бельгиялықтардың, «басшылығы» жойылмайды» - деген сөзі З.Валидовтің кеңес өкіметіне деген сенімін мүлдем үзеді.

Бұл З.Валидов сияқты түрікшіл командирдің төзімінің соңғы тамшысын тауысты. Ол:



«Бұл шындық (Лениннің сөзін мекзеп отыр – Т.Ж.) кеңес өкіметіне қарсы пәрменді және ашық түрде күрес жүргізу қажеттігін біздің алдымызға міндет етіп қойды. Сол күндері Ташкенттегі олардың пікірлестері Рысқұлов, Низам Қожаев және басқалары Түркістан комиссиясының және Түркістан атқару комитетінің (ТурЦИК-тің) құрамынан шығарылды. Біз, Ахмет Байтұрсынов екеуміз 29 маусым күні Москвадан кетіп қалуға келістік. Бұған Сталин рұқсат бермеді, бірақ Астраханьға барып денсаулығымды түзетемін – деген сылтау айтып Орталық комитеттің хатшылары Крестинский мен Преоброженскийдің рұхсатын алдым – деп (374-бет) жазды.

Түрккомиссияның жұмысынан Т.Рысқұлов бастатқан большевиктерді шеттетті. Заки Валидовтің «Қатирасында» айтылған Түрккомисия туралы Т.Рысқұлов:



«1920-1921 жылдары әскери коммунизм тұсындағы саясаттың шартына қарсылық білдірген ұсақ буржуазиялың наразылығы күшейді (сол кезде Россияның әр жерінде, Кронштадта көтерілістер орын алды, партия мүшелерінің ішінен де солқылдақтар шықты). Сондай солқылдақтық пен бетбұрыстар артта қалған ұлттық Түркістанда да болды. Ұлтшылдық уклон мен Түрккомиссиямен арадағы жетекшілікке талас – жаулардың жолын ашты, бүкіл халықтың көсемі болып көрініп, өзінің соңынан барлық тұрғындар еріп келе жатқанын Москваның алдында көрсеткісі келді. Мұндай ұстаным дұшпандарға көпір салып берді. Бұл тұрғыдан алғанда, мен сол кезде жіберген үлкен қателіктерімді мойындаймын, содан кейінгі қызмет барысында бұл қателіктерімді терең түсіндім. Шектен шыққан жоқпын, жауыммен де жақындаспадым, 1921-1922 жылдан бастап өз бағытымды түзедім, содан бастап тура жолдан тайға емеспін. Өткен қателігімнен сабақ алып, партияның сара жолын түзу ұстап келемін.

Мені: қайдағы бір ұлтшыл ұйымға мүше болды-мыс делінетін түрлі қауесеттердің барлығы да жала. Мені әлдеқандай бір топшылдықтың қатарына қосып, жазғыру бұрын да болған. Мысалы, 1920 жылы Түркістан майданының ерекше бөлімінің бастығы жолд.Бокии болып тұрған кезде арандатушы Семеновты және бірнеше адамды атты, олар мені – қазақ хандығын құрғалы жүр жеп «Түрккомиссиясымен» арамызды өшіктіруге тырысты. Топқа бөліну тұсында бір топтың екінші топтың үстінен материал жинауы әдетке айналды. Сондай материалдар бір кезде Ташкенте жүргенде менің де үстімнен жиналды. Мысалы, Алматыда Голощекиннің тұсында оның рұқсатымен тұтқынға алынған алашордашыларға: менің үстімнен арыз жазсаңдар, онда сендерді босатамыз – деп мәжбүрлеген. Кейбіреулері жалған көрсетінді берді, кейбірі берген жоқ... Мысалы, Жалисбаевтің тергеуі соған дәлел... Одан: Рысқұлов контрореволюциялық ұйымға тартылған, Қазақстандағы асыра сілтеушіліктер менің нұсқауыммен жүргізілді деп айт, әйтпесе, ату жазасына кесілесің – деген. Жалысбаев өзінің арына қарсы іске барудан бас тартып, өзін-өзі өлтірмек болған...» деп («Алаш қозғалысы», 3 том, 2 кітап, 190 - 191 беттер) жазды .

Азаттыққа жетудің жолы - оған қарсы күрес екенін түсініп, ол күресті Түркістанда бастау керек – деген шешімге келеді.Сөйтіп, астыртын ұйым құру үшін Түркістанға бет алады. Сол қарсаңда Түркиядан келген «Иттиһат және таракки» («Бірлік пен прогресс») партиясының мүшелері Назым-бей мен Бадри-бей атты түрік қайраткерлерімен жолығады, олар да З.Валидовтің астыртын жұмысқа көшу ниетін қостайды. З.Валидовтің кеңес өкіметі туралы:



«Мен өтірік пен көлгірсуге төзе алмаймын. Егерде болашақтан сәл ғана сәуле көрінсе, онда мұндай алдамшылыққа төзуге болар еді. Бірақта біздің төзіміміздің төлеуін өтейтін еш үміт жоқ. Мұндай әрекетке өз еркіңмен тәуекел етесің. Мен онда (Түркістанға – Т.Ж.) өз армиямды алып барып, олардың қанын мойныма алғым келмейді. Мен өз басымды ғана оққа тігіп отырмын. Менің сенімді достарым бар, олар мен қал десем де қалмайды, бірге жүреді» - деген ойға келеді.

Сөйтіп, Софы Аллаярдың: «Тәуекел десең – ырыздығың Тәңірден, Бұйырғанын көресің сен, жолаушы», –деген сөзін бір қайталап алып сапарға шығады. Бұл құпия сапарда Валидов пен Рысқұловтың жолы тағы да екі рет тоғысады. Рысқұлов «бәрі де сонымен аяқталды» – деп Сталинді сендірсе де, ол шындық араға елу жыл слаып барып қайта жария болды. Түрік қайраткерлері Жемал мен Халил пашалар ұсыныс жасап, Ұлт істері жөніндегі комиссарият пен Мұсылман коммунистер орталығы ұйымдастырған Шығыс халықтары құрылтайы 1-5 қыркүйек арасында Бакуде өтті. Москвада айырылысқан қос қайраткер енді Бакуде кездесті. Бұл кездесу екеуі үшін де құпия жағдайда өтті. Баку сапары туралы Т.Рысқұлов:



«Мен шұғыл түрде Бакудегі Шығыс халықтарының құрылтайына жүріп кеттім. Шындығында, онда болған екі-үш жүз түркістандық делегаттар менің ықпалымда болды. Коминтерннің атқарау комитетінің поезімен бірге Әнуар-паша да келді. Мен делегеттардың барлығын Әнуар пашаға тілектес болудан сақтандырып: ол өзінің Түркиясына да көп кесірін тигізді – деп үгіттедім. Әнуардың менімен кездескісі келді. Кейін білгенімдей, ол делегаттардың біразымен кеңес өткізіпті. Алайда Сафаров және басқалар (1920-1921 жж.) мені сол кеңеске қатысты деп таратыпты» – деп («Алаш қозғалысы, 3 т., 2-кітап, 194-бет») баяндайды.

Бакуге барар жолда З.Валидовпен кездескені туралы ләм демейді және кездестім деп те айта алмайтын. Оның өзіндік себебі де бар еді. З.Валидов Аштархан, Сарай, Үстірт, Басқұншақ арқылы Хорезмге, одан Ашғабатқа өтіп, астыртын жұмысқа көшкен соң оның әр қадамы аңдулы болғаны түсінікті. Біз бұдан былай «Қатиралардың» түрік тіліндегі мәтінін қысқаша тұжырымдай тәржімалап береміз.:



«Мен жасырынып жүргемін. Кеңес өкіметі менің қалайда онда баратынымды біліп, ерекше дайындық жүргізгені, Баку, Аштархан, Дербенд, Красноводскі және басқа да қалаларға 300-ге жуық адамды құпия тыңшылыққа тартқаны туралы хабар алдым. Олардың көбі мені жақсы танитын қызметкерлер-міс. Қазақстан мен Өзбекстаннан келетін өкілдердің аты-жөндерін және олардың барлығы бір пойызда болатынынан да хабардар болдым. 29 тамыз күні мен бұл пойызды Ашғабаттың батысындағы елеусіздеу Бамиде деген бекетте қарсы алдым. Жүк пойызына атпен кірдім, вагонда Тұрар Рысқұлов пен Ибраһим Жанұзақовты кезіктірдім. Олармен: Бакуде қалай кездесетіндігімізді және онда не істейтіндігімізді келістік, Красноводскіге таяғанда Жебел бекетінен түсіп қалдым. Сол жолы Тұрар маған қызықты бір құжат берді» – деп («Қатиралар», Станбол, 1969, 336-337 беттер) жазады З.Валидов. – «Аталған құжатты Ресейдің Мыртқы істерминистрлігінің Таяу Шығыс жөніндегі маманы Павлов дайындапты. Ол: Таяу Шығыс, Араб, Түркия, Иран мен Ауған елдеріндегі рулық жік пен капитализмнің керітартпа қйшылықтарын ресейлік мұсылмандар арасына «көшіріп», олардың арасына от жағып, өшіктіру керектігін айта келіп, орыстандыруды жеделдетудің жолдарын ұсыныпты. Соған орай Ленин мен Сталиннің атынан берілген нұсқауда, Байтұрсынов, Рысқұлов, Сұлтанғалиев «Түрккомиссиясына» мүше боп тұрғанда ашық айтпаған мәселелерді талқыға салып, европалық партия мүшелеріне құпия таратқан. Онда: Түркістан халқының таптық жігін ислами тұрғыдан жандандыратын Рысқұлов, Валидов сияқты ұлтшылдар жергілікті жұмысшылардың дұшпаны екендігі, жергілікті зиялылардың арасында өздерін «октябрист» ретінде көрсететін орыстарды тартып, ұлттық қызметкерлерді шеттету, Шығысты толық бағындыру үшін олардың көзі ашық зиялыларын қысым мен қудалауда ұстау қажеттілігі Түрік комиссиясының сессиясында ашық айтылыпты («Қатиралар», 338 -бет).

Баку құрылтайына қарапайым түрікмен кейпінде барып, жансыздардың көзіне түспей Түркістанға қайтып оралған З.Валидов тек Әнуар пашамен ғана хат арқылы тілдесуге мүмкіндік табады. З.Валидов Маңғыстау, Ақтөбе арқылы Хорезмге өтеді. Оның жолай адайлар арасындағы барымтаға билік айтқандығын естіген Ә.Бөкейханов: «Қазақ арасында қанды ірің аққан бір жараны тіліпсің» – деп бағалаған. Үргеніште Жөнейд ханның Аннамұрад деген бегі Хиуаға жеткізеді. Сол жылы 19 желтоқсанда Бұқарада өтуге тиісті құрылтайға қатысу үшін Қарақұмды кесіп өтіп, Шарсу арқылы Бұқараға келеді. Негізгі мақсатты – Бұқара, Хиуа, Түркістан, Түрікменстан, Қазақстанның өкілдері бас қосқан осы құрылтайда «Түркістан ұлттық бірлігі» партиясын құру еді. Міне, «Алашорданың тергеу ісіндегі» басты мәселенің бірі де сол құрылтайға кімдердің қатысқанын анықтау еді. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Ғазымбек Бірімжанов, Хайретдин Болғамбаев сияқты алаш арыстары тергеу барысында өздерінің Заки Валидовпен астытын байланысы барлығын жоққа шығарады. Әр түрлі қисында жауап қайырады. Тек Х.Болғамбаев қана оқү- ағарту комиссариатының тапсырмасымен оқулық бағдарламасын түзу мақсатында барғанын, Ғазымбек Бірімжанов «Аштарға көмек» комиссиясының тапсырмасымен қаржы жинау мақсатында іссапарға шыққанын айтады. Ал Дінше Әділев Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың жеке тапсырмасын орындағанын баса көрсетеді. Бірақ қандай тапсырма екенін нақтылап айта алмайды.



Тарихшылар мен тергеушілер: басмашылар мен «Алашорданың» арасында қандай байланысы болуы мүмкін, бұл негізсіз жала шығар – деп жорамалдап, сол тұстағы Түркістан мен Орталық Азиядағы саяси жағдайлардың басын қосып, ортақ тұжырым жасауға дәрменсіздік танытты. Алайда біз сол сұраққа түсінікті әрі тиянақты жауап беру үшін оқиғаның ізін қуа пайдаланып отырған З.Валидовтің «Қатиралары» көлеңкеде қалған сол бір күндерге сәуле түсіреді. Тергеуге тартылғандардың жауаптарының әрқисынды болуы заңды. Астыртын ұйым жұмысы соны талап етеді. Араға елу жыл өткен соң да З.Валидовтің Бұқарадағы «құрылтайға қатысқан екі қазақ қайраткері әлі тірі» деп олардың атын атамауы да сол астыртын күрестің заңына бағынғандық. Алаш азаматтары тергеушіге «қиыннан қиыстырып қандай сылтау айтса да», «Алашорда» қайраткерлерінің Бұқарадағы «Түркістан ұлттық бірлігі» партиясының құрылуына қатты назар аударғаны анық байқалады. Өзге жанама деректерді былай қойғанда, Москвадан бірге шығып, Еділ мен Жайықтың арасында З.Валидовпен қоштасқан А.Байтұрсыновтың және поезда жолыққан Т.Рысқұловтың бұдан толық хабардар болғаны анық. Ал А.Байтұрсыновтың бұл құрылтай туралы Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовқа толық мағлұмат бергені еш күмән тудырмайды. Өзінің майдандас серігі ... Бұқараға жіберген М.Тынышбаевтың да мағлұматсыз болмағаны анық. Демек, Ташкенттегі ұйымның биресми төрағасы болып саналатын Х.Досмұхамедовтің де қаперінде бар жағдай бұл. Ал Бұқараға барғандардың ішінде Ғ.Бірімжанов пен Х.Болғамбаев «Алашорданың» өкілетті құзырына ие болған және құпия хатты жеткізген сол екеуі деп сеніммен айтуға болады. Х.Болғамбаевтің куәлігіне «Алашорданың» мөрі басылғанын, өзінде ондай құқық болмағанын Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде атап айтады. Сонымен, «Алашорда» қайраткерлері мен Түркістан, Бұқара, Хика республикаларының арасында ынтымақты саяси байланыс болған. Өзінің жасырын өкілдерін жіберу арқылы «Түркістан ұлттық бірлігі» қозғалысының заңды мүшесі ретінде тіркелген деп есептеуге толық негіз бар. З.Валидов Құрылтайға:

«Қазақтардан «Алашорда» мүшелері мен түрікмен оқығандарын шақырдық. Олардың өкілі келгенше Бұқараның солтүстігіндегі Харгос деген ауылда (Бұқара) әмірі жасақтарының бірі, бір байдың үйінде тұрдық. Бұл үйді үкімет тартып алған екен. Башқұртстан әскерінің полковнигі Хейбетуллах Сүйіндіковтің ұйымдастыруымен Еухади Ишмурзин, менің көмекшім Ибрахим Ысқақов және бірнеше офицер Бұқара армиясының жауапты қызметтеріне орналасты. Қаршы, Шахрисабз, Нұр, Гузар, Кермине әскери жасақтары сллардың қолында болды. Бұлардың бәрін Ариф тағайындады. Біздің мақсатымыз – орыстар ұлттық әскердің құрылуына қарсы шыққан жағдайда, не құрыла бастаған армияны таратқан жағдайда басмашылармен бірігіп, соғыс ашу болатын. Алайда ұлттық мүддені басмашыларға түсіндіру керек еді. Бұл мәселені ташкенттік, ферғаналық достарымыз жақсы қолға алды.

Бұқаралықтармен, өзбектермен жұмыс жасау оңай емес еді. Себебі бұқаралықтар мен ташкенттіктер өзара келісе алмайтын, әрі өзбектер арасында орыс мектебінен тәлім алған қазақтарға «миссионер» ретінде қарайтын басым топ бар болатын. Біз – бұқаралықтармен, өзбектермен, түрікмендермен және қазақ өкілдерімен Харгоста және Әмірдің «Ситаре Мах Хасса» сарайында қалай астыртын жиналатынымызды, ұйымдастыру жұмыстарын қалай өткізетінімізді және Ұлттық Орталықтың бағдарламасын талқыладық. Нәтижесінде, Өзбекстандағы діни бағыттағы «Жадитшілдер» мен социалистік «Ерік», қазақтардың «Алаш» партияларымен бірігіп мен ұсынған жеті тармақтан тұратын Ортақ бағдарлама қабылдадық:


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет