1.Тәуелсіздікке жету;
2.Демократиялық мемлекет орнату;
3.Ұлттық армия құру;
4.Экономикалық басқару құрылымын орталықтандыру: темір жолдар мен қазба арналарды (каналдар) Түркістанның ұлттық меншігі деп жариялау;
5.Оқу-ағартуды жүйесін жаңарту және орыстардың ықпалынсыз батыс мәдениетімен тікелей байланыс жасау.
6.Ұлт мәселесі жөнінде: мектептерді және мемлекеттің табиғи байлығын мемлекеттегі ұлттардың үлес салмағына сәйкестендіре бөлу;
7. Толық діни еркіндік, дін істерін мемлекет ісімен араластырмау.
Қазақтар Діншені өкіл етіп қалдырып, елдеріне қайтқан соң, соңынан келген «Жадитшілдер» мен «Ерік» партияларының жеке-жеке бағдарламалары қабылданды. Бұл – Бұқарада бас қосуымыздың негізгі нәтижесі еді...» – деп (384-бет) еске алады.
Осы арада толық дәлелденбеген, бірақ шағын топқа ғана мәлім бір жорамал туралы айта кеткенді жөн көрдік. Ол «Қатираларда» аты аталған Мұхтар Әуезовтің астыртын Бұқараға З.Валидовпен жолығуға баруы. Өмірлік деректерде де, тергеу ісінде де, жалпы ауызекі әңгімелерде де М.Әуезовтің «Түркістан ұлттық бірлігі» қозғалысымен байланысы туралы ешқандай мағлұмат та, «сыбыс та» кездеспейді. Мұндай оқиға өмірде болса да М.Әуезовтің оны «мүлдем жадынан өшіріп тастауы» заңды да. З.Валидов жаңылысып, Ғазымбек Бірімжановпен ауыстырып алуы да мүмкін. Алайда, М.Әуезов пен Ә.Бөкейхановтың суреттерінің түсініктемесіне тура осы жылдары Бұқарада, кей түсінікте Маңғытау мен Хиуада түсірілді деп жазылған фотосурет бар. Онда М.Әуезов қырынан түсірілген және шашын алып тастаған. Сондай-ақ сол жылдары Бұқара мен Самарқанның баспасөзінде алашордашылардың қатарында жарияланған сызба сурет те бар. Қалай дегенмен де бұл оқиғаны жоққа да шығара алмайсың, шындыққа да жатқыза алмайсың. Тек Ташкентте қоныс аударғанда Қазақстаннан мүлдем күдер үзіп, партиялық билетін тастап кеткені анық. «Аштарға көмек» комитетінің мүшесі ретінде Ғ.Бірімжановпен бірге елеусіз сапармен баруы да мүмкін. Мұндай көңіл-күйдің тұсындағы адамның іс-әрекетін нақты болжау да қиын. Сондықтан да бұл мәселені ашық қалдырамыз. Сол тұстағы саяси жағдайдан толық мағлұмдар болу үшін тағы да З.Валидовтің естелігіне жүгінеміз:
«Біз партия бағдарламасы мен Ортақ мақсатнаманы реттестірдік, тек Орталық комитеттің құрамын бірден бекіте алмадық. Бұқаралықтар мен Ташкенттіктер қазақтарға сенім арта алмады. Көп тартыстан кейін біз башқұрттар ташкенттік Мунаввар Қариды ұсындық. Комитет төрағасы қажет болған жағдайда жасырын өмір сүруі талабына байланысты Мунауар Қари бұл ұсынысты қабыл алмады. Тәжіктер көсемі Садреддин Айниді ұсынғанымызда, ол да осы себеппен бас тартты. Оның үстіне оны қолдайтындар да аз еді (Бұл мәселеде екі жақ та ортақ мәмілеге келе алмады).
Шілдеде Анкарадағы Ұлы ұлттық мәжілістің мүшесі Исмаил Супхи Сойсаллыұлы Бұхараға келді. Ол өзін коммунистік партияны жақтаушы түрік депутаты ретінде жұртқа таныстырып жүрді. Түркістанда еркін жүрудің амалын осылай тауыпты. Өзі Мұстафа Кемал пашаның тапсырмасымен жүр екен. Менің өтінішім бойынша: бір-бірімен бәсекелес болып отырған тәжіктер мен өзбектерді ауызбірлікке шақырды. 30-шілде күні Әбдіқадыр мырзаның үйіне жиналдық. Супхи мырза Ортақ комитет төрағалығына мені ұсынды, бұл екі жақтан да қолдау тапты. Сонымен тамыздың екісінен бастап «Түркістанның ұлттық бірлігі» ұйымының Орталық комитетінің төрағасы ретінде жұмыс істей бастадым. Осындай қиын-қыстау күндерде М.Кемал паша тарапынан жіберілген арнаулы өкіл Түркістан үшін ұлттық күрес майданының бел ортасында жүрген қазақтардың «Алашорда» үкіметінің өкілдерін, соның ішінде Дінше мен ауған елшісі Әбдірасылханды көріп, қатты әсерленді.
5-7 қыркүйек күндері Самарқанда «Түркістан ұлттық бірлігінің» келесі құрылтайы ашылды (Қадыр Айдар есімді бір оқыған азаматтың бақшасында). Тағы бір жиналыс Матрид елді мекенінде болды. Матрид жиналысына қазақтардан Дінше қатысты. Дінше безгекке шалдығып, қатты ауырып қалды. Кейде есінен танып қалса да құрылтайды тастап кетпеді. Маған: «Өртеніп барамын. Шымбурыннан бір құмыра су әкеліп берші» – деп сандырақтай өтінді. Шымбурын – Балқаштың солтүстігіндегі Бетбақдаланың шөліндегі туған ауылындағы тереңдігі жүз құлаш, суы мұз құдық екен. Кейін: «Шымбурыннан бір ұрттамасам емделмеймін» – деп, ауылына қайтты. Ол бір жақсы ақын және әртіс жігіт еді. Өзінің қыдырма труппасымен түрлі жерлерде театр ойынын қойды (Қазақ театрының труппасын айтып отыр – Т.Ж.). Сойсаллыұлы Ысмайыл Супхи Бей Түркістанға сапары кезінде Қызылмешітте (Қызылорда – Т.Ж.)) Дінше қойған сахнаны тамашалап, труппаның үлкен бір суретін Ыстамбулға алып келіп, жариялады. ..Башқұртстаннан келген Башқұрт ұлттық әскерінің бір батальонын басмашылар жағына өткізіп жіберудің мүмкіндігі бар еді. Оған Рысқұлов және басқалар қарсы болып, әскерді басмашыларға емес, кеңестің ресми әскері қатарына қосылуын жақтады. Зарвшан өлкесінде «Ұлттық бірлікке» тән басмашы Ашылбек – найманның әскері болды. Ол өзбектердің Қоштамғалы руынан, отыз сегіз жастағы айтулы батыр, адамгершілігі мол, салмақты, ақылды әрі шаруалы тұлға. Ресей мен дүние саясатын газеттерден үйренеді. Жанында жалынды жиені жас Дәурен Ашыл бар еді» – деп («Қатиралар», 385, 412-беттер) жазды.
Дінше Әділев пен Заки Валидовтің жазбаларында бір-бірімен үйлесіп, бірін-бір растап отыратын ортақ желі бар. Ол туралы Д.Әділев:
– деп көрсетеді.
Астыртын ұйымды басқарып, қауіп пен қатердің қасында жүрсе де З.Валидов өзінің ғылыми жұмысын ұмытпайды. Д.Әділевтің айғағында көрсетілген «Манас» жыры туралы дерек «Қатиралардың» бетінен де орын алыпты. З.Валидов сұратқан «Манас» дастанының қолжазба тарихы былай екен:
«Ташкент қаласындағы сондай бір кеште (бұл кездесу З.Валидов бірінші рет Ташкентке келген 1913-1914 жылғы сапары кезінде өткен. Оқымысты ғалымның тағдыр талқысында жүргенде де ғылымды ұмытпағанын көрсету үшін және Д.Әділевтің көрсетіндісінің растығын тиянақтау үшін әдейі осы араға кіріктіріп отырмыз – Т.Ж.) мен қырғыздың тағы бір оқыған зиялысы Ибрагим Жанұзақовпен таныстым. Оның алдында қырғыздың тағы бір зиялысы манасшы Сарықұлмен Қазанда танысқамын. Бұл таныстығымыз әбестеу бір оқиғадан басталды. Студенттердің асханасында екі масаңдау студент – біреуі секпіл бет, екіншісі сарышашты орыс, қырғыз не қазақ тілінде дөрекі сөйлесіп отырды. Менің жақтырмағанымды біліп, екеуі маған тиісуге айналды. Мен тіс жармадым, бұл оларды одан бетер ызаландырды. Аспұзылға: мыналарға тоқтау айт, әйтпесе маған басқа орын беріңіз – дедім. Олар маған балағаттай ұмтылды. Мен секпіл бетке қарап: «Кет дегенде ит те кетеді, Алмамбет қалмақ неге кетпейді?» – дедім. «Манастан» алынған осы сөзді ести сала секпіл бет орында қатты да қалды: «Кешір, сен кімсің, қайдан келдің, «Манасты» қайдан білесің?» – деді. Студент қырғыз табан астында есін жиып алды. Біз сөйтіп таныстық. Сөйтсем ол мен туралы да естіпті, менің кітабімді де оқыпты. Ертеңінде әлгі қырғыз жігіті асханаға келіп, менен кешірім сұрады. Содан кейін «Манас» туралы әңгімелестік. Ташкент қаласында жоғарыда аты аталған Әубәкір Диваев маған ХІХ ғасырда араб әрпімен хатқа түскен, Радлов жариялаған белгілі нұсқадан мүлдем басқа дастанның бір нұсқасын берді. Жазудың көптеген жері өшіп кеткен, қалпына келтіру мүмкін емес еді. Сарықұловтың айтуы бойынша бұл нағыз манасшының ауызынан жазылып алынған нұсқа екен. Бұл қолжазба менің қолымда сегіз жыл сақталды. 1920 жылы Бакудегі шығыс халықтарының құрылтайы кезінде Жанұзақов (Төреқұл – Т.Ж.) менен уақытша сұрап алды, алайда ол бір жылдан соң Ферғанада кеңес өкіметінің әсерімен болған шайқаста қаза тапты. Сөйтіп, Жанұзақовтағы қолжазба да жоғалып кетті...1924 жылдан бастап кеңес өкіметі дастанды өзінің саясатына бейімдеп басуды қолға алды. Түркістандағы мен алған нұсқа орыстардың жаулап алуынан бұрын, Қоқан хандығы тұсында жазылған, 60 мың жол болатын. Сарықұлов екеуміз халық мұрасын ара әрпінде жариялаудв ойластырып жүргеміз. Жанұзақовтың да тілегі сол еді. Алайда қырғыз халқының бұл екі азаматы да орыстарға қарсы күрестің құрбандығы болды. «Манасты» бірігіп жариялаймыз деген жоспарымыз жүзеге аспады» – деп (140-141беттер) еске алады З.Валидов.
Д.Әділев арқылы Төреқұл Жанұзақовқа сәлем айтып, «Манастың» қолжазбасын сұратуы жайы осылай. Д.Әділевтің көрсетіндісі бойынша бұл оқиға былай аяқталған:
Сөйтіп, қарапайым ғана бұрынғы ауыл мұғалімі ұлты үшін жанын қиды. Мұны сол кездегі Түркістанның басшыларының бірі Сұлтанбек Қожанов та өкінішпен еске алады. Сталинге жазған хатында Т.Рысқұлов та:
«Менің ол кеңеске (ұлтшылдардың – Т.Ж.) қатыспағаныма қазір нақты көз жетіп отыр. Бір кездері менің атымды Жанұзақов пен (қырғыз, алғашқы кезде кеңес өкіметіне қызмет еткен) байланыстырып, жанықтырып жүрді. Осы Жанұзақов та Бакудегі Шығыс халықтарының құрылтайына қатысты. Маған ол: Түркістанға қайта оралысымен өкпе ренішін бас алмай, қызу-қандылыққа салынып , жолдан тайып кететіндей көрінді. Сондықтан да оған: менімен еріп Бакуден бірден Москваға жүріп кетуді ұсындым, Москваға барған соң аптығы басылар, одан жақсы қызметер шығар – деп ойладым. Мұны естіп отырғандардың ішіндегі куәлар да қазір тірі. Бірақта ол бас тартып, Ташкентке қайтып кетті. Онда мұның өліспей-беріспейтін дұшпаны Манап Әлімбеков «қарсы алды», басшы қызметкерлердің оны тұтқындау туралы құпия шешімі шықты (оны біреу жеткізді), мұны ести салып Жанұзақов (менің өзім мұны оқиғаға қатысқан біреудің аузынан естідім) таудағы қырғыздарға қашып кетті, кейін басмашыларға қосылды. Біздің онымен Бакуде айрылысқанымызға қарамастан, елеспен бірге кезіп: оны басмашыларға мен жіберді – деп қауесет таратыпты» – деп («Алаш қозғалысы, 3 т., 2-кітап, 194-бет») өкінішпен еске алады.
Ыбырай (Ибрагим) және Төреқұл Жанұзақовтар қырғыз елінің азаттығы жолында қару алып қаза тапқан қайраткерлер. Орысшыл «қаражүзділердің» қырғыз жұртына көрсеткен қысымынан кейін ызаға булығып Төреқұл басмашылар жағына шығып, сонда шаһит кетті. Қырғыздың аса өжет қайраткері, Жетісу губкомының жер мәселесі және ұлт істері жөніндегі комиссияның төрағасы Т.Жанұзақов жер реформасы тұсында «отаршыл коммунистердің» жағасын жыртып жүріп 1916 жылғы жазалау кезінде тартып алынған жерді қырғыз бен қазаққа қайрып беріп еді. Ұлт-азаттық көтерілісі кезінде қазақ-қырғызды жүздеп қырып, «бала-шағасын» қылыштап өлтірген казактар мен қоныс аударушыларды да жазаға тартқан болатын. Осынау күрделі тұлғаның тарихтағы орынына қырғыздар да, қазақтар да, өзбектер де әлі де толық баға бере алмай келеді.
Маған кеше кешке таяу маңызды хабар айтпақ ойлары болған екен, бірақ есітсе жалғыз өзі ұйықтай алмас деп ойлапты. Ол хабардың бірі – Әнуар пашаның осыдан екі күн бұрын Кулябта қызыл әскерлердің қолынан қаза табуы, екіншісі – Самарқан ауданының төрағасы қари Кемелдің өлтіріліп, басының орыстарға тапсырылуы еді. Әнуар пашаның өліміне сенер-сенбесімді сұрағандарға: «Басмашылардың бекіністері жоқ. Бір күнде бірнеше рет ажалмен беттесесің. Ал қари Кемелді осыдан 5-6 күн бұрын біз Үстірттен өткенде бізге берілуі тиісті аттарды бермеген сатқын Мұстақ өлтірген. Себебі сол күні қари Кемел ешбір сақтық шараларынсыз отбасына кетіп еді. Сатқын Мұстақ бұл мүмкіндікті пайдаланып, намаз оқып отырғанда оны алыстан тапаншамен атқан да, басын кесіп Жизаққа әкеткен. Содан кейін ол басты Ташкентте болатын Коммунистердің құрылтайына жіберген» – деп жауап бердім. Мұны естіген жастар қатты әбігерге түсті. Қалай болғанда да енді сатқын Мұстақтың тірі жүруі екіталай еді (443-бет)... Әнуар паша төртінші тамыз, жұма күні Балшыбаннан 7-8 шақырымдай жердегі Шекен ауылында орыстармен қақтығыста шәхит болды. Оның мына сөзі: «Жеңіске жете алмасақ та, ең болмаса өлігімнің осында қалуымен Түркістан тәуелсіздігіне қызмет еткен болар едім» – деуі оның шын жүрегінен шығып еді» – дейді (456-457 беттер).
Иә, тек қана Түркістан мен Түрікменстан, Бұқара мен Хиуа, Тәжікстан, Қазақстан республикасындағы жұртшылық емес, Ресейдің ішкі бөлігіндегі түркі тектес ұлттар үлкен үміт артып отырған «жалпытүріктік азаттық армиясы» туралы шындық та, аңыз да осылай аяқталды. 1917-1922 жылдардың аралығында түрікшілдік идеясы мен түрік азаттық армиясы түркі халықтарының арасында кәдімгідей мақсатты қозғалысқа айналып еді. Түркістан республикасының жариялануына байланысты бұл нақты саяси күшкеие бола бастаған. Заки Валидовті де астыртын қозғалысты басқаруға ынталандырған сол «жалпытүріктік азаттық идеясы» мен Әнуар паша басқарған «жалпытүріктік азаттық армиясы» еді. Үміт бір сәтте кесілді. Ташкентте ол Д.Әділевпен тағы да кездескенін:
«Бұл кездері Балқаш көлінің маңындағы Бетбақдалада кезінде Бұқарада бірге болған Діншенің ұйымдастыруымен 30-40 адам әскери жаттығуларды үйреніп жатыр еді. Олар Самарқандағы бізге және Әнуар пашаға көмектесу үшін, ал сырт көзге ат сатуға келген кісі боп Ташкентке жетті. Бәрі де ұлы даланың жалынды жастары екен. Ақын әрі театр әртісі Діншенің өзі де келіп, бұған қоса тағы да ержүрек жастар жіберетінін айтты» – деп (444-бет) еске алады.
Бұқара мен Қоқан «іссапарынан» қатты науқастанып келген Д.Әділев ауылына қымызбен емделуге, З.Валидовтің айтуынша, «Шымбурынның шыңырауының суын ішіп», ауруынан айығу үшін ауылына кетеді. Тергешіге: сол жазда Т.Рысқұловтың «пәрмен қағазымен» жастарды оқуға тарту үшін үгіт-насихат жүргізгенін баян етеді. Оның «жастармен тығыз әрі қызуқандылықпен жұмыс жүргізгенін» барлық куәлар баса көрсетеді. Сонда, ол шынымен де астыртын әскер жасақтады ма? Өзінің көрсетіндісінде:
«!» –
деп түсініктеме берген. Сенуге қисыны келмейді, сенбеске лажың жоқ. Дегенмен де мұндай көңіл-күйдің жастар арасында болғаны анық. Оған тергеуге тартылған ...:
«Қызылқұмда әскер құрамын. » – деген сөзі дәлел.
Сондай қысылтаяңда жүріп Заки Валидов «Түркістан ұлттар бірлігінің» құрылтайын Ташкентте өткізуге ұмтылады.
«Бірақ Түркістан саясатының белді тұлғалары – Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсын, Мұхамеджан Тынышбаев, өзбектерден Мунауар Қари, бұхаралық Хакімзада, мырза Әбдіқадыр Мұхиддин, түрікмендерден заңгер Қақажан Бердібаев және басқалар кеңестердің қатаң бақылауында болғандықтан да құрылтайға келе алмады (445-бет)... Құрылтайымыз 18-қыркүйекте басталды. Он алты адамның жиналғаны есімде. Әсіресе, қазақ ағайындар жақсы дайындалған еді. Үш күн үш жерде жиналдық. Талқыланған қаулылардың бәрі шын жүректен қабылданды. Әуелі Бұқарада құрылған «Орта Азияның қарапайым мұсылмандарының ұлттық одағының» орнына тек «Түркістан ұлттық бірлігі» деген ат қана алынды. Қазақстандағы «Алашорда» атауы – «Солтүстік Түркістан» болып өзгертілді. Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады, Түркістан сотын Ресейдің ішкі істері дәргейінен шығарып, ұлтаралық сотты енгізу, Түркістанның ұлттық сотын Ресейге тәуелсіз жасақтау туралы қаулылар қабылданды. Бұл құрылтайда: «Түркістан ұлттық бірлігі» орталығын сырттан басқару үшін менің Түркістанда қалмай, Иран, Ауғанстан және Үндістан арқылы Еуропаға кетуімді, Мұстафа Шоқайұлының да шетке кетуін мақұлдады. Маған осыған байланысты Құрылтай төрағасы қол қойған құжат та берілді. Арамызда шет тілін жетік білетін адам болмағаны үшін бұл құжат орысша және түрікше бір кездеменің бетінежазылды. Жұбайымды да бірге әкетуіме пұрсат берілді» – дейді (447 –бет) З.Валидов.
Әнуар пашаның қазасы және басмашылардың талқандалуы, «Түкістан ұлттар бірлігі» орталығының шешімі З.Валидовтің азаттық күресінің тұйыққа тірелгенін анық байқатады. Сондай құсалы сәтте Т.Рысқұловпен жолығуға ниет етеді. Т.Рысқұлов қабылдаудан бас тартады. Оның бұл тілегі туралы тергеушіге берген жауаптарында:
Д.Әділев:
......
.....
З.Валидовтің Москвадағы және Бакуге барар жолдағы «уағдасында тұрмай», кездесуден бой тартқаны үшін Т.Рысқұловқа ренжитіні де сондықтан. Ол бұл жайды «Қатираларда»:
«Айдың жиырмасында хат тасушы келіп, Тұрар Рысқұловтан хабар әкелді. Онда: «Валидовке орталық комитеттің қаулысы бойынша кешірім жасалды, қаласа Рудзутакпен кездессін, тек «қайда жүргенін» айтпасын, белгісіз боп қалуды көңілінде қатты ұстасын» – депті. Хаттың соңында: егерде кеңес өкіметіне қайтып оралмайтындай болсам, онда қалаған мемлекетке кетуіме көмектесетінін білдіріпті. Әрине, бұл кезде Түркістанның «ұлы генералы» Рудзутактың шақыруының үлкен маңызды бар еді» – деп ( 459 -бет) баяндайды.
1920 жылға дейін оппозициялық көзқараста жүргенін Т.Рысқұловтың өзі де 1923 жылы 9-12маусым аралығында РК(б)П орталық комитетінң Ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерімен өткізген төртінші кеңесінде сөйлеген сөзінде мойындады. Сұлтанғалиевті ұлтшыл ретінде әшкерелеуге арналған бұл кеңесте Т.Рысқұловқа да айып тағылған болатын. Оған жауап ретінде:
«Сұлтанғалиевпен идеологиялық сыбайластық туралы екінші мәселе туралы мынаны айтамын. Мен партияның орталық комитетінің алдында, осы кеңестің алдында мынаны мәлімдеймін: Сұлтанғалиевтің ұстанған ұстанымы шындығында да шектен асып кетті, биылға дейін емес, 1920 жылға дейін мен де осы ұстанымда болғамын және ең жанкеші оппонент болдым, мұны орталық комитет жақсы біледі. Мен Орталық комитетте: әскери мәселе жөнінде де, партиялық мәселе жөнінде де, басқа мәселелерде де, тіпті сол кезде жүргізілген барлық саясат жөнінде ұрсысуға дейін бардым. Нәтижесі – менің Түркістандағы қызметімнен кетуіммен аяқталды. Шығыс халықтарының құрылтайында мен бұл оппозицияны әшкереледім. Мен бұның бәрін жоққа шығармаймын, бірақта құрметті жер аудару ретінде Москвада, Ұлттар жөніндегі комиссариятта екі жыл істедім және кейбір түркістандық жолдастардың тұрғысынан адам төзбестей қорлықты көрдім. Бұл қорлық тек саяси жақтан ғана емес, коммунистке көрсетілген (мен партия мүшесі емеспін бе) бұл қорлық менің жанұяма да (үйден қуып шығу, қудалау т.т. тұрғысында) көрсетілді. Осындай ауыр күйзеліске қарамастан мен Москвада қалдым, жау жағына шығып кеткемін жоқ» – деп (сонда, 222-бет) сөйледі.
Бұл оның ең батыл сөздерінің бірі. Сөзінің соңында мінбеден:
«Менің өз көзқарасым бар. Мен ешқашанда Сұлтанғалиевтің көзқарасының ырқымен жүргемін жоқ. Мұндайға бару үшін мен тым турашыл адаммын, мен өз көзқарасымды жасырмаймын, және бұл іске менің қатысым бар деген Сталин жолдастың мәлімдемесі дұрыс емес. Сталин қателеседі» – деп тура айтқан.
Сонда Сталин: «Алла жар болсын» – депті орнында отырып. Ол кезде мұндай тайталасқа бару үшін де тек өжеттік қана емес, аса саяси батылдық қажет болатын.
Қазақ автономиясы жарияланбастан бұрын Т.Рысұлов ««Қазақ өлкесін басқаратын революциялық комитетке. 1920 жылдың 29 наурызынан бұрын:
Түркістан республикасының кезекті ІХ құрылтайы 1920 жылдың 15 мамырына бекітілді. Құрылтайда талқыланатын өте маңызды мәселенің бірі – Түркістан республикасының жаңадан өңделген атазаңы болып табылады. Түркістан республикасының Орталық атқару комитеті көрші екі республиканың – Қазақстан мен Түркістанның арасындағы қарым-қатынас туралы, соның ішінде Сырдария мен Жетісу облыстарының Қазақ республикасының территориясына қосылуын ескере отырып, сондай-ақ Қазақ республикасының астанасын Ташкентке ауыстыра отырып, байланысты одан әрі күшейту туралы пікірлеріңізді шұғыл түрде байланысты нығайту мақсатында Қазақ ревкомының атынан Түраткомына өкіл жіберулеріңізді өтінеміз, сондай-ақ Қазақ ревкомына Түркістан да өзінің өкілін жіберу басты шарт болып табылады. Сонымен қатар бүкілқазақ құрылтайын шақыру қалай жүріп жатыр, құрылтайдың күн тәртібі қандай, соның ішінде жоғарыда аталған екі мәселе туралы пікірлеріңізді, бауырлас түркі халықтарының арасындағы қалыпты эконоикалық байланыс орнатудың жолдары туралы жобаларыңызды Түраткомға хабарлауыңызды сұраймыз. Түркістан орталық атқару комитетінің төрағасы – Т.Рысқұлов» – деп ( 3 томдық Шығармалар жинағы, 3 т., с. 171) жеделхпт жолдады.
Міне, Қазақстан мен Түркістан қазақтарының арасындағы межелеу науқаны осы кезден басталды. Тұрар Рысқұлов пен С.Қожановтың, С.Сәдуақасовтың арасындағы пікір ұстанымдары осы мәселеге келгенде бұрынғыдан да алшақтай берді. Бұл қарама-қайшылық, өзара жаулық, топ құру деп бағаланып келеді. Менің ойымша бұл – ұстаным. Үшеуінің ешқайсысы да жеке басының мүддесін қорғап отырған жоқ. Үшеуі де қолайлы жағдайды пайдаланып, бұрын меже сызығы анықталмаған мемлекеттердің шекарасы мен халқын қалыптасқан және саяси мүмкіндігі бар, тәуелсіз мемлекет етіп жариялағысы келді. Үш жобаның да астарында да саяси жағырафиялық әрі демографиялық негіз болды. Бұл жағдайды туғызған – «бөліп ал да билей бер» – деген әлемдік отаршылдық саясаттың аяр айласының нәтижесі еді, яғни, кең байтақ қазақ даласының басын біріктірмес үшін оны: Ішкі істер министрлігіне қарайтын – Батыс Сібір, Сыртқы істер министрлігінің дәргейіндегі – Орынбор генерал-губернаторлығына және Әскери министрліктің құзырындағы – Түркістан уәлаятына бөліп тастады. Біртұтас ұлттың жерін де, елін де, басқару жүйесін де, елдік мүддесін де мүшелеп алып, олардың арасына қайта басы бірікпейтіндей араздық сбеу болатын.
Бірақта ол пиғылды тарихитың өзі екшей келіп, С.Сәдуақасов пен С.Қожановтың межесіне орай Қазақстан автономиясының шекарасын бекітіп берді. Осы шекара үшін, ел мен жер үшін жанталаса күрескен «Алашордалықтар» іле-шала қуғындалды, саяси жазаға тартылды, ал С.Меңдешев пен Ә.Жанкелдин сияқты отарлық қамытты мойынынан шығарғысы келмегендер сол мемлекетті басқарып, биліктің қызығын көрді.
Достарыңызбен бөлісу: |