Дамыта оқыту
Дамыта оқыту әдістемесі – бұл оқу қызметінің түбегейлі басқаша құрылымы, оның атүсті
дайындау мен жаттауға негізделген репродуктивтік оқытумен ортақ ештеңесі жоқ. Оның
тұжырымдамасының мәні баланың дамуы мұғалім үшін де, оқушының өзі үшін де басты
міндетке айналатын жағдайларды жасаудан тұрады. Дамыта оқытуды ұйымдастыру тәсілі,
мазмұны, әдісі мен нысандары баланы жан-жақты дамытуға бағдарланған.
Мұндай оқыту барысында балалар жаңа білімді, машықтар мен дағдыларды меңгеріп қана
қоймайды, сондай-ақ ең алдымен оларға өз бетімен жету тәсілдерін игереді, олардың
қызметке деген шығармашылық көзқарасы қалыптасады, ойлауы, қиялы, зейіні, жадысы,
ерік-жігері дамиды.
Дамыта оқытудың өзекті идеясы – ойлауды ілгерінді дамыту, бұл баланың өзінің
шығармашылық әлеуетін өз бетімен қолдануға дайындығын қамтамасыз етеді.
Дамыта оқытудың өзіндік ерекшелігі – дәстүрлі мектеп бағаларының болмауы. Мұғалім
балалардың еңбегін жекелеген эталондар бойынша бағалайды, бұл олардың әрқайсысы
үшін сәттілік жағдайын қалыптастырады. Жеткен нәтижені мазмұнды өзіндік бағалау
енгізіледі, ол мұғалімнен алынған нақты өлшемшарттардың көмегімен жүргізіледі.
Оқушының өзін өзі бағалауы мұғалімнің бағасынан бұрын беріледі, қатты айырмашылық
болса ол сәйкестендіріледі.
Оқушы өзін өзі бағалау әдістемесін меңгеріп, өзінің оқу іс-әрекеттерінің нәтижесінің
соңғы мақсатқа сәйкес келетіндігін өзі айқындайды. Кейде тексеру жұмыстарына әдейі
сабақта өтпеген материал немесе балаға бейтаныс тәсілдермен шешілетін тапсырмалар
енгізіледі. Бұл қалыптасқан оқу машықтарын бағалауға, балалардың бағалау
қабілеттілігін, олардың нені білетін-білмейтіндігін айқындауға, олардың зияткерлік
қабілеттіліктерінің дамуын қадағалауға мүмкіндік береді.
Оқу қызметі бастапқыдан-ақ ұжымдық ойлану, пікірсайыстар мен мәселені шешу
нұсқаларын бірлесе іздеу ортасында ұйымдастырылады. Оқудың негізін мұғалім мен
оқушы арасындағы, сондай-ақ өзара диалогтық қатынас құрайды.
|