Зейнулина А. Ф. филология ғылымдарының кандидаты, доцент, С. Торайғыров атындағы пму қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі



жүктеу 0.96 Mb.
бет2/5
Дата12.06.2016
өлшемі0.96 Mb.
1   2   3   4   5

4 Сөйлемдерге синтаксистік талдау жасаңыз

1 Вирустардың кейбір түрлерінің әсері тіпті одан да терең болады. 2 Қазіргі кезде 80 000-нан аса компьютерлік вирустар белгілі. 3 Мұндай «бүлінген» программаны іске қосқанда алдымен вирус іске қосылады. 4 Олар көптеген программалар мен дискілерге үндемей таралып кетеді.
5 Шашыраңқы берілген сөздерден сөйлем құрастырыңыз

1 Бүлдіре алады, кез келген, вирус, дискідегі, файлды. 2 Тез, вирустарды, бұл, анықтау ісін, қиындатады. 3 Сирек, өте, көшіреді, бір, екінші, компьютерден, компьютерге, драйверді. 4 Мұндай вирустарды, файлдарды, деп, зақымдайтын, атайды. 5 Соңғы кезде, вирустар, файлдық, таралуда, көбейіп, өзгертетін, жүйені. 6 Детектор -программалар, ұстайтын, қиындайды, оларды, жұмысы. 7 Жасырынуды, вирустар, әдетке айналдырған, резиденттік, көптеген.


6 Төменде берілген сөз тіркестерімен сөйлем құрастырыңыз

Қатты диск, компьютерлік вирус, мәліметтерді жоғалту, қайта форматтау, тез орындалу.


7 Аударыңыз

Вирус жұққан, зиянды іс-әрекеттер, кері әсер, «бүлінген», шағын көлемді, арнайы жазылған, қате орындалады, іс-әректі байқалмайды, вирус жұмысқа кіріседі, әдеттегіден тыс, бөтен мәліметтер, жылдамдығы баяулайды, өздігінен қайта форматтайды, құрттар, ұстауыш вирустар, пайдаланушыға байқалмайды, істен шығады, насихатшы, программаны іске қосқанда, вирустан қорғану.


8 Аударыңыз

Передача на сторону, легко, несанкционированные, старается, бесконечный, портить, зараженный, скрываются, распечатывать, секретный, замедляется, гуманные, выводит из строя, шантажирующие, незаметно, в холостую, посторонние, причинять серьезные повреждения, логика работы, по цели, можно классифицировать.


12 Компьютерлік вирустар

Бұйрықты сөйлем.


Біреуге бұйыру, тілек-өтініш ету мақсатында айтылған сөйлемді бұйрықты сөйлем дейміз.
Бұйрықты сөйлемнің жасалуы


Бүйрықты сөйлем баяндауышы

Мысалдар

  1. Етістіктің бұйрық райының 2-жақ жекеше, көпше (анайы, сыпайы) түрі мен 3- жақ түрі

Ал енді, құлыным, адам бол, оқы. (Б. Тоғысбаев) Мына дәріні ішіңіз. (Ғ. С.) Жұматай жолдан адаспасын! Тарт енді!(М.Ә.)

  1. Бұйрық, не шартты райға –шы/-ші жұрнағының жалғануы арқылы

Зайра апай, мынаны оқып беріңізші.(С. О.) Осы жағдай сенің де есіңде болсыншы, балам. (А. Байт.)

Тапсырмалары


1 Берілген сөйлемдерді бұйрықты сөйлемдерге айналдырыңыз

Үлгі: Өзің әңгіме не өлең жазасың ба? - Өзің әңгіме не өлең жаз. (жазатын бол, жазсаңшы).

1 Оқушылар оқытушының кеңесі бойынша тапсырманы орындады. 2 Ақпаратты әркімнің жиі пайдалануын шектеу керек. 3 Құжаттардың көшірмесін сақтап отырасың ба? 4 Майра компьютерді вирусқа тексерді. 5 Бір сағаттан кейін программаны орындағандарын баяндайды. 6 Олар вирусқа қарсы программаны үнемі пайдаланып отырады. 7 Біз сырттан келетін мәліметтерді мұқият тексеріп отырамыз.
13 Компьютерлік вирустардан сақтану

Лепті сөйлем


Сөйлеушінің көңіл-күйін (қуану, ренжу, өкіну, аяу, т.б.) білдіріп, ерекше әуенмен айтылатын сөйлемді лепті сөйлем дейміз.

Жазуда лепті сөйлемнің соңынан леп (!) белгісі қойылады.

Лепті сөйлемнің құрамында көбінесе



    • одағай сөздер (Япыр-ай, ұшқыр екен мына жорға!) (С.М.);

    • не еткен, не деген, қандай деген сияқты күшейткіш мәнді

сөздер (Отаным қандай кең-байтақ, Астанам не еткен тамаша!) (Ж.Ж),

    • ақ, -ау, -ай деген сияқты демеулік шылаулар (Биылғы жыл

алманың шығымдысы-ай!) (С.М.) және де басқа күшейткіш мәнді сөздер болады.

Хабарлы, сұраулы және бұйрықты сөйлемдердің қайсысы болсын ерекше көңіл-күймен айтылғанда, лепті сөйлемге айналады. Мұндайда хабарлы, бұйрықты сөйлемдерден кейін леп белгісі қойылса, сұраулы сөйлемнен кейін сұрау мен леп белгісі қабат қойылады.

Мысалы: Әне, кеп қалды! (С. М.) Арқаннан айрылма! (Ғ. М.) Жаным-ау, Мейрам ба мынау?! (Ғ. Мұст.)

Тапсырмалары
1 Лепті сөйлемдерді оқып, аударыңыз.

1 Қап, программаға вирус жұққан екен! 2 Енді қайттім? 3 Алақай, арнайы программалар арқылы сол программаларды бастапқы қалпына келтірді! 4 Мен саған ризамын, Елемес! 5 Өлеңі не деген жақсы! 6 Ақын ғой өзі! 7 Ой, ғажап, мынаны қалай жасағансың! 8 Түу, мынау әнші ғой өзі! 9 Ай, шырағым-ай бір тыныш жерде отырсаң етті! 10 Айттым ғой саған!


2 Сөйлемдерді аударыңыз.

1 Не забудьте проверить диск на вирус! 2 Как выполняет свою функцию зараженная программа? 3 Вам нравится работа с компьютерами? 4 Помогите, пожалуйста, установить программу.

5 Извините, могли бы вы мне помочь? 6 Ох, я забыл сохранить документ! 7 Ах, вирус испортил мои файлы! 8 Что же мне теперь делать?! 9 Ура, мои файлы восстановлены!
3 Сөйлемдерге әр түрлі сұрақтар қойыңыз.

Үлгі: Олар көптеген программалар мен дискілерге таралып кетеді. - Олар қайда таралып кетеді? Олар көптеген программалар мен дискілерге таралып кетеді ме? Олар не істейді?

1 Олар көптеген программалар мен дискілерге таралып кетеді. 2 «Троян аттары» көбінесе компьютер желілерін жайлап алады. 3 Вирус жұққан компьютердің жұмыс істеу жылдамдығы баяулайды. 4 Вирустың кейбір жаңа нұсқалары операциялық жүйе программаларын істен шығарады. 5 Соңғы кезде вирусқа қарсы түрлі проограммалар дайындалып шықты. 6 Ревизор- программалар дискінің жүйелік аймағы туралы мәліметтерді есіне сақтайды. 7 Олар сәйкессіздікті дереу программа иесіне хабарлайды. 8 Доктор –ревизорлар файлды автоматты түрде емдейді. 9 Вирусқа қарсы программаларды тұрақты қолдану керек. 10 Доктор-программалар вирус жұққан программалар мен дискілерді емдейді.
4 Антонимдік жұптарын табыңыз

Іске қосу, тез, зиянды, қиын, қате, шағын, сөндіру, пайдалы, баяу, дұрыс, оңай, үлкен.
5 Синонимдерін жазыңыз

тез - ... ықпал - ... қорғану - ...

ақырын - ... жылдам - ... бөтен - ...

қиын - ... күрделі - ...


6 Аударыңыз

Вирус түрлері, сақтану үшін, қорғау, дәрменсіз, емдеу, вирус әсерін жою, сәйкессіздік, түзеу, хабарлау, вирус жұқтыру мүмкіндігін азайту, пайдалануын шектеу, көшірмесін сақтау, сырттан келген мәліметтер, мұқият тексеру, вирусқа тексеру, емдеу аспаптары, бастапқы қалпына келтіру.


7 Аударыңыз

Чтобы защитить, контроль, постоянно применять, могут защитить, неизвестный вирус, срочно сообщить, лечить автоматически, ограничить пользование, сохранить копию, тщательно проверять, проверить на вирус.


14 МS WORD редакторы

Жай сөйлем



Жай сөйлемнің құрылысы және көлемі әрқашан бір сипатта бола бермейді. Жай сөйлемдердің ерекшеліктеріне қарай мынадай түрлері болады:

1) жақты сөйлем және жақсыз сөйлем,

2) жалаң сөйлем және жайылма сөйлем,

3) толымды сөйлем және толымсыз сөйлем,

4) атаулы сөйлем.

14. 1 Жақты сөйлем

Жақты сөйлем – жай сөйлемнің бір түрі. Ол – сөйлемнің бастауышы болуына негізделеді. Мысалы: Күн де батты. Айнала жым-жырт. (М. Ғабд.) Бұл сөйлемдерде бастауыш қатысқан: күн, айнала.

Кейде бастауыш айтылмай түсіп те қалады. Бірақ оны баяндауыш арқылы оңай табуға болады. Мысалы: Жақсы азамат боласың. Ер болып ер жетесің, қарағым.(М. Ә.) Бұл сөйлемдерде бастауыш айтылмағанмен баяндауышына қарап, бастауыштың қай сөз екенін табуға болады. Екі сөйлемде де бастауыш - сен деген жіктеу есімдігі. Сен жақсы азамат боласың. Сен ер болып ер жетесің.



Құрамында бастауыш қатысқан жай сөйлемнің түрін жақты сөйлем дейміз.
14. 2 Жақсыз сөйлем

Кейбір сөйлемдерде бастауыш мүлде болмайды. Ондай жағдайда баяндауыштың өзі сөйлемге ұйытқы болып тұрады. Мысалы: Маған онымен талай кездесуге тура келді. («Нан иісі») Оған таңдануға болмайды. (Е. Әкімқ.)

Баяндауыштың бір өзі сөйлемге ұйытқы болатын жай сөйлемнің түрін жақсыз сөйлем дейміз.

Жақсыз сөйлемнің жасалу жолдары:

Жақсыз сөйлемнің баяндауышы:

1) –қы/-кі, -ғы/-гі жұрнақты қалау райлы етістіктен болады: Менің арзан сөзді айтқым келмеді. (Ә. Ә.)

Схемасы: негізгі етістік + –қы/-кі, -ғы/-гі + тәуелдік жалғау кел көмекші етістігі.

2) барыс септік жалғаулы тұйық етістіктен соң бол, жара, тура, кел деген көмекші етістіктердің келуі арқылы жасалады: Бұл жерде суға түсуге жарамайды. (Г. Г.)

Схемасы: тұйық етістік + ға/-ге + бол ( жара, тура, кел) деген көмекші етістік (+ тура + кел)

3) атау немесе барыс септік тұлғалы тұйық етістіктен соң керек, жөн, мүмкін деген бейтарап сөздердің тіркесіп келуі арқылы жасалады: Біздің ашық сөйлесуіміз керек. (Б.)

Схемасы: тұйық етістік + тәуелдік жалғау + керек (жөн, мүмкін).

4) –ып/-іп/-п жұрнақты көсемшеден кейін бол деген көмекші етістіктің болымсыз тұлғада келуі арқылы жасалады. Бұдан ешнәрсе түсініп болмайды.

Схемасы: көсемше + болма...

5) құрамында бастауыш тұлғалы сөзі бар идиомдар жақсыз сөйлем болады: Енді біраздан кейін көз байлануға айналды. (С. М.)

Схемасы: Идиома атау септікті сөз + етістік.
Тапсырмалары
1 Оқып шығып, жақсыз сөйлемдердің қандай жолмен жасалып тұрғанына талдау жасаңыз

1 Досанның тауға қайтадан барғысы келді. 2 Бізге уақытты ұту керек. 3 Жәрдемшіге хабар айтуға болады. 4 Бұл сөзді Сырбайдың әрі қарай созғысы келмеді. 5 Меніңше, Молдабаев жолдастың осы тілегін қуаттау керек. 6 Туыстарыма жетудің сәті түсе қалды. 7 Командирге тіл қайыруға болмайды. 8 Әлден уақыттан кейін жұрт аяғы басылды. 9 Бурабайдың табиғатын ауызбен айтып болмайды.


2 Төмендегі сөздермен жақты, жақсыз сөйлемдер құрастырыңыз

Кірістіруге болады, даярлағым келді, пайдалануға тура келді, сақтауыңыз жөн, айтып болмайды, таңдау керек.


14. 3 Жалаң және жайылма сөйлемдер
Жай сөйлемнің жалаң және жайылма болуы тұрлаусыз мүшелердің қатысу-қатыспауына байланысты.

Кейбір жай сөйлемдердің құрамында тұрлаусыз мүшелер болмайды. Мысалы: Үй іші тым-тырыс. Жылбек, сенбісің? Бұлар жүріп кетті. (Ә. Ш.)

Тұрлаусыз мүше қатыспаған жай сөйлемді жалаң сөйлем дейміз



Жалаң сөйлем құрылысына қарай жақты да, жақсыз да сөйлем болуы мүмкін. Мысалы: Біз екеу едік. Әбдірақман жүре берді. Анауың кім? (Б. М.) Кіруге бола ма? Оқығым келеді.

Жайылма сөйлем тұрлаусыз мүшелердің қатысуы арқылы жасалады. Мысалы: Бүгін аспан бұлтсыз. Қойшы Қордайдың кезеңіне шықты. (І. Ж.) Алғашқы сөйлемді бүгін деген мезгіл пысықтауышы қатысып, жайылма сөйлемге айналдырса, соңғы сөйлемді анықтауыш (Қордайдың) пен мекен пысықтауыш (кезеңіне) қатысып, жайылма сөйлемге айналдырып тұр.

Тұрлаусыз мүше қатысқан жай сөйлемді жайылма сөйлем дейміз

Жайылма сөйлемдер де құрылысына қарай жақты не жақсыз бола береді. Мысалы: Әбіш енді Дәркенбайдан Базаралының бүгінгі жайын сұрап еді. (М. Ә.) – Жақты сөйлем. Мейрамның Мұздыбайға соға кеткісі келді. (Ғ. М.) – Жақсыз сөйлем.
Тапсырмалары
1 Сөйлемдерді оқып, жайылма сөйлемдерді жалаң сөйлемдерге айналдырып жазыңыздар

1 Әр терезенің өз контексті мәзірі бар. 2 Айгүл жаңа буманы жұмыс үстелінде құрды. 3 Анар компьютер көмегімен салған суретін шашыратқышпен түрлі-түрлі түске бояды. 4 Ол өзінің салған суреттерін қағазға басып шығарды. 5 Жанар құжаттың әр бетін алдымен тексеріп шықты.


2 Жалаң сөйлемдерді жайылма сөйлемдерге айналдырыңыз

1 Аудитория іші тына қалған еді. 2 Біз барамыз. 3 Дауыстар шығып кетті. 4 Мен қолдаймын. 5 Біз құрамыз. 6 Оқушылар қарай қалып еді. 7 Ол бұғып қалды. 8 Мен қорықпаймын. 9 Кімдер барады?

(«Дала дауылпаздарынан»)
14. 4 Толымды және толымсыз сөйлемдер
Жай сөйлемнің кейбіреуінде айтылуға тиісті мүшелері түгел қатысып, тыңдаушыны толық қанағаттандырады, іс-оқиға жайында толық хабар беріледі. Мысалы: Мен сол күнде кеште Сейдәзімов Мейірқұлмен ұзақ отырдым. Жер жыртқан тракторлар гүрілі алыстан құлаққа шалынды. (С. Сарғ.)

Айтылуға тиісті мүшелері түгел қатысқан жай сөйлемнің түрін толымды сөйлем дейміз.

Толымды сөйлемнің негізгі белгісі:

1) айтылуға тиісті мүшелері түгел қатысады;

2) басқа сөйлемге тәуелді болмай, дербес айтыла береді.

Жай сөйлемдердің кейбіреуінде айтылуға тиісті бір мүше не бірнеше мүше бұрын тұрған сөйлемнен белгілі болғандықтан, қайталап айтылмай түсіп қалады. Мысалы: уақыт деген жүйрік қой. Былай қарасаң, қас қаққанша өте шығатын сияқты. («Армысың, ардақты адам».) Екінші сөйлемде айтылуға тиісті мүше (уақыт) қатыспаған. Сондықтан бұл толымсыз сөйлем болып тұр. – Командиріңіз қайда? – Алда кетіп барады. (М. Ғабд.) Соңғы сөйлемде «командиріміз» деген бастауыш айтылмай қалып тұр.

Айтылуға тиісті тұрлаулы я тұрлаусыз мүшелерінң бірі түсіп қалғанжай сөйлемді толымсыз сөйлем дейміз.

Толымсыз сөйлемнің жасалу жолы екі түрлі:

1) өзара желілес сөйлем тобында

Агроном қаулап шыққан жас егіннің тынысын тыңдағандай

сүйсіне сөйлейді.

- ( ) Біркелкі жақсы өсіпті. Май айының жаңбыры да (неменеге) болысып жіберді. (кім? нені?) Кеш ексек те, (не?) кенжелейтін емес. («Тербеледі тың дала»).

Базар апайды бұл маңайда білмейтін адам жоқ. Сол себепті де мына салтанатқа шақырылып отыр. (З. Иманб.) Соңғы сөйлемде бастауышы (Базар апай) түсіп қалған – толымсыз сөйлем.

2) Диалог (екі я бірнеше адамның сөйлесуі) жағдайында



    • Ал, ұлым, сен қайдансың?

    • (Кім?) Қазақстаннан, Алматыдан.

    • Иә, (кім? нені?) білем, (қайда?) барғанмын. Қазақстанның

болашағы зор. (не?) Еліміздегі шексіз қазыналы өлке. (Қ.Тол.)

    • Сіз Құлжан ағайды білесіз бе?

    • Білемін. (С. Сарғ.)

Мұнда да соңғы сөйлем (Білемін.) толымсыз сөйлем болып тұр:

айтылуға тиісті бастауышы (мен) және толықтауышы (Құлжан ағайды) түсіп қалған.


Тапсырмалары
1 Оқып шығып, толымды және толымсыз сөйлемдерді табыңыздар. Толымсыз сөйлемде қай мүше айтылмай қалғанын анықтаңыздар

1 Аспаптар панелінің бағаналар түймесін шертіңіз. 2 Төрт бағанадан тұратын панель көрінеді. 3 Жылжытып көріңіз. 4 Санын қалай азайтады? 5 MS Word – дүние жүзі елдерінде кең тараған мол мүмкіндікті мәтіндік редактор. 6 Мәтіндік процессор деп те аталады.

7 Қосымша программалар да енгізілген. 8 Стандартты файлды шаблон деп атайды. 9 Типті құжаттардың үлгі түрі бланкісі.

10 - Жақсы білетін бір бағдарламалаушың бар ма?



    • Бар ғой.

    • Кім еді ол?

    • Балғабай.

    • Қай Балғабай?

    • Оспанов.

    • Кәдімгі Балғабай Оспановты айтып тұрмысың? Оны жақсы білемісің сен?

    • Иә, білем. Қолданбалы бағдарламаларын көргем.

    • Очерк жазып берсеңші сол кісі туралы!

14. 5 Атаулы сөйлем


Кейбір жай сөйлемдер іс-оқиғаны баяндамайды, тек зат

құбылыстың , мезгілдің, мекеннің атауын ғана білдіреді.

Түн. Қыс. Боран. Ышқынған долы дауыл. Қопарып

ұшырғандай кавказ тауын. (С. М.)

Егер атаулы сөйлемдер арқылы беріліп тұрған ойды басқа

сөйлеммен білдіргіміз келсе, былайша болар еді:

Қыстүгіні түнде боран болды. Долы дауыл ышқына соқты. – Бұл

сөйлемдер атауды емес, оқиға жайында баяндауды білдіреді.

Іс-оқиға жайында баяндамай , тек соған байланысты жағдайды (мезгіл, мекен т. б.) атап көрсететін жай сөйлемнің түрін атаулы сөйлем дейміз

Атаулы сөйлем негізінен зат есімнен болады. Күз. Сіркіреп

жаңбыр жауып тұр. (Н. Ғабд.)



Құрамы жағынан атаулы сөйлем жеке бір сөзден де, екі немесе одан да көп сөздердің тіркесінен бола береді. Жазық дала. Ызғырық жел бар. (Н. Ғабд.) Түн орталаған шақ. Шығыста бүк түсіп Қарағайлы тауы жатыр. (Т. Н.)

Мағынасы жағынан атаулы сөйлем мезгілді, мекенді, жағдайды және басқа да әр түрлі заттың атын білдіреді. Мысалы: Маусым. Құлпырған дала гүлдерінң жұпар иісі мұрын жарып, кеудені ашады. (З. Ш.) Құба жон. Мұнара. Мұнара бойы тұтасқан қимыл – бұрғылау ісі қызып жатыр. (З. Қабд.)


Тапсырмалары
1 Бірінші топта жеке сөз, сөз тіркесі берілген. Екінші топта сол сөздер мен сөз тіркестерінің басқа сөйлемдер тобында айтылуы көрсетілген. Бірінші және екінші топта айтылуының арасында мақсаты жағынан қандай айырма бар екенін айтыңыздар

1 Кеш, кең зал, электр шамдары, компьютерлер, қызметкерлер.

2 Кеш. Кең зал. Жарқыраған электр шамдары. Қуатты компьютерлер. Мекеме қызметкерлері.

2 Атаулы сөйлемдердің астын сызып, неше сөзден құралғанын, олардың қай сөз табынан екендігін көрсетіңіз

1 Мәскеу, Мосторг. Мың-мың жан. Ішінде мен. Мыңға мыңқ етпейтін үй биік, кең. (С. М.) 2 Қарт... кабинет ішін көзден өткізген еді. Айнала қабырғада бірнеше сурет. Екі-үш үлкен карта. Ортада қызыл жапқан үлкен үстел. Жағалай орындықтар. (Ғ. С.) 3 Жаз. Түн. Айсыз ашық аспан.


15 Windows жүйесіндегі Excel программасы

Құрмалас сөйлем туралы жалпы түсінік
Сөйлемдер құрылысына қарай жай және құрмалас сөйлем болып екі үлкен топқа бөлінеді.

Жай сөйлем бастауыш пен баяндауыштың қатынасынан (кейде тек баяндауыштың өзінен) құралып, бір ғана ойды білдірсе, құрмалас сөйлем кемінде екі жай сөйлемнен құралып, күрделі ойды білдіреді.

Екі немесе бірнеше жай сөйлемнен құралып, күрделі ойды білдіретін сөйлемді құрмалас сөйлем дейміз

Құрмалас сөйлемнің құрамындағы жай сөйлемдер өзара мынадай жолдармен байланысады:

1 Ұласпалы (тиянақсыз) интонация арқылы байланысады.

2 Жалғаулық шылаулар арқылы байланысады.

3 Құрмаластың құрамындағы алғашқы жай сөйлемнің баяндауышы тұлға жағынан тиянақсыз болғандықтан, соңындағы сөйлеммен құрмаласа байланысады.

Құрмалас сөйлемдер байланысу тәсілдері мен құрамына қарай салалас құрмалас, сабақтас құрмалас, және аралас құрмалас болып үш түрге бөлінеді.
Тапсырмалары
1 Төменде берілген әр екі жай сөйлемнен бір құрмалас сөйлем құрап жазыңыздар

1 Марат зерттеулер жүргізді. Анар сол нәтижелерді өңдеді.

2 Асқар мәліметтерді таңдайды. Сол мәліметтерді көмекшісі таңдайды.

3 Дархан хат жазды. Алтынай оны компьютерде терді.

4 Айгүл мәліметтер базасын даярлайды. Бернар сол мәліметтер негізінде диаграммалар жасайды.

5 Компьютерлер сөніп қалды. Біз сіздердің ақша аудармаларыңыз туралы мәліметтерді қағазға шығарып бере алмаймыз.


2 Берілген жай сөйлемдерді мағыналарының жақындығына қарай өзара байланыстырып, құрмалас сөйлемдерге айналдырыңыз; тұрлаулы мүшелердің астын сызып отырыңыз

1 Қазіргі кезде компьютерлер кеңінен қолданылады, ...

2 ..., кеңесшілер зерттеулер жүргізуде.

3 Олар осындай көптеген мәліметтерді электрондық кестеде өңдейді, ...

4 Біз сіздің ұсынысыңызды қарастырдық ...

5 ..., сондықтан келесі аптада жаңа жабдықтар орнатылады.

6 ..., олар соңғы мәліметтерді тексерулері керек.

7 ..., өйткені олар мәліметтерді үлкен жылдамдықпен өңдейді.

8 ..., себебі ол пайдалануда өте қарапайым және күрделі есептеулерді жеңілдетеді.

9 Жетекшілер компанияны кеңейту жоспарын құру үшін, ...

10 Жаңа жабдықтарға жасалған тапсырыс орындалды, ...

11 ... және сізбен келісім шарт жасамақпыз.

12 Есептеулер бойынша алынған нәтижелер қате болғандықтан, ...

3 Аударыңыз



Мәліметтерді талдау, пайдалану қарапайымдылығы, өңдеу тәсілдері, кестелерді өңдеу, диаграмма тұрғызу, ең кең тараған, мәліметтер жиыны, күрделі есептеулер, мәліметтер негізінде, есептеулерді жеңілдету үшін, шаруашылық жұмыстарында пайдалану, жұмыс аймағы, жолдар саны, ұяшыққа енгізу, бағана мен жолдың қиылысуы, мүмкіндіктердің көпжақтылығы.
16 Компьютерлік желілер

Салалас құрмалас сөйлем
Құрамындағы жай сөйлемдерінің баяндауыштары тиянақты болып, өзара тең дәрежеде байланысқан құрмалас сөйлемнің түрін салалас құрмалас сөйлем дейміз.

Саластың құрамындағы жай сөйлемдерөзара екі түрлі жолмен байланысады:

а) мағыналарының жақындығына қарай, іргелес тұрып, ұласпалы (тиянақсыз) интонация арқылы байланысады. Мысалы: Ақыл азбайды, білім тозбайды.

ә) саластың құрамындағы жай сөйлемдер өзара жалғаулық шылаулар арқылы байланысады. Мысалы: Көктем келді де, күн жылынды. Күн әлі шыға қоймаған, бірақ биік белдер басына оның нұры бірте-бірте шщашырап келеді. (Ә.Т.)

Салаластың құрамындағы жай сөйлемдердің бір-бірімен мағыналық қарым-қатынасы әр түрлі болады. Құрамындағы жай сөйлемдерінің бір-бірімен мағыналық қарым-қатынасына қарай салалс құрмалас сөйлем алты түрге бөлінеді:


    • ыңғайлас салалас,

    • қарсылықты салалас,

    • себеп-салдар салалас,

    • түсіндірмелі салалас,

    • талғаулы салалас,

    • кезектес салалас.


16. 1. Ыңғайлас салалас

Құрамындағы жай сөйлемдерінің бірінде айтылған ойға екіншісінде айтылған ойдың мезгілдес, бағыттас, ыңғайлас мәнде қарым-қатынаста болуын ыңғайлас салалас дейміз. Мысалы: Қостың ар жағынан қара кер аттың басындағы жүген сылдырлады, шөп суылдады. (Т.С.) Көмірден май да шығады, темір тасын қорытатын кокс те шығады. (Ғ.М.)

Ыңғайлас салаластың құрамындағы жай сөйлемдер бір-бірімен жалғаулық шылаулар арқылы да, жалғаулық шылаусыз, іргелес тұрып та байланыса береді.

Жалғаулықсыз ыңғайлас салаластағы кейбір жай сөйлемдер бір мезгілде қатар болған я болатын істерді білдіреді. Мысалы: Тысқа Төрекеңмен ере шықтым. Ол кісі ойға қарай шұбатылған жолмен төмен кетті, мен жарға асылған жолмен жоғары кеттім.

Жалғаулықты ыңғайлас салалас және, да/де, та/те, әрі деген ыңғайлас мәнді жалғаулықтардың қатысуы арқылы жасалады.

Құрмаласқан жай сөйлемдердің арасында және жалғаулығы қайталанбай бір-ақ рет келіп тұрады. Мысалы: Бұл топ мектеп үйін августың аяғында бітіреді де, сабақ бірінші сентябрьде басталады. (С.М.) Шынында, Әбіштің сөздерінде әрі саясаттық шеберлік бар, әрі, бір жағынан, Семейдің үркек, шорқақ чиновниктерін айламен сескендіру де бар. (М.Ә.) Келгендер арасында Абай бұрыннан білетін Дәндібай, Еренай сияқты қарттар бар және екі-үш орта жасты адамдар бар. (М.Ә.)
16. 2 Қарсылықты салалас
Құрамындағы жай сөйлемдері бір –бірімен қарама-қарсы мәнде айтылғандықты білдіретін салаластың түрін қарсылықты салалс дейміз

Қарсылықты салаластың құрамындағы жай сөйлемдер бір-бірімен жалғаулық шылаулар арқылы да, жалғаулық шылаусыз, іргелес тұрып та байланыса береді. Мысалы: Бас болмақ оңай, - бастамақ қиын. (Мақал) Күн жауып кетті, - оны елеген ешкім болған жоқ. (Ә.Ә.)

Жалғаулықты қарсылықты салалас бірақ, сонда да, дегенмен, алайда, әйтсе де, сөйтсе де деген қарсылық мәнді шылаулардың қатысуы арқылы жасалады. Мысалы: Ән басылып қалды, бірақ гитара сазы тоқталған жоқ-ты. (Ғ.С.)
Тапсырмалары
1 Мына сөйлемдерді жалғаулық шылаулармен өзара байланыстырып ыңғайлас салаласқа айналдырыңдар

1 Күн жылынды. Қар еріді. 2 Аспанды қара бұлт басты. Жаңбыр қатты жауды. 3 Алтай жазды асыға күтті. Жаз келді. 4 Суық күз жақындады. Жәндіктер азая бастады. 5 Мұғалім келмеді. Сабақ болмады. 6 Сәуірдің ортасы болып қалды. Қыс аяқталды. 7 Ұшақ қонды. Жолаушылар ұшақтан шықты. 8 Гүлжан келісім шартты даярлады. Қаныш мырза оған қол қойды. 9 Фархат нұсқауды оқыды. Хатшы оның мәтінін компьютерде терді. 10 Анар жаңа компьютер сатып алды. Бүгін компьютерін интернетке қосты. 11 Желілік технология өте қажет. Ол қаржы мен уақытты үнемдеуге өте көп мүмкіндіктер береді. 12 Жергілікті желілер мекемелердің байланыс каналдары арқылы жүргізіледі. Сондағы компьютерлерді бір-бірімен байланыстырады.

1   2   3   4   5


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет