Zharar com Ыбырай


Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин



бет4/6
Дата20.06.2022
өлшемі74.81 Kb.
#459377
1   2   3   4   5   6
www.zharar.com ybyray

Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келді. Әкесінен ерте айырылған ол атасының — белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршинның қолында тәрбиеленеді. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В. Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасын Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді.
Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырай дың өмірлік ұстанымына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбек сүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдасына асыруға талпынды.
1857 жылы ол Орынбор шекара комиссиясы жанындағы мектепті алтын медальмен бітірді.Ыбырай орыс, араб, татар және парсы тілдерінде еркін сөйлей білді. Кейінірек халық ағартушысы ретінде өз білімін өзінше оқып, арттыра түсуді белсенді түрде жалғастыра түсті. Дүние жүзі әдебиетінің классиктері В. Шекспирдің, И. Гетенің, Д. Байронның, А. Пушкиннің, Н. Гогольдің, М. Лермонтовтың, Ғ. Низамидің, А. Фирдоусидің, Ә. Науаидың шығармаларын зор зейін қойып оқыды. Ы. Алтынсариннің педагогикалық көзқарасының қалыптасуына орыс педагогы К. Ушинскийдің және чех ойшылы Я. Коменскийдің еңбектерімен таныс болуы игілікті әсерін тигізді. Ы.Алтынсарин орыстың көрнекті демократтары Н.Г. Чернышевскийдің, Н.А. Добролюбовтың, А.И. Герценнің және басқалардың шығармаларымен де таныс болды.
Мектепті бітіріп шыққан халық ағартушысы Ы. Алтынсарин үш жылдай атасының қол астында кеңсе қызметкері болып істеді. Осы жылдар ішінде ол өз халқының сауатын ашып, білімін көтерудің аса қажет екенін жете түсінді.

 Ағартушының педагогикалық қызметі
Білімін өзі жүйелі жетілдірудің нәтижесінде ол өз заманының аса білімді азаматы болды. Орыс педагогика ғылымының тарихы мен өз тұсындағы жағдайын терең зерттеп білу оны қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы етіп қалыптастырды. Ы. Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінің оқу- шыларына арнап екі оқу құралын: «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» мен «Қырғыздарга (қазақтарга) орыс тілін уйретуге алғашқы басшылық» жазып шықты. Ол қазақ балалары үшін зайырлы мектептер ашуды армандады. 1860 жылы облыстық басқарма оған Торғай қаласында қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашуды тапсырды. Өзі сол мектепте орыс тілінің мұғалімі етіп тағайындалды. Ағартушылық идеялары жігерлендірген ол ауыл-ауылды аралап, жергілікті халыққа білім алудың маңызы мен қажеттілігін түсіндіруге күш салды. Ондай мектептер ашу үшін қаржы-қаражат жинауды қолға алды. Ондай ақшаның алғашқы үлесін Ы. Алтынсариннің өзі қосты. Осыдан бастап оның ағартушылық және педагогикалық қызметі басталды.

1864 жылы қазақ балаларына арналған интернаты бар мектеп салтанатты түрде ашылды. Үгіт жұмыстарының нәтижесінде оқуға 16 бала жазылды. Кейінірек бұл мектептердегі оқушылардың саны арта бастады. Халық ағартушысы жүргізген үгіт жұмыстары нәтижелі болды. Бұл ретте ол былай деп қуана жазды: «Аш қасқырдың қойға ұмтылғаны сияқты, мен балаларды оқытуға қызу кірістім және мені өте қанағаттандыратыны — бұл балалар әлдеқандай уш айдыц ішінде оқуды, тіпті жазуды үйреніп алды».

1879 жылы Ы. Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Оның еңбегінің арқасында білім беру саласы қазақ даласында кең орын алды. Атап айтқанда, облыстың барлық уездік қалаларында училищелер ашу қолға алынды. Ол осы мақсатпен Торғай облысының қазақ ауылдарын түгел аралап шықты. Халықтан қажетті қаржы жинастырды. Соның нәтижесінде Ырғыз, Николаев, Торғай және Елек уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ училищелерін ашты. Оларды мұғалімдермен және оқушылармен толық қамтамасыз етті. Ол мектептердің жабдықталуына, олардың жанында шағын кітапханалар ұйымдастыруға ерекше күшті мән берді.
Қазақстанда қыз балаларға білім берудің басталуы да Ы. Алтынсариннің есімімен байланысты. Аса көрнекті халық ағартушысының басшылығымен қыз балаларға арналған бірнеше мектеп ашылды. Ол мектептердің жанында интернаты болды. 1886 жылы мектеп-интернаттарда 211 қыз бала оқыды. Ы. Алтынсарин мектепті халық ағарту ісінің маңызды буыны санады.

 Ыбырай Алтынсариннің экономикалық көзқарасы
Ы. Алтынсарин жан-жақты білімді адам болды. Білімді адам ретінде ол прогреске, білімге ұмтылудың қазақ халқы үшін қаншалықты зор маңызы бар екенін айқын көре білді. Ол қазақтардың арасында ағартушылық жұмыстарын жүргізіп, темір жолдар мен электр қуатының, егіншілік кәсібінің, телеграфтың және әр түрлі қолөнердің пайдасы туралы айтып берумен болды. Қазақстанның экономикалық дамуы үшін қажетті мамандар даярлауға ерекше мән берді. Қолөнер және ауыл шаруашылық училищелерін ашуға да көп күш-жігер жұмсады. Алдыңғы қатарлы орыс зиялы қауымының өкілдерімен кездесу кезінде қолөнер кәсібі, бау-бақша егу, мал өсіру және диқаншылық жөнінде жазылған оқу құралдарын табуға көмектесулерін өтінді.

Ол қазақ жастарына тері илеу, сабын қайнату, май шайқау және кірпіш күйдіру, көзе жасауды үйретуге тырысты. Сондай-ақ ағаш ұсталығы, темір жону, слесарьлық кәсіпке баулуды да армандады. Ол жастарға жаңа машиналарды қалай пайдалану, ауру малдарды қалай емдеудің және зиянды жәндіктерге қарсы қалай күресудің тәсілдерін үйретуге тікелей өзі де қатысып жүрді. Өзінің очерктер мен ауызекі әңгімелерінде қазақтарды диқаншылықпен айналысуға шақырды. Ы.Алтынсарин жастарды еңбек сүйгіштікке баулыды, уақытты босқа өткізуден және жалқаулыққа салынудан сақтануға шақырды.



 Ыбырай Алтынсариннің ғылыми және әдеби қызметі
Ол өз замандастары арасында ғалым-этнограф, көсемсөзші әрі ақын ретінде де кеңінен танылды. Ол Орыс географиялық қоғамы Орынбордағы бөлімінің толық мүшесі болды. Географиялық қоғамның тапсырмалары бойынша баяндамалар жасап түрды, қазақ халқының этнографиясы бойынша мақалалар жариялады. Атап айтқанда, Кіші жүз қазақтарының адамды жерлеу, ас беру, құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрі, ежелгі әдет-ғұрып зандары туралы зерттеу мақалалары жарық көрді. Ол өзінің жұмыстан қолы босаған кездерінің бәрін де ауыл арасында өткізді, туған халқының тарихы, фольклоры, шежіресі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі туралы материалдар жинастырды. Өзінің көзі тірісінде бірқатар ғылыми мақалалары журналдар мен газеттерде жарияланды.
«Орынбор ведомствосы қырғыздарының құда түсу мен үйлену тойы кезіндегі әдет-ғұрыптарының очеркі» атты еңбегінде үйлену тойларына байланысты толып жатқан әдет-ғұрыптарды тәптіштей суреттеді.

Ы. Алтынсариннің әдеби мұрасы да едәуір елеулі. Ол И.А. Крыловтың мысалдарын, Л.Һ. Толстойдың әңгімелерін орыс тілінен қазақ тіліне аударумен қатар өзі де қысқа әдемі әңгімелер жазды. Ы. Алтынсариннің қаламынан туған аудармалар, өлеңдер, әңгімелер, мысалдар, этнографиялық очерктер мен ертегілер оқырман жүрегіне жол тапты. Оның шығармаларының тақырыбы да әр алуан. Ы. Алтынсаринді қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушы деп айтуға болады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет