###007 (номер вопроса) Кристалл құрылымының ақаулары. Ақаулардың түрлері, олардың жіктелуі, қасиеттеріне әсері. Салқындату жылдамдығына байланысты қатты денелерді кристалдану (қатаю) кезінде аморфты және кристалды деп бөледі. Металдардың түрлі кристалдық торлары кездеседі. Солардың ішінде жиі кездесетін үш түрі болады (4.3 сурет):
көлемге шоғырланған текше тор;
жағына шоғырланған текше тор;
тығыз гексагоналды кристалдық тор.
Нақты кристалдарда әрқашан түрлі құрылымдық ақаулар байқалады. Олар кристалл торында атомдардың орналасу ретінің бүлінуінен түзіледі. Кристалл торының бүлінуінің түрі мен дәрежесіне қарай металдың қасиетіне әсері де әркелкі болады. Кристалдың құрылымдық ақаулары геометриялық белгілері бойынша нүктелік, сызықтық, беттік және көлемдік деп ажыратылады. Енді осылардың әрқайсысына тоқталып кетейік. Нүктелік ақауларға вакансиялар және түйінаралық атомдар жатады. Нүктелік ақаулардың өлшемдері бірнеше атом диаметрінен аспайды. Олар атомдардың жылу тербелістері, пластикалық деформация, металда зиянды қоспалардың пайда болуы нәтижесінде түзіледі. Түйінаралық ақаулар – атомның кристалл торының түйінінен түйіндер арасына өту нәтижесінде түзіледі. Ал кристалл торының түйінінен атом түйін арасына өтуінен вакансия түзіледі. Нүктелік ақаулардың болуы кристалл торының бұрмалануына себеп болады (4 ә сурет). Сызықтық ақаулар дислокация (5 сурет) деп аталады. Дислокацияның келесі түрлерін ажыратуға болады: шеткі, бұрама және аралас. Шеткі дислокация кристалл торының жергілікті бұрмалануы нәтижесінде түзілсе, ал бұрама дислокация кристалдың жазықтық бойымен толық емес жылжуы нәтижесінде түзіледі. Дислокациялар кристалдану процесі, термиялық және химия-термиялық өңдеулер, пластикалық деформация және қорытпалардың құрылымына ықпал ететін басқа да әсерлердің нәтижесінде түзіледі. Беттік ақаулар – түйіршіктердің арасындағы жазықтық, демек шекаралар. Түйіршіктер арасындағы шекараның ені 5-10 атом аралыққа тең. Техникалық металдардың шекараларында қоспалар шоғырланады. Түйіршік шекараларында атомдардың орналасуы оның ортасындағы атомдардың орналасуына қарағанда ретсіз болады. Көлемдік ақауларға қуыстар мен макрожарықшалар жатады. Аталған барлық ақаулардың металдар мен олардың қорытпаларының қасиеттеріне әсері мол.